Еңлік–Кебек (поэма)

Еңлік–Кебек
Бұл әңгіме – 1780 жылы шамасында осы Шыңғыстауда Матай мен Тобықты арасында болған іс. Шариғатта әкесінің атастырғаны жас қызға неке есепті десе де, өзге дүниелік пайдасын ойламай, жалғыз ғана қызының қамын ойлап берер дегені. Әйтпесе «жас баланы сатып, пайда ланып, кемкетікке беріп обалына қал» демейді. Мен соны ойлап, Еңлік– Кебекті соншалық жазалы демеймін.
* * *
Ту тіккен Тобықтының қос басшысы – Жуантаяқ Тоқтамыс деген кісі. Жамағайын жақыны сол кісінің Бар екен Кебек деген бір інісі.
Ол Кебек мықты болған жас басынан, Тоқаң да тастамайды өз қасынан. Жасы бала болса да, жаны отты деп, Артық көріп не сабаз жолдасынан.
Он бесінде Кебектің аты шықты, Аттыжаяу бәріне бірдей мықты.
Көзі өткір, қара торы жігіт екен, Орта бойлы, тапалдау, кең иықты.
Ел қамы үшін өлуге жанын салып, Соғыс десе тұрмайды қойса байлап. Жауға батыл, жақынға және әдепті, Кішіні – іні, үлкенді ағатайлап.
Ол кезде балгер болған Нысан абыз, Шын дәулескер бақсының өзі нағыз. Жыны айта ма, кім білсін, шыны айта ма, Айтқаны келеді деп қылады аңыз.
Кебек батыр өз бақытын сынамаққа, Әдейі іздеп келіпті балгер жаққа.
Оңашада жалынды абызға кеп,
«Бал ашып бер, – деді де, – біздің баққа:
«Ей, абыз! Аш балыңды, қобызыңды тарт, Алар ақың бар болса, мойныма арт. Балыңа не түссе де жасырмай айт, Жалғызақ сол арасын қыламын шарт».
«Шырағым, бал аштым деп мал алмаймын, Ол үшін саған ақыл сала алмаймын.
Жаман айтсам жабығып қала көрме, Жынның сөзін жасырып қала алмаймын».
Соны айтып қобыз алды Кебекке арнап, Шақырды жындарының атын зарлап. Қара қалмақ Қорқыттың күйін тартып, Қобызына ән қосып кетті сарнап.
Темір масақ жыбырлап тұр сылдырлап, Екі көзі бақсының тым бұлдырлап.
Ындын қойып тыңдасаң сарнағанын, Сақтанбасаң алғандай ақылды ұрлап.
Нысан абыз қысылып батқан терге, Қарады да сөйледі Кебек ерге: «Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан, Батырым, ондай жанға көңіл берме.
Бұл сөзді өз ойымнан айтпаймын құр, Жын шіркін осылай деп айтқызып тұр.
Қара жартас түбінде кез келеді,
Шырағым, сондай қыздан сақтанып жүр.
Әдейі іздеп бармассың, кез боларсың, Кез болсаң, алыс емес, тез боларсың. «Сақтыққа қорлық жүрмес» деген бар ғой, Сақтанбасаң, артқыға сөз боларсың».
Оны есітіп Кебек кетті өз жайына, Батса да балгер сөзі шымбайына.
Ойланбай, біржолата кетті ұмытып,
Деді де: «Жынның сөзін тыңдаймын ба?»
Мұнан кейін азырақ заман өтті,
Салқын түсіп, қар жауар мезгіл жетті, Қарашаның алғашқы қары жауып, Кебек батыр құс алып аңға кетті.
Қойтастан бір түлкі алды інге тығып, Ойлады кетейін деп Ханға шығып.
Сонарда ізге түсіп келе жатса, Бір түлкі және қашты жатқан бұғып.
Қамшылап күрең атты жамбасына, Түлкіден бұрын шықты Хан басына. Жел шығып, боран болып кеткен екен, Аң қуған аңғал батыр аңдасын ба.
5–3452
Құс түлкіні көрген соң кетіпті ұшып, Бір жерге жарқжұрқ етіп қалды түсіп. Бораннан байқай алмай өтіп кетті, Түлкіні жатсадағы бүркіт қысып.
Таба алмай олай шауып, бұлай шауып, Құсымнан айырылдым деп қылды қауіп. Құс әбден түлкіні жеп тойған кезде, Алыпты күн батқан соң әзер тауып.
Бүркітті бөлеуіне бөлеп алды, Аяңбұяң еткенше түн боп қалды.
Ел жатпай бір ауылға қонайын деп, Шыңғыстың бөктерімен қайта салды.
Бораннан байқай алмай барар бетті, Түн ішінде адасып Кебек кетті. Осы Хақан өзеннің аяғында Қыстаған бір Матайға келіп жетті.
Белдеуге атын байлады Кебек сері, Боз қырау бұрқыраған аттың тері.
Осы күнгі Боқтыбай қыстап жүрген Қара жартас – Кебектің келген жері.
Сол үйге кіріп келсе «кеш жарық» деп, Жатпақ түгіл болған жоқ тамағын жеп. Ол кезде шай болмайды, сусыны – құрт, Ұсынды қарсақ жон қып езіп әкеп.
Шал мен кемпір, тағы бір малшы бала, Бар екен бір бойжеткен қызы және. Киіз үй, малды айнала шарбақ қорған, Там, қора жоқ, кісісі төртеу ғана.
Құрт ішіп, әбден көңілі жайланған соң,
Бекітіп шарбаққа аты сайланған соң, Үй иесі қонақтан жөн сұрады,
Асын жеп әңгімеге айланған соң.
Кебек айтты: «Аң қуған Тобықтымыз,
Мен Кебекпін дегенмен білемісіз?»
«Атым – Кебек» дегенде жалт қарады, Бағанағы айтылған бойжеткен қыз.
Бай қайтадан сөз сұрап қайырмады, Әлгі қыз Кебектен көз айырмады. «Қарағым, қонағыңа төсек сал», – деп, Үй иесі жатуға дайындалды.
Түн ортасы ауғанда шал да жатты, Қорылдап қатты ұйқыға әбден батты.
Үйдегілер тептегіс ұйықтаған соң, Кебекті келдідағы қыз оятты:
– Ей, батыр, сен жатырсың ұйқың қанбай, Мен жүрген бір сорлымын бағым жанбай. Көрінгенге көз сүзген көрсеқызар, Әдепсіз қыз дейсің ғой әлдеқандай.
Өз әлімше сынадым мен де сені, Сен қалай деп ойладың, айтшы, мені? Қыздан сорлы бола ма бұл жалғанда, Кез болмаса өзінің сүйер теңі?
Атым – Еңлік, мына шал – менің әкем, Малы көп, бірақ еркек баладан кем. Жасында бұл да өзіңдей батыр еді, Қор болып, осы күнде әркімге жем.
Нағашым – байжігітте ер Қабанбай, Шешемді де берген жоқ бай таба алмай. Ес білмейтін ескіге кез болыппын, Жайды білер жақсыға қосақталмай.
Мені де кедей емес, байға берген, Күйеуім өткен жазда ұрын келген. Қасына жатпақ түгіл жуымадым,
Білген соң шіріктігін келген жерден.
Көп жігіт жүр сыртымнан қылып кеңес, Мен ұнасам, алмаймын сені демес. Солардың біреуімен кетер едім, Байқаймын, бәрі менің теңім емес.
Көрсеқызар, лап бергіш әр елде көп, Атын атап не керек пәленше деп. Аз күндік әзіл іздеп жүргенім жоқ, Өнімсіз іс болмайды өмірге сеп.
Бүгін мұнда кез болдың Құдай айдап, Атыңды естіп жүруші ем сырттан сайлап. Тасыр болса, талғамай тап берер деп, Түні бойы сынадым сізді абайлап.
Мен татысам, жігітсің маған татыр, Міне, осындай ішімде қайғым жатыр. Ойнас емес, өмірлік жолдасым деп, Беремісің уәде, Кебек батыр?
Кебек мұны есітіп көп ойлады, Асықпай біраз ғана еп ойлады.
«Түні бойы қыз мені сынапты ғой, Мен де мұны сынайын» деп ойлады:
– Ай, Еңлік! Сөзің рас, нандым саған, Бәрін ұқтым, жерім жоқ байқамаған. Артқы өмірді әзір біз қоя тұрып, Ойнапкүлсек қайтеді біраз заман?
Қаза келсе малдыдан мал таймай ма, Ажал жетсе батырдан жан таймай ма. Азар болса, күйеуің жастау шығар, Жарлы байып, жас өсіп қартаймай ма?
Жас түзеліп, түрленіп ержетпей ме,
Бойындағы балалық бір кетпей ме, Асыққандық емес пе мына сөзің,
Жақсы әйел жаман ерді түзетпей ме?
Талпынғанмен тағдырды бұра ала ма, Құдай қоспай, басымыз құрала ма.
Аз күн қызық көрелік онандағы, Бұл дәурен бірқалыпты тұра ала ма?
Еңлік айтты: – Таңғалдым бұл сөзіңе, Ұқсамайды түндегі мінезіңе.
Егерде біреу айтса ұнар ма едің, Талап қылма, талпынба деп өзіңе.
Рас, құдай жазбаса, бітпес жұмыс, Сөйтсе де бізге міндет – талап пен іс. Әрекетсіз отырмақ дұрыс болса, Неге берген аяққол, тіл менен тіс?
Бір Құдай жер жүзіне шашқан несіп, Барша жан жүрген жоқ па теріп жесіп. Аз күндік арам жүріс аужал емес, Бермесең уағдаңды мүлде кесіп.
Өйтіп уағда бермесең, әуре етпе, Тең көрмесең, телміртіп, тентіретпе! Қайда барсаң обалым жібермейді, Бірақ осы сөзімді ұмытып кетпе!
Қалай айла қылса да бір қоймады, Жал айтқан жауабына қыз тоймады. Еңліктің бұл жауабын есіткен соң, Кебек батыр тағы бір ой ойлады:
– Ей, Еңлік! Айтқан сөзің – сөздің шыны, Сөйтсе де бір сөзім бар, тыңда мұны. Соғысқа сылтау таппай отырғанда, Бүлдірмелік Матай мен Тобықтыны.
Онсыздағы бірінебірі қырын, Ала ғой деп береді кім жесірін?
Адам түгіл мал үшін ел шабады,
Қыз болсаң да білесің елдің түрін.
Мен сені алып жөнелсем осы түнде, Жиылмай ма бар Матай жалғыз күнде? Тобықтыдан жылқыны тиіп алып, Басталмай ма бітпестей бүлік мүлде?
Барымта алмай бітімге көнсе елің, Қанша мал алса аярым жоқ қой менің. Қызды қайтар, әйтпесе бітпейміз деп Жатып алса, табамыз қайтіп жөнін?
Матай алса, Тобықты тек жата ма, Азбын деп жанын аяп ар сата ма? Ауыл шауып, мал алып, қан төгілер, Ойла! Қалып жүрмелік теріс батаға!
– Ей, батыр, бұл сен айтар сөзің емес, Уайым қып сескенер кезің емес. Келер істі жалғызақ Алла білер, Ол сенің өлшеп сатар бөзің емес.
Сен мені бүгін алып кет демеймін, Осы екі елдің түбіне жет демеймін. Шын ішің сүймей, сыртың сүйген болса, Әуре боп саған уағда ет демеймін.
Шын сүймесең сүйдім деп айтпа маған, Шала сүйген болады құр алдаған. Ындыныңмен ұнатсаң, бер қолыңды, Саған сөзім қалмады енді айтпаған.
Кебек те отыр еді азар шыдап, Сөзін айтып болғанша қызды сынап. «Сен өлген жерде мен де өлемін» деп, Қол алысып біржола кетті құлап.
* * *
Таң жарығы түскен соң шаңыраққа, Кебек тұрды арқандап ат қоймаққа. Еңлік үйден арқанды ала шығып,
Құшақтасып жөнелді жартас жаққа.
Келе жатып қыз айтты: – Батыр, саған, Бір сөзім қалған екен айтылмаған.
Тобықты мен біздің ел бітім қылса, Сонда алып қаш, кезінде жауықпаған.
Мына жартас табыспақ болсын бізге, Мені ұмытып, жатып ап күдер үзбе. Осы араға үш күнде бір келіп жүр, Ең болмаса жұманы құр өткізбе!
Соны айтты да, от жақты үйге барып, Су жылытты қазанға қарды салып. Оятып ап қойшыға құрт езгізіп, Сарымай салып қойды аяқ алып.
Ат арқандап болды да Кебек өзі,
Қыз артынан қадалып екі көзі,
Еңлікке бір, тасқа бір қарады да, Сонда түсті ойына балгер сөзі.
Қойшыға да ұстатты сүйексаяқ, Ет артынан сорпа ішті бірер аяқ. Бата қылып, қол жуып болысымен Еңлік атты ерттеді айтқызбайақ.
Кебек сонда шалға айтты: – Ей, ақсақал, Өзің таңдап түлкінің біреуін ал.
Бағыңызға кез келген бір олжа ғой, Жығыт тымақ істетіп сандыққа сал!
Еңлік шығып қонағын аттандырды, Қоштасып Кебек батыр елге жүрді. «Қайда жүрсең аман жүр, батырым», – деп, Бел асқанша артынан қарап тұрды. * * *
Ер Кебек тыным алып үйде жатпай, Еңлікке келіп жүрді дамыл таппай.
Кейде түзден жолығып, кейде қонып,
Алты ай қыс аттың терін бір құрғатпай.
Екі ел бітті, сөйлесіп жазға салым, Қайтарысып барымта, алған малын. Тамақ үшін қыдырған Матай айтып, Бұл бітім Еңлікке де болды мәлім.
Кебек келді бір күні қызға тағы, Ойында бар, ел бітсе, іс қылмағы. Еңлік те дайын болды сол арада, Қара жартас – белгілі табыспағы.
Қыз айтты: – Түнеугі айтқан уағда қайда? Кел, кетелік, кідірмей осындайда. Азықтүлік, киерлік киімдерім
Дайындап әкеп қойдым – мына сайда.
* * *
Еңлік, Кебек кеткен соң таң тағы атты, Күн шыққанша кемпіршал тұрмай жатты. Қойшы Еңлікті таба алмай іздепіздеп, «Қызың қашып кетті», – деп шалды оятты.
Шал жылап, әлі келді екі көзге, Қолынан не келеді онан өзге. Қойшы барып еліне хабар айтып, Матай келді жиылып осы сөзге.
Жан білмейді Еңлікті кім алғанын, Қайда кетіп, қалайша жоғалғанын. Алты ай қыстай кім келіп, кім кетпейді, Қайдан білсін күдікті кім қонғанын?
Түлкіні бір Матайдың көзі шалды, «Мынаны кім берген?» деп қолына алды. Шал айтты: – Мұны берген бір Тобықты, Атын ұмыттым, бір қонып кетіп қалды.
Қойшы айтты: – Оның аты Кебек еді, Сонан соң да осында келмеп пе еді?
Ұмытпасам, соны Еңлік аттандырып,
«Қош, аман бол, келіп жүр, Кебек», – деді.
Қуақуа осы сөз анықталды, Матайлар Тобықтыға кісі салды. «Қыз дегенің немене, білмейміз», – деп, Тобықты оны елемей жатып алды.
Кебектің қайда екенін ел білмейді, Не жылқыда, не аңда жүр ғой дейді. Жалғызжарым сыр ашпас құрбы арқылы Елден Кебек азықты алып жейді.
Сөйтіп жүріп бірталай заман өтті, Еңлік қашып кеткенге айға жетті. «Қыз алды да, жөн жауап бермеді» деп, Матайлар бір қос жылқы алып кетті.
Тек жатсын ба бұл елдің көп саңлағы, Жуантаяқ бір ауыл шапты тағы. Матай қызды, Тобықты Кебекті іздеп, Шатаққа соқты сөйтіп сөз аяғы.
* * *
Бір күні Қабекеңе Көбей келді, Үйге кіріп келді де сәлем берді. «Қыз да жоқ, Кебек те жоқ, ел шабысты, Мен сізден ақыл сұрай келдім», – дейді.
Қабекең сөз айтпайды жұмбақтамай:
– Ей, Көбей, сұңқар қалай, тауық қалай? Тоқтамыс жолаушылап кетіп еді, Сол келгенше өтпей ме уақыт талай?
Көбей мұны ұқты да қайтып кетті, Тобықты кеңес қылған топқа жетті: «Қабекең екіақ ауыз жұмбақ айтты, Ол сөзінің мағынасы мынау депті:
Еңлікті алып қашқан Кебек батыр, Оны айтпайақ біздің би біліп жатыр. «Тауық» деп қызды айтады, «Сұңқар» – Кебек, «Тоқтамысқа қаратып қой дейді ақыр».
Осылай деп жұмбағын Көбей шешті, Матаймен байлау қылып, сөз сөйлесті. «Кешіктірмей табалық Кебек алса, Бір ай тоқта, Тоқтамыс келсін» десті.
Сонымен тағы да өтті бір жарым ай, Тоқтамыс Арғын жақтан жүр келе алмай. Намыс қылып жиылды тамам Найман,
«Көнбейміз, – деп, – мазаққа мұнан былай».
Матай да соқтыққан жоқ тіпті неген, Мақал бар «ел құлағы – елу» деген. Қыздың қайны – Сыбандар және білді, Екі елде де адам жоқ есітпеген.
Найманның тым көп болды жиылысы, Жиылған соң белгілі қылар ісі. «Алдынан бір арылып алайық» деп, Тобықтыға жіберді елші кісі:
«Тентегінің жазасын мойынға алсын, Егер оған көнбесе, дайындалсын. Қырылыспай бітпейміз таусылғанша, Не Найман, не Тобықты бірі қалсын.
Жауапты да тез берсін кешіктірмей, Ертең бесін намаздың уақыты кірмей. Өзге бітім болар деп ойламасын, Бітімім жоқ не өліп, не өлтірмей».
Ұйлықты Тобықтылар осы сөзге, Бітімі жоқ болған соң мұнан өзге. Найман тым көп, Тобықты аз, Арғын алыс, Қорықпауға да болмайды көрер көзге.
Бірі ол деп, бірі бұл деп көп кеңесті, Біле алмай не берерін, не берместі.
Қысылғанда баратын Қабекеңе,
Ақыл сұрай бірекеу барсын десті.
Кенбай мен Көбей барды биге тағы, Сөзін айтып, сәлемін бердідағы. Қабекеңнің қабағы қарыс түсіп, Мінеки сондағы айтқан бір жұмбағы:
«Әнет бабаң емес пе менің атам, Бірақ ондай қабыл ма менің батам? Көшсем қоныс, отырсам көмегім жоқ, Көрсетемін, қайтейін тыныш жатам».
Бұл сөзі – бабаң айтқан сөздің көзі, Өзі өлтірмей, амалсыз атқызды өзі. Жеңілсең, енді барар орының жоқ, Көрсетпеуге шама жоқ деген сөзі.
Соны естіп Көбей топқа қайтып келді, Жұмбағының шешуін айтып келді. Тобықтылар Найманды ертіп әкеп,
Кебектің жатқан жерін айтып берді. * * *
Ұйықтамайды сақтанып Кебек түнде, Үш айдай бір дарада жатқан мүлде. Толғатып Еңлік сұлу бір ұл тапқан, Айы толып, мезгілі жеткен күнде.
Екеуі сол баланы қылады ермек, Кезек ұйықтап, сақтанып жүрді сергек. Қыз ояу, Кебек ұйықтап жатыр еді, Қозыкүрең кісінеп қағады елек.
Еңлік түртіп оятты Кебек ерді, Атқа қарғып мінгенше жау да келді. Күрең атқа мінгесіп жөнелгенде, Баласы бесігімен қала берді.
Баланы бір Матай кеп қолына алды, Кебек қашты, жабылып жау да салды. Қозыкүрең жартастан қарғығанда,
Ауып кетіп Еңлік қыз түсіп қалды.
Не күшті, ойласаңыз, тағдыр күшті, Кім тоқтатар әзелде болмақ істі. «Өлсем бірге өлмекші сертім бар», – деп, Мінгестіріп алуға аттан түсті.
Жау жетті де, қамауда Кебек қалды, Әрібері қанжарлап соғыс салды.
Бірталайын жаралы қылсадағы, Көпке топырақ шашсын ба, ұстап алды.
Байлап алып әкелді Ащысуға, Тамам Найман жиылған қалың дуға. Қайран жастар қапыда қолға түсті, Елтіген бөрідей боп жеген уға.
Шеткі Ақшоқы басына алып шықты, Қалайша өлтіруге кеңес қыпты?! Жас қой деп жаны ашыған бір адам жоқ, Қолға түскен кісіге қатын мықты.
Кейбіреуі таспенен атпақ болды, Кейбіреуі дарға да аспақ болды. Аяғында мойнына арқан тағып, Атқа байлап сүйретіп шаппақ болды.
Көп Найман екеуіне тұр анталап, Бейне бір соятұғын малға балап. Еңлік сонда еліне сөз сөйлейді, Қасындағы жиылған көпке қарап:
– Ей, жұртым! Бірекі ауыз сөз айтайын, Әйтеуір өлтіруің тұр ғой дайын. «Өлерде үш тілек бар» деуші еді ғой, Құдай үшін берсеңдер, мен сұрайын.
Кебекпен мені азғана араздастыр, Өлген соң бірге қосып таспен бастыр. Мына бала – Тобықты баласы ғой,
Мұны өлтірме, Кеңгірбай биге тапсыр.

Үш тілегін алсын деп жұрт кеңесті, Бердік деп екеуінің қолын шешті. Құшақтасып сүйісіп, қош айтысып, «Ал, енді өлтіре бер, мейлің» десті.
Екеуінің мойнына арқан салып,
Екі аттың құйрығына байлап алып,
«Матайлап» ұран салып шауыпшауып, Өлтіріп бір төбеге қойды апарып.
Тастады бесігімен баласын да, Обалға өшіккен ел қарасын ба? Еңлік–Кебек моласы бүгін де бар Таймақ пен Ералының арасында.
Надан жұрттың болады діні қатты,
Қабекеңе тапсырмай аманатты, Шеткі Ақшоқы басында қалған бала
Шырқырап күн батқанша жылап жатты.
Жуантаяқ баланы түнде білді, Түн ішінде жиылып атқа мінді.
Таң ата келіп іздеп таба алмады, Қисыны – біреу ұрлап кеткен сынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *