«Қажымұқан» повесть

ҚАЖЫМҰҚАН


Бұл — берген уәдем еді
Бiр мың тоғыз жүз қырық бiрiншi жылдың көктемi, Алатаудың айдын-шуақты баурайына көктем әкелген жұпар иiсi сезiлдi. Ауа райының мерзiмдi уақтысына қарай қары ерiп, жаңбыры жауды. Шалғыны өсiп, бау-бақшасы дер кезiнде көгердi. Үй алдындағы үш түп емен мен екi түп сирень тауыстың қанатындай көрiктi жапырақтарын жайды, гүл бүршiктерiн шығара бастағанда апрельдiң орта кезi болып та қалып едi. Менiң қыс ортасында мертiккен аяғымның сырқаты созыла түстi, ұзап жүре алмай, үйден сирек шығатынмын.

– Ойпырмай, келiп қалды, – дедi үй алдындағы арық суына ыдыстарын тазартып отырған әйел, сасқалақ-
таңқырап үйге кiрдi де. Қолына ұстаған ыдыстарының суын тамшылата, артына қарап, – Қажымұқан келдi, – дедi, ұмытқан есiмi ендi есiне түскендей. Мен орнымнан козғалғанша:
– Қалмақанның үйi осы ма? – деген қомақты үн үй алдындағы басқыштан естiлдi. Мен де ауыз үйге шығып үлгерiп, жиде ағашының бұтақты бүгiлiнен iстеген тоқпақтай жуан қолдың саусақтарын ұстап тұр едiм. Иә, көрмеген кiсi де оны бейнесiнен тани беретiн Қажекең екен.
Алматы қаласы, Карл Маркс көшесi, 97-үйде 23 күн жатты. Бұл үйдiң алдындағы сексен жыл жасаған емен ағаштың саясында қазақтың ардақты кiсiлерiнiң бiрсыпырасы отырып, түнеп, түстенетiн едi.
Баласы Қошқарбайдын Шашубаймын,
Болсам да малға кедей, сөзге баймын.
Көп алсам кемiмейтiн кенiм халық,
Байларға малды екен деп бас ұрмаймын, –
дейтiн кәдiмгi Шашубайдың өзi болды.

Ерназар1 күнде менен бата аласың.
Бәлеге неге барып шаталасың.
Балалар, ынтымақпен iстемесең,
Түбiнде жаман колхоз атанасың, –
деп колхозшыға үгiтiн айтқан, өзi туралы:

Ақ басты Алатаудың Жамбылы мен,
Өлеңнiң ұлы сүре даңғылы мен,
Алдымда Бұқарбай мен Сүйiнбайлар,
Солардан тәлiм алған қалдығы мен, –
дейтiн Жамбыл.
Ақынның ардагер сыпайысы Нүрпейiс, салған жерден шаба жөнелетiн әйгiлi саңлақ ақын Иса, гармонға қосқан даусы көршi үйлердiң қабырғасын дiрiлдеткен Нартай, кербез ақын Кенен, тiлге бай Қуат, Саядiл, Жетiсудың өрен жыршысы Үмбетәлi, Оңтүстiктiң Орынбайы, Әлiбегi, партизан ақын Омар отырған жер едi. Қазақтың алып даласына бiлiм шырағын жағушы жыл құстарының бiрi, Ыбрай Алтынсариннiң егiп шығарған алғашқы гүлдерiнiң бiрi, жазушы Спандияр Көбеев те осы ағаштың түбiнде дем алған-ды. Сол жiгiт жасты емен ағаштың түбiне кезектi ғасырлардың бiр-туар адамдарының бiрi Қажымұқан палуан да келiп едi. Соншалық даңқты кiсiлердiң аяғы басылып, саясында отыру үлесiне тиген сол емен ағаштар мен сирендер нендей бақытты едi десеңшi!
– Жамбылдың өлеңiн жазып алуға жәрдемдестiң, Қалмақан, Нартайды екi жыл бойы iздеп, Мырза шөл, Нұр Атаны қоймай, Қоқан, Ферғананы кезiп, көрiн-геннен хабар айта жүрiп Алматыға алдырып атағын шығаруға себепшi болдың, Қалмақан. Балқаштың түк-пiрiнде жатқан Шашубайды самолетпен алып келдiң, Қалмақан. Кәнi, мен туралы не iстедiң? Жалшыдан шығып, жер жүзiнде палуандықпен атын жайған қазақта менен басқа кiмiң бар едi! Сәбит бар, Ѕабит бар, ақын Иса бар, сен бар, басқаң бар – мен туралы жазған кiтаптарың қайда?!
Ертең Сәбитке барамын. Ол менi Орынборда тұрған кезiмнен бiледi. Ол менi жазбай, Нұрмағамбеттi жазды. Ол қасиеттi ағаны жазғаны жақсы, бiрақ менi қоса жазбағаны үшiн желке етiн бiр сығып қоймасам, есiне түсетiн емеспiн, – деп, күлiп қойды.
– Болады, Қажеке. Сiздiң кiтабыңыз да туады. Сәбит жазады, Ѕабит жазады… Келешек ұрпақтардан әдебиеттiң ғажайып шамшырақтары шығады, олардың қаламы сiзге үйiрiлмей кетпейдi. Кәне, шай iшейiк.
* * *
Қажекең өмiр арнасын ағытып, айта бердi. Ол алғашында, бейне бiр тұтасқан бұлтты нажағай жарып, төге салған нөсер сияқты едi. Тыңдадым да отырдым, қағазыма түгiн де түрте алмадым. Сатырлатып құя салған нөсердiң баданадай тамшыларының жайлысы тиiп, жанымды рахаттандырып, жайсызы шашырап көзiмдi жұмдырып, басымды ауыртқандай болды.
Нөсер! Нөсер арты жердi көгертедi. Сөзiнiң корытындысы жайнаған гүлдi алдына жайған сияқты едi. Өмiр-
дiң бiр саласында жасаған еңбегiне қатты қызықтым.
– Ара барлық гүлдi аралайды, бал шығаратын басын ғана сорады, – деп керегiн тiзе бердiм. Күдiктi жерiн сұрай бердiм. Бiрақ түгел еншiме тимеген 23 күнде теңiзден тамшы ғана алып қалдым.
– Жаз, осыны!
– Жазайын, аға.
– Менi әсiрелеймiн деп әуреленбе, тек тәңiрiмнiң берген бейнесiн ғана жаз.
– Құп болады.

Қар күреген бала

Ақпан-қаңтардың сақылдаған сары аязы. Қыламықтап қырау ұшқындап, барлық заттың сыртына мұздан сауыт кигiзiп тұрды. Қызылжар қаласының орталық бiр көшесiндегi қорада, үлкен сарайдың темiр қақпасы кең ашылып, iшiнен «њауппалаған» дауыс естiлiп жатты. Бұл саудагер Иван Ногичтiң қоймасы едi. Күзде сойылған малдың етi мен майы ендi iшкi Ресейге жөнелтiлiп, оны таситын 60 пар ат шана жұмсайтын кiрешi бай Орлий Масликов кiресiн алып едi. Отыз пұт май құйып қатырған кеспектi он адам жабылып орнынан қозғалта алмай жатты. Сарай iшiндегi дауыс солардың үнi.
Қораны басқан қарды күреуге жалдаған он алтыдағы жас бала сарайға қайта-қайта қарай бердi.
– Ей, сенiң әкеңнiң аты кiм? – дедi бүрме қара тонды қойманың басқарушысы.
– Оны қайтесiң?
– Сұраймын.
– Құда түсейiн деп пе едiң?.. Айтатыныңды айта бер, – дедi кiшкене қара көзiн жымита қараған бала.
– Сен онда неге қарайсың. Қарыңды күре де, тиiстi тиын-тебенiңдi алып, құры. Бөгде нәрсеге бұрылып қараудың саған қанша керегi бар? Соншалық сарайдың есiгiне қарай бересiң…
– Сен балдырламай, маған сонда не iстеп жатқаныңды түсiндiршi.
– Тау көтерiп жатыр.
– Сонда, сарайға кiрген тау көтерiлмей жатыр ма? Шуылдап басымды ауыртты. Өздерi адам ба, шөптi – «сырғауыл көтерiп келдiк» деген бақсының жыны ма?!
– О-хо-хо. Мынаның сөзi отыз пұттан гөрi ауыр жатыр екен. Жiбер сарайға, көтерiлмей жатқанның не екенiн көрсiн, – дедi тұлыпты көмiлтiп киiп, қақпа ау-зында тұрған саудагер.
– Ей, бар ендi. Әне, мырза көрiп тұр.
– Көрсе немене… – деп қар күреген бала есiк алдында тұрғандарды қаңбақтай қақтырып, сеңдей соқтырып, қаға-маға сарайға кiрiп келдi. Басқаны бүрлiк-тiрген аяз, оған шыбынсыз жаз сияқты. Үстiнде мақталы жыртық шапан, биялайын белiне қыстырып, бас киiмiн қолына ұстап, қимылдап жүрген кiсiлерге аңы-рая қарады. Тұрған орнынан жарты кездей ғана жерге әрең жылжыған кеспектiң қасына жақындап, иығымен қағып, астындағы қалың тақтайды сықыр еткiздi.
– Көтерiлмейтiн тауларың осы ма?
– Саған жеп-жеңiл көрiнiп тұр ма?
– Әй, тәйiрi-ай… Соны да сөз деп айтып тұрсыңдар-ау. Тау дегенге таңырқансам, бұл шелектей-ақ ыдыс қой. Он кiсi жабылып, қаланы «њаппалап» бастарыңа көтерiп жүргендерiң осы ма? Өздерiң шетке ысырылып, тиейтiн шанаңды есiк алдына әкеле берiңдер. Әй, әдемi тұлыптылар, қалбалақтап жүрiп, бiр жерлерiңдi қақтырып аларсыңдар, кейiн қаш!
– Мынаның сөзi қандай дөрекi! Қожайындарға қалай түйеден түскендей сөйлейдi, – дестi мұртына мұз қатқан жұмысшылар.
– Оны қоя тұр. Алдымен ауылдың алаңғасарының күшiн көрейiк! – дедi iргеге қарай ысырылған екi мырза.
Бала еңкейе берiп, кеспектi иығымен нығырақ тiреп қағып жiбердi. Астына салған ломдар мен қада ағаштар шатыр-күтiр етiп, бiрiне-бiрi қағысып, бастары шошаңдасты да, отыз пұт тоң май құйған кеспек екi-үш қаққанда желге ұшқан ебелектей домаланып сарайдың есiгiне барып та қалды. Шой табан екi завод атын жеккен жүк шанаға қалай барып түсiп қалғанын тұрғандардың көзi шалмай да қалды.
– Ей, мынауың не iстеп жiбердi?
– Не iстегенiн көрмей тұрмысың! Оның орнынан қозғай алмаған кеспектi шанаға апарып салып қойды.
– Айтайын дегенiм ол емес-ау, қожайын, тегi осы кәдiмгi адам ба?..
– Ендi кiм?
– Бiр жақтан келген дию ма, перi ме, бiрдеңе шығар өзi.
– Не де болса, оның көтере алмағанды бiр өзi көтере салды, жарайды. Мiне, саған елу тиын, – дедi май салған кеспектiң қожасы.
– Жиырма тиынды мен берейiн, – дедi Масликов кең барқыт шалбарының қалтасына баржиған семiз қолын сұғып жатып.
– Майлы бай, қанша қорбаңдасаң да, қолыңа бiр сомдық сары шұнақ iлiнбедi-ау, – дедi екi бай бiрiн-бiрi әзiлмен қағысып.
– Сен ендi байыдың. Қар күрегенiңе тиын алма, – дедi, қораны күретiп жатқан қамбашы.
– Былшылдамай, уәделескен он бес тиынды әкел. Мен бай кiсi емес, ол маған тамақ болады. Жетпiс тиынды ауылдағы тарығып отырған әжеме жiберем, – дедi жалпақ қайың күрекпен шөмелеп қарды биiк қорадан асыра атып жатқан, бетi бұрқыраған термен буланған бала.
– Орлий, сен маған мырзасынған былшылыңды айтпай, мына қазақты қолыңа түсiрiп ал. Кiрекешiңе мұндай адам керек қой. Ол ретi келгенде жиырма кiсiнiң жұмысын iстейдi. Жотасына қарашы, буыны қатпаған бала, шойыннан құйған алыптардың ескерткiшi сияқты…
– Өзiм де соны ойлап, жиырма тиын сыйлап тұр-мын. Бiрақ ол жиырма кiсiнiң тамағын да iшедi ғой. Өзiң айтқандай буыны қатпаған бала, созыла беретiн резеңке қанар сияқты болады.
– Немене, саған үсiген картоп пен Есiлдiң сасыған шабағы жетпей ме? Бере бер астырып…
– Я, оның да есебiн табармын. Қысы-жазы құмырс-қадай шұбыртып, жүргiзiп отырған кiреге мұндай күш керек. Әсiресе ұзақ сапарға таптырмайды.
Бала қарын күреп болып, тиынын алған соң, Масликов қойын дәптерiн алып, балаға жымия қарап, әңгi-меге кiрiстi.
– Бала, сен қайдан келдiң, ә?.. Мен бiлем, сен Қы-зылжардiкi емес. Қай болыс, қай ауылдiкi?
– Ақмола облысы, Сарытерек болысы, Құрама ауылынан.
– Әкеңнiң аты кiм?
– Мұңайтпас Ернақов.
– Өз атың кiм?
– Мұқан. Оны қайтесiң?
– Сенiмен тамыр болғым келiп тұр.
– Тамыр болып ат мiнгiзесiң бе?
– Жарайды, мiнгiзейiн. Сен маған жiгiт боласың, дұрыс па?
– Болайын, айына не бересiң?
– Мен саған бәрiн берем. Тамақ менен болады. Сенiң киiмiң жоқ, киiм берем, сондай айлық берем, – айың бiр сом сексен тиын.
– Ей, тамыр, оның аз ғой. Рас, мен жұмыс iздеп келдiм. Әжем, әке-шешем бар, кедей кiсiмiз. Ең болмаса менiң тапқаным солардың қант, шай, нанына жететiн болсын, аздап қосыңқыра.
– Менен басқа кiсi саған сексен тиыннан артық бермейдi. Мен сенi аяп үлкен жiгiттерге беретiн айлық берiп тұрмын. Оның үстiне мына алпамсадай денеңе, оны киiммен жабдықтауға, iшетiн тамағыңа екi-үш жiгiтке беретiн қаржым артық шығатынын бiлесiң бе!
Бала ойланып тұрып-тұрып, келiсiмiн бердi.
Келешектегi әлемдiк палуан Қажымұқан Масли-ковқа осылай келiп жалшылыққа тұрды.
* * *
Мұқан Масликовтың үйiне келген күнi, жалпы кiрешi жалшылар жататын жатақханаға орналасты. Сабан төселiп, пеш қойған сарайдың бiр бұрышы тидi. Сонда түнеп шықты. Ертеңiне қожасы Мұқанды өз үйiнiң ауыз бөлмесiне шақырып, отыз пұт кеспектi доп қылып домалатқан дәудi өзiнiң қатын-балаларына, қонақтарына көрсетiп, оның көп жiгiтiнiң бiрi болғанын айтты. Күштi баланы айнала қарасып, бойын аршындап, салмағын өлшеп, Масликовтың кереметтей етiп айтқанына сенбедi.
– Бұл қалай отыз пұт көтередi? Бойы жарым кез1 , салмағы 200 қадақ2 , Рас, мойны, қол-аяғы жуандау. Бiрақ отыз пұт жүктi көтеруi мүмкiн емес, – деп есеп-шiсi өзiнiң өгiз өлшейтiн есебiн айтты. Өз сөзiн қостамағанына Масликов та ренжiп:
– Жарайды, ендеше Мұңайтпасовтың кереметiн кейiн көрерсiңдер, – дедi.
– Ал бала, қалай ұйықтадың? Жатақхана жылы ма екен? Жiгiттердiң арасы көңiлдi болар? Олар домбыра тартады, өлең айтады, карта ойнайды. Шынында да бiздiң үйден сендердiң жатақханаларың қызық…
Қажымұқан бiр түрлi көңiлсiздiк кейпiн көрсетiп:
– Қожайын, мей оншалығын бiлмеймiн, түнiмен ұйықтағаным жоқ.
– Неге? Iшiнде ұрыс, жанжал көп пе екен? Жанжалдасса төртеу-бесеуi жиылып отыз пұт болмайды, лақтырмайсың ба шетiнен…
– Жоқ, айта көрмеңiз… әжем ұрысқан, жаман болады, деген. Менiң төбелес, жанжалға жаным қас.
– Ендi неге ұйықтай алмадың?
– Ұйықтай алмағаным, төсеген сабаннын арасында тышқан бар екен. Олардың шиқылдаған даусын естiсем, зәрем кетедi.
Масликовтың үй iшi, өзi қосылып қарқылдап, көз-дерiнен жас аққанша күлдi. Оның қорқатыны жататын жердегi тышқан екенiн ендi ұққан қожайын ойлана қарап, сөздiң соңында күлген жоқ.
– Мiне, отыз пұт көтерген палуан… Тышқаннан басқа тағы неден қорқасың?
– Онан басқа ешнәрседен қорықпаймын.
– Қасқырдан ше?
– Ой, тәйiрi, қасқыр, аю, қабан дегендер – ит емес пе, иттен кiсi қорқа ма? Тек мына, адам жататын жерде тышқанның шиқылдағаны жаман… Мұқанды ас үйiнiң ауыз бөлмесiне жататын еттi де, өзiне екi ат, бiр шана берiп, шөп, отын әкелiп тұру жұмысын тапсырды.

Жаяу сүйреген шана

Сағаттың тiлiндей айналған күн өте бердi. Мұқанның қарағайды қамыстай қаусатып, қолымен тартып құлатқаны, талай ауыр жүктi жалғыз тиегенi аңыз болып айтылып жүрдi. Челябинск, Қазан, Уфа, Самарға бiрнеше рет барып та қайтты. Бойы өсiп, буыны қатая түсiп, он сегiздегi жiгiт болды.
Қыс ортасы ауып, февральдың iшiнде, үстi-үстiне төпеп қар жауып, Қызылжар айрықша суытты. Масликовтың үйiне отын да, шөп те шақ келмедi. Ауыр жұмыс қайда болса Мұқанды сонда жұмсау әдетке айналды.
Айдың аяғына таман iшкi Ресейге кеткен көлiктер келiп, қаладан жиырма шақырым жердегi шөпке, Мұ-қанның қасына төрт шана қосып, бес көлiк жiбердi.
Масликовтың үй үшiне Мұқанның ауыр мiнез, тiл алғыш, тәртiптiлiгi қатты ұнаған едi. Ол қандай жұмыс тапсырылса да орындап келуiне әбден сендi. Сондықтан:
– Митька, (оны Масликовтың үй iшi Мұқан деудi қиын көрiп «Митька» деп атап кеттi) мүмкiндiгiң бол-ғанша шөптi тез жеткiзуге тырыс. Басқаларға қарамай, шөбiңдi алдымен тиеп ал да, келе бер. Жолдан келген аттар тiлiн тiстеп аш тұр, – дедi қожасы.
– Жарайды, – дедi тiл алғыш Мұқан.
Түн ортасы ауа жүрiп кеткен шөпшiлер қар басқан соқпақпен жүру ауыр болып аттарын болдыртып, әрең деп түсте шөпке кеттi. Мұқан жақсы деген екi атты таңдап жексе де, ауыр жол аттарын болдыртып тастады. Аяз сорып, әлсiреп келген жiгiттер төбе болып қар басқан шөптi көрiп үрейлерi ұшты. Оның қарын аршу үшiн бiр күн айналу керек сияқты. Жолдастары қарды қай жағынан аршып, шөптi қалай тиеу керегiн кеңесiп, әр түрлi тәсiлдерiн айтып, көп тұруға айналды.
– Сүлдемiз сүйретiлiп шөбiне әзер жетiп едiк, ендi мұны аршып алу азабы шөппен бiрге сүйегiмiздi шанаға салар, – дедi тоңып, жақ жүнi үрпиген бiреуi.
– Масликовтың бiр сом сексен тиыны сол сүйегiң үшiн берiлгенiн шөптiң басына келгенде бiлдiң бе?.. – дедi, шақ денелi сары жiгiт.
– Мұның өзiн мына бiр жерден ашу оңай болар: үйiндi қардың ойпаттау жерi екен. Шөптiң түбiне шейiн, шана сыйғандай етiп, қарын алсақ, төбесiн басқан қарды кейiн көрермiз, – деп, тағы бiреуi үйiлген шөптi айнала басып, төбе болып кеткен қарды төбесiне шығып көрiп жүрдi.
Оған дәтi шыдамаған Мұқан боран үрiп, шөптiң шетi көрiнiп тұрған бiр бұрышына келдi де жiгiнiң арасына бастырықты ырғап-ырғап сүңгiтiп жiберiп, иығы-мен көтерiп тастады. Шөп-шөбiмен үйiлген қар жел аударған түндiктей төңкерiлiп түстi.
– Ой, мынау не iстедi өзi… – дестi, қалай ашып алудың амалын таппай, есi шығып тұрған жолдастары. Оған Мұқан жауап қайырмады. Бастырықты тағы бiр сұғып екiншi көтерiп тастағанда, үйiлген шөптiң жартысы ашылып қалды. Бiр айыр шөптi аттарының алдына апарып салды да, шанасын доғарып сүйреткен бойы жақындатып әкеп шөптi тией бердi.
– Ей, сен не iстеп жатырсың? Көмбе қарда атты қалай жекпексiң, батып кетедi ғой, – дестi жолдастары.
– Менiң оны өлшеп, ой тауысуға уақытым жоқ. Қожайын айтты бiттi, менiң шөптi тез жеткiзуiм керек. Осыдан басқа маған түктiң керегi жоқ.
– Мына күртiк қар атты көтере алмайды деп тұрмыз ғой.
– Атты көтермесе менi көтередi. Менiң атқа шейiн сүйреп баруға мұршам келедi ғой деп тұрмын.
– Соны қойшы, нан жеп, әл жинайық та, сонан кейiн қалай тиеп алуды ойласармыз, әйтеуiр, бала төбесiн ашып, азапты жеңiлдеттi ғой, – дестi, суынған бойларын жылытқалы, беттерiн уқалап, қолын қолына соғып, жүгiрiп жүрген жiгiттер.
Жолдастары нандарын жеп болғанша, Мұқан шөптi таудай ғып тиеп болып, бастырығын тартып, жетегiнен ұстап, ит шанадай сүйретiп, аттарының қастарына апарып қойды да, ол да нанын жедi.
* * *

Мұқан атын жегiп, жетi-сегiз шақырымдай шыққанда, қарсы алдынан боран соға бастады. Үйе тиелген шөпке қарсы соққан қарлы жел шөп арасын көтерiп, өңменiнен итергендей тiреп, аттың аяғын қия басқызбады. Аттардың жүргенiнен тұрғаны көбейдi. Күн батып, дүлей қараңғы түн басталды. Мұқан шананы сүйрелеп, атқа көмектестi. Айыр шаншып артынан да итерiп көрдi. Шекеден аққан терi өңiрiне тамып, түйiр-түйiр мұз болып қатып жатты. Қалаға жетi шақырым қал-ғанда бiр ат аяғын басуға мұршасы келмей, төрт аяқтап тұрып алды. Ыза кернеген шөпшi, айырын шананың артына көмейлете шаншып қойды да, үрiндi қарға көмiлiп тұрған шананы итерiп кеп жiбергенде, жүре алмай тұрған ортаға жеккен ат, жетек сынып бүктелген бойынша шананың астына шалқасынан түстi. Жанына жеккен ат қайрылып сыртқа шығып кеттi. Мұқан шананы кейiн итерiп, астындағы атты босатқанша ол өлiп кеткен едi. Шөпшi бiраз демiн алып отырды да, өлген аттың қолдауынан божыны екi қабаттап өткiзiп алып кеудесiн көтерiп, шөптiң бастырығынан байлады да, басы көтерiлiп салбырап тұрған бөксесiн иығына салып тұрып, шананың үстiне лақтырып жiбердi. Өзi бел көтергiш қайысты шанаға байлап, қалған атқа пар болып шөптi сүйреп, қаланың шетiне шейiн алып келдi. Қалаға кiрген соң, ол ат та аяғын басудан қалды. Оны шананың артына байлай салып, өзi жүктi сүйрей бердi. Ел тұрып, қорасының айналасын күрей бастағанда, адам сүйреткен дәу шана шөп, бiр атты үстiне салып, бiр атты артына байлап, Масликовтың қорасына кiрдi. Бұл алып күштiң кiм екенiн бiлу үшiн, Масликовтың қорасына келгенше топ-тобымен қала адамы шананың артынан ерген едi.
Төбедей болып шөп үйiлген шана қораға атсыз кiргенде, Масликовтың үй iшi, жалшы жiгiттерi үрейлене далаға шығысты.
– Ойбай, ат қайда?.. Иттiң баласы, – деп жан даусы шықты байдың.
– Жоқ деген атың шананың үстiнде, бар атың шөп-тiң артында байлаулы, қожайын, далада қалған ешнәрсең жоқ, – дедi бала. Қожайын өлген атты көрiп:
– Шақырыңдар городовойды мына шошқаға акт жасасын, – дедi.
Екi городовой келiп:
– Сүйрет шананы, шөп, атымен. Полицмейстерге алып барамыз, – дедi.
Үстi-басы термен буланып, аппақ қырау басқан Мұқан үстiндегi өлген атымен шананы сүйретiп полиц-мейстердiң қорасына кеттi.

Көптiң көмегi

Мұқан полицмейстердiң кеңсесiне қарай шананы сүйрей жөнелгенде, оның соңынан қаланың үлкен-кiшiлi жүздеген адамы шұбап бiрге кеттi. Городовойлар оларды серпiлту үшiн қанша түсiн суытса да, жұрт оны елемедi. Балалар күртiк қарды қайыстай тiлiп келе жатқан шананың артынан итерiсiп, Мұқанның ауыр жүгiн жеңiлдете түстi. Қораға жақындаған соң, городовойлар шананың жанындағыларды қуып, ендi бiрi кеңседегi бастығына кiрдi.
Бастық маңызданып есiк алдына шыққанша, шана сүйреген Мұқан полицмейстердiң қорасының қасына тақалып қалды. Үйе тиелген шөптен сүйреген адам көрiнбейдi. Боран үрлеп, ақ қарды тықпалап тастаған шөптiң үстiнде аяғы серейiп ат жатыр. Шананың айналасында ор қояндай ойнақ салып балалар жүгiрiп жүр. Қолдарына шелегiн, күрегiн ұстаған әйел, еркектер шананы сүйреткендi көрiп қалуға ұмтылып, аяқтарын жүгiре басып, мойындарын созады. Бастық көше тол-ған кiсiлердi көрiп шошып кетiп:
– Бұл не үшiн қаптап жүрген адамдар? – деп, жанында тұрған городовойға қарады.
– Ұлы мәртебелi мырза, өзiңiз бiлмейтiн не бар… Ерiккен ел жаяу шана сүйреткендi қызық көрiп жинал-ғаны ғой.
– Неге қумайсыңдар бұларды?
– Қууын қудық, мырза. Бiрақ қусақ қораларға кi-редi де қасына кiсiлердi қосып алып, қайта жүгiрiп шығады.
– Қуыңдар. Қазiр тарасын. Шананы сүйреткен қазақ та қызық бұлар үшiн. Тарт. Шананы қораға кiргiз, – деп, бастық кеңсеге кiрдi. Мұқан шанасын сүйретiп полицмейстердiң қорасына кiрiп кеттi.
Қораның есiгi жабылған сон, городовой жиналған адамдарға:
– Жауырындарыңды мына дойыр тiлсiн демесеңдер, тараңдар, – деп қолындағы қамшысын көпке көрсеттi.
– Оныңды бiзге неге көрсетесiң? – дедi бiреу.
– Неге кетпейсiңдер? – деп, городовой мұртын тiкiрейттi.
– Қызық көремiз.
– Қандай қызық?
– Бiздiң Петроград, Москвадағыдай театр, клубымыз, циркiмiз жоқ… Жаяу шана сүйреткендi көрсек те қызық. Көшеге жиналған елге сендердiң бастықтарыңның өкпесi қысылып тұр ма? – дедi бiр тiгiншi.
– Ей, мұртыңды сыламай, жаңағы шана сүйреткендi берi шығаршы, көптiң дүбiрi өкпелерiңдi қысса, өзiмiз үйiмiзге алып кетейiк. Мұртыңды несiне тiкiрейтесiң. Оныңды күнде көрiп жүрмiз ғой, – дедi базардың орнын сыпыратын қарауылшы, городовойға жақындай түсiп.
– Ендi тараңдар. Ол бұл қорадан шықпайды.
– Неге?
– Ни iшлеп?
– За что? – деген дауыстар жамырай шықты.
– Ол қазынаға пайдасы тиiп тұрған. Масликовтың атын өлтiрiп, шанасын сындырып отыр.
– Е, Масликовтың байи түсейiн деп, дамыл тап-қызбай айдатып титығына жегкiзген аттары жылда қы-рылып жатады ғой. Өлген аттарын малшыларына төлет-кiзедi. Оларды ұрып, ұрсып жәбiрлейдi. Боранға ұшып өлiп, жарымжан болған жалшысы аз ба? Сендер соны қораларыңа неге қамамайсыңдар. Кеше шөкпе кеткен бес көлiктен шөптi жаяу сүйретiп бiреуi ғана келдi қалаға. Төртеуiн қар басып, далада қалды. Аты түгiл, адамы да қырылып қалған шығар. Городовойлар, оны неге iздемейсiңдер? – деп, бiреу дүрсе қоя бердi.
– Кетпеңдер, босаған соң дәудi алып барып, тамашасын беремiз… Отыз пұттық кеспектi қақпақыл ғып ойнатады, – дейдi. Үйдей қарағайды аяғымен теуiп сындырады, – дейдi.. Сонысын көремiз, – деп даурықты бiреулер.
– Бастық қайда? Бай, ат қырылатын болды, шөптi қайтарсын деп жатыр, – деп екi ат жетелеп Масликовтың бiр жiгiтi келдi.
Тарамай тұрған көпке қабағын шытып бастық тағы шықты.
– Азаматтар, түсiну керек қой. Сiздерге тарқа деген тәртiп берiлдi. Неге тыңдамайсыздар? Көңiл қалдыратын қылық осындайдан шығады ендi!
– Полицмейстер мырза, көңiл қалдыратындай көп-шiлiк не iстеп тұр. Өз аяғымызбен қар басып тұрмыз. Оның салмағы кiмге түскендей…
– Бұларға ұқтырудың өзi бiр жұмыс, – деп суыққа шыдамаған бастық даурығып әлденеме айтып, iшке кiре бергенде Масликовтың қамбашысы келiп:
– Тақсыр, шөптi шанасымен қайтарсын деп бай ат жiберiп едi, соған рұқсат етсеңiз…
Көпшiлiкке құрсанған ашудың шарпуы оған да тидi.
– Мен тергеп, тексерiп, акт жасамай ешнәрсенi қорадан шығармаймын.
– Тақсыр-ау, аттар аштан өлуге айналды…
– Масликовтың өзi өлсе де, айтқаным айтқан. Атымды өлтiрдi, тексер деген өзi. Тергеймiн ендi, ат өлген жерге барып көрем, – деп бастық ашумен есiктi тарс жауып, iшке кiрiп кеттi.
Балалар полицмейстердiң қорасының жан-жағынан асылып қарап:
– Әне, шанасы қораның дәл ортасында тұр. Өзi қардың үстiнде жалаңбас отыр… Әне, тұрды… Кеңсеге кiрiп барады, – десiп шулады.
Городовойдың бiреуi елдi тарата алмаған соң солардың «дәу» туралы әңгiмесiне өзi де араласты. Өзгелердiн өлшеусiз мақтауына бұл есептi дәлелiмен араласты.
– Бұл шынында дәу… мына шөп кемiнде қырық пұт. Арасына кiрген қары бес пұттан қалай кем болар екен… Ал анау ат он бес пұт қайтсе де болады. Сонда 60 пұт жүктi жетi шақырым жерге жаяу сүйрегенi ғой. Тегi жай бала емес, – дедi.
Бастық кеңсесiне кiрiп, ат өлтiрушiден жауап алды.
– Сенiң Масликовқа жұмыс iстегенiңе қанша болды?
– Үш жыл.
– Жасың нешеде?
– Оны бiлмеймiн, әйтеуiр, жылым түйе…
– Түйе деген немене?
– Түйе – түйе. Малдың ең үлкенi.
– Оның жаспен қандай байланысы бар?..
– Қазақта сондай жас болады. Сиыр, қой, жылқы – бәрi бар.
Ешнәрсеге түсiнбеген полицмейстер:
– Далада тұрғандардың iшiнде қазақ бар ма екен, шақырыңдаршы бермен, – деп есiк алдында тұрған городовойға бұйырды. Ол таяқты ақсақалды ертiп кiрдi. Полицмейстер қартқа қарап:
– Мынау «жылым түйе» дейдi. Осының жасы сонда нешеде болады? – дедi. Қарт жалшы балаға қарап:
– Түйе жылға iлiнбеген. Жылың тышқан шығар? – дедi.
– Айта көрмеңiз, ақсақал. Тышқаны құрсын. Әжем «жылың мақұлықтың ең үлкенi» деген. Түйеден үлкен мақұлық бола ма, соны айта салып едiм.
– Ендеше, жылың ұлу екен. Ұлу деген – балық. Балықтан үлкен мақлұқ болмайды, – дедi шал есептеп: – Мұның жасы он сегiзде.
– Жарайды, бара бер, – дедi бастық.
– Ал жұмыс iстегенiне үш жыл болыпты. Масликовтың содан берi неше атын өлтiрдiң?
– Осы шөптiң үстiнде жатқан ат. Мен еш уақытта ат өлтiргiм келмейдi.
– Ендi қалай өлдi?
– Масликов шөптi көп тие дедi. Көп шөптi тарта алмай ат тұрып қалды. Мен шананы итерiп жiбердiм. Шананың астына түсiп, өлiп қалды.
– Қалай астына ат түседi?
– Атыңды ана шананың алдына қой, мен шананы итерiп, қалай түскенiн көрсетейiн.
– Ә… њә. Сен менiң атымды өлтiргiң келген екен, ә? Мен саған көрсетемiн атты.
– Есiктен сөйлей, тұлыпқа оранып кеңсеге Масликов кiрдi.
– Аттарымның iшiндегi асыл тұқымды ең жақсы атым едi. Россиядан әкелiп, Шарафитдин мырза сатып едi. Биыл жасы он алтыда болатын. Баланстағы құны бiр жүз сексен сом екен. Жалшылықпен өтеуге бұл иттiң өмiрi жетпейдi Қалай болатынын ендi өзiм де түсiнбей отырмын, – дедi.
Байдың бетiне тесiле бiр қарап, тергеушi ат өлтi-рушiге:
– Көрдiң бе, байлар атының жасына шейiн бiледi, ә сен өз жасыңды бiлмейсiң. Қай жасыңда қандай жұмыс iстегенiңдi бiреу сұраса қалай айтасың?..
– Оны бiлем ғой. Әне бiр жылы өрiсте өлген өгiздi үйге көтерiп әкелдiм. Сонан бiр жыл кейiн құдыққа түскен Құтпанның түйесiн шығарып бердiм. Биыл байдың шөбiн өлген атын үстiне салып сүйреп үйiне, онан осы кеңсеге әкелдiм. Бұған жас санаудың не керегi бар?
– Қой, ол былшылыңды. Полицмейстер, мұнан атты өндiрiп бересiң, – дейдi бай.
– Жалақысынан ұста.
– Айлығы бiр сом сексен тиын, оған мұның өмiрi жете ме? Мен пәлен жыл бойына күтiп отырамын ба? Оған шейiн бұл шайтан барлық атымды қырып бiтiредi ғой. Үйiнде малы болса, әкелiп беретiн болсын.
– Үйiңде мал бар ма?
– Малым көп…
– Кепiлге алатын адамың бар ма?
– Кепiлдiң керегi жоқ. Өзiм өтiрiк айтпаймын.
– Далаға шығып, мына тұрған кiсiлердiң iшiнен тауып беретiнiң бар ма? Кепiлсiз болмайды.
– Даладағының бәрi кепiл болады.
– Қалай бәрi, танымайтын кiсiлер саған қалай кепiл болмақ? – деп сұраушы танданды.
– Далаға шығарып көрейiк. Даладағы қазақтың бiреуi танитын шығар.
– Мұны тануын таниды. Маған ат төлейтiн адам керек қой.
Бәрiн табамын. Тек далаға шығайықшы, – дедi Мұқан. Шана сүйреген бала далаға, шығуы-ақ мұң екен, күтiп тұрған ел неше түрлi тiлде айқай салысты:
– Актысын жазып бiттi ме? Берi кел, ортамызға. Көрейiкшi өзiңдi, – десiп қолынан ұстаған бойымен көпшiлiк ортасына алып кеттi. Кеңседен алып шыққандардың әкiмгершiлiгi мен байлығы аяққа басылып, елең қылған жан болмады.
– Ей-ей.. кепiл керек оған, Масликовтын атын төлеу керек, – дедi полицмейстер.
– Ненiң кепiлi?! – деп күжiлдестi, даурыққан көп-шiлiк.
– Берi, берi. Мына ықтасынға алып келiңдер. Тер қатып, ауырып қалар өзi, – десiп айналасын қоршалай көшенiң арғы бетiне шығып кеттi. Полицмейстердiң айқайы, городовойдың ьсқырығы шырылдап, азан-қазаны шықты.
– Уә, сендерге не болды? Мұнша дегбiрлерiңнен неге айрыласыңдар? – деп, ұзын мұртты бiреу артына одырая қарады.
– Қайда апарасыңдар қылмыстыны?
– Қайдағы қылмыс? Ұрлық қылып па бұл?
– Ат өлтiрген, соны төлейдi.
– Ай, Масликов, сенде ар бар ма? Осы бала шанадағы шөптi жаяу сүйретiп келмесе қорадағы барлық атың қырылады. Сенiң орныңда мен болсам, осыған жүз сом берер едiм, – дедi жуан жұдырығын түйе сөйлеген мал союшы Петька.
– Шуылдамаңдар, атты төлейдi, – дедi полицмейстер, – оған шейiн ат өлтiрушiге кепiл керек!
– Оған кепiлдiң керегi не… Күнiмен соған бола баланы ұстап отырсың, әлгiде айтсаңыз едi. Тарыдан – тау, тамшыдан – теңiз тұрғызған көп емес пе бұл, – дедi бiреу.
– Аты қанша тұрады екен?
– Бiр жүз сексен сом…
– Шығарыңдар бiр сомнан. Аты түгiл, Масликовтың әкесiнiң құнына жеткендей ақша жиналсын!
Жүздеген қол қойын-қонышына сұғынып, мә, мә дестi.
Бiр уыс ақша Масликовқа ұсыныла бердi.
– Осындай мейiрiмдерiң болмаса, ел деп кiм айтар едi.. – дедi бiр қарт. Ақшаны қолына ұстаған бiреу Масликовтың қолына санап берiп, аттың төленгенiне тiлхат алды.
– Ой, тоқтаңдар, құны төлендi, өлген атты ала ке-тейiк, болмаса Масликов консерв заводына сол аттың етiн тағы сатады. Онан да, өзiмiз терiсiн алып, етiн итке берейiк…
Қалған ақшаны қолына ұстап шөпшi бала көше тол-ған көпшiлiктiң ортасында кете барды.

Халықтың ескертулерi

Көшенiң жалаң аяғы деп аталатын қаланың алуан түрлi кәсiп иелерi бастарын қосқанда көңiл көтере-тiндей ермексiз де емес едi. Орталарында жас палуан Мұқан, әңгiмешiл қарты да, би билеп, сырнай тартушысы да, алуан кейiпке түсiп күлдiрушiсi де, домбыра тартып, ән салатын ақыны да бар едi. Сапарбайдың екi бөлмелi үйi алуан түрлi кәсiп иелерiне толды.
Қарт кiсiлердiң көпшiлiгi мұндай бас құраған жерде әңгiмесiн өздерiн жинаған себепке бейiмдеп айтатын ежелгi әдетiмен, естiген, есте қалғандарын, көр-гендерiн палуандарға байланыстырып айтты. Оны кейбiреуi тiгiсiн жатқызып, өңдей айтып берсе, бiреу-лерi терең судан басын шалып орған қамыстай, шашыратып, әлдекiмнен есiткен бiрдеңесiн кебiрден илеген балшықтай, берекесiн қашырып айтты.
– Ұмытпасам, осы отырған Құлекең де болды-ау деймiн, баяғы бiр Сарытораңғыл деген жерде, тарақтының асы деген, ас болды-ау.
– Айғақтамай-ақ айта берсеңшi, орашолақ неме… Барымтаның дауында отырған жоқсың ғой. Менiң тарақтының асына барғаным, рас, бiрақ Сарытораңғыл емес, Сарытерек деген жерде болған. Әңгiменi божыратпай, жинақтап айт, – дедi Құлымбет қарт тыңдаушыларды бiр күлдiрiп.
– Бәрiбiр емес пе, Тораңғылы не. Терегi не, сондағы әне бiр дәудi айтайын деймiн-ау… Сендерге өтiрiк, маған шын, құдай салмасын, басы мен мойны Анд-рейдiң тап асыл тұқымды бұқасыныкiндей екен. Ортаға келiп отыра қалғанда, iшегiн тартып, таңырқамаған кiсi қалмады. Белiне екi кiсiнiң құшағы жетер емес. Бiлегiне алақұрт моншақтап өткiзiп, жiп байлап, оған баланың жұдырығындай қоңырау тағып қойыпты. Төбедей болып шөкелей отырып, есiней түсiп, қолын уқалағанда, қоңырау шылдыр-шылдыр етедi. Ойпырм-ай емшегi тап Құрымбайдың шайлап қалған бәйбiшесiнiң емше-гiндей… Көзi…
– Ей, көр-жерiн былжырақтата бермей, жыққанын айтсайшы!
– Е, сонысын айт, дене деген әркiмде де бола бередi ғой.
– Жыққанын көргенiм жоқ. «Сен шық, сен шық» деп жатқанда әкем маған «атқа бар»… деп қуды да жiбердi, тегi оны ешкiм жықпау керек.
– Айтып болғаның осы ма?
– Иә, тегi үкенiн айтамын-ау, сол палуанның…
– Жықты ма ендi?
– Оны бiлмеймiн.
– Құлеке, соны былжырақтатпай, өзiңiз айтыңызшы, кiмдi айтып отыр осы?
– Мұның айтып отырғаны Сарытеректегi тарақты Өтемiстiң асы. Онда бұл он үш, он төрттегi бала болатын. Сонда сонан қара таудың терiскейiнен қожа палуан деген келген. Оны: «жауырыны жерге тимеген, жанды көзiне iлмеген палуан» деп, дәрiптеп, алғашқыда ешкiм бата алмай, жұрттың бөгелгенi рас. Бiрақ инеге шаншар етi жоқ, ап-арық бiреу көз iлестiрмей жығып кеткен.
– Мынаның айтқан суретi қайда қалды?
– Ей, сурет деген суға түссе ерiп кететiн қағаз емес пе. Осының былдырақтап айтқанының бәрi рас: есiнеп, көзiн ашып-жұмып, әлдене арқасын құрыстырғандай қолын уқалап, денесi мұздаған аттай сiлкiнiп отырды.
Бай-балпандар бәйгемен әуреленiп кетiп, сырлық, қырлық болып бөлiнiп, палуанға түскен екi топтың қырлығын Үдербай ақсақал басқарды. Сырлық жағын Жызақ-Созақтан келген Мәукен деген бiреу басқарды.
Қожа палуанның әлпетiнен шошынып, палуандар бөгелгенде, Үдекеңдi ашу кернеп кетiп, ұзын қасы көзiн жапты да, кеудесiне түскен сақалы селеудей шайқалып, күжiлдеген мығым үнiмен:
– Ұл тудым деп шешелерiң бөкпен жеген бiреуiң бармысың? – деп иегiн артына қарай бiр көтердi.
Топтың сыртын ала тұрған Қазылхан атты бiреу, қалың топты қайыстай тiлiп, алға шықты да:
– Бар, Үдеке! Нағыз ұлдың өзi болмаса, ұлшығы бар, Үдеке… – деп атынан түсе бердi. Ол киiмiн шешiп те әуреленбедi, түйе жүн шекпенiнiң оң жеңiн шешiп, қыл шылбырды алып белiне байлай, бос жеңiн соған қыстыра салды. Қожа палуанның сәулетiне қайран қалған жұрт оны күреске түседi деп те ойламады. Белiне баланың құшағы жеткендей жiңiшке, жауырыны кергiш қойғандай жалпақ, жаратқан арғымақтай қатып қалған жас жiгiт екен.
Ол отырған алып дененiң алдына барғанда:
– Мына бiреудi қандай сор қысып келдi? – десiп жұрт гу ете қалды. Жiгiт оны елең қылған жоқ. Дәу ауыр жүкпен әзер тұрған түйедей орнынан тұрды да, артына қарай қолын жайды. Оның қасына ертiп жүрген сәлдесi шаңырақтай, семiз қожасы бар екен. Сол ат үстiнде тұрып:
– Бабаң Әлi-Шыри-хұда жар болсын, – деп бата бердi. Әлгi шыққан белгiсiз палуан оған қараған да жоқ, бата да сұраған жоқ.
Қожа баламен ойнаған кiсiдей, белiн ұстамай, жауырынынан бүргелi қолын арбаңдата бергенде, жiгiт бөрiге түскен бүркiттей, күдерi белбеуге қолы сарт ете түсiп, жел құлатқан дөңбектей жерге гүрс еткiздi. Ауыр дене мәңгiрген басын жерден көтере алмай жатқанда, жiгiт жеңiн киiп, атына мiндi де, бәйге күткен топқа қарай жортып жүре бердi…
– Япырмай, атын бiлмедiңiз бе, Құлеке? – десiп, тыңдаушылар ынтыға түстi.
– Ондай кiсi бiлiнбей тұра ма, түбi түрiкпеннен келiп қазақка сiңген Мұғалбек деген бiреу болып шықты.
– Аңғырт қожаны әдiспен жығып кеттi ме екен?.. – дедi бiреу.
– Күшсiз әдiс не бiтiредi. Онда күш те, жылдамдық та бар. «Қапы кеттi, қайта күрестiремiз» деп Сырлық тобы шу көтергенде, палуан:
– Қапылық жоқ. Артық күшпен арсыз палуан қайта күреседi. Мен ендi күрестi қойдым, – дептi.
– Мұғалбектiң қайтып күрескенiн көрген, есiтке-нiңiз жоқ па? Ол әлi бар да болар.
– Бар. Мен қатарлы жасы бар. Алтайдың төрт дуан бас қосқан тойында бас палуанды жыққан бiреудi жықты да, қайтып күреспей қойды. Өзi мақтануды сүй-мейтiн, салмақты кiсi. «Палуан» деп сөз қатқанға:
– Менiң атым ол емес, өз атымды айта берiңдер, – дейдi. Екi баласы екi үй болып, Есiлдiң бас жағын мекендеп жүр.
– Бiздiң Мұқан да сондай жауырыны жерге тимеген палуан болып шықса, абыройына ортақ болып, үйде отырып бiз де мақтанамыз, – деп Сапарбай қарт балаға қарады.
– Ерекше бiткен күш – өрт сияқты. Ол орынды тұтанса тасты балқытып, темiрге айналдырады. Орынсыз тұтанса елдi өртейдi. Денеге бiткен қуатты игеру үшiн – ақыл керек… – дедi Құлекең.
* * *
Қаңтар-ақпанның сықырлаған аязды күндерi Айсарыны кеудiретiп тастады. Адамның кәрiлiкке мойығысы келмейтiн ежелгi әдетiмен: «Осы бiр желi құрғыр жауырынымнан бүркiттей бүрдi де қозғалтпай қойды. Оның үстiне шаншуы келiп, бүйiрiмнен тiкендей қадалды да қалды… Жердiң шоң қайысын тiлгiлеп, үй iстедi дегендi кiм көрген! Осы бiр тiрiлей кiрген моладай, жер үй деген бәле шықты да, еңсенi көтертпей, түнерген қардың бұлтындай басады да тұрады. Меш дей ме, пеш дей ме… Жуа қазған баладай, жалтыраған аузына үңiлттi де қойды. Ойқой, жабуы бүтiн болса, киiз үйге не жет-сiн… Iргесiн қармен көмiп, талай зымыстан қысты өткiзiп едiк. Шаншу, жел деген бәле болып көрген бе онда. «Өскен ағаштай, заманның бұл да бiр шығарған жаңа тiкенi-дағы», – деп күрсiнедi.
Онысын есiткен жастар күледi:
– Әже-ау, кесек пештi жер үйдiң iшiнде екi мезгiл от жақпаса тоңып жатамыз, шатынаған аязда киiз үйде қалай жатады, жас бала қырылып қалмай ма?..
– Қырылмай-ақ, сендердi өрбiткен бабаларың сол үйдiң iшiнде туып-өскен. Үй ықтап үйренген жетiм танадай далаға шықпай, қосаяқ тышқандай iнге үйренiп алған немесiңдер де! Болмаса, ақсүйек қылған жұт Қоянды да сол үйде-ақ қарсы алғанбыз…
Сондай суық түннiң бiрiнде, кешкi асқа тәбетi болмағал Айсары киiмiн шешпей, отырған жерiне қисайып, көз iлiндiрiп алды да, жаңа жатқан келiнiн тұрғызып, шырақ жаққан-ды.
– Мұңайтпас, ұйықтап қалдың ба?
– Немене, апа?
– Е… жылы үй, жылы төсек, жат балам, жат. Сол бiр жетiм баланың халiн бiлiп кел дегенiм қашан. Өз шешесi тiрi болса ол осы үйден кетер ме едi. Жас кезiнде торғайдай паналаған бұтасы мен болып едiм. Кем-кетiгiне соның шешесiн тығын еткен қу құдай, жетiмектi жетi қарынды етiп, жетi кiсiнiң асын iшпесе бүйiрi шықпайтын еттi. Жетiм қозымды жетелеп аттатқандай, ертiп жүрiп асыраған – мен, еңсеме сүйеу белiм бүгiлiп, басатын аяқтың табаны сөгiлген соң қаңғырып кетiп едi. Күзде барып, жинап-тергенiн әкелiп, қылғып алдың да, сондай жан бар едi, деп есiңе де алмайсың. Есiңе түсiр-гендей дыбыс шығаратын перне үзiлген, есiңе қайдан түссiн ол?
– Апажан-ау, не болды? – деп, Мұңайтпас төсегiнен тұрып, тонын жамылып, анасының алдына келiп отырды.
– Не болсын, жетiмiм тарығып жүр. Бiр жетi болды, түсiмнен шықпайды. Тоғайдың топты көкжал қасқыры қамап жүр. Сьрғауылды сындырып алып, айғай салған үнiмен ояндым. Қияндағы қиын жұмысына соны жұмсайды деп едiң, тоғайдың топты қасқыры соны жеп-ақ қойған шығар…
– Апажан, тәңiрдiң таңы атса, жаяу кетсем де барып келейiн. Өзiң тымауратып жүрiп, қинала бермешi, шешiнiп төсегiңе жатшы.
– Қасқыр жеп қойса бардың не, бармадың не. Сол жетiмнiң хабарын есiтпей, мен төсекке жатпаймын! – деп, Айсары шарта жүгiнiп, жасаураған көзiн жұмып алды. Жер төңкерiлiп жатса да бөгде сөз аузынан шықпайтын ананың бетiне қадалып, Мұнайтпас та отыра бердi. Көзiн жұмған ана, Мұқанның туып-өскен күн-дерiн суырған жiптей ой жасуынан өткiздi.
* * *
Қазақтың ежелгi әдетiмен Лук пен Ернақтың көп жылғы достығын есте қалдыру үшiн қартайып келгенде, сүйек жаңғырту жолымен құдалық болды. Баласы ер жете бергенде Ернақ өлдi. Кеудiреп қалған Лук батыр Айсарыға көңiл айта отырып:
– Ернақ пен екеумiз, ханның қанды жорығынан қайтып келе жатып, жүйесiз iстеген желiкке пұшайман болып, қайтып хан тағына жуымасқа серт еткен едiк. Үлкен көлдiң жиегiнде бiрiне-бiрi жабыса шыққан зәулiм ағаштың түбiнде, жалаңаш төсiмiздi басып тұрып: «Осы жабыса бiткен қос ағаштай, құшақтасқан достығымызды қара жер айырсын», – деп едiк, сол сертiмiзге қаяу түсiрмей жеттiк. Мiне, қара жер айырып отыр. Қос таспадан өрген арқамшыдай1 достықтың бiрi үзiлiп, бiрi қалды. Балалардың арасында бiзде болған көңiлдей жылу бола ма, жоқ па, оны өрбiген өмiр өзi шеше жатар. Менiң де алатын дәмiм санаулы. Айсары, сенiң де күздiң өсерi тоқтаған шөбiндей сарғыш тартқан мезгiлiң келiп қалып едi. Саған көмекшi керек. Қазақтың қызын атасаң иегiн қораға қарай көтеретiн әдетi. Мал бар болғыр екi үйде де құмнан қазған құдықтың шалшығындай жартымсыз. Досым үшiн iстеген ақырғы дәрменiм болсын, үлкен балам Қалидың қызын, бiрер жасы жетпесе де көмекшiңе берейiн. Қазақтың «қалыңсыз қыз болса да, кәдесiз қыз болмайды» дегенi бар. Қолдағы бармен той-томалағын iстеп ауылдың батасын алып, келер айдың басында сенi қолқанатты еткiм кеп отыр, – дедi.
– Мейiрiмiңе құлдық. Бұтақтарыңа өмiр, бақыт, өзiңе абырой, иман берсiн. Айтуға тiлiм жетпей жүрген тiлегiм едi, – деп, Айсары көзiндегi iркiлген жасты кимешегiнiң шалғайымен сүрттi. Сөйтiп Лук батырдың немересi Кәбира Мұңайтпаспен қосылды.
– Жас Кәбираның қайраттылығы ауылға аңыз болды. Отынды тоғайдан басқа әйелдер арқалап әкелсе, ол құлап қалған қу ағашты бұтарламай түгелдей иығына салып көтерiп әкелдi. Бiр әкелгенi айлық отын болғандай ағашты көрiп: «Бұл Кәбира аман болса, үйiне тоғайды жерiмен көтерiп әкеледi», – десiп, ауыл кiсiлерi күлiстi. Бала айғайласа да құлағын тосып, сөз терме әдетi жоқ Кәбира, мақтаса тасып, жаман айтса жасымады. Ер мiнездi келiншек ауыл-үйдiң шамасы келмей жатқан iсiне қайырымды болды. Көтере алмай жатқан қабы, сындыра алмай жатқан ағашы, тарта алмай жатқан диiрменi болса күлiмсiрей келiп, тiл қатпай қолына ала салатын едi. Осындай мейiрiмдiлiгi үшiн оған алғыс айтпайтын ауылдасы жоқ болатын.
Үйiрсек Айсары Кәбира келгеннен өзiне ермек бол-ғандай бiр бөбек болуын аңсады. Ауыл адамдары да Кәбираға айтқан алғысын: «Ұл тап, үбiрлi-шүбiрлi бол», – деушi едi. Көңiлiндегi тiлегiн айтқан кiсiлерге: «Ылайым айтқандарың келсiн» деп, Айсары да қол жаюмен болды. Бiрақ Айсары қанша асықса да жаратылыс асықпады. Кәбираның салтаңдығы үш-төрт жылға созылды. Жылдан жылға кәрiлiк жеңiп бара жатқая қарт ананың уњлеуi көбейе бердi. Бесiншi жылға аяқ басып, «сараң тәңiрiм, тандырымды шын кептiргелi жүр-мiсiң,…» – деген сөздi көбiрек айтып жүргенде, Кәбира екiқабат болды да, мезгiлдi күнiн өткiзiп барып егiз ұл тапты.
– Асаным мен Үсенiм, бере салған қос қозым! – деп Айсары қуанды. Сөйтiп, қуаныш қойнын екi жақты бiрдей ашты.
Жас ұрпағын иiскеп, жасаурай бастаған қарт анаға қайғының көшпелi қара бұлты көлеңкесiн түсiре қалды. Дәрiгерлiк ғылымның дариясы бөгеулi жатқан елге қорасан кеселiнiң iндетi келiп қаптады. Оның алдымен ұратын жапырағы жас сәбилер болды, екiнi толтырып, үшке аяқ басқан Асан мен Үсендi жұлды да кеттi. Қайратты ана жұлыны үзiлген аруанадай шөктi де қалды. Ол келелi кеңесiн айтып, кiсiмен сөйлесудi де қойып, сал ауруға айналды. «Бiр гүлiң солса, екiншi гүлiң бүртiк жарды» деп, жедел көтерген Кәбира да болмады. Тағы екi жыл өттi.
Айсарының бурыл тартқан шашы түгелдей ағарып, емендей iлiкпейтiн денесi әбден еңкiш тартайын дедi.
Қос немересi қойнынан шыққанына үш жыл толып, жаздың шуағы жер бетiне жайыла бастағанда, шөгiп қалған ананы бiр ғажайып күш килiгiп, орнынан кө-тердi.
Жердiң түгi түгел жер бетiне шыққанда, үй тiршi-лiгiмен Мұңайтпас пен Кәбира ертелеп кетiп қалған едi. Кәбира сауын сиырдың бұзауын жайғастырып, отынын ала келетiн әдетiмен үйге келгенде, тек дәретiн алып, намазын оқығанда болмаса төсегiнен козғалмайтын ана үйде жоқ болып шықты. Көшпелi елдiң әдетiне иiн тiресiп үй қонып көрген бе, оқшаулау отырған қасындағы үйлерден сұрастырып, ешкiмнiң көзiне түспегенiн бiлдi. Жарлы ауылдың белдеуде тұрған аттары да жоқ едi. Жаяулап ауыл айналасын жабыла iздесе де, кешке шейiн Айсары ананы таба алмады. Шаңдатып жатқан жолы жоқ, көгал басқан даладан iз де шықпады. Анықтағандары жеңiл киiмiн киiп ендей iстеген бес кездiк тiк белбеуiн буынып кетiптi. Ертеңiне екi-үш адам атқа мiнiп, Есiл жағасындағы ауылдардан, жоғарылы-төмен-дi, «сонда соғар» деген жердi түгел ақтарып шықты. Бәрiнде де болмады.
Сасқан ауыл: «суға түсiп кетпесiн» деген болжалымен өзен бойын төмен жағалады. Сөйтiп, үлкен абыржуда жатқанда, төрт күннен кейiн, бiр буда шөптiң ақ тамырын қолтығына қысып Айсары да келдi. Оның Есiлдiң аржағында күншiлiк жердегi «Дәрiлi қобы» деген шоқылардан келе жатқанын көршi ауылдың малшысы көрiп, атымен ауылға әкелiп салды. Қарт ана өзi әбден шаршаса да, жолы болып қайтқан кiсiдей, көңiлдi сияқты.
Келген күнi бұрынғы тұйық мiнезiмен отырып демалды да, келер күнi жадырай сөйлеп, Мұңайтпасқа:
– Балам, қыстан күйлi шыққан боз тоқтыңды әкелiп сой, – дедi. Орынсыз айтпайтын, айтқанынан қайтпайтын ананың сөзiн баласы тiл қатпай орындады. Оның жарты етiн астырып, ауылдың қарт кiсiлерiн шақырды. Оның тiл қатқанын аңсап жүрген ауыл кiсiлерi, көңiл-дене келiп, қайда кетiп қалғанын сұрасты.
– Кәбирам келiп, жалқы Мұңайтпасым жұп болып қуанып едiм. Асан, Үсенiм туып, қос қозымды құшақтап. Қап тауының шоқысына шыққандай сүйiнген едiм. Егiз қозымнан айрылған соң Қаратаудың қатпар тасындай қайғы басып едi менi. Жатқанымда жарқ ете қалған сәулеге кездесем бе деп едiм, оның жолы да ұзап кетiп барады. Құр қайғы, құрғақ тiлек дегенiмiз жет-кiзбейтiн болған соң, сәуленiң жолын iздедiм. Бiздiң ертегiнiң данасы, тұңғиық теңiздiң түбiнен асыл тас тергендей жұмбақ сырдың шешуiн айтып, ақ кiтабын аударып, жапырақты дәрi етiп жазылмас кеселдiң емiн тапқан әкiм Лұқпандай емшiмiз бар ма? Мына бiр екi иығын жұлып жеп, аузы көпiрiп, көзiн алақтатқан бақсы-балгер, демшi-құшынаш дегендердiң өкпемен сабағанынан басқа емi жоқ. Менiң Кәбирам еркек мiнездес, ыстық, суықта жастық жалыны лапылдап жүрiп, бойын суық алып қалды. Соны емдеу үшiн әкем айта беретiн жерден тамыр дәрi қазып алып келдiм. Бүгiн баталарыңызды алып, ертеңнен бастап соны емдегелi отырмын.
– Уа, ақылды ана, тiлегiңе жет! – десiп үйдегiлер гу ете түстi. Әкелген шөп тамырын тазалап, сүтке қайнатып, он бес күн iшкiздi. Кәбира жаз ортасы ауа екiкабат болды. Бұл қуаныш Айсарыны түгелдей айықтырып жiбердi.
Айсары бармағын басып, өткен айларды санап, қалжасына соятын малын, белбайлар бөкпенiне жармасын дайындады. Мөлшерлi тоғыз ай, тоғыз күн өттi. Кәбираның құрсағы шеңберлей түскенiн көрiп, ауыл адамдары: «тағы егiз болар» десетiн едi. Ондай сөздi құлағы шалған Айсары «тiпә» деп қоятын. Санаулы күн өтсе де бала туа қоймады. Сүйiнiш күткен қарт ананың қуанышына уайым араласа бастады. Егiз баласы iшiнде жүргенде бөрене иықтап келетiн қайратты Кәбира, аяғы ауырлап, үйден ұзап шыға алмайтын болды. Ендi жыл көтере ме дегенде Кәбираға ауыр толғақ келдi де безектеттi. Екi күн, екi түн бақанға асылып тұрды. Жаны қысылып, сасқан қарт ана боз қасқа айтқызып, мал шалды. Ақырында арыстай ұл туды. Бала жалқы болса да, тұңғыш тапқан егiзiнен әрi салмақты, әрi үлкен едi. Мөлшерден артық толғақ Кәбираны талдырып тастады. Аянбай қолданған анайы шаралар екi күн өмiрiн сақтап, ақыры уыз сүтiн ұлына сорғызып отырып, жан тәсiлiм еткен болатын. Өлiп жазылған құшақтан немересiн алған қарт анаға қараған Кәбираның жанары бейнебiр жүрегiнде басқан таңба сияқты едi. Ұйқысыз өткiзген түн сол көрiнiстердi түгел иiрiп әкелiп, ми қапшығына тығып едi.
Бiр қолтығына қайғы, бiр қолтығына қуаныш құ-шақтап туған баланың атын мығым, мықты болсын деген тiлекпен Мұқан қойды. Денелi баланың асырауы да қартайған Айсарыға оңай соқпады. Үш адамға бөлiнетiн жалғыз сиырдың сүтi сәбидi жарыта алмады. Бес-алты ай өткен соң бiр сиырдың сүтiн түгел берсе де бала тоймады. Егiн екпейтiн үйдiң сүтке қосып беретiн дәнi де болмады. Дағдарған Айсары Мүңайтпасты өзiнiң төркiнiне жiберiп, бiр сауын сиыр сұратып алды. Сөйтiп жүрiп, немересiн аяқтандырып, ауыл қыдырып, iрiмшiк, құрт сұрап асыраған едi.
Осындай мейiрбанды анасының қадiрiн немересi бiлмей қалған жоқ. «Менiң өмiрiмдi жазғанда анам Айсарыны қалдырма. Менiң өрбiген өмiрiмдi, тасыған қайратымды берген сол анам. Мен оның Кавказдың алып тауындай, биiк күннiң шуағындай жылы, мейiрбандық еңбегiнiң тозаңын да өтегенiм жоқ. Менi бiлген кiсi – менен бұрын соны бiлсiн. Онан басқа кiсi менi асырап, кемелiме келтiре алмас едi», – дейтiн марқұм.
Әкесi Қызылжарға келгенде, Мұқанның босанғанына айдан асып қалды. Кезекпен конаққа шақырып жүрiп: баланың бетiне қан жүгiрiп, бiрi көйлек, бiрi шапан тiктiрiп кигiзiп, киiмiн де бүтiндедi. Бұрын келгенде айлап алған тиын-тебенiн алып қайтатын Мұңайтпас бұл жолы ондай талғаудан үмiтiн үзiп келiп едi, – онысы бекер болды. Петька өлген аттың терiсiн далаға тастамай, сыпырып алып, ишiге берiп, былғары етiп шығарды да, жиырма бес сом ақшаны Мұқан үйiне барған күнi қалтасына салып:
– Сен бұл ақшадан үйiңе аздап қарас та, қалғанын қалтаңа сақта. Күн жылыған соң сенi үйрететiн бiр жерге жiберуге кеңесiп жүрмiз. Бiздiң фабриканың меха-нигi Василийдiң туысы Оренбург циркiнiң палуаны екен. Сол май айында осында келем дептi, соған ертiп жiберемiз. Бала, бойыңа бiткен бұл күштi арба-шанаға әуре етiп қайтесiң, алдыңда үмiт сәулесi бар бiр жерге апарып жұмса. Көпшiлiктiң сенен күткен үмiтiн сонда ғана ақтайсың, – дедi.
Үндемей отырып сөзiн тыңдаған Мұқанға Петька айтқан «сәуле» көзiне айқын көрiнiп, қол бұлғап шақырғандай болды. Бiрақ оған апаратын жолдың қайда жатқаны белгiсiз.
Мұңайтпас қалаға жақын елге келiп қонғанда Мұ-қан туралы уайымы ерiген мұздай тарап кеттi. Қонған үйiндегi сөзуар қарт, келе жатқан жұмысының бағдарын сұрап, жөн-жоспарын бiлiп алып:
– Е, Ернақ батырдың Мұңайтпасы болсаң түсiнiктi. Әкең Ернақты да, шешең Айсарыны да бiлем. Анаңның әкесi Лук палуанмен бiр кезде құда-жекжаттығымыз да болған екен. Қатынасымыз сиресе де, сырттан сұрап, жағдайларыңа қанықпын. Немересi туралы қайғырған қартты қуантып, алғысын алғандай жағдай келiп-ақ тұр екен, амал қанша, ара қонып баратын жерге жеткiзетiн көлiк те, бойда баяғыдай қуат та жоқ. Қартайғанда қарға адым жер мұң болды деген уақыт… Ол баланың хабарын бiз есiткелi айдан асып кеттi. Уайымдап келсең, қуан. Шүйiншiм үшiн Айсарыға сәлемiмдi жеткiз. Ол менен бiрер жасы кiшi, замандас едiк. Бағаналы Ердәулет десең өзi бiледi, – деп Мұқанның жайын анықтап айтты. Мұңайтпас қарттың үйiнен қуанышпен аттанды.
* * *
Баланың мiнезi ауыл адамдарына бүр түрлi қызық көрiнетiн едi, өзге баладай айғайлап жүгiрудi ол бiл-мейдi, ауыр жүк арқалағандай жайлап жүрiп, балалар жиналған жерге баратын. Өзге бала асық ойнаса, ол сиыр, жылқының топайын жинап, өз алдына ойнай бередi, жанындағы балалардың ешнәрсесiне тимейдi. Өзiне соқтыққанды аямайды да. Кейбiр балалардың әке-шешесi келiп Мұқанды қорқытайын десе, балпаңдап қаша да алмайды. Оның жүгiрдiм дегенiне аяғы ұзындар аяңдап жүрiп-ақ жетiп алады. Бiреудiң жекiп айтқан сөзiне оның қайтаратын жауабы жоқ, бетiнен қорыққан белгi де бiлiнбей, қысық көзiнiң қиығымен қарайды да тұрады. Оны кейбiреулер ұрады да, бiрақ бала болып жылауды бiлмейдi. Ол адамдар, ауылдың анасындай болған Айсарыдан кешiрiм сұрап:
– Мұқаның бiздiң Сарманды сабап тастапты. Мен қорықсын деп құйрығына бiрер тартып жiберiп едiм, оған ренжiген жоқсыз ба? – десе:
– Бiрер шапалақты маған шақса, оның атын Мұқан қояр ма едiм. Ондайды ол айтпайды, – дейдi Айсары.
Сөйтiп Мұқан бiреудi ұрғанын да, бiреудiң өзiн ұрғанын да кiсiге айтпайтын болды.
Қалақ ағашқа жазып берген жетi әрiптi қолына ұстатып сақалды молда:
– Ағузы, – десе, қайталап айтқан Мұқан: – ақ өгiз, – дейдi,
– ња, батшағар, тiлiң тура айтуға бiр келмей-ақ қойды. Ендi бiсмылда де! – десе: – Пiстi мұнда, – дейдi. Сонымен бiр жыл оқып «А» деген әрiптiң түсiн танымай-ақ қойды. Молданы әбден ашу кернеп, Мұқанды етпетiнен жатқызып қойып, көк шыбықпен көк ала торғайдай етiп сабап-сабап қоя бердi. Ол әкесiне келiп оны да айтпады. Жарасы жазылғанша мектепке бармай жүредi де, бiр күнi ертемен келiп, оқитын үйге кiрмей есiк алдына тұра қалады. Балалар түгел үйге кiрiп олардың соңынан шапанын желбегей киген молда кiре бергенде қолындағы жуан таяқпен желкеден перiп жiберiп Мұқан молданы етпетiнен түсiредi. Мұқанның молдадан алған бiлiмiнiң бас-аяғы осы болып, «ағузы» «бiсмылдаға» қош айтады.
Молданың таяққа жығылғанын естiгендер:
– Өзiңе де сол керек! Балалардың айтуына қарағанда, молданың ұрған таяғын бала түгiл өгiз көтеретiн емес. Арқасынан қан жосып аққанда Мұқан мыңқ деп дыбыс шығармапты. Оны шешесiне де айтпапты. Есi түгел кiрiп болмаған баланы сонша жәбiрлемесе қай-тедi. Бала бiткеннiң молданың шыбығы тiлмеген жон терiсi жоқ, – деседi.
Соққы көрген Молда Айсарыға келiп:
– Бәйбiше, мына балаң менен бiр жыл оқып, әлiп-биiмдi ұқпаса да, менi ұрып жығуды үйренген екен. Қапыда ұрып, бiр жұма сiрестiрiп салды. Бас көтеруге бүгiн ғана жарап, өзiңе айтқалы келiп отырмын. Баладан таяқ жедiм деп басқа кiсiге айту да қиын екен… Бұған мұндай қылықты үйретiп жүрген кiм? – дедi, ыңқылдай отырып.
Кемпiр бармағын бiр жалап, «тiп» деп тiлiн жалақ еткiзiп, иiрiп отырған жiбiнiң түйiршiгiн жазды да – «уњ» деп далада ойнап жүрген Мұқанға қарады.
– Шырағым молда, қай балам ұрды деп шағып отырсың? Мұңайтпасымның ондай мiнезi жоқ едi. Ол өмiр бойы – бiр кiсiнiң бетiне «сен» деп қараған жан емес едi ғой… Мұқаным болса ақыл тоқтатпаған жас емес пе?..
– Мұңайтпас ұрса оның жөнi басқа болар едi ғой, менi соққыға жыққан ана оқуын ұқпай жүрген жас немерең Мұқаның… Молдаға баласын берген кiсi: «Етi сiздiкi, сүйегi бiздiкi» деп бередi. «Аюға намаз үйреткен таяқ», деген ғой бұрынғылар. Мен ұрсам сабағын ұқсын деп ұрып едiм, соны кек көрiп сойылға жығып кеттi.
Кемпiр бажырайған көзiн молдаға қадап бiраз отырды да, орнынан бiр қозғалып:
– Онда өзiңде де бар екен! Мен баламды бергенде «етi сенiкi» деп айтқаным жоқ. Етiн ит талағандай етiп оқыған сабақтың керегi қанша! Ол жанына батпаса ешкiмге тимейдi. Оны маған несiн айтып отырсың?..
– «Баланы бастан» деген, ұрып қоймайсыз ба?..
– Оны ұруға менiң шамам келе ме? Әне анау жайылып жүрген өгiз. Тайынша деген аты болмаса құнан өгiздей сүйектi емес те. Соны мiнiп ойнап жүредi де ол шаршап жатып қалса, лақтай көтерiп иығына салып, үйге алып келедi. Өгiз көтерiп ойнайтын бала менiң ұрғанымды елең қыла ма… Шырағым молда, ит пен баланың қылығын сөз қылмас болар. Мектепке апарып, мiндетiмнен құтылдым. Өзiңнен оқып төбелесудi үйрендi. Өзiңнен оқып молда боп шыққан ешкiмдi көргенiмiз де жоқ. Оқымаса қайтейiн… Жылап-еңiреп жүрiп, сұрап алғандай болған немерем едi. Анасының уыз сүтiне ернi тимей қалған жетiмегiм. – Кемпiрдiң ернi кемсең қағып, даусы дiрiлдеп: – Ондай балаға қол тигiзуге обал болады. Жетiмге тиген жетi дозақтың отына күйедi. Өзiң молда басыңмен оны неге ұрдың? – деп молдаға үкiдей қызарған көзiн бажырайта қарап, далаға шығып кеттi. Молда үн қатпай отырған жерiнде қатып қалды. Баланың бiрбеткей тiк мiнезi қайтып молданы маңына жолатпай, Мұқан оқи алмай қалды.
Өзi қатарлы балалар молдаға кеткен соң, ұсақ балалармен ойнай алмай, Мұқан мал баққан естияр балалармен далаға кететiн болды. Малшы балаларға үйiр болуы оның еңбекке қатынасуына себепшi болды да, он екi жасынан жалшылықпен табыс табатын кәсiпке айналып кеттi. Мұқан жазда шанышқақтап шапқылап кететiн сиырды жек көрiп, момақан жай жүретiн қозыны бағуды ұнатты. Қозысын сиыршыларға жапсарлата жайып, Есiлдiң құзар жарларының көлеңкесiнде отырып, түскi ыстықта дем алатын едi. Ол он үштен он төрт-ке шыққанда, ауыл адамын таң қалдырып, күштiлiгiн көрсеттi.
Ауылдың бойдақ малын бағатын жиырмаға келiп қалған жiгiт едi, Мұқан жасынан соған серiктескен, момақан болатын Шiлденiң ыстығында жар астына көлеңкелеген өгiзшелер мүйiздесiп ойнап жүрiп, сүзiс-кен бойы жар басына шығып кеттi. Жасы кiшi Мұқан балпаң басып, қайырып келем дегенше, бiрiн-бiрi жерге құлатып жiбердi. Биiктен тақиядай ұшқан құнан өгiз мойын омыртқасы үзiлiп, өлдi де қалды. Естияр бала өгiзшенi бауыздап, бес-алты шақырым ауылға барып хабарлағанша малынан айрылып қалатын түрi бар. Мұқан қозы мен сиырды қосып бағып тұра алмайды, шанышқақтап қашқан сиырға қуып жету оған қиын. Өлген өгiзшенi далаға тастап кетсе ит-құс жеп қояды. Ауылдағы үлкен кiсiлердiң ұрсып, ұруынан қорыққан бала-жiгiт торығып жылап жiбердi.
– Сен неге жылайсың? – дедi, сабырлы мiнездi Мұқан.
– Көрмейсiң бе, бұл жайрағырдың өлiп қалғанын?.. Ауылға барып хабарлағанша екi түлiк малды қосып сен баға алмайсың. Өзiңдi хабар айтуға жiберсем балпаңдап кешке шейiн жүрiп аласың, сен барып келгенше мұнысы сасып кетедi. Ең болмаса ет қолына тимеген соң иесi маған төлеттiредi. Ол үшiн тағы бiр жыл бiреудiң малын бағуым керек. Кiсi есiгiнде көзi ашылған кедейге сор мiнгеседi деген осы. Жыламай қай-тейiн…
– Сен жылама, менiң қозымды қосып айдап, ауылға жеткiз. Мен өгiзшенi көтерiп, иесiне апарып берейiн.
– Қалай көтересiң?
– Ол бiздiң талпақ қоңырдан ауыр емес, мен оны бұдан да кiшкене күнiмде көтердiм. Бұл саған қиын көрiнгенмен маған қиын емес, былай мойныма салам да кете берем, – деп, өлiп жатқан өгiздi көтерiп мойнына салып жардың басына шығарды. – Қозымды сиырыңа қосып айдап келе бер, мынаны апарып тастап алдыңнан шығамын, – деп, адымдай басып кете бердi. Он төрт жасар баланың өгiз арқалап келгенi, ауыл адамдарын сондайлық таңырқатты. Баланың күшiне сүйсiнген мал иесi өлген малдың етiн жұртқа таратып жiбердi. Оның полицмейстерге «өгiз көтерген жылы» дегенi сол едi. Сөйтiп жасынан бала палуан атанды.

Қабанкөлдегi күрес

Қазан қаласының үлкен мерекесi Сабан той жыл сайын Қабан көлде өтетiн. Бұл мерекеге Қазан төңiре-гiндегi селолар, ауылдар, Самар, Екатерина, Уфа, Залатавис қалаларынан да кiсiлер келiп, жәрмеңкеге айналатын едi.
Алыпсатарлар, ас пiсiретiндер, ағаш шауып, аяқ-табақ сататындар, дұғалық жазатын молдалар, бақсы-балгерлер, дүкен ашатын купецтер, жауырыны жерге тимеген палуандар, бәйге құмар атпаздар, ең ақыры адам алдайтын көз байлаушыларға дейiн аяқ жетер жердегiлерi жиналатын. Жылдағы әдетiмен солар түгел жиналды. Сонда сатылатын малдың бiр түрi болып Омбыдан айдаған саудагер Пресняковтың мыңдаған қойы да келдi.
* * *

Омбыдан кәсiп iздеп келген бiр топ адам, қолдан келетiн жұмыс қарап, әр жерге орналасқанда, екi кiсi бiрiңғай кеттi.
Оның бiрi абсиған зор денелi, ұйыса шыққан сақалы самайымен тұтасып, ширатылған жирен мұрты дөдегеге жапсырған оюдай, бетiне жабысып, қошқар тұм-сықтанып тұр.
Темiр жолдың май басқан шытырмақ тараулары мұнартып жатты. Жұмыс iздеген әлгi екеу әр конторға барып, десятник, старшиналарды жағалап келе жатып, шеткi тығырықта тұрған елу-алпыс қызыл вагон тiзбегiн көрдi. Ашық дала жағында қора-қора қой. Арбалап шөп әкелiп, бұрқыратып түсiрiп жатыр. Бiр вагонның жанында жатқан темiр жиектi тақтайдың шотояғын вагонның жиек темiрiне iле алмай, бiр топ адамдар көтере берiп, түсiрiп алып, қол-аяқтары жараланып, әбiгер-ленiп жатыр. Бұйра бөрiктi қожайын темiр таяғын шошаңдатып, жұмысшыларды балағаттап, жер-жебiрiне жетуде.
– Мына жатқан қойлар бес сағаттың iшiнде вагонға тиелiп болуы керек, екi сағаттан берi бiр вагонның көпiр тақтайын қоя алмайсыңдар. Адам емес – көлеңкесiңдер! Фуйт, – деп жан-жағына түкiрiгiн шашады.
– Әй, жұмысшылар, ана тақтайды көтерiсiп жiбе-рiңдер!
– Не деп жатырсың қожайын? Бiз саған әзiрге жалданғанымыз жоқ! Ақша туатын малды ақша берiп қана вагонға отырғызыңыз. Болмаса мынау адамдарың жер қайысқан қойыңды күзге шейiн бiр тиеп болар – дейдi жұмысшылардың iшiндегi сақалдысы.
Бiр жағы шала iлiнiп тұрған ауыр тақтай, екiншi жағын қозғай бергенде, жерге гүрс ете қалды. Қимылы ұшқалақтау бiреу «ойбай, өлдiм!» деп безек қақты. Тақтайдың екпiнi етпетiнен түсiрiп, екi аяғын тiзесiне шейiн басып қалыпты.
Жұрт лом қайдаласып, топырлап жүргенде, жас жұмысшы бiр қолымен тақтайды көтерiп, бiр қолымен безiлдеп жатқанды суырып алды да:
– Мен тұтасымен темiр екен десем, ағаш екен ғой құрығыр. Әттеген-ай… оннан артық адам тақтайдың бiр жағын көтере алмайды, ә?.. Павел аға, аржағын сүйеп жiбершi, осынысын қойып берейiн…
– Таста әрi! Ақша бермесе қолыңды әуре қып керегi қанша? Тастай алмай жүрген жаның бар ма!.. Анау май қарын өзi қойып алсын!
Жолдасының қатыгездiгiн ұнатпаған бала-жiгiт тiл қатпастан тақтайдың вагон жақ шетiн көтерiп, астына кiрдi де, жауырынымен лықсытып, жарты кездей тақтайды вагонның iшiне кiргiзiп жiбердi.
– Әй, ендiгiсiн өздерiң жөндеп алыңдар! Жүр кеттiк! – дедi жолдасына.
Бетiн келген жағына қарай бұра берген екеуiне:
– Сен тоқташы, сөйлесейiк, – дедi шылымын үстi-үстiне бұрқыратып тұрған қожайын. – Сендер мына қой түгел тиелiп болғанша вагонға тақтай қойып берген-дерiң үшiн не сұрайсыңдар?
– Қойып беруi бiр сом, түсiрiп беруi бiр сом, вагон сайын екi сом ақша бер. Байлардың: «Артынан бiр-ақ беремiнiне» сенбеймiн, әр он вагон тиелгенде жиырма сом ақшаны қолыма саласың!
– О-х-о! Сен бабаңнан қалған кедейлiкке бiр күнде қош айтайын деген екенсiң! Балтай-шалтайды қойып, вагон басы елу тиыннан ақша ал. Оны да сен үшiн емес, мына бiр қазақтын алып баласы үшiн берем…
– Ол елу тиыныңды жексенбi күнi бай боп еткен бабаларыңның моласына апарып арақ iш! Боржойлар қандай мейiрiмдi.. Орыстан артып барып қазақты да жарылқағысы келедi! Жүр кеттiк…
Бұлар екеуi әй дейтiн жерге барғанда артынан кiсi жiберiп, вагон басы бiр сомнан келiсiп қой тиестi.
Сөйтiп, осы қой тиеген вагонмен Қазан қаласының маңына Мұқан да келдi. Үш сағат iшiнде тапқан отыз сом ақшаны екеуi бөлiп алып, Павел Омбыда қалып қойды.
* * *
Қазан қаласына жақындап барып, кiшкене станция-дан түскен қойлар Қабанкөлiне таянып барып, орманның алаңына қос тiгiп, жетiге жақын аялдап қалды. Мұқан түсетiн жерге жеткенше екi вагондағы қойға күтушi болып күн тәулiгiне бiр сомнан жалданып едi, мерзiмдi жерге жетiп түскен соң босап, қос бағушы болып қалды.
Қазанның қонақ үйiнiң бiрiнде жатқан кожайынға жолыққалы кеткен шаруа бөлiмiн басқарушы екi күн-нен кейiн келiп, түнгi күзетке кiсiлерiн қойып, таулы жердiң түнгi салқыны бой тоңазытқан соң, маздата от жағылды. Аспалы қазан, дәу шәйнек мосыға асылып, отты айнала отырған кiсiлер әңгiмеге кiрiстi.
– Немене, осы жерден үй салғыларың келген бе? Мұншалық жуан қарағайды қалай жеткiздiңдер бұл жерге? – дедi басқарушы.
– Миша барда ағаш жеткiзу қиын ба, қураған ағаштарды тамырымен, жерiмен қопарып, жұлып әкеле бердi. Мен қой демегенде, бұл жердiң қу ағашын осы араға түгел үйiп алатын түрi бар едi.
– Әй, мұнша ағашты үйiп, Қазаннан там салып алғалы жүрсiң бе? Мұнда тегiн жатқан ағаш жоқ, бұл күнде қоянның құлағындай да жер бос қалмаған! Бә-рiнiң қожасы бар. Егер орманшы көрсе айып салып, қалтаңдағы барыңды қағып алар.
– Ондайын бай төлемей ме?
– Бай қайдан төлесiн; шығыны көбейiп кеттi, – деп қойдың жайылымына билет алатын ақша берген жоқ. Сен жойқын күшiңдi бойыңа сиғыза алмай, Қазанның ағашымен ойнап жүрсiң.
– Осыны бай Орынборға жеткiзiп салам деген уәдесiн орындар ма екен?
– Мәссаған… бөгде шығынға бай жуи ма? Көбiңнiң вагон есiгiн ашуға құдiреттерiң жоқ. Келгенше ауыр жұмыстың бәрiн осы атқарды. Қой вагоннан түскеннен бастап, мұның күндiк ақысына ақша төлеме дедi. Онан берi бес күн өттi. Мұның еңбегiн жеген кiсi оңа ма. Жолдағысына қосымша, үш күнге ақша төлеуге әзер көндiрдiм.
– Сен Орынборға апаруды айтасың, қожайын қонақ үйде жатқан татар саудагерiне мақтап, жол шығынын алып, мұны сатып жiбергiсi бар. Бiрақ Қазан саудагерi Пресняковқа құйрығын оңай ұстататын емес.
– Сенiң малайың Хазрет Ѕали болса көрейiк. Егер айтқаның рас болса, онымен де пайда табатын iс бар. Қабанкөл мейрамында ақша тiгiп күресетiн күрес болады. Егер кiшкенелерiн жықсы, үлкен ұтысы бар Добрый-Рабый Гафритке саламыз. Оны жықса ресторанда екi-үш күн отыратын ақша алуға болады, – дедi.
– Е… мен олардың «Гафрит» деп отырғаның бiлемiн бiр кезде көргем, – дедi арбакеш қарт қисайып жатқан басын жерден көтерiп алып. – Ол Едiл бойы мен Сiбiр елi түгел бiлетiн аңшы – Добрый-Рабый. Мен ұмытпасам, оның жасы осы күнде алпыстан асып кеттi. Жасынан байларға жалданып. солардың аңын аулаған кiсi. Оның аулайтын аңы – адамды екiнiң бiрiнде апатқа ұшырататын: аю, жолбарыс, онан қалса қодас сиыр болыпты. Өмiрiнде мылтық ұстаған жан емес, оның ұстауын да бiлмейдi екен. Солай бола тұрып, сан жыртқыш аңның терiсiн сыпырған палуанның денесiне бiр жырт-қыш дақ салмапты.
– Ой, қой әрi… Мылтықты кiсiнiң өзiн жарып тастайтын аңдар, оған сиқырмен ұстата ма! Ондай сиқыршыны бұл заманда көрген кiсi жоқ.
– Тоқта, сен. Күштi кiсiге күмән келтiрме. Мына баланың иығына салып әкелген астыңдағы қарағайды бiз төрт кiсi әзер көтеремiз. Ол мұнан күштi. Онда балтадан басқа құрал болмапты. Аюды ол таспен, ағашпен соғып ала берген. Мен оның қодас сиырды қалай ұстағанын айтайын.
Сен қодас сиыр дегенге – әукесiн қасыса бауырын керiп, сүтiн беретiн сауын сиыр деме. Олар күштiлiк жағынан пiлден бiр де кем емес. Әсiресе күшi кеудесiнде болады. Оның басындағы мүйiзiнiң үшкiрлiгi Иван Грозныйдың баласын өлтiрген асасынан да өткiр. Оларға жақындаудың ең қауiптi уақыты бұзаулаған кезiнде болады.
Ерiккен байлардың iстемегенi қалған ба… Лондондағы бiр бай арнаулы кемемен адам жiберiп, Ресейдiң бiр князына хат жазыпты: – «Құрметтi досым, сiздiң отандарыңызды құдай тағала жаратылыс қазнасының әр түрiнен кенде қылған жерi бар ма? Асыл тас, алтын күмiстен мен де кенде емеспiн. Қатынымның әкесi аң асырауға құмар адам едi.
Ресейдiң қодас сиырының бiр бұзауын асырасам деп арман етедi де отырады. Сол үшiн арнаулы кеме жiбердiм. Ұлы дәрежелi марқабатыңыздан осы мұқтажым орындалады деп сенем, – дептi. Батыстың тауығы шақырса басын сәждеге қоятын князь Сiбiр, Оралдағы достарына телеграмма, хат жазып әбiгерленiптi. Қодас сиырдың қай жерде барын, қай мезгiлде бұзаулайтынын сұрап, оны тауып ұстайтын кiсi iздептi. Сондағы тапқан осы Добрый-Рабый болыпты. Ол сол кезде отызға жаңа жеткен жiгiт екен.
Князьдiң айтқанын орындап, күрделi сыйлықтан үмiт еткен Оралдың ба, Омбының ба бiр саудагерi, жар құлағы жастыққа тимей, айға-қырға шауып жүрiп, Добрый Рабыйды тауып алып, оны екi айға жалдапты.
– Ә, өзi де ақшаны өкiртiп-ақ алған шығар?..
– Өзiң де бiр аузыңа келгенiңдi оттай беретiн неме екенсiң, саудагер есептемей ақша бергенiн көргенiң бар ма? Қайратына ғана сенген ондай аңғал адам алдауға баладан да оңай көнгiш болады ғой. Онан да: «Жеңiлдiң асты, ауырдың үстiмен жүретiн» сенiмен мен қумыз. Алды-артын ойлап, егжей-тегжейiн тексерiп жатқан ол жоқ, – «Сенен басқа кiсiнiң қолынан келмейдi. Патшаның сүбелi тұқымының бiреуiнiң бұйрығы едi, сен бiлмейтiн жан бар ма, арыстанның азуын қолыңмен суырған батырым, маған қодастың бiр бұзауын ұстап берсiн», – деп сәлем айтты деген саудагердiң түлкi жалпаңын естiген ол:
– Жарайды, – дептi, «не бересiң» деп сұрамаған да көрiнедi.
Март, апрельдiң iшiнде саудагер палуанды ертiп, сататын затын ала-мала Алтай тауларына барады. Ондағы аңшылармен сөйлескенде:
– Қодастың бұзаулайтын мезгiлi болды. Жанынан безген бiреу болмаса, жабайысының бұзауын аламын деп әуре болмай-ақ қой. Тiптi қолға үйреткендерiнiң өзi, жайылып тауға кеткенде болмаса, бұзауының маңына жан жуытпайды. Оның бұзауын жабық қораға еш уақытта қоймайды, ашық албарда тұрады. Егер жуан бөренеден салынған сарайдың iшiнен бұзауының «мө» деген үнiн естiсе, олар мүйiзiмен тау да болса төңкерiп тастайды. Ал жабайысына жақындауды, топты мерген болып мылтығымыз қолымызда жүргенде де ойлап көрген емеспiз, – дедi.
– Сендер бұл қорқыныштарыңды менiң дәуiме айт-пай-ақ қойыңдар. Ол сотасымен жолбарысты қоянның көжегiндей соққан палуан, жабайы қодастың бұзауын iздетiп жатқан Романовтардың тұқымының бiрi, ол бұйрықты орындамай болмайды, тек бұзаулап жатқан жерiн сiлтесеңдер болғаны, – дедi саудагер.
Добрый-Рабыйды көрiп, алтайдың аңшылары таң қалысты: «Бұл бөлекше жаратылған тұлға екен, жолбарыс, аюлардың адуыны күштi жауы болса болар. Бiрақ қодастың күдiреттiлiгiн бұл көрмеген кiсi. Сондықтан мұны ертiп барып, мылтықсыз қалай айқасқанын көрейiк. Мылтығымызды «егiз оқпен» оқтап (кең ұңғылы мылтыққа салатын үлкен оқ) арашашы болуға әзiр тұрайық, – десiптi, бiр топ аңшылар.
Палуан бұзаулап жатқан қодасқа жақындап келiп, ашасына қодастың кеудесi сиятындай жуан ағашты кеседi де, иықтап таудың шатқалында бұзаулап, табынынан бөлiнiп қалған қодасқа келедi. Қарлы тауларда өсiп-өнген жалбыр жүндi жануарлар, соншалық ауыр денесiмен, қия тастарда ор текедей ойнайды. Ес бiлгелi орман, таудың күштi аңдарымен алысып үйренген алып қодаспен айқасқанда аңғырттық iстемейдi, жеңетiн әдiсiн ойлайды. Ол шатқалдың қиясымен келiп көзiне түскенде, бұзауын айнала оттап жүрген жануар, оқтай атылып бұған тап бередi. Түйдектелген қара бұлттай, шудалы кеуде бас салғанда, шыңның тастай қатты аша шынары кеудесiне кептелiп тұра қалды. Алдыңғы аяғы жерден кiсi бойы көтерiлген құдiреттi қодас, жер тiре-гiнен айрылып, дәрменсiзденген соң, жуан мүйiзге iлiккен күштi қол, құзға қарай серпiп тастағанда, жартастан домалап ала жөнелiптi. Ауыр дене тиiп, көшкен тас, қопарылған ағаштар шыңның iшiн гүрiлдетiп жiбергенде:
– Япырау, мынау тауды көшiрiп жiбердi ме! – десiптi мергендер. Сөйтiп, тәлтiректеп, аяғын жаңа басып, құлағы қалқиып тұрған жабайы қодастың бұзауын арқалап қайтыпты.
– Саудагерiн қойшы, осындай күш иесiне князь не бердi екен?
– Князь ожар мiнездi палуанды он жылға итжеккенге айдатыпты.
– Сұмдық-ау, онысы қалай?
– Онысын айтайын, ол азаптың ыңғайы былай ке-лiптi… Үлкен олжаның түйiнi болған бұзау қолға түскен соң, саудагер темiр жол бойындағы қалаға келiп, Петроградта жабайы бұзауға ынтызар болып отырғандарға телеграмманы жаудырады. Оған бабасы Роман тiрiлiп келiп, тағына қайта отырғандай қуанған князь Лондондағы досына хабарлап, саудагерге – бұзауды арнаулы вагонмен Архангельскiге жеткiзуге, оны ұстаушыны ала келуге, күтiмi, жол шығынына мың сом ақша жiберiптi.
– Саудагер оның, құдай бiледi, жүз сомын да шығармай алып барған шығар-ау, ә…
– Оны өзiмiздiң қожайыннан сұрарсың, мен қызығын айтайын. Архангельскiге барғанда, князь үй iшiмен ағылшындық кемеге мiнiп, портта күтiп жатыр екен. Бұзауды ұстаушыға құшақтатып қойып суретке түсiр-мек болады, оны түсiрушi кеменiң капитаны екен. Капитанның киiм ұсқыны жат екенiн көрiп:
– Бұл қандай елдiң адамы? – деп сұрапты палуан.
– Е, мұжығым, сен ұстаған бұзау сэр Холместiң сарайында тұрады. Сенiң атың соның күнделiк дәптерiне жазылатын болды, – деп мақтандырмақ болады князь. – Сонда бұл бұзауым Ресейден кете ме?
– Лондонға барады, сол үшiн ұстатып отырмын мұны!..
– Ресейдiң жабайы қодасының бұзауын жатқа беру үшiн ұстағаным жоқ. Жат жерге кететiн болса онда мұның көз жасына қалады екем. Анасының сүйегi Алтайда қалып едi, ендi мұның сүйегi Ақ теңiзде қалсын! – деп, көлкiген теңiзге бұзауды лақтырып жiберiптi.
Он жыл жер аударылғаны сол қылығының сыйлығы. Сонан қайтып келе жатқанда, бiздiң селоға соғып, он шақты күн жiбермей қонақ еткенбiз. Оған да он жылдан аса уақыт өттi. Оның мекенi Қазан қаласына жақын дейтiн. Базарларда жүрiп, күшiн көрсетiп, көйлек-көншегiн табатын болды деген. Бiздiң баланы саудагерлердiң күрестiргелi ойлағаны сол, – жауырыны жерге тимеген – Добрый-Рабый. Егер Қабанкөл жәрмеңкесiне келетiн болса, мен оны көрмей кетпей-мiн. Ол болса балам, байлардың қызығы үшiн белдесiп қалып жүрме.
– Сiздiң сөзiңiзден кейiн ол кiсiнi менiң көргiм келiп кеттi.
– Көрсең болды, ерiккен байлар саған күрес деп айтады.
– Күрес десе «қорқам» деп айта алмаймын ғой, – дедi бала. Ертеңiне ерте тұрып, Мұқан Қабанкөлге кетiп қалды.
* * *
Көпшiлiктiң мерекесiн қошеметтегендей жаз жадырап, дене балқығандай күн де тамылжыған ыстық болды. Ауылдан келген екi татар алып тұлғалы, жұпыны киiнген кiсiнiң жанынан өттi де, сөйлеп келе жатқан сөздерiнiң желiсiн өзгерттi:
– Мiне, мұнысы да келiп үлгерген, ендi мұнымен – белдескен кiсi қалай етiп жығар екен?
– Денесiн көрдiн, бе, Едiлдiң еменi сияқты… Бiрақ көпшiлiк емес пе, белдесетiн бiреу шығып та қалар.
– Мұнымен күрескеннен не шығады, кiм де болса топырақ иiскегелi белiн ұстар. Жылдағыдай байлар крес тағатындар мен тәсбиқ тартатындарды екiге бөлiп, елдi егестiрiп қойып ақша жинайды. Кiм жықса да ақша байлардың сыбағасы, егес көптiкi. Әрине, жығатын осы…
– Ей, мұсылмандар, давай ақшаларыңды әкел! – Бiздiң мұжық жықты, – дейдi соғылған дуанбасы. Хазiрет бередi, поп алады, олжа қалталарына бөлiнiп түседi шайтандардың…
– Ә… аңыз болған – Добрый-Рабый осы ма едi? Туған екен өзi де.
– Настоящий өзi.
– Е, солай деңiз. Сабан тойға келушiлер оның атын да ұмытпайтын болды ғой. Оның қолы тиген кiм де болса жығылатын жерiнiң жұмсақ болуын тiлейтiн шығар… Өткен жылы болған Сабан тойда ортаға шығып отырды, отырды да, күресетiн адам шықпаған соң дуанбасы:
– Әкел ақшаны, – дедi. Жүз сомды сәлделi хазiрет ұсына бердi, ол алды да кеттi. Бұл пақырдың өзiне бес-ақ сом ұстатты. Қалғаны дуанбасылардың қалтасына түстi… бұл дүниенiң екi аяқты қулары – төрт аяқты жыртқыштар қорқатын алыптың күшiмен тапқанын да қолына түгел бермеуге айналған.
– Ендеше, биыл да солай болады, ағайын, шығатын жарлы палуанның терi. Тапқаны – ит-құстың жемi деген осы!
– Әне, күресетiн жерiне барды. Жүр ендi, барып қызығын көремiз.
– Әй, менiң барғым да келмейдi. Бұл дәумен кiм күресе қойсын, текке тұрып уақыт өтедi ғой.
– Кел ендi, күшiн базарға салған кiсiнiң неше теңге алғанын көрейiк. Ол да қызық емес пе? Бұл ғарыптың Сабан тойға әкелген байлығы да, сататын малы да, ашатын дүкенi де осы қара күшi ғана. Ендi сол күшiн жалдағандағы табысын да көрейiк.
Екеуi жедел жүрiп, палуандар күресетiн жерге келдi. Қаланың балпаң басқан байлары, кең қарынды купецтерi, сары ала шендi әкiмдерi, солардың қуыршақтай құбылып, үстi-басы жiбекке бөленген қыз, келiн-шектерi шатырын жайып, олар да келiптi. Орталарына шаңырақ артқан түйедей боп цилиндр киген поптар шалмаларын қазандай ғып ораған хазiреттердi алып, орыс-мұсылман болып екiге бөлiнiп тұрды. Солардан оқшаулау жерде барлық жастардың арасында Добрый-Рабый тұр. Ол үстiндегi көне костюмiн шешiп, iшкi алабажақ майка, трусиiмен иықты да күресетiн тақырға барып отырды.
Қаланың екiге бөлiнген халқы палуанға қарай жақындап:
– Күрес басталды! – деген дауыстары Қабанкөлiнiң ормандарын жанғыртып жатты. Жаяу-жалпылар сауда-саттығын уақытша жинастырып жүгiрiстi. Ауыр дүниелi магазиндердiң сатушылары ғана қалды. Ал кiшкене дүкеншiлер, қайырма тақтайларын түсiрiп, есiгiн құлыптай жүгiрiстi.
Бұл жиналыста көпшiлiк, қаланың екi дай болып бөлiнген тобын елең де қылған жоқ, оларды тұтасынан бiрақ орап кимелеген бойы қысты да, екi жарылып тұрған топтың жапсарын бiрiктiрiп жiбердi. Олар полицейлердiң айқайын да тыңдамады, тек ортада отырған Добрый-Рабыйды көруге ұмтылды.
– Байғұс, бай болсаң, бұлай жүрер ме едiң. Осы күшiңдi жұмсайтын орын болмағаннан келесiң ғой деген дауыстар әр жерден шығып, бiреу матасын, бiреу әшмүшке шайын, бiреу бiр қадақ қантын, бiреу теңгесiн апарып алдына тастай бастады.
Көпшiлiктiң палуанға iстеп жатқан жәрдемiн көпсiндi ме, болмаса намыс қылды ма, терге малшынып тұрғандарды итермелей дуанбасының тiлмашы алаңға шықты да:
– Азаматтар, кейiн шегiнiңдер. Дуанбасы: «Бұлай ету жарамайды», – деп жатыр. Палуанды күрестiруiмiз керек. Жыққанына беретiн сыйлықтарын мырзалар сонда берсiн.
– Городовойлар, тезiрек тәртiпке шақырыңдар мына көптi! – деп айқайлайды әкiм.
– Мырзалар, жұрттан жиналған ақшаның көбiне өздерi сыра iшiп, қайратын жұмсаған палуанға азын бередi. Бiз, күшiмен көңiлiмiз көтерген палуанымыздың өз қолына берiп жатырмыз. Қане, мырзалардың палуаны бар ма? Шығарсын бiздiң алыпқа!
– Ох!.. Бұлар жаңа үнiн шығармаса жарылып кетедi! Палуан да бұлардiкi болып қалыпты бүгiн…
– Е, ендi қалай… «Ер өзi үшiн туады, ел үшiн өледi», мырзаларда ақшадан басқа не бар… Палуан да, жүйрiк те, ақын да, ғалым да, шешен де, шебер де халықтiкi – бiздiкi. Бiз халықпыз. Ендi күресетiн майбөкселерiң болса алып кел, – дедi бiреу…
– Тап солай, дұрыс айтады, Добрый-Рабый өзi сияқты жұпынымен жылда күреседi. Ендi байлармен күресiп көрсiн.
Көптiң ондай әзiлiне мырзалар жауап қайтармады. Әлдекiмдердiң атын атап, күресуге шақырды.
– Олар осы тақырда жылда жығылып жүргендер. Май жеген байлардан шақыр, – дедi шабаталылар.
Көп уақыт өтсе де, күреске шыққан ешкiм болмады. Крестiлер жағынан сары ала шендi дуанбасының жәрдемшiсi шығып:
– Хазiрет әпендiм, күреске шығатын мыұсылманыңыз болмаса, бәйгенi берiңiз, – дедi.
Аласа бойлы, әрiп терушi Сымғат тұрғандардың алдына шығып:
– Помещик әпендiм, мырза! Бiздiңше, кәпiр, мұ-сылманға бөлгеннен гөрi байлар, пақырларға бөлiн-генiмiз қолайлы сияқты. Сондықтан болар: халық күре-сетiн кiсiнi байлар тобынан сұрап тұр. Бұлар үшiн кәпiр, мұсылман бәрiбiр сияқты. Бұл жер хазiреттер айта беретiн ол дүниенiң бейiш-дозағына бөлiп жатқан «Ѕарасат майданы» емес. Сондықтан дiнге бөлудiң де керегi жоқ. Халыққа керегi күш иесiн көру. Бүгiн құдайдың қарғысы тиген пақыр мен аямай жарылқаған байдың күресiн көргiмiз келедi. Оларға дегенде жақсылығын аямаған құдай қара күштi де солардың кеудесiне құйған шығар… Солай ма Добрый?..
– Давай, – дедi палуан орнынан тұрып.
– Тiптi дұрыс. Май жеген байлармен тұздаған қиярға қосып қара нан жеген кедейдiң күресiн көремiз, – десiп халық шуылдады. Тәртiпке шақырған полицейскийлер iлгерi ығысқан елдi кейiн шегiндiрдi. Ешкiм күреске шықпады. Хазiрет пен поп бiрiне-бiрi жақындап тiгiлген бәйгенi алысуға қам iстедi. Сымғат дуанбасының жәрдемшiсiне:
– Мырза, күресетiн байлардан табылмаса, халықтан табылар. Сiздер бәйгеге тiгiлген ақшаны алуға асық-паңдар. Мiне, бiз iздеймiз, – дедi.
– Сымғат абзи, 25 тиындық ромның қызуы көпке бармайды. Мiне, қазiр-ақ құлағыңнан қызарып шығып кеттi. Уақытты босқа өткiзiп не керек.
Сымғат әлденелер айтқысы келiп әлгiнiң бетiне қа-дала қарады да, айтпады. Көпке қарап:
– Ағайындар, бiздiкi бәйге алу үшiн емес, тамаша көрiп көңiл көтеру үшiн. Добрый-Рабыйдан күрес үйренем деген талапкер бар ма? Жығамын деме, күрес үйренем деп-ақ түс.
Палуан Сабан тойға келетiн елдiң күреске түскенiн түгел жығып болған едi. «Мен бар» деп ешкiм шыға қоймай, әр жерде дәмелi кiсiлердiң бетiне қарасты. Олар бураның санындай бұлшық етi бiлеуленiп тұрған алып-қа бiр қарап, назарларын жерге аударды.
– Едiл бойы мұны қалай жалқы туды. Кәне, бар ма серiк болам деген? – деп Сымғаттың даусы булыға шық-ты. Қас қаққандай уақытқа тына қалған көптiң iшiнен бiреу кимелей алға шығып:
– Едiл тумаса, Есiл туған. Мiне, мен бармын, – деп ескi түйе жүн шекпен, басына сырмалы шыт тақия, саптама етiк киген қара жiгiт алаңға шыға келдi. Оның киiмдi тұлғасы Добрый-Рабыйдай болмаса да соған жете қаба бар екен. Жиын бейтаныс жат кiсiге таңырқаса қарасты Шабынған арыстандай жай басып, қыса қараған көзiне палуан да қарады. Мұрты жаңа тап берiп келе жатқан жас жiгiт, ешбiр қобалжусыз палуанға қарай еркiн келе жатты.
Кiм екенi белгiсiз, жат киiмдi адамға жиын таңырқай қарасты. Дыбыс басылып, азғана тыныштық орнады. Жiгiттiң алдына Сымғат шығып, қарт палуанға екi басып жететiн жерде тоқтатты.
– Неге келесiң туғаным?
– Күресем.
– Ә… Солай ма. Сабыр ет. Қайдан келдiң, қай ұлтсың?
– Ақмола, Есiл бойынан келдiм, қазақпын.
– Өзiң әлi баласың ғой, неше жастасың?
– Он тоғызға шықтым. Баламын деп жассынбаймын.
– Нешедемiн дейдi? – деген дауыстар айнала тұрған адамның бiрнешеуiнiң аузынан шықты.
– Жасы он тоғызда ғана, – деп Сымғат орысша, татарша айтып айқайлады.
– Е… Әлi бала. Оны анау дөймен күрестiруге тiптi обал ендi.. – деген баяу дауыстар естiлдi.
– Жарайсың, азамат екенсiң. Едiл бойын түгел адақтап жыққан алыпты жықпасаң, үйрену үшiн күресерсiң. Сенi жассынғанда күресетiн үлкенiмiз қайсы… Жығылсаң да бәйге беремiз.
– Сымғат, жығылғанға бәйге төлейтiн қанша ақшаң бар? – дедi дуанбасының тiлмашы.
– Жыққан кiсiге беретiн мырзалардың қанша ақшасы бар? – Хазiретте жүз, попта жүз, – екi жүз сом…
– Ал осы бала жығылса да үш жүз сом ақша берем.
– Ондай ақша сенiң әкеңе де бiтiп көрген жоқ едi. Қайдан ғана аласың?
– Солай десең, жыққанына мыңды берем.
– Сөздi көбейтiп, калтаңнан шығарып үш жүз сом ғана көрсетшi, өзiң.
– Мiне, саған ақша. Неше мың сом… – Сымғат көпке қарай қолын сермедi, – әрқайсысы жиырма тиыннан бергенде, әлденеше мың сары қағаз болады. Мырзаларыңнын екi жүз сомына өздерiң арақ iш. Ибрай, Хути, Сергей, Якуб, Файзулла, Михаил ал, ақша жинаңдар. Мiне, менен бес сом. Малай палуан мен қарт палуанды күрестiрiп, қызығын көремiз. Халықтың сыйының қанша болатынын мырзалар көрсiн.
– Аға мен жығылу үшiн күреске түспеймiн. Белiн бiр ұстаған соң, сақалын сыйлап та жығылмаймын. Жықпасам арам сыйды алмаймын да, – дедi жас палуан.
Сымғат баланың бетiне қиқая тұрып тағы бiр қарады да, күлiп тұрып оның сөзiн қарт палуанға түсiндiрдi.
– Жарайды. Жарайды мұндай жүрегi бар баламен күрескенiме мен де арланбаймын. Айтқаны палуанның сөзi, – «күш атасын танымайды» деген.
Iлгерi ентелеген көпшiлiктi кейiн шегiндiрiп, тәр-тiпшiлер көбейдi. Алаң кеңiп, адам көбейе түстi. Поп пен хазiрет бәйгенi бөлiп алуды тоқтатып, күресетiн кiсiнiң кiм екенiн бiлiп алуға кiрiстi.
– Хазiрет әпендiм, ендi қалай болады? Бөлiнiп тұрамыз ба, бiрге тұра беремiз бе?
– Ендi қалай… Господин поп. Рас, мұсылман мен христиан күрескен соң, әлбетте, бөлiнiп тұру керек.
– Күресетiн жас кiм, қай ұлт екен?
– Қазақ.
– Хазiрет әпендiм, есiңде бар ма. Бiр кезде екеумiз Россияның халықтарының қайсысының қандай дiнде екенiн сөз қылдық. Сонда сiз – «қазақ халқының жүзден бiрi ғана намаз оқиды. Оның өзiн де кiтапқа сәйкес дұрыс оқымай, «ақ қойдың келдесi, қара қойдың кел-десi» – деп бұзып оқиды. Сондықтан оларды мұсылман деп айтса да болады, айтпаса да болады, – деп қазақ пен татардың айтысынан бiр ауыз өлең айтқансыз; маған түсiнiктi болу үшiн тәржiмалап та берiп едiңiз.. Ол:
Қазақта көп болады батыр деген,
Батырлар бермегендi тартып жеген.
Көшпелi ел, салып қойған мешiтi жоқ,
Қазақты бiр тауаятта кәпiр деген, –
деп едiңiз. Мұндай дiнi белгiсiз адам үшiн несiне бөлi-немiз. Рас, кәпiр екен – ол да орыс.
– Болмаса, өзiнен сұрап анықтайық, – дедi хазiрет.
– Ибадулла, бiлiп қайт!
Мүптi келiп:
– Малай, жазарға керек… Сен қайсы дiнде?
– Мен ондайыңды бiлмеймiн, қазақпын.
– Хазiрет әпендiм, бiлми, – деп қайтып келдi.
– Әлбетте оқымаған кiсi бiлмейдi. Юрий господин, ол ендi қазақ болғаш њар хәлде мұсылман, – дедi хазiрет.
– Кiм болса да күресе берсiн, – дедi поп.
– Фамилияңды айт, дуанбасы жазып қой деп жатыр, – деп жәрдемшi келдi.
– Мұқан.
– Бұл әкеңнiң аты ма, өз атың ба?
– Әкем Мұңайтпас, оны қайтесiң, күресетiн өзiм, өзiмдi жазсаң болды.
– Кәне, әзiрлен, малай. Ендi күресесiң.
– Мен әзiр тұрғалы қашан.
– Киiмiңдi шешпейсiң бе?
– Мен киiмiмдi шешiп су кешем бе? Осылай-ақ күресе берем.
– Оның болмайды. Мына палуанша шешiнiп күрес. Мiне, сен кисiн деп палуанға лайық майка, шолақ дамбал да алдырдым, – деп Сымғат дүкеншi бала алып келген, қағазға ораулы киiмдi ұсына бердi.
– Жарайды, қолына ұстап тұр, палуанға арналған киiм болса, – палуан болғанда киермiн. Әзiр күресе тұрайын, – деп бурадай шабынып тұрған Добрый-Рабыйға келiп ұстаса кеттi.
– Әне, қарт үшiн бiр секундтық iс. Алады да, соғады, – дестi бiреулер.
– Илањи, құдайым, сақла шул малайны, – дедi бiр татар кемпiр.
– Әне, iлiк сiлкуiнен қалды, фәхир, – дедi бiреуi.
– Малайның белбеуi үзiлдi, – дедi балалар.
– Құшақтады белiн. Ендi көтередi, – дедi бiреу.
– Үзген темiрдей қолын босатты, – дедi бiреу.
– Қарт қисайды, жата, жата да ата… – дедi бiреу.
Қарт палуанның бiр әдiсi осы жата қалып атып жiберетiн. Оны кейбiреулер «жығылды» деп босаңсып қалатын. Ондай әдiстi бұрын балалардан көрген Мұқан қисая бергенде белiнен қапсыра құшақтап, бөксесiн тiзесiмен қағып жiбердi.
– Әне, қарт дөңбекше көтерiлiп, малайдың иығында кеттi, деп айнала тұрғандар шу ете қалды. Құшақтаған қолы жазылып қарт бiр-екi ұмсынса да, қолы бала палуанның белiне оралмады.
– Ұр, қарбызша жерге, – дедi бiр шал.
Палуан көтерген күйi төрт-бес адым басты да Добрый-Рабыйды үйiрiп барып тiкесiнен жерге қоя салды.
– Бала жыға алмады, – дедi дуанбасы,
– Жыға, алмаса жығады. Қайта күрестiремiз, – дедi мүптi.
– Мен жығылдым, – дедi қарт. – Мен күшiммен босанғаным жоқ, бала босатты. Өзiмнен күшi басым бiр жас шыққаны үшiн мен бақыттымын. Жаурыным өмiрi жерге тимеген едi, – сол жерге тимеген күйi қартайдым. Ендi мен күрестi қойдым, дей келiп:
– Россияның құрметтi әлеуметi! Менi жоқшылық көгендеп, палуандық ғылымын оқытпады. Мүмкiн, мен Едiл бойын ғана емес, дүние жүзiнiң палуанын жығар едiм. Ендi мына жас күштi тәрбиелеп, әлемдiк атақка ие етуге көмектерiңдi сұраймын, – дедi қарт палуан көпшiлiкке айнала қарап.
Файзулла мен Сергей халықтан жиналған бiр қалта күмiс пен бiр орамал толған қағаз ақшаны Сымғаттың қолына бердi.
Көпшiлiктен оқшау шығып, су жиегiндегi құлаған ағаштың үстiне қатар отырған қос палуанның қасына қолына елден жиналған ақшасын ұстап Сымғат келдi. Оның артынан ере келе жатқан дүрмектiң арасынан оза ұмтылып, бiр кемпiр:
– Сымғат, кемпiрлер жинаған сыйлықты да ал, ақ-шасы аз болса да, сақина жүзiктерi көп. Бәрi таза күмiс. Бет орамал, бiлезiктерi де бар. Бiздiң сыйлығымызды да палуанға бер. Үлкен палуанның кемпiрi, қызы бар шығар. Баланың шешесi, жеңгелерi бар шығар, – деп түйiншегiн Сымғаттың қолына ұстатты.
– Мына менiң де сыйлығымды қалдырма. Қыс бойы Қабанкөлдегi қоймасын күзеткенiм үшiн бай сыйлаған бешпент едi. Бер палуанның бiрiне. Рақатына кисiн, – деп қарт татар қара сәтен камзолын ұсынды.
Барқыт тақия, үш-төрт аршын жыртынды мата, шетi бедерлi шыт орамал, толып жатқан ұсақ-түйек заттарды құшақтап шекесiнен терi тамшылаған бiреу әкелiп екi палуанның ортасына алып ұрды.
– Мiне, саған, Сымғат, халық сыйы. Қайсысына берсең де ықтияр өзiңде. Тағысын тағы әкеледi. Көп-шiлiк палуандарды орай жиналғанда, мырзалар жұртта қалған сынық қададай шошайысып, бес-алты ғана адам қалды да арбаларын шақырып, әлдеқайда тараса бастады. Көптiң қызығын көргiсi келген жастарына көңiлсiз көздерiмен қисая қарасты да, атшыларына «айда» деп иек қақты.
Палуандардың алдын айналдыра қоршаған көптiң арасынан мойнына кiшкене күй шанағын iлген, жұпыны киiнген, екi баласын қасына ерткен қарт алаңға шықты. Шалдың мойнындағы күй шанағы балаларды қызықтырғандай бiр түрлi едi, көрiп жүрген ән-күй құралының бiрiне де ұқсамайды, не төрт бұрышты емес, не үш бұрышты емес. Әлдеқандай жұқа тақтайдай иiп, көнмен қаптап, бетiне неше алуан сым шектен желi тартқан. Жиек-жиегiнен бұрайтын құлағы бар. Оны қалай бұрап, қалай күйге келтiретiнi өзiнен басқа кiсiге түсiнiксiз болатын. Бiрақ шалдың тарамыстанған кәрi қолы тигенде сол ебедейсiз жабайы құрал қуаныш, қайғының алуан түрлi үн ырғағына келе беретiн. Қарт ортаға келiп, күй сандығын қолына алды да, бұрын құлақ естiп жаттықпаған жаңа күйiн тарта бердi. Соның алғашқы үнi – күрiлдеген күннiң, шатырлаған нажағайдың үнi сияқтанып келiп, ортасы уiлдеген желдiң тулаған толқынның жақпар тастарға соққан шуылындай жойқын дыбысқа айналды.
– Бұл тартып отырған қандай күй? – дедi бiреу.
– Күш күйi.
– Жыры қайда?
– Онысы да бар.
Екi баланың жiңiшке әдемi даусы күй құралына қосарланып тайдай iлесе жөнелдi:
Толғанса күштер,
Туласа күштер.
Тулайды теңiз тасынып.
Толқыннан шыңдар,
Шыңғырып тулар
Тулады кеме асылып.
Долданып дауыл,
Шыңдары ауыр,
Қолтықтап ұшар биiкке,
Құлайды жарлар,
Жылайды сұмдар,
Тарылып демi жиекте.
Күштердiң күшi
Iстердiң iсi,
Адамнан асқан iс, кәне?!
Құрғатқан көлдi,
Жайнатқан шөлдi,
Өмiрдiң адам ұстазы.
Еңбекшiл ерлер,
Төгiлген терлер,
Өзгертер әлем өңiрiн.
Адамдық күштер,
Ғажайып iстер
Орнатпақ бақыт өмiрiн.
Шақырайғаң күнге қарап, екi көзiн тарс жұмып, музыканың үнiне балқыған қарт аңыратып тарта бердi. Ол екi баланың қосылып тұрған сарынынан шығып, әлдеқандай сақылдаған күлкi, шартылдап соғылған шапалақ сияқты бiр үнге басып, тарамыстанған саусақтары күй құралының бетiне тартылған көп шектердiң әр саласына бiр жүгiрiп, қиялы әлемнiң аңғарына қарай самғай ұшқан қырандай шарықтады. Сырнайшы шалды жамбастай отырысқан бiрнеше қарттар терең ойға түсiп, кең дүниенiң ұзақ кенерелерiне қарасып, сақалдарын сипап, «ой-қой» десiп, әлдеқандай булыққан аңсауларын сыртқа шығарғандай болды. Ағаш үстiнде көзiн айырмай қадала қарап отырған жас палуан жақындап келiп, жанқалтасынан елу тиындық күмiс ақшаны күйшi қарттың алдына тастай салды.
– Күйiңiз жақсы екен… бақытты болыңыз, – дедi Добрый-Рабый, орнынан тұрмай-ақ, жанындағы тоз-
ған қамзолының қалтасын кеулеп, бiр сомдық сөлкебайды лақтырып жiбердi де:
– Асыл қазына, – күтiлмеген жердiң iшiнде, кенеуi кеткен елдiң iшiнде жатыр. Тарта түс, қартым! – дедi.
Ағашқа сүйенiп, шеткерiрек тұрған қызметкерлер киетiн киiмдi бiреу, жақындай түсiп:
– Қарт, айбаттап тұрып милләт күйiн тартып жiбер, – деп жиырма тиын күмiсiн екi баланың ортасына қарай лақтырып жiбердi. Оны балалар шалдың алдына тастаймыз деп, тартып отырған күй құралының шанағына түсiрiп алды да, күй сарынын бұзып жiбердi. Қарт жұмған көзiн ерiксiз ашып, жақындаған қызметшiге бажырая бiр қарап;
«Миллат дейлар миллат дейлар,
Миллат үшiн бiт дейлар,
Миллат күйi – бiрлер үшiн,
Көп туғанға жетмилар», –
деп, бiр ауыз өлең айтып, күй сандығын жанына қоя салды.
Қолындағы ақшаларын палуандарға беруге асығып тұрған Сымғат тең бөлдi де, қатар қонған бүркiттей, ағаш үстiнде отырған екеуiнiң алдына қойды.
– Туғандарым, бұл көптiң сыйы. Мiне, бес жүз сексен екi сом, жетпiс тиын ақша. Екеуiңе тең бөлiндi.
Қарт палуан еңгезердей болып ұшып тұрды да:
– Әлеумет, құрметтерiңiзге құлдық. Бұл ақша мына жас палуанды оқыту қаржысына жұмсалсын. Мен осындай қаржының табылмағанынан қартайғанша мүгедек болып, бойыма бiткен өрен қайратымды шарықтата алмай ел iшiнде қалдым. Керексiз уақытта табылған кеннiң керегi қанша? Бұл дүние осыған берiлсiн, – деп қалтаны қасындағы Мұқанға қарай ұсынды.
– Мен күштi молдадан алғаным жоқ. Құлағымды жұлып, жанымды таспадай тiлген соң, көрмегенiм молда болсын деп кетiп қалғам. Нағашы атам мен өзiмнiң бабам оқымай-ақ – Лук, Ернақ палуан атаныпты. Маған ақша төлеп оқудың керегi жоқ. Онда барған соң тағы бiреуi дүрелеп жүрер. Онан да жасың болса келiп қалған, бала-шағаң бар сен ал, – деп өз үлесiн де қосып Добрый-Рабыйдың алдына барып екi қолын бiрдей қысты Мұқан.
– Сен алып оқуға кетсең едi, – деп қарт, Мұқанға қарады жасаураған көзiмен.
– Жоқ-жо-жок, сен ал, – деп бала палуан дiзесiн бүгiп, қолын қысып тұрып алды.

Батрак – Акмолинский

Қазан қаласында бiраз тұрған соң, Мұқанның Омбыдан шыққан талабы өзгердi. Оған кездейсоқ, тап бол-ған мына жағдай себеп болды.
Сабан тойы тарауға жақындағанда, үлкен қаланың бiрiнен көшпелi цирк Қазанға келдi. Оның күлдiргiш, даршыларынан басқа сегiз палуаны бар едi. Алғашқы ашылған күндерiнде өзiнiң қатарлары Файзолла, Сымғаттармен Мұқан да келiп көрдi. Тiзген нарлардай жалаңаш дәулердi көрiп, аузынан суы ағып екi жағына екi жұдырғын нықырта тiреп, көзi сығырайды да қалды.
– Малай, не iстеп отырсың? Еңсеңдi түсiрiп, қор-қып отырғаннан саумысың?.. – дедi, жақында отырған жолдасының бiрi. Мұқан оның сөзiн елең қылмай бейнебiр қалғып отырған жандай, үндемедi.
– Неге үндемейсiң? – деп бүйiрiне түрттi, сөйлеген жолдасы. Ол жайлап басын көтерiп, жолдасына қарады да:
– Бұлар кiмдер өзi? – дедi, орталық алаңды айналып, бойларына қарай сапқа тұрған палуандарға иегiн көтерiп.
– Бұлардың кiм екенiн қазiр көресiң.
Цирк ежелгi дәстүрiмен ұсақ ойыннан бастап, дене шынықтырудың алуан түрiн, ат ойынын, күлдiргiштерiн көрсеттi. Мұқан оның бәрiне де қызықпады.
– Әлгi дәулерi қайда кеттi? Күресiн қашан бастайды, ащы iшектей созып, iшiмдi пыстырды ғой, – деп жанындағыға қарады.
– Малай, асықпа, ендi болады. Көрiп отырғаныңның бәрi қызық емес пе?
– Несi қызық?.. Бiздiң ауылдың балалары ойнайтын алтыбақан, аткеншек, сырықаяқ деген ойындары ғой манадан берi көрсеткендерi.
– Аттар ше?
– Сол да ойын ба, тәйiрi… Ауылда көкпар шауып, талайлардың аяқ-қолы сынып жатады. Әжем: «Атқа мiнсең жай жүр жығылып жазым боласың» – деген. Ат-ты арбаға жегiп жүрмесе, секектеп мiнгендi жек көрем.
Үзiлiстен кейiн орталық алаңды сыпырып үлкен кiлем жайылды да, жетi-сегiз адам көтерiп, арбаның бел темiрiне кигiзген дөңгелегi сияқты бiр затты алаңға әзер жеткiздi.
– Малай, мiне, ендi палуандар шығады. Осы сегiз адам көтере алмаған шойынды қазiр бiр адам-ақ көте-едi. Күштiң қайда жатқанын көресiң… – деп, қолын уқалап қойды қасындағы бiреу.
– Көтерсе несi бар… Бұл сегiз адам: «Сексенi жиналып циркке шығатын батырлар» ғой. Күресiн көрсетсе екен, – деп жағын таянып, көз алмай қарап отыр Мұқан.
Темiрдi көтерген палуанды көруге ынтығып отыр-ғанда, ботинкасының тұмсығы жарты көз, басына сәукеле киген, қолына жуан қурайдан таяқ ұстаған бiреу шығып, жан-жаққа қарап басын қылмың-қылмың ет-кiздi.
– Мұнысы несi? Темiр көтеретiн палуан осы ма?.. Мұқанның сөзiн естiп қалғандай-ақ.
Ол «мен» дегендей, мойнын созыңқырап, басын шұлғып қойды.
– Қой, бұл сыпырғыш та көтере алмайтын сорлы ғой! – дедi Мұқан.
Күлдiргiш жуан таяғын ала, Мұқанға қарай ұмтылды. Орнынан атып тұрған Мұқанды жолдастары ұстай алды. Ол таяғын бiлемдеп, төнiп келдi де, аузын қисаң-кисаң еткiзiп, үндемей, көзiн бадырайтты. Жұрт қыран топан күлкiге батты да қалды.
– Бұл не? Менi ұрмақшы ма?
– Құдай сақтады… ұрмады. Ұрғанда сенi сiлейтiп салар едi, малай…
– Қой, ол ұрып кiмдi қиратады. Құлағынан ұстап, лақтырып жiбермеймiн бе!
– Оны лақтыра алмайсың. Осындағы сегiз палуанның әкесi осы, сенбесең ана темiрдi қалай көтергенiн қара, – дедi күлкiге батқан жолдасы.
Ол қурай таяғын Мұқанға қарай бiр-екi бiлемдеп, лақтырып тастады да, темiрге үңiлiп, айналдыра бiр қарады. Бiлiк темiрiне қолын созып-созып, басын шайқады. Бас киiмiн шешiп, тағы қолын созды. Үһiлеп, маңдайын орамалымен сүртiп, сыртқы киiмiн тастады. Аяғымен дөңгелектi теуiп қалды да өзi шалқасынан құлады. Жұрт тағы күлкiге батты.
Мұқанның күлiп отырғандарға ызасы келдi.
– Сендер осының несiне күлiп отырсыңдар? Мұның күресi қайда? Мына жүргенi бiздiң ауылдағы «айқұлақ, нан-кемпiр» деген ойын. Оны балалар ойнайды. Мен цирк дегендi – палуан етiп шығаратын, үйрететiн мектеп десем, бала-шағаның ойыны екен. Орынборға барсам да көретiнiм осы ма?
– Әрине, цирк болған соң осы.
– Ендеше, мен бармаймын.
* * *
Мұқан ынтыққан күрес те басталды. Ол күрес күн сайын ойынның кейiнгi жағында болып жүрдi. Французша күрестер мәнiн түсiнбеген Мұқанға қызық көрiнбедi. Әлi жеткенi алып ұра салатын жедел қимылы жоқ сияқты. Күреске шыққандар сом бiлектерiмен бiрiн-бiрi соғып өтедi. Бiрiн-бiрi арқаға салып ұрса да, «жауырыны түгел жерге тимедi» – деп, қайта алысады. Бiр жұп палуан күрестерiн бiрнеше күнге созып, бiрiн-бiрi әзер жығып, не жығыса алмай кетiп жүрдi. Жұрт көбiнесе қызық көретiн ұсақ-түйек ойындарды Мұқанның көргiсi жоқ.
Күзге қарай спорт оқуына орналастырмақ болып жүрген баспахана жұмысшылары Мұқанның цирк өнерiмен таныса бергенiн тәуiр көрiп күнде ойынға әкеле бердi. Өзiнiң ақылшы ағасындай болған Сымғат-қа бала палуан күреске түскiсi келетiнiн айтса да, ол мақұл көрмедi.
– Сен әлi асықпа. Бұл күрестiң әдiсiн бiлiп алмай күресуге болмайды. Бұл бейтаныс палуандардың iшiнде сенiң жанашырың жоқ. Сен жықсаң да олар өздерiнiң атағы үшiн «жығылған жоқ» деп дауласады. Саған алдымен ұстаз керек, ол ұстаз болатын адам бұл жерде жоқ, оған сенi алып барамыз. Әзiрше күреске көзiңдi үйрете бер, күрес ешқайда қашпайды, – дедi.
Жұмысшылардың жатақханасының бiр кiшкене бөлмесiнде жатқан Мұқан көпке дейiн ұйқысы келмей, Сымғаттың «ұстаз керек» деген сөзi әкесiнiң бала ке-зiнде айтқан бiр сөзiн ойына түсiрдi.
Ол: «Қарағым, өзiң аман-есен өскен соң, жауырыны жерге тимеген Ержан палуанға апарып, батасын алып, ұстаздық кеңесiн әперем» деушi едi. «Сол батаны, сол ұстаздық кеңестi мен түнеугi қарт палуан Добрый-Рабыйдан неге алып қалмадым екен?» деп өкiнiш еттi. Алуан түрлi оймен шатасып ұйықтаған оның түсiне әжесi кiрдi.
Есiл өзенi тасып, оның жиегiн алуан түрлi зәулiм жемiс ағаштары көмкерiп кетiптi. Бұтақтарын майыстыра салған мәуелерден шiрне тамшылайды… Елдегi өзi бiлетiн адамдардың бәрi мәз-мәйрам болып, сол бақтардың арасында ұлы-жиын тойда жүр екен. Өзi көрген Қызылжар, Омбы, Қазан қаласының адамдары да сол жиынға қаптай келiптi… Сапар байдың үйiнде әңгiме еткен палуандар, циркте көрген палуандар бiр алаңда тiзерлесiп отыр. Басында қарағайдай мүйiзi бар дәу, ортаға шығып күресетiн кiсi сұрайды. Оған ешкiм шықпайды. Сонда: «Ендеше, бас палуанның бәйгесiн алдыма әкеп байлаңдар! Мен күреспей алам…» деп гүрiл-дейдi, мүйiздi дәу. «Қой, ол болмайды… жалпақ елден күресетiн кiсi шықпаушы ма едi, шығады, сабыр ет…» дейдi ала атқа мiнген ақсақалды қарт. Сол кезде: – Әже мен күресейiн, – дедi Мұқан.
– «Сен Қабанкөлге барғанда белдескен ұлы палуан сенi өкiл балам деп едi ғой. Ендi сол атаңның рұқсатынсыз, ешкiммен күреспе! Сен албырттығыңды қой, сол атаңнан үйрен!» – деп, қатты айқайлап жiбердi әжесi…
Сол айқай өзiн ұйқыдан да оятып жiбердi. Көзiн ашып тұра келсе, күн шығып, жұмысшылар жұмысына кетiп жатыр екен. Көңiлi бiр түрлi жадырай қалыпты. Ойланып отырды-отырды да, «Адамның өңiнде ойланғаны түсiнде бiр түрлi болып көрiнедi екен ғой», – дедi.
* * *
Күреске ынтыққан Мұқан Добрый-Рабыйдың селосына iздеп барып, қартпен сәлемдестi. Оның қызы мен баласы алыстан өз туғандары келгендей қуанысты. Қартқа жақындап отырған Мұқан қалаға цирк келгенiн, оның палуандарын, солармен күрескiсi келетiнiн айтты. Оның көбiсiне қарт түсiнбей басын изей отырып тыңдады, анық түсiнгенi оқуға баланың баратыны анық болып, Дядя Иванға ұзақ отырып хат жазғызып бердi. Мұқан осы кағазға менiң күреске түсуiме ризалығын да жазды деп ұғынып, өте қуанышпен ертеңiне түнде-летiп Қазанға қайта келiп баспаханадағы өзi жататын бөлмеге қонып шықты. Ертемен жанындағы жолдастары жиналып:
– Малай, сен қайда кеттiң? Сенi қашып кеттi деген лақап тарап, бiздiң қашпады дегенiмiзге мырзалар сенбей жатыр.
– Кiм оны шығарып жүрген?
– Сен кеткен күнi Камал байдың күймесi сенi екi рет iздеп келдi. Байлар өзара кеңесiп, көптеген бәйге тiгiп сенi цирктiң палуандарымен күрестiрмек болса керек. Сенiң қайда кеткенiң белгiсiз болған соң, қашып кеттi деп өсек таратқан солар көрiнедi.
– Сымғат ағай қайда?
– Ол байдың жiберген кiсiлерiне: «Бiз оны оқытпай ешкiммен күрестiрмеймiз. Байлар бәйгеге деген ақшасын картаға салып ойнай тұрсын әзiрге», – дедi. Өзi кешеден берi Қазан қаласының түкпiр-түкпiрiн қоймай сенi iздеп жүрген болар, екi күннен берi жоқ.
Сымғат кешке шейiн келмедi. Цирктiң басталатын мезгiлiнде өзiмен үйiрсектенiп жүрген төрт-бес жiгi-тiмен Мұқан келдi. Бұл күндерде цирктiң табысы үшiн ермек күрестен жұрт мезi болып, келудi сиреткен едi. Бүгiн орынның көбi бос, тақырға шыққан тарыдай, шашыранды сирек адамдар әр жерге келiп отырыпты. Сұйылған көрушiлердi қайта жинауға цирк басқарушылары да бiр жаңалық табуды көздеген кез едi. Ойынның көбiн терiс қарап өткiзген Мұқан, палуандар ортаға шығып, байырғы ермек алыстарын бастады. Бұған iшi пысып, зығырданы қайнап отырған Мұқан «Сым-ғатпен ақылдаспай күреспесiн» дегенiн ұмытты да, орнынан атып тұрып, ойын басқарушының қасына барды. Ойын басқарушы Сафронов анда-санда көзi шалып жүрген алып тұлға қасына барған соң, бас-аяғына көз жүгiрттi де, күрестiң бiр кезегi аяқталғанша оны алдыңғы орындықтың бiрiне отырғызып қойды.
– Кәне, не айтпақшысың? – дедi, жиырма минут алысып жығыса алмай алқынған екi палуанын демалуға отырғызған басқарушы мұның қасына келiп.
– Мына палуандармен маған күресуге бола ма?
– Оһо… Бiзбен күресетiн мықты келiп қапты! – деп, ентiгiн әлi баспаған екi палуан елең етiп орындарынан тұрып, бастықпен сөйлесiп отырған Мұқанның қасына келдi.
«Сендер даурықпа» дегендей, бастық қолын палуандарға қарай сiлтеп қойды да, күрескiсi келген жiгiттiң жайын сұрай бердi.
– Жасың қаншада?
Мұқан түйткiлденiп, күрмелiп тұрды да:
– Отызға жақындап қалсам керек… – дедi. Онысы шын жасын айтса күреске қатыстырмай тастай ма деген қауiп едi.
– Қой, сен жиырмаға жетсең де жарар едi, – дедi басқарушы, бет-бейнесiнен балалықтың iзi әлi кетпеген Мұқанға тесiле қарап.
– Ол менiмен жасты, он тоғызда, – дедi Мұқанға ерiп келген бала.
– Я, мен алжаспасам керек. Сен жасыңды неге жасырасың?
– Мен жасырғам жоқ. Жасты үлкейтiп айтқан жақсы дейтiн әжем. Жасым жиырмадан асып кеттi, анау әшейiн айтып отыр, күрестiрсең болғаны.
– Сонымен ежiкелесiп тұрудың қанша керегi бар! Күрескiсi келсе берi жiбер, қазiр-ақ күлге аунатқан күшiктей етiп жiберейiн, – дедi палуанның бiрi күле сөйлеп.
– Сен лепiрме! Күлге кiмнiң аунағанын кейiн көремiз, – деп бастық палуанға қабағын түйе бiр қарап, – сен қазандықпысың? – дедi Мұқанға.
– Жоқ Ақмоладан келдiм.
– Қырғыз?
– Иә.
– Ендеше, бiлдiм. Орныңа барып отыр. Ойын бiткен соң сөйлесейiк.
* * *
Келесi күнгi цирктiң жарнамасы керемет қызық болып шықты. Сапта тұрған сегiз палуанның карсысында жұпыны киiмдi бiр бала тұр. Басында жиектi ши қалпақ, белiнде жуан арқаннан белбеуi бар – «Көшпелi цирктiң сегiз палуанымен қазақша белдесiп күресетiн жас палуан – Батрак-Акмолинский» деп жазылған. Бұл хабар цирктiң қайта қағылған дабылындай болды. Тозаң басып бос тұрған орындықтар халыққа толды.
Типографияда басылып, бiр данасы iлулi тұрған жарнаманы көрiп Сымғат қатты ренжiдi. Оған Добрый-Рабый: «Сiздерден менiң тiлегiм: баланы өз орталарыңнан шығарма. Егер байлардың қолына түссе, бұған қабаған итiм деп қарайды. Олар бiрiмен бiрi бақталас, сауда үшiн де, жер үшiн де, жүйрiк ат, жақсы шана үшiн де, әшекейлi үй, думанды бал үшiн де қырқыспай жүрмейдi. Бұл олардың қолына түссе есуастандырып мас болғанша iшкiзiп, бақастасқандарын ұрғызып, өшiн алады. Жазатайым бiр оқыс жаманшылық болғанда бұған жәрдемдесетiн кiсi табылмайды. Бұл менiң бiр кезде басымнан өткiзген жағдайым.
Цирк Қазанда болмай тұрмайды. Оның күресiне, оқуынан өтпей бұл қызығушы болмасын. Өйткенi – жас, күшi болғанымен ойы толған жоқ. Албырт күш әр уақытта апатқа килiктiредi.
Цирк айналасына топтанған кiсiлер: өз күшiне се-нiп, өзiмдей бiреуден жығылмаймын деп, күрестi кәсiп еткендер. Олар сол кәсiптi үйiрлесiп, бiрiне-бiрi ұстаз болып, бiрiн-бiрi сүйеп өсiргендер. Сондықтан бiрiн-бiрi әр уақытта да сүйейдi. Олардың бiреуiн жығу – сол топты өзiне қас қылып алу болады. Бұл жағдайды да мен басымнан өткiздiм. Кейiнгi кезде олар тiлек етсе де мен бармайтын болдым. Бала алдымен үйретушi тауып, үйрене жүрiп жаны ашитын дос таппай күресудiң керегi жоқ. Петроградта дядя Иван деген палуандардың ұстазы болып отырған кiсi бар. Соған осы баланы жеткiземiн десеңдер, бiр үйдiң жанындай бiрлiгi бар жұмысшылар, сiздердiң қолдарыңыздан келедi. Ол менi талай рет шақырып, талай мейiрiмдi хаттар жазған кiсi едi. Сол кiсi баурынан балапан ғып өргiзуге аңсаған адамның бiрi осы бала» – деген.
Туғандары тұратын ауылға барып, кеш қайтқан Сымғат, асыға жүгiрiп циркке келдi. Цирк лық толған адам. Орынсыз жүздеген адамға билет сатылып, кiсiнiң көптiгiнен цирктiң iшiне бас сұғуға болмайды. Қолына жарнаманың бiрiн шиыршықтап ұстай, цирктiң өз адамдары кiретiн жағына келдi. Олардың арасынан, әлдеқалай бiр таныс адам тауып, Батрақ палуанның ағасы болып цирктiң iшiне кiрдi. Алдыңғы ложаларға қатын-баласымен келiп орналасқан Қазанның байлары мен саудагерлерi бар едi, солардың даурыққан үлкен шуының үстiнен келiп шықты.
Палуандар өздерi кiретiн есiктiң алдында, күрес алаңына қарай бiрiн-бiрi нықтай, мойындарын созып қарап тұр. Ысқырық үстi-үстiне шалынып, орындарынан тұ-рып кеткен жұртты тыныштандыра алмай, ойын басқарушы жүр. Цирктiң қатарындағы палуанның бiрi Семен әлдекiмдi балағаттап, белiне байлаған қайысты шешiп, лақтырып жiбердi. Алаңды айнала қоршаған керте-кертенiң iшiнде, үстiне цирктiң жұмысшылары киетiн кенеп шапан киiп, белiне мақтадан ескен жуан арқаннан белбеу байлаған Мұқан отыр. Ертерек алаңға жеткiсi келген Сымғатты, есiк алдына тұрып алған палуандар, төбесiнен күркетауықтай одырая қарап, бадырайған саусақтарымен кеудесiне қағып жiбермей қойды.
Цирк iшiндегi көп шу басылған кезде, алдыңғы ложаның бiрiнде отырған Камал бай шалқая қарап:
– Сафронов әпендiм, сiз бұл Батрак палуанмен жасасқан шартты көрсетiңiз, – дедi.
– Қандай шарт, мырза?
– Күреске түскен батрақ, цирктiң ақылы қызмет-шiсi болмаған соң, төлейтiн еңбек ақысы көрсетiлген шарты болуы керек.
– Өйтетiн бiз тiлек етiп шақырғанымыз жоқ, өзi келiп күреске түсемiн деп ұсыныс жасады. Бiз тек қызық үшiн, сол тiлегiн қабыл еттiк. Өзiмiзше ойлағанымыз: ол палуандармен түгел күреспекшi. Жықса оған 25 сом, жығыса алмай, мерзiмдi уақытын өткiзсе 10 сом, жығылса ештеңе берiлмейдi. Ұтыс төлеуi (25 сом, 10 сом) – ойын түгел аяқталған соң төленедi.
– Оњо… Ойыңыз ұзақтап орала алмаған екен! Ол бiздiң кiсiлер асыраған қозы. Сен циркiңе кiргiзiп сор-ғың келiптi. Мен сандығы толған кассаңа салатын құлып та табамын! Мiне, көрушiнiң бiрi мен. Егер малай күреспесе, циркiңнiң шаң басқан ложасына он сом төлеп отырмаған болар едiм. Солай ма, туғандар? – деп айнала қарады. «Солай, солай… әдейi сол үшiн ғана келдiк!.» деген дауыстар гу ете қалды.
– Әне, басқарушы әпендiм! Олай болса, бiздiң Батрак жыққаны үшiн жүз сом алуға тиiс, қазiр маған берiп қой сол жүз сомды!
– Әзiлiңдi кейiн айтарсың мырза. Бұл терi жинаған қоймаңыз емес, цирк.
Камал байдың бетiне ашу қаны үйiрiлiп, орнынан атып тұрды. Палуандардың нық басқан зiлдей аяқтары қозғала бастағанда, Сымғат керегеден кiрген мысықтай сүңги атып, алаңға шықты. Келе Мұқанды қолынан ұстап, басқарушының қасына келдi де, гүрiлдеген көпшiлiкке қарай алақанын жайып:
– Сабыр! – деп қысқа ғана үн қатты.
Цирктiң алдыңғы қатарларында аздап толастау болса да, шеткi жақтағы бiрiнiң иығынан бiрi қараған жастар шуылын қоймады:
– Ендi екiншi палуан шықсын!
– Батрак-Акмолинскийдiң бүгiнгi күресi бiттi осымен, ендi басқа палуандар күреседi.
Сымғаттың араласқанына жиiркенгендей Камал бай терiс қарай өзiнiң ложасына отырып едi, Сымғат басқарушыға келiп:
– Сафронов мырза, сiздiң циркiңiз көпшiлiк үшiн, бiздер үшiн көңiл көтеретiн орнымыз екенiне дау жоқ. Кейде сiздердi көрудi аңсап әлеумет атынан шақыртып та отырмыз, сiздер келiп те тұрасыздар, оларыңызға рақмет! Бiрақ естияр бiреумен сөйлесiп алмай, баланы күреске қатынастырғаныңыз жарамаған iс. Сiз оны салдарлы палуан сияқты көпшiлiкке жариялап та қойыпсыз. Мiне, жарнамаңыз, – деп қолына шиыршықтап ұстаған қағазды жазып жiбердi.
– Ендi не айтпақсыз? – деп басқарушы ыңғайсызданғандай болды.
– Сiз мына көпшiлiкке хабарлаңыз, бұл бала ендi күреспейдi. Мұның күресiне әкесi рұқсат етпейдi, – деңiз.
– Мұның әкесi қайда?
– Әкесi көп. Аулында да бар, осында да бар, Словоянка селосында үлкен әкесi бар, бiр әкесi мен, Камал бай орнынан қарғып тұрды.
– Мiне, «Есектi мiне бiлмеген отынан қалдырады» деген осы! Басың дүние есебiне жетпеген соң, жiберген күймеге бұл баланы салып жiберуiң керек едi. Iстете бiлген кiсiге мұның әр күнi сендей қорғасын ұясын шұқылағандардың жүзiнiң тапқанын табады. Ей… кепкен бас! Не iстерiн де бiлмейдi… Әкесiмiн… Акмоладағы қой баққан бiр қазақ қатыны, Қазандағы қарын терушi татар үшiн бала тапқан ендi!..
– Господин Камал, сiздiң тiлiңiз кәдiмгi адам тiлi, сiздiң қаттап буған терiлерiңiздiң арасынан шығып тұрған тиынның құйрығы емес бұл бала! Сiз мiнуiн бiлетiн есек үйiңiзде көп болуы мүмкiн, бiздiң баспаханада есек жоқ. Әрбiр екi аяғымен жер басқан адамға, адамдық мейiрiмi бар кiсi әке болуға хақысы бар деп ойлаймын. Ну, сiз мiне бiлген есектерден емес. Қалай да бұл малай сiзге есек бола алмайды! – деп, Мұқанды ертiп, Сымғат цирктiң жұмыс бөлмесiне кiрiп кеттi.
– Мұқан, бұл қай балалығың? Ешкiмге ақылдаспай өз бетiңмен келiп, күреске түсе кеткенiң неғылғаның? Өзiң әке деп санаған Добрый-Рабый мұныңды естiсе қатты ренжидi. Ол тапсырып кеткен маған өкпелейдi.
– Сымғат ағай, ол саған өкпелемейдi. Мен алдыңғы күнi оған барып, күреске түсетiнiмдi айтып, рұқсатын алып келдiм.
– Е, сенi жоғалтып, Қазанның көшесiн ақтарып жүргенде сонда кеткен екенсiң, ғой. Рұқсатты қалай сұрадың?
– Өзiмнiң бiлетiн тiлiммен, орысша айттым. Мен орыстың «борьба» дегенiн ұмытып қалып «поступок, күрес» дедiм. Ол «күреске түссең, жақсы», – деп қуанып кеттi. Рұқсатты сөзбен емес тiптi қағазға жазып бердi.
– Қағаз кәне?
– Үйде.
– Алайда қартты қатырған екенсiң, малай. Ол оқуға түседi деп қуанған. Сен «Қарағымның әкесi оқымай да хан болған» дегеннiң көбiн келтiрiп күреске түсе бермексiң…
Мұқанның Қазанға қалай келгенiн, Добрый-Рабыймен қалай танысқанын, қарт палуанның бала туралы айтқанын толық түсiнген цирк бастығы ойланып қалды. Оның жазып берген қағазын оқып көзiнен жас аққанша күлiсiп, келiсiмге келдi.
Ойынның аяғында көпшiлiкке «Батрак-Акмолин-скийдiң күресi туралы ертеңгi жаңа жарнамада хабарланады» дедi. Келесi күнi цирк басшылары Сымғатпен кеңесе келiп: көпшiлiктiң назарын аударып, келушiлердi ерекше көбейтiп отырған күрестi қалайда дамытудың жолын iздедi. Халыққа өтiрiкшi болмау жағын ойлап, ақылдасу үшiн ертеңiне қарт палуанға күйме жiберiп шақыртып алды. Хабарландыруға: «Қазандағы көшпелi цирк мұндағы жұмысын аяқтар алдында өзiнiң көрушiлерiне заманымыздың жас палуандарының атасы – Добрый-Рабыйды көрсетудi жөн деп тапты. Оның рұқсатынан кейiн, сiздерге уәде еткен Батрак-Акмолинский қазақша бес палуанмен, французша екi палуанмен күреседi. Соның дайындығы үшiн циркте Акмолинскийге екi күн француз күрестерiнiң әдiсi үйретi-ледi», – деп жазды. Бұл хабар қала халқын цирк кассасына ерiксiз дүмете түстi.
Цирк басшылары көпшiлiкке берген уәдесiн орындады. Жойқын күштi жас баланы көрген цирк басқарушысы өз тарапынан Дядя Иванға хат та жазды.

Ұлы Петрдiң қаласында

Тұманды аязда боз қырау басқан есiктi татарша орама жағасы бар, мақталы ұзын шапан киген екеу келiп қоңырау тетiгiн басып тұрды.
– Сiзге кiм керек едi? – дедi iштегi жiңiшке әйел даусы.
– Дядя Иван Лебедев мырзаға кiретiн едiк, – дедi сыртта тұрғандар.
– Сабыр етiңiз, рұқсатын алайын, – деп тағы бiр есiктi шырылдатып, әйелдiң, әрi кеткен дыбысы естiлдi.
Әлден уақытта есiк ашылып:
– Кiрiңiздер, – дегендей басын изедi орта жастағы әйел.
Екi кiсi әйелге ерiп, қабырғасына айнала сурет салған кең бөлмеде жеке отырған кiсiге келдi. Қыстыгүнi жалаңаш денесiне жадағай ала шапан киген кiсi келген екеудi орнынан тұрып есiк алдынан қарсы алды. Оның ұсқыны да, мiнезi де, сөйлеген сөзi де келушiлерге бұрын кездескен адамдарынан әлдеқайда өзгеше көрiн-дi. Ол тiл қатпастан бұлардың қолдарын сыға ұстап, ақпен тыстаған креслоларға отырғызды да:
– Қайдан келдiңiздер? – дедi жуан саусақты қолымен қарнын қапсыра құшақтап тұрып.
Қазан қаласынан келiп едiк, мырза, – деп жауап қайтарды асығыс сөйлейтiн аласа бойлы қара кiсi.
– Сауда қылып жүрмiсiңдер? – дедi, басын кекшите.
– Жоқ, мырза, бiз ол кәсiптiң адамы емеспiз.
– Ендi неге келдiңдер?
– Сiздiң оқуыңызға бала әкелдiм.
– Охо… Қазандағылар мұндай оқуға кiсi жiберудi қашаннан берi ойланып жүр? Қандай сүйкiмдi сөз естiп отырмын, – деп ол орнынан тұрып, отырған екi қонағының алдына қарай жайлап басты.
– Қазандағылардың ойлайтын ойы көп екенiн өмiр-дiң өзi көрсетiп келедi. Бiздiң Петр қаласынан оқитынымыз көп. Мейрiмiңiзден үлес алсақ әзiрге бiрiн әкелiп отырмыз.
– Менi тағы қуантқаныңды қарашы… Татар ма, ұлты кiм?
– Мейiрiмдi Петр қаласы, осындай сұрауды бермесе екен деп құдайдан күнде тiлеймiз. Дядя Иван әфән-дiм. Бұл кiм де болса, сiздiң мектептiң заказымен туған адам. Едiлдегi Добрый-Рабый деген қарт палуанды бiлесiз бе? Бұл соның жiберген кiсiсi.
– Ә… оны неге бiлмеймiн. Иван Васильевичтi айтасыз ба? Мен оны бiлем. Неше рет хат жазып келтiре алмаған кiсiм ғой Ол нағып мұнда кiсi жiберетiн болды… Бұл орыс па?
– Бұл орыс та емес, татар да емес – қазақ.
– А, солай болса, Добрыймен қандай байланысы бар мұның?
– Қандай байланысы барын сiзге жазған хатында айтқан болар. Алдымен сiз мынаны оқыңыз, – деп аласа бойлы татар қойнынан сия қарындашпен iрi жәндiк-тiң сүйегiндей iрi әрiппен сойдита жазған хатты қолына бердi.
«Ұлы дәрежелi, Дядя Иван Лебедев мырза, қанша хат арқылы шақырғаныңызда бара алмағаным үшiн кешiрiм сұраймын. Сiз шын жүрегiңiзбен хат жазған едiңiз. Бара алмадым. Себебi – бұл күнде қаржысыз адам – қанаты жоқ құс сияқты емес пе? Ол қайда бармақ… Екi қанаты жоқ түгiл бiр қанатына оқ тиген құс та жорғалап мекенiнен шыға алмайды. Мен де, сондай-ақ, туып өскен Едiл бойының тоғайынан шыға алмай қалдым. Болмаса бәрiңiздiң өрбiген бесiгiңiздей, Москва мен ұлы Петрдың қаласын бiр көрiп қайтудың өзi әр адамның арманы емес пе! Сондықтан менiң мiндетiмдi орындайтын бiр баланы көп жылдан берi арман етушi едiм. Сiз маған жазған бiр хатыңызда «балаңды жiбер» деген екенсiз. Я, мен баласыз емеспiн. Тәңiрдiң берген екi қыз бiр ұлы бар едi. Бiрақ әкеге тартып ұл, шешеге тартып қыз туа бере ме? Ұлым етiкшi, қыздарым егiншi болып кеттi. Бiр қап картопты күшенiп көтеретiн баламды сiзге несiне жiберейiн. Ол менен туғанымен етiкшiнiң баласы болды. Сондықтан өзiм сияқты, жолымды ұстайтын бiр бала тауып алу арман болып едi. Ол тiлеуiмдi тәңiр бердi, – мына бiр қазақтың баласын жiберiп отырмын. Мүмкiн қадарынша, тiлегiмдi қабыл етiп мектебiңiзге алуыңызды сұраймын.
Я, құрметтi Дядя Иван, замана адамды да ала-құлаға бөлiп, сиырдың бүйрегiндей бөлшектеп, «ұлтың кiм?» дейтiн әдет шығарды. Осының қанша пайдасы барына көп халық түсiнбейдi. Мен де түсiнбеймiн. Мүмкiн сiз – көзiңiз ашық адам болғандықтан түсiнетiн шығарсыз. Сондықтан бұл кiм? Орыс пен қазақтың қандай байланысы бар? – дерсiз: менiңше, ақыл мен күштiң атасы жоқ. Екеуi де елдiң сыбағасы. Баланың күшi менен гөрi басым жатыр. Мұндай жасымда менiң күшiм бұл мөлшерде болған жоқ едi. Көп жылдар бойы ауыр жүк көтерумен, талай күштiмiн деген кiсiмен, азулы аңдармен күресе келе, кейде жығылып, кейде жығып жүрiп Добрый-Рабый қосымша атым шығып едi. Менiң белiм-дi ұстаған оның жап-жас қолы, отыз төрт жыл ұстас-қан қолдың бәрiнен де салмақты тидi. Сондықтан мен адам баласына «атаң кiм?» – демейтiн ұлы Россияның алып туған күшi деп түсiндiм. Сондықтан қорытылмаған құрышты сiздiң мектепке жiберiп отырмын. Әлбетте, қартайғанда сiздiң алдыңызға барған осы тiлегiм орындалар деген үмiтiм күштi», – деп жазыпты, Мұқанның алғашқы күреске алған «батасы» да осы хатта.
Қарт палуанның хатын креслода шалқая отырып оқыған кiсi жалпақ қағазды бетiне ұстап, бiраз ойланып отырды да, орнынан балаша секiрiп тұрды. Есiкке таяу креслода отырған Мұқанға келiп, шабынған арыс-тандай шап берiп ауыр денесiнiң салмағын сала екi иығынан басты. Оның не ойлағанына түсiнбей кәперсiз отырған жiгiт, «мұнысы несi?» дегендей орнынан атып тұрды. Ауыр креслоның арқалығы Дядя Иванның қарнымен Мұқанның жауырынының арасына қыстырылып, арқалаған шөптей қопаң ете қалды да темiрдей бiлегiнiң тегеурiнiн сала қайта отырғызбақ болған кiсi екпiнiнен иығынан асып алдына түстi. Екi пұттық емен креслоның салмағы мен тоғыз пұттық Дядя Иванның дүмпуi үйдiң еденiн бiр солқ еткiздi. Иығын нығырақ қозғаған Мұқан асылған кiсi аунап-ақ кеткен шығар деп едi, ол жүктен секiрген мысықтай адым жер алдына барып дiк ете қалды.
– Ей, мұнша тулағаның не? Өзiң үркек екенсiң ғой…
– Е, өзiңiздiкi не?.. Жай отырған кiсiнiң иығына мысықша секiрiп…
– Мектепке түсетiн кiсiден емтихан алу керек.
– Ол не дегенiң, емтиханың не?
– Күшiңдi байқау…
– Күш байқаған кiсi тышқан аулаған мысықтай, үндемей келiп бас сала ма екен? Белiңе қайыс байла да алдыма кел. Күштi сонан соң байқайсың.
– Оның болбыратып, қазақша араласырып, жуан дауыспен айтқан сөздерiн қазандық татар жайлап түсiндiрдi. Дядя Иван балаша сақылдап күлiп, өзiнiң қызмет столына отырып трубкасын толтыра салып темекiсiн тартты.
– Мұның мектепке төлейтiн ақшасын кiм бередi?
– Қанша төлеу керек едi, мырза?
– Жылына бiр жүз елу сом.
– Мұның өзiнен басқа, креслоға қосып сiздi көтерген күшiнен басқа ешнәрсесi жоқ. Келу қаражатын, бiразға жететiн тамағына деген ақшаны Қазандағы Каримов мырзаның типографиясының жұмысшылары жинап берiп едi. Мектепке де деп аздап ақша берген. Бiрақ өзiңiз көрiп отырсыз, бұған мендей сегiз кiсiнiң тамағы керек. Оның жүз елу сомын сiзге берсе, өзi аш қалады. Сондықтан бұған төлеу пұлын арзандатсаңыз қайтедi?
Дядя Иван аузындағы трубкасын жұлып алып, жерге бiр түкiрiп жiберiп, татарға майлы көзiн қыса қарады.
– Сен Қазанның базарынан шабата саудалап отырсың ба? Бұл мектепке қазына көк тиын бермейдi. Осыған қызмет iстейтiн ондаған адамға мен топырақ берем бе?.. Бiр жылдық ақшасын төлеуге тиiстi, онсыз болмайды…
– Жарайды, мырза жарайды. Ертең ақшасын алып келейiн.
– Ақшасы болса, өзiң келмесең де болады. Мұны мен мектепке алам. Мұның бiр аты – Батрак-Акмолинский…
* * *
Сымғат Мұқанды жатқан үйiне апарып, ұзақ сөй-лестi. Жатқан үйi Яушев деген байдың Петроградтан алатын ұсақ-түйек заттарын дайындап отыратын бiр саудагердiң үйi едi. Қазандағы дүкеншiсiнiң хатын ала келiп, сонда тоқтап қалды. «Егер көбiрек жататын болсақ, бiр орын тауып алармыз», – деп едi. Ендi Сымғат бөгелмей қайтатын болған соң, Мұқанға бiраз кеңесiн айтты:
– Малай, мүмкiншiлiгiң болса, сол мектептiң жатақханасына орналас. Саған әр уақытта орыстармен бiрге болғаның жақсы. Олардың көбi қулық, арамдық дегендi бiлмейдi, ол бiр жағы, ал екiншi жағынан олардың жақсы әдетiн үйрену өте керек. Жатақханада жату аз ғана қаржының үнемдi болуына да жақсы. Қандай бiлiм алсаң да орыс тiлiнде аласың, ол тiлдi солармен бiрге жатсаң, тез үйренесiң. Орыстың тiлi арқылы тiптi шетелдiң кiсiлерiмен сөйлесесiң. Осы мектептi аман-есен бiтiрсең, осы күшiң бойыңда тұрса сен жер жүзiн аралауың анық. Жер жүзiндегi елдердiң палуанымен кездесуiң де мүмкiн. Сонда олармен орыс тiлiнде сөйлесетiн боласың. Зинњар бұл үйде көп жатушы болма!
– Е, мұсылманның үйi қайта тәуiр болмай ма? Мына бiр кемпiр: «Мұсылман екен, айбат малай екен, шәп малай екен», – деп iшi-бауырыма кiрiп тұрады. Осында жата берсем не болады?
– Сен, малай, мұсылман, кәпiр дегенге зинњар құлақ салушы болма, Мұсылмандықты таратып отырған өзiң Қазанда көрген хазiрет. Оған мешiт соғып берген байлар. Айтқан сөзi, оқыған дұғасы сол байлардың малын көбейту жайында. Ал мына кемпiрдiң «мұсылманы» да ақша. Сенi оқығалы келдi деген соң «ақшасы көп қазақтың байларының баласы екен» деп отыр ғой ол мыстан. Ақшаң таусылса сенi мұсылман демейдi. Ертеңнен бастап бұл үйге келушi болма. Мұның бiр жаман жерi, мен кеткен соң, қолыңдағы ақшаны – «қысылып қалдым», деп қажетке алады да бiр ай өткен соң пәтер пұлың, тамағың, деп өзiңдi үйiнен қуып жiбередi. Сен бұл кемпiрдiң аузы күбiрлеп не айтатынына түсiнесiң бе?
– Е, алла-алла демей ме?
– Еш уақытта алла демейдi. Алпыс тиын, алты сом, алпыс тиын, алты сом дейдi. Мен Қазанның татарымын ғой. Мен бұлардың тiлiн жақсы бiлемiн.
– Ой, тоба-ай, ә… Мен асты… асты… дегендi алдалап отыр екен десем, алпыс тиын дейдi екен-ау. Мен ондайды Қазанда да есiттiм. Олар осындай алпыс тиын деп айтушы ма едi?..
– Әрине, бәрiне хазiрет үйреткен. Бұлардың алда дегенi – ақша дегенi. Астапыралла дегенi – алты сом алпыс тиын дегенi. Алла әкбар дегенi – ала бер дегенi. Зинњар жуушы болма деп қағазға орап, iшкi бешпентiне тiгiп алған ақшаны Мұқанға санап бередi. Ол бес жүз жиырма бес сом ақша едi. Соны берiп отырып:
– Малай, бұл жер сенiң қазағыңның даласы емес. Тойғанша жей беретiн қойдың етi де аз. «Тартып iшсең тай қалады. Қойып iшсең қой қалады, қоймай iшсең не қалады?» деген. Тартып iшiп, тарықпайтыныңды ойла. Мен келер жылы тағы бiр келiп, қаржы әкеп беремiн, – дедi Сымғат.
Ертеңiне Дядя Иванның мектебiне шейiн шығарып салып, Сымғат Қазанға қайтып кеттi.
* * *
Мұқан Дядя Иванның конторына кiрiп, жүз елу сом ақшаны төлеген соң, мектеп басқарушы оны ертiп, үлкен бiр үйге кiргiздi. Үйдiң iшiндегi ертегiде Қап тау-ының диюлары сияқты толып жатқан жалаңаш дәулер, неше алуан кереметтi iстеп жатыр екен. Мұқан аузын ашып, сiлейiп тұрды да қалды. Дядя Иван да жақындап барып тоқтады.
Үй зәулiм биiк, екi жүз өгiзге қора болғандай кең сарай екен. Мұқан айнала бiр қарап алды. Онда ағаштан iстеп былғарымен қаптаған ат та тұр. Салбыраған жуан арқан да тұр. Аспанға асып қойған үлкен-үлкен темiр шығыршықтар да тұр. Екi пұттық балға тұр. Асылып секiретiн шарбақ темiр де тұр. Қатарлап тiзген тастай тақтай үстiне қойған кiрдiң тастары да тұр.
Сүймен болғандай жұмыр темiрлер, ұзын-ұзын рельстер жатыр. Таудай опырып-опырып алған сандықтай кесек тастар жатыр. Жуан-жуан жұмыр темiрге кигiзген шойын дөнгелектер жатыр. Орталықта үлкен кiлем жаюлы. Сегiз қанат үйдi үстiне тiккендей дөңгелек қалың тақтай тұр… Екi жалаңаш дәу кiлемнiң үстiнде қаратерге малынысып, аюдай арпалысып жатыр. Бiрiн-бiрi алып ұрады да, арыстандай бас салады. Жатқан дәу аунап түсiп, атып тұрып, басқан дәудi жуан бiлекпен жауырынынан сылқ еткiзiп берiп жiбергенде, ыңқ етiп етпетiнен түсiп жатыр.
Бiр бүйiрдегi үлкен есiк ашылып, ұзын рельске жиырма адамды мiнгiзiп арқалаған бiреу кiрiп келiп, үйдiң iшiн бiр айналып, адамдарды түсiрiп, рельстi жапсарға апарып атып жiбердi. Жалаңаш дәулердiң бәрi де сол дәуге қарап баржиған алақандарын томп-томп соқты.
Аузына ысқырық тiстеген бiреу барып оның қолын ұстады.
– Жарайсың, Дубный, – деп Дядя Иван да қасына барды. Ол үндемей басын изеп, шетке шықты да, он сегiз пұттық ауыр рельспен 20 адам басып қызартқан жауырынын ақ сүлгiмен ысып-ысып жiбердi. Алысып жатқан екi дәуi жеңiсе алмай айрылып, олар да дядя Иванның қасына барды. Нендей ауырды арқалағанын кiм бiлсiн, соның iшiнде жүрген кiсiнiң терлемегенi жоқ, бәрi де суға малшынған қайыстай балбырасып тұр. Жапсарда iлулi тұрған ақ орамалдарын алып, терлерiн сүртiп, үш аяқты емен отырғыштарға аюдай күжiрейiсiп, айнала отырды. Директордың жәрдемшiсi ысқырық тiстеп жүрген кiсi едi. Дядя Иванның қасына келiп сол күнi өткiзiлетiн программасын баяндады. Оның сөзiн тыңдап болып:
– Мен сiздерге жаңа серiк қосқалы келдiм, соны көрсетейiн. Мұңайтпасов азамат, берi кел! – дедi.
Көргендерiн көңiлiне орналастыра алмай, бәрiн де түсiнде көрген елестей көрiп бұл үйдiң iшiн айнала қарап тұрған Мұқан оның даусын естiмедi, жуан тас бағанаға сүйене қарап, сонау бiр шеттегi, үстiн жонған сандықтай төрт тас тиеп, жететiн қайыспен қосып байлап, қаңтарып қойған арбаға қайран қалып тұра бердi.
Дядя Иван алдында тұрған бiр палуанға:
– Барып алып кел. Ол мүмкiн сендерден шошынып та тұрған шығар, – дедi. Жiберген кiсiсi барып күле сөйлеп:
– Аманбысың, азамат. Сенi мырза шақырып жатыр, – деп, сығымдай ұстау әдетке айналған күштi қолымен оң бiлегiнен қыса ұстады. Арбадан әлi көзiн айырмаған жiгiт қысқан қолды сiлкiп жiбердi. Тепкiшек таста тұрған палуан үй еденiне доптай ұшып, дiк түстi.
Кешегi өзiне iстегенiн айтып, күшiнiң көптiгiн мақтап, әңгiме қылып тұрған директор:
Әне, Коляны қағып жiбердi, – дедi.
– Онысы қалай? Өзi тентек пе екен?
– Жоқ. Бейнесi ондайға сәйкес емес. Ол кең даланың асау жiгiтi. Өзi әлi бала, он тоғызға биыл шықты. Денесi бұрын қатты ұстауды көрмегендiктен тосырқағандық. Өзi Едiлдегi Силовян Иван Васильевичпен кү-ресiп көзге түсiптi.
–Оны жығып па? – десiп тұрғандар таңырқай сұ-рады.
– Әңгiме оның жығылу, жығуында емес, менiңше оны жығатын ешкiм жоқ. Бiрақ көп палуандарды көре жүрiп, бiрiн менiң мектебiме ұсынбайтын қарт палуанның ықыласы осы балаға түсуiнде. Оның маған жазған хаты көп ойға қалдырды. Оны кейiн өздерiңе оқырмын. Күшiнiң жойқындығы туралы Киевтен барған цирктiң меңгерушiсi таңдана жазыпты.
– Оны өзiнен сұрау керек екен?
– Оншалық әңгiмелесуге әзiр тiлi жетпейдi. Бiраз тiл үйренген соң сұрай жатармыз. Әзiрше бiрiншi ережесi бойынша сынақтан өткiзейiк, – дедi директор.
Барған палуан қасына қайта жақындамай, қолымен нұсқап, дядя Иванды көрсетiп, ертiп келдi. Отырған палуандар орындарынан тұрып, амандасты. Тек Дубный орнынан тұрмай, Мұқанның қолын қыса ұстап, қасындағы орындықты тартып отырғызды. Оның қысқаны қатаңдау болса да сiлкiп жiбермей, қол күшiн сезбеген кiсiдей жанына отырды. Отырғандар өзара сөйлесiп, жеңiл сынақты қазiр-ақ бастамақ болды. Тақтай үстiнде бес пұттық тастан он қадақтық тасқа шейiн қатар тұрған тастарды көрсетiп:
– Осы тастардың қайсысын екi қолыңа екеуiн ұстап көтере аласың? – дедi директордың жәрдемшiсi.
– Мен мұның бәрiн де көтере алам.
– Сен «бәрiн көтеремдi» қой. Оқушы алдымен он қадақтық екi тасты көтерiп үйренедi. Жарты пұттық екi тасты шынашағымен көтерiп, екi пұттық екi тасты екi қолымен көтеретiн болып мектеп бiтiрген палуандар жаман палуан болып табылмайды. Ал сен бар да, қадақты мiсе тұтпасаң, жарты пұттық екi тасты көтер.
Мұқан тас тұрған тақтайдың жанына барып жағалай қарады. Бәрiнiң де көлемi үлкен емес сияқты. Осының екеуiн көтерудi оқу деп отырған палуандарды «шамалы адамдар» екен ғой деп ойлады. Сығырайған қысық көзiн бiр пұттық тастан жоғары қарай салды да, парлап қойған тастарды ұстап-ұстап көрдi. Алғашқы екi пары әшейiн-ақ зат сияқты көрiндi. Үш пұттық екi тасты «әзiрге осы жарар» дегендей тақтайдан жеп-жеңiл жұлып алып, екi жағына шелек ұстаған кiсiше тұрғандардың алдына келдi.
– Көтергенiң осы ма?
– Ендi қалай?
– Жоқ, бұлай көтеруге болмайды. Дубный, сен көтерiп көрсет мынаған!
Ол тұрып тақтайға барды да, екi пұттық тасты екi қолына ұстап, бiлегiн бүгiп жiберiп лып еткiзiп оң қолымен көтердi. Екi тас екi қолына сырға сияқты iлiнiп, үш басты кiсiдей болды да қалды. Сол бойымен тұрған адамдарды айналып шықты да, жерге тастай бердi.
– Мiне, осылай көтередi, – дедi жәрдемшi.
– Е, ондай кiшкене тасты көтермейтiн несi бар, – деп Мұқан екi пұттық тасты ұстай салып, бiрiн қолын бүктей тiк жоғары көтердi де, екiншiсiн көтере алмай бiлегiне соғып алды.
– Таста, келмей жатып, қирап құрисың, – дедi Дядя Иван. Ызаланған Мұқанның қара терi бұрқ ете қалып: «мұны мен қалай көтере алмадым?» деп қайғырды.
– Бұзауынан көтерiп үйренген жай кiсi, палуан көтере алмайтын атан өгiздi көтередi. Ауырды көтеру үшiн оның әдiсiн үйрену керек. Екi пұттық тасты Дубныйдай көтеру үшiн бұл мектепте екi жыл оқу керек. Әдiссiз көп күш – каналсыз далаға аққан қардың суы сияқты. Не шөгерiп үйретiлмеген түйе сияқты, ондай түйелер не жүктi қиратады, не өзiн қиратады. – дедi мектеп басқарушы.
– Дубныйдың серiгi келдi. Бұл да мектепке келгенде осындай асау едi. Үйрене келiп палуан болды. Екi жыл үйренсе бұл па осындай болады, – дедi жәрдемшi.
Оның сөзiне шала түсiнiп тұрған Мұқан:
– Мен екi тасты көтеру үшiн екi жыл жүрмеймiн. Ертең тап осылай көтерiп берсем бола ма?.. – деп, алдында тұрған, төрт пұттық екi тасты сиырдың топайындай жұлып алып тақтайға қарата атып жiбердi.
– Мынау бiр перi ғой, өзi.. Тастың тұтқасын сындырасың. Орнына жайлап қою керек, – деп күзетшi шал баж ете қалды.
Иә, Мұқан Дядя Иван мектебiне осылай түстi. Бұл мектептiң мақсаты орыс палуандарына французша күрестiң әдiсiн үйрету болды.
* * *
Тұманды ауа сиреп, ашық күннiң сәулесi жер бетiне тегiс түйiр жердiң буы бұрқырап, тамылжып, көктем де жеттi. Қыстай қысылып спорт сарайының iшiне симаған Мұқан алаңға шығып, бiраз сабағын сонда өткi-зетiн болды.
«Келiншектiң бетiн кiм ашса сол ыстық» дегендей, Петербургтен алғаш алдына барған Дядя Иван өз ағасындай ыстық көрiндi. Ол мектепке келген сайын өзiнiң туысы келгендей болып қалушы едi. Бiрақ кейiнгi кезде ол сирек келетiн болды. Палуандар тас көтеру, темiр бұрау, күрестiң неше алуан түрi кеудеге қойып тас сындыру, рельске мiнгiзiп кiсi көтеру, тiсiмен тiстеп арба тарту, шалқасынан жатып үстiнен ат арба жүргiзу сияқтыларды үйрендi. Осының бәрi қара күштiң өктемдiгiмен орындалып жатты. Бiрақ шамалы күштi палуандар Мұқан iстей алмайтын бiраз өнер көрсетедi. Олардың қолында үнемi кiтап болды. Кей уақытта кiтапқа қарап тұрып жаңа бiр ойын шығарды. Жаюлы тұрған кiтабына қанша қараса да Мұқан түгiне түсiне алмады. Соған ызаланып оқығысы келiп, орысша әлiп-пенi сатып алып, өзiмен бiрге жататын Семен деген палуанға:
– Досым, осыны маған үйретшi! – дедi. Ол қуанып қарсы алды. Түннiң көп уақытын өткiзiп, бес әрiп үйреттi. Бiрақ Мұқан «А» деген әрiптен басқасын түнде үйренсе де, күндiз ұмытып қалып, бiрiне-бiрiн шатастырып, дыбыстың түсiн миына бiр үйлестiре алмай-ақ қойды. Семен «үйретпей қойман», деп-ақ соңына түстi. Мұқаннан сұрағанда, «а» деп аузын бiр ашады да, қалғандарын үйренiп жүрген күресiнiң бе, ойын құралдарының ба атын айтып шатастырды.
Ақырында:
– Семен, сен менi әурелемешi. Маған мынауың жүз пұт тас арқаланғаннан ауыр, тағы да кiтаптың iшiнде тышқанның суретi бар екен. Тегi мен бұл кiтапты оқып молда болмай-ақ қояйын, – деп кiтапты Семенның төсегiне қарай лактырып жiбердi. Өзi төсегiне жатып алып, өкiнiштi ойларға кеттi. – «Жасымда неге оқымадым. Әкем құлақтан тартатын молдаға неге бердi екен? Осындай мектептi қазақтар неге ашпайды екен? Адам баласы болған соң бiр тiлде неге сөйлемейдi екен? Жасымнан орыстармен бiрге өссем тiлдi жақсы бiлер едiм-ау… Неғып бiздiң ауыл осы қаланың қасында болмады екен… Оқуды өзге үйренгенде, мен неге үйренбедiм…» Ой елесiн қуа-қуа талып, әзер ұйқтады.
Ертемен тұрғанда бiр түрлi көңiлсiз тұрды. Ойына әлдеқайдағы Сарытеректiң даласы, әкесi, өзiн бауырына басқан әжесi түсiп, ауылын аңсады. Бүгiнгi өтетiн сабақтар оның сүймейтiн сабағы едi, – ағаштан қарғу, темiрге асылу, жiп сатыға өрмелеу – физкультура сабақтары болатын. Соның бiрсыпырасын ойнап үйлестiре алмай, қаратер болып отырғанда, көптен көрмеген Дядя Иван келдi. Оның Дядя Иванды көрiп жылағысы келiп кеттi. Сәлемiн берiп, қолын ұстап тұрып:
– Аға, менi осы бәледен құтқаршы, – дедi.
– Неден? – деп Дядя Иван оның жәбiрленiп тұрған бетiне қарады.
– Мен күресiңнiң бәрiн үйренейiн, кiмдi жық десең соны жығып берейiн. Рельсiңдi иейiн, шыбық темiрдi бұрап берейiн. Елу пұт жүктi арбаңды тiсiммен тартайын. Сегiз пұт кесек тасыңды кеудемде сындырайын, ал осы бiр баланың ойыны менi жүдеттi, бала сияқты ағаш аттан секiртiп, әткеншек, дардың арқанындай шығыршықты салбыраған бәледен менi құтқаршы. Мен соны оқымай-ақ қояйыншы, – дедi жыламсырап. Дядя Иван ежелеп сұрап, түсiндi де, қарқылдап кеп күлдi.
– Мұның саған қанша қиындығы болды?
– Өзi бiр жатқан ұсақ-түйек екен… Талай рет қолымды ауыртып, аяғымды сындырып ала жаздадым.
Дядя Иван оның бетiне тесiле қарап тұрып:
– Жарайды, бұларды iстемей-ақ қой. Бiрақ сағаты бiткенше iстегендердi қарап тұр, – дедi.
* * *
Хат танымайтын Мұқанға палуандық өнердiң ең ауырларын үйренуге тура келдi. Ең жеңiл дегенi – лом темiрдi мойнымен иiп, үш пұттық екi тасты екi қолымен жоғары көтеру едi. Ауырлары: он екi пұттық рельске жиырма бес адам мiнгiзiп иығымен көтеру, кеудесiне қойып төрт пұттық тасты балғамен ұрып уату, екi ат жеккен арбаның, қайыс божысын бiлегiне iлiп тоқтату, кеудесiне тақтай қойып, пар ат жеккен жүктi арбаны үстiнен жүргiзу. Елу пұт жүгi бар арбаны тiсiмен тарту, оған қосымша французша күрестiң алуан әдiсiн үйрену болды. Оның бәрiн кiшкене бөлшектен үйренiп, екi жыл iшiнде шегiне жеткiзу керек едi. Оған Мұқанның шыдамы жетпедi. Бойына бiткен алып күшке жүктеп, уақытпен санаспады. Күнi-түнi үйренетiн залдан шықпай, қара терге малынып, ауырды көтерiп үйрене бердi.
Қол-аяғын жаралап, жосадай қанға батқан күндерi көп болды. Бар ынтасын салып, үйренiп жатқан оқушының оқыс iстерiне мектеп басқарушысы де кешiрiм бердi. Албырт мiнездерi Дядя Иванға бiр түрлi ұнады. Тiлеген уақытында нұсқау берiп күрес өнерiн үйретудi жетекшi палуандарға тапсырды.
– Мына қара дәу бәленi қайтем? Мектеп залына тыныштық болмайтын болды… Iшiне кiредi де, жинаулы темiрдi, тастарды көтередi, лақтырады. Өз-өзiнен жұлынады да жатады. Жинаған орнына бiреуiн де қоймайды. Мезгiлсiз аттарды қорадан алып шығып әуре-лейдi. Мен ол шашып кеткен ауыр бәлелердi қалай орнына қоймақпын? Уа, мырзам, тегi бiр құдайдың бәле-сiне қалдым. Сарайдағы рельстi сұрап едi, мен – рельс қойған бөлменiң кiлтiн жоқ, дедiм.
– Қайда дедi ол.
– Жоғалып қалды, – дедiм мен.
– Неге жоғалтасың? – деп шабынған бурадай үстiме кеп төндi. Тарпа бас салып езiп тастай ма екен деп үрейiм ұшты. Бетiме сығырая қарап тұрды да, тәңiр жарылқап тимедi. Жынданып барып, құлыпты жұлып тастады. Iшiнен рельстi алып шығып, гир тастарын байлап көтерiп, маған:
– Үстiне мiн! – деп ақырды. Мен қорықканымнан мiндiм. Залдың iшiнде олай-бұлай жүрiп, менi түсiрдi де, құдай жарылқап, қайтадан орнына апарып қойды. Онымен қоймады, шалқасынан жатып, екi пұттық бiр тасты кеудесiне қойып маған:
– Ұр балғамен! – дедi. Мен бiр пұттық балғаны қалай көтерем, қашқаннан қашып сiзге келiп отырмын. Бұл мейрам күнiн бiлмейтiн, демалысты бiлмейтiн, не деген қарғыс атқан?.. Тiлегiм болсын сiзден. Менi осы жұмыстан босатыңыз. Мына монғолың менi бiр күнi өлтiредi, – деп жылады. Оған Дядя Иван iшек шiлесi қатып күлдi. Күлiп болып:
– Қазiр қайда өзi? – дедi.
– Соның iшiнде. Жинап қойған тас, темiрдi шашып, жынның ойнағын салып жатыр.
Дядя Иван күзетшiнi ертiп, мектеп залына келгенде терге малшынған Мұқан заттарды орнына жинап, терiн шүберекпен сүртiп тұр екен. Ерiнбей еңбек iстеп, өз өнерiн үйренiп жатқан оқушыға Дядя Иван сөз айтпады. Тек:
– Мұңайтпасов, мұның қалай, мейрамда неге демалмайсың? – дедi. Мұқан жалт қарап, сәлемiн берiп:
– Ағын су көлге құймай дамылдай ма, мырзам. Мен сiздiң мектептi бiтiрмей мейрамды қайтем. Жылда жүз елу сом төлейтiн менiң ақшам қайда? Екi жыл деп жүрем бе сол, Дубный биыл бiтiрем дейдi, мен сонан қалмай үйренiп шығам, – дедi ентiге отырып, шаршаған кейiп-пен.
Дядя Иван оның тершiген қоңыр жүзiне аса бiр мейiрiммен тесiле қарады. Дубный Мұқанмен жасы қатар, кемеге жүк тиеушi болып жүрген жерiнен, айрықша күштiлiгi көзге түсiп, шақыртып алынған жiгiт едi. Ол тұрмысы да мiнезi де өзi сияқты Мұқанға достық көмегiн аяусыз көрсеттi. Бұрын цирктерде бiраз болып, тәжрибе алған Дубный, кесеқ күштi құрбысын өзiне серiк етiп шығаруға ынтықты. Үйренiп жүрген өнерiнiң негiзгi мақсатын сауатты, ақыл иесi Дубный даладан барған Мұқанға түсiндiре бердi.
Келешекте Россия мемлекеттiк күш тұлғасына өкiл болуға ешкiмнiң шегi жоқ Дубныйдың Мұқанға айрықша мейiрiмi түскенiне басқа палуандар таң қалатын.
– Сен қазiр Россияның дара туған палуанысың. Осы қазаққа қаншама уақытыңды бөлiп әуреленесiң. Сонда ол сендей палуан болып шыға ма? – десiп сұрайтын жұрт.
Оған Дубныйдый түсi суи қалып:
– Маған дара туған күштiсiң деп көп кiсi айтады. Ол дұрыс емес Менiң жаратылысым сүймейтiн осындай дөрекi мақтаулар. Менiңше: даралық әсiресе саналы адамға жараспайды. Мүмкiн, санасыз жаратылыстардан – тау шоқысы, жеке шыққан дене теңдесi жоқ, ертегiдегi алаңғасар-алып сияқты дәулерге жарасатын да шығар. Ал ғалым, ақын, батыр, палуан сияқты адамдардың даралығы жараспайды, Олар халық алдында қызмет iстеушiлер.
– Егер таудың шыңы сияқты дара жаратылған болса, оның жанына жан жуымай нендей сыры, қасиетi барын адам ұқпаса, даралық қасиетiн кiм мадақтап, көпке кiм жеткiзбек? Тегi, қасиеттi зат, әсiресе адамдағы қасиет дара болмай жұп болғаны, жұп қана емес – көп болғанын тiлер едiм. Адам адамнан үйренедi. Мен осы теңдес күш кездескелi үйретiп те, үйренiп те жатырмын. Бұл күштiң сағымы менiң талай саңылау қалған жерiмдi бiтедi, Менiң күшiм оның да илеуiн жеткiзген болар. Бұл дара болмағанның пайдасы. Оның күшi шегiне жете ашылған жоқ, өз күшiме теңесiп, күрес әдiсiн түгел үйренген соң, мен онымен күрес-пеймiн, – дедi.
Мұқан мектеп өмiрiнiң алғашқы күндерiнде Дубныйдың әрiден ойлаған достық сырына түсiне алмай жүрдi. «Ешкiмнен жығылмаймын» деп сенген күшi Дубныйдан кем жатқанына ызаланды.
Дубныйды алып ұрып жерге түсiрсе, ол сынаптай бұлт етiп астынан шығып кетедi де, өзiн бүктеп бас салады. Еркiне жiбермей аунатып, жауырынын жерге тигiзедi.
– Бұл дұрыс жыққан жоқ, – деп дауласып та көрдi. Көрiп тұрғандар:
– Дұрыс жықты, сен бұл күрестiң әдiсiн әлi бiл-мейсiң – дедi. Ызаға булыққан Мұқан. Мектептi тастап та кеткiсi келдi. Онысы да үйлеспей, «қашып кеттi» деп айтады деген оймен басылды. Арманы Дубныйды бiр жығу болып, күн-түнi күрестiң әдiсiн ойлайтын болды: «Қалған өмiрiмдi осы мектепте өткiзсем де, осыны жықпай қоймаймын», деген қорытынды жасады. Соңғы кезде Мұқанның балғын денесi болаттай шыңдалып, күш күннен-күнге толыса түсiп едi. Дубныйдан жығылуы да қиындап бара жатты. Ең кейiнгi бiр күресi сағаттан астам созылып жығыса алмай айрылысып кеттi.
– Бұл менi жығады. Бiлмей жүрген бiр әдiсi бар едi, оны үйрендi. Ендi Иван бiреу емес – екеу. Бұл жаратылыста жеке болмасын деп, мен үшiн арнап жаратқан серiгiм, – дедi Дубный.
– Онда мұның аты «Черный Иван» болсын. Бiз мұнан былай солай атайық, – дестi серiктерi. Арманына жақындағанын сезiп, Мұқан бiраз сергiгендей болды. Ұлы Россияның қазақ палуаны мектепке түскенiне бес ай толып, алтыншы айға аяқ басты.
* * *
Тәжiрибе жұмысына дайындалуға мектеп дирекциясы бұйрық бердi. Палуандар әр қалаға бөлiнiп, тiзiм жасалды.
Алтыншы айдың аяғына таман мектеп сарайына көп адам жиналды. Бұрын келмейтiн сағаттарының бауы салбыраған жуан қарындар, шағаладай ақ киген шендi кiсiлер келдi. Дядя Иван ойынды өзi басқарып, оңаша бөлмеде палуандарды сапқа тұрғызып, бiрiншi орынға Дубныйды қойды да, екiншi етiп Мұқанды тұрғызды. Күрестiң жиырма төрт палуаны алпамсадай тiзiлiп спорт залына кiрдi. Мұқан мектепке түскенде жайылымдағы жылқыдай денесiнiң олпы-солпысы көп едi. Оқудағы алты ай жаратқан аттан сұлулап, сымға тарт-қан күмiстей түзеп жiбердi. Iшi тартылып, арыстандай кең кеудесi керiлiп, мойны жуандап, жауырыны қақпақтай, көзге түсiп, бiлектiң бұлшық еттерi теңiз бетiнiң бұйрат толқынындай бiлемделiп тұратын болды. Кең ышқырлы қара трусидiң қырын көмкере байлаған жалпақ қара жiбек белбеу әбден жарасып кеттi.
Палуандарды келген кiсiлердiң алдынан қатар қойып:
– Ұлы дәрежелi мырзалар, ханымдар! Ұлы Россияның қара күштерiнiң алып бейнесi, бiздiң мектептiң оқушылары алпамсадай жиырма төрт жас палуанымыз спорт залынан тәжiрибе жұмысына шыққалы отыр. Бiрiншi Дубный, – дедi Дядя Иван. Қолдар шарт-шұрт соғылды. Палуан бiр қадам iлгерi шығып басын идi.
– Екiншi – Мұңайтпасов Мұқан. Мұны бiздiң оқушы палуандар Черный Иван деп атайды. Дене мөлшерi, күш мөлшерi тең болғандықтан жарасымды қойылған есiм деп, таласпадық.
Қолдар соғыла бастап едi, сағатының бауы салбыраған жуан қарынды бiреудiң:
– Фамилиясы қалай? – деген даусымен соғылған қол бөлiнiп кеттi.
– Мұңайтпасов, – деп Дядя Иван қайталады.
– Қай ұлт? – дедi сөйлеген кiсi зiлдене.
– Қазақ.
– Қайдан келiп калған?.. Кiм жiберген?..
– Самара палуаны Иван Васильевичтiң жiберген кiсiсi.
– Оның екiншi орында тұруы қалай?
– Күш орны солай, мырза.
– Ғажап екен, – дедi даусын бәсеңдете түсiп. Келген кiсiлер еркек, әйел болып өздерi әлденелер айтып сөйлесiп кеттi. Мұқан қозғалмай орнында тұра бердi.
– Ортаға шықсын, – деген дауыс көбейдi. Ортада тұрған Дядя Иван қолымен нұсқап Мұқанды шақырды. Кеудесiн кере, кердеңдей басып, палуан ортаға шықты. Әлi толып жетпеген жас жiгiттiң денесi көпшi-лiкке ұнады. Қол соғу ұзаққа созылып бiр жас қыз қолындағы гүлiн Мұқанға әкелiп бердi. Мұқан гүлдi Дядя Иванға ұстатты да, өзi орнына барып тұрды.
Палуандарды түгел таныстырып болған соң ойындарын бастады, бұл жолы Мұқанның үлесiне тигенi – рельстi ию мен, жиырма бес адам мiнген арбаны, жиырма бес метр жерге тiсiмен тартып апару өнерiн көрсету едi. Ол ойдағыдай орындалды.
Алтын сағаттың бауын салбыратқан манағы жуан қарын – бес қаладағы цирктiң қожасы едi. Ол ойынды көрiп болып, Мұқанды алдына шақырып, жиырма бес сом сый бердi де:
– Мұнан былай көпшiлiкте айтатын атың Черный Иван болсын, – дедi.
Сондықтан Қажымұқан менiң атым,
Көрмедiм маған деген елдiң жатын.
Оқыған ұлы Петр қаласынан
Палуандық әлi есiмде, алған атым.
Сол күресте үш палуанды жығып, Дубныймен жығыса алмай айрылды.
Палуандарды тәжiрибе жұмысын өткiзетiн Одесса қаласындағы мектепке аттандырды. Мұндағы сынақ қорытындысында Дубныйдан Мұқан үнемi жығылғанын қойып, теңелгенiн көрсеттi.
* * *
Мың тоғыз жүз қырық бiрiншi жылы үлкен емен ағаштың саясында, өзiнiң өткiзген өмiрiн ертектей етiп айта отырып, Дубный досын еске түсiрген палуан:
– «Ол менiң бауырым едi. Екеумiз көп жыл бiрге жүрiп, көп елдi бiрге араладық. Жан қиысқан жолдас болдық. Менi палуандыққа шынықтырған ұстазым сол едi. Қайран досты Парижға барған сапардан кейiн көре алмадым», – деп даусы қалтырап шығып едi.
– Ол не дегенiңiз, Қажеке? Ол кiсi әлi тiрi ғой, барып көруiңiзге болады, – дедiм.
– Ол қазiр қайда екен? – деп қуанып кеттi.
– Украинада болуы керек. Сұрастырсақ табуға болады ғой.
– Ойқай, сондай досты ендi бiр көрiп, қолын ұстап екi ауыз сөзiн естiген қандай тамаша болар едi. Тұлғасы адам баласының сұлуы едi. Ондай күштi адам туа бередi дейсiң бе. Осы заманның Рүстем-Дастаны сол едi ғой…
Россияның әр қаласынан келген қырық палуан ай жарым жатып күрестi. Солардың алды: Дубный, екiн-шiсi Мұқан болып аяқталды. Сондағы iрiктелген төрт палуанның бiрi болып Мұқан Петроградқа қайтып келдi, Петроградқа жиналған қырық палуанның отыз тоғызын жығып, бiрiмен жығыса алмай кеткен Дубный бас бәйге мен үлкен күмiс медаль, Мұқан отыз сегiзiн жығып, екеуiмен жығыса алмай екiншi бәйге мен кiшi күмiс медаль тағып қайтты.
Дядя Иван палуандарының табыспен қайтқан ал-ғашқы адымына той жасады. Он бес күн дем алғызып, «Отанға ұят келтiрмейдi» деп төрт палуанды тәжiрбие жұмысына Гамбургтегi мектепке жiбердi.
– Онда барған соң, өнерлерiн көрiп үйрене берiңдер. Күрестiрген кезде сақа палуандарын жықпай, қайтып сендермен күреспейтiндей етiп сығып тастай берiңдер. Ал мектепте оқып жүрген оқушылары мен шетелден келiп жүрген мықтысынғандарын сау жiбермей, доптай ұшыра берiңдер. Бұл күндегi немiстердi билеп отырған серкесымақтары терiс тәрбиеленген бала мiнездi келедi, аз ғана табысы болса конфет ұстаған сәбидей тасынып, қайтып қолынан шықпайтындай өңештерi жыртылғанша айқайлайды, Аз да болса жеңiлiс көрсе өзiнен қуат кеткендей қынжылып азапқа түседi. Палуандарын жығып, жәбiрлемей-ақ, өнерiн үйренiп қайта берсеңдер де болады. Өздерiңе өздерiң өте сақ болыңдар, – дедi Дядя Иван.
– Оқушыларының жығылғанына жәбiрленбей ме?
– Өзiмшiлдiгi күштi ел ғой. Тiптi шетелдiктердi кiсi деп санамайды олар. Атақтылары сау болса кiшiлерiн өлтiрсе де елең қылмайды.
– Сонда немiстiң үлкенiн жығуға болмай ма? – дедi Мұқан.
– Өздерi Россияның палуандарын жығып қайтамыз деп келедi әлi. Күштi сонда көрсетерсiңдер. Сен, рельс иiп, жетпiс пұттық тасты тiсiңмен тартатыныңды көр-сетпей-ақ қой. Өздерiнiң ең күштiсiнiң көтергенiндей-ақ ауырлықты көтер.
– Ал бәрiңе айтатыным, бейбастақтық бiздiң елдiң салты емес. Россияның байырғы әдетiн, салқын қанды сабырлығын ұстай бiлiңдер. Қызба мақтаншылық әр уақытта ұятқа шақыртушы болады. Естерiңнен осыны шығармаңдар… – дедi тәрбиешi.
* * *
Гамбургте үш ай болып, Россия палуандары Петроградқа қайтарда циркте немiстердiң атақты палуандарының өнер көрсететiн үлкен ойыны болды. Олардың программасында күрес жоқ, тек күштерiн көр-сететiн: аюмен күресу, өгiзбен сүзiсу, атты қолына iлiп екi жаққа тарту, сом темiрдi мойнына салып иiп тастау сияқты едi.
– Фон-Кениг, екi қолына екi аттың тiзгiнiн iлiп, оларды екi жаққа айдағанында орнынан қозғалтпай тас-тайды, қазiр сол ойынын көрсетедi, – дегенде немiстер:
– Хаил! – деп шу ете қалды.
Үстi-басын қайыспен шандып тастаған екi атты әкелiп, екi адам ұстап тұра қалды. Еңгезердей немiс сыбанған күйi келiп, аттардың құйрығына тақап, шығыршық өткiзген жалпақ қайысқа екi бiлегiн iлiп, артқы аяқтарына аяғын тақай талтая тұрды. Қоңырау шылдырлап, қамшы шарт ете қалды. Екi ат та екi жак-қа сүйрей тартты. Фон-Кенигтiң қапсыра iлiнген қолы екi аттан, қимылдауға мұршасын келтiрмедi. Көрушiлер шуылдап қолдарын соққанда цирктi жаңғырықтырып жiбердi.
«Мынаны көрдiң бе?» – дегендей әдемi костюм киiп көзiн жымита қарап отырған орысты, аузына жуан трубка тiстеген ұзын бойлы немiс бүйiрден түртiп қалды. Ол түрткен қолды шап берiп ұстай алды да, қышқаштай қысып жiберiп, мойнын бұрып бетiне қарады. Немiстiң аузындағы трубкасы жерге түсiп, iшi ауырған кiсiдей бет-аузы тыржиып, орнынан ұшып түрегелдi. Орыс оның қолын аздап босатып:
– Бүйiрiме неге түртесiң? – дедi орнынан қозғалмай.
– Ананы қара дегенiм ғой… – дедi немiс мiңгiрлеп.
– Онда не бар?
– Орыстарда осындай күштi палуан бар ма?
– Бiзде ме… асау арыстанның аузын айырып, жабайы пiлдiң құйрығынан ұстап тоқтатындар толып жатыр. Түйенi қолтықтап, өгiздi өңгеретiндер бар. Аттың қозғалатын аяғын тiреп тұрып, басын тұқыртып қайыспен тартып қозғалтпаған күштiлiк пе екен!..
– Ал сенiңше қалай?
– Құйрығынан ұстап тоқтату керек. Екеуiнiң тiлiн әзер аударып жеткiзiп отырған бiреу, құйрығын деген орыс сөзiн түсiндiре алмай, әбден дал болды. Мұқан түсiндiру үшiн немiстiң шалбарының артын бұрап көрсеткелi қолын сала бергенде, ол қарғып түсiп, қасында отырған әйелдiң аяғын басып кеттi. Әйел елдi даурықтырып, шу көтердi. Төтенше полицей келiп дауды сұрастырды. Түсiне келе атты құйрығынан ұстап тоқтату керек деген оған да таң көрiнiп, цирктiң басқарушысын шақырды. Оған да таң көрiнiп:
– Ондай адам қайда? – дедi.
– Россияда.
– Кiм деген адам?
– Ондай толып жатыр.
– Сен тоқтата аласың ба?
– Мен де тоқтатам.
– Екi атты ма, бiр атты ма?
– Екi атты тоқтатам.
– Ал ортаға шық.
Мұқан сөзге келмей-ақ костюмiн шешiп ортаға шықты. Қораға кеткен аттарды қайта алып келдi. Отырған көрермендер өзара сөйлесiп таңырқасуда.
– Ал құйрығынан ұстап тоқтата қой.
– Қайыстарын алып тастаңдар.
– Тұра берсiн.
– Жоқ тұрмасын. Сендер шығыршығынан ұстадың деп мойындамайсыңдар. Аттың басын да адамға ұстатпай, бос қоя берiңдер!
– Рушланд қолыңды жұлып әкетедi…
– Онда жұмысың болмасын. Бiрақ аттың құйрығы жұлынып, бiр жерi майып болса менен құнын дауламайтын боласың. Сондықтан қолыңнан тiлхат бер.
– Қолың жұлынып кетсе бiз де жауапты емеспiз.
– Әбден болады.
Цирктiң басқарушысы қойын дәптерiнiң екi тарақ қағазына екi тiлхат жазып, бiрiн Мұқанның қолына ұстатып, екiншiсiне қол қойдырып өзi алды. Оған шейiн даурығып отырған жұрт бiрiнен-бiрi сұрап, егестiң не туралы болып жатқанын, орыстың оқушы палуанының қойған шартына қайран қалысты. Үстiндегi қайыстары ағытылып, айқасып тұрған екi атың құйрығын бiлегiне орап тұра қалды. Қоңырау сылдырағанда шыбыртқы шарт ете қалды. Еркiн тұрған аттар жұла жөнелгенде еңкейе берiп тартып қалды. Екi аттың басы да секең ете түскенде әйелдер: – «Рушланд капут» десiп көздерiн жұмды. Шолақ құйрықты бiлегiне орай екi құйымшақты түптете ұстаған қол сiлкiп жiбергенде, шоңқайған төбеттей аттардың бөксесi түйiсе шоқиып отырып қалды.
– Мiне, атты осылай тоқтату керек. Бұл ат қана. Пiлдi құйрығынан ұстап бүк түсiретiн орыстар Россияда толып жатыр, – дедi ұстаған жерiнiң қылшығы қолына жабысып шыққан Мұқан шоңқиған аттарды орнынан тұрғызып жатып. Ойламаған күштi көзiмен көрген немiстер орындарынан ұшып-ұшып тұрып, сiлейiп қатты да қалды.
– Мынаны мойнына салып ие де аласың ба? – дедi бiр немiс, отырған орнына кетiп бара жатқан орысқа, екi кезден кесiлген сом темiрдi көрсетiп.
– Бұл баланың ойыншығы. Мен ол үшiн мойнымды кiрлетпеймiн, – деп бiрiн қолына ұстады да, шыбықтай иiп, доғалатып тастай салды.
– Оның не! Тиiстi ойынға дайындалған темiрдi неге бүлдiрдiң? – дедi цирк басқарушысы қынжыла кеп сөйлеп.
– Мынауың, иiп көр дедi ғой?
– Оны қолымен имейдi, – мойнына салып иедi, – деп бастық өз желкесiн қолымен көрсеттi. Мұқан темiрлер тұрған тақтайдың қасына барып бiрiн қолына ұстады да:
– Бұл баланың ойыншығы. Бұл үшiн күш жұмсаудың керегi жоқ, – дедi Мұқан бiр жуан темiрдi көрсетiп. – Бiздiң палуандар мойнына мынадай құрыштарыңды галстук қылып орайды – деп бiрiн мойнына салып, екi бұрап галстук қылып орап тастады. Таңданған цирк басқарушысы басын шайқап, отырған көпшiлiкке қарап, әлдененi айтып, Мұқанды қолынан ұстап тұрып, айнала отырған елге көрсеттi. Ойын тарқап, келесi күнi палуандар Россияға қайтты. Бiрақ не болса соны дәрiп-теп жазатын немiс газеттерi бұл туралы ешнәрсе жазбады. Жазбаса да көздерiмен көрген көпшiлiк ертегiдей аңыз етiп айтып, елге тарата бердi.
– Орыстың күштiлiгi бiзден артық. Бiздiн палуандарымыз күштен де әдiстi көп қолданады деген бiреу-лердi полицейлер саяси айыпкер есебiнде қамап тастады, – дестi жұрт.
* * *

Петербургке қайтып келген соң мектеп кеңесiнiң мәжiлiсi болып, мектеп бiтiрген палуандарды өнердiн әр түрiне қарай бөлдi. Шетелдiң циркiне жiберуге төрт кiсiнiң атын атады. Атақты Дубный, Сiбiрдiң Димитрий Мартыновы, Сахалиннiң Иван-Қоренi, ең кiшiсi Мұқан едi. Сөз алған Петербург циркiнiң қожасы:
– Осыған Россияның iшi де жарайды ғой, соны шетке шығарып қайтемiз, – дедi.
Кеңеске араласып отырған Дубный:
– Егер Мұқан шықпаса, шетелге мен де бармаймын. Оның шықпайтын себебiн түсiндiрiңiздер! – дедi.
– Шетке шыққан Россияның әрбiр азаматы, Отанның арын көздiң қарашығындай сақтауы керек. Ең арысы жатпен күрескен жетi жасар баламыз болса да жеңiп шығуы керек. Сондықтан шетке шығаратын палуан сенiмдi болуы өте қажет. Ұлы орыс халқының намысына кiр келтiрмейтiн шексiз берiлген саналы адам болуы керек. Оның күшi көп болса да, сауаты жоқ. Сауатсыз күштi адам, қауын берiп үйреткен пiл сияқты. Ондайларды қауын, қарбыз берiп, әркiм ертiп әкетуi мүм-кiн, шынын айтқанда ол орыс емес. Оның дiнi – мұсылман. Мұсылмандар тез азғыш келедi. Сендердi Европаның бiраз мемлекетiн аралатып алған соң, Париж, Стамбул, Индия, Кабулға шығарамыз. Сонда әлдекiмнiң алдауына iлiнiп, абырой алатын жерде жығылып жүрсе, не «мен мұсылман едiм» десе қайтесiң? – деп Дубныйға қарады.
Бастықтың сөзiн зығырданы қайнай отырып тыңдаған Дубный орнынан атып тұрып:
– Бұл ондай адам емес. Сенiң мұсылман, кәпiрiң мен ұлтқа бөлiнуде жұмысы жоқ. Ол қазiрде орыс тiлiн үйрендi. Пiкiрiн толық түсiндiре алатын болды. Бiз Германияға барғанда оның ұлтын сұрағандарға:
– Қазақ, – десек, ол:
– Мен Россияға барған соң қазақ болам, әзiрге ұлтым да, атым да орыс. Әжем: – «Ер ұлт үшiн тумайды, жұрт үшiн туады», «Үйде ауылдың намысын, түзде елдiң намысын ойла», – дейтiн. Патшалығымыз орыс елi болған соң, немiстердiң менi де орыс дегенi дұрыс. Мен оларға орыстың күшiн көрсетем, – дейтiн. Оның айтатын мынадай ертегiсi бар: – «Баласымен екеуi ала өгiзбен ағаш таситын бiр отыншы бар едi. Ала өгiзi екi өгiздiң жүгiн бiр өзi тартатын күштi болды. Баласы ала өгiздiң тартқан ағашына таң қалып: – «Әке, осы құдайды күштi дейдi жұрт, сол құдайдың күшi бiздiң ала өгiздiң күшiнен қалай?» дептi. Оған әкесi ренжiп: – «Әлде адал құдай, әлде арам құдай, көрмеген құдайды ала өгiзге теңемешi», – дептi. Бiздiң қазақ құдайды көзiмен көрмесе сенбейдi, – дейдi. Осындай адамды мұсылман деп шектенуге бола ма? Бiз, кейбiр сатылып жығылатын палуандар туралы әңгiме қылғанымызда: – «Ол арын асқа сатқан айуан-дағы. Ондайды адам деп бола ма? Бiр адамға күшiн сатқан кiсi бiр күн күн көредi. Көп үшiн қызмет еткен кiсi өмiрi аш, жалаңаш бола ма?.. Елдiң намысын қорғап ел үшiн адал еңбек iстесең, олар ас та, ат та, киiм де, ақша да болады. Мен Қызылжардағы адамдарды өлгенiмше ұмытпаймын. Олар менi көрiп қуанып, көзiнен жасы аққан Едiлдегi Добрый-Рабыйды, Қазан қаласындағы iшер асын бөлiп берiп, менi оқуға жiберген жұмысшыларды, туған ағамдай мейрiмдi болған ақылшым болған Дядя Иванды өмi-рiмде ұмытпаймын. Олар маған халық, үшiн күшiңдi жұмсап, абыройын сақта деген болатын. Мен сатылып жығылғанша өлгенiмдi артық көремiн», – дейдi. Осындай адамға шүбәлануға бола ма? Ол сондайлық намыс-қор. «Бiр кiсiден бiр кiсi жығылған өлiм емес пе. Алғаш-қы күрес үйрене алмай жүргенде сенен әрдайым жығылып жүрдiм. Соны намыс қылып өлгiм де келдi. Кейде ашуым келiп, сенi паршалап тастағым да келушi едi. Бiрақ ойлана келсем, менiң жығылғаным сенiң достығыңнан қымбат емес, тек үйренуiм керек екен, үйрендiм. Ендi Россия палуандарын жығам деп келгендердiң әкесiн танытам. Кердеңдеген мақтаншақ, шетелдiң тәкаппар палуандары қолыма бiр тиетiн болса, бүйiрiн төсекке тигiзбейтiндей етiп сыйлаймын», – дейдi. Осындай адамды ұлты орыс емес деуге бола ма? Бұл Отанға ұят келтiрмейдi. Егер ол бармайтын болса, менi тiзiмнен шығарып тастаңдар, мен де шетелге бармаймын. Палуан болмасам – жұмысшы болып та күн көруге болады, – дедi, қатты ренжiген кейiппен өрен палуан Дубный.
Цирктiң қожасы Жаровтан басқасының Мұқанға келтiретiн шегi жоқ едi, Дубный жақтаған соң, бастық та үндемей қалды. Мектептiң ұсынысы бекiдi.

Қажымұқанмын қазақта күшiм асқан,
Палуандықтан айтайын бiраз дастан.
«Орыс палуан» атанып он екi жыл,
Жиырма төрт патшалықтың жерiн басқам.

Парижде

Эстония, Латвия, Австро-Венгрия, Польша, Швейцарияны аралап, талай күрестi көрген Мұқан әбден шынығып жауырыны жерге тимеген атақты палуан болды. Талай палуанның атағын естiп, кездесуге құмарт-қан болса, талай палуандарымен күресiп те, кездесiп те жүрдi. Туған даласын сағынған жiгiт:
«Болып өстiм несiбем менiң түзден,
Кiм бар екен елiнен күдер үзген.
Есiме туған елiм түскен уақта.
Жас домалап түседi екi көзден», –
деп өлең айтатын болды. Денесi толысып, жасы отыздан асты. «Ендi елге қайтпаса болмас», – деп жүргенде Дубный Ригадан бiр топ палуандарымен келдi. Оны көргенде туысқанын көргендей қуанатын Мұқанның әдетi едi, екеуi сайрандап, әңгiмелерiн соқтырды.
– Мұқан, ендi ұзамай Парижге жүремiз. Онда жер жүзiнiң атақты палуаны түгел қатысатын болыпты. Бiз күресiп көрмеген Францияның – Паушины, Италияның – Струментi, Австралияның – Роз-Бакиi, Германияның – Фон-Кенигi, Ганс-Каваны, Англияның – Лон-Пулы, Түрiктiң – Қара Мұстафасы, Қажығалиi, Индияның – Прохфы, Японияның Сар-Кеккиi1 – келмекшi екен. Солармен күресiп, дүние жүзiлiк палуандар алдында күшiмiздiң мөлшерiн көремiз, – дедi. Кездесе алмай жүрген палуандарының атын естiп, Мұқан қатты қуанды. Сағынған елдi де ұмытып жүретiн күндi асыға күттi.
Ертеден кешке дейiн аңсаған, күнi-түнi ойлаған зат түске де кiрмей қоймайды ғой. Күреске ынтыққан Мұқанның түсiне кiретiн де сол күрес. Тiптi адамнан бөлек бiреулермен жұлқысып, аю-арыстандармен алысып жүргенi түн бойы. Кейде айқайлап, төсегiнен ұшып тұратын да әдеттерi болды. Ояна келсе, ешнәрсе жоқ, жанындағы жолдастары:
– Саған не болды? – деседi.
– Түс көрдiм.
– Не түс?
Қара аюмен алысып, бас терiсiн сыпырып тастадым.
– Онда, ертең шошқаның етiн жейсiң, жата ғой, – деп күлiсетiн.
– Жоқ әлгi Парижға қашан жүремiз осы?
– Франция өкiметi ағылшынның палуандарына рұқсат бермей кешiктiрiп жатқан көрiнедi.
– Онда, ағылшындардан қорыққаны ма? Француздар қорықса, бiз-ақ күресемiз ғой.
– Олар палуанынан қорықпайды, досым, жансызынан қорқады. Ағылшындар бiр жаққа қайыршы жiберсе де, қасына шпионын қосып жiберетiн әдетi бар ғой, сонысынан қорыққан болар.
– Сонда шпион палуанмын деп келе ме?
– Палуанмын деп те келедi. Палуандарды басқарушымыз деп те келедi. Тiптi сол палуандарының бiрiне қызметшi болып та жүре бередi.
– Сен барған соң шпионды сезсең маған айтып қой. Мен бiр ыңғайын тауып елiне сүйегiн қайтаратындай қылайын, қайтып палуан арасында жансыз жүрмейтiн болсын.
Орыс палуандарына күмәндануы болмаса да, ағылшын, түрiктермен келiсiп алғаннан соң барып бұларға да рұқсат етiлдi. Дубный, Мұқан, Мартынов, Иван-Корень төртеуi дүние жүзiлiк күреске түспек болып ал-ғашқы рет Парижге жүрiпа кеттi.
Туған елден келген палуандарды тосып алған Россия елшiлiгiнiң кiсiлерi, қонақтарды алдын ала лайықтаған орындарына орналастырып, тиiстi құрметiн iстеп, демалғызды. Басқа елдiң палуандарын өз өкiлдiктерi дәрiптеп, суретке басып, бойының ұзындығын, жауырынының кеңдiгiн көрсетiп, салмағын айтып жарнамалар таратып үлгерген едi. Сол кездеп Франциядағы Россия өкiлдiгiнiң мәдени байланысын басқарып отырған Степан Николаевич Отан намысын барлық өмiрден жоғары ұстайтын кiсi едi. Екi сөзiнiң бiрiнде: «Россияның таласқан итi де жеңiп шыққанын тәуiр көрем», – дейтiн. Сонымен қатар мәдениеттi, ұқыпты адам едi. Россия палуандары қатынасатын жарыс хабарын ал-ғаннан жар құлағы жастыққа тимей, шетелден келген палуандарды қалай да бiр сылтаумен барып көрiп, киген киiмдерiн, күтiмiн бақылап, суретiн басқан жарнамаларын алдырып отырды. Палуандар келетiн күнi, олардың жататын жатақханасына жарнамаларды жағалай жапсырып тастар едi. Палуандардың көзi ерiксiз соларға түстi. Олардың iшiнде аса әшекейленiп iстел-гендерi немiстiкi болатын. Онда үлкен етiп, екi басты самұрықтың суретiн салып, екi жақтауын емен ағаштың жапырағымен көмкерiп, үш палуанның суретiн бiрге салыпты. Ортадағы суреттi өте үлкен етiп көрсетiп, астына – Анс, – бойы төрт кез, иығы бiр жарым, салмағы – он бiр пұт, – деп жазыпты. Екi жағындағысының бiрiн Фон-Кениг деген де, екiншiсiн – Ганс Каван деп жазыпты. Бұл үшеуiнiң ортасына жер шарының суретiн салып, бейне бiр футбол ойнап жатқан тәрiздi етiп келтiрiптi.
– Иә, бiраз салмағы бар екен, – дедi Иван Корень баяулау дауыспен.
– Ол не? – дедi, чемоданынан бiр затын қарап әуреленiп жатқан Мұқан.
– Мына бiр немiстiң палуанын айтамын.
– Неше пұт екен?
– Он бiр пұт.
– Он сегiз пұт темiр иығында шелек көтеретiн иiн ағаш болып жүр емес пе. Оның он бiр пұтына соншалық неге таңырқанасың?
– Темiр, темiр де, бұл әрекет жасайтын адам емес пе?
– Адам болғанда, он бiр пұт түгелiмен күштiң салмағы емес қой, оның iшiнде кебiсi де, iшкен асы да бар ғой. Қобырап тұрған денесi шындап сығылса қу сүйегi қалмай ма? – деп, барбиған бармағымен чемоданын жапты Мұқан.
– Сенiң де күшiңдi көрермiз, Черный, – деп күлдi Иван.
– Көрiнiп келетiн түйедей үлкендi көтерiп соғуға жақсы. Жердiң жарығынан шығатын тышқандай палуанның кiшкенесi жаман. Мен үлкенге таңырқамаймын да, одан қорықпаймын да.
– Е, айтпақшы сенi тышқаннан қорқады дегенi рас па? Әне, төсегiңнiң астында тышқан жүр…
– Ей, айтпа, ондай жаман сөздi… – деп елең еткен Мұқан еңкейiп, темiр төсектiң астына бiр қарап қойып, – мен онан қорықпаймын. Құрғырдың шиқылдағынынан қорқам. Тегi, соның дыбысын есiткiм келмейдi, – деп тұрды да қабырғадағы суреттердi қарады. Олардың арасындағы биiк жарнамаға көзiн сығырайта қарап, «Мынау бастарына қызыл сәукеле киген орақ мұрындар кiм? Көйлектерi қалай ұзын. Қай елдiкi, жазуын оқып жiбершi, Иван», – деп Кореньге қарай бұрылды.
– Олар сенiң туысқандарын, мұсылмандар.
– Қайдағы пұсырман! Мұндай ұзын көйлек, басына сәукеле киген пұсырман бола ма?
– Болады. Бұларды түрiктер деп атайды.
– Е, мұның Қажығалиi қайсы екен?
– Ортада тұрғаны. Мына екi жағындағысы Қара Мұстафа, Мырза Ахмет деген палуандары. Астындағы арабша жазуын Оқымайсың ба?
– Мына толып жатқан шимайдың қайсысы арабшаң? – дедi бiр жазуды сұқ қолымен нұсқап.
– Арабша жазу сол.
– Ей, арабша дегенiң құмға басқан құмырсқаның iзiндей қиқы-жиқы бiрдеме екен ғой. Мұнымен түрiктiң палуанының кiм екенiн айыруды маған құдай бұйыртпады. Бұйыртпаса бұйыртпасын, шиырмен басымды қатырмай-ақ, өздерi келiп қолыма тиер.
– Мүмкiн, оны сен көрмессiң. Сенiмен күреспес те.
– Қалай көрмеймiн. Олар күреспесе Парижге шош-қа тағалағалы келе ме?
– Олардың пайдалы жерiнде дiншiлдiгi күштi. Егер сен, өктем шыға бастасаң, олар «мұсылманбыз» деп күреспей қояды.
– Бел ұстасқан күш әкесiн танымайды дейдi, әжем. Әкесiн танымайтын күрес, пұсырманды (бұл Мұқанның өз тiлi) не қылсын. Мен жығылып құдайдан иман сұрамаймын, – дедi қабағын түйiп.
* * *
Палуандар моншаға түсiп, киiмiн ауыстырған соң олардың тұлғаларымен танысуға Степан Николаевич келдi. Ол өз елiнен келген азаматтарды сағынған бауырмалдықпен қарсы алды. Ел тұрмысын, өз бастарының хал-жайларын, жолай көрген қиыншылықтарын сұрады. Әңгiмелесе отырып:
– Мына күресетiн палуандарыңның аты-жөнi, тұл-ғасымен таныстыңдар ма? – деп жарнамаларға қарай мойын бұрды.
– Я, көрiп жатырмыз.
– Түрiн көрiп, толқыған жүрек жоқ па?
– Сурет көрiп шошитын кiсiнiң күресте несi бар… Бiздiң Миша (Мұқанды жолдастары солай атайтын) «Олардың салмағының жартысы картоп пен су, онысын сығып таста, сүйегi жеңiл болады» дейдi. Сескенген кiсi соны айта ма, мырза?
– Ол қайсысы? – деп қатар отырған палуандардың бетiне қарады.
– Мынау, – деп Дубный қасында отырған Мұқанға бетiн бұрды. Степан Ниқолаевич мейiрiмдi шыраймен қадала қарады.
Бұл қай ұлттан?
– Киргиз.
– Бiз «Киргиз» деп Орал өзенiмен Қытайға жеткенше ен даланы алып жатқан елдi айтамыз. Оның өзi ұлтқа көңiл бөлмегендiктен айтылған сөз. Болмаса, онда қазақ, қырғыз, қарақалпақ, өзбек деген ұлттар бар. Осылардың қайсысынан?
– Қазақ.
– Қай жердегi?
– Есiл бойындағы Сарытерек болысынан.
– Ендi түсiнiктi. Нағыз қазақтың өзi екенсiң. Ол орта жүздiң жерi ғой. Мен бiр кезде Ақмола облысында, Торғайда болғаным бар. Қазақ шыншыл, ақпейiл, меймандос ел. Ешкiмнен Жасқанбай жаңаны жақтағыш ел. Оның Шоқан, Ыбрай сияқты орыс ғылымын сүйген кiсiлерi болған. Бiлдiм ендi.
Мұқанға жақындап, мектептен үйренiп шыққан өнерлерiн сұрай бастады. Ол әңгiмесiнiң аяғында күле сөйлеп:
– Мына палуандардай жарнама жасап, суреттерiңдi көрсетiп, мақтанамыз ба? – дедi. Үндемей қалған палуандарды бiр шолып, Дубный:
– Соның керегi қанша? Бiз суретiмiздi көрсетiп мақтанбай-ақ құдiретiмiздi көрсетсек болмай ма? «Өзiн өзi мақтаған өлiмнiң аз-ақ алдында» деп, мақтаншылық елiмiздiң салты емес.
– Ал басқаларың не айтасың? Сен айтшы, қазақ, Мұқан Мұңайтпасов.
– Дубный дұрыс айтады. Жарнама жазып, көрсеткен аюды алып ұрып, жыға берсем, жарнаманы көрген елдiң өзi жазбай ма?
– Мен де соны ойлап едiм. Түстерiңдi көрсетпей-ақ, күштерiңдi көрсете бер. Бiрақ көп ұлтта Россияны бiр костюмге тықпай, кавказ, украин, сибирьлiктер ұлттық киiмдерiңмен көрiнiңдер. Тек намыстарың бiр болса болады, – дедi Степан. Сөйтiп, әр ұлттың сырт киiмiн дайындатты. Мұқанға қазақтың түйе жүн шекпенi табылмады, сондықтан, басына ақ түбiт қалпақ, үстiне Бұхардың жiбек шапанын кигiздi. Дүние жүзiнiң палуаны жиналған Париждың циркiне Мұқан ала шапанмен кiрдi.
* * *
Халықаралық палуандардың күресiн басқаратын аралас комиссия, алғашқы екi жетiнi сол палуандардың қара күшiн көрсетiп көпшiлiкке таныстыруды ұйғарды. Капитализмнiң тұңғиығына бойлай кiрiп паңдан-ған Европа мемлекеттерiнiң дипломаттары феодализм-нiң жетегiнде жүрген Россияға ұсақ-түйек мiн тағып, күлгiсi келетiн едi. Палуандардың жарнамасын жапсырып, суретiн көрсете алмай отырғанын «бишаралық» деп түсiндi олар. Келгендердiң қонақ үйi болып отырған мемлекет – Франция болса, ол алдыңғы көрiнiске Россияны ұсынды. Россия жағынан комиссияның мүшесi болып кiрген Степан Николаевич бұл ұсынысты ашықтан ашық қабылдамады.
– Бiз қоғам құрылысы мен мәдениетiмiз жағынан Европаның бiраз елiнен кейде қалғанымыз рас. Палуандарының бейнесiн көрсету үшiн кешегi iлiнген жарнамалар Берлин, Лондон, Стамбул сияқты қалалардан басылып келген. Бiз ондай жарнама әкелген жоқпыз. Оның үстiне – Англия, Германия сияқты дүниеге бел-гiлi елдердi аралаған атақты палуанымыз жоқ. Темiр қанат бүркiттiң балапанындай жаңа ғана түлеген жас палуандарымыз көпшiлiктiң алдына кейiнiрек шықса да болады. Олар дүние жүзiлiк күресте сыпыра жығып, жүлде алғалы келген жоқ, өскен елдердiң өнерiнен үлгi алғалы келiп отыр. Россия палуандары ең артынан көрiнсе де болады, оған ренжiмеймiз, – дедi. Мақтаншақ дипломаттар кеуделерiн керiп, бiр-бiр жөткiрiсiп, шiрене түстi де, бұл тiлекке қарсы болмады. «Орыс дегендер тек соғыстағы өлермендiктерi болмаса, бiз сияқты мәдени-техникалық күштердi қайдан бiлсiн», – дестi iштерiнен. Бiрақ бұл ойлары көпке бармай, күрес басталғанша, өзара шектенгендей көрiнiстер байқалды.
* * *
Күрес басталды. Палуандар Париж халқына кеше алуан күштiң кереметiн көрсеттi.
Аузын арандай ашып, ырылдаған арыстанды аяғынан ұстап лақтырып жiбергендерi болды. Кей бiр үйдей үлкен өгiзбен сүзiсiп, ерiксiзден ұлыған иттей шоңқайтып отырғызып кеттi.
Екi пұттық гирдiң тасынан бесеуiн болат шынжыр-ға қосақтап алып жеңiл шардай төбесiнде ойнатқан пал-уандарды көргенде көрушiлердiң есi шығып кеткендей шулады.
Бiлектей темiрдi мойнымен, сом темiрдi тiсiмен майыстырғандарға жиналған халықтар қол соғып құрмет көрсетiстi.
Екi бiлегiне екi аттың қайысын iлiп алып қозғалтпай тұрған палуанды да көрдi жұрт.
Созған қолының алақанына тақтай қойып, төрт адам мiнгiзiп цирктiң шеңберiн айналғандар болды.
Төбесiнен тұрып, аяғының үстiне тақтай қойып, алты адам ойнатқандарды көрдi жұртшылық.
Екi пұттық тасты кеудесiне қойып, жарты пұттық шойын балғамен ұрып сындыртты бiр палуан.
Үндiстан палуаны өз мырзасын үй iшiмен, жайылған дастарқан, құюлы шарабымен дөңгелек тақтайға отыр-ғызып төбесiмен көтерiп келдi көпшiлiктiң алдына.
Африка палуаны отыз пұттық пiлдi иығына тұрғыз-ған бойы көпшiлiктiң алдынан өттi. Тағы толып жат-қан күш өнерiн көрсетушiлердi Париж халқы қошеметтеп қарсы алды. Ойын мерзiмi аяқталып, жұрт тарқарда:
– Ертең Россия палуандарының өнерiн көресiздер, – деп хабарлады цирк басқарушысы. Цирктiң бiрiншi күнi өте көңiлдi өттi. Соғылған қол Париждiң қаласын жаңғықтырды. Өнерiн көрсеткен күш иелерiн әркiм әр түрлi етiп аңызға айналдырып бара жатты.
Келесi күнi цирк маңынан жан жүрiп болар емес. Мерзiмдi сағаты жеткенде қоңырау да безiлдеп қоя бердi. Алуан түрлi халық иiн тiресiп iшке кiрiп жатыр. Жұрт орындарына отырғаннан кейiн цирк ашылғанда орталық шеңбердiн алаңында басқа палуандардың дайындатып қоятын ойын құралдары көрiнбедi. Алаңның қақ жартысын басып дөңгелек, қалың тақтай жатыр. Осыдан басқа көз тартар ешбiр зат жоқ едi.
«Е, бұлар өнерлерiн жүгiрiп, секiрiп көрсетедi екен ғой… онысы күнде көретiн ойындарымыздың бiрi шығар», – деп ойлады отырғандар. Россияның палуандарын күтiп отырғандардың арасына әр түрлi өсектер де лезде тарап жатты. «Орыстар бала-шаға жiберiп, суретiн көрсете алмай отырмыз», дегендi есiткендердiң жiгерi құм болғандай, үмiтi кесiлгендей болды. Оқуды жаңадан бiтiрген палуандар дегендi естiгенде, әйтеуiр: «кiшкене бейнелi бiреулер шығады екен», – деп күттi. Сабыры сарқылған жұрт қолды соққан үстiне соқты.
Әдет бойынша палуандар ортаға шығып, басқарушы олардың атын айтқанда көрермендер бастарын изеп сүйiспеншiлiктерiн бiлдiрер болар едi, бұларда ол жоқ. Самсап келiп тұрған палуандар жоқ. Алаң әлi бос тұр. Әлден уақытта ойынды басқаратын француз шықты.
– Орыс палуандарының күш көрсететiн ойыны бас-талды, тыныштық, сақтауларыңызды сұраймын, – дедi. Елеңдеген ел, цирктiң қосалқы есiгiне қарасты. Он сегiз пұттық рельске цирктiң жиырма бес қызметшiсiн мiнгiзiп, денесiнiң бұлшық еттерi бiлеуленiп бiреу шықты. Жайлап келiп басқан аяғынан ешқандай ауырлықтың әсерi бiлiнбейдi, бейнебiр мереке маршына ерiп келе жатқан әскердiң адымы сияқтанады. Жан-жағына паңдана қараған ол ортаға келiп тұрған кезде:
– Шығыс Европаның үздiк атағын алған орыс пал-уаны Дубный осы, – дегенде алдыңғы қатарда отыр-ғандардың үрейi ұшып кеткендей болды. Ал қалың көпшiлiктiң дүбiрi цирктi жарып жiбергендей.
Палуан алаңды бiр айналып ортаға тұрды да, отырған елден тағы бiрнеше кiсi шақырып, рельстiң екi басын бастырды. Қырық кiсiнiң салмағымен иiлген рельс-тiң екi басы жерге тидi. Сонша салмаққа бүгiлмеген алып тұлға темiрден құйған мүсiндей болып көрiндi. Оның артынан сегiз пұттықтан екi сандық тасты қолтықтап, екi пұттық шойын балғаны тiсiмен тiстеп келген палуанды:
– Дмитрий Мартынов, – деп таныстырды көпшi-лiкке. Сәлден кейiн бес пұттық екi гирдiң тасын екi шынашағына iлiп, резинка доптай ойнаған күйi келiп кiрген палуанды:
– Бұл – сахалиндiк Иван-Корень, – дедi цирк басқарушысы. Соңғы екi палуан осындай ауыр заттарды көтере келiп көпшiлiкке күштерiн көрсетiп өткеннен кейiн, басында айыр қалпағы бар, үстiне ала жiбек шапан киiп, жалпылдақ жүндi үлкен айыр өркеш атанға мiнген бiреу шықты. Бұл көрiнiс Европа елiне Шың-ғыс хан тiрiлiп қайта келгендей болды. Балалар шуылдап, үлкендердiң соққан қолдары оның аты-жөнiн айтуға да мұрша бермедi. Отырғандар орындарынан тұрып, бiрiнiң иығына бiрi асылып, таңырқай қарап, көпшiлiктiң дүбiрiнен цирктiң iшi дауыл соққандай болды. Бiрақ онымен палуанның жұмысы болмады. Түйеден түсе қалып, оның алдыңғы екi аяғын балтырымен қағып жiберiп:
– Шөк, – дедi. Иығынан қапсыра ұстап, тұқырта басқан құдiреттi қол атанды «мыңқ» дегiзiп, шегерiп тастады. Жүндес сирақтарының бүктесiнiне қайысты iлiп жiберiп, баурына салған мықты қайыстан ұстап түйенi өз иығына қағып салды да, көтерген бойымен цирктен қайта шығып кеттi. Көзiн қадап, анталап тұрған жұрт қалай көтерiп әкеткенiн де бiлмей қалды. Палуанды қайта шақырған көпшiлiктiң үнi цирктiң iшiн жаң-ғыртып жiбердi.
– Қайда әлгi алып шақыршы өзiн, анықтап көрейiк! – деген дауыстарға:
– Сабыр етiңiздер, келедi қазiр, – деп булықты бас-қарушы. Қайта көруге асығып, есiкке қарай үңiлген ел палуанның ақ қалпағы көрiне бергенде-ақ қолдарын соғып цирктiң iшiн барабанның шанағындай гүрсiл-деттi.
Ағаштың үгiндiсiн төсеген орталық алаңға әкелiп салған тақтайды сүйемдей жерге батыра, арбаны тiсiмен тартқан алып ортаға келiп тұра қалды. Арбаға жабыл-ған ақ жабудың төрт жағына бiрдей етiп төрт тiлде қарамен жазған жазу бар. – «Арбаның салмағы жетпiс бес пұт», деген жазу айқын көрiнiп тұр.
– Шығыс Европаның үздiк атағын алған Россия палуаны Мұқан Мұңайтпасов… – дедi басқарушы.
– Бұл орыс емес, – маңғұл ғой өзi… – деген дауыстар тұс-тұстан шықты.
– Я, не мангул – рус, из қазахской степи, – дедi қоңыр дауысты палуан. Музыка жайлап алуан түрлi үнмен ойнай бастады да, үн ырғағымен орыс палуандары өнерлерiн көрсете бердi.
* * *
Қаласын кездiм талай дүниенiң,
Таныттым менi туған қазақ елiн.
Үстiмнен жүктi автобус жүрген уақта,
Сонда да қайыспаған қайран белiм… –
дейтiн Қажекең.
Сом темiрдi мойнына бұрап, галстук ету Мұқанның жеңiл өнерiнiң бiрi едi. Оны жұрт көрдi. Кенет музыка долдана тартылды. Жатқан сандық тасты төрт кiсi әзер көтерiп келiп, Мұқанның қап төселген кеудесiне қонды.
– Кәне, кiм ұрып сындыра алады осы тасты? – деген көпшiлiкке сұрау қойылды.
– Мен ұрамын, – деп келген бiраз адамдар екi пұт балғаның сабын ұстап, басын көтере алмай тастай бердi. Көзi жымиып, екi алақанымен тастың екi шетiн ептеп көтерiп палуан жатыр. Жалаңаш кеудесiне қойылған сегiз пұт тасты ұрып сындыру да көп адамға оңай тимейтiндей едi.
– Мен көрейiн, – деп үндiлiк Риға-Рибер деген пал-уан балғаның сабын ұстады. Тасты бiр ұрғанда сындыру шарт едi. Кәрi бүркiттей тұмсығы оралған алып балғаны құлашын кере көтердi. Ол сонау түксiз арыстанның кеудесiндей көрiнiп жатқан денеге гүрс ете қалмақшы. Нажағайы жарылмай түйiлген бұлттай булығып, музыка үнiн өшiре қалды. Мыңдаған көздер көтерiлген балғаға қадалды. Қауiптi көрiнiске көз тоқтата алмай, бетiн қолымен баса қалған сан адам болды. Тынған музыка жарылған бомбадай шаңқ еттi. Шойын балға тиген тастан бiр құшақ ұшқын жарқ еттi. Екi бөлiнген қара тасты алақанымен атып жiберiп палуан орнынан ұшып тұрды.
– «Дегенмен мәдениетсiздеу ойын екен…» – дедi немiстiң бас палуаны тыжырына қарап.
– Россияның есейген палуанын iздеп, мыналарды олқысынып отырған бiздiң палуандар ендi не дер екен? Осындай күшi бар жас палуандарын әлде болса да жығамыз деген үмiтте ме екен? – дестi шетелдiң дипломаттары өзара күңкiлдесiп.
– Ертең күрес басталады, қапы қалмаңыздар, – дедi цирк басқарушы, тарағалы орындарынан тұрған көп-шiлiкке. Париждегi халықтың сол күнгi әңгiмесi тек орыс палуандарының теңдесi жоқ күштерi болды.
* * *
Цирктiң билетi мөлшерсiз қымбаттады. Жұмысшының жетi күн iстеп тапқан ақшасы циркке бiр кiруге зорға жететiн болды. Оның үстiне ертемен барып билеттi саудагерлер жинап алып, кешке екi бағасына сататын. Сондықтан жұмысшылар тек түйе көтерiп, рельс иген орыс палуандары күресетiн күндi ғана аңдыды, циркке кезекпен кiрiп, көргендерiн бiрiне бiрi айтып берiп тұрды.
Күресетiн қырық төрт палуанның екеуi орыстар көтерген рельстi көтеремiз деп мертiгiп, қатардан шығып қалды. Қалған қырық екi палуанның күресi бас-талғанда, алғашқы он күнiнде орыстың не жығып, не жығылмайтын екi палуаны үздiксiз қатынасып отырды. Олар Дубный мен Мұқан едi. Бұл екеуiне дәрiгерлер рұқсат етпегендiктен тек күрескендердi көрiп отыратын болды. Үндiстанның палуанын араб палуаны, арабты түрiк палуаны, италиянды ағылшын палуаны, ағылшынды немiс палуаны, немiстi француз палуаны, француз палуанын түрiк жығып, күшi басымдардың шоқтығы көрiнiп-ақ қалды. Қолданатын әдiстерiнiң де бетi ашылды. Орыстың екi палуанының күреске қатынасуын сұраған жұрттың тiлегi көбейдi. Кейiн iркiлген палуандар күреске қатыспайтын болды.
– Палуан өнерiн үйрену үшiн Россиядан шығып, шетелден ұстаз iздемеймiн, туған елiмдегi тәрбиешiлер маған жетедi, – деген Дубныйдың сөзi өте орынды айтылған сөз едi. Әлемдiк чемпион атағын жетi рет алған Иван Дубный өз Отаны туралы қателеспедi, Дядя Иванның мектебi орыс палуандарын заманаға сай етiп тәр-биеледi. Күрестiң сыпайы түрi – французша күреске мүлтiксiз жетiлдiргенi сонша, «ұстаздан шәкiрт озды», дегендi Парижде көзге жарқын көрсете бiлдi.
Мұнда «дес бергенде, сәтi түсе қалған», кездейсоқ ешнәрсе жоқ едi. Қол жеткен табыс – өктем күш, жете үйретiлген шеберлiкке байланысты болды.
Iрiктелген палуандар екi топқа бөлiндi. Оның бiрiн-шiсi – салмағы бес пұт, он үш қадаққа шейiн тартатындар олар жеңiл күресте, Париждың чемпион атағын алмақшылар. Екiншi топ – салмағына сай, ауыр күреске қатынасушылар. Олардың үздiк шыққаны әлемдiк чемпион атағын алады. Орыстың екi палуаны сол екiншi топқа қосылды.
«Николаны жыға қоятын жан әлi туа қоймаған шы-ғар» дестi, отырған жұрттар алыптың аты аталғанда. Цирктiң төбесi төңкерiлiп түскендей болып қол соғылды, сол алыптың тұлғасы орталықтан көрiнгенде. Бiрақ күрес ойлаған жерден шықпады. Арыстанша арсылдай ұмтылған Николаның мойны Дубныйдын құрыш қолына iлiктi де, иығынан асыра атып жiбердi. Оның ауыр денесi құлаған жартастай кiлем үстiне сарт ете түстi. Палуандардың күресiне қадала қарап отырған жұрт Николаның қалай жығылғанын сезбей де қалды. Құлаған Николаның басынан аттап бара жатқан Дубныйды көргендер қолдарын шапалақтап сүйiспеншiлiктерiн бiлдiрiп жатты.
– Ертең жауырының жерге тиетiн күн екенiне сене бер, – дедi, жарты сағат шабуыл жасап, алуан әдiсiнiң бiрiн iске асыра алмаған ызалы палуан – Рауль, айрылысып бара жатып.
– Алжасып айтпасаң болғаны! – дедi оның барлық әдiсiн көңiлiне түйген Дубный қолын көтерiп. Ертеңiне күрес алаңына Рауль әндетiп келдi. Ол өзiн асқақ ұстап, жан-жағына тәкаппарлана қарауда.
– Мен мұның осы үнiн танауынан шығарам, – дедi Дубный жанындағы серiгiне күле қарап.
Қоңырау қағылды, палуандар алаңға шықты.
Бiлеуленген бұлшық еттi құрыш қолдар бiр-бiрiне созыла бергенде, Дубный тәкаппарсынған палуанды арыстандай бас салды.
Бұл кездесуде өзiнiң жеңiсiнен басқаны ойламаған Рауль, қайратын қайырып, денесiн қусырып бара жатқан күштi көктен түскен құрсау шығар деп ұғынды. Суық ұрған шөптей сом денесi босап, қол-аяғының дәрменi кетiп, сығымдалған мақтадай жыйырылып, Дубныйдың қолтығына кiрдi де, кiлем ортасына жамбастай сұлады. Еркiн күштi айрықша шеберлiкпен жұм-саған орыстың жас палуанына Париж халқы әрi сүйiндi, әрi таң қалды. Бiрақ жерде жатқан екi палуан тез айрылыса қоймады. Жамбастата басқан орыс палуаны бiр қолын қолтық астына сүңгiтiп жiберiп, бiр қолымен мойнын орай сығып, тырп еткiзбей жата бердi. Оның жауырынын жерге тигiзу үшiн де асықпады. Қараушылар үшiн сондай бiр мәнерлi сыпайы шабуыл болды. Бiрақ Раульдiң тынысы минут сайын тарыла бердi. Кеудесiн қышқаштай қысып жатқан Дубный ойнап жатқан баладай сыбырлай сөйлеп:
– Бұл ыстық құшағым сенiң тәкаппарлығың үшiн, сенi такаппар етiп тәрбиелеген Париж үшiн! – дедi.
Қырық екi минут өткенде Рауль қырылдай үн шығарып:
– Мынау менi босатсын, төтенше айтайын дегенiм бар, – деп сұрады төрешiден.
– Жо.. қ… ол болмайды! Бұл қашып кетудiң айласы, – дедi Дубный. Ол зарланып қоймаған соң төрешi босаттырды. Есеңгiреп қалған Рауль төрешiнiң столына сүйене тұрып, күрестi ендi созудың керегi жоғын айтты да, көпшiлiктiң арасына кiрiп кеттi. Оны пiрiм деп санайтын офицерлер қызынып: «Мың франк бере-мiз, қайта түс күреске» – деп шулады. Бiрақ Рауль басын шайқап, күрес алаңына жуымады. Ондағы қулығы «жауырыным жерге тимей кеттiм» деу едi. Оған Дубный көнбедi:
– Бiз орыс жұрты майданнан қашқанды жеңiлдi деп есептеймiз, Рауль жығылды, оған мойындауы керек, – дедi. Оның өзiн қостаған үндер цирктi жаңғыртып жiбердi. Басқарып жүрген төрешi көптiң ұйғарғанын орындады.
– Ертеңгi күрес – Мұқан мен Қажығалидан басталады, – деп жариялады цирк басқарушысы. Ел ертеңгi билеттi цирктен сол түнi сатып алысып тарқады. Сын-ға түсетiн Мұқанға Дубныйдың Николаны жыққаны елестедi де тұрды.
* * *
Париждың орталық бағын сайрандап қайтатын палуандардың күндегi әдетi болатын. Мұқан ала шапан, ақ қалпағын киген күйi күмiс шақшасын қолына ұстап, бақ iшiнде келе жатты. Күнде бiрге жүретiн Дубный Россия өкiлдiгiне кетiп, бүгiн жалғыз едi. Хауызды қалың ағаштың жанына бара бергенде күтпеген жерден көлденеңдеп шашақты қызыл тақия киген екi түрiк шыға келдi де:
– Туған, сәлем! – десiп, қолдарын қусыра аман-дасты. Әлденелердi ойлап жай басып келе жатқан Мұқан лажсыз бөгелiңкiреп:
– Сәлем, сәлем! – деп бетiне қарады. Бiреуi өзiмен кеше күресiп жығылған Қара Мұстафа екен де, екiншiсi сұлу киiнген түрiктiң бiреуi екен. Шыққан жағына қарай қолдарын ұсынып:
– Мархаба, мархаба! – дестi. Ағаш арасындары саяжайдан дабырлап сөйлеген бiр топ түрiктердiң үнi шықкан жақты көрсетiп. Екi түрiк екi жағынан қолтықтап, солардың алдына алып келдi. Ол жерде жетi-сегiз түрiк бас құрап, ортасында басына ақ жiбек кiшкене сәлде орап, жыға шанышқан бегi де бар екен. Кальянға темекiнi үйе салып, кеңiрдек резинкамен кезек тартып бұрқыратып отыр. Бегiнен басқасы орындарынан тұ-рып, «мархаба» айтысып амандасты. Өзара араб тiлiмен сөйлесiп, қарқылдасып күлiсiп алды. Олардың не айтып, не қойғанына Мұқан түсiнген жоқ. Дене бiтiмiне, алып тұлғасына бегi сұқтана қарады. Ол кезде Мұқанның құлақ, мұрны аман, семiрiп денесi бұзылмаған сұлу кезi болатын. Иiнi тақтадай жалпақ, кеудесi кебежедей керiлiп шығыңқы, жуандамаған мойнынан басы үлкен көрiнiп, тiк қарағаны бейнебiр арыстан сияқты едi. Мұны көрген бегi, айнала қарап:
– Гох говел егит ња… – дедi жанындағыларға. Түрiк тiлi бұған түсiнiктi болар деп ойлаған бiрi:
– Сен мұсылман, қардаш, Түркистан дұр, – дедi Мұқанның жауырынын сипай тұрып. Оның не айтқанына толық түсiнбеген Мұқан ойланып тұрып, тұрып:
– Я не понял, – дедi орысша. Түрiктер тағы араб, түрiк тiлiн араластырып өзара бiраз қаудырласып алды. Ойланып қалған бек орысша сөйледi:
– Сен түрiк нәсiлдi, мұсылмансың ғой? – дедi.
– Иә, пұсырманмын.
– Сендердiң әкiмдерiң орыс емес пе?
– Я, әкiмiмiз орыс, болысымыз қазақ.
– Сендерде мешiт, медресе болмайды емес пе?
– Бiздiң қазаққа олардың керегi де жоқ. Көшпелi ел болған соң, қайтсiн, түйеге артып алып жүре ала ма?
– Сауда, саудагерлерiң де жоқ. Сендерде тұрғылықты базар да болмайды ғой?
– Ой, саудагерлер деген судың балығы емес пе… Ел бар жерде олар бар. Бiрақ қазақтың жек көретiнi сауда. Сауда деген алдау, өтiрiк айту емес пе? Бiздiң ел ондайды сүймейдi.
– Сен орысты жақсы көресiң бе, мұсылманды жақсы көресiң бе?
– Мен кiсiнi алдап өтiрiк айтпайтынды жақсы көремiн.
– Ендеше, өтiрiк айтпайтын мұсылман ғой?
– Әй, қайдам… Әжем айтушы едi: «Бiздiң елде пайғамбардың әулетi қожа болыпты. Елдiң малы көп ұрланып, табылмай кете бередi екен. Бiр қазақ қожаның түнде қайырған тасбесiн тыңдаса:
Айналайын тасбым сенен,
Күмән етпес ешкiм менен.
Менiң нәпсiм болды бәле,
Жетiде жеймiн бiр тана.
Иллалањи иллалла, –
дептi. Сондай пұсырмандар толып жатыр. Оны өтiрiк айтпайды дегенге кiм нанады… Қой мен кетейiн, – деп Мұқан отырған орнынан тұрды.
– Сен кiшкене сабыр ет, туғаным. Қайда бармақшы едiң?
– Кешке күресiм бар. Мына сусын сататын жерден бес-алты шөлмек сыра iшем де қайтам.
– Ол осында да бар. Кәне, туғанмен танысқанымыз үшiн тањли шараптан құйып жiберiңдер, – деп бек кiсiлерiне қарады. «Мұқан арақ, сыра, шарапты – тұқыл шарап дейтiн, сол түрiктердiң «тањли шарап» деген сөзiн қызық көрiп айтып кеттiм дер болар едi.
Хауыздың салқын суына салып қойған үлкен күмiс көзенi алып келiп, күмiс кеселерге толтыра-толтыра қызыл шарапты құйды. Түрiктермен соғыстырып екi рет тартып жiбергенде Мұқанның шекесiнен тер бұрқ ете қалды. Басындағы ақ қалпақты жұлып алып, бетiн желпiп-желпiп жiбердi. Құлшынып жұтқан палуанға әрқайсысы үш-төрт кесенi кезектеп артық iшкiзiп жiбердi. Қызып алған Мұқан өлең айта бастады.

– Сұрасаң Мұқан палуан менiң атым,
Орта жүз, ұзын қыпшақ арғы затым.
Арғы атам Қара қыпшақ Қобыланды,
Қолдайды күрескенде жұрағатын.

– Қандай керемет әдемi өлең, – десiп, түрiктер гуiлдесе бастады.
– Туысқандарым, сендер үшiн iшейiн, – деп тағы екi кесе тартты. «Көзi «жымиып, қолын керiп, бiлегiнiң бұлшық етi ойнап, ала шапанның жеңiн бүлкiлдете бастады.
– Кардашым, қалай,.. туысқандарыңның ортасында отырғанын, есiңде сақтала ма?
– Еш уақытта ұмытпаймын.
– Бүгiн кiммен күресетiнiңдi бiлесiң бе?
– Маған бәрiбiр. Созылатын қолы, ұстайтын белi болса болды. Кiм де болса күресе берем.
– Сен олай деме, исламды есiңе ұста. Бүгiн күре-сетiн кiсiң мынау, – деп бек өз жанында отырған қысық теке, орақ мұрынды, денесi Мұқаннан бiр жарым еседей үлкенiрек Қажығалидi көрсеттi.
– Бұл кәпiр мемлекеттерiнiң отыз сегiз палуанын жығып отыр. Ендiгi қалған екi палуан орыстiкi. Оның бiрi сен. Сен Қажығалиды жықсаң жињан палуаны атағын кәпiрлер алғалы отыр. Егер сен жығылсаң мұсылманның ақ туы жоғары көтерiлiп, жињан палуаны атағын ислам алып, хазiретi-Ѕалидiң аруағы риза болмақ.
– Е, мұның мәнi бұ жағында екен ғой! – дедi, шараптың уыты көзiн қызарта бастаған Мұқан.
– Аһа. Ендi түсiндi. Күресте дiн үшiн жығылу былай тұрсын, әрбiр мұсылман шәһит болып жан беруi керек.
– Дұрыс, ендi не iсте дейсiң?
– Бүгiн Қажығалидан жығылып, абыройды мұсылманға алып бер. Ол үшiн сыйыңды Стамбулға барған соң айрықша аласың. Мен айтайын, Халифа өз қолымен саған бередi.
– Анауыңда қалған бар ма? Тағы бiр құйын жiбершi, – деп шарап құйып отырған түрiкке иек қақты. Күмiс кесенi шеңберлете көзедегi шарапты сарқа құйып, әкелiп бердi. Төмен қарап ойланып отырып, шарапты сiмiрiп жiбердi де:
– Жарайды, абыройды пұсырманға алып берем, – дедi.
– Алланың рахматы жаусын, – дедi бектiң бетi гүл жайнап. Мұқан қалпағын кимей мыжғылап ұстап, отырғандарға қош айтпай жүре бердi.
– Неге қош айтпайсың? – дедi Мырза Ахмет палуан күлiп.
– Кешке циркте кездесiмiз ғой, оған шейiн қандай қош айту керек? – дедi де Мұқан балпаң басып жататын жерiне кете бердi.
– Мұнысы жығылатын болды. Ендi орысты қайтсең де жығуың керек, – деп бек Қажығалиға қарап қарқылдап күлдi.
– Мұсылман деген сөздi түзу айтпайтын адамды мұсылман деп сенiп болмайды. Бес кiсiнiң iшетiн шарабын бiр өзi iштi де кеттi, сол буынына түсiп бiрдеңе болмаса, «жығылам» дегенiне мен иланбаймын, – дедi ауыр күрсiнiп түрiктiң палуаны.
– Аңғалдау адам ғой, мұсылмандығын тағы бiр есiне түсiрiп «бысмылда» айтып ұстас. Жығылып қалуы мүмкiн. Не де болса кешке көрдiк!..
* * *
– Араб, Парсы, Мысыр, Үндiстанның, Ұлы Британия, Германияның палуанын жыққан түрiк палуаны Қажығали – орыс палуаны Мұқан Мұңайтпасовпен француз техникасымен күреседi. Бұларға берiлетiн мерзiм жиырма минут, – деп жариялады басқарушы. Цирктiң iшiнде аяқ басып тұрарлық ашық жер қалмай лық толған халық қолды жаңғырта соқты. Жаңғырыққан дауыстың арасында француз тiлiмен:
– Екеуi де мұсылман палуаны… – деген бiр түрiктiң көмескi даусы шықты. Бiрақ оны елеген адам болмады. Алаңға кердеңдей басын кiшi-гiрiм төбедей болып келiп тұрған түрiк палуанына қарсы, ала шапанды шешiп атып жiберiп, түгi жоқ арыстан бейнелi қара жiгiт алдына келiп тұра қалды. Адуын палуан өзiнен кiшкене тұлғаға қызыққандай, пiлдiң балтырындай жуан бiлекпен желкеге перiп жiбердi. Бұрын қандай палуан болса да, опырылған шынардай етпетiнен бiр түсетiн едi. Бұл жолы олай болмады. Мұқанға да жеңiл тимедi, ол еңкей-iңкiреп барып бойын жазып алды. Алғашқы күшiмен басып тастамағанына ыза кернеген түрiк тап бергенде, ысқырық шырылдап, басқарушы жолын бөгедi. Француз күресiнде алғашқы қол тиген соң жерге жыға алмаса кезегi өткен болып есептелетiн едi, Мұқанның көзiнен ашу оты ойнап шыға келдi. Бұл сияқты аяусыз қимылдаған ауыр қолдың арқасына тигенi осы болды. Тынық теңiздiң бетiндей қимылсыз көзiн қадаған адамдар: «Мына орыстың палуаны жығылып қала жаздады», – деп отырғандай сезiлдi. Парижге келген күннiң ерте-ңiнде, Степан Николаевич:
– «Отанның абыройы – Россияның барлық азаматының ортақ абыройы. Сол Россияның таласқан итi болса да жеңiп шыққанын тәуiр көремiз», – деп едi. Сол Степан цирктiң бiр қуысында Мұқанның тiлеуiн тiлеп отырғаны көз алдына келдi. Әжесi Айсары: «Аты шығатын адам – алдымен өз басының намысын қорғайды. Өз басының намысын қорғай алатын кiсi – ауылдың абыройын сақтай алады», – дейтiн. Мұқанның жығылғанын әжесi естiсе не болмақ. Ақ самайлы, ауыр денелi кемпiр Степанмен бiрге циркте отырған сияқтанып кеттi оған. Адуын күштi Мұқанды ашулы ыза кернеп, тiсiн бурадай қаршылдатты. Ортада тұрған күрес басқарушыны иығымен қаға ұмтылып шап бердi. Ол мойнына жабысқан қолдын аспаннан түскен жайдың оғы екенiн, не электрдiн тогi екенiн сезбедi, тау құласа тапжылмайтын денесi, қаңбақтай дөңгеленiп қайда кеткенiн сезбей қалды. Иегiн иығына қыса арқалай келiп, еңкейе берiп, басынан асыра атып жiбердi де, арлан қасқырды алған бүркiттей бас салды. Оның ауыр денесi жақ ағашындай иiлiп, жауының астына түстi де, жауырынын көтеретiн аяғы бүгуге келмей қалды. Жерге тиген жауырынды еқкейiп көрген басқарушы ысқырығын алды да, сағатына қарады:
– Төрт минут iшiнде түрiк палуаны Қажығалиды, Россия палуаны Мұқан Мұңайтпасов жықты, – дедi.
– Көпейұғлы, мұсылманшылық арың, антың қайда? – дедi қос қолын тiреуiштеп, орнынан әзер тұрып жатқан Қажығали.
– Жығылып алған мұсылман атақтан, жығып ал-ған палуан атағым жақсы, – дедi, ашуы әлi тарқамаған Мұқан, қабағын түйген бойымен.
– «Менде жығылайын деген ой өмiрiмде болып көрген емес. Болмайды да. Бақ iшiндегi түрiктердiң тобынан ажырап, жатақханаға келгенше алуан түрлi ойға түстiм: жасы менен екi мүшелге жуық, үлкен палуанның өз күшiне сенбей, маған жалынышты раймен, жанындағыларға жайын айтқызып отырғанын аяғым да келдi. Өзiнiң дәрменсiздiгiн ашық айтпай, «түрiк, туыс, пұсырман, ислам» деп түсiнiксiз бiрдемелер айтқанына қатты ызам да келдi. Әйтеуiр, жатақханама жеткенде: «Соны бүгiн жықпай жiберсем қайтедi?» деген ой да елес бергендей едi. Оның алғашқы қимылы менi мейiрiмдi ойдан жұрдай еттi. Дядя Иван – бiрден олай қимылдау өлтiрiп жiбергiсi келгендердiң әдiсi дейтiн. Ендеше, онда пұсырмандық та, туыстық та жоқ жаулық қана бар. Оның жығылған жерiнен тұра алмай жатып «көпейұғылы» деген сөзiне көп жылдан кейiн түсiндiм. Онысы «иттiн баласы» деген сөзi екен. Есiткен сағатта түсiнсем, цирктен тiрi шығармайтын едiм», – дейтiн Қажекең.
* * *
Ертеңiнде күрес – Поддубный1 мен Қажығалидың күресi едi, қарқыны қайтып, аруағы қожыраған палуан он төрт минут алысып барып жығылды. Поддубный қырық, палуанды жығып, қырқа озып алға шықты. Оның дүние жүзiнiң палуаны атағын алуына – өзiнiң досы, баулып өсiрген шәкiртi Мұқанды жығу ғана қалды.
– Мұқан Германияның Ансымен әлдеқашан күресуге тиiс едi. Ол Поддубныйдан жығылған соң көңiл-хошы болмай күнде «ауыратын» болды. Бұрын селеңдеп ретсiз жерден-ақ көрiне беретiн палуан ендi циркке де сирек келетiн болды. Келсе елеусiз жерде отыратын едi. Бiрақ үш күн бұрын атақ-даңқын жазып, әр көшеден суретiн көрген палуанның ақырғы күрестен тайқуына көпшiлiк көнбедi. Күнде сұрап шуылдап амалсыз күрестiрдi. Күнбе-күн өрiстеп өскен күшке, күзгi судан құлдырап қайтқан күш төтеп бере алмай Мұқаннан да жығылды.
Үздiк шыққан екi палуанды ортаға комиссия пред-седателi – француз:
– Дүние жүзiлiк күрестiң бiрiншi, екiншi орны да орыс палуанынiкi. Ол екеуi – осы алдарыңда тұрғандар. Берiлетiн белгi мынау, – деп бiрi үлкен, бiрi кiшi екi алтын медальдi алақанына салып көрсеттi. – Бұл сый қалай алса да осылардiкi. Комиссияға қатынасқан он үш мемлекеттiң өкiлi қаяусыз бақылап отырды. Қойыл-ған шарт мүлтiксiз адал орындалды. Айла амалсыз, алдау-арбаусыз үздiк күш жығып отыр, – дедi. Соғылған қолдар кең цирктi керней жөнелдi.
Екi баланың төбелескенiн көрсе кешке шейiн жолынан қалып қарайтын әдет ағылшын билеушi топтарының ежелден ата салтына айналған емес пе. Солардың өкiлдерiне екi орыстың күрескенi бiр түрлi қызық сияқты көрiндi.
Егер қара түстi адамды ақ түстi бiреу жеңiп кетсе, «ол ақ нәсiлдiң айырықша бiткен қасиетi»… Ақ түстiнi қара түстi жеңсе – аюдың, адамды жеңгенiндей уақиға деп түсiнетiн адамдар ендi мына екеуiнiң тай-таласын көргiсi келiп ынтықты.
– Дүние жүзiлiк күрестiң жүлдесiн кiмнiң жығып алғанын көзiмiзбен көремiз. Ендi өздерi күрессiн, – дедi белгiлi дипломаттар.
– Үй iшiне тиген үлестi бөлiп беремiн деу шетел кiсiлерiне өрескелдiк емес пе, мырзалар!.. – дедi Степан Николаевич.
– Шығыстық адамды бiз Россияның үй-iшi деп еш уақытта есептемеймiз. Бұл бiздiң шайнап, ақжем қыл-ған саясатымыз, – дедi бiреу.
– Әрине, дүниенi бөлегiн саясат болмаса, адамның адамнан бөлiнгiсi келе ме?.. Күресемiз десе өздерi бiлсiн. Бiрiншi мен екiншi орын Россиянiкi екенi актымен белгiлейдi, – дедi Степан. Екi палуанның жекпе-жек күресуiн қадала сұрап қол соққан үркердей ғана азғана топ болатын. Палуандардың үздiк шыққан жеңi-сiн құттықтап көпшiлiктер қолдарын бiркелкi соғып ұзақ уақыт тұрып алды.
– Ағаның жолына әдепсiз кiсi ғана таласады. Бiрiн-шi орын мына кiсiнiкi, – деп сирағынан қыса ұстап, тiп-тiк көтерiп иығына тұрғызды да, Поддубныйды кенеттен есiкке алып кеттi Мұқан. Париждан әрбiр мемле-кеттiң бас палуанын жыққанда ғана алатын сегiз медальға қосып, кiшi алтын медальдi тағып қайтты.
Оның әлемдiк палуан атағымен, үлкен алтын медаль алуы осыдан сегiз жыл кейiн Швейцарияда болды.
* * *
Палуандар Петербургте келген соң олардың Париждағы көрсеткен күштерi, үздiк шыққан өнерлерi жалпақ елге аңыз болып отырады. Сауданың жарнамасы болып отырған кейбiр газеттер елеусiз жерге палуандардың суреттерiн амалсыздан басып, бiр-екi қатар сөз де жазған болды. Париждағы өкiлдiктiң сипаттамалары сыртқы iстер министрлiгiне келiп, кейбiр жеке кiсiлердiң ұсынысы бойыншы дүние жүзiлiк чемпион атағын алғандарға және қатынасушылардың бәрiне медаль берiлдi. Поддубный мен Мұқанға патшаның басын салған үлкен медаль тағылды, «Мұңайтпастың баласы ақ патшаның палуаны болып, соның өз үйiнде тұрады екен», деген қазақ даласына лақап та тарады.
– Ой, тоба-ай, онда шоқынып кеткенi ғой, бақырдың… – десiп, кемпiрлер аузын сылп еткiзсе, шалдар бастарын шайқап, таңдайларын қақты.
– «Көргендердiң айтуына карағанда шоқынбаған сияқты, басына шатырдай ақ қалпақ, үстiне Бұхардың ала жiбек шапанын кигiзiп қойыпты дейдi. Жұма күн-дерi көшеге шығып жүретiн көрiнедi», – деп, кейбiр қыдырма шалдар өз алдына көкiдi. «Жалғыз көздi жынмен күресiп жығыпты. Өгiз мүйiздi дәумен күресiп жығыпты», – десiп қазақ даласы мөлшерсiз даурықты. «Қызыл сақал Хазрет-Мәдiнiң өзi – Мұқан дегендi айтыпты кейбiрi. Шамасы, қиямет қайым жақындап, ұзамай жер бетiне тажал шығатын болса керек», – деп көп ел өзiнше үрейленетiн болды. Бұларды құлағы шалған қазақ қалайда Мұқанды бiр көруге ынтықты. Бiрақ елдi қанша сағынып аңсаса да, қайтуға уақыт таппай, күреске құмартып алған палуан шет мемлекеттi кезiп, күрес қызығына түсiп кеттi. Россия атына ұят келтiрмейтiн, ар-намысын ақшаға сатпайтын палуаны бар орыс халқы күрес болады деген қалаға, даңқты палуандарын шақырған қай ел болса да iркiлмей жiбере бердi. Мұқанның кейiнгi қалалары Лондон, Айқара, Ирак, Иран, Үндi, Қытай болып үш жыл бойы өмiрi жол жүрумен өттi. Қазақтардың ауылда айтқан аңызындай ол патшаның үйiнде тұрмады. Тiптi патшаны көрген де емес, көрмегенiне өкiнiш те етпедi.
Оның жатса-тұрса аңсайтыны, көруге ынтығатыны, көзiнен таса болмайтын қасиеттi елесi – Қызылжардағы полицмейстрдiн қорасының алды болатын. Жасы өсiп есейген сайын, өмiр қызығын көрудегi өресi ұзайған сайын өзi барған түрлi елдерде талай уақиғаға кездестi. Кенеуi кеткен кейбiр елдерде жалпақ дүниеден саясы түсетiн жапырақ таппай, нақақ өлiп, қарызы үшiн құл болып сатылып жатқан талайды көрдi. Солардан туған ой толқыны, өзiнiң елiндегi мейiрiмдiлiк пен бауырмалдықты ерiксiз көзiне елестететiн болды. Атқа берген төлем, Сапарбайдың үйiндегi кеш, Қабанкөлiндегi жиын, таза жанды Добрый-Рабый, таза ниеттi дядя Иван, Дубныйдың тұлғалары, Париждағы мейрiмдi Степандар көшпелi бұлттай тiзбектелiп көз алдынан өтiп жатты. «Мейiрiмдi, қойны кең өз елiм, өресi биiк Россиям», – деп, талай күрсiнген күндерi болды.

Алыпсоқ шидем-күпiнский

Сыраны қана iшiп, қатты ұйықтаған Мұқан кенет оянып; кереуетiнiң үстiнде жағын Жұдырығымен сүйеп, бiраз отырды. Тiзiлген керуеннiң түйесiндей өткен өмiрi көңiлiне елес берiп, көз алдынан өтiп жатты. Ауыл мен балалық өмiрдiң қызықтары елестедi. Есiл бойының жазық даласы, бұйраттанған қырат, сайлары кейде кеңiс, кейде жiңiшкерiп, шашыранды ауылдар жағасын жайлаған өзен алабы көгөрай шалғынға малынып тұр-ғандай. Шамасы келгендер жайлауға көшiп, көлiксiздерi қыстау айналасына киiз үйлерiн тiгiп, бiрер сауынның ағын талшық етiп отырғандай. Жасынан балпаң басып, жедел жүре алмайтын Мұқанын ертiп, әжесi көршi ауылдың бiрiне келе жатқандай. Артына айқастырып ұстаған қолы сымбатты тұлғасына мән бергендей. Әжесi не iстесе соған елiктеген Мұқан қолын артына ұстап, жан-жағына қараумен болып, кейiндеп қала беретiн едi. Әжесi кейде көгалға отырып тосып, кейде бұтаның басын ұстап, сүйене тұрып, артына қарайтын да:
– Жайбасарым-ау, жүрсейшi, құлыным! Күн ысымай үйге жетелiк те… Серiгiм менiң. Қартайғанда ерме-гiм болсын деп берген, жетiм қозым менiң… – дейтiн едi. Олақ баланың қардан епетейсiз етiп соға салған аяз атасы сияқты, болбыраған Мұқан аяғын сүйрете басып, үндемей жақындай беретiн. Әжесi бiраз жерге арқалап апарып, «уњ» деп отыра кететiн де:
– Ендi өзiң жүршi, қарашығым. Мiне, үйге де жетiп қалдық. Қарның да ашқан шығар, мына құртты аузыңа сала жүр, – деп, қамзолының қалтасынан бiр құрт алып; қолына ұстатар едi. Осы көрiнiс есiне түскенде, Мұқан сол құрттың суын сорғандай жұтына бiр тамсанды да, орнынан атып тұрып, жан-жағына қарады. Ол үлкен қаланың бiрiнiң жатақханасында! – Есiлдi iздеп едi, Есiл де, әжесi де болмай шықты. Құрт берген Айсарының мейiрiмдi үнi құлағында тұрғандай болды. Еркелегенде әжесiнiң алдына отыра кететiн әдетiмен кереуетiне отыра кеткен едi. Қарсы алдындағы айнаға көзi түскенде бұйраланып өсiп қалған сақалын көрдi.
– Қой, ендi болмады, кеттiм. Есiлдiң суынан бiр шелек су iшпей мейiрiмiм қанбас! – дедi де, сақалын алып, цирк бастығына барып, ұзақ мерзiмге рұқсат алды. Сөйтiп, Мұқан елiне қайтты.
Күзде келген Мұқан қар жауғанша қайта алмады. Боқыраудың жәрмеңкесiнен қайтқан қалашылар дуан-ға көшпелi цирк келгенiн, бiр топ палуанның күресiп жатқанын, iшiнде алып денелi екi-үш кiсi барын таңыр-қай айтты.
– Цирк кiсiлерi Нұрмағанбет палуанды күреске шақырып, ауылына хабар жiберген екен, ол Алатаудағы нағашысына кетiп қалыпты. – Олар Балуан Шолақты көруге ынтық болған екен, оның болмағанына қатты қынжылысты.
– Е, ақ патшаның палуаны Мұқанды неге шақырмайды. Белдерiн бүктеп, қамшы етiп жiберсiн, – дедi, ауылдың жүген, құйысқан өретiн мұртты ұстасы.
– Ой, тәйiр-ай, бұлары Мұқанның ұстауына кел-мейтiн ұсақ-түйектер шығар.
– Қайдағы ұсақ! Iшiнде Мұқандай бiр жарым келетiн бiреуi бар деп отыр ғой. Сонша бойды циркке суға бойлатқалы алып келдi дейсiң бе? Оның да өзiнiң сенген бiрдеңесi бар бiреу шығар.
– Мұны айтпаңдар. Бұл олармен күресуге қорқады, – дедi жасынан қылжақтап бiрге ескен құрдасы, – Мұқан ақ патшасыз жерде күреспейдi. Мүйiздi дәулермен күрескенде патша қасында тұрып: «Жығылсаң, айт-қанымды iстемесең, басыңды кесем!» деп қорқытып жыққан көрiнедi ғой.
– Әй, былшылдай бермесейшi, құлағыңды жұлып қолыңа ұстатайын ба!?
– Әне, маған ғана шамасы келедi оның. Өзiне қалтамдағы тышқанымды қоя берейiн бе… Нанбасаң өзiң қолыңды сұғып қарашы, мiне, шиқылдап тұр, – деп қалтасын Мұқанға қарай жақындатты.
– Сондай сөзiңдi айтпашы, неге керек тышқанды айтып.
– Ендеше, дуанға ертiп жүр. Ана дәулердi жығып ақша алып бер маған, болмаса, бүгiн қырманға барып бiр дорба тышқан әкелiп сен жататын жерге қоя берем. Сөйтiп, сенi ерiксiз дуанға алып барам. Дуандағы палуанмен күрескiң келмесе, шиқылдаған тышқанның ортасында жат.
– Қой деймiн ендi. Тышқаның құрысын!
– Қоймаймын, әй қатын, менiң ат дорбамды алып бершi. Қазiр қырманға барып тышқан алып келейiн, мен мұны ауылда босқа жүргiзбеймiн. Сондықтан барып күрессiн. Маған қант-шайға ақша керек. Ана палуандарды жығып, ақша алып берсiн. Оны iстемесе баратын үйiңнiң бәрiне тышқанды қаптатып, жiберемiн.
– Сен өйтiп мазалай берсең, құрдас Петроградқа кетiп қалмай ма?
– Е, мен оған бара алмай ма екем. Петроградтың сарайына бiр қап тышқан апарып өргiзiп жiберемiн.
Отырған адамдар бiраз күлiп, құрбылардың әзiлiн сүйсiне тыңдасты. Кейбiр қарт кiсiлер:
– Қарағым Мұқан, айтты-айтпады, осы ауылдан өрбiген баламыз болсаң да, алып күшiңдi ел аузынан естiп қуанамыз. Белдескен палуандарды қалай жығатыныңды әлi көргенiмiз жоқ. Сен дуандағы палуан-
дарға барып, бiзге қалай жығатыныңды бiр көрсетсей-шi. Дуанға баруға бәрiмiздiң уақытымыз болмаса да, бiразымыз барамыз. Көзiмiзбен көрген соң, жаңа күрестiң сипатын айта жүрермiз. Ондай тамаша бiздiң қолымызға түсе бере ме? Қарын қолтықтап қыс та келiп қалды. Осындай маусымда уақыт таппасақ, ақпан-қаңтарға таялған соң, боранмен жұлқысып қалғанымыз ғой, – дестi.
– Менiң куәлiктерiмдi көрген соң бұлар күреспей қояды ғой.
– Тiптi қағазыңды көрсетпе, Мұқан Мүңайтпасов деп айтпайық, жай ел кiсiсi болып барып-ақ күрес.
– Онда француз күресiн қайдан үйрендiң дейдi ғой.
– Осы бiзге қазақша-ақ күресiп жығып бершi. Соныңды көрсек те болады.
– Солай етуге болады. Маған саптама етiк, шидем күпi тауып берiңдер. Өз киiмiмдi көрген соң-ақ олар шектеле бередi. Керектiң бәрi табылып, көршiлес ауылдың он шақты кiсiлерi Мұқанды алып, дуанға жүрiп кеттi.
* * *
Өнерiн қыстай көрсетуге келген цирк ойындарын сөз бұйдаға салып жүргiзiп жатты. Елдiң өте-мөте ынтығатын қызығы – күресi. Келген қарқында бiраз қызығып көрiскен ел, дүмеп келетiн көпшiлiк сиреп, цирктiң табысы да сұйылып тұр едi. Циркке «қазақша күрес көрсетсеңдер екен» деген тiлек үстi-үстiне түсiп жатты. Iздеген Балуан Шолақ таптырмай, қазақша күреске мықтылау бiреудi табу олардың да арманы болып жүр едi, ол тiлегi де орындалды.
Көлiктерiн таныс үйлерiне байлай салып, кештетiп келген кiсiлер, шыбыртқы, қамшыларын белдерiне қыстырған күйi циркке келiп, арзан билетпен iшке кiрiстi.
– Күпiлi, дәу қара палуан дейдi. Ол цирктегi дәулермен күресетiн ойы бар екен. Бүгiн шамасы келетiнiн байқап, сөйлесетiн көрiнедi. Жүрiңдер, бiз де сөйлес-кенiн көрейiк, – десiп бiраз қалалық қазақтар да жөңкiлiп келдi.
Кейбiреулер:
– Бұған ауылдың палуаны тiркеле ме, француз кү-ресiнiң оқуын оқыған Мұқан сияқты дәулер болмаса.
– Ол неге келмейдi екен?
– Ақ патша жiбермейдi дейдi ғой. Болмаса осыдан бес-алты жыл бұрын кездескен татарға: «Елдi сағындым, қайтам» деген екен, келдi деген хабары естiлмейдi ғой. Ол келсе де бұлармен күреспейтiн шығар.
– Әу, сiз бұларды қомсынасыз ба, әне бiр Батум-скийдiң бейнесi алаңғасар Алыбыңнан кем емес қой.
– Әй, тәйiрi, сол неменiң қардан қоқырайған денесi болмаса, боркемiк, босбуын неме шығар деймiн. Өйт-кенi арбаңдап, қимылында икем жоқ.
Осындай қосалқы сөзбен уақыт өткiзiп, цирктiң алғашқы бөлiмдерiн көрдi. Ендi палуандар көрiнiске шығып күресетiн бiр палуанның атын атады.
– Бiзге қазақша күресiп неге қызық көрсетпей-сiздер. Өздерiңе ақша керек болса, қазақша күресiңдер. Қатын-бала, шал-кемпiр түгел келiп, мына аңырап тұр-ған цирктi лық толтырар едiк. Сендерге ақша да қап-қап болып түсер едi.
– Ол тiлектерiңдi орындауға Нұрмағанбет табылмай жатыр, ақсақал.
– Е, ол болмаса, елдiң iшi егiз емес пе? Нұрмағанбет жалғыз емес, Иманжүсiп бар, Мұратбек бар. Қартайыңқыраса да Ержан палуан бар. Мұқанды Петроградқа алдырып, ақ патша жiбермей жатыр. Солардың басы қосылса өзiмiз осындай бiр цирк соғар едiк, шiркiн!
– «Е, ол мынау…» – дей берген құрдасының жанында отырған Мұқан, қалың киiмiнiң сыртынан санын қысып жiберiп, өзiне қаратты.
– Үндеме! Сенiң сан етiңдi жұлып алып, шалбарыңның жыртындысына орап, қолыңа ұстатам, – дедi Мұқан.
– Цирктiң қожайыны, тамыр, бiзбен сөйлесшi. Бiз-дiң саған айтайық дегенiмiз бар. Мына бiр орынға отырып, тiзеңдi бүк, – дедi, Мұқанның нағашысы Қали қарт.
«Бұл не айтады екен?» деп таңырқап келiп, отыр деген жерiне отырды бастық.
– Тамыр, сен мына күпiлi қазақты қара. Ол менiң балам. Ауылда мал баққаннан басқаны көрмеген. Күшi жоқ емес. Егер беретiнiң болса келiсiп, уәдеңдi берсең, бұл сенiң барлық палуаныңмен қазақша күреседi. Ал жығылса, көк тиын сұрамаймыз, керек десең астыма мiнiп келген түйемдi берiп кетем.
Цирк бастығы жуан мойнын бұрып, қарттың мүйiз шақшасын нұсқай көрсеткен қазаққа қарап, бет-әлпетiн бiр шолып өттi. Кең күпiнiң өңiрiн ашып тастап кеуде-сiн кере, шалқайыңқырап отырған Мұқанға көптi көрiп, көп кiсiнiң бейнесiнен мiнезiн сезгендей болатын цирк бастығы ойлана қарап, бiр сыр ұққандай болды. Бастан-аяқ киген киiмiнен ауыл адамының қоңыр күйлi бейнесiн көрдi. Қырынып жүрiп, жаңадан қойған бұйраланған сақал, мұрты бiр шек келтiрдi. Оған қосымша, бұдан басқа ауылдан келгендер: цирк бастығын «төре» деп, оның киген киiмiне, тiптi сол цирк үйiнiң құрылысына сұқтана қараса, мұнда ондай таңырқану жоқ. Бiр түрлi салқынқанды лық, тәкаппарлық сезiлгендей. Бұл сырды тез ашам ба деген үмiтпен:
– Сен орысша сөйлейсiң бе? – дедi бастық.
– Не дейдi, мынау? Сен ұғасың ба? – деп қасындағы құрдасына қарады Мұқан аңырғандай болып.
– Мен қайдан бiлейiн, өзiң бiлмесең, – деп бетiне қарап жымиды ол. Мұқан басқарушыға қарап, басын ақырын шайқады.
– Ол бiлмейдi, бiлмейдi, – дестi, жамырай сөйлеп қасында отырғандар.
Басқарушы күмәндi пiшiнмен, жымия күлiп, алақанын жанды. Келушiнi көбейткендей бiр жаңалыққа мұқтаж болып отырған ол қазақша күресем деушiмен келiстi. Қазақ күресiнiң дұрыс орындалғанына билiк айтатын комиссия құрылуы қажет екенiн айтты. Ал беретiн еңбек ақыға келгенде цирк бастығы күтпеген ұсыныс жасады. Ол:
– Қазақша күреспен әр палуанды жыға қалған күнде бес сомнан ақша берейiн, жығыса алмай кетсең үш сом берем. Ал жығылсаң, мына әкең айтқан, ештеңе дәметпе, – дедi. Оған тiлмаш арқылы сөйлесiп отырған ауыл палуаны көнбедi.
– Сенiң он екi палуаның бар екен, онымен түгел күресем. Жықсам әрқайсына 25 сомнан ақша төле. Тағы да мына бүгiнгi күресiң сияқты, күнiне бiреумен күресiп уақыт созу болмасын, бiр күнде-ақ күресiп, аяқтап кетем.
– Ол болмайды, – деп цирк бастығы шошып кеттi. – Бiздiң цирктiң күндiк табысының өзi 25 сомнан артпайды. Оны саған берiп, топты жан аш отыра алмаймыз. Бiрiншi группадағы төрт палуанымыз ғана айына 25 сом алады. Ауылдан келген азамат, ақша табу оңай деп ойлама! – дедi цирк басқарушысы күле сөйлеп.
– Мен алпыс сом үшiн бұл сарайыңда он екi күн жүрмеймiн. Онан да он екi қойымды аман қыстан шығарсам, 60 сомдық қозы туып бередi. Палуандарыңның ұсқынын көрдiм, күрестiрмесеңiз ертең қайтам.
Ауылдан келген палуан күрескелi сөйлесе бастаған соң көпшiлiк тарамай, орындарында отырысып қалған едi. Күресетiн кiсiлерiн көруге асыққан палуандар, цирк ойыншылары айнала анталасты. Оның алдымен күресiп көрмей, адымын сөз етiп отырғанына, палуандар тәлкек ете бастап:
– Бұл бiздi көрген соң, күреспей қалуды ойлап отыр. Шамасы, бұрын қазақша күрестi де көрмеген бiреу сияқты. Белгiлi палуан болса қазақтар таныр едi ғой, мұны ешкiм бiлмейдi, – десiп, өзара әңгiме етiстi. Мұқан олар-ға көз қиығын ызалана бiр тастап қойды да:
«Бiлдiрермiн, сендерге!» деп түйдi iшiнен.
Оның қазақша сөзiн цирк бастығына әзер түсiндiрiп отырған тiлмаш та палуандардың әлгi айтқан сөзiн аңғарып отыр едi. Мұқанның күңкiлдеп қайтарған жауабын естiгенде, ол шектенiп:
– Бiздiң палуан жiгiттiң орыс тiлiне түсiнетiндей түрi бар ма деймiн. Мыналарға «бiлдiрермiн» деп қалды ғой деп, ауыл кiсiлерiнiң бетiне қарады. Оған Мұқанның нағашысы:
– Қой, қарағым, жай айта салған сөзi болар, орыс тiлiн бiлсе озi сойлеспей ме, – дедi қымтағандай болып.
– Әй, қайдам… – деп тiлмаш оған иланбайтын пiшiнiн көрсеттi. Мұқан iштей палуандарды ұсақсынып, «Көптiң алдында бұларды сойған лақтай көтерiп ұрып, беделiн түсiру обал ғой» деп отыр. Сондықтан алым келiсiмiн сылтауратып, күреспей кеткiсi келiп едi. Олардың «қорқып отыр» дегенiне намыстанып, «бұларды бiр емес екiден жығып, масқаралайын» деп бекiндi де, келiсiмге келдi.
– Әй, сенiң күндiк табысың 25 сом болса, мен күрескенiм үшiн түк те сұрамаймын. Тiптi жүз сом тапсаң да ақша бер демейiн. Мына жұрт мен күресем дегенге келiп отыр. Егер де мен шындап күресетiн болсам, халықтың бұдан да көп келетiнiне сенемiн. Маған күн сайын түскен ақшаның жүз сомнан артығының жартысын ғана берiңдер. Ал оған қиянат жасап, ұрлық iстеме. Кассаны тексеретiн комиссия құрылсын. Ал мен осы он екi палуаныңыздың бiрiнен жығылсам тиын алмаймын. Егер екеуiнен жығылсам мiнiп келген сегiз ат, төрт түйемiз бар, соларды түгел берiп кетем! – дедi Мұқан.
– Ойпыр-ай, мына жайбасар, ауылға менi жаяу қайтаратын болды-ау, – дедi құрдасы.
– Үндеме, түйеңе ақша артып қайтасың аман болса.
«Жығылсам, мiнiп келген көлiгiмiз түгел сендердiкi болады» дегенiне шала түсiнген кiшi палуанның бiрi орнынан секiрiп түсiп, «бiреуi менiкi» деп, қолына түкiрiп қойды. Оларша бұл айтылып отырғанның бәрi боза үстiндегi бос сөз сияқты сезiлдi. Циркке келушi-лерден жүз сомнан артық ақша түспейдi деп ойлады. Ауыл палуанының айтуы бойынша шарт жазылды. Кассаны тексеретiн, күнделiктi табысын айтып отыруды тiлмаш жiгiт өз мiндетiне алды. Ол үшiн цирк бастығы ертең бұйрық бермекшi болды. Цирк басқарушысының уақытты созыңқыраймын дегенiне де таласпады Мұқан.
– Е, қызық ендi болды. Ертең қазақша күрестi көремiз. Нұрмағанбет болғанда жығатынына сөз жоқ едi, мұны кiм бiлсiн, әлi жас. Шолақтай тiс қаққан емес екен. Өзiнiң аты кiм дедi?
– Жайбасар деп отыр ғой қасында отырған жiгiт.
– Ол құрдасы ма, әзiл айтар әзiлкеш бiреу ғой деймiн. Әлгi шартта кiм деп жазды екен. Сейiтмұрат, сен алдыңғы жағында отырдың ғой, атын айтқанын естiдiң бе?
– Менiңше, онда жазғаны да өзiнiң аты емес. Оның атын айтқаны өте қызық болды. Ол алдымен менiмен күресетiн палуандарыңның атын жаз дедi. Цирк басқарушы: Петро-Сибирский, Михаил-Шатинский, Замук-Батумский, Иван-Оралский деп тiздi де;
– Ал өз атыңды айт! – дегенде, ол тiлмашқа қарап:
– Бұлардың бәрi «ский» екен, менi де – Алыпсоқ Шидем-Күпiнский деп жазсын, – дедi. Шартқа солай деп жаза салды. Цирк адамдарына келушiлер көбейсе болды. Бұл қазақ бiздi жығады деп жүрген олар жоқ.
– Шiркiн-ай, осындай уақытты Мұқан келер ме едi. Сыртынан атағын құшақтатқанша, бiр келiп, жүзiн көрсетсе қайтедi…
* * *
Ертеңiне цирктiң жарнама тақтайының бетiн түгел алған жаңа сурет жапсырылды. Онда цирктiң он екi палуаны бейнеленiп, олардың қарсы алдында, түлкi тымақтың сол жак құлағын iшiне қарай, жымырып киген, саптама етiк, шидем күпiлi қазақтың суретiн салған. Ол белiне жуан арқан байлап, бiлегiн сыбанып, «кел бермен!» дегендей жұлқынып тұр. «Бұл – ауыл палуаны – Алыпсоқ Шидем-Күпiнский» деп жазылыпты.
Ертең қазақ күресi болады екен деген хабар бүтiн қалаға, ауылға түн iшiнде-ақ, тарап болып едi. Цирктiң барлық орынға деген билеттерi түске жетпей таусылды. Билеттiң құнын сұрау деген жоғалды, бес тиындық билеттер екi есе артығына сатылып жатты. Түс қайта дуандағы белгiлi мырзалардан: «Бiзге орын қалдыр» деген хаттар басшының столын басып кеттi. Мөлшерлi орындарынан екi есе артық билет сатып қойған цирк қосалқы орындықтар жинап әбiгерлендi. Кешке ойын басталғанда, кең цирктiң iшiнде аяқ басып тұрарлық жер қалдырмай қаптаған көпшiлiк, жеңiл өтетiн программадағы ойындарды көрмей:
– Палуандар шықсын! Бiзге ауылдан келген Алыпсоқты көрсет! – десiп шуласты. Оны көретiн сағат та жеттi.
Цирктiң күндiзгi болған өндiрiстiк кеңесiнде:
– Бiзге құдай көктен сұрағанымызды жерден берiп отыр. Мен цирк басқара жүрiп, мұндай көрушiнiң көбейгенiн көрген емеспiн. Егер күнде осындай адам келетiн болса мұны қыстай ұстар едiм. Не пайда, жығу, жығылуға ынтыққан ел асығады. Ал алғашқы жетiнi қалай да созуға тырысайық. Қазақ күресiнде шалып жығу деген болады, оны iстемеуге келiстi. Орыстың жата қалып ататыны болмауын да тiледi. Тек күштерiң басым болды екен деп, ұстасқан жерден алып ұрмай, уақыттың созылуын, ертеңге қалдыруды ойлаңдар. Өңештерiңдi жiбiтетiн цирктiң түсiмi көбейсе, өз бақыттарың үшiн екенiн өздерiң бiлесiң. Менiңше, ол ауылдан келмей, қала iшiнiң адамы болса, осы қазақты спорт мектебiнен шыққан кiсi дер едiм. Орыс тiлiн бiлмейдi екен деп, ұят сөздердi де айтпаңдар, орыс тiлiн түсiне ме деп қалдым. Өйткенi орыстардың өзi түсiне бер-мейтiн цирктiк жаңа сөздердi тiлмаш қазақша айта алмай отырғанда ол «түсiндiм» деп қолын сiлтеп отырды. Нағыз аңғырт бiреу болмас ол. Олай болса, байқау керек. Бұл жай қазақ болмай, баяғы Поддубныйға серiк болған Черный Иван болып жүрмесiн. Оны осы қырдың даласынан келген деп естушi ем. Оған кезiксең сақалдарыңды сипай бер.
– Черный Иван… – десiп, бәрi де таңырқасты. – Қой, ол шетелге кеткен топта болатын. Мен Москвадан шыққан бiр газеттен жаздың аяқ кезiнде оқыдым. Ол қазақ болмауы керек.
– Оны мен де танимын, – дедi Дмитрий Томский.
– Мен де жақсы танимын, – дедi Черный Замук-Батумский.
– Айтпақшы, Замук, сен Иванмен күрестiм дейтiн едiң, сол Қара Иван емес пе өзi? Ол сары Иваннан қалай?
– Ол қара, сары Иван дегендердiң түсi болмаса, күшi бiр шайтанның баласындай, – деп жаратпаған пiшiнмен мiңгiрледi. Өйтетiнi бұл Мұқаннан екi рет жығылған палуан болатын.
– Дмитрий, сен қайдан көрiп жүрсiң оны? Күрес-тiң бе?
– Күрескенiм жоқ. Бiз мектеп бiтiрiп, тәжiрибе жұмысына шыққанда олар Харьковте күресiп жатыр екен. Бiздi солардың сынағынан өткiзгенде, менiң жетекшiм Черный Иван болған. Қайда, ол тұлғасына адам таң қалатын палуан… Мынауың оның тырнағына да тұрмайды.
– Қой ендi, ол болмаса болмай-ақ қойсын. Менiң тануымша бұл қазақты сендер лақтырып тастай салатын сыраның шөлмегi емес, байқаңдар, – дедi.
– Қара Иван болып сорлап қалмасақ болды. Неше күнге созып жықсақ та ерiк бiзде ғой, – деген палуандардың үмiтi бiр түрлi күдiктiлеу болып қалды.
Цирк алдымен үшiншi топтың екi палуанын дайындады. «Бәйгеге тiгiлген бiр ат менiкi» деп қолына түкiрген шағын денелi Митя-Амурский шықты. Мұқан отырған жерiнде сыртқы киiмiн тастап, үйден әзiрлеп келген жалаңаш етке киген шолақ шекпеннiң белiн қыл шылбырмен байлап, саптама етiгiн тастап, мәсiмен ортаға келдi. Әдеттенген аяқты қанша жай адамдарша басамын десе де мектепте үйренген қалпына кеттi. Көпшi-лiктiң қол шапалақтау, айқай-қиқайымен цирк адамдары аңғармай қалды.
Ол кiшкене стол қойып орындықтарға отырған комиссияға қайырылмай, палуанға барды.
– Мынаның аяғы бала кезiнен ширап, жылдам басатын болыпты. Тегi, жығатын шығар, құлшынып кеттi, – дедi құрдасы.
Күресетiн кiсiсiне жақындағанда, қолын соза керiп кеудесiн көтере, бой құрысын жазғандай болды. Тон сыртынан киетiн шекпеннiң кең жеңiн, ойнап тұрған бұлшық ет қыртыстандырып жiбердi.
– Әне, бұлшық етi темiрдi жарғандай, бұл қайдағы ауылдан келген адам болсын! – дедi, цирк палуанының жанында тұрған басқарушы. Күресетiн уақыт 40 минут, орыңдайтыны қазақ күресi екенi жарияланды.
– Әй, тiлмаш, мынаған мен қазақ күресiнiң тәртiбiн айтам, әбден түсiндiрген көрсеткендi бұзса маған өкпелемесiн. Палуан, әлi, асықпа! Қолыңды ербеңдетiп қайтесiң, ұстай алсаң менiң белiм еркiн тиедi қолына. Өзiң қолыңды маған бер, – деп, екi бiлегiн сыға ұстап, өзiнiң белбеуiн екi бүйiрiнен сығымдата оған ұстатты. Сөйтiп оның белбеуiнен өзi ұстап, бүйiрiн қусыра өзiне қарай бiр тартты да, қайта кейiн итерiп қойып:
– Мынауың бос. Мiне, менiкiндей етiп, белiңдi қатты бу. Ұстасқанда белбеуiң бос болса, белiңдi қиып кетедi. Нанды содан тауып жеп жүрген саған ол бел ертең де керек. Түсiндiң бе? Жақсылап түсiндiр, тiлмаш. Өзiң божыратып сөйлейсiң, орысша аз бiлесiң бе, әлде менiң айтқаныма түсiнбейсiң бе? – деп, тiлмашты да кекеп қойды.
Ондаған жыл күрессiз өткен күнiн шықпаған күндей көретiн Мұқан, екi-үш ай ауылда болып, зерiгiп қал-ғандықтан циркке келiп шешiнгенде, суына қайта түскен балықтай жадырап кеттi. Қарсы палуанына қазақ күресiн баяғы өзiн үйреткен Дядя Иван, Поддубныйша үйретедi. Бiрақ Мұқанның қолы тиген сайын денесiн темiр тiстеуiкпен тiстеткендей, жанын жеп, жығу үмiтiн түгелден үзiп те болды. Ойына Черный Иван деген сөз ерiксiз түсе бердi.
Қазақ күресiн үйретемiн деп iлгерi тартып, шетiн-дiрiп, бiлегiн қысып, бүйiрiн сығып жатқаңда қарсылық көрсетудiң орнына, сiлейiп қалған Митяны көрiп:
– Жайың қалай? – деп басқарушы иегiн қақты.
– Ештеме емес, бiрақ…
– Бiрағың не?
– Бұрын күреспеген соң…
– Мынау үйретiп жатыр ғой. Арбасын өзi соғып мiнетiн ұстаға кездессең керек!..
Оның сөзiмен Мұқанның iсi болмай:
– Әй, бiр аяғыңды алға бас, былай! – деп балтырын бүре өзiне қарай күйрете тартып қойды да, тiлмашқа: – бұған айт, орысша күрес араластырам деп жерге аунамасын. Онда мұрнын бұзып алады! – деп кейiн шегi-нiңкiреп барып, палуанға қарады.
– Тезiрек ұстас, тойға ертiп келген балаңдай баптап кеттiң ғой, – деген бiреудiң асыққан даусы шықты. Оған қобалжыған Мұқан болмады. Шолақ шекпенiнiң жеңiн сыбанып тұрып:
– Әй, тәйiрi, несiне асығасыңдар, ұстасатын кiсiнi ұстап көрiп жатырмын. Бұл да қыздардың шиден iстеген қуыршағы емес сияқты. Не боларын кiм бiлсiн…
Өзiнiң үйреткенiндей ұстасып, әдiс алысқандай бiраз жүрдi. Митяның кеудесiн көтерiп, денесiн өзiне қарай тартқысы келген қимылдарына, бүйiрiн сыға нығарлап, аяғын қимылдатқызбай тастады. Жығыс уақы-тының 25 минуты өткенде Митяның бүкiл денесiн тер басып, жүрек ауруы ұстағандай ентiгiп жүр едi. Көпшi-лiктiң шыдамы кетiп:
– Шырағым Алыпсоқ, бұл қай ермегiң? Болдырсайшы, – дестi.
– Әй, ағалар-ай, болдыра алмай жүрмiн ғой, – дедi ұстаса жүрiп.
– Болмай жүрген түгi жоқ, өзiң ойынға айналдырып жүрсiң.
– Ағайын-ай, қинадыңдар-ау, сиыныңдаршы ару-аққа…
«Қап» деп, еңкейген еңсесiн жоғары көтергенде, Митя айырдағы шөптей дәл төбесiне келдi. Атып жiбе-редi деген басқарушы ысқырығын шырылдата қасына келiп қалды. Жөпелдемеде Мұқанның бiр қолы белбеуден босап кетiп, Митя жерге тiк тұра қалды.
– Мынауың өлтiретiн болды, бүйткен күресi құрысын, – дедi әлсiрей бастаған Митя, Мұқанның ұстап тұрған бiр қолын босатуды сұрап.
– Әй, тiлмаш, мынау не деп тұр өзi? Мен жығыспай босатпаймын.
– Мен мұндай күреспен қайта күресушi болмаспын, – дедi Митя. Оны комиссия қабыл етiп, бiрiншi пар жұмысын бiтiрдi. Екiншi палуанды үш минут iшiнде жықты да, Мұқан киiмiн киiп, цирктен кетiп қалды.
Ертеңiне цирктiң басқарушысы Мұқанды кеңсесiне шақырып алып, өтiнiштi ұсыныс жасады:
– Алыпсоқ Шидем-Күпiнский азамат, сен кiмсiң? Шыныңды айт. Сен орыс тiлiн де бiлесiң, тiлмашсыз өзiң сөйле. Бiздi ендi алдама, – дедi.
– Әй, мынауың не деп отыр, түсiндiршi? – деп тiлмашты iздедi. Ол жоқ едi. Мұқанды сынамақ болып, тiлмашты жорта қасындағы бөлмеге отырғызып қойған екен, амалы жоқ, алып келдi. Сөз қайтадан қазақшаланды.
– Жо-жоқ, бұйырмасын, түсiнсем неге сөйлемейiн. Атым да сол, өзiм де осы отырғаным. Әкемдi көрiп отырсыңдар ғой, анау, күнде келiп жүрген қара шал. (Онысы нағашысы Қали болатын.)
Цирк басқарушысы күдiгiнiң түйiнiн шеше алмады. Ол екiншi тiлегiн айтты: – Бiз келiсiм қағазын қайта жасайық, көктемге шейiн бiзде қалатын бол. Басқарушы – мен отыз бес сом айлық алам, саған елу сомнан берейiн. Кассаға түскен жүз сомнан артығының тең жартысын алам дегенiңдi қой.
– Қой, айта көрме, уәде – уәде, «құдайдың атымен» екi сөйлемеймiн. Ақ кағазға бармағымды бiр басқан соң, айтқанымда тұрам. Ақша түспесе түктiң керегi жоқ. Палуаныңның екеуi жығылды ғой, ендi қалғандарының бiрiнен жығылсам көлiгiмдi берем де кетем. Бүгiн нешеуiмен күрестiресiң, оны өзiң бiл. Бүгiн жығып шықсам, ертең ақша бер. Қалада iшетiн ас, көлiк шөбi сатулы екенiн бiлесiң, теңге керек болып жатыр. Не де болса бiр күнде болсын деп едiм, оған өзiң болмай, созып отырсың. Тағы да жоқты сылтау етiп, күнде күрестiң жобасын қысқартып жүрме. Бiз, қазақ, мал баққан ел екенiн өзiң бiлетiн шығарсың, ауылда малымыз бар, таситын шөбiмiз бар. Алда разы болсын, бiздi бөгеме, – деп шартты қайта жасау туралы сөздi орындамай қойды.
Амал жоқ, көшiрмесi қолына берiлген қағаз күшiнде қала бердi де, күрес жүре бердi. Бiр жетi уақыт өтiп, он екi палуан қазақ күрестен түгел жығылып болды. Мұқанға келiскен жарнадан 350 сом ақша түстi. Сатылған билеттi санап, кассаны тексерейiк деп, Мұқан айтпады, бергенiн алды. Шапан-шақпұт дегендей, көрушi көпшiлiктен сый да түсiп жатты.
Қазақша күрес бiтiп, цирктiң тасыған сүттей табысы суалатын болды. Цирктiң бастығы беделдi бiр қазақтың үйiне қой сойып, Мұқанды серiктерiмен қонаққа шақырды. Әлгi үй цирктiң өз ақшасын өзiнен аямай риза боларлықтай сый iстедi. Дастарқан үстiнде цирктiң басшысы мен палуандары түгел болды. Ас әзiрлегенше, шай үстiнде циркшiлер мынадай өтiнiш еттi:
– Апылсоқ мырза, атың бұл емес, өзiң айтпаған соң амал қанша, солай атай беремiз де. Кеше бiр үйде қонақта болып, сен туралы әңгiме болғанда, сол үйдiң баласы: «Ол жасырынып жүрген Мұқан Мұңайтпасов» деп едi, әкесi: «Сен қайдан бiлесiң оны? Ол елге келген жоқ!» деп жекiп тастады. Содан кейiн сенiң кiм екенiңдi бiлмей дал болдық. Шамасы, бiз бiлмейтiн қазақтың белгiлi адамы көп сияқты. Ел болған соң солай болады да. Ендi тiлегiмiз мынау: шаруаң жағынан асығыс болсаң, мына қартты ауылға қайтара тұрып, өзiң бiраз күнге тағы қалуыңды сұраймыз.
Мына палуандарды сен қазақ күресiмен ұстасуға келтiрмей-ақ жығып шықтың. Бұлар да тек жерге шаныша салған құрай емес едi, жүздi жығып жүлде алғандар болатын. Бiз де циркке сай тасындай саралап алған адамдармыз. Бұлардың көңiлiнен де тарамайтын арман қалып отыр. «Күштiлiгiңде шек жоқ. Бiрақ бiз әдiсiне жетiлмеген қазақ күресiмен күрестiк. Бiзбен тек французша күрессе екен, жығылсақ та армансыз қалар едiк» деп тiлек етедi. Мына әкеңнiң алдында осыны айтып, сенен тiлек еткелi, дидарласып отырмыз. Осыған не айтасың? – дедi.
Мұқан ойланып, серiктерiне қарады. Олар жымиысып қойды да:
– Өзiң бiлесiң. Жауап бер, – дестi.
– Мен французша күрестi бiлмеймiн ғой.
– Бiлетiнiңе бiздiң шегiмiз болмай отыр. Тiптi бiлмеген күнде, бiлмейтiн күреспен бiз де күресiп жығылдық, азар болса, сен де солай боларсың.
– Мен қандай күрес болса да жығылғым келмейдi. Жарайды, ойласып, ертең циркке келiп өзiм айтайын, – дедi. Ас пiсiп, адамдар ас iшуге бөлiнгенде, Мұқанды палуандар өз бөлмелерiне алып кеттi.
Шараптың алуан түрiн алдырған екен, ас алды бiр-бiр рюмка ақтан көтермекшi болды. Мұқан:
– Мұндайды iшiп корген емеспiн, маған қымыз керек, – дедi.
Бiрақ ол мұндайда табылмады.
– Ендi мына шөлмектердi өзiм қарап, бұйырған бiрiн iшейiн. Сендер маған тәттiсiн айтыңдар, – деп бес жұлдызды коньяктi қолына ұстады. – Осының шөлмегi әдемi екен, сiрә тәттi болар, – дедi.
– Дәл таптың, оның iшiндегi қант қосқан су, – деп тiлмаш қулана күлдi. Цирк бастығы рюмка ұсынып едi, Мұқан сорпа кесе алдырып, – мен қымыз iшiп үйренген адаммын, толтырып бiр-ақ құй, тәттi деп отыр ғой мынау, – дедi. 60 градустық шарапты сiмiрiп жiберiп, басынан тастамай отырған түлкi тымағын жұлып алды да:
– Бала, алдаған екенсiң, мұның iшiне қант қосылмапты, – деп үлкендеу шанышқыны алып, кесек еттi көмейлете ұрып жiбердi.
– Осындай да ауыл адамы бола ма екен? – деп, бас-қарушы күлiп жiбердi. Бiрақ Мұқан шарап iшудi қайталамады.
* * *
Цирктiң жарнамасы жаңарып, Алыпсоқ Шидем-Күпiнскийдiң француз күресiне түсетiнi жарияланды. Мұны естiп, дүмеген жұрт дүмей түстi. Цирктiң билетi тағы да жетпей қалды. Күреске жаны құмар қазақтар ауыл-ауылдан ағылып келiп жатты. Цирктiң тәртiбi бойынша, арасына күн салып, Мұқан бiр палуанмен күре-сетiн болды. Алдымен Митя килiктi.
– Әй, тамыр, мен саған қазақша күрестi үйретiп едiм ғой, сен французша күрестi үйрет. Белбеусiз сенi қалай ұстап жығам? Судан шыққан балық сияқты жылмаңдап тұрсың?..
Митя не дерiн бiлмей, сасқанынан күлiп жiбердi.
– Сен бiлмесең де, сенi жығам деген ой менде жоқ… Оған дәмеленiп те тұрғам жоқ.
– Бол, бол, баста! Қалай өзi, маған не iстейсiң?
Ол келiп жауырынынан қағып жiберiп едi, Мұқан етпетiнен жата қалды.
– Мынау, бiр ұрып құлатқаны ма? Тегi, күшi көп болса да, әдiсiн бiлмеген соң қиын екен ғой, – деп шуласты жұрт.
Митя аздап дәмеленiп қалғандай, «әдiсiн бiлмеген-нен болар» деп, оның кеудесiне еңсесiн арта жатып, қолтығына қолын сұға, шалқалатпақ болды. Бiрақ ол үмiтi ақталмады, бейне бiр жерге шегелеп тастағандай қозғалар емес.
Қабырғасына алған қолын қайырып үстiне шығармақ болып әурелендi, онысы қабырғасына байлап қойғандай бүлк етер емес. Етпеттей жатыр Мұқан. Арқасында бала ойнатқандай, жауырынын созып, әбден дiңкелеттi. Жиырма минут уақыты таянып та қалды. Ол үстiне труси кимей, кең балақ жарғақ шалбар тауып киген едi, Митяның аққан терi оны былбыратын жi-бердi. Уақыт екi минут қалғанда екi қолын қолтығынан бiрдей сұғып, бұлшық етiн уыстап алған Митяның оң қолын сығымдай ұстап, ұшып тұрды да, еңкейе берiп, иығынан асыра шалқасынан салды. Ол тiзе бүгуге шамасы келмей, тандырдың нанындай жабысты.
– Классикалық жығыс! – дедi төрешi.
– Өзi үйреткен әдiспен жықтым, мұндай күрестi кiм көрген, – дедi Мұқан.
Ауыл палуанының шеберлiгi күннен-күнге жетiле бердi.
– Мыналардың әдiсiн әбден бiлiп алды, – деп күңкiлдестi көрушiлер. Сегiз палуан жығылып, Черный Замук алаңға шыққанда, Мұқан қыңырлау тұрып, көз қиығын салды да:
– Мұнымен ең соңынан күресем, – дедi. Оның денесi Мұқаннан бiр жарым есеге жақын iрi едi.
Көрушiлер:
– Осыдан қауiптенедi бiлем, – дедi. Оны елең қылған Мұқан болмай, басқаларымен күресе бердi.
Он бiр палуан он бiр түрлi әдiспен келсе де жығылып, төрелiк айтушылардың бiрiне наразылық бiлдiргенi болмады. Қала бастықтарының үлкен-кiшiсi, атақты байлар, саудагерлер, әкiмдер болып түгел күрес қызығына қарасты.
Мұншалық күш, мұншалық шеберлiк ауылға қалай сыйып жатқанын, оны осы уақытқа шейiн көздерiне түсiре алмағанына өкiнiстi. Мұның кiм екенiн бiлу үшiн Сарытерек болысына тексеру хат та жазды.
«Құрметтi ұлық, ол болыстың адамы. Мал баққан Қали дегеннiң баласы. Оның жиенi Мұқан Мүңайтпасов деген Петроградта күресiп жатыр. Баяғыда бабалары батыр болған адам көрiнедi» деп жауап та келдi. Содан кейiн Черный Иван деп күдiктенгендерi шешiлмей қалды.
Дуанға келгенiне айға жуық уақыт өтiп, ең ақырғы Черный Замукпен күресетiн кеш келдi. Адамның дүмеуi күннен-күнге тасқындай бердi. Бiреуден бiреу сатып алып, бiр билет бес сомға шейiн барды. Айрықша атағы бар дәудiң бiреуi өткен күресте өте тез жығылды. Елдi таңырқатқан жағдай, палуандардың кiшiлерi күрес мерзiмiне жеткенше, кейде асқанынша тiресушi едi. Үлкендерiне кезек келген сайын жығыс жылдамдай бердi. Iрi палуанның бiрi үш жарым минутта-ақ жығылды. Бүгiн Мұқан көпке шейiн циркке келмедi. Көру-шiлер: «Сол шынымен осыдан қауiптенедi, келмей, қашып қалмағай едi» десiп отырғанда, Мұқан да келдi.
– Палуан, бүгiн кешiгiп келдiң, күнде ерте келетiн едiң, – десiп, таяу отырғандар жайын сұрады.
– Өзiм тымауратып, басым ауырған соң, бүгiн келмей-ақ қояйын деп едiм, мына қара дәуден қорықты деп айта ма деп, ұялғанымнан келдiм, – дей салды.
– Әнеугүнi қазақша күрескенде осыны тез-ақ жықтың. Соны қазақ күресiнiң әдiсiн бiлмегендiктен жығылды деушiлер болды. Ал, сен мынау күрестiң әдiсiн бiлмей де жығып жатырсың. Бiзше әдiстiң тетiгi күш сияқты. Осы дәу қараның күшi өзiңнен қалай, көп пе?
– Ойбой, мұның теңдесi жоқ палуан ғой. Әнеугүнi аруақтар жар болып жығып едiм. Бүгiн қайдам… – деп, Мұқан қорыққан кейiп көрсеттi
– Аллажар болсын, шырағым! Сескенбе, күшiң басым екенiн осы цирктiң өз адамдары айтып, ауыздарының суы құрып жүр. Құдай бiледi, жығасың, – десiп, қарттар сүйеу бергендей сөздерiн айтысты.
Мұқан Черный Замукке жылдам басып барды да, өкшесiн жерге тiреп жiберiп, мойнынан шап берiп құшақтап алды. Биiк дене иiлiп, бастары түйiстi де, қолдары екi басты қосуға салған құрсаудай айқасты да қалды. Екеуi өгiзше тiресiп бiрнеше секунд тұрды да, Мұқан желке етiн қыртыстандырып жiберiп, Замуктiң айқастыра ұстаған қолын серiппеше жазып жiбердi. Еңкейе берiп, басын төмен қарай сырғыта, жазылмаған күштi қолды нығырақ сiлкiп жiбердi. Нардай үлкен дене кiлем үстiне етпеттен сұлады. Оны жайғасып жатуға уақыт тапқызбай кеудесiмен иығын жаныштай басып, аударған қаптай төңкерiп тастады да, кеудесiн кеудесiмен басып жата қалды. Ысқырық шырылдап, жығудың әдiл екенiн, жығушының ерекше күштi екенiн хабарлады.
– Сен түсiңде менiң ағам Ванядан екi жығылып, масқаңды алдырып едiң. Мұнда келiп менен жығылғанын ұят емес пе, – дедi, жығыс кешiрiмiн сұрап, қол алысып тұрғанда, орысша болбырата сөйлеп. Черный Замук еңкейе қарап;
– О, Ваня… бауырым, сенi көрген бақытты күнiм осы екен ғой, – деп қанатын жая, құшағына алды.
* * *
1948 жылы, август айының аяқ шенiнде, Темiрлан селосына қарайтын Ленин атындағы колхозда отырған Мiнәйiм жеңгейдiң үйiне есекке мiнген бiр колхозшы келiп:
– Мiнәйiм, Қажекеңнiң қабiрiнiң басына барып, шай қайнатып iшiп, қабiрiне гүл қойып жүрген орыстың кiм екенiн бiлдiңдер ме? – дедi.
Үйдегiлер таң қалысып, жақындағы зиратқа қарай тұра жүгiрiстi.
Келсе, қартаңдау келген, алып денелi орыс, арқасында арқалап жүрген жүгi бар. Сұраса келгенде осы қабiрдi әдейi iздеп келгенiн айтты. Есбол, Айдарxандар үйiне ертiп келiп, асын берiп, Қажекеңнiң досына сый-құрмет көрсеттi. Ол Ақмоладағы белгiсiз болып күрескен он екi палуанның бiрi екен. Қартайып, пенсияға шығыпты. Оңтүстiк Қазақстан облысындағы мектеп-тердегi спортшыларға нұсқау бередi екен.

Жиб-жица күресi

Дүние аралаған палуанның ұзын сапары Харбин қаласына барып, бiр тұйықталды. Онда Қытай, Жапония, Корея, Монғолия палуандары келген.
Сар-Кек-Ки (Қажымұқан солай атайды), Жапонның Париждегi дүниежүзiлiк күреске қатысқан палуаны. Ол французша күреспен Қажымұқаннан екi минутта жығылып шықты. Күйгелек, ызақор, кек сақтағыш мiнезi бар, көп сөз, күлкiнi жек көретiн палуан екен. Жапонның Микадосы1 қайығын жүргiзбеген желдi «Орыс, Қытай жақтан соққан жел» деп, елiн өшiктiретiн жапон ғой. Сар-Кек-Ки сол торбиемен жүрегiн ерiксiз қатырған. Қытай, Корейдiң көп палуанынан басым болып, он екi палуанды жығып, мақтанышпен қайтамын деп тұрғанда, өзiн бұрамға келтiрмеген қара орыс келiп қалды. Күрестi қайталап, уақытты созбас үшiн Сар-Кек-Кидi кiм жықса да соның жықкан палуандарын түгел жыққан болып есептелсiн деген, күрес комиссиясының ұйғарындысы болды.
– Күрес французша болады, – дедi комиссия.
– Мен Жапон күресi «Жиб-жицамен» күресем, – дедi Сар-Кек-Ки. Бұл күресте ешбiр ереже жоқ, палуандар кез келген жерiнен ұстап, шамасы келсе жұлып тастай беру болатын.
– Иван-Корень, сен жапондарға жақынсың ғой, мынаның айтып тұрған күресiн бiлетiн шығарсың, сен күрес, – дедi жат күрестiң жайын бiлмеген Қажымұ-қан.
– Айта көрме, таласқан иттей жараланып кiм жатсын, мен күреспеймiн, – дедi сахалиндiк Иван.
– Мен «Жиб-жицадан» басқа күреспен күрес-пеймiн. Орыс палуандары күреспесе, бәйгенi шаппай алам, жеңiс менiкi, – деп Сар-Кек-Ки қасарып отырып алды. Қыңырайын жерге қарап отырған түрiне үңiлiп бiраз тұрды да, аузына алақан толтыра салған насыбайын жерге қатаңырақ түкiрiп:
– Жаз менi, иттiң күресi болса да күрестiм, – дедi Қажымұқан.
Өлгенi үшiн ешкiм жауапты еместiгiне екеуi де тiлхатқа қол қойды. Цирк көрушiлерден екi кiсi шақырып, актыға қол қойғызды да, екеуiне де ақ майка, труси кигiзiп, есiк пен төрдей жерден қоя берiп, қоңырауды шылдыр еткiздi цирк басқарушы. Жапонның тарамыстанған темiрдей қатты қолы Қажымұқанға шып ете қалып, орғып бiр өттi. Жылдамдығына көз iлеспей Қажымұқанның басына қолы тағы бiр тиiп, цирктiң екiншi жағына қарай секiрдi. Қажымұқанның басы-көзiн қан басып, жосадай боп сорғалап жүре бердi. Көрушiлердiң арасында отырған орыс палуандары орындарынан ұшып-ұшып тұрып, ойнақтап жүрген жапонға тұра ұмтылысты.
– Шық берi. Өлдiң ғой байғұс! – деген ащы дауыс цирк iшiн жаңғыртып жiбердi. Тәртiпшiнiң үстi-үстiне шырылдап ысқырғаны Сар-Кек-Киге тап берген орыс палуандарының жолын бөгедi.
– Қайда барасыңдар?
– Қарғыс атқан ит, адамымызды өлтiресiң бе?
– Күрестiң ережесi сол! Шамасы келсе, ол да соның iстегенiн iстесiн. Тәртiптi бұзбай, орындарыңа барып отырыңдар! – деп басқарушы зiлдене сөйлеп, түсiн суытты. Шабынған арыстандай үш палуан бiлек түрiп сыбанған күйiнде тұрып қалды да:
– Иттiң қолын ендi денеге тигiзбе! – дедi ашулы үнмен.
Жапон үшiншi рет зуылдап келiп, қанға боялған Қажымұқанға қайта қолын сала бергенде, әдiстi алып тұрған Қажымұқан екi қолын шап берiп, артына қарай қайырды да, тiземенен бiр қағып, дөңбектей жерге былш еткiздi. Бұлқынған күйi етпетiнен салып қойып, оң тiзесiмен иығынан басып, сол аяғымен желкесiн тiреп тұрып, сол қолы Сар-Кек-Кидiң үстiңгi ернi мен мұрнын қоса қабат кейiн сыдырып барады…
Цирк басқарушының сылдыраған қоңырауы естiлдi. Бұл сияқты жабайылық салтын талай көрген цирк басқарушысы да бұған өрескел деп қарамады. Қажымұ-қан бiр ай емделiп жазылды. Бiрақ оның Дядя Иван мектебiнен қалыптасып, шыныққан сұлу денесiнiң сиқына бiраз ажарсыздық ендi.
Көктем мезгiлi тағы бiр айналып түскен кез едi. Қажымұқан ауруxанадан шығып, өзiнiң достарына қосылды. Бұлардың жатқан жерi Харбин циркiнiң қорасының iшiндегi ойыншылар тұратын жатақхананың бiр бөлмесi едi. Қора iшiндегi үюлi жатқан жуан ағаштардың үстiне киiм, жамылғыштарын жайып, тамылжыған шуақта, құзар таудың бүркiтiндей, орыстың төрт палуаны отырды. Бұлардың жасы үлкен ағасы да, өздерiне тән жұмысына басқарушы да Иван Корень болатын, цирктiң жарнама қағазының қалыңдау бiреуiн жайып, шұжығын, балығын, дәу қалаш нанын, дорбаларындағы шөлмектерiн сырлаған темiр сапты аяқтарын әкелiп:
– Тойға келiңдер, туысқандар! Дуня, Якуб қартты шақыр.
– Дәулер-ау, бұларың немене?
– Той. Мына, Черный Иванды көптен күтiп жатыр едiк, ендi елге қайтар алдында жол ашарымыз.
– Бұл палуанның аты Қажымұқан емес пе?
– Бұрын бiз Черный Иван дейтiн едiк, сiз айтып тұрған атты Стамбулдан тауып алды, басына түскен жара осының қырсығы.
Ендi бұрынғыша атаймыз. Құтты атыңның қайта қойылғаны үшiн. Ал саптыаяғыңды көтерiп жiбер.
Палуандардың бұл тобының күрес өткiзген қаласының бiрi Стамбул едi. Соған қатынасқан Мұқанға түрiктер қатты қызығып, достасқан тобынан айыруға алуан түрлi айла iстеп көрiптi. Қонақ үй бағының iшiнде ағатын арықтан, күндегi әдетi бойынша жуынып, судың бетiне қадала қарап отырған Мұқанның үстiне әлдеқайдан су шашылып кеттi. Басын көтерiп алдына қараса, судың арғы бетiнде бастарында жалтыраған тақиясы бар, ауыздарын ақ жiбекпен орап алған екi қыз отыр-ғанын көрдi.
– Сәлем! – деп қылмаңдайды қыздар, беттерiне қараған жiгiтке.
– Сәлемет болыңдар, сұлулар! Суды неге шашасыңдар?
– Неге қарамайсың?
– Сендерден сұлу суға қарап тұрмын.
– Су бiзден сұлу ма?
– Сұлу. Судың ағысы сендердiң жүрiстерiңдей қисық емес
– Бiздiң жүрiсiмiз қисық па екен?
– Қисық болмаса, менiң үстiме қайдан келе қойдыңдар? Екi қыз сықылықтап күлiп, ораған жiбектерiн жазып жiбердi. Елiктей жұмырланған сұлу мойындарындағы моншақтар суға шағылысып, үлбiреген тамағы, маржандай ақ тiстерi, гүлдей қызарған ерiндерi айқын көрiнiп, Мұқанды елiктiргендей болды.
– Торғынмен оралған тамақтарың әдемi екен, ондай сүйкiмдi тамақтан сүюге де болады…
– Бiз саған сүйгiзiп, тамағымызды арамдамаймыз.
– Менiң аузым арам ба?
– Арам. Сенi кәпiр болған түрiк дейдi, рас па?
– Ол өтiрiк. Мен кәпiр емес, мұсылманмын. Түрiк емес, қазақпын. Сендерге менi «кәпiр» деп кiм айтты?
– Бiлетiн кiсiлер айтты. Бiз сенi осы бақтың iшiнен күнде көремiз. Қызығамыз. Бiлетiн кiсiлерден сұрасақ солай дейдi.
– Сендер қайда тұрасыңдар?
– Алдыңдағы ашық тұрған терезенi көресiң бе?
– Иә.
– Сол үйде тұрамыз. Үйге жүрiп, қонақ бол.
– Мен үйлерiңе бармаймын.
– Неге?
– Мен Стамбулға қонаққа келгенiм жоқ, күрескелi келдiм. Күрес бiткен соң қайтамын.
– Қайда?
– Ресейге.
– Ресейде кәпiрлер тұрады, бiзде қал.
– Сендер бiлмей айтасыңдар. Ресейде кәпiр жоқ, орыстар бар. Олар жақсы адамдар. Сендер менi кәпiр деген адамдарды осы араға ертiп келiңдершi.
– Оны қайтесiң?
– Мына суға тұмсығын батырам! Қайтып ондай сөздi айтпайтын болады.
Сол екi қыз, соңынан бiрнеше рет кездескеңде қалаған қызыңызды ал да, түрiкке қал дейтiн болды.
– Менiң қымбаттым – қыз емес, туған елiмнiң топырағы, – дедi Мұқан.
Мұқан бiр күнi Стамбулдың үлкен мешiтiн көргелi барғанда түрiктiң ишаны басына шашақты қызыл тақия кигiзiп:
– Бұл барлық мұсылмандардың мешiттерiнiң анасы. Бұған кiрген кiсi «қажы» болады. Ендi сен Қажы-мұқан болдың, – деп басына шашақты қызыл тақия кигiзiп, тақиялы суретiн газетке басып шығарды. Содан қасындағы жолдастары күлкi етiп, Қажымұқан атап кеттi. Оған шейiн Мұқанның өзiнiң де, әкесiнiн де аты аталмай, басқа жанама атпен аталып жүрiптi. Өзiмен көп жыл жолдас болған Кореньнiң айтқан әңгiмесi де сол.
– Ендi Жапонияға барамыз ба?
– Жоқ, –дедi Қажымұқан, сарқа iшкен саптыаяғын төңкерiп тастап. – Мен Дубныймен Лондонға баратын едiм. Менi одан айырған кемемен жүре алмайтыным. Мiнсем жүрегiм лоблиды. Жапонмен аралықта үлкен теңiз бар екен. Олардың маған ұсынатын басын Харбинде мұжыдым, ендi бармаймын. Елдi сағындым. Ендi елге қайтайық. Жер жүзiнiң бiраз жерiн араладық. Туған топырағымыздан, Россиядан әсем елдi еш жерде көргенiм жоқ.
– Дұрыс айтасың, бауырым. Жердiң көрiктiсi, елдiң мейiрiмдiсi өз Отанымызда. Солармен бiрге жасап, өмiр өткiзгеннiң арманы жоқ. Орынбор қаласы цирктi шақырып, қағаз келiп жатыр, соған барайық, – дедi Корень.
– Тойларың тойға ұласып, сапарларың қайырлы болсын! – дедi Якуб палуандардың әзiл араласқан қызық әңгiмелерiне мейiрi қанғандай.
Жайылған жер дүниеге менiң iсiм,
Адамды таңдандырған қара күшiм.
Ойлаған өлтiрмек боп Сар-Кек-Кидiң,
Сыпырғам түлкiдей қып бас терiсiн.

Мырза

Мың тоғыз жүз төртiншi жылдың қысы, империа-листiк қанды соғыстың бейнесiндей қыс та қақаған қатты болды. Екi күннiң бiрi бұрқыраған боран, жаяу борасын, ызғырық жел, шытынаған аяз едi. Ақырған ақпанның бас кезiнде үйiлген қарды екi атпен сүргiлетiп тартып жатқан қораға, үстiне қайырма жағалы қасқыр iшiк киген, басында қазандай қара қалпағы бар, қолына кiсi сыйғандай үлкен сандықты бау тағып ұстаған бiреу кiрдi.
– Әй, гражданин, Құттыбай мырзаның қорасы осы ма? – дедi, қара терге батып, шөмеленген қарды сүргi-мен кең қорадан шығарып бара жатқан жалшыға.
Құттыбай Қызылжардың белгiлi саудагерi едi. Бұл қораның жартысы Европа үлгiсiмен салынған салтанатты үй болса, бiр жағы үйiлген шөп, шанаға жегетiн түйе, сойылатын өгiз, жеңiл шанаға жегiлетiн ат, сатылатын қойлармен былығып жатыр. Түнiмен көмген суырынды қарды тазарту, шашылған шөп-шаламды жинау ондаған жалшыға үзiлмейтiн бейнет болатын. Қажыған жалшы қара қалпақтыға аңырая қарады да, үндемей өтiп кеттi? Оның қайтып келуiн күтiп, жолаушы қораның алдында тұрып қалды. Кейiнгi сүргiшi барғанда, алдыңғы сүргiшi үйiлген қарға омбылап батып кеткен атын шығара алмай жатты. Екеулеп тартып, қара терге батқан үстiне бата түстi. Қора алдында жалшыны күтiп тұрған; қалпақты тыпыршып мазасы кеттi. Сандығын қораның аузына қойды да:
– Ей, сендер не ғып ырсылдап жатырсыңдар? – дедi жалшыларға жақындап келiп.
– Мырза, көрмей тұрсыз ба?
– Көргенде бас-аяғын кессе бiр қазан ет, арық тулақты сүйреп тастай алмай жатқандарың ұят емес пе?
– Әрине, мырзаларға солай көрiнедi ғой. Сiздер еттi ғана бiлесiздер. Аттың салмағын көтерген кiсi ғана бiледi!
– Бұлардың сөзiн қайтесiң, сен барып күректi әкел, қарды қазып алайық, – дедi екiншi жалшы, қасқыр iшiктi, қара қалпақтыға ашулы көзiнiң қиығымен қарап. Бiр жалшы жабысқан қарын қағынып, қораға қарай қарға батпаған атты бұрды.
– Әй, тоқта! Сүргiңдi ағытып, тақтаңды қардың үстiне көлденең сал. Күрекке әуре болып қайтесiң, – дедi бейтаныс кiсi.
– Неге, мырза?
– Әй, қайтесiң, мырза-сырзаны. Мен атыңды шығарып берсем болғаны емес пе?! Қарға аяғым батпайтындай етiп тақтайыңды тасташы. Неге екенiн саған көрсетейiн.
Қарға аты батқан жалшы, ожырая, көз астымен қарап:
– Әлпетi аю сияқты, не қылған неме, қайдан келiп тұр осында? – деп күңгiрлеп қойды. Аты батпағаны, не кетерiн, не тақтай берерiн бiлмей қалды.
– Ей, ағыт деймiн, тақтайды!
– Қатып қалған қайыс шешiле қоя ма, мырза, барып күрек алып келем..
– Ой, тәйiрi… күрек, күрек.. Былай әкелмейсiң бе? – деп сүргi тақтайды бiр қолымен ұстап қарға батқан атқа қарай сiлкiп жiбердi. Бала сүйреген ит шанадай сырғып, төрт тағандаған сүргi тақтай басын ұстап тұрған адамымен қоса үйiндi қарды түрiлте, жиектей келiп шоңқиды. Батқан атқа жақындатып, көлденең тастады да, аттың жалқұйрығынан ұстап, «њап!» деп бiр жұлғанда, қарға қарны кептелiп тұрған атты қазықтай суырып алып, қардың етегiне домалатып жiбердi. Шығамын деп шапшып булығып қалған ат, тұяғы қатты жерге тиген соң тұрып сiлкiндi де, жақындағы атқа қарап оқыранды. Екi жалшы түс көрген кiсiдей бiрiне-бiрi қарап, үнсiз таңырқап, белгiсiз кiсiнiң бетiне қарады. Аттарының делбесiн ұстап жатып:
– Мырза, сандығыңыз далада қалды ма?
– Иә.
– Бiреу iлiп кетiп жүрмесе игi едi. Бұл көшенiң бейсауат қалған сандығын қымқырып кететiн балалары аз емес…
– Iлiп кететiн балалар сен екеуiңдей болса, қанша жерге апарар дейсiң. Оның iшiнде кiшi-гiрiм аттай салмақ бар.
Жалшылар аттарын желдiре айдап, қораға кiрдi де:
– Жiгiттер, сұмдық… Не тажал, не мәдi, әйтеуiр, екеуiнiң бiреуi. Солардан басқаға бейнесi ұқсамайтын бiреу келдi, – деп, қораның iшiндегi қар күреп, қырбық сыпырып жүрген жiгiттерге үрейлене сөйледi:
– О, немене?
– Несiн сұрайсың… Дәу!
– Не деп шатасып тұрсыңдар! Көздерiңе бiрдеңе елестеген бе? Осы заманда дәу болушы ма едi?
– Әне, әне! Кiрдi қораға.
Қора iшiндегi жалшы жiгiттер таңырқай қарасты. Өзгеден айрықша үлкен болмаса да, қалың түктi, қас-қыр iшiк киген дене таңырқай қарағандарға алып сияқты көрiндi.
– Япыр-ай, мынауың жай емес екен! Қолындағы сандығының өзi бiр шананың жүгi ғой. Қалай өзi, тiл қата ма, сөйлестiңдер ме? Кiм екен?
– Сөйлестiк.
– Тiлi қандай, кәдiмгi адамша сөйлей ме?
– Орыс тiлiн араластырып қазақша сөйледi.
– Ендеше, татар екен ғой.., – Бiлмедiк, кiм екенiн түсiне де көз тоқтатып қарай алғанымыз жоқ. Шұнақ ешкiдей құлағы бүрiскен, ернi жырым-жырым бiреу. Киiмiне қарап мырза деп едiк, көтерiп жүрген сандығына қарап, кiм екенiн де түсiнбей қалдық…
– Ал дәу екенiн қайдан бiле қалдыңдар?
– Ойбай-ау, мынау ат қарға батып қалмады ма… Арқасы әрең көрiнiп тұрған атты, жаңқадай, саусағының ұшымен iлiп, қатты жерге лақтырып жiбердi.
– Атты лақтырып жiбердi дейдi?!
– Атың түгiл, түйеңдi түйме ғұрлы көретiн түрi жоқ! Бiз оны не тажал, не мәдi деп жай айтып тұр дейсiңдер ме?..
– Ал сөйлессеңдер не айтты?
– Құнарлы ештеңе айтқан жоқ. Маңқалау ма, қалай?.. Ыңыранған арыстандай үнi бiр түрлi шығады. Тек мынау, әрi шығып бара жатқанда: «Құттыбай мырзаның қорасы осы ма?» дедi. Мен бетiне де анық, назар салмай, асығып кетiп қалдым. Аттың-қарға батқанын көрiп, өзi барды да, менiң сүргiмдi аяғының астына салып, атты шығарып бердi.
– Е, iштен келген, (Россиядан) мырзаның достарының бiрi-дағы…
– Жоқ, мырза болса, ат түгiл адам өлiп жатса да мойын бұрар ма? Мынадай дәу сандықты қолына ұстап жүрген қай мырзаны көрдiң?
– Рас-ау, өзi… Мырза болса, қарға батпақ түгiл, қанға батып жатса да аттап кете бермей ме? Бұл жай адамның бiреуi шығар.
– Онда кiм болды екен? Мырзаның үйiне барып кiрiп те кеттi. Жай-жапсарын да сұрай алмай қалдық-ау.
* * *
Құттыбай мырзаның ауыз үйiнде аңшы итi арс етiп, үнi бiр шықты да «њай» деген қомақты үнiнен сескенiп, есiгi ашық тұрған ас үйге сүңгiп кеттi. Бұрын бүйтпейтiн иттiң қыңсылынан ас пiсiрушi әйел шошып қалды. Әлi ұйқыда жатқан мырзаның үй iшi қонақтарына ас дайындап, қолына май ұстаған күйi ауыз үйге шықты.
– Бәйбiше, Құттыбай мырза үйде ме? – дейдi гүрiл-деген бiр үн.
Миықтата жиектi қара қалпақ киген бас, ақ қырау басқан iшiктiң жағасынан қисая қарағанда, ас пiсiрушi әйелге бейне бiр аю сөйлеп тұрғандай көрiнiп кеттi. Iшегiн үзiлте бiр тартып, мырза жатқан бөлмеге қарай жүгiрдi. Есiктi әдеттегiдей қағып кiруге де мұршасы келмей, бiрден ашып:
– Мырза! – дедi ащы дауыспен, оянғанына көп уақыт болса да, тұруға ерiншек тартып жатқан Құттыбайға.
– Немене? – деп, ол да үрейленген әйелге қарады.
– Келдi.
– Кiм?
– Қара қалпақ қасқыр… бiр…
– Не деп шатып тұрсың?! – деп, мырза басын көтер-дi. Әйел қайтарып сөз айтпай, сырғып, мырзаның есiгi-нен шығып бәйбiшенiң бөлмесiне кiрiп кеттi. Мырза:
– Не дейдi бұл малғұн. Қалпағы не, қасқыры не мұның?.. – деп асығып шалбарын киiп жатты. Даладан қар күреуге көмектесiп жатқан байдың күтушiсi «дәудi» көруге асыға үйге келiп едi. Ауыз үйде тұрған қонақты киiм шешетiн бөлмеге алып кiрiп:
– Киiмiңiздi шешiңiз, мырза, мен қожайынға хабарлайын, – деп шығып кеттi.
Қонақ сырт киiмiн шешiп, шегеге iле бергенде:
– Сен неме, қайда жүресiң өзiң? Үйге бiреу кiрiп кеттi деп үрейлендiрдi ғой, әлгi күң, – деп жекiген байдың зiлдi үнi шықты.
– Мен қар күреп жатыр едiм, мырза. Сiздi сұрап, қара қалпақты, қасқыр iшiктi бiр мырза келдi. Сол кiсiнi айтқан шығар.
– Е, қасқыр iшiктi дейдi?.. Қайдан келiптi?
– Оншалығын бiлмедiм, мырза, әйтеуiр, киiм киiсi iштен келетiн қонақтар сияқты.
– Ендеше, онан несiне шошынып жүр? Үйге кiр-гiздiң бе, жүгi бар ма екен?
Басқа жүгiн қайдам, қолында әйдiк сандығы бар. Шешiнетiн үйге кiргiзейiн деп едiм, орнынан қозғай алмадым. Өзi көтерiп жүргенiне қарағанда, ақша болуы керек.
– Бәрекелде, сөз осылай болсын-дағы! Әлгi бiреу үрейлендiрiп, асығып киiмiмдi кие алмап едiм. Киiнiп, бетi-қолымды жуғанша iштен келгендер кiретiн қонақ үйге кiргiзе бер, – деп мырза бөлмесiне қайта кiрiп кеттi.
* * *
Құттыбай мырза таза жуынып, европаша киiнiп, қонақ үйге кiргенде қонақты көрiп, селтиiп есiк алдында тұрып қалды. Оның ойланып келген тәттi қиялына қонақтың бейнесi үйлеспей қалды. Оның ойынша ақшамен келiп, мыңдап мал алып қайтатын шөп тыққан қанардай қарны илiкпейтiн бiреу болар. Ақ жағасы жар-қырап, алтын сағатының шынжыр бауы омырауында айқыш-ұйқыш салбырап тұратын көпестiң бiрi ғой деп келгенi, өмiрiнде көрмеген бейнедегi бiреу болып шықты. Саудагерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, жай адамға тағы үйлеспейтiн, мұғалiм, инженердей де емес, шүғадан шалбар, бешпентi бар. Қозғалса жел соққан ағаштың жапырағындай омырауындағы орден-медальдары сыңғырлап тұрған бiр нәрсе. Мұндай көп наградты Құттыбай табақтас болған губернаторынан да көр-меп едi. Әскери адамға ұйғарайын десе, онын да еш-қандай белгiсi жоқ. Дал болған мырза аңырайып тұрып-тұрып:
– Ассалаумағалайкум! – дедi.
– Саумысың, Құттыбай мырза? Бұрын көрмеген соң танымай тұрған да боларсың, қолыңды алып сәлем-десiп тұрған Россияның дүниежүзiлiк палуаны Қажымұкан Мұңайтпасов.
Әлденеше жыл – атағы жер жарып бүтiн ел болып көруге ынтыққан палуанның ендi өз үйiне келгенiне бiр жағынан сүйiндi де, екiншi жағынан пайдасы тиетiн сау-дагер болмағанына iштей күйiндi де. Ренжiген райын iшiне тартып, сездiрмеске тырысты Құттыбай. Қалай да көп жатқызбай құтылу керектiгiн ойлады табанда. «Тайдың етi таңдайында қалатын бұл алып, менi не үшiн iздеп келдi екен?..».
Құттыбайдың есiне қыстың бас кезiнде үйiне келiп қонған Ұлытау болысы мен Сарытерек болысының жолаушы қарттарының әңгiмесi түстi. Олар дастарқан үстiнде әзiл-сықағын, өсек-аяңды араластыра отырып:
– Шырағым, болыс, патшаның бұйрығы деп алым-салықты көп жинап жiбердiңдер. Патшамыз мұнша ақша мен қойды қайтедi екен? – дейдi, Сарытеректiң ақсақалы, елдiң күйзеле бастағанын аңғарта сөйлеп. Болыс iркiлмей жауап бердi:
– Ақсақал, патшаға қанша қой, қанша ақша болса да көптiк қылмайды. Петрборда Қажымұқан деген қазақтың бiр палуаны бар көрiнедi. Соның бiр өзiне күнiне бес қой әзер ас болатын көрiнедi. Оған не шақ келсiн! Соған берiп жатса керек.
– Астапыралла!.. Есiтпеген елде көп деген осы-ау… Сонда жылына 1 800 қой жеген болды ма?
– Екi мыңға жуық қой ғой!
– Әй, қарағым, қайдан бiлейiн!.. Петрборда палуанның бары рас та шығар. Бiр ауылнайдың малын бiр палуанға сойып берiп, патша ағзам көже қатықсыз отырмаған шығар. Ол түгiл, Қасқырбай бидiң өзi елден алып, елуден астам қой сойды. Елдiң еркесi палуан, батыр жесе, ғалым, ақындар жесе далаға кетпес едi. Қайдам, қарағым… – дейдi ақсақал күмәндi күлкiмен.
Қажымұқанға Құттыбай тай қазанын толтыра ет асқызды. Онда қазы да, карта да, жая да, құйрық та, сүбе де бар едi. Ел кiсiлерiн қондыратын үйiне дастарқан жайғызып, қайың астауды қайыстыра толтырып екi жiгiтке көтергiзiп әкеп тартқызды. Қаладан келген пал-уанды көруге ынтыққан мырзамен көңiлдес екi-үш қарт та бiрге болды. Байдың жақын адамдарының бала-шағалары да аз жиналмады.
– Палуан, көп жыл Россияда жүрсеңiз де, ел кәдесiн ұмытпаған шығарсыз. Бас бермедi демессiз, мырзаның азынаулақ төл малы елде болады. Базардан алайын дегенiне, аяз сорған малдың етi не болады деп, мен алдырмадым. Соғымның мезгiлi ғой, бұйырғаны алдыңыз-ға келдi, алыңыз, – дедi сыйлы қарттың бiрi.
– Мырза, жиырма төрт жыл шетте жүрiп, арақ-шарапқа аузы тиiп үйренбедi деймiсiз? Палуанға беретiнiң болса бiзден именбей бере бер, ас алдында жұтып отырсын, – дедi қарттың тағы бiрi.
Мырза «әкелшi» дегендей қонақ күтушiнiң бiрiне иек қақты. Қажымұқан дастарқанға отырған кiсiлерге айнала бiр қарап алды да:
– Мырза, мен жиырма төрт жыл шетте жүрiп, тұңғыш рет сенiң үйiңе кiрiп отырмын. Бұл – екi мүшел бiр азаматтың кемелiне келген жасы. Күз өтiп қыс түс-кендей, қыс өтiп көк шыққандай, бiраз кiсi дүниеден өтiп, түтiнiн баласы түтетiп отыр. Соның бiрi өзiңсiң. Сәкеңнiң қайтыс болғанын осыдан жетi жыл бұрын естiп едiм. Арағыңды қоя тұрып, марқұмның аруағына бiреуi құран оқып жiберсiн, оның көптiгi болмас.
– Шырағым-ай, бұл қайдан ойыңа түсе қалды?.. Бүгiн күннiң өзi жұма едi, аталы сөз болды ғой өзi, – десiп қарттар орындарынан бiр қозғалып алды.
Құттыбайдың қарт анасы самай шаштарын жиыстырып, бiр тiзелей келiп отырды да: – Келiн шырағым, астың бетiне дастарқан жаба тұр, – дедi.
– Молда, құран оқып жiбер, – деп Құттыбай сыпайы киiнген Жантайға қарап едi, ол шөкелеп отыра қалды да «ағузыны» соза жөнелдi. Құран аяқталып бет сипасқан соң:
– Мырза, тағы бiр тiлегiм бар, ойымды да ас бетiнен дастарқан ашылмай тұрғанда айтайын, мен жейiн десем, тайың мен қойыңның етiн қосып ассаң да жұмырыма жұғын болмайды. Жемейiн десем, жай кiсiнiң iшетiн асы маған қанағат. Осы Қызылжардың ауласының қарын бiр кезде мен де күреп едiм. Ендi мына қораңды күреп қарын аршыған жiгiттерiң менi «мырза» десiп танымай жүр. Басымнан өткен өмiр ғой. Ол байғұстар мырзасының үстiне басып кiруге именедi. Қайдан бiлсiн, қасқыр iшiк, түбiт қалпақ киген соң, мырзаның бiрi деп ойлайды. Құттыбай тұрғанда құдайдың есепсiз беретiн мырзалығы бар ма?
– Рас айтасың, палуан, құдайдың бергенi де, шырағым… Шүкiр, шүкiр… – дедi Жантай сақалын сипап, мырзаға көзiнiң астымен қарап қойып.
– Иә, құдай берген мырза, құлашыңды кең жаз! Сол менi мырза деп жүрген жiгiттерiңдi осында түгел шақыр. Сәкеңе құран оқып жейтiн асты, солар менiмен бiрге отырып жесiн, қасқыр iшiктiң Қажымұқан екенiн, шын мырзаның Құттыбай екенiн бiлсiн. Менi келiп көруге де, еркiн сөйлесуге де бата алмай жүр ғой, ол байғұстар.
– Палуан, олар астан кенде емес. Бiз солардан артылғанын жеп отырмыз. Ертең олардың жатақханасына барып, өз алдына әңгiмелесермiз. Әлгi, патшаның сарайында болғаныңды айтшы… Аяусыз-ақ алтынмен аптап, күмiспен күптеген шығар, ә… Уа, шiркiн… патша ағзамның сарайынан не алды дейсiң… Оның сарайының қақпасын көрудiң өзi қандай мәртебе десеңшi! – деп, бет-әлпетiнен әлдеқандай арманның желi ескендей, Құттыбай астаудағы асты палуанға қарай ұсына бердi.
Қажымұқан құйған шойындай орнынан қозғалмаған күйi, «сабыр ет» дегендей болып қолын созды да, мырзаға көзiн сығырайта қарап:
– Өй, Құттыбай, осыдан жиырма алты жыл бұрын сенiң көршiң Масликовтың шөбiн әкелем деп, ақ боранда аты өлiп, маған жаяу шана сүйреттiрiп, атты төлетем деп менi полицмейстерге алып баратынында сен айдарың алынбаған жас бала едiң. Көпшiлiк аттың құнын төлегелi ақша жинап жатқанда Хұсайын қарт төренiң қасында тұрған әкеңе: «Уа, шырағым Сәкенжан, мына бiр балаға Көкшетаудың шыңындай сор бергендей, күштi де қоса берген екен. Сонысына сүйсiнген көпшiлiк аттан келген ауыртпалықты көтерiп әкетуге қам жасап жатыр. Төлебай Жомарт жалғыз атын аяғын ит қапқан дуанға бергендiктен аты шыққан екен. Саған жеке төлеп жiбер демейiк, көпшiлiктен қалмаңыз» дегенi есiңде ме?
– Иә, ол есiмде.
– Сонда Сәкең марқұм қалтасынан бiрдеңенi алып, саған жылу жинаушыға апарып бер деп едi, есiңде болса сол қанша ақша едi?
– Онысын ұмытып қалыппын, – деп Құттыбай күмiлжiдi.
– Онда Құтташ жас едi ғой. Бiр жiгiттiң өмiрi өткендей уақыт өткен екен, ұсақ-түйек мырзаның есiнде тұра ма?.. – деп Құттыбайға таяу отырған шал, селбiреген сұйық сақалын саусағына қыстыра сипай көзiн жұмды.
– Мырза, ұмытқан екенсiң, есiңе түсiрейiн: қолыңа ұстап, Хұсайын қартқа бергенiң он бес тиын болатын. Сонда ол бетiңе қарап тұрып: «Балам, жинаушы Жағыпар да бес сом берiп едi, мырзалығың осы болса, әкеңе апарып бере ғой, шылым алып шексiн. Онсыз да бiр аттың құнына осы жұрттың жиғаны жетер!» деп бетiн сенен бұрып алған болатын. Мен мұнда қонатын үй таппай келгенiм жоқ. Масликовтың дауынан айырып ал-ған жұрттың көбi тiрi. Онда үлкен кiсiнiң қолы қысып тұрған сенi аяп та едiм. Ендi еркi өзiне тигенде бiр көрейiн деп келiп отырмын.
– Иә, Сәкең марқұмның жоқ жерде тарыла қалатын мiнезi болатын. Кейде көлдей шалқып, Омбы, Орынбордан келген бiреулерге ақшаны аямай құшақтатып-ақ жiбере салатын. Болмаса, сол атты түгел төлеу-ге де құдiретi келер едi ғой, – деп, ет турап отырған жұпыны киiмдi қарт, майлы жаяның бiр жапырақ, етiн аузына тастап жiбердi. Аузындағыны тамсана жұтып жiбердi де: – Шырағым Қажымұқан, Құтташтың қолы ашық, құдай беретiнiн тоқтатпасын, талай кiсiнiң мұқтажына жарап жатыр, – деп мырзаға көз қиығын бiр тастап қойды.
– Менiң айтайын дегенiм ол емес, мырзадан дүние сұрағалы отырғаным жоқ. Осы есiктiң алдын сықырлата басып, қырау басқан терезеден сығалап жүрген адамдар көп. Шамасы, жалшы жiгiттер болар, Мен кеткенде Масликовте жалшы болып жүретiн Сергей мен Сейiлбектiң осы қорадан төбесiн көрдiм. Бәрi де менi көргiсi келетiн шығар. Оларды аяздаған сиырдай сықырлатып қоймай, үйге кiргiздiрiңiз. Осы тамақ бәрi-мiзге де жетедi, тiршiлiктiң арқасында дидарласайық. Патшаның, оның уәзiрлерiнiң үйiнде көрген тамашамды мен айтып берейiн, олар құлақтарымен естiсiн.
– Ол кiм өзi, есiк алдында жүрген? – деп мырза есiк жактағыларға қарады.
– Кiм дерiң бар ма, «патшаның палуанын көремiз» деп, өзiмiздiң жiгiттер топ-тобымен қайта-қайта келдi. Қараңғы қоралардан сан адам келiп, есiк-терезеден сығалаумен жүр. Есiктi iлiп, алдына кiсi қойып отырмыз. Болмаса үйге ерiксiз лап бергелi тұр.
– Мырза, кiргiз соларды. Солардың топырлауынан именiп, далаға шыға алмай отырмын.
– Үйге дүметпей-ақ, ертең ортасына бармайсыз ба?
– Мен үйiңе қыстағалы келгенiм жоқ, ертең кетем. Қазiр кiргiз. Болмаса асыңды да жемеймiн.
– Иә, бәрiмiз де дидарын көргелi отырмыз. Бұл үйден талай татып жүрген дәмiмiз ғой… Палуанның тiлегi орындалсын. Шақырыңыз, мырза, – десiп отырғандар Құттыбайға үңiле қарасты.
– Япыр-ай, ендi, аяқтары лас, үйдiң iшiн былғайды-ау…
– Былғанса тазартатын өздерi ғой. Кiрсiн.
Жiгiттер шақырылды. Алдымен Сергей мен Сейiл-бек кiрiп, Қажымұқанмен құшақтасып көрiстi. Басқа жiгiттер сәлем берiп, есiк жақта iргелей отырысты.
– Ал ендi, арағыңды құй, мырза. Сия сауыттай шыныңды шұқшитпай, шай кесеге құй. Сейiлбек пен Сергейден бастап, жiгiттердiң бәрiне құй.
– Өзiңе деп алынған бiр ширек арақ едi, бәрiне жетпейдi ғой, палуан? Дүкен жабылып қалды.
– Құттыбай жетпесе, Қажымұқан жетедi, құя бер, мырза. Толтыра құй, бiр сiмiрер болсын.
– Бiр кездегi жалшы Қажымұқан, Петр патшаның қаласына барып, тәлiм-тәрбие алып, бүкiл әлемдi аралап, ұлы Россияның қазақ палуаны атандым. Жиырма екi жыл шетелде жүрiп, топырағын тұмар етiп тағайын деген туған жерiме бүгiн келiп отырмын. Туған елдiң жемiсiнен iстелген шарапты есiкте жүрiп бас қоскан ескi достарым Сергей, Сейiлбек ағайлар, сендер үшiн iшейiк. Ал мырзаға, келiндерге патшаның арағын берейiн, – деп чемоданын ашып, Орынбордан толтырып алған шарабының бес шөлмегiн алып, алтын жазулы шыныларды Құттыбайдың алдына қойды да, ал жұттық, – деп сiмiрiп жiбердi. «Патшаның» шарабынан бiр-бiр жұтқан үй iшi де бiр түрлi көңiлденiп кеттi.
– Мiне, патшаның кәмпитiн балаларыңа берiңдер, – деп алуан түстi қағазға ораған кәмпиттi шашып жi-бердi. Отырғандар алдына түскенiн таласа бөлiсiп алып жатты.
Ет желiнiп, тепшiп шекеден тер шыққан соң, Қажымұқан бiраз жосылтып әңгiмесiн айта келiп:
«Жиырма төрт патшаны араладым,
Палуанды неше таудай жараладым.
Жүрегiмдi жылытқан қызуы мол,
Туған жердей ыстықты таба алмадым»,
– деп өлеңдетiп те жiбердi.
– Патшаның алтын сарайында сайрандап жүрiп те елдi сағындың ба? – дедi мырза.
– Әй… алтын деген тас емес пе? Адамнан, ата-ана, туған елден қымбат не болмақ?
Жиналған кiсiлер палуанға әбден риза болып, кө-ңiлдi тарқасты. Жататын бөлмесiне шығып бара жат-қан мырзаға:
– Мырза, әкемнiң өлгенiн естiп, асығыс келе жатыр едiм, ауылға күймеңмен жеткiздiртiп салуға кеңшi-лiк ет, – дедi.
– Жарайды, палуан. Жатып тынық. Ертең тiлегiң орындалады.

Балуан Шолақпен кездесу

Үш атты көсем жеккен күймелi шана, қалың қарды қайыстай тiлiп, Ақмолаға қарай келе жатты. Түтеген боран бөгеп, жолдағы бекетте екi күн түнеп қалып едi. Айналадағы елден бекетке келген бiрлi-жарымды кiсi-лер арқылы – «Патшаның тау көтеретiн палуаны келе жатыр екен» деген лақап ауылдан ауылға лезде тарады да кеттi.
Әйелдер есiткен хабар – жылдам тарайтын әдетi емес пе. Бұл хабарды құлағы шалған адам үйiнде отыра алмады.
– Шешей-ау, есiттiң бе?
– Ненi, шырағым?
– Бекетте дәу жатыр, – дейдi ғой!…
– Шұнак-ай, тағы не дейдi… Дәуi несi, ойбай! Дәу перi. Қап тауында жүредi демей ме? Әй, Қыздаркүл, берi кел, мына сұмдықты естiшi! Иә, келiн, оны кiм айтты?
– Менiң өзiм де шала естiп қалдым. Елгезер қайнаға Софы атама айтып тұр екен. Текебайдың Темiрбегi ыққан жылқысын iздеп жүрiп, бекетке соғыпты дейдi… Барса бекеттi аумағымен қар көмiп тастаған екен дейдi… «Япырай, бұлар тұншығып қалған шығар» деп тұрғанда, үйiрiп соғып, үйiлiп қалған төбе қар, қарс-қарс айрылып, қазанның қақпағындай төңкерiлiп түсiптi. Сөйтсе, соның астында патшаның дәуi жатыр екен. Сол Алатаудай үйiлген қарды алақанымен ысыра салыпты дейдi…
Мiне, осы сөз ауыздан-ауызға көшiп, алуан құбылып, Есiл, Нұраның өресiн әп-сәтте аралай шықты. Ал шанада: үстiнде мауыты костюмi бар, үй iшiнде киетiн киiз кебiстi аяғының басына iлiп, қасқыр iшiгiн жамылып, шарапты сiмiре ұрттай түсiп, бiреу келе жатыр.
– Күн де батуға таянды. Бекетке жақындадық па?
– Күн ұясына қона барамыз, таянып қалдық, – Қызы бар дейсiң бе?
– Қыз болғанда несiн айтасың… Көктемнiң гүлi, жұмақтың нұры.
– Түпкi атты тың сақтап, көсемдегi екi атты сыға айда. Жарық барда жететiн болайық.
Тiзбектелiп ұшқан үйректей, күйме сүйреткен көсем аттар, қары ойылып, қайырулы тұрған қақпадан сып етiп бекеттiң қорасына кiрiп келдi. Бурыл тартқан Рысбек бекетшi, кешкi шөптi салып, мал қорасының есiгiн жана ғана жауып болып едi. Көптен көрмеген күймелi қонақты қошеметтей қарсы алды. Атшының сәлемiне жауабын шала берiп, күйменiң тұткасына жабысты. Ашып жiбергенде мырзаны көрдi. Қара көлеңке тарт-қан күйменiн iшiнде үстi қоңыраудай сылдырап, бiреу түскелi жатыр. Бекетшi оның iшiнде бiр кiсi ме, үш кiсi ме, айыра да алмады. Қасқыр iшiктiң жағасын көзi шалысымен-ақ:
– Қадиша қарағым, берi кел! Қонақты үйге кiргiз, тоңып қалған шығар, – деп күймеден басы шықкан кiсiнi қолтығынан сүйей бердi.
– Рақмет, кейiн тұра берiңiз, аяғыңызды басып кетiп жүрмейiн. Мына иығымдағы iшiктi алыңызшы, түсiп кимесем есiкке сыятын емеспiн.
«Е, бұл май бөксе мырзаның бiреуi екен ғой» деп ойлады бекетшi. Ұзын жолдың өресiнде өмiрi өтiп, жолаушының байсымағына жалпақтап, жоқ-жұқа қонса, шалқақтап үйренген Рысбек, қасқыр iшiктiң жағасы қолына тигенде епелектей түстi.
– Қарағым Қадиша, мырзаның iшiгiн қарға тигiзбей ұстай тұр, мен өзiне көмектесейiн…
– Қызға бұл iшiктi ұстай тұру оңайға соқпас, өзiң алып, үйге апара бер. Қарындасым, маған жақында, үйге ала кiретiн затты берейiн.
– Мақұл, мақұл, қарағым, мырзаның бергенiн байқап ұста, бүлiнiп қалып жүрмесiн, – деп iшiктi көтерiп, бекетшi үйге қарай жөней бердi.
Үйге кiре, әйелiне сыбырлай сөйлеп;
– Қатын, көп жылдан берi жол өресiнен көрмеген бiреу күймемен келiп түсiп жатыр. Сылдыраған бiрде-ңелер құлақты жаңғыртады, Тегi, ақша салған сандығы ма екен, қалай… Мына iшiгiн үйге апарып, таза көрпеңдi төсе. Қадишаға үйге кiргiзетiн бiрдеңелер берiп жатыр едi, мен соған барайын…
– Мына киiмiне қарағанда, қаланың купецi сияқты ғой, өзi қазақ па екен?
– Қараңғыда қайдан бiлейiн, гүрiлдеген үнi қазақ-қа ұқсайды араластыра орысша да сөйлейдi. Үйге келген соң көремiз тағы… – деп, үй қожасы асығып далаға шықты.
– Мә, қарындасым, сындырып алма, – деп, үлкен орамалға түйген бiр затты ұсына бердi. Күйменiң қақпағының қалтарысында тұрған қыз құшақтай ұстады.
– Айналайын, маған бер де, өзiң ағаңды ертiп үйге кiргiз, суық тиiп қалар, – деп бекетшi қауқалақтады. Көк мауыты костюмiнiң омырауы жарқ-жұрқ еткен, қара қалпақты мырза үйге кiрдi. Ауыз үйде ерiне сыбырлаған әйел:
– Байғұс-ау, саудыратып көтерiп келе жатқаның не бәле?..
– Арақ-шарабы шығар.
– Өздерi неше кiсi екен?
– Атшысынан басқа адамы көрiнбейдi.
– Бетiм-ай, осынша бәленi бiр өзi iше ме?!.
– Iшкенi жақсы, қатын. Арақ iштi жылыта берсе, мырзалардың қатты қолын жiбiте бередi. Мен аттарын жайғастырайын. Сен қазанға не салатыныңды сұра. Қазы, жая, үйiткен семiз қойдың етi барын айт. Неше қадақ ас жер екен.
Сықырлаған аяз, көсем жегiлген аттардың тiзбек-телген қайысы тастай болып қатып қалыпты. Қолы мұздаған атты әлi ағыта алмай жатыр едi, бекетшi келiп көмектестi. Атты қораға байласа жүрiп:
– Жiгiтiм, бұл келе жатқан қай мырза?
– Оны өзiнен сұра. Мен оншалығын бiле қоймаймын, – дедi, қараңғы қорада ағашты сипалап, атты қаңтара байлап жатқан атшы, аяз сорып, икемге келмей тұрған аузынан сөзi божырай шығып.
– Күйме өзiнiкi ме, жалдап алған ба?
– Өзiнiкi де емес, жалдап та алған жоқ… Мына қақпаны тағы бiреу қағып тұр. Барсаңызшы, – деп атшы бекетшiнi түрттi. Ол бекiтулi қақпаның алдына барып:
– Бұл кiм? – дедi.
– Күймелi кiсi келдi ме? – дедi он үш-он төрттегi баланың жiңiшке даусы.
– Келдi, оны қайтесiң? Өзiң кiмнiң баласысың? – дедi бекетшi, қораның қақпасын ашпай.
– Ендеше болды, – дедi де, бала атын тасырлата шаба жөнелдi, – Бұл қандай неме, қайдан келдi өзi, күймешiнi неге сұрап жүр екен? – дедi бекетшi ат жайғастырып жүрген кезде әйел.
– Қадиша, қонақтарға самауыр қой, – деп қызын далаға шығарып, өзi мырзаның кескiнiне көз қиығын бiр жүгiртiп өттi. Алуан түрлi кiсiнi көрген бекетшi әйел, тап осы ұсқынды адамды өмiрiнде де көрген жоқ едi. Бет-әлпетi, отырысы не байға, не әкiмдерге, не саудагерге ұқсамайды. Кiмге жорырын бiлмей дал болды.
– Мырза, бiз жолаушы күткен адам болған соң, қазанымызды қонақтың бұйыруына қарай асатын едiк. Ас iшетiн боларсыз? – дедi.
– Ас iшкенде қандай, жеңгей… Қандай асыңыздың барын қайдан бiлейiн?
– Сүре шыққан жылқының қазысы бар, жая бар, жал бар, семiз үйткен қойдың етi бар.
– Он қадақ қазы, он қадақ жал-жая, он қадак қой етiн салыңыз. Әзiрге мынаны ала тұрыңыз, – деп, он сомдық қызыл ала қағазды әйелге ұстата бердi, Мұндай есепсiз берген ақшаны ұстай алмай, әйел бөгелiңкiреп қалды.
– Ала бер, жеңгей, тағысын-тағы беремiз. Суық сорып, қарын ашыңқырап қалды. Асыңды жеделдет.
Әйел есiк алдына келген күйеуiне сыбырлап:
– Мына мырзаң, үйдегi еттi түгел ас деп отыр. Тiптi, аттың құны, он сом ақысын берiп те қойды.
– Неше қадақ ет ас дедi.
– Отыз қадақ. Жарты пұт қазы, жая, он қадақ қой етi. Мұншалық асты қайтпекшi екен, қазанға сыймайды-ау ендi…
– Әй, жолға алып кететiн шығар, өзiнен сұрап, жол-ға алатын болса, бөлек асып бер.
– Өзiң сұрай ғой ендi.
– Бар, бар. Еттi әкеле бер. Атшысына көрсетiп тарт та, шараға сала бершi. Мен отырған соң сұрайын.
Он сомдықтың қалтаға түскенiне көңiлденген Рысбек үйге күлiмсiрей кiрдi.
– Мырза, «Жүздiң жүзiн танығанша, бiрдiң атын бiл» деген ғой, жоқ сұрағанды айып етпессiз… Қай жақсы деп бiлейiк? Сүйегiңiз кiм болады? Сапарыңыз қайдан? Айта отырыңыз, – дедi, алдына тiзерлене отырып бекетшi.
– Сүйегiм – жанбiлмес руы, белгiсiз байдың баласымын. Бiр мың сегiз жүз тоқсан екi қой айдай барып (бұл сол Қажымұқанның Россияға барған жылы), Россияға сатып қайттым. Ендi елге қайтқан бетiм едi.
– Япыр-ай, кiсiнiң есiтпегенi көп болады екен-ау, жанбiлмес қай елге жатады? Арғын ба, қыпшақ, па?
– Отағасы, соны өзiм де бiлiңкiремеймiн.
– Дұрыс, дұрыс, ия, айтпақшы, асты көп сал деген екенсiз, жолға алатыныңызды бөлек ассын ба?
– Әй, тәйiр-ай, жолда кiсi тамақ, iше ме, тұтас асып әкелсiн-дағы.
Үй iшiндегi жан үшеу-ақ едi. Көп жылдан берi жолаушы күтiп, өмiрi өткен үй iшi: түсiп кеткен кiсiнiң мейiрiмдi болып, ат аунаған жерде түк қалғандай, есептен тысқары, баласының қолына бiр нәрсе ұстатып кеткенiн тәуiр көретiн. Бала дегенде жалғыз Қадиша, жасырақ кезiнде оған бес-он тиын, бiрер конфет берсе де жарасып, қонған қонақтар балаларды әлiнше құр тастамайтын. Ендi бойжетiп қалды. Болымсыз сыйды беруге ұялып, есейген балаға лайық сый табылмай, не қимай, бекет пұлын, ас-судың ақысын төлеп кете бере-тiн болған. Ол түнеп өтетiндердiң iшiнде ел байы, мырзалар да, атқа мiнген, сөзге араласқан да, жай шаруа да, саудагер, төрелер де болды. Бiрақ мiнезi мен жаратылысы өзгеше мынадай мырзаны көрген жоқ едi.
Буын бұрқыратып, Қадиша самаурын кiргiзiсiмен, жастыққа шынтақтап қисайып жатқан қонақ басын көтердi де:
– Қарындас, ана орамалдағыны алып, маған бер, Петербордың асынан ауыз тигiзейiн.
Дастарқанын жайып, шыны аяғын әзiрлеген қыз, түюлi тұрған орамалды мырзаға алып бердi. Алдымен бес шөлмек арақты қаз-қатар қойды да, қос уыс кон-феттi шаша тастады. «Гүнжињан» сабыны мен бiр құты иiссуды қыздың қолына ұстатты да:
– Базарлығым, шырағым. Тағы бiр жолым түскенде тай да мiндiрермiн…
– Уа, мырза, қойыңыз, ауылға апара жатқан сәлем-сауқатыңызды жолшыбай үлестiрсеңiз несi қалады? – деп қауқылдады қыздың әке-шешесi.
– Уақасы жоқ, отағасы. Жетiмсiз дүниенi кiсi арбаға артып жүре ме, бұл күйменiң iшiндегiлер ғана. Петербордан қырық лау мүлiк жолда келедi.
«Шiркiн-ай, қандай заттар екен?..» деп ойлады бекетшi. Бiр шөлмек коньякты шаймен қосып iшкен мырза, атшыға бiр стақан ақ құйып берiп, сол үйдегi бар жастықты үйгiздi де, қасқыр iшiгiн аяқ жағына жамылып, ас пiскенше қисайды.
– Қатын-ай, асыңды жайлап қайната бер. Мырза аздап демалсын, – дедi Рысбек.
* * *
Қажымұқанның жастығын биiк қойып, басын жоғары көтерiп ұйықтайтын әдетi едi. Көзi тез iлiнiп, тез оянатын. Албырттанып ештеңенi аңғармайтындай болып отырып, не ұйықтаған болып жатып, айтылған әңгi-менi түгел есiтетiн. Бiрақ «Пәленше соны айтты» деп тiс жармайтын. Бiреудiң сыртынан сөз айтуға қаны қас адам едi.
Ас пiсiп, түсiрiп жатқанда, бiр күштi қол қақпаны соғып-соғып жiбердi. Оның дүмпуi ағаш үйдiң iргесiн солқылдатқандай болды.
– Ойпыр-ай, мұнысы кiм едi, тағы? – деп алғашқы кесек еттi тегенеге сала берген әйел, аяқ ұстап отырған ерiнiң бетiне қарады.
– Дәу де болса, палуан шығар осы… Алдыңғы күнi аулына келдi деп едi. Мен шығайын, – деп шараны жерге қойып, Рысбек тұра жөнелдi. Қақпаға жете бере:
– Бұл кiм? – деп дыбыс шығарды, тонын иығына жамылған бекетшi.
– Қақпаңды аш, Нұрмағанбет!
– Ой, айналайын-ау, аңсаған кезде дидарыңды бiр көрсеткелi құдай айдап келдi-ау сiздi… – деп есiктi тез ашып, атының шылауына орала түстi.
– Атты ықтасынға байла. Жедел жүрiп терлеңкiреп қалды.
– Палуан, ат жайын өзiм бiлем. Тоңазымай үйге кiре берiңiз. – Төр алдында, үстiне iркiп жапқан жүндес iшiкпен төбедей болып жатқан мырзаға тұр дей алмай, соған таяу төрт қабаттап көрпе төседi. Палуан сырт киiмiн шешiп отырды да, үй iшiне түгел амандасты.
– Палуан-ай, сiздi көрмегелi де көп болды-ау… Ауылға келгенiңдi естiп едiк. Барып сәлемдесуге ақпанның қары үстемелеп, мойын бұрғызбай жатыр… – деп Рысбек есiктен кiре сөйледi. Оған жауап қайтармай, қамшысын бүктей нұсқап:
– Есiк алдындағы үйiлген көңдей күмпиiп жатқан мынауың кiм өзi? – деп, жатқан мырзаға көз қиығын салды палуан.
– Ол бiр Сарытерек жақтағы мырза көрiнедi. Петерборға барып, қой сатып қайтқан ба, қалай… Күймемен қайтқан екен, жол қағып шаршап қалған көрiнедi. Күн батқан соң келiп едi, демалып жатыр.
– Кiм екен?
– Бiлмедiм, палуан, елдес дедi ме, жанбiлмес дедi ме, бiр рудың атын айтып едi, есiме түсiре алмадым… – деп сыбырлай сөйледi.
Балуан Шолақ көтерiңкi дауыспен:
– Онда, үйiлген көң екенi анық болды ғой, жатсын. Мырза ыңыранып барып басын көтердi де, палуанға көз қиығын салып, үндемедi.
– Мырза, қайдан келесiң?
– Петербордан.
– Иә, ол жақтағы ел аман ба?
– Аман.
– Патшаның палуаны – Қажымұқан деген бiреуi бар деп едi, оны көрдiң бе?
– Жоқ.
– Сандалып талай жерге барсаң да, ауылда мен көрген Қажымұқанды көре алмаған екенсiң.
– Сiз оны қалай көрдiңiз?
– Көргенде әкесiн таныттым, қар баскан бiр бекетте отыр екен. «Мен патшаның палуанымын» деп былшылдады. Отырған жерiнде бүрiп ұстадым да, жан-жағыма алма-кезек қарап алып, атып ұрып, далаға лақтырып жiбердiм.
– Өтiрiк айтасың, оны көргенiң жоқ. Қажымұқанды атып жiберу үшiн, алдымен менiмен бел ұстасып көру керек!
– Е, ондай да өнерiң бар ма?
– Бар.
– Ендеше, орныңнан тұра ғой!
Мырза бешпетiне таққан медальдары сылдырап ұшып тұрды. Нұрмағанбет те тұрып, Қажымұқанды бауырына құшақтай басып:
– Атағың шығып, елдiң абыройы болған батырым, сағынып жүргенде сенi де көрдiм ғой!.. Әкел бетiңдi…
Қазақтың екi палуаны бекетшiнiң үйiнде осылай кездестi.

Құдалық

Нұрмағанбеттiң жасы Қажымұқаннан мүшелге жақын үлкен едi. Сондықтан: «Бауырым, сағынып жүргенде сенi де көрдiм ғой» дегенде, ағалық ерекше бiр мейiрiмi қайнаған құрыштай денесiн балқытқандай болып, құшағын жазбай бiраз тұрды. Әлде, жеке басындағы бiр торығудан ба, болмаса ел көкейiн сыздатқан көп арманының толғағы ма, көзiнен ызаның уындай жас мөлтiлдедi.
– Күптi болған көңiлiмнiң лебi шыққандай болды…
– Жеңеше, мына бiр менiң астыма томпайтып салған төсегiңдi жазып, қайта салыңыз, құрметтi Нұрекем жайғасып отырсын, – дедi «мырза», Нұрмағанбетпен екеуi отырып жатып.
Үй iшiнiң адамдары мүлде түсiнiксiз жағдайда қалды. Анаған түрегел дегенде паңданған мырзаның талайының шекесiн iсiрген Шолақ, тағы бiр сойқанды бастады ма деп едi, бiрақ өздерiнiң мырза деп отырған адамы патшаның палуаны туралы бiрдеме айтып, күрес-келi түрегелгенде, мырзаны құшақтамақ түгiл, сәлем бермейтiн палуан оны «бауырым» дегенде, одан сайын қайран қалды.
– Қарағым Қадиша, ағаңның астындағы көрпенi кең отыратын етiп жазып сал, – дедi де, – мұнымыз кiм едi, шыныңды айтшы, шырағым, – деп атшыға сыбырлады. Ол:
– Сабыр етiңiз, қазiр бiлесiз, – деп күңк еттi де қойды.
– Мырзаның кiм екенiн ендi бiлдiң бе, Рысбек? – деп жайғасып отырған Нұрмағанбет бекетшiге қарады.
– Қайдам, қарағым, тоғыз жолдың торабында қы-рық жыл отырып, мұндай жұмбақ кездесудi көргенiм жоқ едi. Түбi қайырлы болсын.
– Түбi қайырлы болады, Бибiгүл. Бұл қайырсыз болса, мырзаға деп асқан асың менi мен «Ақ патшаның асырап жатқан алыбы» боп, елге аңыз болған Қажымұқанға бұйырар ма едi. Мұның тек қонақасы емес, тойлардың жол ашары. Бұл менiң аңсап күткен бауырым – Қажымұқан.
– Қарағым-ау, тағы не дейдi?.. – деп, қолындағы ет түсiрiп жатқан кепкiрiн керсенге қоя салып, әйел мойнын қисайта қарады, ақ көңiл каупалақтаған Рысбек орнынан тұрып барды да, Қажымұқанды құшақтай кеттi. Палуан, ақын, батыр жiгiттiң мақтанын ел дәрiп-тегенде, ойында алуан түрлi өмiр кестесi тоқылатын қыздың да бетi құбылып кеткендей болды.
– Қарағым-ай, палуанның бас қосқан жерде әңгi-месi сен болатын едiң, сенi де көрген күнiмiз болды ғой. Бай менен балпақ хан, төре, сұлтанның аты дуан айналасынан асқан жоқ едi, сенiң қара күшiңнiң атағы орыс, қазаққа бiрден тарады, жер жарды, шырағым. Аты шыққан аталы кiсiлердiң кейбiреуi Петерборға барып, патшаның сенатының үйiн көрген екен, деп аңыз ететiн едi. Сен соның дәл өз үйiнде тұрыпсың. Өткен түнi ғана қонып аттанған жолаушылар түнi бойы әңгiмесi ақ патшаның палуаны болып, «Құттыбай да тегiн таз емес қой, соның үйiне түсiп, патшаның арақ-шарабын теңiздей төгiп, кәмпит-шоколадын маялап үйiп тастапты» деп отыр едi. Мына Нұрмағанбет құдай айдап бiздiң үйге келмесе, сенiң кiм екенiңдi бiлмей «мырза» деумен қалғандай екенбiз ғой… Ой, қарағым-ай, Алатаудай атағыңды несiне жасырып едiң?
– Рысбек, менi құдай кездейсоқ айдап келген жоқ. Мұның осылай атын жасырып жүрiп келе жатқанын қаладан шыққан күнiнен берi естiп отырдым. Ауылдың тұсындағы екi бекетке бiрдей кiсi жiберiп, осында бүгiн келетiнiн бiлдiм. Кешке таман қораларыңның қақпасынан сұрап кеткен баланы мен жiбергем.
– Япырай-а… Жолдың үстiнде отырып бiз бiлме-гендi, ауылда отырып, палуанның бiлгенiн қарашы.
– Мұны сендер қайдан бiлесiңдер, шешiлiп жөн-жосығын айтпаса, жүзiн танитын бiреу болмаса. Есi кiрген баладай еңкейген қарттарға шейiн даусымнан танитын ел ортасында жүрген мен бе бұл!., Апандағы бөрiнiң бөлтiрiгiндей, патшаның сарайында жүргелi қашан…
– Патшаның сарайына тығылғаным жоқ, аға!
– Ендi не қылып жүрсiң?.. Сырты бүтiн, iшi бұрқыраған түтiн болып жүрген кiсi аз ба? Соның бiрi – мен, атыңды естiп, аңсап отырған елге, қашқын адамдай өзiңдi жасырып, «мырза» дегiзiп Құттыбайдың қауа-шақтай күймесiне тығылып жүргенше, маған хабарласаң едi! Сенi ат көтере алмаса түйе көтередi. Кiлем жауып, ақ атанға мiнгiзiп, ауыл аралатып әкелмес пе едiм. Иттiң ұлы итақайға, малы бар ақымақтардың бәрiне айтыла беретiн «мырза» деген, жер жүзiнiң палуанын жыққан Қажымұқанмын дегеннен қымбат деп ойладың ба? Өзiңдi… отырған жерде, жапоннан қалған құлағыңның шемiршегiн жұлып тастайын ба?.. – деп, әзiлге араласқан бiр ыза Нұрмағанбеттiң бойын кернеп шыққандай болды.
– Сөйтiп, сенi ақ патшаның сарайында тұрады дегенi бекер ме?
– Аға, патша палуанды қайтсiн?..
– Жер жүзiнiң жартысын билеп отырған патшаны қорғау үшiн күштi кiсiлер керек емес пе?
– Е… оны қорғау үшiн алты атарлы бiр маскүнем жетедi. Бiлiмi мол, ақылды кiсiден арақ қайнататын заводы бар, ақшалы бай артық көрiнедi.
– Онысы қалай? Ханда қырық кiсiнiң ақылы болады дейтiн едi. Мұнысы жарымес кiсiнiң жұмысы ғой. Құралды қуатты кiсiге ұстатпаса, қуыршақтай кiм қорқады!
– Қорқады, аға, патшалық – ертегiнiң сиқырлы жүзiгi сияқты. Мен оқыған мектептiң бастығы әрi пал-уан, әрi ақылды, бiлiмдi кiсi едi. Мектептi бақылап жүретiн, сүйегi кепкен бiр полицейдең, қатты қорқатын. Оның мас болмай жүретiн күнi жоқ. Егескенде соның сандырағы жөн болып шыға бередi. Әкiм сонiкi болған соң амалы қайсы, соның сандырағын саңырау кiсiдей, үндемей тыңдай беретiн.
– Мектептерiңнiң бастығы қандай елден екен?
– Халық сүйiп, атын Дядя Иван деп атаған орыс едi.
– Е, ондай неменi патшаға айтпай ма?
– Патшаның өзi сондай болса, тағы кiмге айтсын…
– Бауырым, бiздiң мұнымыз ақ патшаға жетпей жатыр, ауызба-ауыз айтсақ жарылқанар едiк деп жүргенiмiз – тарыққан тауықтың түсiне тары кiрдi деген гәп екен ғой. Онда, сенi жарылқап жүргендер Дядя Ивандар екен. Ендеше, қайтып кетемiн дегендi қойып, елде бол. Қайда барсаң да сүйенiшiң халық болса, Иван да, Ибатулла да осы арадан табылады. Үйренгенiңдi балаларға үйрет. Осы дала талай Қажымұқан, Нұрма-ғанбеттi асырайды. Өзiң үйлендiң бе?
– Оған қолым да тиген жоқ аға.
– Қасқыр iшiк киiп, сандық көтергенше, алтын шашты ақ перiштенiң бiреуiн қолтығыңа қыса келсең едi.
– Ой, мырза аға-ай, оны қайтушi едi? Қайным алам десе қай қазақ қызын бермейдi, елден кеп үйленейiн деген-дағы, – дедi бекетшiнiң әйелi.
– Оның несi бар, Бибiгүл, Жагордың қызы Мариям Дударға қосылып, бүкiл қазақтың әнiне айналып отыр. Қайным деп қабырғаң қайысса, Қадишаны бер. Мұның ендi қаңғырмайтын қазығын өз аулымыздан қағайық, – дедi палуан, Қажымұқаннан көз қиығын айырмай отырған қызға қарап.
– Қатын-ай, бiр ыстық тұздық әкелшi, ас суып та барады, – дедi, еттi турап болған Рысбек, қолының сор-ғалаған майын сүртiп жатып. Қыз төмен қарап, тұқшия бердi. Терi тепшiген әйелдiң бетi құбыла түсiп:
– Қыздың билiгi менде емес, палуан аға, ауыл ағасы өзiң мен әкесiнде емес пе?..
Палуан күлiмдей Рысбекке қарап:
– Рысбек, Бибiгүлдiң сөзiн есiттiң бе? Менде болса, сөз кейiнге сақтайтын сүрiм емес, ойымдағыны айтып та қойдым. Асыңа қолымды сұқпай тұрып ойыңды айт, менiң iсiмде несие жоғын өзiң бiлесiң, – деп даусын қатаңдатты.
– Қайдан бiлейiн, қарағым… Құдайдың бiр жазғаны тұрған-дағы, кезеңi келгенде бiр ауыз сөзiң ел тоқтамына түйiн болған өзiң барсың. Аты шыққан жiгiт аулына ендi келе жатыр екен. Шын айтып отырсаң, жата-жастана көремiз-дағы.
– Менiң игiлiктi iске әзiл араластырмайтынымды өзiң бiлесiң, шыным, Рысеке. Қадишаның ағасы деп билiктi маған берсеңдер, осы асты мен құдалықтың дәмi деп татамын. Құда түсуге iнiмдi ертiп келген боламын. Атқосшым мынау отырған Құттыбайдың жiгiтi болады. Китiң мына мырзаның қасқыр iшiгi. Мiнтiңе ертең үйге бар да, боз жорғаны мiн де қайт. Қырық жетiңдi елден жинап берем, менiң қазынам ел екенiн де өзiң бiлесiң!
– Мiне, палуан ағасының жұмысы – көз ашып-жұмғанша. Құдасы да өзi, ағасы да өзi. Тамыр тартқан, сөз салған талай мырзаны айтқанымызда қабағы қардың бұлтындай ызғарланатын едi, көңiлдi райын сақтаған кiсiсi бар екен. Астындағы жалғыз боз жорғасын да iнiсiнiң мiнтiне мiнгiзетiн болды. Айтпақшы, мiнтiн бiз алып та қойдық, ағасы… – деп Бибiгүл жайраңдай сөйледi.
– Е, мұның жетектеп жүрген жылқысы бар ма екен? Қалай алдың, найманның қу қызы?..
– Айтсам тағы ашуланасың ба, қайдам… Қонақ келген соң, бекетшiнiң кәдесiн айтып, асты қалай асатынымызды сұрап едiк. «Мырзамын» деп келген қайным, он сом ақшасын ұстатты да, осыны ал да, бар етiңдi ас, – дедi.
– Сен алдың ба?
– Алдым. Алмай қайдан бiлейiн, тұла бойын шенмен көмкерген күймелi кiсi «мырзамын» деп тұрған соң. Ендi не дерiмдi бiлмей өзiм ұялып та отырмын, – деп Бибiгүл күлдi.
– О, қонған қонақтың айыл, жүгенiн ұрлайтын найманның қызы-ай, аттың пұлын алып едiм десейшi!
– Иә. Мырза-аға. Аты-жөнiн айтпай, «мырзамын» деген өзi айыпты-дағы. Мырзаларды аяма деп, өзiң айтатынсың.
– Оның дұрыс. Құда түсiп отырған мен болған соң, алдымен мiнт мiнетiн жол менiкi, ақшаны мұнда алып кел!
– Ақша десе тышқан көрген мысықтай бас салатын ағаң маған ұстата ма, мана алып қойған. Құда болсаң жолыңды атқаратын ағаң ғой, қазықтың дауын қырық жылға созатын шұбыртпалылар, өздерiң тәжiке-лесе бер, Найман бұл даудан құтылды, мырза-аға.
– Рысеке-ай, қолың өзiм сияқты жылдам-ау… Мына найманның қызының құтылып кеткенiн қарашы. Мей-лi, алымның басын өзу қолыңа ұстапсың, есебiн артынан iстей жатармыз, – деп күлдi палуан.
– Бауырым Қажымұқан, асты алайық. Қу тiршi-лiктiң қамы қайда отырғызбайды. Бұл отырғаным, өзiмнiң аталас туысымның бiрi, әр жанның үлес несiбе-сiн тәңiрiм дүниенi жаратпай тұрып, дәптерге жазып қойған дейдi. Ойлана берсең тәңiрдiң өзi, кiрiс-шығыс дәптерi бар – саудагер сияқтанады. Сол үлесiн бөлгенде бiздiң атамызға: мал бағу, жол күзетудi жазып, Құт-тыбай, Иттiбайларға мал, ақша жинауды жазған сияқты. Мен сол үлеске көнбей, солардан бiраз тартып жеп көрдiм. «Мен саған жемесiн деп жаздым!» деген тәңiрi болған жоқ, ақша мен малдың әкiмдерi бiраз мазалады. Ойлансам оным да өмiрдiң өресi емес екен. Өрескел iстi балаларға өнеге етпейiк деп, бәрiн де қойып, балалар оқитын бiр селоға жақындап, бiр ұл, бiр қызымды сонда оқытып жатырмын. Рысбек туысым осы бекетке Бибiгүлдi алған жылы келiп едi, шамасы, отыз жылға жақындап қалған болар, солай ма?
– Иә, жиырма сегiз жыл болды. Тұңғышымыз тiрi болғанда, ендiгi немере сүйетiн мезгiл болды. Қайтейiн, сегiз құрсақтан қолға ұстап қалған жалғыз Қадиша ғой, – деп Бибiгүл көз жасын iркiп алды.
– Е, жеңешем, қалғанының қайырын сұра. Сөйтiп, бұл үйдiң аз ғана қой, ешкiсi бiздiң ауылда. Қолға түспейтiн құрметтiмiз, саған бiр малдың басын көрсетуге Рысекең тарылмас та едi, бiздiң ауыл он шақырымдай жерде.
Әкеңнiң өткен жылы өлгенiн де естiгем. «Атаң өлсе қойылар, атан өлсе сойылар, күнде мұндай қансонар қайдан табылар?!» деп, сенiң жолың бүйтiп түсе бермес. Аңсап жүрiп жолықтым. Ендi он-он бес күн құшақтап жатып мауқымды баспай, төрт ауыл шұбыртпалы-тоқтауылды түгел аралатпай сенi жiбередi екен деме! Мұның қара сандығын шоланыңа сал да, аузын құлыпта. Сөйт те Құттыбайдың күймесiне мiнiп, ертең Қадишаны алып, бiздiң ауылға жүр, Бибiгүл, Рысекең үш-төрт күн бекетiн өзi күзете тұрар. Ақ патшаның палуанын Нұрмағанбеттiң үйiнен көретiн болсын.
Көз қарсылығын көзiмен, сөз қарсылығын сөзiмен қағып тастап, ертеңiне косем жеккен күймемен өз аулына алып кеттi палуан. Нұрмағанбет бекеттен шыққанда, боз жорғасын Қадишаға мiнгiзiп, өзi Қажымұқанмен күймеге мiнiп едi, бiраз жүрген соң, күйменi тоқтатып:
– Қадиша, тоңып қалдың, түс те күймеге мiнiп, патшаның палуанының iшiгiне оранып отыр. Өзi төрт кiсiге жететiн мол көрiнедi. Мен ұзаңқырай жүрiп, қонақтың жайын қамдастырайын, – деп Нұрмағанбет күймеден түсе қалды.
– Қайтесiң, атпен-ақ жүре берсiн де, ағасы, жас бала ұялады ғой, – деп Бибiгүл қарсы болса да, Нұрмағанбет бетiн аяз сорып, алмадай балбырап тұрған қызды ат үстiнен баудай қағып алып:
– Әй, Қажымұқан, болбырамай iшiгiңнiң шалғайын берi қарай жаз! «Ұялады!» Қарындас менiкi болады, жiгiттiң iшiгiн жамыла отыруға өзi ұялады! – деп, күймеге Қадишаны сүңгiтiп жiбердi.
– Айналайын-ай, ағаңның тоңды дегенi рас екен ғой, келшi, жаным, мына ортамызға, – деп Бибiгүл ысырыла бердi. Қажымұқан iшiктiң мол шалғайын бүркiттiң қанатындай жазып, жас қыздың балбыраған денесiн балапандай бауырына қыса отырды. Қыз алғаш жатыр-қағандай қимылсыз отырса да, шайқалған күйменiң ырғағы темiрдей қатқан палуанның денесiне ерiксiз жақындатты. Кейде киiмнiң сыртынан қымтаған сияқты бiр леп бiлiнгендей болды, ондайда барбиған жуан қол iшiк сыртынан қысыңқырап қойып отырды. Сөйте-сөйте жатырқау мүлде тарап кеттi.
– Атшы бала, менiң iзiммен күйменi жайлап айдап келе бер. Ауыл арасының тар жолының соқпағына жығып алып жүрме! – деп Нұрмағанбет аулына тартып кеттi. Нұрмағанбет бай ауылдың тебiнiне жiгiттерiн жiберiп, қысырақтың тайын алдырды. Оған қоса екi қой сойғызды. Екi бөлмелi шым үйiнiң барлық жүгiн шошалаға шығартып, кең үйге кiлем, сырмақ төседi. Жақын жердегi ауылдың қыз-келiншегiн түгел жинатып, үйдi-үйге бөлiп кiргiзiп қойды да, алдымен өз үйi тол-ған үлкендерге:
– Өздерiң көптен даңқын естiп, палуандығын аңыз қылып айтатын патша сарайындағы «Мәдi» деп жүрген Қажымұқан палуандарың бүгiн орталарында отыр. Мұ-ның жер жүзiндегi тау көтерген жалғыз көздi, пiл көтерген мүйiздi палуанды жығуға күшi жетсе де, осындай жолы түсiп келгенде, атағын мақтан етiп, аңсап отыр-ған елдi аралай жүру ойына келмептi. Құттыбайдың күймесiне мiнiп, «мырза» болып келе жатыр екен, Рыс-бектiң бекетiнен ұстап, өзiн жыққан кiсi сыпыратын пердесiн қолын ұстап отырып, Қадишаға алғыздым. Сөйтiп, өзiн ерiксiз ауылға әкелдiм. Үлкендер, бiрiңе бала, бiрiңе iнi болар, мына бауырларыңмен танысыңдар!
– Көп жаса, айналайын… Өркенiң өссiн! Мұның ерен күшi: тарыққанда тамақ, шөлдегенде сусын болмаса да, қазақ деген ел есiмiн жер жүзiне жайған мақтанымыз, ұлтымыздың үлесi. Бәрекелдi. Ендi аңсаған, ынтыққан мауқымызды басқанша жiберме.
– Осыны қазық қағып байлағым келiп отыр.
– Мұның шешесi Кәбира марқұм қарағайды шыбықша сындырып, жұлып алушы едi. Бұған қандай қазық шыдамақ!
– Тырп ете алмайтын қазық табам.
– Ондай амалын тапсаң көмектесейiк. Тiлегiмiз сол ғой.
– Көмектессеңдер, Рысбектiң қызына құда түсем, тырп етпейтiн қазық сол болады.
– Қарағым Нұрмағанбет, өрелi ойыңның орынды ұстаған ұштығы екен. Айтқанымыз айтқан, көмегiмiздi аямалық, – десiп үлкендер түгел мақұлдады.
– Қызымыз ауылдiкi, ұлымыз елiмiздiкi болса, қиынға соғатын түгi жок! Ал тойымыз басталсын…
Қарттар баталарын берiп тараған соң, үй толған жастар жиналып сауыққой арқаның қызойнағы басталды. Домбыра, сырнай безiлдеп, бойды балқыта әсем әндер бебеу қақты. Iшiнара Қажымұқанның жойқын күш өнерi көрсетiле отырды. Кеудесiнде кесек тас шыныдай сынып, сом темiр шыбықтай бұралып жатты.
Нұрмағанбет үйiне бiр қондырып, Құттыбайдың атшысын күймесiмен қайтарып жiбердi. Қажымұқанды көршi ауылдарға апарғанда нар жеккен шанамен жүргiздi. Атақты палуанға оның өзi бiр түрлi жарасымды да болды. Қайда барса да ойын-сауықтың ұйтқысы болған Нұрмағанбет, ауылының қыз-бозбаласын Қажымұқанның қасынан тастамады, солармен бiрге Қадиша да қыдырды.
– Қыз-ау, құсбауың құтты болсын! Палуан ағаңның арқасында, атағын аңыз қылатын ақ патшаның палуанына атасыпсың ғой, – деген жеңгелерiнiң сөзi, алғаш жат көрiнсе де, көп айта бергендiктен құлағы да үйренiп қалды. Кейбiр жеңiл мiнездi жеңгейлер, ұялшақ қызды байқаусызда Қажымұқанның алдына ерiксiз сүйреп әкелетiндi шығарды. Нұрмағанбеттiң аулында болған көңiлдi түннiң бiрiнде, басты жеңгелер бас қосып, «қолұстатарын» да алды.
Аулына баруға асыққан палуанды, аға палуан еркiне жiбермей он күндей ұстады. Келе жатқан Қажымұқанның хабарын естiп, алдынан көлiк алып шыққан сарыт-ерекшiлердi iшiне ала отырып, Рысбектi алдырды да, семiз қойын сойып, құдалық тойын жасады. Туар айдың ортасы кезiнде, өз үйiнде той жасап, Қажымұқанға Қадишаны қоспақка сөз байлады. Бұл игiлiктi iсте бөгде ой болған жоқ. Ойынсауықпен ұзак түндi аударған қыз-бозбалалар тарқап жатқанда, Қадиша мен Қажымұқан Нұрмағанбеттiң үйiнде оңаша қалды. Жаны жарқын, көңiлi таза Қажымұқан қыздың жiңiшке саусағын барбиған жуан қолымен қыса ұстап, жымиған көзiмен тесiле қарады да:
– Қалған өмiрiмiздi бiрлесiп өткiзейiк… Жүзiңдi көрген сағаттан бергi ерiксiз бөгелген көңiлiм шешiл-сiншi. Жан сезiмiм саған, цирктiң төбесiне шиелеп байлаған арқандай маталды. Күннен-күнге ыстық көрiнiп барасың өзiң. Тiптi, тастап кетуге де қимаймын.
– Сiзге кет деп отырған кiсi жоқ қой?..
– Келем сәулем, кешiкпей келем, Қадишам… – деп түрiлген жуан ерiн қыздың алмадай бетiне таман жақындай бердi.
* * *
Қажымұқан аулына қарай жүргенде, өмiрi күрестен басқаға бөлiнбейтiн ойынан тағы бiр тармақ шыққандай болды. Жар үстiнде сахара теңiзiнiң айдынында тұрған жалғыз нүктедей болып көрiнетiн, айнала кiшкене қорғаны бар, қорғанды жанамалата салған ат тұратын, сауын сиырына арнап салған бастырмасы бар бекетшiнiң үйiнде екi көзi. Үй iшiнде өзiмiзге таныс үш жан тұрады. Сарытерекке қарай жүргенде, қанаты ашық шананың артына қарай отырған палуан, көпке шейiн көзiн сол үйге қадаумен болды. Нұрмағанбеттiң үйiнде болған он күннен аса уақыттың кейбiр үзiндiлерi ойынан елестей өтiп, қасындағы кiсiлердiң сөздерiне құлақ та салмады. Бекетшiнiң үйi әбден көзден таса болғанда, қар басқан жазық даладан алты-жетi шақырым жер ұзап кеткен едi. Қасында отырған екеуi: өзiмен бiрге туып, бiрге өскен құрдастары болатын. Көп жыл көрмеген досының келген хабарын естiген соң, екi қонып баратын жердегi ауылға көлiк алып алдынан шыға келген едi. Қазақ елiнiң кәде жолын жақсы бiлетiн Нұрмағанбет, өзiне өле-өлгенше досым деп санаған Қажымұ-қанның аулынан келген адамдарды айрықша құрмет-тегендi. Олар аттанарда палуан:
– Менiң көптен күткен, көруге аңсаған адамым келiп, ойлағанымнан артық мерекеге бөленген уақытыма тап келдiңдер. Ағасы өзi сыйлап үйретпеген iнiсiне сыйламадың деп өкпелемес болар.
– Уа, шырақтарым, адамгершiлiк – байлықтың құлы емес, байлық – адамгершiлiктiң құлы. Солай болса, ерiксiз Құлды иесi сыйға бередi, сатады да. Байлық қолымда болса, адамнан аяйын деген ниет, есiм кiргелi бойымда болып көрген жоқ. Сонымен кенде болдым деп өкiнбеймiн. Бiрақ керегiнде сол құрығыр қолға түспей қалады…
– Қажымұқанды алып ауылдарыңа жүргелi отырсыңдар. Зер қадiрiн зергер бiледi деп, мұның бойында елге керек нендей қасиет жатқанын мен бiлемiн. Бiрақ менiң бiлген сол қасиетiм көпшiлiкке түгел түсiнiктi болатын күнi iлгерi сияқты. «Ұлың өссе ұлы жақсымен ауылдас бол. Қызың оссе қызы жақсымен ауылдас бол» деген бабаларымыз ойланбай айтпаған сияқты. Ұрпақтардың келешек өмiрiн ойлағанда, орыс халқының өнер-бiлiмiне үңiлудiң керегiн өмiр өзi айтып отыр. Орыстың тәрбиесi – қар күреген Қажымұқанды көруге ынтықтыратын атаққа ие болды. Ендi мұны елге тұрақтату үшiн, өз ауылдарыңның үлкен аға, кiшi iнiсiне кеңеспей-ақ, ағалық мiндетiмдi атқарғаным бола ма деп, аталас туысымның жалғыз қызын бергелi ниет қылдым. Ойымды ауылдың үлкен-кiшiсi қостап отыр. Бiр ойым: ел жайлауға шыққан соң, Есiл, Нұраның бойына түгел сауын айтып, жәрдемге шақыру. Арқаның атақты то-йына айналдырсам ба деп едiм. Оған мына бiр соғыс деген бәле басталып, елдiң ауыртпалығын күннен-күнге үдетiп барады. Ел аман болса тағы бiр игiлiктi күннiң кезеңi келер. Әкесiнiң орынына барған соң кешiкпей қайтып оралатын болыңдар.
Бiздiң бiр туысымыз, қазақтың әдетiнде «жиендiк» деген бiр тiленшiлiгi бар ғой, сол әдетпен, қартайған нағашысына келiп, үш-төрт күн қонып, жүрерiнде үмiттi жағдайын айтыпты. Қарт ыңырана отырып тыңдап, жинала бастаған жиенiне:
– Шырағым, жиенiм, бәрiне де түсiнiп отырмын. Бүгiн-ертең аттанғалы отырған маған, кетiп қалмай кездесiп қалғаның жақсы болды, Сенен аяйын деген еш нәрсем жоқ. Бұл үйде: астыма мiнген бiр ат, жаз саумалын iшкен бiр құлынды бие бар, мiне, аламын десең ал… Бiр-екi сиыр, бес-он тұяқ бар, мұны да аламын десең ал… Ал ендi мына сандықтай, шешеңе көйлек болғандай, бес аршын сиса тұр, соны қоржыныңа сал!.. – деген екен. Сондай-ақ, бұрын есiк көрмеген жiгiттер едiңдер. Қолымда еш нәрсе жоқ. Екеуiң екi шапан киiп кет деп, үстерiне шапан жапты. Осындай шексiз жомарттық Қажымұқанды көп ойлантты. Нұрмағанбеттiң кесек тұлғасымен қатар, бекетшiнiң үйiнде қалған талдырмаш денелi, қара торы қыздың бейнесi тағы да көз алдына елестедi. Жас қыз, он екiде бiр гүлi ашылмаған қыз, жарытып сөз де айтқан жоқ. Жаңа домбырадай үнi ашылмаған жанды тиiстi жерiне пернесiн жылжытып, iшегiн ысып, құлағын бұрап, сөйлете бiлетiн қасиет Қажымұқанның өзiнде де болмады. Жеңгелер ұршықтай үйiрiп, қолына ұстатқанда, жүзi гүл-гүл жайнай құбылып, құрық түскен асаудай жұлқына түсiп, ұятты күлкiсi араласа, қолтығына кiрген қызға айтатын еш нәрсе таба алмай:
– Әй, қатындар, болады ендi! Ұялтпасаңдаршы… – дедi палуан күйеу.
– Ойбай, сұмдық-ай! Жарылқаптың шадыр бурасындай дүңкиген мынау күйеуiмiздiң сөзi қалай? Қа-тындары несi… Жеңгелер демейсiң бе, ең болмаса! Әлгi патшасының алтын сарайындағы ши саусақтарға айт-қан сөзiң бе, бұл?.. Қойқап дәуiндей серейген мынау бiзге күйеу болып жарытпас, қызды құшақтаған түрiн қара… Қолтығына қысқан келiсаптай, болбыратып тұр. Қолыңды былай белiңе тамандау икемдесейшi, сорлы… қолың күйiп қалатын шоқ деймiсiң мұны, – деп Қажымұқанның жуан бiлегiнiң астыңғы жағын шымшып қойып, сыпылдаған келiншек қыз белiне орап та бердi.
– Нұрила, сапылдай бермесейшi. Тiлiңнiң жүйрiгiн-ай. Бiлемiз ғой. Сенiң ауылда өскен сұрбойдағың ба? Орыстың арасында өскен ол, құшақтауыңды қайдан бiлсiн. Ұялтпа…
– Немене? Орыс қыз құшуды бiлмейдi деймiсiң. Қыздарының белiне кенедей жабысқанда, белдерiн үзiп жiбергендей болып-ақ жүредi ғой. Олар ойнап-күлудi бiлмесе, өзiң емес пе жайлауға келген Сергейдiң баласы қатар жатып, қол салды деп жүрген?
– Құдай ұрсын сенi! Қайдағыны ұмытпайды екен-сiң… – Осындай күлкiлi әзiлi жарасқан келiншектер Қажымұқанның көңiлiнде ендi елестеп, кетерде қызға бiр ауыз сөз айтпағанына өкiндi. Қалайда, тез қайтып, Қадишаны қайта бiр көруге ынтықты.
Сол ойлардың жүректегi толқыны орнынан қозғап, қол орамалын алғалы iшкi қалтасына қолын салғанда, қолына бiр нәрсе iлiне кеттi: онысы iлетiн қызыл жiппен кестелеген жұқа орамал екен. Ол орамалды Қадишаның қолында көрiп едi. Мұның қалтасына қайдан түсiп қалғанын да бiлмедi. Iлулi тұрған бешпентiне байқа-
май салып қойып, мен алып кеткен екен, деп ойлады. Бұрын бiрге жүрген жолдастары арасында бiрiнiң-бiрi биттей дүниесi болса да өзiне берiп әдеттенген Қажы-мұқанға, қыздың орамалын алып кету үлкен ұят сияқты көрiндi.
– Әй, тоқта! Көлiгiңдi кейiн бұр, – дедi орнынан көтерiле түсiп.
– Жайбасар-ау, неге? – дестi, Нұрмағанбеттiң адам-гершiлiгiн айтып тауыса алмай келе жатқан екi құрдасы. Қажымұқанның бала кезiнде денесi ауыр болғандықтан, бiрдеңесiн алып қашқан балаларға жете алмай қалатын. Сондықтан оны балалар «Жайбасар» деп атаған екен.
– Қадишаның қол орамалы менiң қалтамда кетiптi. Соны өзiне апарып бермесек, ұят болар.
– Ойдейт деген екенсiң! Ендi көш жерде қалған бекетке қайтып бармақпысың?..
– Сөйтпегенде ше…
– Алаңғасар-ау, оны қыз әдейi салып жiберген ғой. Қыздың жiгiтiне «белгi» дегенi болады. Атан өгiздей болғанша соны бiлмейсiң бе? Өзiңнiң орамалың бар ма едi?
– Бар.
– Қарашы қалтаңды.
Қажымұқан қалтасын ақтарып, өз орамалын таппады.
– Өз орамалым жоқ екен, – дедi бесiкке таққан қоңыраудай наградтарын сылдыратып, қалтасын ақтар-ған Қажымұқан.
– Ендi болды, қыз алып қалған.
– Қой, ондайды iстемейдi Қадиша. Алса өзiмнен сұрап алмай ма?
– Маубас-ау, сенiң бiр жапырақ шүберегiңдi сұрап қайтсiн, өзiң бiлiп белгi бермеген соң, өзi-ақ ала салған.
– Мына өзiнiң орамалын менiң қалтама кiм салған?
– Оны салған да сол қыз. «Орамалымды көзiмдей көрiп ұстап жүр. Ақмешiт, Перовский, Орынбор, Троицк деп, қаңғырып кетпей, тез қайтып кел, қызық ертерек болсын» дегенi.
– Қой, құрттай қыз соны бiлушi ме едi?
– Iм… соны құрттай қыз деп отырғаның – түк бiлмейдi екенсiң.
– Әй, сөздерiң бiр түрлi екен өзi… – деп, Қажымұқан көпке шейiн үндемедi. Шөптi астына мамықтай етiп, мол қылып салған жайдақ шана Сарытерекке қарай тарта бердi.
* * *
Сағынған палуанын көрген ауыл Нұрмағанбеттiң үлгiсiмен екi жетiнi үздiксiз ойын-сауықпен өткiздi. Әкесiне ас сияқты құдайы беруге дайындық жасап, оны өткiзгенше тағы бiр он бес күн өттi. Ағайын, жегжатты аралаумен жүргенде ай өтiп, күн жылынып, қардың шекесi жiпси бастады. Әншiнiң үнiндей күннен-күнге бойына тереңдей берген Қадишаны ойлау, кейбiр түндердi көз iлiндiрмей өткiзетiн әдетке айналып болды. Ауыл үлкендерiнiң «қарағым-шырағым» деген мейiрiм жөргегiне бөленiп, ойына келгенiн өзi iстей беретiн еркiнен айрылды. Алыс, жақын ауылға барғысы келмесе де, олар ерiксiз апарады. Өз кәсiбiнен бас-қаға ұялшақ Қажымұқан «Қадишаны сағындым» деп ешкiмге айта алмады. Ауыл үлкендерi бастары түгел құралған бiр отырысында Нұрмағанбеттiң кiсiлiгiн әңгiме етiп Рысбектiң қызын бермек болғанын айтып, мақұлдасқан.
– Ер ерлiгiн iстеген екен, оған бiз де елдiк iстейiк. Бiрақ ол күнiн жеделдетiп айтқан екен, игiлiктiң ерте-кешi жоқ, бiз оған асықпайық, «асыққан шайтанның iсi» деген. Ояқ-бұяғымызды есептегенде, қырық-елу үйден құрама бармыз. Барымыз iрi, жоғымыз ұсақтап мал жинап, Нұрмағанбеттi, Рысбек пен аулының iрi бас-тыларын шақырайық. Ал Мұқанның аздап ақшасы бар көрiнедi. Әкесiне түгел жаратқысы келiп едi, оған бiз ризалық бермей сақтатқыздық. Қар кетпей қалаға кiсi жiберiп, қызға киiм дайындайық.
Елдiң еркесi болған серi палуан, жапсарлас отыр-ған ағайын болса да аулымызға келген жок едi, ұялмай мiнгiзетiн ат қамдасын. Ол үшiн қарақалпақ, түрiкпен-мен байланысы бар Қарғалы, Қайдауылдағы Өрқара, Нұрғалиға пысық жiгiттiң бiрiн жiберiп, сүйегi жөндем бiр атын сұратайық. Қыпшақтығы ұстаса тегiн берер, онысын ұмытса, сатып берсiн.
Қарттар асықпай осы дайындығын iстей бердi. Қар ерiгенше ойлағандарының көпшiлiгi орындалды. Қала жолындағы бекетшiнiң қызын Сарытеректегiлердiң көбiсi көрген едi, ауылдағы сүйегi сондай бiр қызға пiшiп, киiмiн де дайындады. Қар кетiп, арқаның көдесi көгере бастады. Ауыл үлкендерiнiң Нұрмағанбеттi шақыруға мөлшерлеген мезгiл де таянып қалған едi. Қасына он шақты жiгiт ертiп, ауыл аралаған Қажымұқан Рысбектiң бекетiне тұстас бiр ауылға барды.
– Жiгiттер, ендi бекетке соқпай кетуге болмайды!
– Болсын, палуан, бузауыңның даусы құлағыңа шалынатын жерге келгенiмiздi бiлемiз, – дедi әзiлкеш құрбысы.
Бұлар барған аулынан қайтатын күнi, күн оте нұрланып кеттi. Сiркiреп өткен түнгi жауыннан кейiн жер саздығы ширап, булығып жатқан көк дүркiрей көте-рiлдi. Қар суынан кейiнгi кейде. Қырау, кейде салқын шық түсiрген түн салқыны тарап, қыраттардың күнгей бетiндегi көк жауын шайған шәйiдей құлпыра қалды. Бекеттi беттеп келе жатқан салт аттылар әлем ауасын бұрқыратып, жұпар иiсiне бөлеген көк, жаңа көрiнiске көңiлдерi тасқындап, қосылып ән салып, көтерiңкi әңгiмелер айтып, құрметтi қошеметтеп ортасына алып жүрген палуанның аңсап келе жатқан Қадишасына байланысты әзiлдер айтты. Оған тойтара жауап беретiн тiлi жоқ Мұқан:
– Әй, сендер қу жақтана бермей, Қадишаны қосып өлең айтыңдар. Әттең Нұрмағанбеттей өлең айтып, ән шығаратын болсам, өзiмнен басқа көтере алмайтындай кiтап жазар едiм.
– Өзiңнен басқа көтере алмағанда, ауырлығы түйедей кiтап болады. Оған не жазар едiң?
– Табылады: қасын, көзiн, шашын, басын, құмырсқаның белiндей белiн, айдай жарқыраған бетiн, сары майдай сүйкiмдi мiнезiн, баладай сөзiн, өзiмнiң елжi-реген жүрегiмдi, түсiме кiргенiн айта берер едiм. Тұз-дәмiмiз бұйырып қосылатын болсақ, Омбы, Орынбор сияқты циркi бар қаланың бiрiне барып, Россия палуандарының әйелдерiндей, ложаға отырғызып қойып, өзiм күресiп жататын болам.
– Ой, ендеше, Нұрмағанбет саған Қадишаны бер-мейдi. Ол сен ендi елден ұзап кетпейтiн болсаң, өнерiн жастарға үйретсiн деп бергелi отыр. Сен ала салып Орынбор, Петрборыңа кететiн болсаң, бiз бүгiн барып Нұрмағанбетке айтамыз.
– Сендер ойласаңдаршы, мен сендердей мал баға алмасам, соқа айдап, шөп шаба алмасам, тамағымды қалай табам? Мен ақшасыз күн көре алмаймын. Сауда iстеп ақша табу қолымнан тағы келмейдi. Циркi бар қалаға бармай қалай тұра алам…
– Нұрмағанбет өмiр бойы ел iшiнде күн көрiп келдi ғой, сондай сен де күн көресiң… Келгенiне үш ай болды, сонан берi ел сенен асын да, атын да аяп жатқан жоқ. Өстiп күн көре бересiң.
– Мұндай өмiр Нұрмағанбеттi қатты өкiндiрiп отыр. Бұл шашыраған ел қала болып, қалаларында цирк, театр орнағанша мен ел iшiнде жүре алам ба… Оны кейiн ойласамыз, қосылып өлең айтып жiберiңдер.
Ұшады көк ала үйрек көлден салмай,
Қолымда көк қаршыға, белде далбай.
Дарияға ағып жатқан ұрдым құлаш,
Қадиша, сен дегенде шыдай алмай.

Ақ бетiң айдан аппақ сәулеленген,
Көп адам көремiн деп әуреленген.
Қасынан шыға алмайды Қажымұқан,
Кiсiдей мата көрген саудагерден.

Бiр ағашта қос өрiк,
Бозбалаға қыз серiк.
Аулың алыс кеткенде,
Жүремiн қалай күн көрiп! –

деген қайырмасында Қажымұқан да қосылып отырды.
– Бұл өлеңдер ұнай ма, Ләйлi iздеген Мәжнүн?
– Нұрмағанбеттiң Ѕалияға айтқан өлеңiндей болса… Гуiлдеген топ жiгiттер бекеттi беттеп, солай келе жатты.
* * *
– Апа, берi келшi, бойым ауыр тартып отыр…
Ерте тұрып сиырын сауған Бибiгүл шелегiн қоя салып, жастығын басына көтерiп отырған Қадишаның қасына келдi. Бетi балбырап, қабағы аздап кiрбiң тартып отыр екен.
– Жаным, немене, тымауратып қалған шығарсың кеше кешке далада желең жүрiп қалып едiң, – дедi, маңдайын жұмсақ алақанымен басып, көзiнс үңiле караған шешесi.
– Көкем қайда? – дедi, кезерген ернiн жымқыра, көзi сүзiлiп.
– Далада, малын өрiске шығарып жүр, қарағым…
– Су бар ма?
– Шай қазiр қайнайды, айналайын.
– Жата тұрайын, апа, жұмысыңа бара ғой, – деп жастығын жерге қойып қисайды.
Бұл Қажымұқандар келе жатқан күннен бiр күн бұрын болған хал едi. Рысбек малын өрiске шығарып, үйiне келгенде, Бибiгүл шайын әзiрлеп, сүтiн, қаймағын дастарқанға қойып, Қадишаның қасына барып, басын сипап:
– Қарашығым, тұрып бетi-қолынды жу, бiрер кесе шай үртташы, – деп отыр едi.
– Уа, құлыным, көктемнiң тамылжыған күнi даланы құндыздай құлпыртып келедi. Жан-жануардың масайрайтын мезгiлi де тiрi жанға келiп жеттi. Адамның бойының ел-селiн шығарып, аяқ басуға ерiншек тартқызып барады. Қадишажан, бүгiн көп ұйықтадың ғой, айналайын… Сарытеректегi қыпшақтардың да келемiз деген күнi таянып қалды. Бүгiн түстен кейiн жылдағы орнына киiз үйдi тiге салмасақ болмас. Тұр, айналайын, – деп шолақ тонын шешiп, перзентiнiң жанына Рысбек те келдi.
– Ей, сен неге ренжiп отырсың, түсiң қашып? – деп Бибiгүлдiң бетiне қарады.
– Қаденнiң мазасы болмай оянды, сырқаттанып қала ма, қайдан бiлейiн?..
– Қой әрi, қайдағыны айтпай! Көктемнiң күнi ғой, бойды ауыр тартқыза беретiн.
– Ылайым сол болсын… Қайдан бiлейiн, бiр топ бұтамнан қалған жалғыз тал шыбығым…
– Қой деймiн, қайдағыны шығармай… Қане, маңдайыңнан иiскеп жiберейiн, – деп басын ұстай берген әкесi де қолын тигiзе берiп, шошып кеттi, денесi шоққа қақтаған темiрдей, жанып тұр екен. – Алла, жақсылығыңа бастай гөр! Денесi ыстық екен ғой…
– Әкесi, бiрер кесе шай iшiп, атына мiн де, алдымен жолай аңшы мырзаның үйiне соғып, айта кет, үйiнде болса мұнда келсiн, палуанның үйiне барып кел, сол үйде сана, сынап сияқты дәрiлер бола беретiн едi. Тәуiп қайнаға үйiнде болса ала кел, тамырын ұстасын. Уа, жаратқан, жалғызыма жар бола гөр!..
Рысбек жүгенiн алып, атын әкелiп, Нұрмағанбеттiң үйiне кеттi. Жетi баласын жер қойнына берген Бибiгүл далаға шығып, еңiреп қоя бердi.
– О, қураған өмiр! Бiз дегенде жабуын жалмаған жұтаған түйедей болып, осынша неге сұмпайыландың екен!.. Құба дала құла дүздегi жалғыз моладай, жол үстiндегi бекеттi неге ғана күзеттiрдiң? Шашыраған тарыдай босып жүрген бiр ел… Қысылған кезде жәрдемге шақыратын, қозы көш жерсiз, жан таппайсың мұнан! Үрiккен аңдай, бiрiнен-бiрi қашқан бұл елдiң, керегiнде емшiсiн, қысылғанда демшi жанын тапшы, қане! Баламның бәрi дер кезiнде емшi табылмағаннан өлдi. Күйiп-жанып жатқан құлыныма ендi не ем iстедiм, ойбай?
Далбасалаған ана аяқ қабынан тостағанын ала салып, суға батырып жiберiп, «дәу» деп ауырып отырған қыздың үстiне бүрiктi де, «ұшық-ұшық» деп аяғын далаға төңкерiп тастады. Суық судан денесi түршiккен Қадиша көрпесiн жамылып жата қалды.
– Құлыным-ай, терлер ме екенсiң, әкеңнiң тонын жабайыншы! – деп күйген дененi тұмшалай түстi. Кесел ауырлай бердi.
– Апа, үстiме жапқан тонды алшы, өкпем қысылып кеттi, – дедi, ернi үйiткен құйқадай қарая бастаған Қадиша.
– Қарағым, тер қысып жатқан шығар, шыдашы кiшкене…
Әперген суды аузына апарды да, бiр жұтып қайта бердi Қадиша.
– Далаға шықшы, апа, көрiнер ме екен?..
– Қарашығым, кiм?
– Әлгi… – деп аяғын айта алмай ентiгiп, бетiн iргеге қарай бұрды.
Далада аттың дүбiрi шықты. Бибiгүл шыққанда күн түске жақындап, көктемнiң ащы шуағы басталған едi. Келген аңшы қайнысы екен. Ол атын байлап:
– Жеңеше, Қадиша сырқаттанып қалды дей ме?
– Қайдам, қарағым, солай болды… – деп баяу үнiн шығарды да, жүгiре басып үйiне кiрдi.
– Қарашығым, келдi.
– Апа, кiм? – деп Қадиша елеңдегендей басын аздап көтердi.
– Аңшы ағаң, айналайын.
– Ей… – тыжырына көзiн кiрбитiп, тонды қолымен ысырып тастап, су сұрады. Тағы бiр жұтып, кесенi жанына қойды.
– Қалқам, тәуiрмiсiң? – деген аңшының сөзiне жауап бермей, сүзiле бетiне қарап үндемедi.
Түс ауа Қадишаның денесi тұтанған от-жалынға айналғандай, лапылдай бастады. Суды минут сайын сұрады, Үлкен ауылға кеткен Рысбек тәуiптi таппай, селодағы балаларына кеткен Нұрмағанбеттiң артынан кiсi жiберiп, өзi бiр уыс сана жапырағын алып қайтып келдi. Ол келгенде Қадиша сандырақтай бастап едi.
– Апа, келдi ме?
– Келдiм, құлыным. Сана алып келдiм. Құдай сәтiн салса iшесiң, – деп қызының маңдайын сипады Рысбек.
Қадиша басын көтерiп, үйде отырған кiсiлерге айнала қарап, қайта жатты.
Кеш түсе үлкен ауылдан әйел, қыз, келiншек болып түйе, атқа мiнген он шақты адамдар келдi. Түнiмен кiрпiк қақпаған Қадишаны кезектесiп күзетiп шықты. Басында қаққан қазықтай қалшиып отырған шешесiне, қайта-қайта «келдi ме?» дей бердi. Келген кiсiлердi бiртiндеп шешесi айта бердi. «Олардың маған керегi жоқ» дегендей, үн қатпай, бетiн аударып жата бердi.
– Апа, кiшкене сандықтағыны әпершi! – дедi бiр кезде. Шешесi кiшкене сандығын ашып, алдына тосты да:
– Қарғашым, өзiң қарашы, мұндағы керегiң не?.. Қадиша басымды сүйешi дегендей иегiн көтердi. Әкесi басын сүйей бердi. Ол көзiн сүзе сандыққа үңiлдi де, шетi көрiнген бiр орамалды нұсқады. Ол Қажымұқанның үлкен бет орамалы едi. Шешесi көзiнiң жасы сор-ғалай түсiп, орамалды суырып алды.
– Басымды… таң… шы… – дедi де:
– Апа, таң атты ма? – дедi тағы да.
Қадишаның аузына суды мақтамен тамызып отырған ұлы сәскеде, жақын жердегi бiр ауылға қонып шыққан Қажымұқандар сау етiп, бекетке келiп түсе қалды. Жiгiттердiң көңiлдi жағдайдағы көтерiңкi дауыстарын, қабақтары жабыңқы, үйден көңiлсiз шыққан адамдар басып тастады. Нұрмағанбеттiң әйелi үрпиiп қалған Қажымұқанды үндемей қолынан ұстап, үйге кiргiзiп алып кеттi. Қадишаның басында көздерiнен сорасы ағып отырған кемпiр-шалдың қасына әкелiп:
– Еркем, Қажымұқан келдi!… – дедi көмескi үнмен.
– Келдi… – деп науқас, оты сөнiп бара жатқан мөлдiр көзiн ашып алды. Басын көтергiсi келгендей иегiн әнтек қимылдатты.
– Палуан, сен жақындаңқырап қолынан тартшы, – дедi жеңгесi. Ол қолынан ұстағанда, көзiн тағы бiр ашып: «Қош!..» дегендей ернi қыбыр еттi де, мәңгiлiк көзiн жұмды.
Үйдiң iшi күңiренiп сала бергенде, Қадишаның қолын әлi ұстап тұрған Қажымұқанды кейiн шегерiп, қыздың кеудесiне үңiле қараған оташы жiгiт:
– Ой, әттеген-ай, күйдiргi шыққан екен ғой! Бiлiнi-сiмен емдегенде жазып алуға болар едi, – деп өкiндi.
Қажымұқанның кiшкене жұмық көзiнен, шықтың суындай түйiр-түйiр тамшы сорғалап, далаға шықты да:
– Шынымен кеткенiң бе, жер перiштесi? – дедi.
Қадиша қаза болды он жетiде,
Қараса жан тойғысыз келбетiне.
Жетi жатып айтқан серт, алысқан қол
Арман боп, шықпай кеттi жер бетiне.

Үйлену

Ауылдың үлкендерi ел аралап жүрген Қажымұқан-ға жiгiт жiберiп, Нұрмағанбет, Рысбектi шақыра келудi тапсырған. Құда шақырудың сыйын алып, олжамен қайтамын деп қуанып келген жiгiт, бұл ауылдардың өлең, жыр, ойын-сауығының орнына – күңiренiп жылап, құран оқып отырған үстiнен шықты. Қасиеттi деген жарықтық құранның тойлы қуанышқа түкке керегi болмай, өлiм-жiтiм қайғыда күңiрене шығатын сол бiр мұңды мақамы тым күңiренiп естiледi. Қара таудай қайғы қабағынан сезiлмейтiн Қажымұқанда да ауыр тұнжырау бар едi. Бұрын сирек сөйленетiн сөз мүлде сарқылып, үн қатпайтын болып қалыпты. Оның шетке шыққан кезеңiн аңдып бiрдеңе айтайын деген ауылдан келген жiгiтке көз тоқтатып қарамай қойды. Олiк үстiнде үндерi қырланып шығатын молдалар, тамағын кеней түсiп «ясин», «лятл-гурсiсiн» самбырлатып созып оқып, Қадишаны жерлеген адамдар кетпен, күрегiн, бақан, сырықтай iстеген табыт ағаштарын түйеге артып, бекетке қарай тартты. Бұл жағдай тек қана сый аламын деген шақырушы жiгiттiң үмiтiн емес, сонымен қатар осыны алсам, жолдасым жаман болды демеспiн деген Қажымұқанның, атағы елге тараған палуан Қажымұқанды Балуан Шолақ қолынан үйлендiрдi деген абыройға ие болсам деген Нұрмағанбеттiң, сегiз баламның сарқындысы Қадишамды ел атын бiлетiн теңiне қосатын болдық, ендiгi ұрпағымызды құдай осылардың етегiнен өрбiтсiн деген Рысбек, Бибiгүлдiң, елдiң гүлi, сайраған бұлбұлы, кедей де болса кем жоқ жiгiт Нұрмағанбетпен құда боламыз деп қуанған құрамалардың да үмiтiн үздi. Бекетке жетiп, үйiне кiрген Рысбек есiнен танып, бiраз талықсып жатты да, тұра салып, тонын қолтығына қысып алып:
– Бибiгүл, үйiңе қара!.. Мен Қадишаның үйiне барып келейiн. Басының суы кеппеген болар, мал күту, жан күтудi бiле ме?.. Үйiнде бiрер күн жатып, көмек-тесейiн! – деп тұра жөнелдi.
Қабақтары түсiп, әр жерде тұнжырасып отырған адамдар қаңғалақтап, ұшып бара жатқан шалды ұстап әкелiп, бетiне су бүркiп, қайта жатқызды. Осындай ауыр халдiң үстiнен шыққан құда шақырушы да жерге қарап қалды. Қажымұқанның қасында жүрген жiгiттердiң бiрсыпырасы ауылдарына қайтып кеттi.
Бекетте сүйекшiлерге бiр-екi малды сойып берiп, Рысбек есiн жиған соң:
– Той өткiзем деген жерде топырағы үйiлген мола көрдiм, домбыра, сырнайға қосылған ән есiтем деген жерiмнен ұлыған қасқырдай сарнаған молдалардың аят оқыған үнiн есiттiм, бұл заманның құдайы менiң қай дегенiме жеткiзген!
– Бибiгүл жеңешем, мына ағам, бұрын да қураған бұтадай кеуiк едi, ендi сендерде бой бекiтетiн не хал қалды?.. Дегенмен амалың қайсы!? Сал бойыңды бекiт, өлгеннiң артынан өлiп жатқан ешкiмдi көргенiм жоқ. Мен мына Қажымұқанды ертiп ауылға барайын, үш-төрт күн жатып, бой көтерiп аулына қайтар, – деп, Нұрмағанбет атына мiндi.
– Аға, мен ендi ауылға бармаймын, – дедi Нұрма-ғанбеттiң үйiне екi күн қонған Қажымұқан. – Сiз, менi Қызылжарға жеткiзiп салыңыз, Россияға қайта барам. Менi ауылда тұрсын десе, Қадиша өлмес едi…
– Ей, тентегiм-ау, не деп отырсың? Қадиша өлгенде, қалған өмiрдiң бәрiн құшақтап кеттi деймiсiң? Мұнын бәрi уақытша. Жаңбыр тынып, бұлт ашылады, жайқалып көк шығады! Сен ол томырықтығыңды қой. Мен сенi ешқайда жiбермеймiн.
– Жiбер, аға, ендi менiң ойым ит жеген терiдей пәрше-пәрше. Ауылға қайтып баратын да еш нәрсе жоқ. Әкеме ас бердiм. Ауылдың үлкендерi, осы сылтаудың үстiнде сiздi шақырып, дидар көрiсемiз деген қуанышты едi. Шақыруға келген адамы, Қадишаны көмiп жатқан молаға кездесiп, сiзге айта алмай қайтып кеттi.
– Олардың жазған хатын оқыдым ғой мен. Бiрақ жылау-сықтаудың үстiнде еш нәрсе айта алмадым. Қыздың ашылмай кеткен сыры үшiн, өмiр бойы қобыз тартып өткен Жанат сияқты болма, тағы бiр-екi күн боп, мен сенi көңiл көтеретiн бiр жерге апарайын.
– Аға, сол Жанаттың әңгiмесiн айтшы.
– Мен оны айтайын, сен Россияға кетем деп асықпа.
Нұрмағанбет әңгiмесiн айтты.
– Менiң әкем бала кезiнде қасына естияр бiр кiсi алып, үйсiндегi нағашысына кетiп бара жатып, Бал-қаштың жиегiндегi бiр үйге қоныпты. Әкем кiрiп барса, үй кәдiмгi қазақтың киiз үйi, сол үйдi бейнелеп айт-қан сөздерi әлi есiмде, оны былай сипаттайтын.
Ол үйдiң адам паналап отыратын да тамтығы жоқ екен. Бiр кезде қалың басылған киiзден iстелген туырлық, үзiгi тозған соң жамай-жамай көн, терi тозған шапанның шалғай өңiрi, тiптi бас киiмнiң де кейбiр тамтықтары жабысып, не екенi белгiсiз бiр затқа айналған, Ал киiз үйдiң сүйегi дейтiн: кереге, уық, босаға, маңдайша, табалдырық, шаңырақ, күлдiреуiштер тозығы жетiп, әлденеше жерiнен құрсау, байлаулар түсiп, жерге тиетiн жерлерi шiрiп, мүжiле-мүжiле, төмен шөгiп бала бойындай бiрдеңе қалыпты. Киiз есiктiң орнына әлдеқандай арықтап өлген жануардың терiсi жабысыпты.
Үй айналасында мал, ит, мысық сияқты асыранды хайуанаттың еш белгiсi жоқ, аласа таусымақтардың жарында отырған жалғыз үй – жапырайған күрке екен.
Жолаушылар барғанда үйде екi жан болыпты: ине-лiктей қатып, терiсi сүйегiне жабысқан жас әйел, аяғы мүжiлiп, жақтауы жерге шөккен ағаш төсектiң үстiнде, қоқыс көрпе сырмақтың арасында бiр қарт отырыпты. Оның бейнесiн айтып жеткiзетiн әкем тiл таппай, сол үйдiң бейнесi қандай болса, қарттың бейнесi де сондай дейтiн.
Соншалық тозығы жеткен үй, өзiнiң бiр кездерде сән-салтанаттың, ауыр дәулеттiң ордасы болғанына айғақшы белгiлерi де болыпты. Теректен бе, үйеңкiден бе, сайланып жонылған кереге, уық, о баста он екi қанат үйдiң сүйегi көрiнедi, тозып сынықтары кесiле келе ендi қалғаны төрт қанаттың жұқанасы екен. Кереге, уықтың жұмыры көк нiлмен боялып, қалағы сүйектелiп, күмiс-пен шегеленген. Сүйекке ойып өрнек салыныпты. Төсек ағаштың жақтауы бұрама күмiспен көмкерiлген. Олар майысқан, сынып түскен жерiнiң үңiрейiп орны қал-ған, қаққан шегенiң басында, қиған сүйектiң арасында жылтыраған күмiстiң қабыршақтары көрiнедi. Тозған кiлем, шiрiндi сырмақтардың шоқпытын төсенiп, қарт төсек ағашта отыр. Алыстан келе жатқан жолаушылар үйге сәлем берiсiп кiрсе де оған жауап қатқан жан болмайды. Менiң әкемнiң таңыркап қарағаны шалдың бас жағында тұрған уыз жидеден шапқан кiшкене қобыз, төсектiң тұсында қос жұдырықтай киiзге тiккен екi түйiн, кiр басқан жiбек жiппен қосақталып, кереге басында iлулi тұрыпты.
Үй сиқын аңғарған жолаушылар кеткiсi келсе де, жақын жерде ел болмағандықтан, күркенi паналап, қонбақ болады. Қоржын, қос-қолаңын түсiрiп, көлiк-терiн отқа қояды. Ешкiм сұрамаса да әкемнiң қасындағы үлкен кiсi анда-санда дыбысын шығарып, көзiн жапқан, қасын қимылдатып отырған қартқа жай-жапсарын айта бередi. Қарт сөз қосып, үн қатпапты.
Күн бата дорбаға салған екi балығы бар, отыздан аса бастаған жiгiт келедi. Ол қан-сөлi кепкен жүдеу екен. Үйiне қонған жолаушыларға таңырқай көз қиы-ғын салып, күңгiрт үнмен сәлемдесiптi.
– Шырағым, арқадан Алатаудағы жегжатқа кетiп бара жатқан жолаушы едiк. Көлiк тынықтырғалы, осында қара тартып қонып қалдық. Қарт шаршап қалған ба, жауапқа жарымай отырмыз. Қай жақсы боласыңдар? – дейдi жолаушылардың iшiндегi естияр кiсi.
– Тобықты… – деп күңк етедi жiгiт.
– Онда түбiмiз арғын, туысымыз екенсiңдер ғой. Елден аулақ жекеленiп кеткендерiң қалай?
– Е… – деп күрсiндi де, жiгiт төрде отырған қартқа қарап, үндемедi. Әйел дорбадағы балықты далаға алып шығып, тазалап асып жатады. Менiң әкем де жанған отқа шәугiмiн қойып, шай қайнатады. Үйдегi естияр жолаушы қарт пен жiгiттi қанша қаужаса да бұл үйдiң жағдайына қана алмай, шайларын iшiп, далаға тоқымдарын төсеп, ерлерiн жастана жатып қалады. Үй iшi де балықтарын жеп, үнсiз ұйқыға кетедi.
Таң сiбiрлеп атып келе жатқан кезде ұйқысы сергек естияр кiсi менiң әкемдi жұлқып оятып жiбередi. Үйден қобыздың даусы аңырап шығып жатыр екен. Әкем өзi өлгенше аузының суы құрып: «Ондай мұңлы күйдi ешбiр күй құралынан естiп көргенiм жоқ» дейтiн едi.
… Көк орай шалғынға көмiле жатқан екi жолаушы бастарын көтерiп, құлақтарын түре тындап қалысыпты.
Қобыз алғашында «Ањ» дегендей ащы үнiн бiр шығарып, жиырылып қалған жылан жайлап созыла бастағандай үн өресiн жая бередi. Ол бейне бiр айдын көлдiң кең алқабында еркiн ойнаған құстардың шиқылы, баяу ескен самал, бұйратталған ұсақ толқындардың шылпылындай жай дыбыс созылып, тыңдаған құлаққа жайлы, көңiлдi саз туғызады. Жайқалған гүлдей, сайраған бұлбұлдай, кiсiнеген құлын, маңыраған қозы, шапқылап ойнаған баланың қиқуы сияқты үндер кейде елестеп, кейде бойыңды ауыр жүк басқандай мелшитiп, кейде ерiксiз езу тартқызып көңiлден қуаныш сезiмiн туғызғандай болса, кенет шарт етiп жарылып, жай тасы түскендей тыңдаушыны селк еткiзедi.
Бұл кезде күй құралының үнiне құмар әкем шал-ғынды бауырлай жылжып келiп, салқамы шыққан төсек ағаштың үстiнде малдасын құрып, екi көзiн шарт жұ-мып, кiшкене қобыздың қос қылының үстiне ор текедей ойнап отырған тарамыстанған қарт қолынан көз айырмай, күйреген керегелi күркенiң iргесiнен қарап жатыр едiм дейдi. Қобыздың үнi кенет бұзылғанда, ол шошығандай селк етiп, көзiн бiр ашады да, есiн қайта жиғандай қобызын қайта бiр шолып, көзiн жұмып алады.
Қобыз үнi бейне бiр жортқан аттың аяқ дыбысына түсiп, созыла берiптi. Бiр кезде үрген ит, ыңыранған әлдеқандай үн елестеп, күңгiрт қуаныш, әлдекiмнiң наразылығы байқалып, байлаулы ат босанғандай, құбылып ұйтқыған үн бiр еркiндiкке шығып, самғаған қырандай қалықтап бiраз отырады да, барынша үнiн жiңiшкертiп, алуан түрлi құбылтып, айрықша көркем бейненi елестете отырып, бастағы «ањты!» қайталап, құйған нөсердей, уiлдеген желдей, ботасы өлген нардай боздап, иесiз қалған иттей ұлып, алуан түрлi құбылып, үн қайғы мұхитына малыныпты да кетiптi. Бебеу қаққан қыл сыңсып жылағанда, әкем де, тоқым төсегiнен тұрмай отырған жолдасы да езiлiп, көз жастары тамшылап жүре бередi. Қайнары кепкен бұлақтай қарттың көзiнен жас шықпай, қобыздың үнiне қосылып, өксiген, еңкiлдеген үн шығып, қобызды сол жағына, саздығын оң жағына қолын кере тастап, кереге тұсындағы түйiндi кеудесiне баса тұқшиыпты да, үнсiз отырып қалыпты. Жанат сол кiсiнiң аты екен. Оны жанға жауап қаттырмай тiлiн байлап, адамшылық өмiрден шығарып, жапанда жалғыз үй қалдырған, шешiлмей кеткен сұлу қыздың сыры болыпты. Сұлу суға түсiп жатқанда жылан шағып өлтiрiптi. Жанат қыздың шашы мен жыланның басын алып, бауырына басқан екi түйiнге екеуiн тiгiп қойған екен дейдi. Онда жасы он сегiзде екен. Қыз Жайық бойынан келiптi. Оның тұтас әңгiмесiн сенiң тойың болған күнi айтам.
– Ағажан, айтсайшы…
* * *
Қажымұқан Нұрмағанбетпен қыдырып жүргенде, ауыл болып тағы бiр ұйғарынды көтердi. Қадишаның киiмiн бойына өлшеген қыз, Қажымұқандардың қыз алысатын руы едi, қарттар күңкiлдесе келiп, сол қызды қоса салмақ болды. Соншалық, жүрегiн елжiреткен Қадишаның бес күндiк қызғалдақтай болып сола қа-ғаны Қажымұқанның арманын тереңдете бердi. Сырын iшiне жиып, сыртынан еш нәрсе аңғартпайтын мiнездi жан, ендi бұл тақырыпқа көпке шейiн бой ұрмасқа бекiдi. Өзiн қосып өлең айтатып Балуан Шолақтың әдетiне елiктеген ол, шiңкiлдетiп домбыра шертiп, жоғарыда ән бастауда келтiрiлген өлеңдердi Нұрмағанбеттен үйренiп, ол тұрған жерге өзiн қосып айтатын болды. Қадиша өлген соң бiрiншi бөлiмнiң аяғындағы: «Қадиша қаза болды он жетiден»… көп айтатын болды.
Ауыл адамдары ұйғарған қызды сүймедi. «Көкелер, қоя тұрыңдар» деп қыдырып бiраз жүрiп, Қызылжарға бара жатқан бiреудiң арбасына мiнiп кетiп қалғанын, үлкендер көптен кейiн есiттi.
Ол сол кеткеннен Варшавадан бiр-ақ шықты. Жаздың тамылжыған көк майсасы. Висла өзенiнiң жағасында, шыңға қонған бүркiттей, труси, майкасымен үш-төрт палуан өзен жағасында отырды.
– О, Қызыл нықап (маска), сенiң қабағың неге ашылмайды? Сен бұрын бұлай емес едiң, елiңе барам деп қайғы арқалап қайтқаның қалай?
– Қой әрi… Менiң ешқандай қайғым жоқ.
– Ваня, сен баламен ойнап жүргенiң жоқ, ең аз қыдырғаны Европаның өңiрiн екi айналып шыққан, Россияның қу мүйiз палуандарымен сөйлесiп отырсың. Сенде үлкен қайғыға батқандық бар. Болмаса бұрынғы ой-санаңнан өзгерiп кеткендiк бар.
– Неге?
– Неге дейсiң бе? Оны мен айтайын… Бұрын iшiңдi ақтарып сыр жасырмайтын едiң, ендi бiр ауыз сөз айт-қың келмейдi. Бұрын белгiлi палуандар қинап келген жас палуандарды да аяп, бiраз күн өткенше жықпай мақтандыратын едi, сен қолыңа тигеннiң бәрiн шыр-қыратып, пердесiн сыпырып алып жатырсың. Күрес басталғалы он-он бес күн болды, жинаған маскаң бiр дорба болды. Мұныңа қарағанда, сенi жынданды ма деп те ойлап жүргендер бар. Сенде мықты кiжiну бар. Бiреу есiнен қалғысыз етiп, жерге аунатып жiбердi ме екен деуге, шығыс Россияда сенi жығатын ешкiм жоқ. Шыныңды айтшы, сенде нендей сыр бар?
– Менде қайғы бар екенi рас, сұлу қызды сүйдiм, ол қосылмай тұрып өлiп кеттi де, мен қалып қойдым, – деп басынан өткен барлық жағдайды шешiле айтты.
– Мiне, ендi ретi келдi. Сен сүйген қыз үшiн жынданған шығыстың шыдамсызысың. Онда сенi емдеймiз.
– Ауруым жоқ менiң.
– Сенiң ауруың әйел. Оны бiз табамыз. Осында палуан бiр қыз бар. Бiз бас құраған күрестi ұйымдастырып отырған соның ағасы. Қыз күнде күресiмiздi көрiп отырады дейдi, бiрақ қандай қыз екенiн ешқайсымыз бiлмеймiз. Осында жиналған палуанды түгел жыққанымызбен қыз күреседi. Жығылса тиедi де, өмiр бойы соның күтушiсi болады, жықса барлық палуандық белгiсiн сыпырып алып, чемоданын жаяу арқалатып жүредi.
– Мен оның чемоданын арқалай алмаймын.
– Жығылсаң амалың қайсы, серт солай болған соң, арқалайсың!
– Жығылмаймын!
– Қалай жығылмайсың? Поддубныйдан күштi-мiсiң?
– Күштiмiн деп мақтана алмаймын.
– Ендеше, былтыр келiп, қорыққанынан күресе алмай кетiптi.
– Қой, өтiрiк ол. Поддубный тажалдан да қорықпайды!
– Қорықпайды!.. Қыз қолын соза бергенде жалт берiп қашқан екен, қолына қамзолының шалғайы түсiп, жұлып алыпты да, үйiне апарып iлiп қойыпты. Осы күреске шақырса да келмей отыр ол.
– Қой, қой! Бәрi өтiрiк. Польшада палуан қыз деп iлгерiректе естiп едiм, оны венгрдiң жас палуаны жығып алып кеттi деген.
– Ендеше, есiткен қызың осы. Оны ешкiм жыға алмайды. Қолыңа тигендi алып ұра бермей, күшiңдi соған сақта!
– Ой, тәйiрi, оған қандай күш керек? Қыз деген қатын емес пе? «Қатынның күштiсi қазан қайнатады» дейдi қазақ. Күресетiнi шын болса, минутке жеткiзбей жығам да, бәйгеме өз құйындай ақша төле деймiн!
– Ақша бермейдi, өзi тиедi.
– Алмаймын деймiн.
– Оның болмайды, егер алмасаң, жығылған болып есептелесiң.
– Күреспеймiн ендеше…
– Онда да жығылғанға есептелесiң. Оған көнбесең күрескен палуанның ешқайсысын жықпай, жығыла бер, сонда сенiмен қыз ақша берсең де күреспейдi.
– Бiр бәле ғой өзi! Қайдан шыққан неме екен соншама?
– Осында жиырмадан аса iрi палуан, отыздан аса жас палуан бар. Соның бiрiнен жығылып, не жығыса алмай кетсе, қыз оны үздiк палуан деп есептемей, күреспей қояды. Үздiк палуанды табамын деп ағасы Варшавада жылда палуан жинай беретiнi сол екен. Сен жық та ал, осы әурешiлiктен құтылайық.
– Сендер әзiлдерiңдi қойыңдар, мен қыздан қор-қып, ешкiмнен жығыла да алмаймын. Қыздың чемоданын арқалап та жүре алмаймын. Дүниеден қатынсыз кетсем де, ол қорлықка көне алмаспын!
Бұл әзiл сияқты сөз болса да, негiзiнде сыр бар едi, ол ұзамай ашылды.
Цирктiң арқан, шығыршықтарында тұрып ойнайтын белгiлi артисiнiң бойжеткен қарындасы болады, ол палуандар түрлi жақтан жинала бастағанда – түгел жыққан мықтысына тиiп алам деген сөзi болыпты. Соны есiткен жастар, жауырыны жерге тимегенi киетiн масканы бәрi киiп, «Ақ қынап», «Көк қынап»… Варшаваны басып кетедi. Оның үстiне, қолы ұстаса желiмдей жабысып жықпай жiбермейтiн Ваня келiп, маскалар жапырақтай жалпылдап сыпырыла бередi. «Ендi қыз маңғұлдiкi болсын!» деп күдер үзгендердiң көбiсi маскаларын дорбаларына тығып, жұмбақ аттарын дұрысына көшiре қояды. Мұның сырын бiлетiн тiс қаққандары «байқап жық» десiп, тосындары алып қараның шеңгелiне мыжғыланып жатады. Көптiң бiрi болып күнде келген қыз Қажымұқан алтын, күмiс толып жатқан медалiн мойнына алқа қылып тағып, бұлшық етте-рiн ойнатып, күрес алаңына шыққанда, көзi инедей қадалып, жүгiрiп келген кiсiдей жай тұрып ентiгедi. Көзi жасаурайды, қайта-қайта қолын уқалай бередi. Кездейсоқ қабаттаса қалып, қабақ сездiргiсi келiп, жүретiн жолында кездескенде көзiн ойнақтата қалатын Қажымұқан ба, кiшкене көзiн қиықтай бiр қарап, иық қағысып қалған қызға: «вейноуат» деп өте шығады. Сорлы қыз жаныққан үстiне жаныға түседi. Үйiне барысымен айна алдында тұрып алып, опа-далабын, иiсмайын жаға түсiп, ұзын жирен шашын алуан түрлi етiп өре бередi, сипай бередi. Бiрақ оның бәрi iшкi ынтығына ем болмай, атлас картаны ала салып, алдына жая бастайды. Бобидiң королi бiрде оңға, бiрде солға шығып, бiр тартқанда кез түсiп, бiрде лағып далаға кетедi. Ернiн тiстеп ренжидi, кейде қуанады. Безенiп тұрған тiлi жоқ «маңғұлға» ынтыққан сорлы, кейбiр күндерi ауырып та қалады, шыдамы кеткен байғұс, маңдайын жiбек орамалмен байлап, циркке тағы келедi. Ақырысында Қа-жымұқанмен бiрге жататын бiреулердi тауып, тiлдес-тiретiн жәрдем сұрайды. Қадишаның қайғысы бойынан арылмаған палуанға:
– Сенiң қыздармен әңгiмелеспейтiнiң қалай? – деп қақтықты ол.
– Я, совсем не хашу… – дейдi де, сыпырған маскаларын санай бередi. Қыздың өтiнiшi бойынша палуаннан сыр тарту үшiн манағы су жағасында отырғандағы әңгiмесiнде де ашық жауап айтқыза алмады. Ай жарым өтiп, күрес аяқталар кезде, «Палуан қызды көрсету үшiн» Қажымұқанды жүзбелi ресторанға алып барады. Онда үйленудiң сәтi төменгi жағдайда түстi.
Ресторан мен бес шақырым жердi жайлап айналып келгенше тұқыл шарапты сықап iшкен палуандар Висла жағасындағы бақтың iшiн аралап, гүжiлдесе сөйлесiп келе жатты. Су жиегiне тақай iстеген отырғыштарда, кемедей шыққан палуандарды күткендей үш қыз отыр екен, қолында ақ гүлден түйген букетi бар сүлу қыз бұларды он адымдай жерге тоқтатып, гүлiн көтерiп тұрып:
– Палуан мырзалар, бiздiң досымыз Поля, ханша-палуан, осы гүл шоғын үздiк күшi бар палуанға тапсыруды бұйырды. Үздiк күш менде! – деп өзiңе сенген-дерiң үш адым алға шығып қолымнан гүлдi ал! – дедi.
Палуандар алға шыға алмай, бiрiне-бiрi қарап, бөгелiп қалды. Сол күнi ғана жұрт көзiне түскен Варшаваның екi жас палуанының бiрi қолына қызыл гүл букетiн ұстап:
– Ешкiмнiң жүрегi батпаса, мен оны алуға жараймын! – деп аттай бергенде Қажымұқан жауырынынан бүре ұстап шелектей көтерiп, кейiн тастады да:
– Бикеш, ол бұйрық берген ханшаңыздың өзi қайда?
– Сарайында. Немене гүлдi алғың келiп тұр ма? Се-нiң жұрттан үздiк болатындай еш нәрсең жоқ қой деймiн… Үздiкпiн деп алуға жарасаң үш адым алға шық!
Қажымұқан алға шықты. Қыз гүл шоғын ұсынып тұрып, күлiмсiреген пiшiнмен:
– Осының үздiк палуан екенi рас па? – деп басқа палуандарға қарады.
– Иә, – дедi сақа палуанның бiрi.
– Гүл алғаның үшiн белгi боларлықтай бiр затыңды бер бiзге, Поля ханша барғанда өзiңiзге қайтарып бередi.
Қажымұқан үлкен күмiс сағатын қалтасынан алып ұсынды.
– Оның керегi жоқ, орамалыңды берсең де болады, – дедi қыз. Қағазға орап орамалын бердi. Қыз қолына ұстап тұрып:
– Ертең сағат бесте пәлен адреске келуiңiздi сұраймын, – дедi де, палуан тобына басын иiп, әдеппен жүрiп кеттi.
Ертеңiне Кореньмен екеуi айтқан адреске барса сарай емес, Варшавадағы жұпыны үйдiң бiрi екен. Ауладағы әдемi бақтың iшiне стол, отырғыштар қойып, ас әзiрлептi. Өздерiне таныс цирктiң артисi қарсы алып, құрметпен орындыққа отырғызды. Үйде отырған үш-төрт кiсi шығып, қонақтармен амандасты. Кешегi гүл берген қыз елулерге келген шешесiн колтықтап, үйден шықты. Отырған адамдар орындарынан тұрып, анаға құрмет көрсеттi.
– Қазақ өлкесiнiң палуаны қайсың едiң? Қажымұқан орнынан тұрып, қолын кеудесiне басып, басын идi.
«Менiң жаныма отыр» дегендей жанындағы орындықта нұсқады. Кiсiлер орындарына отырып, астың бетiне жабылған ақ жiбек дастарқан ашылған соң, үй иесi артист:
– Достар, барлық халықка ортақ: «Тауға тау қосылмайды, адамға адам қосылады» деген мақал бар. Сол қосылмай тұрмайтын адамның сүйiспеншiлiк махаббатына шек қоюға болмайды. Палуан Мұңайтпасов, оның досы Корень палуан, сiздер осында келуге себептi болып отырған сондай жағдай. Өзiм жеке адамның игiлiктi iсiм деп түсiнген жұмысына, еркiне бөгеу болмауды дұрыс деп түсiнем. Ондайға араласатын ұлттың әдет-ғұрпы, дiнi сияқты тәртiбiн жақтағым келмейдi. Менiң сүйiктi қарындасым Поля, Ваня Мұңайтпасовқа ғашық болды, қыздың мұндай сырын ашық айту – Европа елдерiнде ешбiр ерсiлiгi жоқ, қайта өзiне тән ерiктi түсiнгендiк болып есептеледi. Кеше ақ гүл шоғын берiп, орамалын алып келiп, анасының рұқсатын алып отыр. Анамыздың алдында осыны анықтап, игi тiлегiмiздi айт-қымыз келедi… Берiлген белгi ишаратын қабыл етуле-рiң рас па?
– Маған палуан қыздың гүлi деп бердi.
– Палуан қыз – қолымен гүл берген Поля. Күре-сетiн қыз тек ертегiлерде айтылады.
– Ендеше, гүлiн алғаным, рас.
Сонан бiр ай өткеннен кейiн поляк қызы Поляға үйленiп, күзге қарай немiс армиясының қысымы Варшаваның бейбiтшiлiгiн бұзып, Қажымұқан Поляның атын Патима қойып, Омбыға келдi. Ондағы цирктiң аттарын офицерлер мiнiп, майданға кеткен соң, Шардақтағы қазақтар Қажымұқанды көшiрiп алып, үй салып, мал құрастырып берiп, Патимадан Қайролла, Абдолла деген екi ұл туды. Бiрақ бұлар Патима жеңгей арман еткендей – жауырыны жерге тимейтiн палуан емес, жай баланың бiрi болып өсiп, екеуi де заң қызметкерi болып кеттi.

Арбакеш

Он сегiзiншi жылдың қақаған қысы. Түтеген ақ бораны соғып тұр. Ел адамының бәрi: «Соққан күнiне жетiп толастайды» деген болжалына бой бермей кеттi, сейсенбi күнi тұрып едi, сейсенбiден сейсенбi – сегiз, сәрсенбi – тоғыз, бейсенбi – он, бүгiн жұма – он бiр күн, ақ көбiгiн ақтарып, құтырған бурадай әлi жұлынып тұр.
Бар өмiрiн Омбы қаласында арбакештiкпен өткiзген Миша өзiнiң көптен жолдасы болған күрең атының ұсқынына қарап тұрып, өте мүсiркеп кеттi. Аяғаны сонша – көзiнен жасы ерiксiз шықты. Төбесiнде ойнап тұратын құлағы салаңдап төмен түсiп кекiл, жалының ұйпалағы шығып, қос көзiнiң алдына шоқпақтай болып iрiң қатыпты. Мишаның аяқ дыбысы шыққаннан оқыранатын жануар, ендi иесiне өкпелегендей, алдына салған шөбiнiң жартысын жеуге мұршасы келмей, бүк түсiп жатыр. Миша ежелгi әдетiмен:
– Серiгiм, жануарым… – десе де ат емiренбей иесi жанына келгенде иегiн жерге төсей жатқан тұмсығынан ентiге шыққан демi қарды бұрқыратып жiбердi.
– О, жануар! Обалың ақтарға болсын. Жер жұтсын бұл шайтандарды! Саған деп жиған шөбiмдi де аттарына алып, құртып қойғаны мынау… Жем болса да жоқ. Өзiңдi лауына алып, өлiмшi етiп әкелiп бердi. Ендi саған не берем, жануарым?.. Қой ендi, сенi бүйтiп қор етiп өлтiргенше, еркiн шөбi бар, ауылда тұратын достың бiрiне берейiн…
Сөйтiп налып жүрген кезiнде, ауылдан жұмыс iздеп келген Қажымұқан кездесе кеттi. Жай-жапсарын сұрай келiп:
– Досым, сен жүк тиеушi болып та күн көре алатының сөзсiз. Бiрақ менiң бiр тiлегiмдi қабыл ет. Адамның күштiсi сен болсаң, аттың күштiсi менiң күреңiм едi. Мына Қолчак қоқырсығын тасып, соны құртатын болды. Сен соны арбасымен ауылыңа алып кет. Бiр жетi тойдырып алсаң, аздап кiре тартып тұруыңа жарайды. Сенiң қолыңда тұрса, Колчактың қамшысы селтеңдеген полицейлерi де қоқаңдап қасына келе алмас едi. Оның үстiне, ауылың сенi құрметтейдi ғой, лауға сенiң атыңды әурелемейдi.
– Ол рас.
– Ендеше, арбасына жегiп берейiн, алып кет. Көп жыл қанатым болған жануардың налығанын көрмейiн. Тамағы күйлi болса, арбамен қырық пұт, шанамен сексен пұтты жүк демейдi.
Бұл күздiгүнi болған жағдай едi. Сөйтiп, Мишаның сүйiктi жиренi Қажымұқанның қолына барып, городовойлардың күнде әурелеуiнен құтылды. Күнiнiң көбi түтеген боран болған қыста Шардақ айналасында күйлi көлiк палуандiкi едi. Әр кезде қолына ұстап жүретiн жуан сырғауылға саптап алған айыр, күрегiн көрген лау алушылар Қажымұқанның маңына жуымады. Түрiнен сескенiп, сырттайтын полицейлерге: «Мынаның күйлi көлiгiн неге алмайсыңдар?» деген байларға: «Сендер өз көлiктерiңдi аяп сандала бересiңдер! Ол қырық жетi награда алған Николайдың палуаны. Оны бiз құрметтеуге мiндеттiмiз!» – деп соқтым.
Миша берген күрең атқа жем iздеп, қырман көтерiп жатқан бiреуге бара қалғанда, сол қырманның басына сабын, шай, бiрдеңелерiн апарып, бидайға айырбастап жүрген Борсықбай кездесе кеттi.
– Палуан, халiң қалай?
– Шүкiр… Қамыстай қалың елмен бiрге өмiр өтiп жатыр.
– Дұрыс, дұрыс. Бәрекелдi, арбаң мен атың да өзiңе сай екен. Немене, мұнда алашағың бар ма едi?
– Қандай алашақ? Менiң ондай сатып жүрген сабыным жоқ. Мына ұшықтарынан қиса, атыма жем ала-йын деп келiп едiм.
– Е, оның дұрыс қой… Қырман деген кен емес пе, диқандар бiрер қап ұшықтарын сенен аямас. Егiншiлер, тәңiр берген нәрсеге тарылмай, палуанның қабын толтырып жiберiңдер.
– Борсеке, ол бiздiң жұмысымыз ғой, өзiң мына қара майдан iстеген, балшық сияқты сабыныңды, зәрдей қымбаттатпай, төмендетiңiзшi… Қадаққа толмайтын кесегiне бiр пұт бидай сұрайсың. Оныңызды қалай алып, кiр жуамыз?..
– Мейiлдерiң ғой, алмағандарыңа мен қайғырмаймын. Сабыным батпақ болсын, балшық болсын, арбамның үстiнде тұр. Сендердiң бидайларың – қырманда. «Балшық» дейсiңдер-ау, шырақтарым, – деп кеңкiлде-ген мысқыл күлкiмен кеңсiрiгiн кернеп, танауын желпiлдетiп күлген болып, – заманының неге айналып тұрғанын сезбеген кiсiге не айтарсың! Осы балшықтың өзi сонау жер түбiндегi Үркiттен әкелiнiп отыр. Жи-дектiң жапырағын қуырып, шай деп iшiп отырғаны бұлардың есiнде жоқ! Белi бүктелген шешелерi қыстау айналасын тiмiскiлеп, ит мүжiген сүйек жинап, сабын қайнатпақ болады. Бұлар сол азаптан құтылуға, аз да болса көмек еткiсi келген кiсiлерге айтып отырғаны мынау. Қоян терiсiне – қызыл шүберек жапсырған бөрiк киген большевиктер келген соң, первай сорт сiңiр сабынмен жуатын боларсыңдар!..
– Борсық-ау, солар келе жатыр дегенi рас па?
– Кiм бiледi, палуан. Iштегi бай бiткеннiң бәрiн қамап, завод-фабрикалардың күл-талқанын шығарып, жердiң бетiн үйтiлген тулақтай қылып жатқан солар дейдi ғой. Оралдан өтiп, Селебеге (Челябинск) келiп-ақ қалған екен, ақтар әскерiн алдына төгiп жiберiп, бiр бөгесе керек…
– Борсықбай, сенiң сөзiң шемiшкенiң басындай күн қуалап айнала ма! Әнеугүнi: «Дүниенiң бар керегi большевиктер алған жерден шығып жатыр, фабрик, завод солардың қолында, iстей бiлетiн шеберлер де солар. Ақтар қолдарына оқ-дәрiсiз көсеу ұстап қалып отыр» – деп соғып жүр едiң. Ендi жұртты большевиктерге айдап салдың ба? Жарайды, оның бiзге керегi шамалы. Ашмушке шайың мен екi бөлек сабыныңды мына қапта тұрған бидайға бересiң бе? – деп еңгезердей бiреу қолын шошайтып, қап түбiндегi бiр пұттай бидайды көрсеттi. Борсықбай майы қыртыстанған көзiн қапқа бiр салып:
– Қой, сендермен келiсе алатын түрiм жоқ екен… Аз ғана алғандарыңды Колчактың солдаты сыпырып алған күнi сөйлесермiн! Кетейiн, – деп арбасына мiнiп, қырманнан шыға берiп едi:
– Тоқта! – дедi оған, шай, сабынға зәру ел…
* * *
Боран үдеп, қала мен ауылдың қатынасы үзiлген соң, қалада ұнның пұты Колчак ақшасымен мың сом, Керенскийдiң ақшасымен сегiз жүз сом, Николай ақшасына бес жүз сом болып тұр дегенде Борсықбайдың ұйқысы келмедi. Саудамен түсiрген екi жүз пұт бидайы бар едi. Оны Колчактың астық жннаушыларынан жасырып, жер-жерге жытырып көмген болатын. Оны бұрынғыдай шанаға тиеп, апарып сата беретiн жағдай жоқ, ұрланып қалаға жеткiзудiң өзi бiр қиямет. Жолда бiр таба нан үшiн де кiсi өлтiретiн шықты деген қауесет жиi тарады. Борсықбай сататын бидай, көлiк-сайманы сай тұрса да, қалаға барудан қорықты. «Қалада бiр қап бидайға шаналы атын, бiр пұт ұнға ине-жiптен жаңа шыққан құндыз iшiк берiп жатыр» дегенде мүлде жынданып кете жаздады. Оның үстiне өзiнiң аталасы болып есептелiнетiн айналасындағы он шақты үй әбден жүдеп:
– Сен бiзден алуға келгенде «ағайын» бола қаласың да, қарасуға келгенде сыртыңды бересiн! Көмбеңдi ашып, шiрiп жатқан бидайыңды бiзге қарызға бер. Мына шулап отырған баланы ая. Тiрi болсақ өтермiз, – деп бiрiнен соң бiрi келдi. Олар тағы да бiрде:
– Сен Совет өкiметiнiң ұзамай осында келетiнiн бiлiп қой! Олар саған астық сатқызбайды. Большевиктер – халықтың қамын ғана ойлайтындар екенiн естiп отырмыз. Ол келсе сенен сұрамайды, көмбеңдi ашады да, аш отырғандарға үлестiрiп бередi! – деп қабақтарын түкситетiндi шығарды.
Борсықбай оларға сырттай қабаған төбеттей күжiл-десе де, iштей сенiм жүйкесi босап, қорқатын болды. Қалайда, осындай қымбаттап тұрған кезде бидайдың бiразын сатып алғысы келдi. Оны қалаға жеткiзу қиын, өз жақындарына сенбедi. Дағдарыс ширығын шешу үшiн тапқан амалы Қажымұқан болды. Ол кiсi мүлкiне қиянат етпейдi. Оны құралды топ болмаса, екi-үш адам жолда тонап та ала алмайды.
Қажымұқан ерте тұрып, түнде басып қалған үрiндi қардан қорасын аршып, үйiне жаңа кiргенде, үстi-басын қалың қырау басып, қасқыр iшiкке оранып, Борсықбай келдi.
– Палуан, мал-басың аман ба?
– Шүкiр. Түтеген боранда ерте жүре қалғаның қалай? Үй iшiң аман ба?
– Құдайға шүкiр… Боран деп бүрлiгiп жата берген-нiң өзi жаман екен. Анау айтқандай жұлып кететiн еш нәрсе жоқ, жүруге болады. Бiр қысылтаяң шаруа саған күнiмдi түсiрiп, келiп отырмын. Өзiңнiң ерлiк көмегiң тимесе, өте қиынға айналып кеттi…
– Не боп қалды? Сауда досым…
– Құдай кәпiрге мұсылманның күнiн түсiрмесiн! Палуан, өкiметтiң промторг деген мекемесiне бидай жинап беруге бiраз затын алып едiм. Күзде қырман басында жолыққанда соны жинап жүрген болатынмын. Ол бар болғыры жиналды да, жылымықта жеткiзiлмей, боранға ұшырады. Ендi соны екi күн iшiнде жеткiзiп бермесе өзiмдi қамап, мал-мүлкiмдi қазынаға салам дептi. Оның үстiне, жолай тартып алатын бiрдеңелер шығып, жай кiсi жүре алмайды дейдi. Соның жүз пұт бидайын жеткiзiп беруге жәрдемдес деп өтiнiшпен келiп отырмын, – дедi саудасын айтса көне қоймайтынын бiлетiн Борсықбай.
Қайғы бұлтын бет-әлпетiне қалың жауып алған кейпiне қарап, палуан ойланып қалды.
– Көлiктерiң сай тұр ма?
– Көлiк, шүкiр, бар ғой… Бiрақ соның кiлтипенi бар, Қажымұқан. Оларға басты сылтауым: «Көлiк табылмай жатыр» деп едiм. Сондықтан өз атыңмен жет-кiзiп берсең тәуiр болар едi. Ол үшiн тиiстi ақысын төлейiн.
– Онда ыңғайы келiңкiремейдi. Бұл қолыма аманат деп қойған бiреудiң малы едi. Суре түспеген соқпақта өлiп қалуы мүмкiн, жем-шөпке де онша кенелiп тұрған жоқ. Көлiк тапсаң, жеткiзiп берейiн.
Борсықбай түске шейiн қояр да қоймай, Қажымұқанның атымен бiр лау астықты қалаға апаруға көндiрдi. Өзi шай, жер майы, сабын сияқты үй керегiне де зәру едi. Кiре ақысына бiр қап бидай, астықты жапқан шөптi алмақ болып, сондықтан жүктi аямай салып, елу пұт бидай тиедi. Борсықбай салт атпен жанына ерiп отырып түтеген боранда қалаға жеттi. Қалада байдың атына аздап шөп тастап, өзi жарты қап бидай алып, Мишаның үйiне келдi.
Келсе, Мишаның үй iшi қасiретте екен.
Ат-арбасын Қажымұқанға берген соң Леспромхоз-ға жұмысқа кiрген Миша, декабрь iшiнде болған жұмысшылардың көтерiлiсiне қатынасқаны үшiн ұсталып кетiптi. Ең үлкенi он үш жастағы төрт баланың ортасында қалған әйелi бiр кеңсенiң үй тазалаушысы болып, балаларының күнделiк қорегiн тауып тұрған екен, екi өкпесiне бiрдей суық тиiп, бас көтере алмай қалғанына бес күн болыпты. Iшетiн ас, жағатын отыны жоқ, шуылдап жылап отырған балалардың үстiне кiрiп барды. Үй тiршiлiгiнiң iсiне икемi жоқ адам, оларға жәр-дем көрсетудiң есебiн таппады. Атын доғарып, қораға байлады да, темiр жолға жақындау шетте, қисайып тұрған бiр бағананы кезi шалып едi, соған барып, жұлып алып, иыққа салып алып келiп, күйретiп отын қылды. Құдықтан су әкеп, құмыраларын толтырды. Екi пешке бiрдей жағылған от қабырғасына қарыс болып тұрған қырауларды ерiтiп, үйдi тұманданған бу басты. Үлкен пештiң қуысына барып бұйығып жатқан балалар бастарын көтердi. Қажымұқанның жолға алған наны, бiр кесек етi әлдеқашан тас болып қатып қалған. Оны ендi қыза бастаған пештiң ернеуiне қойып, жiбiтiп балалар-ға азық еттi. Әкелген жарты қап бидайын да қол диiр-менге тарта бастады.
Үздiксiз арбакештiк кәсiп осы күндерден басталды. Мишаның көршiлерi сол маңдағы үйлерге – ат-арбалы дәудiң келiп жатқанын, отын-сусыз отырған аурулы үйге iстеген қайырымын, мұзды қарда қатып тұрған сынық бағананы тоңымен қопарып жұлып алғанын ертегiдей етiп, маңайларындағыларға таратып жатты. Қоңсы отырған үлкен саудагерлердiң үйi қала айналасындағы орманнан сатып алған отынын әкеле алмай, тонаушылардан қорқып отыр едi, алып арбакештiң хабарын естiп, сөйлесуге келдi.
– Қанша отының бар? – деп сұрады дiлгерлiгiн айт-қан байға.
– Он текше метр. Текшесi бұзылған соң түгел тасып алмаса, ұрлап алып кетедi. Қасына өзiмнен бiр көлiк қосам, қорама әкелiп үйiп беруiңе қанша сұрайсың?
– Сұрағанымды бересiң бе?
– Сөйлесiп көремiз. Жұмыс таба алмай жүрген адам көп, сенiң көлiгiң болған соң айтылып отырған жағ-дай ғой.
– Сол көп адамды неге жалдамадың?
– Бәрi де тоғайға баруға қорқады. Болмаса мен ақша аямас едiм.
– Отыныңды әкеп берсем маған да ақша бергiң келе ме?
– Әрине.
– Мен ақшаға отын тасымаймын.
– Неге?
– Ақшаның мөрiн танымаймын, жүзден артық сан бiлмеймiн. Ауылдан келген адам екенiмдi көрiп отырсың. Тонаушының ортасында тұрған бәлеңе басқа кiсi баруға қорқатын болса, менiң жаным екеу емес… Мынау ауырып жатқан әйел, аш-жалаңаш төрт баласы… осыларды аяп ауылыма қайта алмай қалдым. Өз үйiмде де екi бала, бiр қатын менiң қолыма қарап отыр. Тонаушысы бар тоғайда отыныңды әкелу үшiн менiң құнымды төлейсiң! Саудагер кеңкiлдеп көзiнiң суы аққанша күлдi.
– Неге күлесiң? Мен өлiп қалсам екi үйдегi алты бала, екi қатын аштан өлетiнiн көрiп отырсың ғой.
– Сен өз балаларыңды айта берсейшi, бұл үйдегi-лердi қайтесiң?
– Неге?
– Бұлар менiң туысым – орыстың балалары ғой.
– Олай болса бұларға неге жәрдемдеспейсiң?
– Сексен миллион орыс бар, оның қай кедейiнiң баласын асырарсың?
– Сен сексен миллионды асырама, бiр үйдiң баласына тарыққанда жәрдем ет. Менiң ақшам да жоқ, малым да жоқ. Достық – орыс, қазаққа бөлiнбейдi. Жәр-дем ету – менiң адамшылық мiндетiм.
– Дұрыс, оныңа ендi айтатыным жоқ. Ендi сұрайтыныңды айт. Әзiлiңдi қойып не алатыныңды сұра.
– Құнымды бер деп айттым ғой саған.
– Қанша тұрасың? – деп тағы күлдi бай.
– Қанша тұрғанда онша қымбат емеспiн. Бiр қап ұн бер, төрт тақта шай бер. Отының бiткенше атыма жем, шөп, өзiме тамақ бер. Ең артынан бiр шана отынды осы үйге түсiрiп берем, оған таршылық етпейсiң.
Бай шошып кетiп:
– Сен жұмыс iстейтiн адам емес екенсiң! – деп үйiне кетiп қалды.
Бiрақ ертеңiне қайта келiп, сұрағанының бiразын берiп, отынын тасытты. Қажымұқан осындай кәсiппен екi айдай қалада болды.
Бидайын мүлiкке айырбастаған Борсықбай шаш етектен пайданың астында қалып, қалған бидайын тағы жеткiзiп беруге палуанға жалына бастады.
Өзi де үйiне керек-жарағын апарып тастағалы жүрген Қажымұқан кiре ақысына балаларына киiм-кешек алып, алты қап бидайын әкеп бердi.
Қар ери бастағанда Борсықбай екi көлiктi өзi қосып, сатылатын бидайды түгел артқан жолы, елу қап бидайды тонаушылар жолда тартып алды. Бұл жолы астық тартқандардың iшiнде үлкен баласы мен Борсықбай өзi де бар едi, он шақты адам тұрпатынан қорқатын палуан, қолында кiшкене темiр айыры бар шалдан қорқып, бетiн қарға басып тырп ете алмай калды.
* * *
Жанға көрсетпей тыққан ұраларын ашып, түнде қаптаған бидайларды тиеп, ауылдан алты шақырым жердегi қалың шырпыға кiре бергенде, таң саз берiп келе жатыр едi. Мол қып тиеген шөптiң арасына он қап бидай салып, күрең атын алдына салған Қажымұқан, жуан шыбыртқысын жанына қойып, қалғи түсiп келе жатты.
– Палуан, айдаңқырап отыр, осы бiр шырпыдан тез өтiп кетелiк, – дедi әлденеден сезiктенген Борсықбай ортадағы шанада отырып.
– Мен барда не қорқатының бар, Борсықбай, шырпыда не бар дейсiң, тәйiрi…
– Сонда да болсаң, баяу кеттiң, айдай түс, палуан.
Ол «шүу» деп делбесiн қаға бергенде, «мә…» деген ешкiнiң даусы шыққандай болды. Селк етiп шошып кеткен палуан жол жиегiне қарай бергенде, бұта арасынан созылған айырдың сабы шошайып шананың үстiне келiп қалды. Айырдың ашасы сайын сығыстыра түйреген тышқандар, құйрықтары салбырап, Қажымұқанның тұмсығына таянып келiп қалды. «Ок!» деген жуан үнi бiр шықты да, жол жиегiндегi омбы қарға етпеттеп түсiп құлай кеттi.
– Қажымұқан! Шыбыртқыңды сiлтей гөр?… – деген Борсықбайдың қарлыққан даусы бiр шығып, ырсылдап, пысылдап барып, бұтаның арасына жоқ болды. Палуан әнтек басын көтере бергенде, тышқан тiзiлген айыр әлi алдында «у» деп, аударылып, төңке-рiлiп тұр екен. Тұлыбын басына орай түсiп, етпеттеп жата қалды. Қайтып қарауға шамасы келмей, таң әбден атқанда басын бiр-ақ көтердi. Бiр жерде бебеу қағып Борсықбай, бiр жерде баласы жатыр екен. Қайыс белбеумен байланған матауларын шешiп босатып алды.
– Ой, сорым бар басым-ай, өздерi айыр, балтадан басқа құралы жоқ бес-ақ адам екен, шыбыртқыңды қалай көтере алмай қалдың?
– Ой, жалған-ай, қолыммен де қарға тұншықтырар едiм ғой, бiр айыр тышқан басымда ойнап тұрғанда, не iстеуге шамам келсiн! Менiң сiлемдi сол құртты ғой…
– Сорлы-ау, өлген тышқаннан да кiсi қорқа ма?..
– Қорықпай қайтесiң, құлағы калқайған бәледен… Үшеуi қарға малтығып үйлерiне жеттi. Борсықбай мен баласын байлаған тонаушылар езiп тастаған екен, үйiне келе төсек тартып жатып қалысты. Тоналған лауларды iздетiп қуған кiсi де болмады. Қажымұқан үйiне келiп:
– Патима, күрең атты Борсықбайдың бидайы жетелеп кеттi. Үйге қашан келер екен жануар… – деп мырс-мырс күлдi. Оның қандай күлкi екенiне Патима түсiнбей қайран қалды.
* * *
Осының алдында алты қап бидайын қалаға апарған жолы, Борсықбайдың ашыққан көп туысының бiрi, палуанның шанасына мiнiп, қалаға бiрге барды. Жоқшылық жүдеткен жiгiт:
– Палуан аға, бұл күн көрiсiмiз немене болып бара жатқанын байқайсыз ба? Бұл ақтар деген аштық, жалаңаштық, жұмыссыздықтың көзi болды. Барымызды сыпырып алып, өңкей ұры-қарының өресiн өрбiттi. Ақырғы сөлiмiздi байлар мен саудагерге сорғызды. Кәсiпорындарын құйын соққандай құртып бiттi. Он екi мүшемiз аман отырып, еңбек таппай ашығу деген не сұмдық! Адамшылық мейiр дегеннiң жұрнағы қалмай бара жатыр. Бiр атадан өрбiген жиырма шақты түтiн едiк, еңбегiмiздi сүлiктей сорып байыған Борсықбай, бiз жүдеген сайын қанауын қалыңдатып барады. Балалар ашыға бастағанына үш айдан асып барады. Ақ сақалынан жасын сорғалатып, әкем әлденеше рет барса да бiр пұт астық қарасуды бiлмедi. «Өлгендерiңе мен жауапты емеспiн» дейдi. Бұл астықты қалаға ұрлап сатып, алтын, күмiс, асыл бұйымды үйiне кiрелеп жинап жатыр. «Уа, ағайыным, сендер тұрғанда кiмдi жалдамақпын. Өздерiң iстеп, керегiңдi жеңдер!» деп жұмысын iстетiп едi, ендi өлiп бара жатқанда аузымызға су тамызбайды. «Жоқтан» басқа айтары жоқ. Бiз ендi қаңғыруға қалдық. Бiр пұт астық табыла ма деп қалаға кетiп барам.
– Адамгершiлiгi жоқтан тартып алып неге жемей-сiңдер?
– Оны ойлағанымызға да көп болды. Бiрақ қайда жымқырғанын бiлмеймiз. Осындай қалаға апаруды бiздiң бiрiмiзге беретiн болса, әлдеқашаң бөлiп алған болар едiк. Кiсiнiң шамасы келмейтiн сiзге тасытып жүргенiн көрмейсiз бе? Өзiн сатып та бiтiруге айналды бiлем.
– Ала алсаңдар, он шақты үйiңдi жазға шығаратын бидай бар сияқты.
– Ендiгi қалғанын сiз апармасаңыз, өздерiнен тартып-ақ алар едiк.
– Мен болмасам, өздерi де апармай, тыққан жерiнде шiрiтедi. Қайда тыққанын бiлсем айтар едiм, бiлмеймiн. Бiрер жiгiтiмен өздерi қаптап, шанаға тиеп болған соң үстiне бiр-ақ мiнем. Ендi қалғанын қар кетпей қалаға жеткiзетiн түрi бар. Менi бар екен деп қорықпай-ақ қойыңдар, менiң тышқаннан қорқам дегенiме сенбейтiн адам жоқ. Өлген тышқанды iстiкке шаншып көрсетсеңдер, мен өрт шығып жатса да тырп етпеймiн.
– Палуан аға, онсыз да күн көрер едiк қой. Халықтағы барды Колчак жинап алды. Аяқ жететiн жерде ендiгi бар астық осы қоңыздың көмбесiнде.
– Ендеше, алып қалыңдар.
Мүмкiн, шырпы, ортасынан тосқандар солар шығар. Ертесiне таңертең палуанның күрең аты шанасын сүйретiп ауыл ортасында жүгенiн көрiп бiреу жетектеп әкелiп бердi. Бидайдың қайда қалғанын ешкiм бiлмейдi.
– Мұның бидайын қайда апарды екен? – дегендерге:
– Оны күрең аттан сұрамасаңдар, мен қайдан бi-лейiн? – дедi палуан.
Палуан арбакештiк кәсiбiн Совет өкiметi түгел орнағанша iстедi. Түрмеде бiр жыл отырып, қызылдар босатқан Миша, армияға көмектесiп, Азамат соғысы аяқталған кезде келдi. Соған шейiн тапқанын екi үйдiң баласына тең бөлiп берiп отырды.
– Палуан, арбакеш, жүк тиеушi болып ендiгi iстеуiң жараспас. Күшiң бойыңда, Семейде цирк ұйымдасып жатыр, соған бар, – дедi қалалық советтiң председателi.

Оңтүстiкке сапар

Күтiмсiз кiлемдей ажарсыз өңiн кiр, қоқыс қаптаған кәрi дүниенi, Совет өкiметi өмiр көктемiнiң көгалына сiлкiп-сiлкiп жiбердi. Шаң-тозаңнан арылған дүние күннен-күнге құлпыра бердi. Қайнар көзiн шылау басқан өмiр аршылып, арнасы таси бастады. Халықтың iшiнде қайнаған тапқырлық, жiгер-күш, iскерлiк тасыған өмiрдiң керегiне кiрпiш болып қалана бердi. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келген нан қайғысы жо-йылып, сән-салтанаттың, бiлiм мәдениеттiң қазаны қайнай бастады. Қақпасына қабаған ит байлап, жан есiгiнен қарамаған қаңқайған сарайларға, мойнына қызыл орамал байлаған, тоты құстың балапанындай, жас жеткiн-шектер болып, мектеп-интернаттар ашылды, сауық-сайран толқыны үдей бердi. Осындай қуанышты күннiң бiрiнде Патима жеңгей ауырды. Циркте күресiп жат-қан Қажымұқанды телеграмма берiп шақыртып алып:
– О, өмiр шыңына еркiн ұшқан бүркiтiм, қызығына тоймайтын күндерiңдi бөлгенiме өкпелеме, жаным сүйiп қосылған жарым едiң, бiрге өткен өмiрiме өкiнi-шiм болмады. Ендi тағдырдың өлшеген мөлшерi сар-қылып, қош айтысар сағаты келген сияқты. Екеумiздiң отасқан өмiрiмiздiң ескерткiшi, мына екi баланы тапсырғалы шақырдым. Осыларға бiлiм алғызып, өз қатарына қос. Өмiрiңнiң онан басқа құбылысына менiң қатынасым ендi болмайды. Жањанда жаным сүйген досым, сол достасқан жүрегiм молама бiрге көмiлмек. Қалған өмiрiң бақытты болсын. Қош, сүйген жар!
Осыны есiткен палуанның шойындай қатқан денесi сығыла түсiп, отқа қақтаған темiрден шыққан ылғалдай, көзiнен жас тамшылады, жарының маңдайын жалпақ алақанымен сипап отырып, аузы күбiрлеп, бiр нәрсе айтты. Онысына түсiнген ешкiм жоқ. Қалайда, бiр жүз отыз килограмм тартатын ауыр денесiне тағы сондай салмақ келiп қосылғандай болды.
Патима – варшавалық, поляк қызы,
Қосылдым тағдыр жазып дәмi-тұзы.
Қош айттым жылап тұрып қабiрiне,
Көгiмнiң сөнгендей боп бiр жұлдызы.
Советтiң құдiреттi ақшасы шығып, үш сомы – қой, жиырма сомы – жылқы болып қалған кез едi. Патиманың кәдесiн түгелдеп, байырғы қазақ әдетiмен жерледi. Үш-төрт ай балаларының қасында болып, оқуға орналастырды да, Шардақтағы ағайындарға тапсырып, Ташкентке билет алды.
* * *
Цирк өнерiнiн кейбiр үзiндiлерi өзбек халқының салтына атам заманында сiңiскен. Күлдiргiш, мейрампаздық дегендер циркке тән ойындар. Оның көпшiлiгi тұрақты үйде емес, далада ойналатын көшпелi түрде, Совет өкiметi орнасымен Ташкентте цирк ұйымдастырылды. «Ат ойын» аталатын бұл мәдениет ошағы алғашында ұсақ-түйектен құрастырылса да, жиырма төртiн-шi жылдарда Европа, Азияның белгiлi палуандары бас қосып, салдарлы ойындар өткiзе бастады. Сауыққой өзбек халқы бұларды қуанышпен қарсы алды. Елдiң «бел күресiмен» марғұландық Озар палуан қатынасты. Күндердiң бiр күнiнде белгiсiз бiреу келiп килiктi. Цирктiң алғашында перде киiп шығып, бiрер күннен кейiн бетi ашылып қалатын палуандары сиреп жығылып бiтiп, «Қара маска», «Қызыл маска», «Көк маска» деген үш палуаны қалды.
Палуандардың iшiнде ерекше көзге түсетiн «Қара маска», «Черный Замук» болатын. Оның жаратылыс бейнесi де ғажап кiсi едi. Алдымен көзге ерекше көрiне-тiнi – бойы, өзге палуандардан жарты кездей артық, тайқы маңдайы, қоңқайған мұрны перде iшiнде шодырайып көрiнетiн. Қарнының өсiп кеткенiнен бе, әлде жаратылысы солай ма, жауырыны қушықтау сияқты едi. Бойына қарай сапта болғанында үнемi алда жүрдi. Цирк алаңын айналып шыққанда, ұзын сирағы көл шетiнде жүрген көкқұтандай сидаңдап қызық көрiнетiн көпке шейiн:
– Мұны жығатын кiсi бола қоймас, қылағай нардай, мына тұлғаны аунатып тастау деген кiмнiң қолынан келсiн! Алдына қоятынының өзi де сонан шығар, – десiп жүрдi көпшiлiк. Маскалы ұсақ денелi палуандардың маскасын шырқыратып сыпырған да сол болды. Солай бола тұра аңғырттығы аяқ алып жүргiсiз болатын. Шақ денелi палуандарды ұстай бергенде, екi аяғының арасынан өтiп кетiп, оның мойнын сырттан орап қысып алатын. Кейде сол палуан қысқан бойы төсенiшке жетелеп әкелiп дөңбектей гүрс еткiзгенде сұлап-ақ қалатын едi, бiрақ жауырыны жерге тимейтiн. Кейбiр палуандар, дәу қолынан ұстап тұрғанда, қарнына теуiп жiберiп, босап кететiн. Соларға балпылдап бiрдеңелер айтып жүргенiн, жұрт қыран-топан күлкiге батып, қызық болатын.
Әсiресе кемпiр-шалдар, «Черный Замуктың» жығылмауын тiлейдi. Өйткенi шайханада кездескен бiреуге ол: «Мен мұсылманмын, Африкадан келген араб едiм» дептi. Оны түрiк тiлiнде, түсiнiктi қылып айтыпты. Сондықтан оны бiреу иықтап бара жатқанда:
– Иә, хазiрет шер бабам, жар бола гөр! – деп, бiрлi-жарым қарттар үн шығарып қалады. Төрешi: «Жауырыны түгел тиген жоқ» дегенде: «әп, бәрекелде, солай болу керек» десiп қуанатын. Сол дәуге «шер баба» жәрдем етпеген күн де тақалды. Үстiнде барқытпен әдiптеген үлкен түйе жүн шекпенi, шыт көйлегiнiң жағасы алқы-талқысы шыққан, басына қоқанның қара ала тақиясын киген, қолында кiшкене чемодан бар бiреу, палуандардың күресi басталарда кiрiп келдi. Оның бойы «Черный Замуктан» аздап аласа болса да, мойны, дене төртпақтығы онан басым едi. Ол цирктiң адамдарына орысша бiр-екi ауыз сөз қатты. Бiрi жүгiрiп директорға кеттi.
– Сiздi кабинетке шақырып жатыр, – дедi директорға барған кiсi.
– Бұл да палуан болу керек, түрi соған ұқсайды, – дедi аңырайысып қалған көптiң бiрi.
– Түрiне қарағанда маңғұл сияқты ма, қалай…
– Ња… Совет өкiметi қонақ үйiнiң есiгiн, жүдә кәтта ашып қойды, әр түрлi халық күн сайын келедi, бабаларымыздың балалары көрмеген адамдарды көрiп жатырмыз… Мұны көрсеткенiне де шүкiр! Мұның топысы (тақия) өзбек сияқты, шекпенi қазақ сияқты… Тiлi орысша сөйлеп қалды, кiм екенiн құдай бiледi де…
– Директорды сұрап келдi, кембағалдардың қабағын жамыла бастаған байлардың бiрi болса да ғажап емес. Олар мұндай жерден де тиын шығатын тесiк табады…
Палуандар күндегi әдетiмен күресiн аяқтады. Көп-шiлiктiң алдына директор өзi келiп, жаңа хабарын жариялады:
– Құрметтi цирк көрушiлер, өздерiңiз күнде көрiп жүрген Ташкенттiң мемлекеттiк циркi көз алдарыңызда күн санап өсiп келедi. Тiптi кейiнгi екi айдың iшiнде қаншама жаңа адам қосылғанын көрдiңiздер. Бүгiн бiздiң жұмысымызға көрiк беретiн, спорт қоғамының көптен күткен, iздеп жүрген мейманы келiп отыр. Онымен қуана көрiсiп, көп отырып сөйлестiк. Бiз – цирк коллективi, өзiмiздiң есептегi кiсi ретiнде, қатынастыруға тартсақ та, ол халық өкiлi ретiнде, сырттан қатынасқысы келдi. Бiз, амалсыз, онысына да көндiк. Ол өздерiңiз көрiп жүрген барлық күрес түрлерiмен күресiп, күш өнерiнiң барлық түрiн көрсетедi.
– Астапыралла!.. Барлық күш өнерiн көрсетедi дейдi… Бұлардың сиқыр сияқты ғажайып өнерлерiн халық арасында жүрiп қалай үйренген болды екен?..
– Сөздi бөлмеңiз, мен айтып болайын. Халық өкiлi болып қатынайтын палуан, осындағы елуден асатын палуанның бәрiмен күреспей, еленiп, екшелгендерiмен күреседi.
– Болмаса, тамашаның үлкенiн көремiз екен… «Еленiп, екшелген» болса, майда-шүйделерi екен дә…
– Ой, лақылдама! Өзiң осы уаққа шейiн диқандардың қырманын да көрмепсiң. Еленiп, өкшелсе – түбiне құмы, бетiне – шөбi шығып, дәнi қалады! Әне, бұл палуан солармен күреседi.
– Директор жолдас, ол «Қара маскалы», «Черный Замукпен» күресе ме, бiзге соны айтшы?
– Онымен бүгiн-ақ күрескiсi келiп едi, бiз рұқсат етпедiк.
– Неге?
– Алыстан келген кiсi, поезда сегiз күн жүрген, демалсын, моншаға түссiн дедiк.
– Болмаса, жаңа ғана алдыңыздан өтiп, директорға кеткен кiсi екен. Сегiз күн поезда жүрсе, қайдан келген болды екен? Өте ұзақ жер.
– Ендi атын айтып қой, директор око!..
– Оның атын ең соңғы палуанды жыққан соң өзi айтады. Ал жықпаса айтпаған күйi кете бередi. Күрес қатынасында оның аты «Дала бүркiтi». Маскасыз, әр кезде ашық қатынасады.
– Атын айтпаған палуанды көруге ынтыққан көңiл-мен көпшiлiк тарады.
Ертеңiне цирк көрушiлер дүмей бастады. Кезек күрестiң бiр-екi жұбы өткен соң:
– Ендiгi күрес, Орта Азия халықтарының палуаны: «Дала бүркiтi» мен «Көк маска», Лев!.. Күрес француз үлгiсiмен… Уақыт жиырма минут… – деп бөлiп-бөлiп айтты. «Көк маска» – шақ денелi палуан, жеңiл басып, ортаға шықты. Цирк көрушiлердiң арасынан бiреу тұрды да, сыртқы киiмiн сыпырып тастады. Ондай адамның өз арасында отырғанын ешкiм байқаған да жоқ едi. Ол кешегi көрiнiсiнен мүлде өзгерiп кетiптi. Басына өткен кеште киiп келген көнетоз қоқан тақиясы, үстiне киiп отырғаны жалпақ-жалпақ қызыл, сары жолағы бар бұқаралық ала шапан екен, шабу-қолтығы мол, әдiптеп, өңiр жағасына өрме ала жiбектен көмкерме салыпты, қусырып байлайтын, шашақты ұзын бауы бар. Ол үстiндегi шапанын шешкенде жылтыр қара матадан iстелген тұтас майка, трусиi, балтырына жабыстыра киген жұқа мәсiсi, жуан бiлегiне кептей киген жұқа биалайы болды. Кеше ұйыса шыққан сақал-мұрты бар едi, оны шашымен қоса қырғызып тастапты.
Оның жай отырғанда су қуйғап местей болбыраған денесi, саздаған қобыздың қылындай ширап, жалпақ төбесi тұжырған ағаштай дөңгеленiп, салбыраған бұғағын басқан мойны басымен тұтасып кеткендей, кеуде-сiнен бөксесi қысыңқы келiп, бейне бiр екi аяғымен тiк тұрған арыстан сияқты едi. Аяғын мереке маршындағы әскерше басып, «Көк масканың» жанына барып қададай тiп-тiк тұра қалды.
– Әке, қарап жiбер! Ендi «Дала бүркiтi» осы кiсi болды ма?
– Қой, оны сахарадан келген жай адам сияқты айтып едi, бұл өмiр бойы осы цирк ғылымымен сүйек қатырған бiреу сияқты. Көрмейсiң бе, әне, өгiз көтерген Озар палуанды… Ол француз күресiн бiлмеген соң, бұлармен күреспей қойды. Мұның түрiне қарағанда тажалдың күресi болса да тоймаймын деп тұр!
– Болмаса, цирк адамдарды көп келсiн деп, өзде-рiнiң бiр палуанын осылай еткен… Бұл мейрампаздардан қулық артыла ма?
– Қой, бiз бұларды екi айдан берi көрiп келемiз. Сонан берi күштiлерден төрт палуан қосылды, оның бәрi күрес басталарда алдымыздан өттi. Өзiнiң кескiнiне қарашы, ернiнде кезет бар, түйенiң құлағындай құлағы шұнтиған палуан көрген емеспiз… Мейлi, кiм десе де тұлғасы алып екен, күнде үп-үлкен көрiнетiн «Көк маска» нарға қосақтаған ботадай болып қалды.
Цирк көрушiлер осындай сөзбен отырғанда:
– Сөздi қой, екеуi қол алысып жатыр, бұрын бiрiн-бiрi көрмеген, – дедi бiреу. Онысы цирктiң дәстүрi бо-йынша бұрын күреспеген палуандардың сәлем және ризалық ишараты едi.
«Көк маска» аздап бойын еңкiштеп, шынтағын бүктеп, қолын алдына икемдедi, «Дала бүркiтi» тең бас-қан аяғының бiрiн әнтек iлгерi жылжытып, қолын бүйiрiне таяды да тұрды. Бiрнеше секунд өткен соң оң қолын созып, «Көк масканың» бiлегiн қағып жiбердi. Олардың сабыр минуттерi бiр-бiрiне кезек беру болатын. Үлкен палуанның «Көк масканың» қолын қағуы – «қимылда, кезек сенiкi» дегенi едi. Маскалы палуан бойын жазыңқырап жiберiп, бiр аяғының ұшын көте-рiңкiреп барып, мойнына кенедей жабысты. Саусақтарын iлмектеп алып, ауыр дененi еңкейте келiп, иықтан асыра атып ұрмақ болды. Мойнын қапсыра ұстаған күштi қол, оны талай iстеген. Бiрақ ысылған, әдiстi палуан, қолын орынды iлiктiрсе де, сәтi түспей қалды. Жауырынына жабысқан төс, желденген ұрттай томпа-йып итерiп жiбергенде, қолы жазылып, өзi ат қаққан жаяудай ұшып кеттi. Ызаланған «Көк маска» қайта ұмтылып, иегiне басын тiрей, бiр қолтығынан алып, бұрай шалқалатпақ болды, бұл да болмады, қолтықтаған қол желкесiнен сығып, шөккен түйедей бүк түсiрдi. Бiрақ «Дала бүркiтi» еңкейiп, қол жұмсамады. Белгiлi уақыттан сегiз минут өткенде:
– Мiне, өз адамдары дедiм ғой, осынша жойқын күшiмен оны жыққысы жоқ! Көрерсiң, Бүркiттi Лев жеп қояды… Не жығылады, болмаса жыға алмай тарайды, – деп лепiрдi ызаланған бiреу.
Палуан жуан мойнын бұра, сөйлеушiге бiр қарап қойды.
– Өзi бiздiң тiлiмiзге түсiнсе керек, ашулы көзiмен қарайды. Ашулансаң соның маскасын сыпыр! Соның дидарын екi айдан-берi көре алмай iшiмiз пысты…
Аз ғана тыныстап, қайта алысқан палуандар, аяқ, қолдары кейде бүгiлiп кейде жазылып, таласқан бурадай қағысты. Қолтыққа iлiнген мойындар шегедей бұралып, бiрде оңай, бiрде әзер дегенде босап жатты. «Көк маска» көз iлiкпеген бiр кимылында «Дала бүркiтiнiң» қолтығына баулаған қамыстай iлiктi, оның тепкiленген аяғы, тырбаңдаған қолынан ешқандай жәрдем болмай, қысылған күйiнде келiп, кiлем ортасына шалқасынан түстi. Төрешi үңiле қарап, ысқырып қалды да:
– Он төрт минут, қырық секундте «Көк масканы» «Дала бүркiтi» жықты. Жығуы әдiл, ешбiр қағида бұзылмай, еркiн күшпен жықты!
«Көк маска» орнынан тұрып, көпшiлiкке басын идi де, маскасын өзi сыпырып, жыққан палуанның қолын ұстап тұрып, тапсырды. Үлкен палуан масканы алды да қолын сүйдi.
– Маскасы ашылған, сегiз жыл «Лева» деген құпия атпен келген – Якуб Жапаридзе, ашып маскасын ал-ған Қ.М. «Дала бүркiтi!»
– Ей, ортақ, «Қ.М.» кiм екенiн айтып жiбер, көп жасағыр…
* * *
Цирк ойыны күннен-күнге қыза түстi. «Дала бүркi-тiмен» күресетiн жиырма үш палуанның он тоғызы жығылып, төртеуi қалды. Маскалыдан байырғы дәу «Қара құлып» қалды.
– Ленин бабамыз бүкiл әлемнiң құпиясын ашқанда, бiр ғана осы кiсi жүзiн перделеп жүр. Бүркiт әкә, осы кiсiнiң дидарын бiр көрсет, береке тапқыр, – десiп айқайлайды көрушi жастар.
– Жүгермектер, неге асығасыңдар? Мұсылман би-шара, жығылмасын!
– Бетiн көремiз, ата. Әйелдер тастап жатқан паранжаны ол бетiнен тастамайды. Бүркiт әкәм ашып берсiн…
Ташкенттiң күнi ыси бастады. Әсем бақ iшiндегi сырахананың отырғышы босамайды. Столының үстiн сыраға толтырып алған төрт дәудiң орнын күтiп екi жiгiт келе қалды.
– Әй, көп сөз неге керек? Мен ғой сенiң осы «Қара маскаңды» Одессада сыпырғаныма жиырма бес жыл өттi. Қайта киiп жүргенiңде, Бакуда бiр жалаңаштадым. Орынборда бiр ашып бердiм. Ақмоласын айтпай-ақ қояйын. Ұялмай келiп тағы кигенiң қалай? Болмаса, сенiң маскаңды өзiң беруге қарап тұрмаймын, өзiм сыпырып алам да, жұртқа тарихыңды айқайлап тұрып айтам. Әсiресе, өзiң арменсiң, «мұсылманмын, арабпын» деп жүргенiндi айтам-ау…
– Қой-әй!.. Құлағын жапон жеген шұнақ! Жынданба. Сен томырықтанып жүрiп, цирктiң қызығын кетiрiп аласың. Менi жықпа. Жақында Қызылордаға барамыз. Сондағы күрестiң аяғында жыққан боларсың…
– Қой… «Өзбек өз ағам» дейдi, бiздiң қазақтар. Осы туысқаныма бетiңдi ашып көрсетпей, қалай Қызылордаға алып барам. Қой…
– Ойбай, «Дала бүркiтi» осы екен ғой…
– Қазақ екен ғой.
– Солай екен, мұның атын бiлу керек екен.
– Палуан түгел жығылған соң, атын айтам деп едi ғой.
– Ол қашан жығылып болады? Көрмейсiң бе, әне, дәудiн «жықпа» деп отырғанын. Сыраның да ақшасын сол төлеп отырған сияқты. Өстiп сыраны берiп жығылмай кетедi де, атын айтпайды.
– Болмаса Аxунбабаевқа барып айтамыз. Ол шақырып алады да сый-сыяпатын iстеп, суретiн газетке бастырады. Мұның аты да, заты да мәлiм болады да қалады. Онан кейiн өзiн қонақка шақырамыз. Өзiмiздiң «Палуан атамыз» болады да қалады.
– Бұл – табылған ақыл.
Өзбекстанның сүйiктi Юлдаш әкәсы бар өмiрiн жұмысшы, диқандардың арасыңда өткiзген, Ташкент ойпаты, Ферғана аңғары, Самарқанд, Бұхара құмдағы, Хорезм жазығында ол бармаған қала, қыстақ, ол кiр-меген театр, клуб, шайхана, жеке диқандардың кiшкене күркесi қалған жоқ. Ол әңгiмелеспеген қарт, ол еркелетпеген бала қалмады. Ол Орта Азияның сүйiктi әкесi болды. Мемлекеттiң үлкен күрделi жұмысынан бастап, жеке семьяның мұң-мұқтажына шейiн оның алдына ақтарылып отырды. Ол халық сырының үлкен сарайы едi. Соған келiп, цирк көрушiлерiнiң сыры да айтылды.
– Құп болады, ұлдарым. Кешке циркке өзiм барам, – дедi Ахунбабаев.
* * *
Бұл күнi цирктiң жарнамасында «Дала бүркiтi» үлкен дөңгелек тақтайды төсiне қойып, шалқасынан жатыр. Үстiне сығылыса адам мiнген бiр жарым тонналық машина тақтайдың ортасында тұр. «Тоқсан пұт жүк артқан машина палуанның төсiнен өтедi!» деген.
Баланың басып өткенiне безек қағатын адамдар:
– Мүмкiн емес! Қандай жаны бар адам төсiне тақтай қойып, машинаның астында жатады?.. Жан-жағына тас па, темiр ме, бiр бәле қойып, машинаны өткiзедi де жiбередi. Әне, саған, төсiнен өткiздi! – дестi, суретiне үңiлгендер.
– Мейлi, көргенде бiлермiз…
Цирк iшiнде ине шаншырлық ашық жер қалмаған, сығылысқан адам. Ойын алаңын қоршаған тақтайға жағалай қойған столдарда республиканың басшылары, қолына дәптерiн ұстаған, фотоаппаратын мойнына асқан тiлшiлер қаптап жүр. Солардың арасында қоқан тақиясын басына киген, үстiне жазғы жұқа жiбек шапан киген Юлдаш Ахунбабаев отыр. Осы көркем өлкенiн атасындай болған оның құрметi үшiн, соншалық көп адамның бiрi дыбыс шығармайды, бәрiнiң көзi орталық алаңда.
Екi қабат қалың тақтайды, сегiз адам әзер көтерiп, алаңның екi қабырғасына сүйеп қойды. Цирктiң үлкен есiктерi екi жақтан бiрдей ашылып, жүк машина көзi жайнап келiп, iшкi есiкке тоқтады. Директор қосалқы есiктен ала шапан киген палуанды ертiп шығып, жайыл-ған кiлемнiң ортасына әкелдi. Ол оң қолымен кең кеу-десiн басып, көпшiлiкке айнала қарап басын иiп: «Бұл – менiң үлесiм» деген ишаратын бердi. Өзiне отыздан аса жыл жолдас болған ала шапанның (Парижде кигi-зiлген) бауын шешiп, жұмысшының бiрiне бердi де, үнсiз шалқасынан жатып, екi қолын керiп, шынтағын жерге тiреп, алақанын жайды.
Жұмысшылар қалың матрасты қабаттап, бiлегiнен бiраз биiк етiп төсеп салды. Соның үстiне қималы үлкен дөңгелек тақтай қойылды. Айналма алаңға биiктiгi бiлектiң бойындай машина өтетiн кешiр салынды. Машина гүрiлдеп келiп, үстiне толы цирк көрушiлер мiн-генде, мейiрiмдi Юлдаш:
– Жүдә қиын iш екен дә… – деп көзiн жанындағы жолдасына аударды. Машина дөңгелек тақтайдың шетiн басқанда екiншi шетi метрдей көтерiлiп, сықырлай бас-тағанда, көп көздер жұмылып, машина екiншi есiктен шыққанда барып ашылды. Төсi мен бiлегi соншалық салмақты үстiнен өткiзген палуан, қималы тақтайды жарып, астынан шыға келдi. Ол көпшiлiкке басын иiп, тәжiм еткен кезде бау-бау гүлдер құшағын толтырды.
Ертеңiне Ахунбабаев палуанды кеңсесiне шақырып алып, бастан-аяқ жаңа киiм, ақшалай мол сыйлық берiп тұрып:
– Палуан око, Ташкенттi әр уақытта өз мекенiм деп санаңыз, жас ұрпақтар сiздi мәңгiлiк «Палуан-бабам» деп санайтын болсын, – дедi.
Газеттер: «Қазақ палуаны, әлемдiк күрес чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов» деп суретiн басты. Жаз ортасында цирктiң палуандары Қызылордаға барды.
* * *
Екi айға созылған күрес қызығын күннен-күнге үдете бердi. Ауылдан қалаға келген адамдар ат, түйесiне бiр-екi күндiк шөбiн арта келiп:
– Осындағы Қажымұқанның күресiн көрейiк деп, кемпiр-шалдарымызды да ала келiп едiк. Қалада пәлендей жұмысымыз да жоқ. Қажымұқанды көрiп барған кiсiлер оның дене бiтiмiн, ерен күшiн, көрсететiн өнерiн сөйлегенде елдiң жанын ерiтiп, ауыз суын тамшылатып болды… Рельс иедi дей ме, үстiнен түйе жеккен арба, кiсi мiнген машина жүргiзедi дей ме… Құдайдың берген қуаты-ай, мұндай да адам туады екен ғой!..
– Ол әлгi бiр қу суды көбiрек iшедi дейдi ғой… Сататын үш-төрт бойдақты айдай да келдiк. Ыңғайы келсе дәм татқызып кетемiз. Тiптi ретiн таппасақ жатқан үйiне апарып берейiк. Ауылдың үлкен-кiшiсi қонаққа алып келiңдер деп қалды. Енi екi жылдық, ұзыны үш жылдық қазақ даласының қай аулына жетедi Қажымұқан!
Ауыл адамдары осылай кеңеседi, Сарқырама арығының жағасына топталып алып.
Таудай палуанның талайын жықты. Ендiгi қалғаны екi палуан: Ташкентте маскасын сыпырып алған «Черный Замук» Қызылордаға келген соң қауын, жегеннен бе… күшейiп кетiп, маскасын аларда, он минутта жыққан Қажымұқан, жетi сайын бiр алысса да шамасы келмей қойды. Кейде мұрны шодырайып Қажымұқанды қапша арқалап алып, тастайтын құдық iздеп жүргендей, цирктiң айналасын орала жүгiредi. Қажымұқан кеудесi қысылғандай ыңқылдаса, ақ қалпақ, сусар бөрiктi қазақтардың «ой, құдайлап» мазасы кетедi. Кiлем үстiне әкеп ұрам дегенде, қолынан бұлт етiп шығып кетiп, дәудi жуан бiлегiмен желкеден сылқ еткiзiп берiп жiберiп, тiзерлетiп шөктiре қояды.
– Әп, бәрекелдi, сөйтшi, көп жасағыр, – дейдi, жүректерi орныққан ауыл адамдары.
Шоңқайып отырған дәудi Қажымұқан олай тартады, бұлай тартады. Иығына мiнiп бiраз отырады. Әзер деп шалқалатып алып арқасын жерге тигiзiп, қарнына мiнiп отырып:
– Әй, жауырыны жерге тидi ме? – деп төрешiден сұрайды. Ол еңкейiп, айнала қарап:
– Сол жақ жауырын жерге тиген жоқ! Уақыт бiттi! – дейдi де, ысқырығын шырылдатып: – Қырық минут, Қажымұқан мен «Черный Замук» жығыса алмады. Ер-теңгi күресте «Қызыл маска», «Қоян» мен «Қажымұ-қан», – деп аяқтайды.
– Уа, Қажымұқан! Осыны жыққаныңды көремiз деп-ақ көз майымыз таусылды… Бiздi әуре қыла бермей, жығатын болсаң жықсаңшы, шырағым, – деп айқайлайды шалдар.
– Қайтейiн, ағалар… Ол ағаш болса арқалап барып, Сырдың суына тастар едiм, ол да жер жүзiн шарлаған палуан көрiнедi, – дейдi, сорғалаған терiн сүлгiмен сүртiп отырып.
– Рас, шырағым, рас… Өзiн де құдай сомбалдап жарата салған екен… Мынау әлпетiмен далада көрiнсе, боз қасқасын кiм шалмас едi, – десiп, қарттар ожырая «Черный Замукқа» көздерiн сүзедi.
Әйтеуiр, сөйтiп әуреленiп жүрiп оны да жықты. Жыққан сайын, шапан, шекпен дегендер қардай борап, әйелдер шыт-бәтестен көйлек тiгiп кигiзедi. Қажымұқанның тамшылап тұрған терiн ақ орамалдарымен сүртiп, кейбiр ырымшыл келiншектер маңдайына байлады.
– Қарағым, өмiрлi болар ма екен, палуанның аяғы-ның арасынан өткiзiп алайыншы, – десiп, кемпiрлер баласын сүйреп жүредi. Палуан да солардың көңiлiн аулап:
– Көп жаса, балам… Тыпа-тыпа! – деп, қалтасын кеулеп, кәмпит пе, мәмпеси ме, бiрдемелер берiп жiбе-редi.
«Қызыл маска» жығылмай қойды. Денесi Қажымұқанның жартысындай-ақ кiп-кiшкентай. Етi қағаздай аппақ. Маймылдай ойнап, сынаптай домалап тұрған бiреу. Қажымұқан қанша қарманса да қолына түспейдi. Күштi бiлегiнiң еттерi бiлеуленiп, желкесiне сала бергенде, ол талтая басқан жуан балтырдың арасынан жылмаң еткен қояндай зу ете қалып, бетiн бұрғанша, артынан секiрiп, мойнын қысып алады. – Сонан дорбасы мойнынан түсiп қалған аттай тулайды кеп-кеп, тулайды кеп-кеп… Еңкейiп сiлiккенде, аяғын қолтығына қармақтай iлiп алады. Бүйi тигендей жұлқынып жүрiп, қолын босатып, бiлегiнен ұстап, бауырына баса бергенде, қарнына теуiп жiберiп, босанады да қашады. Кейде соны қуам деп жүрiп, өзi сүрiнiп жығылып та қалады. «Қызыл маска» жұлдыздай ағып келiп, жауырынына жабыса қалады. Жатқан жерiнде, қолтығына қолын сұғып жiберiп, зiлдей ауыр дененi дөңбектей аударып тастайды.
– Ах, қапы кеттi-ау, ерiм! Жауырыны жер қауып-ақ қалған шығар, – десiп қарттар орындарынан ұшып тұрысады. Бiрақ олай болмайды, бураның санындай жуан аяқтар қайың доғадай иiлiп, басын жерге қадай тiреп, қарны томпайып, жауырыны жерден жарты кездей көтерiлiп кетедi. Мойнын қолымен итерiп, балтырын аяғымен тепкiлеп жатқан «Қызыл масканы» екi бүйiрiнен қысып алып, шаппа тұзақтың шыбығындай ытқып түрегеледi. Шеңгелiнде бауша қысылып жүрген «Қоянды» жерге атып ұрады. Ол да, аяқ-басы арқасынан бiрiгiп, дөңгелек шеңбер болады да қалады. Сол иiлген күйiнде бiлегiне iлiп алып, кiлемнiң ортасына алып келгенде, көз iлеспей ытқып кетедi.
Қажымұқан шаршайды, шын шаршайды. Палуан ажырасқан соң аузын қымқыра, мұрнынан шығарған демi гуiлдей шығып, темiршiнiң көрiгiндей, танауын желпiлдетедi. «Қоян» ойнақтап кетiп бара жатқанда, әлдене есiне түскендей, көзiн сығырайтып қарап, күрсi-недi. Мүмкiн, елуден асқан жас елеулi ауырлық артып, өзiнiң сондай жас кезiндегi қылықтары есiне түсер. «Қызыл масканың» ашылмаса да жас екенi, айла, әдiс-өнерiне жетiлгенi iстерiнен көрiнедi.
Жығысты көруге ынтыққан, күнде келуден мезi болған көпшiлiк арық жағасындағы үйеңкi ағаштардың көлеңкесiнде Қажымұқанның жықпай жүргенiн әр саққа жүгiртiп, қауқылдасып алады.
– Қажымұқанның «Қызыл масканы» жықпай жүр-генiнде бiр мән бар екен, – дейдi олар: – «Қоян» бiр қа-ладағы байдың жалғыз баласы көрiнедi. Қажымұқан-мен күресiп жатқанын естiп, әкесi хат жазыпты дейдi: «Жалғыз еркем едi, жыға көрме. Не тiлесең соны бе-рейiн», – дептi. Шамасы, көп ақша алған сияқты-ау.
– Япыр-ай, ә… Еркiн күшiн ақша үшiн бөгегенi ме?.. Бiз соның жыққанын қызық көрiп күнде барамыз, сонымызды ақшаға сатқаны бола ма… Қой, олай болмас, ол халықтың айрылмас төлi. Өскенбай ертең қонақ етемiн деп, бүгiн базардан құнан қой алды. Екi шөлмек көк суын бұрын алып қойған екен, заводтан төрт шелек сыра алам дейдi. Сонда келгенде айтайық. Соның ақшасына қызығып жүрсе, оныкiнен екi есе қылып жинап берейiк. Ендi әурелемей жық делiк. Сол сөз айтылды да.
Қораның ортасында тiгiлген алты қанат ақ үйдiң айналасына су себiлiп, iргесiн белдеуiне шейiн түрiп тастаған. Онда ешқандай жасау жоқ, үйде бос жер қалдырмай киiз, кiлем, оның үстiнен таза көрпе, көрпешелер төсеп, ақ жастықтар көлшiктегi ақ қудай iргеде томпайысып жатыр.
Үйдiң iшi лық толған кiсi, төрдiң алдында ақ жiбек көйлегiнiң жағасы алқы-салқы болып Қажымұқан отыр. Оң-солында ақсақалдар, оған таяу домбырасын безiлдетiп Әлiбек жыршы, әр мекемеден шақырылған қызметшiлер, тiлшiлер. Құдық суына салып қойған кеспектен құйып, шәйнекке толтырылған салқын сыра кесе-кеседе көпiршiп тұр. Төрден босағаға шейiн жалғастыра жайылған дастарқан ас, жемiске сытылып, төрт жерден табақ үйiле қуырдақ қойылған. Үлкен екi қазанның бiрiнде палау, бiрiнде ет асылып, алаудай от жағылып жатыр. Үйiткен бас, тамған май, көңiрсiген иiс бүтiн орамның, көшеден өткен кiсiнiң танауын атады.
– Ал, палуан, ала отырып әңгiмелесейiк. Айтпақшы, әлгi бiр тентек су бар екен ғой, құдық суына салынып қойып едi… Алып кел, бала.
– Палуанға стаканға құй.
– Мен бiр-ақ әуре болайын да, сол құрғырды сорпа кесе болса, соған құй.
Үлкен кесе мөлтiлдей толтырылып, ұқыпты қол алдына еппен қойып бердi.
– Әрқашан амандықпен жүз көрiп тұру үшiн! Ал, жұттық.
– Жыршы, бiр-екi ауыз толғай отыр.
Ей… Алалай да бұлалай,
Ер атамас сынамай.
Бiр туманың нарындай,
Сырда жүзген жайындай.
Әр ананы қуантып,
Туа бермес бұл ағай,
Барлық елде белгiлi,
Араб, Иран, Үндiнi,
Қысқартып айтсам, жер жүзi,
Қажымұқан – қазақ палуаным
Бiлмей қалды кiм мұны?
– Рақмет, шырағым! Рас, бiлмейтiн жан жоқ. Бiрақ осы бiр «Қызыл маска» түйемен ойнаған мысықтай мойныңнан түспей қойды… Бiз «қашан жығады» деп, соза-соза мойын омыртқамыз мүжiлiп болды! Сонысы болмаса кем туды деп айта алмаймыз. Жырыңа қалай айтсаң да сыятын сияқты. Төге бер… Соны қосып айтшы ендi, палуанның күш-қытығына тисiн, Әлiбек:

Қарашадан хан туар,
Таза айырдан нар туар.
Атағы қалып заманда,
Айта жүрер адамға,
Ел iшiнен ерекше
Қасиеттi жан туар.
Ерекше туған, палуаным,
Күштен де үзiк салмағың.
Әлемнiң алуан дәулерiн
Көтерiп ұрып дөңбектей,
Бұрқыраттың шаңдағын.
«Қоян» десе қояндай
Қол орамал болғандай,
Жабысқан нарға мияудай,
Он сегiз күн ойын боп,
Жармасып жүр, ей, аллай…
Бұлшық еттi сом бiлек
Ермек етсе Қажекең,
Сен қимылда ертерек!
Күлге аунатшы «Қоянды»,
Жиылған көптен бiр тiлек…
– Палуанға жабыса бiткен бiлек, бөлiнiп айтқаныңды iстей ме? Қажымұқанға қоса айтсайшы. Бiлек iсте-месе, жүрек iстер. Тiлегiмiздi осы отырған тұтас тұлғаға айтайық.
Палуан сөйлеген қартқа томсырая бiр қарап, дәу кесенi екi жағынан ұстап, сiмiрiп жiберiп, табақ жие-гiнде тұрған қасықты қуырдаққа көмейлете көсiп, қалжыңға басады:
– Мен оны жығар едiм, ақшасын алып қойдым ғой…
– Шырағым, оны қайтесiң?..
Палуан қулықпен одан сайын томсырая түсiп:
– Ақша керек қой. Күнiне бiр қой, бiр шелек тұқыл шарап iшем. Оның үстiне қатын алғалы жүрмiн. Сондай жалынғандардың ақшасынан жинамасам, қайдан алам? Әр палуанды жыққаным үшiн жүз сом, күш өне-рiн көрсеткенiм үшiн жүз сом бередi. Күнде жығып отыратын палуан табыла бере ме? Күнде төсiме тас сыйдырып, машина өткiзiп отырсам көк өкпе болып өлем ғой…
– Айналайын-ай, сен дүние үшiн қам жемесейшi… Күнде жүз сом табылмаса, күнде халық қасыңда емес пе. Ол таусылмайтын тау, сарқылмайтын көл ғой!
– Рақмет, аға! Оныңыз рас. Осы халық күнде қасымда болмаса, мен әлдеқашан өлiп қалмас па едiм…
– Бәрекелде, халықтың қасиетiн түсiнбейтiн жан көп. Халыққа сүйенгеннiң қайғысы болмайды. Сөйтiп, «Қызыл масканы» қашан сыпырасың? Соны айтшы өзiң!
– Бүгiн…
– Билетке жүгiрейiк. Бiр, екi, үш… Киiз үйде отыз жетi. Там үйдегi кiсiлердi санап, билеттi тұтас кестiрiп алам…
– Шырағым, тәуiрлеу жерiнен болсын, iргеде шуылдаған баланың арасында қалмалық!
– О не дегенiң, ақсақал, жүдә, алдыңғы ложалардан аламын.
* * *
Күрес уақыты алпыс минут болып, күндегiден өз-гердi. Күнде Қажымұқан күресер алдында цирк дирекциясына барып шығатын едi, оны қойды, бұрын өткен ойындарға аздап көз салатын едi, бүгiн көзiн тарс жұ-мып, қалғып отыр. Цирк кiсiлерi жиналатын жақтан бiреу Қажымұқан отырған ложаға жүгiрiп келiп, құлағына сыбырлап едi, насыбайын еңкейе түкiрiп тастап:
– Не надо! – дей салды. «Қызыл маска» бiр түрлi көңiлсiз шықты. Қажымұқан отырған жерiнде шешiнiп, күресетiн кiсiсiне өкпелескен баладай бiр қырын барды. Төрешi күндегi әдетiмен:
– Француз күресiнiң әлемдiк палуаны атағын ал-ған Қажымұқан Мұңайтпасов «Қызыл маскамен» ақыр-ғы рет күреседi. Уақыт алпыс минут, – деп бөлiп-бөлiп айтты да, үскiрiгiн шыр еткiздi.
– Уа, тәңiрiм, жар бола гөр… – деп, кемпiр-шалдар тiлек тiлестi. – Қайдан бiлейiн, әлгi бiр бәле суды көп iшiп жiбердi ме… өзi қалғып отырды, – деп Өскенбай қауiптендi. «Қызыл маска» күндегiсiнен гөрi жылдам қимылдады. Үлкен палуан сүрiнбедi де, қарнын да теп-кiзбедi. Бiрақ қолына түсiре алмай, жиырма минут өткiздi. Бiр уақытта ол тақымынан өтiп артынан келiп мойнына жабысқанда екi бiлегiнен бiрдей шап берiп ұстап, қолын қайыра алдына түсiрiп алып, қимылдатпай екi минут қолын соза ұстап тұрды. «Қызыл масканың» аппақ денесi пiскен нандай қып-қызыл болып, тұрған жерiнде ауытқи бастады. Төрешi үскiрiгiн мыңқ еткiзiп, жақындай бердi. Кiлем ортасына қисайта салып, кеудесiн ауыр денесiмен басты. Еңкейе қараған төрешi «болды» дегендей, үскiрiк шалды. Қажымұқан ұстаған қос бiлегi көпке шейiн ақ шүберек орап қой-ғандай болып, қаны жүрмей қалды.
«Қызыл маска» – Қажы Мұрат Дәулеткереев деген қырымдық екен, ол кейiнгi кезде өзiн «Қажымұқанның баласымын» деп жүрдi.

Мiнәйiм жеңгей

Түн ортасы ауғанда үйiне барған мемлекет қайрат-керi:
– Анасы, бiр шәйнек шайың болса кабинетке кiр-гiзiп бере қал, жүдә шаңқап кеттiм, – дедi кеңсе киiмiн шешiп, үй киiмiн киiп жатып.
– Дадасы, мейманханаға кiрiп ауқат қылмайсың ба? Сiздi күтiп қанша уақыт отырдық. Он екiде қайтармын деген едiңiз, њазiр екi. Әлиям ауқатқа раяңыз жоққа ухшайды…
– Бањардың лалалары ашылған уақтида, бұлбұл ауқатты ұмытар дер едi, мен њәм шул, анасы… њаят бањары – танња ғұмырнiң њаммасынан қызық болып кеттi.
Њаммаки тылсыми ойлап тұр замри,
Ашарда ел бiла мен достықтари (А. Нован).
Жұмбағын жер жүзiнiң ашқан күнде,
Iстемек менiң қолым елмен бiрге.

«Гәп шұнақа, анасы, дүниенiң жабық есiгiнiң бәрi ашылып, њамма халық еңбек еткен уақытта, мен њәм солармен бiрге жұмыс iстеймiн деп хазрети Қызир айтыпты. Сол Қызир – партия ағзалары болса керек. Бiрақ демалмасам, ауқат iшерлiк халiм болмай қалды. Кәтта шайнекпен битте чай келтiр…»
Бұл – Аxунбабаевтың көп қайталайтын өмiрiнiң бiр күнi. Шайын iше отырып, стол үстiнде жатқан газет, журналдарды да қарап шықты. «Қызыл Өзбекстан» газетiнiң бетiндегi колхоз өмiрiн оқып отырып, ойына көптен бармаған Ферғана аңғарының бiр түкпiрi түсiп кеттi, «Ә… ол кемпiрдiң баласы қайда болды екен?..». Ол үй Юлдаштың баспашылармен күресiп жүрген кезде жатқан жерi едi, таудың бiр жырасын мекендеген жесiр кемпiр болатын. Соның Мұталлаб деген сегiз жасар баласы бар едi, ойына түсiп отырған сол бала.
– Мейлi, ертең Ферғанаға барып, сол бишараларды да сұрастырып қояйын. Арбакештiк, жұмысшылық… жасымда көрген кедейлiк, өмiрде жақсылығын көрген өмiрiм аз емес. Теңiздей көмектерiне бiр-бiр тамшы жәрдемiм жетсе…» деп ойлады.
Ол ертелеп кеңсесiне барып, жолға машина әзiр-леттi. Бiрақ тағы бiр жәрдем ету килiгiп, түске шейiн бөгедi.
– Ранс әкә, сiзге кiруге бiр кiсi сұранып тұр, – дедi жәрдемшiсi.
– Кiргiзе ғой.
Өзi кигiзген биқасап шапанын киiп (оның өзi тозыңқырап та қалған едi), басына ақ қалпақ киiп Қажымұқан кiрiп келдi.
– Ассалаумаликум!
– О… Палуан баба, ар ма! Кәне, қайырлы қадам болсын!
– Юлдасжан, қайырымды өзiң ұйымдастырмасаң, қайыр менi iздеп баратын емес!..
– Не болып қалды?
– Қартайдым. Қартайғанда қатын алдым. Сақалым қауқайып, жастармен жұлқыласып жатудан ұялып, күрестi тастадым. Менiң бағатын малым, оратын егiнiм сол едi, онан айрылған соң, не болғаны өзiңе мәлiм.
– Құп. Аяғы түсiнiктi болды. Ескi заманның қарттары: «Жас әйел – тозған дененiң тыңайтқышы» дейдi екен, сiз де сөйтiп жас алдыңыз ба?
– Қыз емес, саудырап қалған кемпiр де емес, өзiмдi өлгенше күтуге жарайтын, отызға келген әйел. Мына сiздерге көршi Шәуiлдiр ауданында туыстарым бар. Соның бiрi өлiп, екi жас баламен қалған әйел едi, мұным. «Әрi қашқаным, әрi жарысқаным» деп, әрi қатын алғаным, әрi жетiм балаларды асырағаным. Бишара менi де құр қол қоймай, екiқабат. Ұл тапса Айдархан, қыз тапса Дариға қоям. Бұрынғы балаларымды шешесi өлген соң мемлекет асырап едi. Ендi кезбе жүрiстен құтылдым, өлгенiмше өзiм асыраймын. Жолдас, Юлдаш бауырым, құдай маған ерекше күш берiп, жарылқаймын деп азапқа салып қойды.
– Е, ол не дегенiңiз?
– Ол ма, оным – қырық кiсiнiң күшiн бергенде, қырық кiсiнiң асын iшетiн етiп жаратыпты. Несiбемдi жазғанда, жай кiсiлердiкiн жазбай, үнемi ет, қант-шай, кәмпит, тұқыл шарап жазып, оны жетерлiк етпептi. Күрестi қойған соң, атала қатықсыз көже сияқтылармен былықтырып жiберiптi. Киiм-кешек, көрпе-төсектi мүлде ойламапты. Тегi, жаратқан да мендей қартайған ба, қайдан бiлейiн, жарықтықты… Сенi мейiрiмдi, өкiмет бастығы еттi. Тағдырдың ағаттығын жөндеп бер. Өзiңнен шыққан соң Қазақстан өкiметiне де барам. Бiр құдайдың ұмыт қалдырған несiбемдi екi елдiң өкiметi түзеуге құдiреттерi келер деп ойладым.
Ахунбабаев қарқылдап күлдi… Күле отырып, бөлiм бастықтарын жинап алды. Палуанның сөзiн айтып, оларды да күлдiрiп, бес мың сом ақша бөлiп, оны заттай берудi тапсырды. Кереует, көрпе, жастық, үй iшiнiң киiм-кешегiн түгелдеп, Юлдаштың өз қолынан екi мың сом ақша алып:
– Бұл таусылып қалса, қайтып келейiн бе? – дедi.
– Күнi-түнi келсеңiз де бұл есiк сiз үшiн ашық, палуан баба.
Қажымұқан үлкен тай жүк алып, Ақтөбе колхозына келдi. Әйелi ұл туып, атын Айдархан қойды. Ол бала елу бесiншi жылы он алтыда. Оны тапқан Мiнәйiм жеңгей. Баланың тұлғасы бiраз әкесiне ұқсап, түрi мен мiнезi ұқсаңқырамайды.
Мiнәйiм жеңгей онымен қоймай, бiраз жыл кейiн, екiншi Қажымұқанды туды, оның аты Жанәбiл… Ол елу бесiншi жылы жетi жаста болатын.

Отан соғысының бiр күнi

Айдың аяқталған кезi. Түн тастай қараңғы. Бейбiт-шiлiк жағдайда, ерте жататын қарттар мен балалардың ұйықтайтын да мезгiлi әлдеқашан болған. Бұл түнде сол ерте жататын қарттар мен балалар егiс даласынан ендi қайтып келедi. Мұндай түндерде шамдарын маздата жағып, қаймақты сүтпен қою құйып шай iше отырып, ертегi айтатын қарт аналар, қалың төсектi көптен жиыс-тырған болатын. Елең-алаңнан кетiп, қысқа түннiң ортасында келетiн. Бестi дөненiн бөлген жылқыдай, сұйылып қалған үй iшiнiң жұмыстан қайтқан жандарына ас әзiрлесiп отыратын олар.
Мезгiлiнде мамасын ембесе жылайтын балаларға да сабырлылық, пайда болған. Қарт аналардың қасықпен ұрттатқан сүттерiн қылқ-қылқ жұтысып, қолына ұстат-қан тоқашын қажап, былдырлап бiрдемелер айтып, кейбiр кемпiрдi көшпелi бұлттың арасынан түскен күндей жадыратып, кейбiреуiн: – Ой, жасаған-ай… елге түскен ауырлықты қызыл шақа балапандай бұл да бiледi! Ағасының үйде жоғын, жеңешесiнiң жұмыста екенiн сезгендей, ың деп жылауды бiлмейдiк – деп, ала бұлттың төкпе нөсерiндей көзiн сығып алды. Үй арасында әке-шешесiнiң бiрi арқаламаса, жылап тұрып алатын ерке балалар, ендi сол түн күзетке кемпiрлердiң жүгiрткен көмекшiсi болып алған.
– Жұматай, Құндыз шешеңнiң шелегiн сұрап әкеле ғой, су әкелiп алайын.
– Балапан, ит үредi, далаға шығып қарашы, атаң мен жеңешең келе ме… – десе, құлындай құйындатып, шапқылап кетедi.
Шыңдаған темiрдей қатып алған еңбек адамдары, селеу сақалды қарты, буыны қатпаған жас баласы, «әйел мен еркек тең бола ма… шаршадық» дейтiн әйелдер, үйге келгенде шаршағандық сезiм бiлдiретiн «уњ» – деген дыбыс шығаруды ұмытып кеткендей, аяқтарын ширақ басып, үндерiн көтерiңкi шығара келедi. Табалдырықтан аттай, айтылатын сөз:
– Асыңды бер. Күртешемдi жая сал, терлеп малшынып, денемдi мұздатып кеттi.
Бұл – Отан соғысы күндерiнiң үзiндiлерi.
Осындай күннiң бiрiнде бесiншi кластың оқушысы Есалы жұмыстан күндегiсiнен ерте қайтып, сүт қатқан кеспе көжесiн дайындап отырған Жаңылға қуана келiп, мойнын құшақтай отырып, бүгiн iстеген жұмысын айтты:
– Апа, мен бүгiн ертеден кешке шейiн палуан атамның қасында жұмыс iстедiм. Ол менi өзi тандап алды. Бригадир атама айыр тауып бере алмаған соң, ол арық жағасындағы қураған талдың, жуандығы менiң балтырымдай бiреуiн жұлып алды да, бұтақтарын балтамен кестiрiп, айыр жасады. Оны атамның қасына Тiлеу екеумiз көтерiп апардық. Оған басқарма:
– Сiз несiне келдiңiз? – деп едi, ол қырын қарап, жерге бiр түкiрдi де:
– Үйдегi жататын жерiмнен су шығып кеттi. Ендi соғыс бiткенше, балалар үйге келгенше мен егiс даласында болам. Онан да маған беретiн жұмысыңды айт, – дедi.
– Қырманда болыңыз, – дедi басқарма.
– Онда не iстеймiн? Жұмыс жоқ қой?!
– Комбайнға бөлген төрт-бес қарт отыр. Түске шейiн бау тасылып, жұмыс болады. Жетпiстен асқан сiзге түстен кейiнгi жұмыс та жетедi.
Атам қабағын түйдi де, ағаш айырының үстiне отырған басқарманы айырмен көтерiп тастап:
– Мен саған базарға салған аттай, тiсiмдi қаратып, жасымды санатқызғалы келгенiм жоқ! Маған екi пар өгiз арба, қасыма Есалы мен Тiлеудi бер, бұлар айырдан қалған бидайды жинап отырсын. Түске шейiн қырманды толтырып алсақ, түстен кейiн қырманды аудартасың ба, комбайныңды сүйретесiң бе, ықтияр өзiңде… – дедi де, Тiлеу екеумiздi ертiп, аңызға қарай жүре бердi. Басқарма қайтып үндеген жоқ, бригадирге:
– Мына кiсiнiң арбакештерiн бер де, сусынын мол қылып қасына жеткiзiп берiп отыр, – деп басқа жұмысына кетiп қалды.
– Апа, деймiн… атамның ағаштан сындырып алған айырының тармағы уықтың ұзындығындай! Өзге адамның үш-төртеуi бөлiнiп көтеретiн шөмелесiнiң екеу-үшеуiн түйреп, арбаға бiр-ақ салады. Оның орнын тазалауға он бала тырма ұстадық. Арба тиейтiн әйелдердiң бәрiн босатып, ораққа жiбердi де, бiр бригаданың арбасын өзi тиедi. Күн батқанша қырман тау болып үйiлдi. Күн бата орылған бидай қалмай, табелшi атама отыз еңбек, бiзге бес еңбектен жазды…
– Үйiне сенiмен бiрге келдi ме?
– Жоқ, апа, қырмандағы бидайды комбайнға бер-гелi қалып қойды.
– Жарықтық-ай, өзi де шаршаған шығар?..
– Шаршаған жоқ, апа. Қырманға келе жатқанда жолда көпiрге дөңгелегi кiрiп кеткен арбаны бiр қолымен көтерiп шығарып жiбердi.
– Неше мес қымыз iштi екен, жарықтық?..
– Менiң iшкенiмдi де iшкен жоқ, апа… Түсте үлкен кесе көже мен бiр күлше нан жедi. Қырманға келген соң, бiр кесе суық шай iштi.
– Ендi қарт адамға, қырмандағылар қайт деп айтпады ма?
– Айтты, апа.
– Нар жолында жүк қалмайды! Мына бидайды шошайтып қойып үйге несiне барам? Аша ағашыммен комбайнның көмейiне тығып жiберейiн, – дедi.
– Онда, бiр күнгi көмегiнде керемет күшiн көрсе-тейiн деген ғой атаң.
– Апа, олай емес. Атам ертең де барады, егiс бiт-кенше iстеймiн деп отыр. Маған:
– Балам, ертең де менiмен боласың. Ертең екiншi бригадада жұмыс iстеймiз, – дейдi.,.
Сөйтiп, Шiлiктiң шыжыған ыстық күнiнде колхозда он бес күн жұмыс iстеп, үш жүзден аса еңбеккүн тауып, колхоз үйiне әкелiп берген екi арба астықты үйiне түсiрмей, үй жанындағы жолдың жағасына түсiрiп, темiр жол станциясына кетiп бара жатқан машинаны тоқтатып, толтыра тiккен жүн қаптарды қарбызша лақтырып салды да:
– Элеватордың бастығына айт: «Гитлер-фашистермен күресiп жатқан балаларыма адал еңбегiммен тап-қан бiр күлше нандай сәлемдемем – осы машинаңа сал-ған бидайды тез жеткiзсiн! Қабының сыртына: «Қарт палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтан» деп жазсын. Талай алып палуанның тәкаппар жаурынына жер иiскет-кен кәрi күш. Отанымыздың қасиеттi топырағын жаудың лас аяғынан тазартқанша еңбек майданында iстей тұрады…» Қозым, шофер, қанды майдандағы қањарман өрендерiме солай жазыңдар!
Алғашқы еңбегiне деп берген үлесiн маңдан қорына жiберiп, палуан колхозға көмегiн үдете түстi. Үйiлген бау, үлкен шөмелелердi мықшыңдап көтере алмай жат-қан жастардың қасына келiп:
– Балам, былай тұр, – деп, салалы айырмен бiр көтерiп тастап, қыртыстанған кең маңдайынан шыққан тердi саусағымен сыпырып тұрғанын көрiп, аяғандар:
– Денесiне құйылған қорғасындай бiткен күштi неге жұмсаса да бәрiбiр екен ғой. Мен осы кiсiнi: «Өзiнiң үйренген күресiнен басқа, қара жұмысқа ыңғайсыз шығар» – деушi едiм. Мына түрiмен қай жұмыс болса да шақ келтiретiн емес, – дейдi жанында жұмыс iстеп жүрген бiреу.
– Е, солай екен. Мен бiрер күннен кейiн бұрлыққан бурадай шөгетiн-ақ шығар деп едiм, бой беретiн емес, қайнатқан құрыштай, шынығып барады, – дейдi екiншi бiреу, ұстаған құралының сабына сүйенiп, ұзағырақтан қарап:
– Тап осындай он адамы болса, он машина, он тракторы болса, өзгенi керек қылмай-ақ, бiр колхоздың жұмысы өзiнен-өзi-ақ жүрiп жатар едi, – дейдi тағы бiреу.
– Атам келiп, ауыр жұмыстан мойнымыз бiр босады, көп жасағыр! Iстей тұрса жақсы болар едi… Қайдам, темiр, тасын арқалап тағы бiр күнi бiр жаққа кетiп қала ма?.. – десiп, әйелдер әңгiме етедi. Ұзамай солардың айтқаны келдi. Палуан атасы темiр, тасын арбаға артып кетiп қалуға ыңғайы келiп-ақ қалды.
Майданда бiр қол, бiр аяғын майыстырып алған Жақып ауылға келдi де, екi балдақ, бiр таяғын саптап, орден, медальға омырауын толтыра салдыратып, палуан атаға сәлем беруге барды.
– Ассалаумалайкум! – дедi жауынгер, оң қолындағы таяқты сол қолымен топшысына сүйей, балдақты талтита, бойын төмендетiп, қолын созып.
– Сау бол, шырағым! – дедi палуан, ауыр денесi отырған жерiнен серiппедей көтерiлiп, созған қолын жоғары көтере, балдақ-малдағымен қыса құшақтап, маңдайынан шолп еткiзiп сүйiп, төр алдындағы төсекке отырғызды.
– Омырауыңдағы жалтырауықтар жаңқа да болса бiрдеңе сындырғандарға берiлетiнiн бiлем. Маған ендi жаудың жеңiлгенiн айт, – дедi, амандықтың көпшiлiкке ортақ әдетiн айтып болған соң.
– Айтайын, ата. Баса бiлген жау қаша бiледi екен, ата, Әрине, олар ысыра салатын ағаш емес, зеңбiректiң тұмсығы танауын қажаған соң шегiнiп барады. Катюша да бетiн аз шымшыған жоқ. Автоматты қойшы, жеткен жердегi табан аттың сирағын тiлгiлейтiн шыбырт-қы ғой ол… Көбiрек керегi танк пен самолет. Ол екеуi көп болса тазылы бүркiттей, бiрi жерден, бiрi көктен, қашқан жаудың тақымын кергiзiп, сiңiрiн созғызады-ақ…
– Дұрыс айтасың, балам, қашқан қасқырды қалыңға мойын бұрғызбау үшiн бүркiт керек. Соны көбейтудi ел де көп ойлайтын болды. Соның бiреуiн мен ұшырсам деп ойлап жүрмiн.
– Оныңызға тiлектеспiн, бiрақ ауырлау ғой сiзге.
– Батырым-ау, қанша ауыр болса да оны мен көтер-меймiн, құрыш қанатымен өзi ұшып кетедi… Ақшасы қанша тұрар екен?
– Ауыр деп отырғаным сонысы ғой. Бiр самолет жүз мың сомсыз соғыла қоймас.
Палуан сол қолын жоғары жазып жiберiп, көтерiп, тоқпақтай түйiлген бұлшық етiн жоғарылы-төмен ойнатып, оң қолымен шеңгелдей тұрып:
– Осы бiр түйiншектерде жүз мың сом қалай қалмады екен? Әлi салмақты жатыр! Тегi, бiр шын тебiренсе – екi жүз мың жатқан сияқты өзiнде. Миллиондар жиналатын сарқылмас кен – халыққа барайын.
Сол күннiң ертеңiнде Есалыны ертiп, үлкен боз атқа арба жегiп, темiр, тасын артып, Шәуiлдiрге қарай бiр-ақ тартты.

Қазықұрттың баурайында

Үлкен боз атқа жегiлген жеңiл арба Қазықұрт та-уының батыс жақ бөктерiмен Шымкент–Ташкент арасындағы тас жолға қарай ойысып келе жатты. Атты айдап келе жатқан он үш-он төрттегi жас бала. Арбаның дәл ортасына малдасын құра отырған алып бейнелi, айбары зор, келбетi кесек жатқан бiр адам. Арба жеңiл де болса елу пұт жүкке мыңқ етпейтiн мықты едi. Осының үстiнде көлемдi жүк болмаса да, салмағы жағынан едәуiр болатын. Ат айдаушы бала мен ұсақ-түйек темiрдi есептемегенде, алып бейнелi кiсi бiр жүз жиырма екi килограмм тартады, қысқалау сабы бар балға он алты килограмм, арбадан тұмсығы шығып келе жатқан рельс екi жүз сексен сегiз килограмм, әрқайсысы он килограмм келетiн бiр буда шыбық темiрлер де бар. Олар да соның үстiнде. Шынжырын, тақтайын, тағы-тағыларын қосқанда, үстiндегi екi адамнан басқа, жарты тоннадан асатын салмақ едi. Қос аттың жүгiн тартатын боз ат болмаса, жай атқа бұл жүктi сүйреп жүру қиын да едi.
Боз аттың бұл жүктi дамылсыз сүйрегенiне ай жарымнан аса уақыт өттi. Шыжыған шiлденiң аяғын ала Шымкенттен шығып едi де, Шәуiлдiр, Шаянды, Арыс, Бадамды, Мақтарал, Кировты, Сарыағаш, Келестi,
Бостандық, Қаратасты аралап, Қазықұрт колхозына қонып, Шарапханаға ат шалдырып алып, Шымкентке қайта оралайын деген бетi осы болатын.
– Жолдың айрылатын жерiне жақындадық, ата. Шарапханаға соғамыз ба? – дедi бала.
Үлкен кiсi жамбасыңдағы кенеп қаптың бұрышын бармағымен мыжғылап қойып:
– Балам, мына бiр шөбi бар төмпешiкке бұрылшы! Атты шалдырып, қапшықтағыны санап көрейiк. Мөл-шерге келсе, Шымкентке тiке-ақ тартып кетермiз.
Бала айтқан жерiне бұрылып, атын доғарды. Үлкен кiсi арбадан қапшықты алды да, брезент шекпенiн төмпешiктiң үстiне жайды. Қапшықтың аузын шешiп, түбiн сiлкiп жiбердi. Жабағы жүндей түйдектелген қағаз ақша шекпеннiң үстiне төбе болып үйiлдi.
– Әй, балам, мынау ақшаның жүз сомдығын бiр бөлек, елу сомдығын бiр бөлек, ұсақтарын өз алдына шығара бер. Мен санап буа берейiн.
Ақшаның көпшiлiгi жүз сомдық едi, ұзақ отырып санап, он мың сомнан буа бердi. Буманың он бiр бөлiгiн қапқа салғанда бес мың сомдай ұсақ ақша қалды.
– Балам, осыны орамалыңа түйiп, шешеңе апарып бер. Iнiлерiңнiң керегiне жаратсын. Ал, балам, ендi сен жазуды жақсы жазасың ба?
– Жазамын, ата.
– Қалам, қағазың бар ма?
– Бар.
– Қағаз, қаламыңды ал да, мен айта берейiн, сен жаза бер.
– «Отан қорғау комиссарына! Қазақ халқының жетпiс бес жастағы палуаны: Қажымұқан Мұңайтпас ұлынан туысқандық және жолдастық тiлек. Қаныпезер қара ниеттi жаудың елiмiзге тиiп гүлденген еңбе-гiмiздiң тыныштығын кетiргенiне үш жыл толып, төртiншi жылға айналып барады. Қанды майдандағы қањарлы үндi күн сайын есiтемiн. Қанды не үшiн төгетiнiмiз де түсiнiктi. Қазақ халқының ерiктi ел болуына көмектескен орыс халқы өрттiң жалынына түстi. Украиналық жан қиысқан досым Поддубныйдың елi де жау тебiнiнде жатыр. Ұлы елдiң жау қолына беретiн бөгесiнi болмаса, ол өрттi бiз де әлдеқашан көрген болар едiк! Ұл-қызымның үздiксiз еңбегiн көрiп отырып, мен де жай отыра алмадым. Жетпiс бес жасымда айыр ұстап, шөмеле көтерiп, қырман басқаным олқы көмектей көрiндi.
Менде басы артық мал, құнды көлiк өмiрi болып көрген жоқ. Қандай бағалы қазына болса да бағынатын күш болды. Соның арқасында – «Әлемнiң палуаны!» деген ат алдым. Менiң сарқылмас қазынам – халық. Суалған көлдiң жалтырындай күшiмнiң сар-қындысын көрсетiп, жүз мың сом ақша жинадым. Самолетпен келген жау самолетпен жойылсын! Қартай-ғанда жалаңаш кеудеме тас сындыртып, иығыммен рельс иiп, тiсiммен жүктi арба сүйреп, қыртыстанған шекемнен ащы тер шығарып тапқан қаржыма бiр самолет соқтыр. Отан соғысының ер жүрек армиясына мiнгiзген атым болсын!
Тiлегiмдi қабыл ет! Көп жаса, коммунист партиясы!».
Осы хатты жаздырып, қайталап оқытып, төс қалтасына салды да:
– Балам, атыңды жек. Шымкентке тiке тарт. Бұл ақшаны банкiге өткiзейiн, – дедi.

Қайғысы мен қуанышы

Алматының ат шабатын алаңы көгорай шалғынға мейлiнше бөленген кезi едi. Мұнда шалғынды жапыра жағалай тiккен аппақ жұмырткадай киiз үйлер. Есiлден, Нұрадан, Тобылдан, Ертiстен, Жетiсудан, Сырдан, Жа-йықтан, Жемнен, Сарысудан, Талас бойынан келген қазақтар мен Москвадан, Ленинградтан, Фрунзеден, Ташкенттен келген қонақтар араласып, алаң лық толулы. Колхоз, совхоздардан жиналған бәйгенiң сәйгүлiк-терi құлақ қайшыласып, жер тарпып, кермеде байлаулы тұр. Қала мен атшабардың алты километрлiк арасы тiзбектеле жүйткiген машиналар будақталған шаңды көкке көтерiп бара жатыр. Алып даланың атақты ғалымы, аты мәлiм жазушысы, ел сүйiнген еңбек ерлерi, алтын жұлдызды батырлары, жан азығы әншi-өлең-шiлерi осы жиынға түгел келген. Ағаш сайын iлiнген радио көмейлерi ән-күймен Алатаудың аңғарын жаң-ғыртып тұр. Бұл – Ұлы Отан соғысының өртi сөнер кезiнде болып жатқан Абайдың жүз жылдық тойы едi. Осы тойдың ойыны өтiп жатқан алаңның ортасында астына ақ киiз төсеп, күрестiң төрешiсi Қажымұқан отыр.
Жанына топталған жауырындары қақпақтай сом денелi палуандар. Әкесiнiң алдында әдеп сақтаған баладай, қолдарын уқаласып, үнсiз тұр. Алып кеудесiн кере түсiп, палуандарға көзiн сығырайта қарап:
– Әй, шеткi тұрған, балам атың кiм? – дедi.
– Орынбет, Қажеке…
– Орынбет, оң жағыма кел.
– Кеуделi жiгiтiм, сенiң атың кiм?
– Төлеп, Қажеке…
– Сол жағыма шық.
– Жоталарың шамалас, күштерiң де тең болар, жақындаңдар маған. Күрес – төбелес емес! Қабақтарыңды жадыратыңдар. Мә, труси, майка. Өзiмiздiң үйге барып, киiмдерiңдi шешiп, осыны киiп, белдерiңдi байлап келiңдер.
– Әй, екi бала, анау бүктеулi тұрған үлкен кiлемдi көтерiп келiп, ортаға жайыңдар.
– Ақсақал-ау, қазақша күрескен соң, көгалға күресе бермей ме?..
– Бұл топыраққа аунасатын топас байдың тойы емес; мәдениеттiң атасы – Абайдың тойы! Үлкен кiсiнiң сөзiн қайыру ұят болады, барыңдар!
Кiлем жайылып, палуандар күрес киiмiн киiп келiс-тi. Палуандардың атасы орнынан тұрып, екеуiнiң та-ранған құстай бойларына қарап:
– Сен белбеуiңдi босатыңқыра. Күрестерiңде тiзе, тобықты қағысу болады да, аяқты шалысу болмайды. Мен көрмеген күрес жоқ. Белдi қатты байлау – «ұстаған қол еркiн ұстай алмасын» дегендiк. Күштi қол ұстаса қабырғаңды бiрден сындырады, сондықтан еркiн ұстайтын болсын. Мiне, ендi дұрыс болды.
– Сенiкi тым бос. Көтергенде сырылып кетсiн, дейсiң. Күштi қолдан түсiп кететiн сынап емессiң! Босат! Ал екеуiң қол алысыңдар. Бәрекелдi…
– Айдархан, ағаларыңның күресiне қарап тұр, қазақ күрес деген осы.
Мiнәйiм, Айдарханын ерте келiп, Абай тойында бас бәйгенi алып қайтқан палуан, аулына барған соң, мектептiң спорт ойынында жетi жасар Айдарханы түйiс ойынында он төрт жасар баланы жеңiп шығып, үлкен той жасады. Сол тойдың артынан, көшпелi бұлттай бiр кесек қайғы да тап болды.
Құйрық, жалы төгiлген, жалпақ торы атқа мiнген почтальон палуанның үйiне түсе қалып, сәлемiн берiп, тiзесiн бүктi де, кең дорбасына қол салып жiберiп, сүргiштеген хатты алып бердi. Палуан ашқысы келмегендей, қолына бiраз ұстай отырып:
– Есбол, ей Есбол, мына хатты оқып жiбершi. Минскiден келiптi, кiм жазды екен? – дедi.
Бала отыра қалып оқи бастады.
– «Құрметтi Мұңайтпасов Қажымұқан! Сiздiң Отан сүйген таза жүрегiңiздi толқынтқандай бiр хабар жiбе-руге тура келдi. Отан үшiн күресте мұнан да үлкен қайғыны жасырғанымыз жоқ. Сiздiң жетпiске келген алып тұлғаңызды ауырлатқымыз келмесе де, амалсыздан айтамыз.
Сiздiң ұлыңыз – Мұңайтпасов Хайболла Қажымұқанович бiз тұрған Н. қаласын власовшыл бандиттерден қорғаушылардың бiрi едi. Ол Отанына шын берiлген адал жүректi азамат едi, қайтпайтын өжет батыр едi. Өз мiндетiн атқара жүрiп, жау тобымен шайқаста, үлкен ерлiкпен қаза тапқан көшесiнiң атын Мұңайтпасов қойдық. Сiздiң тәрбиелеп өсiрген ұлыңыз – Белорус халқының ортақ ұлы – қайғыңызға ортақтаспыз. Қуанышты күнге жетуiңiзге тiлектеспiз!
Қызыл Армия бөлiмiнiң штабы…»
Палуан ешбiр кимылсыз ұзақ отырды. «Бауырымдаған» бiреулердi қолымен түртiп, үн шығартпады. Жанында жатқан үлкен орамалын алып, меруерт тасындай домаланған көз жасын сүрттi де: «Өлмейтiн бiр жан жақ, керегiнде өле де бiлу керек! Орынды өлiм өмiрдiң есiгiн ашады. Қозым, саған рақмет! Жатқан жерiң тор-қа болсын, аяулым…», – деп басын тiк көтердi.
«Ертеңiне, бұрынғы әдетiмен Айдарханын ертiп далаға шығып, жас балаларды жанына шақырып алып, ауыр темiр көтертiп, бiр-бiрiмен күрестiрiп, спорт өне-рiн үйретiп жатты. Сол сағатында Қажекеңе тағы бiр қуаныш хабар келiп жеттi.
– Палуан ата, сiз соқтырған самолеттiң ұшқышы келе жатыр деп, ауданнан көп адам Темiр станциясына жиналып жатыр. Солар сiзге жiбердi менi… – деп бала жiгiт қолын қусырып, басын идi.
Палуан станцияға барғанда күткен поездың келуiне әлi он минут уақыт бар едi. Аудан басшылары, әлденеше колхоздан келген колхозшылар, темiр жолдың жұмысшылары, мектеп оқушылары өздерiнiң құрметтi палуанын машинадан көтерiп алды да, соның маңайына шоғырланып тұра қалысты.
Темiр станциясына жүйткiген поезд да келiп жеттi. Теңiздей толқыған жұрт та көк вагондарға қарай ойыса бердi. Вагонның бiрiнен қара торы жас жiгiт шығып келедi. Оның үстiнде ұшқыштар формасы. Жұрттың алдында тұрған палуанның созылған күштi қолы вагонның тепкiшегiн бастырмай әлгi көрiнген ұшқыш жiгiттi тiк көтерiп алды. Көктегi дауылдың бұлтындай ұйтқыған майданда жауға Қап тауындай салмақты көрiнген қара сұр жiгiт, бұл созылған қолда бесiк баласындай болып жеңiлейiп кеттi.
– О, елiмнiң айбары, көктiң қыраны, ұшқыш ұлым, сенi де көрдiм мен.
Поездан түскен жауынгер төмендегi тапсырманы оқыды.
– «Лейтенант – Қажытай Шалабаев, елге қайтып Қазақстанға бар. Даланың алып палуаны, құрметтi атамыз Қажымұқан Мұңайтпасовқа сәлем бер! Жауыз дүниенiң жазалаушысы, езiлген елдiң қорғаушысы Совет Армиясынан жалынды сәлем жеткiз! Адамшылық өмiрдi терең түсiнген, адал жүректi мыңдаған ұл-қызын өсiрген қазақ халқына, Қажымұқан сынды палуанға алғысымызды жеткiз! Ел басына түскен ауыр күнде көмекке берген құрыш қанаты, аспан әлемiнiң жой-
қын арпалысына он сегiз рет қатынасқанын айт. – Жауыз фашистi жайрат! – деп едi, ол бұйрығы орындалды. Оның адал еңбегiнен құралған қаржыға соғылған самолет Аманкелдi батырдың атындағы авиация шоғырында аман-есен тұрғанын айт. Халықтың қањарынан туған бұл болат сұңқар, барлық әлемде бейбiтшiлiк орнағанша аслан күзетiнде дайын тұрады. Қанаттарына кiр жұқпайды. Өзi берген болат сұңқардың күтушiсi де, ұшқышы да өзiң екенiн баянда! Қамқор қартымызға, аяулы атамызға Аманкелдi атындағы авиация тобынан жалынды сәлем!»

Ұзақ сапарға

«Ақтөбе» колхозының шығыс-түстiк бетiн ала дүңкиген үлкен төбе тұр, оны ел: «Бұзық» деп атайды. Ол сол манайдағы Ақ төбе, Қоңыр төбе, Қарауыл төбе, Қызыл төбелердiң қоразы сияқты айрықша болып көрiнедi. Бұзықтың айналасында көп жерге шейiн пiлдiң қабырғасындай сай-сай болып, жүзiм егiстiгiнiң орны жатыр. Кәрi құлақ қарттардың аңызына қарағанда бұл аймақты бiр кезде «Мейiз қаласы» деп атапты. Колхоз ұйымдасып, Ақ төбе арығы қазылғанда, жер астынан iшiне алты пұт тары сыятын екi көзе шығыпты. Оны жұрт – бiр кезде шарап ашытқан әлдекiмнiң ыдысы болар десiптi. Бiрнеше жүз жылдар бұрын бұл ара бау-бақшалы көркем қала болған екен деседi. Сол қаланың шетiн ала Бөген өзенiнiң жиегiнен салынған қорған бұзылып, «Бұзық» атаныпты. Соның ұшар басына шығып, әр кез отырып келетiн палуан бүгiн тағы сол шоқыға шығып отыр. «Ауылға келiп ойыныңызды бiр көрсетiңiзшi. Сiздiң дидарыңызды көруге ынтық болатын да күн болар!» деген жерге кейiнгi кезде бармады. Айдарханға денең қатаяды деп, тұзды май жегiзiп, спорт ойынын үйретiп отыратын едi, онысын да қойды. Осы төбенiң басында да көңiлсiз отыратын. Немересi – Абдоллаұлы Шабданға:
– Сонау қарауытып көрiнген қырқа, бабам Қобыланды айтқан:
Қараспан тауын жайлаған,
Қалың қыпшақ елiмде, –
деген жерi… мына, «Бұзық» бiр кездерде әлденеше қабат тұрғын үй едi, бұл да құлап төбе болды. Бабаң – мен, жер жүзiн аралаған қазақтың Қажымұқаны едiм, мен құлап төбешiк боламын. Сонда бұл жердiң тарихын айтатын да кiсi табылмас саған. Сондықтан менiң айтқандарымды зердеңе тоқып ал! Күндердiң күнiнде «қайран атам айтып едi» деп жүрерсiң. Мен өзiмнiң адамгершiлiк мiндетiмдi де, әкелiк мiндетiмдi де атқардым. Сен де ер жеткенiңде тек адам ғана болмай, халыққа пайда келтiретiн даңқты адам болуды ойлан, шырағым! Жүр, балам, кетейiк, – деп үйiне келдi.
Үш-төрт жастықты үйе жастанып, кеудесiн көтерiп жатып ұйықтайтын палуан, күн батып бара жатқанда ұйқысырап:
– Уа, Қадиша, қолыңды бершi! Бер қолыңды!.. – деп оянды.
Кешкi малдың жайғастыруында жүрген әйелi оның не деп сөйлегенiне елең еткен жоқ. Ол басын көтердi де, айнала қарап алып:
– Шабдан, боз атты алып кел, арбаға жек, – дедi.
Бабасының бұйрығына тiл қайтармайтын немересi жоңышқалыққа тұсап қойған атты алып келiп, арбасына жектi. Күн бата туатын ай арқан бойы көтерiлiп те қалған едi. Өзi жолға киетiн киiмiн киiп:
– Мiнәйiм, уа, Мiнәй… Көрпе-төсегiңдi арбаға сал, Есбол, Есалы, Айдархан төртеуiң арбаға мiн…
– Жетi түнде қайда барамыз, палуан?
– Оны неғыласың сұрап? Мен шығатын қақпаға жақындайық. Алдында Қараспанға барамын дегенiн естiп жүрген Мiнәйiм абыржып жүрiп, үй iшiн арбаға тиеп, балаларын мiнгiздi.
– Шабдан, сен малдарды айдап Темiрланға жеткiз, бiз бара берейiк, – дедi де кетiп қалды. Оның Ақтөбеден көшiп кеткенiн көршiлерiнiң көбiсi бiлмей де қалды. Жақын тумасы Мәмiш келiп:
– Палуан-ау, түн iшiнде мұның не? – дегенде:
– Ұзақ сапардың адамы күн-түн демей, жететiн жерiне осылай жылжи бередi. Менi iздесеңдер Темiр-ландағы Ленин колхозына келiңдер! – деп, «шүу!» дедi де, жүрiп кеттi.
* * *
Түнгi салқында ұта жүрiп, күн көтерiле Арыс–Түр-кiстан каналының тоғаны басталатын жердегi «Күн-төбе» колхозына келдi. Ауылдың балалары:
– Палуан атам келдi, – десiп қаптай жүгiрдi.
– Палуан, сапар қайырлы болсын! – десiп, үлкен кiсiлер де айналасына тола бастады. – Жартылай көшiп, қалай келе жатқаныңыз, бұл?
– Тiптi, түгел келе жатырмын.
Сол ауылда жүрген Арыс ауданының басшы қыз-меткерiнiң бiрi кездесiп, көпшiлiк қоршалап тұрған палуанға сәлем бердi.
– Жақсы кездестiң, қарағым. Темiрланға барған соң, атымды тынықтырып алып, барамын ғой деп келе жатыр едiм. Баруын барам, айтарымды әзiр-ақ есiңе салайын. Арқада, Есiл жағасында туып едiм, Сырда Арыс жағасында өлем. Жөргекке ораған жер мен кебiнге оралған жерiмнiң арасы алыс болды, өкiнбеймiн. Қазақ даласының алысы жоқ.
Бiздiң ауыл Арыста,
Есебi жоқ алыста.
Тұлпар болсаң, Тайбурыл,
Барыңды бүгiн қарышта!.. –
деп бабамның қоныс еткен жерi… Жұрттың жүрегiндей менде де бiр жүрек болды, менiкi екеу болмады деп оған да өкiнбеймiн. Жалпы жүректiң жалғыз ғана ойлағаны болды. Ол – халық. Халықтан зәредей көңiлiме қаяу түскен уақытым болған жоқ, қандай тiлегiм болса да халық орындады. Өмiрiмде елдiң дүбiрiн есiтпеген күнiмдi күн деп санамаған едiм. Өлген соң да жүрген аяқтың дүбiрi естiлiп тұратын даңғыл жолдың жағасында болса екен мекенiм деп едiм, келешек өмiрде ұрпақтарымның құжынап көп жиналатын жерi, Арыс–Түркiстан каналының сағасына келе жатырмын.
Аудан басшылары Ленин атындағы колхоздың орталығынан бау-бақшалы төрт бөлмелi үй салып, iшiне кiргiздi де, жазда өзен жағасына тiгiп отыратын киiз үй көтерiп бердi.
– Ал, ақсақал, үйiңiзге кiрiңiз. Өмiрде керегiңiз орындалды. Жетпiс бес жыл бойы шыныққан денеңiз, ауру-сырқаудан аман келген денсаулығыңыз осы қа-лыпта болса, ендi бiр он-он бес жылсыз ажалға өзiңiз де мойынсұна қоймассыз, – дедi.
Ленин атындағы колхоздың колхозшылары палуанның келуiне ерулiгi деп үлкен той жасады.
Жаңа қонысы қайырлы болып, қырық сегiзiншi жылдың ортасында Мiнәйiм ұл туды. Қарт кенжесiне үлкен той жасады. Түрi – Қажымұқаннан айнымайды, сойып қаптап қойғандай. Бала қырқынан шығып, буыны бекiне бастағанда, қауын пiсiп, оңтүстiктiң көңiлдi күндерi келдi. Жас нәрестенiң атын – Жанәбiл қойған.
– Палуан – Айдарханға ұйқастырып Әзiмхан қоя-лық та, дегендерге:
– Жоқ! Жанәбiл – Әзiрет Әлiмен алысқан менiң бабаларым қыпшақтар болған. Той төбеде майдандасқан қорғанының орны төбе болып жатыр. Соның атын қоям.
Өзен жағасындағы көгалға тiккен киiз үйде қымыз iшiп болған палуан:
– Айдархан мектебiне кеттi ме? – дедi.
– Оқу әлi басталған жоқ, мақтаның алғашқы ашыл-ғандарын теремiз деп кеттi, оны неге сұрадың?
– Жай, Жанәбiлдi емiзiп болсаң, маған бершi.
Баланы қолына ұстап, көзiн сығырайта қарап, бiраз отырды да, сәбидiң төбесiн құшырлана иiскедi.
– Менiң күшiм осында болады, iсiм бола ма, жоқ па, онысын өзi бiледi… Мә!..
Үйден шығып, арбаға жеттi де, қолын божыға қарай соза берiп:
– Ох! – дедi. Жанындағы баласы қолтығынан сүйегенше, ауыр дене жерге шөгiп, ұзақ сапарға аттанып та кеттi.

1951–1956, Алматы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *