Сөздің морфологиялық құрамы

Сөздің морфологиялық құрамы. Қосымшалардың түрлері, пайда болу, даму жолдары. Жұрнақтардың құрамы, түрлері.

1.Морфология зерттейтін негізгі мәселелердің бірі- морфема.
2. Морфемалар мен жұрнақтар.
3. Жұрнақтардың мағыналары және қолданылу ерекшеліктері.

Сөздің лексикалық я грамматикалық мағыналарын білдіретін бөлшектерді морфемалар деп атайды. Морфема дегеніміз — сөздің ары қарай бөлшектеуге келмейтін ең кіші мағыналық бірлігі. Морфема түбір морфема, аффикстік морфема болып екіге бөлінеді. Мысалы, оның анасы кім? дегендегі ана+сы сөзінде екі морфема бар. Ана — түбір морфема, -сы (тәуелдік жалғауы) — аффикстік морфема. Оның деген сөз де солай: о — түбір морфема, ның — аффикстік морфема, кім — түбір морфема. Морфемалар мағынасы мен қызметі жағынан әр түрлі. Морфеманың өзіне тән мағынасы(мазмұны) және өзіне тән сыртқы дыбыстық жамылышы (формасы) болады. Морфемалар түбір морфема және қосымша морфема деп екіге бөлінеді|Морфемалардың ішінде негізгі лексикалық мағынаны білдіретіндері, грамматикалық мағынаны білдіретіндері де бар.
Түбір морфема – сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін ең түпкі негізі.
Мысалы: айт, тіл. Қосымша морфемалар деп түбірге қосылып, оған қосымша мағыналар үстейтін мағыналарды айтамыз.Мысалы: тіл-і, тіл-сіз, айт-ыл, айт-ылар, айт-атын. Қосымша морфемалар сөз тудыратын және форма тудыратын қосымшалар (морфемалар) жұрнақтар деп, сөз бен сөзді байланыстыратын қосымшалар (морфемалар) жалғаулар деп аталады.
Сөз тудыратын жұрнақтар өзі қосылып айтылған сөздерінен жаңа туынды сөз жасайтын болғандықтан (лексика-грамматикалық) категория қатарына жатады, форма тудыратын жұрнақтар өзі қосылып айтылған сөзінің белгілі бір сөз табына тән грамматикалық қызметін анықтау үшін қолданылатын болғандықтан, функционалды-грамматикалық категория қатарына жатады. Түбір морфемадан сөз тудыратын аффикстерді — сөз тудырушы аффикстер дейміз. Сөз тудырушы аффикстердің мағынасы деривациялық мағына деп аталады. Сөз бен сөзді байланыстырып, олардың бір-біріне қатынасын білдіретін аффикстер — сөз түрлендіруші аффикстер, ал олардың грамматикалық мағыналары реляциялық мағына деп аталады.
Ал жалғаулар сөйлем ішіндегі сөздерді бір-бірімен байланыстыратын категория болғандықтан, таза грамматикалық категорияға жатқызылады.
Құрылымы мен құрамы жағынан жұрнақтар жалаң және құранды жұрнақтар болып екіге бөлінеді.
Жалаң жұрнақ мағына, форма жағынан да бөлшектенбейтін бір бүтін жұрнақ. М/ы: -ім, -пе, -шы, -қыш, -шік, -лік
Құранды жұрнақтар: -ымды, -імді, -малы, -мелі, -қылықты, -кілікті т.б.
Жұрнақтар мынадай топтарға бөлінеді:
1. Төл және кірме жұрнақтар
2. Көне және жаңа жұрнақтар. Тірі және өлі жұрнақтар
3. Жалаң және құранды жұрнақтар
4. Дара мағыналы және көп мағыналы жұрнақтар
5. Синоним және омоним жұрнақтар
6. Құнарлы және құнарсыз жұрнақтар
Бақылау сұрақтары:
1.Сөз және оның морфологиялық құрылымы неден тұрады?
2. Морфемалар дегеніміз не?
3. Түбір морфема мен қосымша морфемалар дегеніміз не?
4.Жұрнақтар мен жалғаулар қандай топтарға бөлінед?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А., 1998.
2.Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. А., 1972.
3.Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі, 1991.
4.Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы. А.,2007.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *