МӘҢГІ ЖАСЫЛ БЕЙНЕ| ӘҢГІМЕ

                              

Кең дала. Көгілдір аспанда еркіндік құсы қалықтап ұшып, алысқа қарай біздерді жетелейді. Құдды, біз естімеген, яки, көрмеген әлемге әкелетіндей ымыранның жылдағымдай сол бір жаққа ұшып барады. Біз де оның артынан не болса дағы қалмай еріп келудеміз. Самұрықтың қанатындай барынша қанат қағып, тиісті нүктемізге келіп жеттік. Міне, кең даланың кіндік жерінде орналасқан  керегесі таудан биік өлке. Жасыл кілемінде балалар ойнап, ат шапқан, бұлағынан зәмзәм суы тасыған, құстары бұлбұлша сайраған – Сарыарқа. Киіз үйлер жанында орнатылған пештерден әлсін түтін будақтап шығады. Жайда жарғақ құлаққа маза бермейтін ауыл төбеттері бұл райда даланың аптық ауасына шыдамай, қора мен киіз үйдің маңынан көлеңке бағып, тығылып жатады. Алтайдың арғы бөктерінде орналасқан осы бір шағын ауылдың көрінісі алыстан әдемі көз тартады. Өлкенің сызды ауасы кеудеге бостандық сыйлағандай әсер қалдырады. Өзендер сылдыр-сылдыр етіп ағып, су бетінен бір оқиғаның желісі көрінеді. Өзенге үніліп қарасақ, киіз үйдің іші. Қарашанырақтың төрінде, кілемшеде бір тақиялы жігіт үш баласына әңгіменің майын жағып, баяндап отыр. Ал сырттан олардың әңгімесіне аналары кір жуа қарық болып отырғаны анық көрінеді. Әңгіме алыстан онша нақты естілмейді. Сондықтан, біз жақындап тыңдап көруді жөн көрдік:

  • Естерінде болсын балалар. Адамды жақсы не жаман деп бөлуші болмандар. Барлық адамдар бір текті. Бір адамның бойында ақ пен қара мінез қатар жүруі мүмкін. Ол адамның қылмысы жер жарса дағы, ішкі жан дүниесі таза болуы ғажап емес. Қалайша? Бір көрген пенденің бәрі сіз ойлағандай оғаш емес. Менің бойымда да терістеу мінездер бар-ау. Оны аналарың жақсы біледі…– деп өзінің бойындағы ең оғаш дағдыны айтпақшы болған Алдардың сөзіне кіші қызы Алтын қыстырылысып:
  • Алдау! Әке! – деп жымиды сегіз жасар тәтті бүлдіршін.
  • Әп, бәрекелді! – деп Алдар есімді жасы отызға таяған мейірімді әрі жомарт жігіт басындағы қазақи тақиясын бір түзеді де үш баласына күле қарай қарай қайта сөзге келгендей болып былай деді – Тыныш! Ешкімге айтпаңдар! Және ешкімді ешқашан алдамаңдар! Жарайды ма?! – деп сұқ саусағын мұрнына тақап, дауысын бәсеңдетті.
  • Балаларына тағы да алдаудың жолын үйретіп жатсың ба?! Одан да барып қораның төбесін жөндесеңші! Қойларға обал болды ғой! Шатыры жоқ сарайдың ішінде ыстықтап жатыр! Жаңбырлы күндері күйлері анау! Шелектей аққан жаңбырдың ортасында тұрады! – деп кірді жалма-жан легенге сала, жуып отырған, даладан Алдардың Әзиза атты сары бәйбішесінің дауысы шаңқ етіп шықты.
  • Есесіне олар суға тегін жуынып алады! – деп қарқ күлді Алдар.

         Артынан үш баласы да іштеріне күлкіні сыйдара алмай, күлкіден жерге домалады. Алдар балалармен біраз күліп алған соң орнынан атып тұрып, әйелінің өтінішін орындауға кірісті. Балалардың күлкісі тыйылмағанан кейін Әзиза бәйбәші оларға дауысын көтере: «Әй, сендер неге тырқ-тырқ күліп отырсыңдаң?! Барыңдар да әкелеріне көмектесіңдер?! Тез! – деп жекірді. Аналарының адуынды мінезін жатқа білетін балалар далаға зытып шықты. Біреуі сабан тасыса, енді екеуі әкелеріне құрал-саймандарды кезек-мезек беріп тұрды.

         Сабанды кішкене қолына барынша сыйдыруға тырысып, қолына гүлшоғырындай толтырған қыздың есімі – Алтын еді. Шашы қоңырқай-сары бұрымды қыздың түр-келбеті адам баурайтындай ерекше сұлу, көзі ботадай, өзі лақтай, ақсары өңді, тәтті үнді Алтынның бойындағы бір кемшілік – шапшаң сөйлеуінде болатын. Ол көрген білгенін барынша жылдам жеткізетін. Кейде оның сөзін түсіну мүмкін емес еді. Өзінен екі жас үлкен қос ағасы Арман мен Мақсат Алтынның тілі желаяқтың жүгірісінен де жылдам деп мазақтайтын. Ал анасы мен әкесі Алтынға баяу сөйлеп үйрен, зырылдамай, жаймен айт деп ұрысатын. Бұл жолы да солай болды. Ол көрген жайттың хабары тыңдаушының құлағына оғаш болып естілді.

         Арба бетінде жатқан сабандарды алмақшы болған Алтын кенет бір баланы байқап қалды. Тоқта ол жай бала емес! «Жасыл!» – деп айғалап Алтын жерге етбетімен құлап түсті. «Қайдағы жасыл!?» – деп шыңғырған дауысқа баяу жауап қатты әкесі. «Алтын, жылдам сабан әкел!» – деп қос бақырды ағалары. Алтын орнынан тұрып, үстін қақты. Ол жаймен арбаның қасына келді. Ол жақта ешкім жоқ. Алтын ешнәрсе болмағандай қайта сабан алуға кірісті. Бір кезде ол әлгі баланы тағы да байқады. Бұл жолы анық көрді. Баланың терісі шынымен де жасыл болатын. Шашы көмірдей қара, бірақ кірпідей тікірейген, қасы қалың қалқан құлақты, үстіне жырым жыртық сабан күрте мен шалбар киген, аяғы жалаң, баланың сырт келбеті жасыл болағынымен де сымбатты болып шықты. Дауысы да әсем сияқты. Бірақ өзінің ағаларымен жасты екені айқын байқалады. Бойы аңсағай, жада келген оның қолында жасыл алма бар екен. Жасыл алманы қолына ұстаған күйі әлгі бала Алтынға жақындады. Алтын әрі қадам басты. Алтынның бойында қорқыныш пен үрей қатар ойнауда. Ол балаға есеңгіреп қарап қалыпты. Бала жасыл алманы Алтынға ұстатпақ болып, былай деп тіл қатты:

  • Қорықпа! Сен көп еңбек еттің. Мә, мына алманы жей ғой. Шаршаған шығарсың! – деді жылы үнмен бала.

         «Ол жақта кім бар?!» – деп арбаның артынан Алтынның анасының үні шықты. Алтын анасы шыққан дауысқан назар салам деп әлгі баланың қалай жоғалып кеткенін байқамай да қалды. Алтынның жанына анасы келді. Анасы жерде жатқан алманы көріп, Алтынға:

  • Сен кіммен сөйлестің? Мына алма қайдан жерде жатыр? – деді.
  • Мен білмеймін…Бір жасыл бала келіп маған мына алманы ұстаты, – деп Алтын жасыл шөп үстінде жатқан алманы қолына алды.
  • Жасыл бала дейді?! Алдар, бұл жолы балаларына қандай ертегі айттың? – деп Алтынның анасы киіз үйге нарттай тарттып кіріп кетті.

         Алтын бала жоғалған жаққа ұзақ қарады. Кеш. Ауыл шырт ұйқыда. Сырттан тек төбеттердің арсылы мен шегірткелердің ащы әні естіледі. Алтынның жанұясы баяғыда ұйқыға жатқан. Тек Алтын ғана ояу. Ол тал – түсте көрген оқиғаны есіне түсірді. Оның көз алдына әлгі сымбатты баланың бейнесі еміс елестеді. «Өзі жасыл болса дағы, сондай келбетті, сұлу!» – деді Алтын іштей. Алтын жастықтың астына тығып қойған алманы қолына алып, киіз үйдің ашық төбесіне қарады. Ағып бара жатқан жұлдызды байқап, Алтын іштей әлгі баламен қайта кезіктіруді тіледі. Қадыр түнінде тіленген тілек міндетті түрде орындалады деседі-мыс. Алтын кішкентай күнінде кезіктерген баланы он бес жасында қайта көрді.

Ескерту! Материалды көшіруге тыйым салынады! Авторлық құқықты сақтаңыз! Материалды тек автор келісімімен жариялауға болады! 

 

     Алтыншаш КУРМАНАЕВА,

Ш.Уәлиханов атындағы  Көкшетау мемлекеттік университетінің

филология бөлімінің 1 курс студенті.

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *