Қойшы батыр

Қойшы батыр
Ертеде бір қойшы болыпты, көп өмірін қой жайып өткізіпті, сол өміріне дейін ат мініп көрмепті. Бір адаммен бел ұстасып күресіп көрмепті.
Бір күні қорықтық пісіріп отырып ойға кетіпті. «Япыр-ау, осы мен қалаймын, жасымнан атқа бір мінбедім, күшімнің қандайын да білмедім, сын-сынақтан өтпедім». Сол мезетте көзі саптыаяқтың ернеуіне үймелеген шыбынға түседі. Үймелеген шыбынды пышақпен жасқап қалады. Өлген шыбынды санаса, қырық екен. Қойшы: «Жоқ, мен де керемет күшті адам екенмін», – деп ойлайды. Бір пышақпен қырық жанның басын алдым. Егер қолымда қылыш болса, нешеу өлмек? Көп ел маған: «батырмын» деп бөседі. Соларың менен батыр емес шығар-ау», – дейді. Көңіліне бір желік кіріп, қой бағуды тастап, батырлық өнерге кіріспекші болады. Бір күні байға келіп:
– Көп жылдар малшыңыз болып келдім, маған береріңіз болса, беріңіз, кетем! – дейді. Өзін жібергісі келмегеніне қарамай, ақыры байдан неше жылғы еңбек ақысы үшін жиырма еркек қой, бір ат алып, жолға шығады.
Ат мініп көрмеген ол, атын жетелеп, қойын айдап, бір қаланың шетіне келеді. Ол жерден темірші ұсталарды көреді. Қойшы оларға:
– Мына жиырма еркек қойды алып, келістіріп отырып асылдан бір қылыш соғып беріңдер! Қылыштың қынына «бір шапқанда, қырық жанның басын алған қылыш» деп жаз, – дейді.
Жиырма қойға бір емес, бірнеше қылыштың келетінін білетін ұсталар сөз қайырмай, мақұл болады. Қылышты дегеніндей ғып соғып береді. Қойшы қылышты асынып, атты жетелеп тағы да кетеді. Бір иенге келіп атын арқандап қойып ұйықтайды. Ұйқылы-ояу жатқан бір мезетінде жанында күбірлеп сөйлеп тұрған екі адамның дүбірі естіледі. Ақырын тыңдаса, бірі:
– Бір шапқанда қырық жанның басын алса, дүниеде бұған не шақ келмек, екеуміздің батыр болып жүргеніміз бекер екен, – дейді. Екінші бірі: «Оятып, жөн сұрайық, қайдан келеді екен, не қылған адам екен, білейік», – дейді.
– Жоқ, мұндай адамның ашуы қиын болады, өзі оянсын, жөнін сонан соң білерміз, – дейді анау.
Бұлар сөйтіп сөйлесіп, қозғалақтап тұрғанда біреуінің аяғы қойшының аяғына тиіп кетеді, қойшы қарғып тұрып:
– Бұл кім, мені басынып жүрген? – деп қылышын сермеп қалғанда, бірінің басы ұшып кетеді. Бірі атына міне қашады. Қойшы батыр қуып жетіп, тіл алайын десе, атқа мінетін дәрмені жоқ. Лажсыздан өзінің аты мен өлгеннің атын жетелеп, артынан ереді. Атты адам барған жерге жете алмай, түнде тағы иенге қонады.
Ымырт жабылып, қас қарайғанда алыстан бір оттың жарығы көрінеді.
Бір тұрып: «Ел болу керек, барайын», – десе, бір тұрып: «Жете алмаймын ғой», – дейді. Сөйтіп отырғанда, от қозғалып жүрген тәрізденеді. Барған сайын жақындайды. «Не болса да, көрейін!» деп, оны тосады. Сөйтіп, шам көтерген адам дәл жанына келіп, шамын қойып, жер қаза бастайды. Топырақ бірталай биіктегенде әлгі адам төмен түсіп кетеді.
Қойшы топырақты далдалап келіп қараса, құдықтан бір есік көрінеді. Тыңдаса, бір қыздың даусы шығады. Әлгі кірген адам оған:
– Сен мендік боласың ба, жоқ па? – дейді. Қыз:
– Өлсем де сендік болмаймын! – дейді.
Әлгі адам қызды шапалақпен екі тартып, бір шыны су, екі жапырақ қатқан нан береді де, қайта шығып, есікті жаба бастайды. Қойшы шегініп кетеді. Шам көтерген адам есікті қайта көміп, ізімен қайтып кетеді. Қойшы екі атын жетелеп, артынан ереді. Түн ортасы таянғанда әлгі адам бір қамалға келеді де, есігін ашып, еніп кетеді. Қойшы кіре алмай, сыртында қалады.
Қамал-бір ханның қаласының қорғаны екен. Ол ханның бір қызы жоғалады. Бұны бүкіл ел болып таба алмай, ақырында хан өзінің екі батырына іздетеді. Анадағы қойшыға кезігіп, бірі өліп, бірі қашып кеткен сол ханның батырлары екен. Ол ханға:
– Бір керемет адам көрдік, бірімізді өлтірді, мен қашып құтылдым, оның қылышында «Бір шапқанда, қырық жанның басын алған қылыш» деп жазылған жазу бар. Тапса, қызды осы табады, – дейді.
Бұл хабарды естіген хан, елге: «Бірінші, қызымды кім тапса, соған беремін; екінші, осындай бір батырды көрген адам болып маған хабарласа, оған сыйлық беремін», – деп жар салады.
Қойшы батыр дәл осы сөз болып жатқан бір мезетте қалаға келеді. Қараса, қала ию-қию, барлық жерге хабарландыру шығарылған. Көп елдің көзі қойшыға төнеді. Қойшы бір ахуалды түсінбей біреуден сұрайды, одан ханның қызының жоғалғанын, оны тапқан кісіге беретінін, бір жаңа батыр жөнінде қауесет тарағанын естиді. Қойшы батыр: «Менің түндегі көрген қызым әсілі сол болды, ханға барып табатындығымды айтайын, қызын беріп жатса көрейін»,– деп ойлайды. Көшеде ұстайын деп, бата алмай, жабыла төнген адамдарға:
– Неғып тұрсыңдар, хан ордасы қайда? – дейді. Ел жол көрсетіп, араларынан жол береді. Екі атын жетелеп, қойшы ордаға тартады. Орда алдынан баяғы өзі өлтірген батырдың жолдасы шығып, жалпақтап хан ордасына ертіп әкеледі. Хан- дағы орнынан тұрып, қарсы алып күтіп, бір үйге жатқызып, демін алдырады. Ертеңінде ханның өзі келіп, жөнін сұрайды. Қойшы:
– Менің жөнімді сұрамаңыз, бірақ өзіңіздің неге іздеткеніңізді айтыңыз, – дейді. Өзінің қайда баратынын, қайдан келгенін айтпайды. Ханның зорлап айтқызатын реті жоқ. Өзінің іздеткен бұйымтайын айтады:
– Қызым жоғалған еді. «Кім тапса соған беремін»-деп жарлық шығарып та қойдым. Жолбарыстай күшті жорығыңыздың даңқын естіп, бір тапса, сіз табар деп едім, – дейді.
– Мен тапсам, айтқаныңызды орындайсыз ба? – дейді қойшы.
– Хан екі айтпайды, орындаймын,– дейді.
– Ондай болса, мен табамын. Қырық атты әскер дайындаңыз, кешке аттанамын. Ертең алып келемін.
Хан қырық әскерді әзірлейді. Қойшы қырық әскерді бастап, кешке жақын аттанады. Әскерлерді кешегі түні көрген құдығының төңірегіне жасырын орналастырып, бекініп жатады. Түн болысымен баяғы бағыттан шам жарығы тағы шығады. Бұлар үнсіз жата береді. Шам көтерген адам тағы да түндегідей құдықты қазып, ішіне түскен кезде қойшы адамдарын қаптатады. Шам көтерген адам да асқан батыр еді. Ханның қызын алып қашқанда да, өз күшіне сенген еді. Бірақ, тар құдықтың ішінде еркін қимылдай алмай, қолға түседі. Сонда да қырық адамның бірнешеуін өлтіреді. Ақыры, жеңген қойшы жақ батырдың басын кесіп, қызды ханға алып келеді.
Хан серті бойынша қойшыға қызын қоспақ болады. Қойшы:
– Уәдеңізде тұрыңыз, әзірше той қылмаңыз, – дейді. Арада бірталай күн өтеді. Әсілі ханға басқа бір хан құда түспек болып, елші салған екен, оған әлі жауап қайтарылмай жатып қызы жоғалып, құдалық аяқсыз қалады. Одан кейінгі жағдай өзіміз көргендей. Қызды қойшыға тәуелді етеді.
Мұны есіткен екінші хан:
– Хан басымды кемітті. Маған жауап бермей, қызын қаңғырып жүрген біреуге атастырыпты, – деп қорланады. Намыстанып, соғыс жариялайды.
Соғыстан бұл хан қысылады. Не қыларын білмей қатты сасып, уәзірлерімен ақылдасады. Уәзірлері де басқа ақыл таба алмай: «Күйеудің өзімен сөйлесіп, ақыл алайық. Қызды батырдан алып беру, одан да қиынға соғып жүрмесін», – дейді.
Күйеуге ақыл салады. Күйеу ішінен қатты қысылады. Алайда, намысын жібермеу үшін, бір ыңғайы болар деп, «тәуекел» дейді:
– Соғысса соғысынан қорқамыз ба, соғысқа соғыспен жауап береміз! –деп соғыс міндетін өз үстіне алады. Сонымен ханға:
– Қашса құтылатын, қуса жететін бір бәйге ат әзірлеңіз, тартса үзілмейтін айыл-тұрманы болсын, аударса ала алмайтын, аударысса алатын үзеңгі, тепкішегі болсын! – дейді.
Хан күйеуінің бұл міндетін ауырламайды. Апшысы қуырылған кезде айбар болған күйеу баласының сеніміне қатты разы болады. Уәзірлер де:
– Бәсе, күйеу баламыз бекер адам емес екен,– деседі. «Соғысқа соғыспен жауап береміз», – деген кесім бойынша, соғыс жариялаушы ханға: «Тұрыстық береміз», – деп жауап қайтарады. Күндерін белгілейді.
Жүйрік те әзірленеді. Қойшы өз күшіне өзі сенбегендіктен, жүйрік атпен қашпақ ниетінде еді.
Бірақ хан: «күйеу баламды жау жазым қылып кетпесін» – деп, сыртынан мықтап күзеттіріп қойған еді. Күшті күзеттен ол қашып шыға алмайды.
Бұл аралықта соғыс күні толады. Ту көтерген екі жақ соғыс майданына жиналады. Бірнеше серіктерімен, қорғаушыларымен атын жетелеп қойған батыр да шығады. Батырлар алдымен жекпе-жекке шығады. Қойшы батыр жақтан кезекке шыққандар бір-бірлеп жеңіліп, кезек қойшыға келеді. Қойшы қылышын асынып, тепкішегіне аяғын салып, майданға шығатын болғанда, бабына келген жүйрік қойшыны теріс алып қашып, таяуда тұрған қалың қарағай орманға кіріп кетеді.
Екі жақтың әскерлері де бұған қайран қалады. Бұл жақ: «Қойшы қашты ма?» – деп абыржиды. Жау жақ: «Жеңілді, бізге бата алмады!» – деп қуанады. Сонымен, «Енді басып кіру керек», – деп дайындалады.
Бұл кезде асаудай тулап алып қашқан қойшының аты арындап жүргенде, түбі шіріп еңкейіп тұрған бір иін қарағайға кимелейді. Қарағайдың иіні ашамай ердің қасына киіледі. Ерекше әзірленген ер-тұрманның еш жері бүлінбейді. Мықты ат өңгеріліп қалған қарағайды ала жөнеледі. Ат еркімен енді топқа қарай, жау жасақтарына қарай тартады.
Қарағайдың ішінен батыр: «қарағайды өңгеріп» шыға келгенде, қайын жақ: «Я, сәт!» – деп қатты қуанысады. Басып кіргелі тұрған жау жақ, бүкіл бір қарағайды өңгеріп келе жатқан батырды көргенде қатты шайлығып: «Бұл қаһарына мінген екен, жекпе-жекті қойып бәрімізді қирататын болды», – деп, ығыстап тұрған мезетте-ақ топқа араласып кетеді.
Аттың арынымен қарағайға соғылған қарсы жақтың адамы ат-матымен жұлындай-жұлындай ұшады. Алда тұрған батырларының да бірнешеуі ат жалын құшады. Қарағайдың ол басы бір, бұл басы бір бұлғақтағанда артқы жаққа әдейі сермеп жүргендей көрінеді. Алды тойтарылған жау дүр беріп, қашады. Ат қашқан елдің сарынымен ілесіп ере жөнеледі. Жау: «қуып келеді» – деп қашады. Қайын жақ: «қуып барады», – деп қуанады. Осы кезде қойшы батырдың қайын атасы:
– Жә, «қашқан жауға қатын би» деген, ол елдің шекарасын бұзбай-ақ қойсын. Тоқтат! – деп адам жібереді. Бұл кезде аттың арыны да басылған еді. Қойшы батыр да жүрегін тоқтатып, ат тізгінін алған еді. Тартып көргенде ат баяғыдай емес, тоқтай қалды. Қарағайды көтеріп, аттан алып еді, ала алды.
«Е, батырлық деген осы екен ғой, – деп ойлайды ол, – шынында батырмын, қызды іздеп шыққан ханның әуелгі екі батырының бірін өлтірдім. Қызды алып қашып құдыққа тығып жүрген дөкейді өлтірдім. Міне, қырық шыбын емес, алдымнан қырық сан жау қашты, қарағайды көтеріп аттан ап тастадым».
Сонымен ол атының басын артқа бұрады. Атты өзі басқарады.
Бұл кезде артынан қайын атасы жіберген адамдар да келіп, кәукелектеп қарсы алады. Хан тобы да туларын көтеріп, жеңіс дабылын қағып, думан жасайды. Сонымен, жасақтар майданнан қайтады. Қойшы батыр енді тепкішексіз салт атқа міне алатын болады да: «Бұл ат шаршады», – деп басқа ат мінеді. Сөйтіп, қойшы ел алдында мәртебе табады. Оның батырлық жорығы едәуір оңды болып шығады.
Дүниеде адам баласының көресісі түгесіле ме? Осы елден жыл сайын алмаң алып тұратын бір айдаһар болады екен. Соның нәубеті келіп қалады. Жұрт айдаһарды жоюға бұдан ілгері лаж таба алмағандықтан, жылына он қой, бір қыз беріп тұрады екен. Соның салдарынан, дүниеге жаңа келген қыз бала күніне тізімге алынып, он сегіз жасқа толғанда айдаһарға беріліп отырады екен. Бұл жолы айдаһарға берілетін қыз кезегі ханның қызына келген екен. Хан өзі шығарған жарлық үкімін өзі орындамауға мүмкін емес. Батырға берген қызын айдаһарға беруге мәжбүр болады. Сол үшін «қайтеміз?» деп батырға кеп, ақыл салады.
– Амал бар ма, жоя аламыз ба? – дейді. Қойшы батыр батырлық жорығында әлі күнге дейін десі қайтпағанын, ал айдаһар бір ханның қызына емес, мұқым елге зиян тигізіп отырғанын ойлап:
– Амал бар, жоя аламыз, – дейді.
Хан батыр күйеудің: «Жоқ, болмайды», – дегенді айтпайтын нағыз батыр екеніне онан әрі разы болады. «Айдаһар келсе, күйеу бар», – деп жайланып жата береді.
Қойшы енді басқаша ойлайды: «Қылыш шаба аламын. Ат міне аламын, қарағайды көтеріп аламын-ақ, ал тілсіз жау айдаһарға не дермін, қандай амал қыла алармын?..».
Қойшы бұл ойын ұшықтай алмай, түнде қылышын алады да, жеңіл киіммен ғана қашып шығады. Жүре-жүре таң атады. Өзі шаршаған, мидай даладан пана таба алмайды. Қараса, бір бәйтерек тұр. «Соның басына шығып, жапырағын паналайын, күн өткізсем, түн бола орын ауыстырармын», – деп, бәйтеректің басына шығып алады.
Таң атқан соң, хан күйеуді шақыртса, жоқ. Қатты қысылады. Ақыры: «Күйеу онымен соғысуға шығып кетті, егер қашып кетсе, амал жоқ, онда қызды айдаһарға береміз», – деп ойлап, он қой мен қызды алып, айдаһармен кездесетін жерге жүреді.
Сөйтсе, айдаһардың келетін жері сол бәйтерек екен. Ел соның жанындағы бір төбеге жиналады. Бәйтеректің бұтағын құшақтап отырып, көзі ілінін кеткен қойшы елдің у-шуына ояна келіп қараса, ел абыр-сабыр, у-шу, жылау…
– Әне, әне, қозғалды, келетін болды, – дейді.
– Бұлар нені көріп тұр, қай жақтан келеді, – деп, қойшы жан-жағына қараса, көрінбейді. Сатырлаған, ысылдаған дыбыс астынан шығады. Қараса, айдаһар бәйтеректің түбінде, өзінің астында зәһар шашып, енді қозғалып, жүріп барады екен.
Айдаһар орнынан қозғалғанда қойшы абыржып, қатты шошиды. Отырған бұтағынан қозғалып, келесі бұтақшыққа дайындала бергенде, мініп отырған бұтақ опырылып түседі де, қойшы ашасынан айдаһарға мініп қалады.
Өзі-өз болғалы мұндай халді көрмеген айдаһар да сескеніп, кұйрығымен жер сабалап шабынады. Ысқырығы жер жарып, тулайды. Үстінен түссе өлетінін білген қойшы да неғұрлым үстінен түспеуді ойлайды. Ат мініп үйренген тақымы да қатайып, жабыса береді.
Хан болып, ел болып: «Ойпыр-ай, бұл қандай жүрек жұтқан батыр еді!» – деп дабырласады. Біреулер: «Қылышпен неге шаппайды?» – десе, енді біреулер: «Шап, шап!» – деп айғайлайды. Тағы біреулер: «Айдаһарды мінгенде, сенен ақыл сұрамаған батыр шаба алмай жүр ғой дейсің бе, өзі білсін, тамашасын көрейік!» – дейді.
Ал қойшы сәл де болса бой тоқтатып, тулап жүрген айдаһардың айдарынан ұстайды. Айдаһар жуаси бастайды. Сөйтсе, айдаһардың жаны айдарында екен. Айдарды қысып тартып ұстаса жуасып, босатса, құйрығымен сабалағанын көреді. Қойшы енді айдаһардың айдарымен әдістеніп алған соң қысып, тартып ұстап, құйрығынан қылыштың қырымен ұрады.
Айдаһар жүгендеулі аттай жөнге түседі. Айдарды тізгін, қылышты қамшы ғып, айдаһарға мінген қойшы батыр халықтың, ханның алдына келеді. Бастапқыда өзі айтқан «сын-сықақтардан» өткен қойшы, енді сенімді түрде айдаһардың айдарын мықтап ұстап, қылышын құйрығына қойып тұрып:
– Айдаһар жауларың, осы ма? – дейді ханға.
Хан жауап орнына тағзым етеді.
Қуанған жұрт шуылдасып, шашу шашады. Қыз жаулығын ұсынады. Қойшы батырлық жорығында қорқа жүріп өсіп, жеңіле жүріп жетіліпті. Бай қолында ат мініп көрмеген қойшы өз жолында айдаһар мініпті. Айдаһарды айдарынан байлап, қылышын құйрығына қойып жүріп үйретіпті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *