Қарақұлақ пен арыстан

Қарақұлақ пен арыстан
Бір қарақұлақ үш-төрт баласы, қатынымен бір үйшікте мекен етеді екен.
Күндердің күнінде бұл жерінің маңында әлі келіп, аулап жерлік, азық боларлық хайуанат азайып кеткенін байқап қатын-баласын үйшігіне қалдырып, өзі жаңа қоныс іздепті. Әр жерді көріп, ұнатпай аралап жүріп, бір жақсы жерге кез келіп, маңайын байқап көріп ұнатады да қайта барып қатын, баласын алып келіп, жоғарыдағы айтылған жерге орналасыпты.
Бірер күн өткен соң, қарақұлаққа маймыл келіп жолығыпты.
– Бұл жер арыстанның мекені емес пе, байғұс. Өзі бір сапарға кетіп еді. Кетер алдында мені күзетші қылып кеткен болатын. Бұл жерге ешбір хайуанның аяғын бастырма деп еді. Шынында, арыстанның мекеніне ешбір хайуан қонбақ түгіл, жуық келмейді де. Енді саған айтатыным мынау:
– «Бұл жерге із салып, шаң-тозаң ғып былғамай, қазір кет», – деп бажалақтайды. Егер де қарақұлақтың бұл жерге түнеп кеткенін білсе, арыстан алдында айыпты болатындығын, маймыл өзі сол арыстанның уәзірі екендігін айтады. Және де жуық жерге тұрмай, аулақ, ұзағырақ жерге кетуіне ақыл береді. «Сен түнеп кетті деп айта қоймаспын. Сен де бір біз сияқты әлсіз сорлының бірісің ғой», – дейді.
Сонда қарақұлақ тұрып: «Маймыл, сен не сөйлеп тұрсың. Мені арыстаннан қорқады деп білесің бе? Бұл жер менікі болатын. Үлкен атамнан маған мирас қалған жер еді. Дауласам, шатақтасам десе, арыстан келіп көрсін. Сазайын берем. Екі қауып, бір жұтам. Маған қамқорсымай-ақ қой», – деді.
– Әй, қарақұлақ-ай, мен сенің жауың емеспін ғой. Егер осы сағатта арыстан келіп қалса, маған да жаман болады. Ал, сен қандай болатыныңды ойласаңшы. Қатын, балаңмен өзің бір асағанда арыстанның аузына көлденең де тұрмайсың емес пе? Барлығыңды бірақ жұтады, – дейді маймыл. Маймылдың сөзін қарақұлақ тыңдамайды. Арыстанның жерінен кетпей, әбден орнығып алады. Маймыл қарақұлаққа: «Батыр-ау, әліңді білмейсің бе, арыстанмен қалай таласпақсың. Одан да мені ұятты қылмай, өзің де өлмей, осындайда кетсеңші. Не деген ақылсызсың, тіршілігіңді көп көріп, өлім іздеп жүрсің бе? Арыстанмен сен түгіл жолбарыс, қабыландар да алыса алмайды. Көрініп кетсе, қаша жөнеледі. Болмаса, иіліп сәлем беріп, тағзым қылып, кішілік білдіреді», – деп, күн сайын қипақтап жүрді.
Қарақұлақ: «Ей, маймыл, мен жолбарыс, қабыландарың емес. Арыстан меніменен жекпе-жекке алысып көрсін. Жынымды түсіріп, томырығымды ұстатса, жағын айырып, тобығын шайнаймын. Сен елбеңдеп жаның ашымай-ақ қой маған. Ызамды келтірмей, енді аулақ жүр», – деп кесіп айтты. Сонымен қарақұлақ арыстанның жерінде тұра берді.
Арыстанның орнына отырып алған қарақұлақты көріп, сол орман маңындағы басқа хайуандар да қарақұлақты мазақ қылыпты: «Әлін білмеген – әлек» деген осы. Бүгін болмаса ертең арыстан келгенде қаракеңе тесік жер табылар ма екен? Әлде аяй көріңіз деп әлсіздігін айтып, саяңызға паналағалы келдім тақсыр, – деп, жалынып-жалпаяр ма екен десті.
Қайсы бірі: «Ашуы келсе арыстан мұны айырып-айырып тастайды», – дейді. Қайсы бірі: «Жоқ, арыстан рақымды ғой. Осыны уәзір қылып алады. Маймылды уәзірліктен шығарады, болмаса, жынды ма, мұндайлық өжеттік бұған қайдан келді. Тегі арыстанмен бұрыннан уәделескен жақындықтары болуы керек», – десті.
Ал қарақұлақтың қатыны байына: «Осы жерден кетелік. Сенің арыстан түгіл қасқырға да әлің келмейтіні анық еді ғой. Өткен жылы мүйізінен басқа қаруы жоқ сиыр сүзіп, қарныңды жарып, қабырғаңды қиратып кете жаздамап па еді», – деп ойбайлап еді, қарақұлақ қатынына: «Қатын, сенің ақылың жоқ. Мұндай жер бізге табылмайды. Басқа жерге барсақ, балаларды асырай алатын емеспін. Барған сапарында арыстан бір апатқа ұшырап, арысы өліп, болмаса мертігіп келе алмас. Егер келе қалса, дәл келе жатқанында мен саған осылай дейін, сен маған осылай деп жауап бер. Менің білуімше бұл арыстан күштілікке келгенде аңның ең мықтысы. Оған дау жоқ. Ал өзі үргедек, қорқақ, ақылсыз болуы керек. Қорқақтығын талай естіп едім. Мүмкін қашып кетер. Егер қашпағанда да бір қайла қылармын», – деді.
Бұлар осылай арыстанның үйінде сөйлесіп отырғандай орман маңы шу-шу бола бастады.
Арыстанның айқайы да шықты. Орман маңындағы аңдар түгелімен арыстанның алдынан шығып, сәлем берісті. Барлығынан бұрын күзетші уәзірі маймыл арыстанның алдынан шығып, сәлем беріп иіліп, аман-есен келгеніне қуанышты екенін, патшаның кешіккендігіне өте сағынғандарын айтып, алақанынан алған соң, қарақұлақтың жайын айта бастады. Кет дегеніне кетпей, қиқандағанын айтты. Кетпек түгіл, осы жердің иесі менмін дегенін айтты. Егерде дауласып, шатақтасам десе, жекпе-жек алысып көрсін. Алып ұрып жағын айырып, тобығын шайнап, күлін көкке ұшырам деген әдепсіз сөздерін, бірін қалдырмай түгел айтты. Бұл сөзді естіген соң, арыстанның көзі шарасынан шығып, қорқып кетті.
– Маймыл, сен байқамаған шығарсың. Бұл бір күшті, қайраты менен артық хайуан болуы керек. Болмаса қарақұлақ менің пайтахтыма аяқ баса ала ма? Уәзірім, саған сол тәрізді артық сөз айта ала ма, – деді арыстан.
Маймыл тұрып, жылмаңдап: «Тақсыр-ау, мен қарақұлақты танымаймын ба, анық қарақұлақ. Тырбиған борбайын, шолтиған құйрығын, қалқайған құлағын, түр-түсін көзіңізбен көрсеңізші. Сіз түгіл мен де әдепсіз сөзіне ызаланып, жыным түсіп алысып кеткім келіп еді, бірақ сіздің жарлығыңызды күтіп, ақылсыз ақымақтың жазасын өзі берсін деп, әдеп сақтадым. Айда, тақсыр, жылдамырақ жазасын беріңіз», – деді.
– Әй, шырағым, маймылым-ай, ол қарақұлақ бейнелі болса да, өзі менен күшті хайуан ғой деймін. Дүниеде нелер жоқ. Әуелі байқауымыз керек. Айтпақшы, өзіңнен басқа кім көрді? – деді арыстан.
Сол уақытта түлкі келіп қалған екен.
– Мына түлкі де көрген,тақсыр, – деді маймыл.
– Ей, түлкі, менің пайтахыма қарақұлақ орналасып алып, кет десем күш айтып, кетпей қойды, – деп тұр, мына маймыл уәзірім. Сен бұл туралы не білесің. Өзің қарақұлақты анықтап танушы ма едің. Пайтахыма отырған қарақұлақты көзіңмен көрдің бе? – деді арыстан.
Сонда төмен қарап түлкі, жыламсырап тұрып:
– Тақсыр, біз бір аңдардың арасындағы сорлысымыз ғой. Өзіңіздей рахымдысы болмаса, батырсынған даңғойлары ашықса-ақ, аузын салып қағып салады. Өткен жылы қабылан мен жолбарыс арасындағы жанжалға кірісем деп, төрт бірдей баламды жегізіп алдым, өзім зорға ғана қашып құтылған болатынмын. Сонан бері ауыз бағып, күштілердің сөзіне кіріспеске ант еткен едім. Мен сорлыны қайтесіз. Басқаларынан сұрай беріңіз, – деді.
–Айттым ғой, осы бір менімен әдейлеп, алысуға келген мықтының өзі. Жер көп қой. Не керек, шатақтасып, – дейді де арыстан бұрылып қашуға ыңғайланады.
Маймыл болмайды:
– Апырай, тақсыр, тым болмаса барып өзіңіз көзіңізбен көрсеңізші, анық қарақұлақ, – деп жалынған соң, арыстан маймылға ілесіп, екеуі қарақұлаққа таман жүріп кетті. Түлкі де анадайдан бұлардың артынан ілеседі.
Түлкі мен маймыл арыстанды ертіп келе жатқанын көріп, қарақұлақтың қатыны балаларын тістелеп жылата бастады. Сонда қарақұлақ қатты айқайлап:
– Ей, қатын, балалар неге жылайды? – деп сұрайды.
Қатыны:
– Жолбарыс пен қабылан етін жемейміз, бізге арыстан еті керек деп, балаларың жылап тоқтамай қойды, – деді.
Мына сөзді естіген соң, арыстан әбден қорқып кетті. «Маймыл, сен мені бір пәлеге жолықтырасың. Айттым ғой бұл бір күштінің өзі. Даусы қарақұлақ сияқты болса да, менен әлдеқайда мықты болуы керек», – деп, қашуға кейін қарай ыңғайланып еді.
Маймыл: «Япырай, тақсыр, сізге не болған? Кішкене жүріп өз көзіңізбен түсін көрсеңізші. Сөйтіңіз де маған әмір беріңіз. Тіпті сазайын өзім берейін», – деп, жалынған соң, арыстан алаңдап, қарақұлаққа қарай аяғын екі-үш басты.
Қарақұлақтың балалары бұрынғыдан да жаман жылай бастады. Қарақұлақ қатынына қатты ақырып, ашуланып: «Балалар неге жылай береді?» – деп сұрады
Қатыны: «Алдыңғы күнгі арыстанның еті ескіріп кетті. Жемейміз. Бізге арыстанның жаңа еті керек деп жылайды балалар», – деді.
– Ендеше тоқтай тұр, қатын. Осы жердің ие арыстаны келіп қалар. Мені арыстан іздетіп шаршатпай, арыстанның уәзірі болып жүрген, бізге кеше келіп дос болған жақынымыз маймыл бар ғой. Сол арыстанды алдап ертіп келмекші еді. Егер де уәдесін орындап, дауласқыш арыстанды ертіп келіп, балаларға бір жас сорпа ішкізсе, маймылды өзіме бас уәзір қылам. Қатын, сен ұмытпа. Тіпті осы жердегі аңдардың ішіндегі ең епті, өңдісі сол маймыл көрінеді. Басқаларының керегі жоқ. Уәзір қылмаймын, – деді қарақұлақ.
Өз құлағымен мына сөзді естіген соң, арыстанның ашуы келіп: Әй, қиянатшы, ақымақ маймыл, – деді де, алдында келе жатқан маймылды ұстай алып, дал-дал қылып, айырып-айырып тастады. Сөйтті де, өзі кейін қарай қаша жөнелді. Зәресі ұшып кетіп, қорыққаны сондай, артына да қараған жоқ. Сол қашқаннан мол қашты. Үш күндік жерге барған соң, демін бірақ алды. Арыстанның қашқанын, маймылдың өлгенін көріп тұрған түлкі, шашылып жатқан маймылдың етінен ең жақсыларын таңдап жүріп, өзі көтергенше аузына тістеді де, жақын жерде терең ін ішіндегі балаларына апарып жегізді.
Ал қарақұлақ, бір ақырып: «Арыстанды да қашырып алып, нақ мықтының өзі мен боламын», – деп, кеудесін қағып, сол жерде ормандағы патша болды. Қартайғанша арыстанның мекенінде өмір сүрді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *