Фарабидің алғашқы сапарлары

Фарабидің алғашқы сапарлары

 

Фарабидің өмірбаянын зерттеушілердің бәрі де ол кісінің жасынан сапарға шығуды, жол жүруді тәуір көретінін айтады. Шынында сол кездегі көп ғалымдар сияқты оның да саяхатшы болғаны айқын. Оның қыпшақ елін, Орта Азия елдерін аралағаны, Соғда, Хорезм, Хорасан (Иран) елдерінде болғаны айтылады. Соның арқасында ол бірнеше тіл біліп алады. Өзінің ана тіліне жақын түркі тілдерді меңгерумен қатар ол парсы тілін жақсы біледі.

Алдымен көршілес, аралас түркі, парсы-тәжік тілдес елдерді аралайды. Мавераннахрда бір сыпыра уақыт жүреді. Ол кездегі Түркстан мен Бағдат арасындағы мәдениет орны болған ірі қалалар: Талас, Шаш (Ташкент), Самарқан, Бұқар, Үргеніш, Хиуа, Мерв, Термез, Балх, Қабул, Газна, Ғират, Нишапур, Рей, Хамадан, Нехавенд, Исфахан, Керман және т. б. еді. Каспий теңізін жағалап, Кавказ арқылы жүретін жолда: Амоль, Казвин, Тебриз, Шемахан, Баку, Бал-әл-Абуаб, Етиль (Еділ), Тбилиси тағы басқалары болады. Фарабидің осылардың қайсысына барып, қайсысына бармағаны әзірге мәлім емес. Ал енді оның көп тілдерді үйреніп, көп сапар шеккеніне қарағанда, ол кісі әлгі шаһарлардың бірсыпырасында болған тәрізді.

Оның көбірек бөгеліп, ізденген жерлері Иран болу керек. Иранда болған кезінде Фараби жас бала жігіт болады. Ол өнерпаз, сауыққой, ақын, әнші, шебер музыкант болады. Фарабидің парсы тілінде жазған бірнеше өлеңдері (рубаи) бар.

Фарабидің Ирандағы өмірінен бір қызықты оқиға келтірелік. Иранның бір үлкен ұлығы (уәзір немесе шахизаде болу керск) Фарабидің музыкасына құмар болып, оны сарайына келтіре алмай жүреді. Бір күні Фараби келіп қалады, бірақ кім екенін білдірмейді. Оның үстінде өз елінен киген қаусырма шаруа шапаны, басында түркстандық бөркі мен аяғында шәрке кебісі болады. Беліндегі орайбек белбеуінде имек қылышы қыстырулы, үсті-басын шаң басқан, қолында таяғы, жіңішке қара мұртты, өткір көзді, қыр мұрынды, кең маңдайлы, бидай өңді, бойы ортадан гөрі ұзындау, ат жақты, кең иықты, сүйегі ірі ашаң жігіт екен.

Жолаушының бейнесі алыс жердің адамына ұқсайды. Түркстан-Отырар тарапындағы қыпшақтардан екені сезіліп тұрады. Мейман сарайдың ішкі жайларына, әрине, жіберілмейді. Оған ауыз жақтағы ас үйден орын береді.

Шам жағылып, бекзада жастар жиналып, кешкі сауық басталады. Сол кезде Фараби де музыка аспабын ішіне жасырып алып сауық залына кіреді. Ән салу, би билеу, сырнай-керней, сыбызғы тарту бірінен соң бірі кезектесіп жатады. Сауықта отырғандардың киімдері, аспаптары жарқ-жұрқ етеді. Босағада отырған жұпыны киімді жолаушы жігітті ешкім елемейді. Өнерпаздардың арыны басыла бергенде жолаушы орнынан тұрып, бір күйді тартып беруге рұқсат сұрайды. Рұқсат етіледі. Фарабидің құйқылжыта тартып, сайратқан күйі отырғандарды мәз-мәйрам қылады. Біраздан соң олар Фарабиге тағы бір күй тартып бер дейді. Ол өзінің аспабын басқа бір үнге ауыстырып, тағы бір күй тартады. Ботасы өлген інгендей сарнаған шерлі күйдің нәзік үні жұрттың көңілін босатады. Отырғандар Фарабидің өнеріне қатты разы болып, ортаға шақырады. Бірақ ол қозғалмай отыра береді. Фарабидің қасына шахизаданың өзі келіп, онан тағы бір күй тартып беруді өтінеді. Егер онысы ұнаса, оны сарайында қалдыратын ойы барын білдіреді. Фараби ойнап береді. Тамылжыған тәтті күйдің толқыны тербеп, отырғандар тегіс ұйықтап кетеді. Осы кезде Фараби аспабын жинап алып, ауыз үйге шығады да, өзін бұрын шақырып жүрген шахизадаға хат жазып, кетік қалады.

Таң атқан соң күзетші шахизадаға хат ұсынады. Оқып қараса түндегі күйші жігіт жазыпты.

— Жоғары мәртебелі, құрметті мырза, — деп бастапты Фараби, — сіздің көп уақыттан бері шақырғаныңызды есіме алып келіп едім. Аз өнерімнің шетін алдыңызда көрсеттім. Сарала киген сарайдың сәніне құмар жан емеспін. Іздегенім білім мен ғылым. Сондықтан алаң болмаңыз, кешіріңіз, мархабат. Әбунәсір ибн Мұхаммед Тархани… деп қол қойған.

Сарай қауымы сандарын бір-ақ соғады. Көп жылдардан бері келтіре алмай жүрген өнерпазды орталарына келгенде танымай, құрметтей алмай қалғандарына қатты өкінеді. Фарабиді іздетеді, бірақ таба алмайды…

Өлең айтып, рубаи жазғанымен, күй тартып, жырлаумен оның алға қойған мақсаты орындалмақ емес. Бұлар тек алғашқы жастық шақтың жауқазын қызғалдағы еді. Алда асқар таудай асуы қиын, түпсіз терең өткелі қиын дариядай ғылым дүниесі жатады… Ғылым қамалын алу үшін оның қайнаған орталығына бару керек. Ол орталық — Бағдат. Фарсы тілі — майда, нәзік өнер тілі болғанда, ғылымның тілі — араб тілі, соны меңгеру керек… Осы оймен Фараби шахизада сарайынан шыққан бетте керуендерге ілесіп Бағдатқа тартты.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *