Қабылан мен есек

Қабылан мен есек
Қабылан – қанға құныққан жыртқыш хайуан. Есек – дауысы зор, күніне талай рет аңырайтын хайуан.
Күндердің бірінде өзін жемекші болып келе жатқан қабыланды көрген есек:
– Мені жеуге батылың қайтып барар, мен айғайлап-ақ жүрегіңді тас
төбеңнен шығарамын, – депті.
Қабылан бұған сеніңкіремеген соң, есек бар даусымен аңырапты, ол
тоғыз рет аңырағанда тау-тас жаңғырығып, жер-дүние зіл-зала болыпты. Есектің зор дауысын естіген қабыланның көңіліне едәуір үрей пайда болыпты.
Сонан есек қабыланға:
– Қабеке, екеуіміз селбесейік! Сіздің қайратыңыз бар, екеуіміз біріксек,
осы бір таулы орман жұмсақ, жұдырығымызда, ашсақ, алақанымызда болмай ма? Сіз қысаңның аузынан торуылдаңыз, мен орманда тұрып аңырап, аң біткенді үркітіп, алдыңызға айдап салсам болмай ма? – депті.
Қабылан бұған мақұл болыпты, сөйтіп, олар іске кірісіпті. Есектің айтқаны келіп, орман ішінен үркіп қашқан аңдар қабыланның алдына өзі келіпті. Етке мейілінше тойған қабылан бұған барынша ыразы болыпты.
Сондай болса да есектің қабілеттілігіне күмәнмен қарайтын қабылан:
– Есеке, бүгін тәсілімізді өзгертейік, сіз қысаңның аузына ие болыңыз,
мен орманға барып гүрілдейін депті.
Мұны естіп жүрегі зу ете түскен есек өзінің әлсіздігін сездіріп қоймау
үшін бұған да көніпті.
Есек қысаңның аузында торуыл жасап тұрғанда, үріккен аңдар
топ-тобымен жосылып шығыпты. Шынын қуғанда есектің бар болған өнері аңду ғана еді. Бұл аңдарды ол қайтіп ұстай алсын. Ол есі шығып бір жартастың қуысына тығылып алыпты. Сонда да бөксе жағы симай сыртта қалыпты.
Үріккен аңдар оның қасынан дүркіреп өтіп жатыпты. Сол аралықта бір
ақымақ қарға келіп оның құйрығын шоқыпты. Сонда есек бар пәрменімен қарғаның тұмсығын бөксе жағымен тасқа басып алыпты. Біраздан кейін есектің әрекетін көрейін деп, қабылан келіпті. Сонда есек:
– Әттең, ешнәрсе келмеді, тек бір қарға ғана келіп еді, қолымды
істетпей-ақ ұстап алдым, мінеки, – деп көпіріпті.
Мұны естіп, қабылан есекті рас қабілетті екен деп ойлап оны жеуге бата
алмапты.
Міне, осылай, басқа жыртқыш хайуандар есекті жемекші болып тап
берсе, ол бар даусымен аңырайды екен. Қабылан оның даусын естісімен дереу жетіп келіп, оны жеп қояды екен. Өйткені бір нәрсе жәбір көрсетпекші болса, есек қатты аңырайтын болып екеуі осылай келіскен екен.
Алайда бір жолы бір жолбарыс есекке шауыпты. Есек бар даусымен
аңырапты, бірақ күнде жетіп келетін қабыланның сол күні өзі түгіл, көлеңкесі де көрінбепті.
Қабылан кейін келіп қараса, оның орнында ұйыған қаны мен жемтігі ғана
қалған екен, сонда қабылан:
– Қолынан түк келмейтін неме екендігіңді бұрын білген болсам, мұны
әлдеқашан өзім жеген болар едім-ау, – деп қатты өкініпті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *