«ИНФОРМАТИКА» ПӘНІ БОЙЫНША БІЛІМ МАЗМҰНЫ ЖАҢАРТЫЛҒАН ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (1-4 СЫНЫПТАР)

1 «ИНФОРМАТИКА» ПӘНІ БОЙЫНША БІЛІМ МАЗМҰНЫ ЖАҢАРТЫЛҒАН ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ (1-4 СЫНЫПТАР)

Оқу бағдарламасы «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №604 бұйрығымен бекітілген Жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 тіркелген).
«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнін оқыту мақсаты – білім алушылардың оқу мен күнделікті өмірде есептей білу дағдылары, робототехника, базалық білім, заманауи ақпараттық технологиялармен жұмыс жасаудағы білік және дағдыларды тиімді қолдануын қамтамасыз ету.
Бағдарламаның мақсаттары: білім алушыларға компьютер туралы, қазіргі заманғы цифрлық құрылғылар және олардың қоғамдағы рөлі туралы бастапқы ақпараттар беру; ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, білім алушылардың есептей білу, роботтарды жинау және программалау, іздеу, жинақтау, өңдеу, ақпараттарды сақтау және тарату дағдыларын қалыптастыру; білім алушылардың әртүрлі қолданбалы программаларды қолдану арқылы өз идеяларын ұсыну дағдыларын қалыптастыруға ықпал ету; байланыс, ақпарат алмасу және ынтымақтастық үшін ақпараттық — коммуникациялық технологияларды пайдалануын ынталандыру; білім алушыларға компьютермен қауіпсіз жұмыс істеу ережелері мен авторлық құқықтарды құрметтеуді үйрету.
Оқу бағдарламасында үш тілде оқыту ғана емес, сонымен қатар білім алушылардың мектептен тыс сабақтарын үш тілде (қазақ, орыс және шетел тілдерінде) ұйымдастыруды көздейтін үш тілде білім беруді жүзеге асыру қарастырылған.
Жеке тұлғалық қасиеттердің кең спектрлі дағдылардың табиғи үйлесімде дамуы — білім алушылардың бойында: «қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік», «құрмет», «ынтымақтастық», «еңбек және шығармашылық», «ашықтық», «өмір бойы білім алу» сияқты базалық құндылықтарды қалыптастырудың негізі болып табылады.
Оқу бағдарламасының ерекшелігіне оның пән бойынша білім мен білігінің қалыптасуына бағдарлануы ғана емес, сонымен қатар, білімді функционалдық және шығармашылық жағынан қолдану, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық және коммуникациялық технологияларды, әртүрлі коммуникациялық әдістерді пайдалану, топта және жеке жұмыс істей білу, проблемаларды шешу және шешім қабылдау сияқты кең ауқымды дағдылар жатады.
«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні бойынша оқу жүктемесінің жоғары шекті көлемі 1 сыныпта аптасына 0,5 сағат, жылына 17 сағат, ал 2 – 4 сыныптарда аптасына 1 сағат, жылына 34 сағат болып табылады.

Оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі «Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу жоспарына тәуелді (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде №8170 тіркелген).
«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнін оқытудағы негізгі талап — компьютерлік жүйелерге қолжетімділік.
«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнін тиімді өткізуге арналған қажетті жабдықтардың тізімі: гарнитурамен жабдықталған дербес компьютерлер (микрофоны бар құлаққаптар); Интернетке кең жолақты қосылуымен мұғалімдер мен білім алушылар арасындағы байланыс және құралдарын деректермен алмасуды қамтамасыз ететін жоғары сапалы ашық қатынас желісі; перифериялық құрылғылар: принтер, сканер, көшіру техникасы, интерактивті проектор/интерактивті тақта; робототехникаға арналған жиынтықтар.
Оқу пәнінің негізгі мазмұны 5 бөлімнен тұрады:
1) Компьютер — аппараттық құралдар, бағдарламалық қамтамасыз ету және киберқауіпсіздік тақырыптарын қамтиды.
2) Ақпаратты ұсыну және өңдеу: текст, графика, презентация, мультимедиа.
3) Интернет желісінде жұмыс істеу – оқушыларды ақпаратты іздеуге және ақпарат алмасуға үйрету мүмкіндігін береді.
4) Есептік ойлау — алгоритмдер мен программалау тақырыптары бойынша оқушылардың алгоритмдік ойлауын дамытуға көмектеседі.
5) Робототехника — робот қозғалысы, датчиктер мен қозғалтқыштарды зерттеу арқылы «Информатика» пәнін зерттеуде STEM элементтерін пайдалануды көрсетеді.
1- сыныпқа арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» оқу пәнінің базалық мазмұны:
1. «Компьютер»: Информатика кабинетінде жүріс-тұрыс ережелері; Интернет желісінде жұмыс істеу қауіпсіздігі.
2. «Интернет желісіндегі жұмыс»: желіде орналастырылған ақпараттың сенімділігі мен пайдалылығы; желідегі қалаусыз байланыс тәуекелдері.
3. «Есептей білу»: алгоритмдер; сызықты алгоритмдерді орындаушы; программалау ойын алаңынының интерфейсі (Scratch (сретч)); программалау ойын алаңында жобаны құру, сақтау және ашу.
4. «Робототехника»: білім беру роботының негізгі моделін құру; роботқа арналған программаны жүктеп алу және іске қосу; роботтың доңғалақ бұрылыстарының белгіленген саны бойынша қозғалысы, роботтың берілген бұрышта қозғалысы (90, 180 градус).
2- сыныпқа арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» оқу пәнінің базалық мазмұны:
1. «Компьютер»: компьютерлік құрылғылар; енгізу құрылғылары

(тінтуір, пернетақта, микрофон) және шығыс (монитор, принтер, динамиктер/ құлаққаптар).
Программалық қамтамасыз ету: файл және бума туралы түсінік; файл мен буманы құру, көшіру, орнын ауыстыру және жою; контекстік мәзірді пайдалану.
Қауіпсіздік: цифрлық құрылғылармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелері.
2. «Ақпаратты ұсыну және өңдеу»: мәтіндер: пернетақта симуляторы мен мәтін редакторында сөйлемдерді теру.
Графика: суретті өңдеу; суретті кесу, айналдыру, өлшемін өзгерту; сурет фрагментін көшіру және көрсету.
Мультимедиа: дыбысты жазу және ойнату; аудиофайлдарды өңдеу.
3. «Интернет желісіндегі жұмыс»: берілген тақырып бойынша ақпарат іздеу үшін браузерді қолдану; қосымшалар арасындағы мәліметтермен ауысу.
4. «Есептік ойлау»: алгоритмдер: тармақталған алгоритм; алгоритмнің ауызша түрі.
5. Программалау: программалау ойын алаңының кірістірілген графикалық редакторында жеке өзінің кейіпкерін жасау; пернетақтадан спрайтты басқаруды ұйымдастыру; кейіпкерлер арасындағы мәтіндік диалогті ұйымдастыру.
6. «Робототехника»: ауызша түрінде берілген алгоритм бойынша роботтың қозғалысын ұйымдастыру; жанап өтетін датчикті қолдану; роботқа арналған аудиофайлды жүктеу; роботқа арналған программаны әзірлеуде дыбысты қолдану; құрылған роботты аудиторияға ұсыну.
3- сыныпқа арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» оқу пәнінің базалық мазмұны:
1) «Компьютер»: компьютер құрылғылары: таңба регистрін, пернетақтаның орналасуын, меңзерді басқаруды өзгертуге арналған клавиштер.
Программалық қамтамасыз ету: қолданбалы программаларда «қызу» клавиштерді пайдалану.
Қауіпсіздік: Интернет желісінде жұмыс істеуде жеке қауіпсіздігінің негізгі ережелері.
2) «Ақпаратты ұсыну және өңдеу»: мәтіндер: мәтінді теру ережелері; маркіленген және нөмірленген тізімдер; мәтінді өңдеу; шрифт пен абзацты пішімдеу (жазылуы, түсі, тегістеу); кесу, көшіру, белгіленген мәтінді құжатқа қою; мәтінге суретті қою және орналастыруын реттеу.
Презентациялар: презентация конструкторы; программа мәзірі; презентацияның ашылуы мен сақталуы; мәтінді және суреттерді слайдқа орналастыру; слайдтар арасында ауысу; презентация дизайны.
Графика: фотосуреттерді өңдеуге арналған программа (жарықтық, контраст, жиектеме).
3) «Интернет желісіндегі жұмыс»: ақпарат іздеу: құжаттан мәтін үзіндісін
іздеу.
Ақпарат алмасу: желідегі ақпарат алмасу жолдары; жоба бойынша

бірлесіп жұмыс істеуге арналған мессенджерлерді пайдалану.
4) «Есептей білу».
Алгоритмдер: цикл; циклдік алгоритмді іске асыру кезінде орындаушының командалары жүйесі.
Программалау: программалау ойын алаңын құру барысында алгоритмді жүзеге асыру; дайын сценарий бойынша ойын әзірлеу; программалау ойын алаңында бірнеше көріністер және кейіпкерлермен жұмыс істеу.
5) «Робототехника»: мотордың орта жылдамдығы мен айналымның санын күйге келтіру; робот қозғалысын ұйымдастыру үшін циклді қолдану.
4- сыныпқа арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» оқу пәнінің базалық мазмұны:
1) «Компьютер»: компьютер құрылғылары: компьютерлік және мобильді технологиялардың ескіруі ғылыми-техникалық прогреспен байланысты екенін түсіндіру.
Қауіпсіздік: сенімді пароль критерийлері.
2) «Ақпаратты ұсыну және өңдеу». Мәтін: мәтіндегі кестелер.
Презентациялар: слайдтың макеті; объектілердің анимациясы; бейне мен аудионы орналастыру.
Мультимедиа: бейнеролик жасау.
3) «Интернет желісіндегі жұмыс»: ақпарат іздеу: компьютерде файл мен бумаларды іздеу; ақпарат алмасу : браузерді реттеу (бетбелгі, журнал мен жүктеу); электрондық пошта: хабарлама қабылдау және жіберу, файлдары қоса берілген хабарлама.
4) «Есептей білу»: алгоритмдер: енгізілген циклдер, логикалық операторлар, салыстыру операторлары.
Программалау: программалау ойын алаңында айнымалыларды қолдану; жеке сценарийі бойынша ойын әзірлеу.
5) «Робототехника»: түс датчигі; ультрадыбыс датчигі.
1-4 сыныптарда «Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар» пәнін енгізу Үлгілік оқу жоспарына сәйкес жүргізіледі: 1-сынып — 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап; 2 сынып — 2021 жылдың 1 қыркүйегінен, 3 сыныптар — 2021
жылдың 1 қыркүйегінен бастап, 4 сыныптар — 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *