Қартайған арыстан

Қартайған арыстан
Бір заманда үлкен тауды бір арыстан жайлапты. Ол басқа аңдарға зорлық-зомбылықты халден асыра істеген. Бірақ қандай қиянат көрсе де оған ешқандай жануар теріс келмейді. Өйткені қарсыласарлық шамасы жоқ. Сондықтан бірнеше жыл жәбірлік көріп, қолдан келері жоқ, іштен тынып, тістерін қайрап, әлсіз жануарлар шыдап жүре береді.
Арыстанның мейманасы асқаны сондай – ол жемді өз аяғымен жүріп іздемейді. Оған өзінің бұйрығы бойынша семіз сиыр, семіз жылқы, қой, бұғы-марал секілді жануарлар белгілі «тәртіп» бойынша келіп тұрады. Соятын – жолбарыс, бұзып-жаратын аю, тәтті-дәмділерін патшаға тасып беріп жүретін епті даяшы – түлкі екен.
Арыстан әбден ұйқысы қанып, жайланып тамаққа тойғаннан кейін, оның көңілі қалауынша әркім әртүрлі сауық жасап батырдың көңілін жұбатады. Бұлбұл сайрайды, көкек зікір салады, шымшық билейді. Маймыл түрлі ойындар көрсетеді. Түлкі күлдіргі қулық айтады. Топас аю, аңқау қарға, меңіреу есек оларға келемеж күлкі болады. Ал батырдың тыныштық тауып жатқан кезінде төрт мысық табандарын жалап маужыратып ұйықтатады. Әлдеқалай оның ұйқысын бөліп, дыбысын шығарған қалжақбас аңдар бола қалса, ауыр жазаға кіріптар болады.
Сол сияқты мейманасы асқан арыстан күндердің бір күні әбден қартайып, алжуға айналады. Ақырында орнынан тұруға шамасы келмей әлі бітеді. Тістері түгелдей түскен, тырнақтары тұқыл болған, буындарда әлі жоқ. Осы жайды көрген аңдар енді батырдан қорықпады. Оны сыйлауды қойды. Тамақ болу үшін де ешкім келмеді. Аштан өлер болып діңкесі құрып жатқанда, одан бұрын жәбір көрген аңдар кезекпен келіп бұрынғы өштерін алған екен.
Ішіне қанды кек қатқан жануарлар жаны ерекше қиналатын жерін таңдап тұрып, өз шамаларынша батырға жаза беріпті.
Ит қабады, қасқыр талайды, ат тебеді, сиыр сүзеді, тышқан тістейді. Бір мезгілде салпақ құлақ есек келіп:
«Қай жерін тепсем оның жанына артық батар еді», – деп батырдың денесіндегі жанды жерін таңдайды. Осы кезде талықсып жатқан арыстанның есі кіріп, көзін ашады. Ол қасында тепкелі тұрған есекті көріп өте назаланады.
– Кешегі дәурен баста тұрған кезде бұл шірікті жан деп те есептеген жоқ едім, бұл күнде бұ да маған қорлық көрсетпек болып аяқ көтеріп тұр.
– Ә, тәңірім, менің жанымды бұл жаманның қорлығына көрсетпей ал! – деп жан тәсілім еткен екен.
«Не ексең, соны орасың» деген мәтел осыған келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *