“Ю-Эс-Эй тудей”

“Ю-Эс-Эй тудей” — Америка Құрама Штатындағы жалпы ұлттық күнделiктi газет. “Ю-Эс-Эй тудей” — Ганнет корпорациясының беделдi басылымы. Газеттiң штаб квартирасы — Вирджиния штатында орналасқан. Бұл газет қазiргi технологияның газет бизнесiне әкелген ғажайып өзгерiстiң айқын көрiнiсi болып табылады. “Ю-Эс-Эй тудейдiң” басты мақсаты — мерзiмдi басылымдарды телевидениенiң бәсекелесi дәрежесiне жеткiзу.

“Ю-Эс-Эй тудей” түрлi-түстi графиканы кеңiнен қолдана отырып, көбiне қысқа хабарлар бередi. Американың барлық жерiндегi баспаханаларында, сонымен бiрге Еуропа мен Азияда бiр мезгiлде басылу үшiн спутниктiк технологияны пайдаланады.

Газеттiң алғашқы номерi 1982 жылы жарық көрдi. Қазiр “Ю-Эс-Эй тудей” оқырмандарының саны алты млн-ға жеткен. Редакция мен басшылары он жыл бойы күш-жiгерлерiн, қаржысын оқырмандарды өздерiне тарту мен жоғары сапалы технологияны сатып алуға жұмсаған.

Газет тiлшiлерiне материал жазуға жағдай өте жоғары дәрежеде жасалған. Мәселен, олар “Лап-топ” (жылжымалы компьютер) арқылы өз материалдарын кез-келген жағдайда жазуға мүмкiндiктерi бар, тiптен мұндағы журналистердiң ақпарат агенттiктерiнiң соңғы жаңалықтарын бiлгiсi келсе, компьютер арқылы тыңдауға мүмкiндiгi бар. Сонымен қатар бұл компьютердiң арқасында оны спутниктiк антеннаның кез-келген нүктесiне қоса отырып, өз хабарын спутник арқылы редакцияға бере алады.

Газет редакциясының кез-келген бөлiмiнде телеқабылдағыштар «Си-эн-энға» немесе жаңалықтар бағдарламасына арналып қойылған.

“Ю-Эс-Эй тудейдiң” әрбiр секциясының бiрiншi бетiндегi “Кавер стори” бiрден көзге түседi. Яғни, журналдардағы сияқты, әр секцияның мәндi, негiзгi мақалалары, соған сәйкес иллюстрациялар берiледi. Сондай-ақ, бұл газеттi күнделiктi ерекше оқиғамен бiрге, АҚШ-тың айтулы, ауқымды проблемаларына көп көңiл бөлiнедi. Бұл газеттiң басқа басылымдардан бiр ерекшелiгi американың барлық штаттарының жаңалықтарын қамтиды.

”Ганнет” компаниясының басшысы Ньюхарттың айтуына қарағанда, “Ю-Эс-Эй тудей” АҚШ-тағы халықтарды бiртұтас ұлт ретiнде бiрiктiруге, осы мәселенi түсiндiруге қызмет етедi. Бұл сөздер газет ұраны ретiнде алғашқы бетте басылып отырады. “Ю-Эс-Эй тудей” негiзiнен телевидение дәуiрiнде дүниеге келген, жастарға арналған басылым. Газет тиражының 15-17%-ын немесе 200 мың данасын авиакомпаниялар мен қонақүйлер сатып алып, тұтынушыларына тегiн таратады. Осыған байланысты оны туристер мен қонақ үйлерге тоқтайтын адамдарға арналған деп атайды. Статистикалық мәлiметтерге қарағанда, басылым мекенiн жиi ауыстыратын адамдар арасында өтiмдi екен.

Газет редакторы Диюн Куини “Әр газеттiң өз қозғаушы күшi бар”, — дейдi. Мәселен, “Вашингтон пост” – репортер болса, “Нью-Йорк таймс” – редактор, ал “Ю-Эс-Эй тудейлiктер” үшiн — оқырман. Газет қызметкерлерi қандай да болмасын трагедиялық жағдайдың өзiнде қара түнектi қаптатпай, оптимистiк формулировка жасауға тырысады.

Газеттiң әртүрлi атаумен шығатын бiрнеше қосымшалары бар.

“Ю-Эс-Эй тудей радио” – газетте жарияланған қызықты, көңiл аударарлық мақалаларға шолу жасайтын бөлiм. Материалдар текст, әрi магнитофондық жазу түрiнде берiледi. Бұлардың таралуына «Эй-Би-Си» радио жүйесi мен оның 2200 бөлiмшелерi көп ықпалын тигiзуде.

“Ю-Эс-Эй тудей аптейт” – әлемдегi iскер адамдарға электрондық ақпарат арқылы қызмет көрсету орталығы. Материалдар газет оқырмандарының компьютерлерiне таңғы сағат төрттен бастап түседi. Ондағы берiлетiн ақпараттар он сегiз категорияға бөлiнiп жiктеледi: он үшi мамандыққа, өнеркәсiптiң кейбiр салаларына байланысты, он төртi жалпы қоғамдық жаңалықтарға, бiреуi күнделiктi болып жатқан оқиғаларды кеңiнен талдауға арналған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *