Сүйектер байланысының (тұтаса және буындық) жалпы морфофункциональдық сипаттамасы

  1. Сүйектер байланысының (тұтаса және буындық) жалпы морфофункциональдық сипаттамасы

 

Қаңқа сүйектерінің байланысын  зерттейтін ілімді — syndesmologia (грек. syn — байланыс; desmos — дәнекер; 1оgоs — ілім) — деп атайды.
Сүйектер байланысы жануарлар қаңқасы сүйектерінің бір-бірімен өзара белгілі заңдылықпен байланысуын қамтамасыз етеді. Жануарлар қаңқа сүйектерінің байланыс түрлері, олардың организмдегі атқаратын қызметтерімен тікелей байланысты. Егер де сүйектер организмнің тіршілігіне тым қажет мүшелерді қорғау қызметін атқаратын болса, мысалы, ми сауыты, онда сүйектер байланысы шектеулі қозғалысты немесе қозғалмай байланысуды қамтамасыз етеді, яғни сүйектер бір-бірімен тұтаса байланысады. Ал организмнің кеңістіктегі қимыл қозғалысына қатысатын сүйектер бір-бірімен өзара буындар арқылы қозғалмалы байланысады. Демек, жануарлар қаңқасы сүйектерінің байланыс түрлерін екі топқа бөлуге болады. Олар: қаңқа сүйектерінің тұтаса байланысы және буынды байланысы.   

Қаңқа  сүйектерінің  тұтаса  байланыс  түрлері. Тұтаса байланыс (непрерывное соединение, или сращение) — synarthrosis — қаңқа сүйектерінің бір-бірімен түрлі ұлпалар (тканьдер) арқылы байланысын қамтамасыз етеді. Байланысқан сүйектердің аралықтарында ешқандай қуыс қалмайды. Демек, сүйектер аралықтарындағы қозғалыстың сипаты, оларды байланыстыратын ұлпалардың қасиеттеріне байланысты болады. Қаңқа сүйектерін байланыстыратын ұлпалардың түрлеріне сәйкес, сүйектер тұтаса байланысының бес түрі ажыратылады:

1. Синсаркоз (мышечное сращение) — synsarcosis — сүйектердің бұлшық ет арқылы байланысы. Синсаркозға жауырын мен тоқпан жіліктің бұлшық еттер арқылы тұлға сүйектеріне байланысын жатқызуға болады. Синсаркозды байланыста сүйектер аралықтарында ауқымды қимыл байқалады.

2. Синэластоз (эластическое сращение) — synelastosis — сүйектердің серпімді (эластинді) талшықты дәнекер ұлпасы арқылы байланысы. Синэластозға бассүйектің, мойын омыртқаларының және көкірек омыртқалары жоталық өсінділерінің өзара желке, сондай-ақ, омыртқа доғалары мен жота өсінділері аралықтарындағы эластинді байламдар арқылы байланысын жатқызады. Сүйектер аралықгарында серпімді қимыл байқалады.

3. Синдесмоз (соединительнотканное сращение) — syndesmosis — сүйектердің талшықты дәнекер ұлпасы арқылы байланысы. Жануарлар организмінде мұндай байланыстың үш түрі кездеседі. Олар: 1. Жұқа талшықты жарғақ (membrana) арқылы сүйектердің байланысы. Бұған шүйде-атлант буынындағы, құйымшақпен жамбас-сүйекаралықтарындағы коллаген талшықтарынан тұратын жұқа жарғақтар жатады. 2. Байлам (ligamentum) арқылы сүйектердің өзара байланысы. Байлам тым берік коллаген талшықтары шоғырлы будаларынан құралған сіңір. Бұған иттің кәрі жілігі мен шынтақ сүйегі аралығындағы сіңірді жатқызуға болады. 3. Жік (sutura) сүйектер арасындағы тым жұқа дәнекер ұлпалық аралықтар арқылы олардың байланысы. Жіктік байланысқа жас төлдердің жалпақ бассүйектері аралықтарындағы пішіні әр түрлі жұқа жіктер жатады. Сүйектер аралықтарындағы қимыл шектеулі болады.

4.  Синхондроз (хрящевое сращение) — synchondrosis — сүйектердің шеміршек ұлпалары арқылы байланысы. Синхондрозға омыртқа денелері мен төссүйек бөліктері аралықтарындағы және қабырғалардың төссүйекпен байланысы жатады. Сүйектераралықтарындағы қимыл тіптен шектеулі.

5.  Синостоз (костное сращение) — synostosis — сүйектердің сүйек ұлпасы арқылы байланысы. Байланыстың бұл түріне, яғни сүйектенуге ересек жануарлар бассүйектерінің, құйымшақ омыртқаларының,
жамбас сүйектерінің, кейбір тізе және тілерсек сүйектердің байланысы жатады. Сүйектер аралықтарында қимыл тіптен болмайды.

Қаңқа  сүйектерінің  буынды  байланысыБуынды байланыс (суставное соединение) — diarthrosis — сүйектердің қозғалмалы байланысын қамтамасыз етіп, организмдегі түрлі қимыл қозғалыстарды іс жүзіне асырады. Буынды құрайтын сүйектер бастары аралықтарындағы буын қуысында қоймалжың сұйық синовия болады.

Буын (сустав) — articulatio — құрылысына байланысты қарапайым және күрделі болып екіге бөлінеді. Қарапайым буынды тек екі сүйектің буын бастары құрайды. Олардың аралығында бір буын қуысы болады. Күрделі буындарды түзетін негізгі сүйектердің буын бастары аралығында бір немесе бірнеше қатарда орналасқан майда сүйектер, болмаса шеміршектер болады. Сондықтан, олардың аралықтарында екі не одан да көп синовияға толған буын қуыстары қалады.

Буындардағы қозғалыстардың түрлері буынды түзетін сүйектер бастарының пішініне байланысты болып келеді. Пішіні цилиндр, шығыр, бұранда тәрізді сүйек бастары буындағы қимылдың тек бір біліктің (осьтің) бойымен, пішіні сопақ және ер тәрізді сүйек бастары екі біліктің, ал шар тәрізді сүйек бастары үш не одан да көп біліктің бойымен қозғалуына мүмкіндік береді. Осыған орай, атқаратын қызметтеріне сәйкес буындар бір білікті, қос білікті және көп білікті буындарға ажыратылады. Буындардағы қозғалыстарды бір-біріне қарама-қарсы бағыттарда жүретін бірнеше топтарға бөледі. Олар: жазылу (экстенсио) және бүгілу (флексио), алыстау (абдукцио) және жақындау (аддукцио). Айналу (ротацио): сыртқа айналу (супинацио) және ішке айналу (пронацио) болып екі қарама-қарсы қозғалыстарға ажырайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *