Мықын ішектің химостазы

Мықын ішектің химостазында шаншу жайлап басталады, бастапқыда мал мезгіл-мезгіл жеңіл мазасызданады, сол жақ аш бүйіріне қарайды, жиі несеп бөлу кейпінде болғанымен, несеп бөлмейді. Соңынан үзбей мазасызданады, ауру мал тыпыршиды, аяғымен жер тепкілеп, қазады, жиі жатады және тез тұрады, көздің склерасы (қасаң қабығы) мен кілегей қабықтар сарғаяды. Ауру ұзақ мерзімде өткенде аш ішектер мен асқазан газдар мен сұйыққа толады, ауру асқынып асқазанның туындаған созылуы пайда болады. Аш және тоқ ішектердің перистальтикасы бәсеңдейді, дефекация сирек. Улану дамыған кезде малдың жалпы жағдайы нашарлайды, тынысы жиілеп, тамыр соғуы минутына 70-90 соғады, жиі аритмия байқалады. Тік ішек арқылы зерттегенде мықын ішектің артқы тұзағына қатты жын толғанын анықтайды.

Бүйен ішектің копростазыңда малда жеңіл мазасызданудан басталып, азыққа тәбеті нашарлайды, іші бітеледі немесе мал өте баяу жүреді, ішіне қарайды, керіледі, мақсатсыз жүре береді, өте сақ жатады, ыңырсиды, аунайды және қайтадан тұрады. Аш ішектердің перистальтикасы бастапқыда қалыпқа жақын, соңынан бәсеңдейді, ал ток ішектерде естілмейді. Біртіндеп улану күшейеді, шаншу ұзаққа созылады. Тынысы, тамыр соғуы жиілейді, жиі антриовентрикулярлы блокадалар немесе экстрасистолалық аритмия байқалады. Кілегейлі қабықтар іркілмелі гиперемияланған, склера сарғыш тартқан. Дене қызуы қалыпқа жақын немесе төмен.

Тік ішек нәжістен бос, анальді сфиктер босаңсыған, бүйен ішекті тік ішек арқылы зерттегенде қатты массаны байқайды, мықын ішектің тұзағы кебуі мүмкін. Үлкен жиек ішектің қарын тәрізді кеңейген жерінде жынның іркілуінен болған копростаз бүйен ішектегі тәрізді байқалады, ал жамбас бүгілісінде бітелу байқалса, онда тоқ ішектер кебеді және шаншу қатты байқалады. Тік ішек арқылы зерттегенде жынның іркілгенін байқауға болады.

Кіші жиек ішек копростазында ішек толық бітелгендіктен «шаншу» қатты байқалады. Мал ішін тепкілейді, жиі нәжіс бөлердей, несеп шығарардай кейіпте болады, жатады және аунайды, тенезмдер байқалады. Дефекация мүлдем тоқтайды, перистальтика әлсіз, болмаса тоқтайды, ал бірақ тоқ ішектерде газ жиналғандықтан сыңғырлаған шуылдар естіледі. Азыққа зауқы жоғалады, жалпы күйзелу. Кілегейлі қабықтар іркілмелі гиперемияланған, тамыр соғуы кіші, жұмсақ, минутына 70-100 рет соғады, қан қысымы төмен. Тік ішек жыннан бос, кіші жиек ішекті тік ішек арқылы зерттегенде, онда шар тәрізді немесе колбаса пішінді қатты массаны байқауға болады.

Балау. Он екі елі ішектің химостазына тән қатты шуылдар естіледі, шаншуы үдемелі, асқазанның жіті созылуы белгілерімен, ол белгілерді зонд енгізіп, асқазанды жуып-шайса уақытша жоғалады.

Бүйен және үлкен жиек ішектердің қатты жынмен бітелулерінде, ортасында өткел болса, онда жайлап дамыйды, 1-2 аптаға созылады. Тек үлкен жиек ішектің жамбас бүгілісі мен кіші жиек ішектің (тар өткелі бар жерлерінде) «шаншу» қарқынды байқалады, ал бірақ асқазанның туындаған созылуы байқалмайды. Химостаз бен копростазға қойылған диагноздың дұрыстығын міндетті түрде тік ішек арқылы зерттейді.

Болжамы. Өте сақтықты қажет етеді. Ерте көмек көрсетсе, мал жазылып кетеді. Ал асқынған жағдайда, ішектен улану айқын болғанда, болжамы жағымсыз. Мал уланудан, сусызданудан, гемодинамикалық бұзылулардан немесе ішектердің жарылып кетуінен өледі.

Емі. Ішектердің алдыңғы бөліктерінің химостазында жылдам зонд енгізіп, асқазанды ихтиол, натрий гидрокарбонаты немесе хлорлы натрий ерітінділерімен жуып-шаяды. Бұл уақытша болсада, малдың жағдайын жақсартады. Оны асқазанның туындаған созылуына мезгіл-мезгіл қолданады. Ауырсыну мен мазасыздануда венаға 30-50 мл 10 % -ды анальгин, 50-100 мл хлоралгидрат немесе 100-150 мл магний сульфаты ерітінділерін егеді.

Ішке шырышты қайнатпаларын (2-5 л), өсімдік майын (500-900 мл) тағайындайды, соңынан өте сақтықпен, бөлшекті мөлшермен тері астына 0,01-0,1 г пилокарпин гидрохлоридін, 0,01-0,03 г прозерин, 0,001-0,002 г карбохолин, 0,1-0,5 г спазмолитин енгізеді. Ішті ұқалау, құрсақ тұсын индуктотермия жүргізу өз нәтижесін береді.

Уланумен, сусыздануды жою үшін венаға % -ды глюкоза және кофеин-натрий бензонаты (300-500 мл) қосылған хлорлы натрий ерітіндісін енгізеді. Гемодинамика бұзылғанда (қан қысымын төмендету үшін) тері астына эффедрин гидрохлоридін (0,05-0,5 мл) немесе адреналин гидрохлоридін (2-5 мл) енгізеді.

Копростазда ем аурудың түрі мен өтуіне байланысты болады. Егерде малдың азыққа зауқы сақталса, онда оған диеталық азықтар, аздаған көк шөп, қант қызылшасын, сәбіз, бидай жармасы мен ұннан жасалған ботқа, жақсы пішен тағайындайды. Мұндай малды жайылымға жіберіп, бақылап отырады. Ішке дәрілік жалбыз тікен тамыры мен зығыр дәнінің шырышты қайнатпаларын (2-3 л, 5-6 сағатға қайталап, 2-3 рет береді), натрий және магний сульфаты тұздарын (250-450 г), 10-15 л суға ерітілген 10-20 г сабур береді. Ашу процестерін басу үшін 10-30 г ихтиол, 10-15 г салол, 6-15 г тимол, 8-15 г фталазол, 1 кг дене массасына 5-10 мг хлор-тетрациклин, окситетрациклин береді. Ішті ұкалайды, фарадизация, индуктотермия жүргізеді, жеңіл жүргізеді, шырышты қайнатпалармен немесе вазелин майымен дармтампонаторлар қолданып жылы клизмалар жасайды.

Улану байқалған кезде венаға 10 % -ды глгокоза қосылған (50-100 мл) хлорлы натрий, тері астына 0,05-0,5 мл эфедрин гидрохлориді ерітіндісін, 3-5 г кофеин-натрий бензоатын енгізеді. Ауырсынуды басу үшін 10-15 мл 30 % -ды анальгин ерітіндісін егеді. Ауырып жазылған малдардағы энтереколиттің қалдықтарын емдеу үшін емдік-диеталық заттар қолданып, катаральді энтеритті емдегендей емдейді.

Сақтандыру. Жылқыларды ірі талшықты, құнарлығы аз азықтармен азықтандырмайды. Жұмыс жылқыларын ұзақ мерзім жұмысқа жекпей бос ұстауға болмайды. Асыл тұқымды айғырлар мен буаз биелерге күніне белсенді серуен ұйымдастырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *