Қырық қасқыр, екі ешкі

Қырық қасқыр, екі ешкі
Жартыбай дейтін кісінің мал дегеннен екі ешкісі ғана болған екен. Ол екі ешкісі елдің малына қосылмай, өз алдына бөлек жайылып өскен екен. Бір күні Жартыбай үйде ауырып қалса, екі ешкісі елдің қойына қосылмай далада қалып, күнде соңынан қалмай жүретін Жартыбайды іздеп, тастан-тасқа секіреді, таба алмайды, таудан-тауға шығады, таба алмайды. Сонан кейін Жартыбайға ашуланып, басқа бір жаққа қашып кетпекші болып, екеуі бір жолға түседі де жүріп береді. Келе жатып жолдан бір қап тауып алады, сонан соң біреуі тұрып айтады:
– Қой, біз бүйтпейік. Жартыбайдай иені біз таба алмаспыз. Біз кейін қайтайық. Ол бізге өкпелер, өкпесін тарқату үшін оған тезек теріп апарайық, – дейді. Бұған қасындағы ешкі де қосылып, екеуі тезек теруге кіріседі.
Ауылды бетке алып тезек теріп келе жатса алдарында өлген қасқырдың екі қу басы жатыр екен. Мұнан екеуі қорқып, кейін қарай қайтпақшы болады. Бірақ кейін қарай қайтса жолда қасқыр көп, бұларды жеп қоюы мүмкін, содан екеуі әрі-бері кеңесіп, әлгі қасқырдың екі қу басын қаптарына салып алады да, тағы да жүріп береді. Бір кезде алдарында от жағып отырған көпті көріп, тезірек жүгіре басып қастарына келсе, олар жиылыс ашып отырған қырық қасқыр екен. Келген екі ешкіні көреді де, біріне-бірі сыбырлап:
– Мына ешкілерді қараңдар! Тамақты уайымдап отырғанда өздерінің кез келуін, – дейді. Бұларды қасқырлардың бәрі де көреді де, «тамақ табылды» деп қарқ-қарқ күліседі. Сонда екі ешкі тұрып:
– Жоқ, мырзалар, біз сендерге жегізбейміз. Біз сендер сияқты талай қасқырлардың басын жеп көргенбіз, – дейді. Бұған қасқырлар нанбайды да:
– Ондай күшті сендерге кім берсін, – дейді. Сонда ешкілер:
– Кім бергенін көресіңдер ғой, мына қаптың ішінде қырық қасқырдың басы бар, қазір сендердің бастарыңды қосамыз, барлығы сонда сексен болады, – дейді де бір ешкі бастың біреуін қаптан суырып алғанда, қасқырлар қорқа бастайды. Сонда қорықпайтын көкжал біреуі отырады да:
– Қане, екіншісін көрсетші, – дейді. Ешкілер қолдарына алған басты қапқа қайта салып, біреуін суырып алғанда, қасқырлар үрейленіп кейін шегіне бастайды. Олардың қорыққанын ешкілер сезеді де:
– Қане, біздің қасқырдың етін жемей, қарнымыз ашқанына көп болды. Өздеріңе жан керек болса біреуін сойып, бізді қонақ қылыңдар, – дейді. Бұған қасқырлар амалсыздан көнеді де, ешкілерді төрге шығарып, әуелі су әкелмек боп төртеу-бесеуін жібереді, олар кеткеннен кейін суға кеткендерді тез ертіп келмек болып, он шақтысы кетеді. Сүйте-сүйте қасқырдың бірі қалмастан қашып кетеді.
Қасқырлардың бұл қылығын мазақтап күле-күле екі ешкі Жартыбайға қайтып кепті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *