Сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық тарам, сөзжасамдық саты

 

1. Сөзжасамдық тізбек
2.Сөзжасамдық тарам
3. Сөзжасамдық саты

Сөзжасамдық ұяның мүшелерінің негізгілерінің бірі — сөзжасамдық тізбек. Қазақ тіл білімінде сөзжасамдық тізбек мәселесі тұңғыш рет ілгеріде аталған «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографияда көтерілді, сөзжасамдық тізбек термині ғылыми айналымға алғаш сонда түсті. Бір түбірден тараған, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы сезжасамдық тізбек деп аталады. Сөзжасамдык тізбектің қайсысын алсақ та, оның құрамындағы туынды түбірлер бір түп негіз сөзден бастау алады. Олай болса, тізбек атаулы түп негіз сөзден өрбиді, яғни сөзжасамдық тізбектің құрамында міндетті түрде түп негіз сөз болуы шарт. Түп негіз сөзсіз сөзжасамдық тізбек болмайды, түп негіз сөз сөзжасамдық тізбектің негізгі мүшесі. Сөзжасамдық тізбектің келесі мүшесі — түп негіз сөзден жасалған туынды түбір сөздер. Тізбектің құрамындағы туынды сөз біреу де, бірнешеуде бола береді. Мысалы, жұп-жұптық; жыр-жырла-жырлас;зар-зарла-зарлат-зарлатқыз. Осы мысалдағы 1 -тізбекте бір ғана туынды сөз бар, 2-тізбекте екі туынды түбір, 3-тізбекте үш туынды түбір бар. Бұл туынды сөздердін санының тізбекте түрлі болатынын көрсетті. Сонда тізбектегі түп негіз сездің саны тұрақты болады да, туынды сөздің саны тұрақсыз болатыны анықталды. Бұл екеуі де — сөзжасамдық тізбектің негізгі мүшелері.
Сөзжасамдық тарам термині словообразовательная парадигма мәнінде қодданылды. Осы термин орыс тіл білімінде де кейінгі кезде қолданыла бастады. Бұрын тарам термині морфологияда ұзақ уақыт қолданылғаны белгілі, мысалы септік тарамы (парадигмасы), жіктік тарамы (парадигмасы) сияқты қолданыс ғылымда әбден таралған, таныс ұғымға айналған. Бұл термин барлық тіл біліміндік сөздіктердің бәрінде сөз түрлендіру жүйесі мәнінде түсіндірілген.
Соңғы кезде сөзжасамдық тарам (словообразовательная парадигма) термині қолданыла бастады. Морфологиялық тарамда да бір сөз түрлі сөз түрлендіруші қосымшалар арқылы түрленеді. Сөзжасамда да бір сөзден бірнеше түрлі сөз жасалады. Морфологиялық тарамдар жиі қолданылады. сөзжасамдық тарамдар әлдеқайда сирегірек қолданылады және сөзжасамдық тарамдағы создердің лексикалық мағынасында айырма болса, морфологиялық тарамдағы сөздердің лексикалық мағынасында айырма болмайды да, айырма тек грамматикалық мағынада болады.
Сөзжасамдық саты деп негіз сөз бен сөзжасамдық жұрнақтан тұратын сөзжасамдық ұядағы туынды түбірлердің жасалу ретін білдіретін тілдік бірлік аталады. Сөзжасамдық тарам (парадигма) деп тік қатардағы бір сатыда бір негіз сөзден өрбіген туынды сөздердің жиынтығы аталады.
Бақылау сұрақтары:
1. Сөзжасамдық тізбек дегеніміз не?
2. Сөзжасамдық тарам дегеніміз не?
3. Сөзжасамдық тарам дегеніміз не?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.
2. Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.
3. Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-А., 2000.
4. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989ж.
5. Қалиев Ғ. Қазақ тілінің сөзжасам мәселелері. Алматы, 20002ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *