Азаматтық, қазақстандық елжандылық, этносаралық келісім туралы ұғым

 

Ел Президенті Қазақстан халқына жолдауында:-Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз,-деген болатын. Қазақстан түрлі тарихи аласапырандарды басынан өткізіп барып, тәуелсіздікке қолын жеткізген, көп ұлтты республика. Сондықтан оның берік болуы патриоттық тәрбиені дұрыс жолға қоя білуге байланысты болмақ. Тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа Конституциясында да республика қызметінің түбегейлі қағидаларының бірі- қазақстандық патриотизм деп атап көрсетілген.
Қазақстандық патриотизм ұғымы біздің тәуелсіздігімізбен қоса туған жаңа сөз болып, еліміздегі саяси-әлеуметтік ахуалдың ерекшелігін көрсетеді. Елімізде жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың өкілі өмір сүруде. Қазақстан олардың көпшілігінің туған Отаны және бұдан былай да мәңгі тұрақтап қалар мекені болмақ. Сондықтан олардың әрқайсысы Қазақстанды ата жұртым деп танып, оның тәуелсіздігін қорғауға және материалдық байлығын арттыруға еңбек етуі тиіс. Сол себепті қазақстандық патриотизм ұғымы күнделікті өмірде жиі қолданылып, кеңінен қалыптасып келеді.
Бұл ұғымның педагогикалық жүгіне келер болсақ, ол болашақ Қазақстан азаматтарын тәрбиелеумен тығыз байланысты. Қазақстандық патриотизм-Отан-анаға деген сүйіспеншілік пен азаматтық ерлік,өнеге көрсетушілік,бойдағы білім мен білікті,ақыл- парасатты ел игілігіне жұмсау,атамекен мүддесіне арнау болмақ. Өз елінің өткенін құрметтей білу де осы қазақстандық патриотизм құрамына кірсе керек.
А.Абижанов — «патриотизмнің мәні өте күрделі. Бір жағынан,ол ізгілікті саяси үрдіс, яки жеке тұлға һәм қоғамдық сана элементтерінен тұрса,екінші жағынан,Отанды қорғауға,нығайтуға бағытталған сезім болып табылады»-деген.Мұнда автор патриотизм деген ұғымды адамның санасы және сезімімен байланыстырып отыр,демек, болашақ азаматтардың бойына патриоттық сана-сезім орнықтыру қажет.Қазақстандағы мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеу тақырыбы көптен бері зерттеліп келеді. Сондай еңбектердің бірі ретінде С.Қ.Нұрмұқашеваның «Қазақстан мектептеріндегі оқушыларды патриотизмге тәрбиелеудің дамуы» еңбегі атауға тұрарлық. Онда,білімнің мазмұнын жаңғырту, оқулықтарға қазақстандық материалдар енгізу; оқытудың әдіс- тәсілдерін жаңғырту; оқушыларға тарихи ерекшеліктерді іздеп табу оларды оқу-тәрбие ісіне пайдалану секілді іс-әрекеттерін ұйымдастыру секілді ұсыныстар берілген.
Патриотизмге тәрбиелеу үрдісінің танымдық мәнін естен шығаруға болмайды, бірақ ол әрбір оқушыда патриоттық сана, патриоттық сезім қалыптастырудан бастау алғанда ғана тиімді болмақ. Психологияда адамның жан-дүниесі, сезім әрекеттеріне екінші сигналдық жүйенің ықпалы мол екендігі айтылады. Бұл ретте мектептердің патриотизмге тәрбиелеу жолдарын қарастыра келіп, олардың, жалпы оқушылардың сана — сезіміне ықпал ету, іс- әрекеттерін ұйымдастыру бағыттарында жүргізілгендігін анықтадық. Ұйымдастыру жұмыстарын осы бағыттар бойынша топтастырсақ, олар былайша бейнеленеді: лекторий, соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулер, әңгіме кітаптар бойынша оқырман конференцияларын ұйымдастыру, ойын-сауық кештері, мұражайларға материалдар жинау, фото қалқаншалар, фотоальбомдар жасау тағы басқа іс-әрекеттерді ұйымдастыруға бағытталған. Тәрбиелік іс-шараның бағыттары «ұлтжандылық,ұлттық патриотизмдік» сананы қалыптастыру болса,ол-ар,намыс,ождан,қарыз,парыз секілді тағы басқа ұғымдар мен түсініктерді нақтылауды;олар туралы оқушы білімдерін жетілдіруді және олардың ауқымын кеңейтіп,тереңдетуді; сөйтіп Отан, мемлекет, ел, ұлт,халық,атамекен секілді киелі ұғымдармен байланысын ашып көрсетуді талап етеді. Өсіп келе жатқан жас буындардың бойында ұлттық патриотизмді қалыптастыруда, олардың әрқайсыларының «өзін ұлтының перзентімін» деп сезінуін нысанаға ала отырып, Қазақстандағы дәл бүгінгі жағдайда «ұлтты сақтап, одан әрі өркенін өсірудің кепілі»,-деп білген жөн. Мұның өзі «ұлт дегеніміз — ұлттың өзін-өзі билеу идеясы басын құраған адамдардың шынайы жүрек жарды бірлестігі» деген идеядан өрбиді.
Патриоттық сезім- келтірілген киелі ұғымдармен байланысты: қуаныш, мақтаныш, күйіну, сүйсіну секілді т.б. эмоция спектілеріне қозғау салу, ояту, дамыту, қалыптастыру мәселелерін шешуді де көздейді. Патриоттық сезім- жоғары сезімдер тобына кіреді деген пікірдеміз. Өйткені ол «қоғамдық мәнді және көңіл күйге байланысты моральдық сезімдерге» қатысты болып келеді, ол сананың жетілуімен тығыз байланысты дамиды. Қоғамдық тәрбиенің ықпалымен патриоттық сезімдер тұрақтанып, оқушының іс-әрекеті, мінез-құлқынан, сөзі мен ісінен көрініс беріп, ұлты, халқы, Отаны үшін қызмет етуге дайын тұрады.
2. ҚР «Білім туралы» заңында білім беру мазмұнына жалпы талаптар анықталған, олар мәдениеті өркендеген демократиялық қоғамға үйлесімді жаңа адам үлгісін тәрбиелеуге бағытталуға тиісті. Болашақ қоғамның азаматы мыналарды меңгеруге міндетті:
• дүниеге диалектикалық көзқарастың негізі болып саналатын белгілі мөлшердегі ғылыми білім жүйелерін;
• ана тілі мен ұлтаралық қатынас тілдерін, өзінің және басқа халықтардың тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлердің қайнар көзі болып табылатын рухани адамгершілік байлықты;
өздігінен денсаулығын нығайтуға, эстетикалық талғамын қалыптастыруға, әлеуметтік белсенділік көрсетуге, азаматтық, нарықтық қатынастар жағдайындағы әр қилы өмірде өз бетімен еңбек етуге дайын болуға.
Қазіргі білім мазмұнын қалыптастырудың ортақ негіздеріне гуманитаризация, гуманизация, экологизация, дифференциация, интеграция, әлемдік және ұлттық мәдениет мұраларын кең қолдану, жаңа ақпараттық технологияларды кең пайдалану, көпкомпонентті, толыққанды оқыту үрдісінің шарты және нәтижесі ретінде шығармашыл жеке тұлғаны қалыптастыру жатады. Реформация үрдісі білім мазмұнын интеллектуалдық, моральдық, және рухани жетілуді жеке тұлғалық ізденуді жүзеге асырушы адам типін жобалайтын жаңа модель болып табылатын интеграциялауға негізделеді.
Құндылықтар мәселесі қоғамның идеологиялық тұғырлары дискредитацияға ұшырап, мәдени дәстүрлері құнсызданған кезде, әрбір халық өзін мазалаған сансыз сұрақтың ең болмағанда бір бөлігіне жауап табу үшін өзінің өткен тарихы мен мәдениетіне бет бұрған кезде, тарихтың өтпелі, дағдарыстық кезеңдерінде өткір қойылып отырған.
Әдеби шолуларға сүйенсек құндылықтар жіктелуі әртүрлі: философиялық тұрғыдан витальды (өмір, денсаулық, игілік, экология және т.б.); әлеуметтік (әлеуметтік статус, жағдай, байлық, отбасы, тәуелсіздік және т.б.); діни (Құдай, сенім ғұрып, шіркеу және т.б.); моральдық (қайырымдылық, достық, сүйіспеншілік, парыз, адалдық, әділеттік және т.б.) эстетикалық (сұлулық, идеал, үйлесімділік, және т.б.); саяси (заңдылық, мемлекеттік, ата заң, азаматтық еркіндіктер және т.б.) Осылайша құндылықтар жалпы динамикамен сипатталатын мәдени реттеушіліктің қозғалмалы саласын білдіреді.
Педагогикалық тұрғыдан рухани-адамгершілік құндылық тәрбие арқылы жүзеге асады. Негізінен рухани адамгершілік құндылықтар адам бойынан бастау алады. Себебі адам жаратылысы өмірге өзіне қарым-қатынасы, тұрмыс тіршілігі саналы іс-әрекеті мен сезімі арқылы өлшеніп сараланып отырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *