Саңырауқұлақтардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы

Саңырауқұлақтардың табиғаттағы және адам өміріндегі маңызы

Саңырауқұлақтар.
Саңырауқұлақтар тайгада, тундрада, далалы жерлерде, тау ормандарында, шалғындықта, батпақта, қоймаларда, құрылыстарда кездеседі. Сөйтіп табиғатта зат айналымына қатысады. Бактериялар мен топырақта болатын басқа да майда саңырауқұлақтар бірлесіп, өсімдіктер мен жануарлардың, саңырауқұлақ қалдықтарын (өсімдіктің құраған бөліктері, жануарлардың, майда бунақденелілердің өлекселері) ыдыратып, шірітеді. Сөйтіп топырақты ағзалық заттармен байытып, құнарлылығын арттырады.

Өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтары ыдырамай, өңделмей, топырақта жата берсе, әр түрлі жұқпалы аурулардың таралуына себепші болар еді. Саңырауқұлақтардың қалдықтарды ыдыратуы топырақтың тазаруына, аурулардың таралмауына көп пайдасын тигізеді. Қалың ағашты ормандардың жапырақтары жыл сайын жаппай түсетіні белгілі. Ағаштардың түбінде өсетін қалпақшалы саңырауқұлақтар жапырақтарды ыдыратып, оларды бактериялар қара топыраққа айналдырады. Сондықтан орман арасындағы топырақтың құрамы өсімдіктерге қажетті минералды тұздарға өте бай болады.

Саңырауқұлақтардың құрамы ферменттерге бай. Ферменттерді әр түрлі салаға пайдаланады, олар: жеміс шырынының түсін өзгертеді; шикізаттарды (мал азығын, қағаз қалдықтарын) өңдейді; нәруыздарды, крахмалды сүйылтады.

Зең саңырауқұлағынан пенициллин антибиотигі алынады. Аспергилден лимон қышқылы өндіріліп, медицинада, өнеркәсіпте кеңінен қолданылады.

Жеуге жарамды қалпақшалы саңырауқұлақтар мен ашытқы саңырауқұлақтары тағамға пайдаланылады.

Тутанхомон фараонының қорымын ашуға қатысқан 21 адам аспергилл саңырауқұлағының споралары өкпені зақымдағандықтан, өмірден озды. Оны кейін басқа египет қорымдарындағы адам мүдделеріне қаптал өскен аспергилдер арқылы анықтаған.

A.
Қына.
Саңырауқұлақтар мен бактериялар топырақ құрамындағы кейбір зиянды бактериялардың көбейіп кетпеуіне ықпал етеді. Өздерікен арнайы зат бөліп, зиянды бактериялардың өсуін тежейді. Оларды антибиотиктер деп атайды. Ондай антибиотиктерге бактериялардан бөлінетін стрептомицин, тетрациклин және саңырауқұлақтардан алынатын пенициллин жатады. Бұл антибиотиктерді өндірісте жасанды жолмен алу жолға қойылған. Адам баласы бұл дәрілерді күнделікті пайдаланады. Соңғы кезде медицинада жүректі, бүйректі операция жасап ауыстырғанда пайдаланылатын дәріні топырақтағы саңырауқұлақтан бөліп алды. Өсімдіктерді тез өсіретін белсенді зат — гибереллин, зиянды бунақденелілерге қарсы қолданылатын боверинде саңырауқұлақтардан алынады. Саңырауқұлақтардың пайдалы жақтары толық анықтауды қажет етеді.

Жылдан — жылға халық саны өсіп келеді. Адам баласын тағаммен қамтамасыз ету — кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан саңырауқұлақтарды тек дәрі алу үшін ғана емес, тамаққа пайдалану үшін де қолдан өсіреді. Арнайы орындарда қарашірік топыраққа жылқы тезегін қосып, қозықұйрықтың спораларын себеді. Сонда ғана ол ұзақ жылдар түсім береді. Қазір 70 елде қозықұйрық, жазғы түбіртек егу жолға қойылған. Одан жылына 14 млрд доллар қосымша табыс түседі. Қазақстанда да қозықұйрық пен жазғы түбіртекті қолдан өсіру жүзеге асырылуда.

Саңырауқұлақтар табиғатта зат айналымына қатысады, әр түрлі қалдықтарды ыдыратып, шірітіп топырақ құнарлылығын арттырады. Сондай-ақ қауіпті аурулардың таралмауына пайдасын тигізеді. Саңырауқұлақтардың құрамы ферментке бай. Жеуге жарамды саңырауқұлақтар құрамында 80-90% су, 2-4%-ға жуық нәруыз, 1%-ға жуық май болады. Демек олар тағамға пайдаланылады. Өте қажетті дәрі өндіруде де маңызы зор. Зиянды бактериялардың өсуін тежейтін дәрілер антибиотиктер деп аталады. Саңырауқұлақтардан өсімдікті тез өсіретін белсенді зат гибереллин алынады.

Қыналар соңғы уақытқа дейін төменгі сатыдағы өсімдіктерге жатқызылып келді. Алайда олардың құрылысы және тіршілік әрекеті ерекше болғандықтан, соңғы кезде саңырауқұлақтар дүниесінің бөлімі ретінде өз алдына жеке қарастырылатын болды. Қыналар — денесі екі құрамбөліктен (балдыр және саңырауқұлақ) құралған, селбесіп тіршілік ететін ағзалар тобы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *