БІРЖАН — САРА АЙТЫСЫ

БІРЖАН — САРА АЙТЫСЫ — Біржан мен Сараның 1871 жылы қазіргі Талдықорган облысының Қапал — Ақсу өңірінде кездескендегі айтысы. Түрлі деректерге қарағанда айтыстың сөзін Сараның айтуымен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жазып алып, 1872 жылы баспаға дайындайды. Ол 1898 жылы тұңғыш рет Қазанда басылып шығады. Осыдан бастап 1913 жылға дейін «Айтыс» бес рет басылды. Айтыстың Зайсаннан жіберілді деген 2-нұсқасы 1898 жылы жазылып алынып, 1899 жылы тағы да Қазанда басылады. Бұл нұсқа 1912 жылға дейін үш рет басылған. «Айтыс» оқулықтарға, хрестоматияға енді. «Айтыстың» 1-нұсқасы — 969 жол. Оның 50 жолы — кіріспе, соңғы сөзі — 60 жол. 2-нұсқасы — айтушының сөзін қосқанда 1080 жол. Оны баспаға кім дайындағаны белгісіз. Тек: «Тұтқасы екеуінің — Арғын, Найман. Бұл өлең шыққан екен бірталайдан» деген ескертулер бар. Екі нұсқаның жалпы желісінде, негізгі мазмұнында айырмашылық жоқ. Тарихта үлкен орны бар Біржан-Сара айтысының баспа бетінде мұншама көп жариялануы оның теңдесі жоң аса шебер көркем туынды екенін дәлелдейді. Айтыс өз заманының сыр-сипатын, әлеуметтік бағытын ашық бейнелейді; сонымен бірге Сараның сөзінде сол заманғы қазақ әйелінің мұңзары, бас бостандығы мен еркіндікті аңсайтыны ағытыла айтылады. Бұл мәселе ол заманда тек қана елдің арманы, қиялы, мүддесі еді. Ғасыр бойы жырланып келген, халық мақтанышына айналған Біржан-Сара айтысының шеберлігімен қатар, оның қадір-қасиеті осындай әлеуметтік мәселелерді көтере білгендігінде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *