Ханшентей

Ханшентей
Бұрынғы заманда Қарыс қара батыр бар екен, өзі тоқсан бесте жасы бар екен, өзінің қатыны бар екен сексен бес жаста, он мың жылқысы бар екен. Және бір жерде Дөнен Қара Бағыс, Құнан Қара Бағыс, жақсы жирен атты Кенже Қара Бағыс бар екен. Бұл үшеуі келген. Қарыс Қара батырдың жылқысын алып кеткен. Қарыс Қара батыр оны білмей қалған, үш күннен соң білген жылқысын алып кеткенін. Өзінің қолында қалған Таусары ат болған. Қатынына батыр айтқан: «Менің жылқымды үш Қара Бағыс алып кеткен, қуамын артынан», – деді. Қатыны айтты: «Қума, сені өлтірер!» – деп. Бағыс айтты: «Өлсем, өлейін!» – дейді.
Батыр Таусары атын ұстап алып келіп, мініп жөнеледі.Үш күн бұрын алып кеткен жылқысын үш сағатта қуып жетті. Үш Қара Бағыс оны ұстап алып кетті, үйіне алып барып, қырық құлаш шыңырау қазып, соның ішіне Қарыс қара батырды тастады. Құдықтың аузын тақтайменен жапты, оның сыртынан кірпіш соқтырды, тағы оның сыртынан бір дария әкеліп орнатты. Дарияның сыртынан қырық кісі қарауыл қойыпты.
Оның өзі кеткенде үйде қалған сексен бестегі қатыны буаз болған, онан бір бала туды. Баласы он жасқа келгенде шешесінен сұрады: «Атам қайда?» –деп. Шешесі айтады: «Атаң сенің жоқ», – деді. Бала айтады: «Мен қайдан тудым?» – дейді. Шешесі атасын айтпайды, айтсам атасын іздеп кетер деп айтпайды. Сол бала асық ойнап жүреді. Бір кемпір айтты: «Е, балам, сен өзің жақсы баласың, мұнда сен неғып жүрсің, атаңды іздемей?». Бала айтты: «Сіз атамды білесіз бе?». Кемпір айтты: «Білемін, атаң Қарыс Қара деген батыр бар еді, он мың жылқысы бар еді, сол жылқысын жау алып кеткен. Атаң соның артынан кеткен, сол атаңның өлі екенін, тірі екенін білмеймін. Сен ол атаңды іздеп тауып алсаңшы!».
Бала қайтып келді, шешесіне айтты: «Шеше, сен менің атам жоқ деп едің, атам менің бар екен, сол атамның артынан іздеймін». Сол сағатта жаудың қолынан Таусары ат қашып келді. Бала бұл Таусары атты ұстап алды, Таусары ат балаға айтты: «Е, балам, сенің атаң жау қолында тұтқында жатыр еді, атадан туған ер болсаң, атаңды табарсың. Атаң әлі тірі. Мен атаңның атымын», – деді.
Баласы атасын іздеп жүрмек болды, Таусары атты ұстап алып, мініп жөнелді. Таусары ат баланы көтере алмайды. Бала түсе қалып, Таусары атты қолтығына қысып желіп кетті. Бір заманда бір дария көлге жетті. Келе жатқанда сол дарияның сыртындағы қарауылда тұрған қырық кісі бір-біріне соқтығып қырылыпты. Сол бала келіп жеткен соң: «Ассалаумағалейкум, неткен жан едің?» – депті. Ол кісі айтты: «Сен көз көрген жерден бізге қарап желгеніңде бір-бірімізге соктығысып қырылып жатырмыз». Бала айтты: «Сен кімсің?» Ол айтты: «Біз үш Қара Бағыстың нөкерлеріміз. Бала айтты: «Сіздер мұнда неғып жүрсіздер?» Қарыс-Қара батыр деген алыпты күзетіп тұрамыз». Бала айтты: «Қарыс Қара батыр менің атам болар», – деп сол жерде қырық кісінің басын алды. Сол дарияны жырып бір жаққа ағызды. Сонан соң, құдықты ашып, атасын шақырады «атам өлі ме, тірі ме» деп, сол атасы жауап бермеді. Бағанағы дарияны қайта жырып алып келіп, сол құдыққа құяды. Тағы атасын шақырады, атасы кішкене жауап береді. Және екінші жерден бір дарияны жырып әкеп құяды, атасы судың бетіне қалқып шыға келді. «Ассалаумағалайкум» деп, бала сәлем береді, атасы: «Уағалайкумассалам, балам!» – деді. Сол жерде: «Бала, сен кімнің баласысың?» – деді. «Мен Қарыс Қара батырдың баласымын». «Олай болса, біз сіздің атаңыз болармыз. Ал, балам, мен мұнда келіп мұндай болдым, кел, екеуміз қайтайық, үйге». Бала айтты: «Мен қайтпаймын, анадағы әкеткен он мың жылқымның артынан іздеп барамын», – дейді. «Қой, балам, сен түгіл, сенің әкең менің де халім келмеді, мен мұнда жатқанымда сен іздеп келіп мені шығардың, сен тұтқынға түскен соң, сені кім іздеп алады. Мен қартайдым, осы есенімізде қайтайық үйге». Баласы айтады: «Ата, мен қайтпаймын, сол жылқымның артынан іздеп барып өлсем, өлейін!».
Атасын Таусары атына мінгізіп, үйіне қайтарады. «Аман бол, ата!» – деді. Екеуі амандасып айрылысады. Бала жылқысын іздеп кетті.
Бір заманда, күндер болғанда, бір тауға келді, таудың үңгірі бар екен, енді таудың үңгірінің ішінде бір кемпір жатады. Кемпірдің үйіне бұл бала еніп келді. «Ассалаумағалайкум, кемпір!» – деді. «Уағалайкумассалам, балам!» – деді. Кемпір айтты: «Түсің қандай суық адамсың?» – деді. Бала айтады: «Мен – мүсәпір адаммын!» – дейді. Кемпір балаға айтты: «Кел, балам, емшегімді берейін, емші!» – деді. Бала келіп еме берді, көгеріп талып қалды кемпір. Бала емшегін қоя беріп: «Е, кемпір, айтқан сөзің осылай ма еді, емшегіңді емгенде, талып қалдың, көзіңді ашып басыңды көтер, шеше!». Кемпір басын көтеріп: «Е, балам, маған бала бол. Сендей үш балам бар еді». Бала айтады: «Шешеке, үш балаңыз қайда кетті?». «Қайда кетсін, жауға кетті. Сен маған бала бол, балам, үшеу еді, төртінші сен боларсың». Бала: «Жарайды!» – дейді. Кемпір айтты: «Маған бала болсаң, сен жасырынып жүре тұр аз күнге шейін, баламның мінезі теріс еді, көзіне сен көрінсең, сені өлтірер. «Мінезі теріс болса да қорқушы емеспін тентектерден», – деп кемпірге бала болып тұрыпты.
Бір күндері үлкен баласы келіпті. «Шеше, үйде кім бар?» – дейді. Шешесі айтты: «Ешкім жоқ», – деді. «Жоқ, шеше, кісі бар, бір кісінің исі шығады», – деді. Сонда бала тұрды-дағы: «Мен боламын», – деп шыға келді.
Үлкен ұлы айтты: «Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?» Бала айтты: «Атыспақ атаңның басына, алыспақ керек», – деді. Екеуі сол жерде алысады, бала бұл кісіні бір қолтығына қысып жібермейді. Бір уақытта ортаншы баласы келді. Ағасын көріп дауыстады: «Бұл баланы өлтірмей, неге қойдың?» – дейді. Ағасы айтты: «Әлім келмейді, сен келе көр, інім». Ортаншы ұл айтты: «Е, бала, ағамды жібер». Бала айтты: «Ағаң түгіл, өзіңді өлтіремін», – деді. Атынан түсе қалып, ортаншы ұл балаға келді, бір бала екеуімен алысады. Екеуін екі қолтығына қысып тұрады. Екі қолтығының арасы жиырма шақырым жер екен, бір-біріне сөйлесе алмай қалды. Тағы бір уақытта жақсы жирен аты бар Кенже Қара Бағыс келді, ол онан жаман ақырып келді: «Е, бала, ағамды жібер. Өлтіремін, сені»,– деді. Бала күлді: «Кел бері, сенен де қорықпаймын, бірің түгіл үшеуіңді өлтіремін». Кенже інісі атынан түсе қалды, алысады, үшеуін былай иіп құшақтап алып, былай қысып қояды, аузынан қара қаны кетті. Бағанағы шешесі келді. «Е,балам, менің айтқаным солай ма?» – деді. Бала айтты: «Е, шешем, құп болады, үш балаңды қоя берейін, сенің емшегіңнің сүтін ембеген болсам, мен сенің үш балаңды қоймас едім, үшеуін өлтірер едім». Бала солай деп үш баласын қоя береді.
Шешесі үш баласымен ақылдасты: «Е, балам, енді қайтеміз? Осы баланы бала қылып алайық. Үш баласы айтты: «Жарайды!» – деді. Сол арада баламенен ант ішеді, сонан соң бала болып жүреді. Төртеуі қосылып алып, алмаған жауды қоймайды. Сонан соң бір күндерде бала айтты: «Шешеке, мен алғандай бір жақсы қыз бар ма?» – деді. Кемпір айтты: «Саған жарайтұғын қыз жоқ», – деді. Бала айтты: «Сіз мұнша жасқа келген кәрі шешемсіз, сіз жақсы қызды білерсіз, оны сіз маған айтпайсыз». Кемпір айтты: «Жоқ, балам, саған жарайтұғын кыз жоқ».
Тағы да төртеуі бірігіп алды. «Бір жерде Алтын Сары алып деген бір алып бар екен, соған төртеуміз жиылып барайық», – деді. Соның бір үш қарындасы бар еді, соны үш ұлға алып бермек болды. Төртеуі Алтын Сары алыпқа барды, үш күн төбелесіп соғысады. Алтын Сары алыптың күші жетпеген, үш қарындасын Үш қара Бағысқа берді, олар бұл қыздарды қатын қылып, өз үйіне қайтып барды.
Бала кемпірге айтты: «Е, шешеке, бір қызды маған таптың ба?». Кемпір айтты: «Жоқ, балам, саған лайық қыз таба алмадым». Бала айтты: «Өз балаларыңа қыз таптың, біз оларға үш қыз әкелдік, маған неге таба алмайсың?». Кемпір айтты: «Енді, балам, мен саған айтайын. Бір қыз бар, бұл қыз саған жарар еді, солай болса да, ол қыз тұрған жерге бара алмайсың, барсаң да қайтып мұнда келе алмайсың. Бір есіткен едім, Айнахан деген хан бар екен, оның бір сұлу қызы бар екен деп естимін. Оның жолы қиын еді, оның бер жағында қырық күншілік жер бар екен, жанып тұрған от дейді; құс ұшса, қанаты күйеді, ат жүрсе, тұяғы күйеді. Оның ар жағында от дария бар екен, ол да қырық күншілік жол екен, құс ұшса, қанаты күйеді, ат жүрсе, тұяғы күйеді». Бала айтты: «Оған мен іздеп барамын, құдай сақтаса, мен онан есен-сау өтермін. Шешесі айтады: «Өзім қарап алып жүрейін, сүйген қызың болса, алып берейін, бұл жолға барма, балам!» – дейді. «Е, шеше, соған өлсем дағы барамын», – дейді.
Бала енді Кенже Қара Бағысқа барады, жақсы жирен атын сұрағалы. «Е, ағам, маған жақсы жирен атыңды бер, алыс жолға барамын», – деді. Кенже Қара Бағыс айтты: «Мен екі ағаммен сөйлесейін, екі ағам жаратса берейін, жаратпаса бере алмаймын». Кенже Қара Бағыс ағасына келді, үшеуі сөйлеседі: «Берсек, өзімізге жаман болады, мұндай ат табылмас және бермесек, тағы жаман болады, бізден тартып алып кетер, берейік!» – деді. Атқа келіп айтты: «Алысқа барған соң, тулап, жығып қайтып кел!» – деді. Солай айтқан соң, жирен атты балаға берді. Бала атты алды, таусылмас азық қылды, тозбас киім алды, атқа мініп жөнелді. Біраз жол жүрген соң, есіне түсті: «Менің атым жоқ, жоғалсам кім деп іздейді». Шешесіне қайтып келеді: «Е, шеше, маған ат қойыңыз!». Шешесі айтты: «Қолыңды жай, балам, Қара Қарыс батырдың баласы, қабырғаңда қаяу жоқ, омыртқаңда буын жоқ, Ханшентей деген батыр бол! Атса мылтық өтпесін, шапса қылыш шаппасын, жортқанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын, ғалайассалам пайғамбар болсын! Әзірет Әлі пайғамбар қуатын берсін!» – деп кемпір баласына бір қара дәрі деген дәрі берді: «Өзіңе жаман болса, осы дәрі жаныңа жақсы болар»,– деді. Амандасып, бала жөнеліп кетті.
Бір заманда келе жатыр еді, алдынан бір алып шығады. Бала айтады: «Ассалаумағалайкум, ақ шұбар атың астыңда, Ақ Кірпіш батыр, амансыз ғой?». «Уағалайкумассалам! Қарыс Қара батырдың баласы қабырғаңда қаяу жоқ, омыртқаңда буын жоқ Ханшентей батыр атыңды қатын қойған, өзіңіз-дағы амансыз ба? Бәрекелді, өзің сен жарайсың, астыңдағы атың жарамайды, атың өзіңе дұшпан екен, оңдылығы жоқ екен, сенің атыңның. Е, Ханшентей батыр, қайда барасың?». Ханшентей айтты: «Қайда барайын! Айнаханның қызын алайын деп, іздеп барамын. Ақ Кірпіш айтты: «Ойбай, сен түгіл мен дағы іздеп барып маңдайым тасқа тиіп, табаным жерге тиіп, ала алмай қайттым. Сен қандай кісісің, барам дейсің? Сен қайт, ала алмассың». Ханшентей айтты: «Е, Кірпіш батыр, үйден еркек боп шығып едім, ұрғашы боп қайтып қайтамын? Енді не де болса барамын». Ақ Кірпіш айтты: «Барсаң, есен бол, атыңа сенбегейсің!». Ханшентей айтты: «Менің атым жамандық қылмас маған, сен дағы аман бол!» – деп жүре берді.
Сол жүргеннен жүріп, бір заманда күндер болды, алдынан тағы да бір алып шығады. Ханшентей айтты: «Ассалаумағалайкум, майысқақ жирен атың бар астыңда, солқылдақ қызыл найзаң бар қолыңда, Ерке Сары алып батыр, амансыз ғой? «Уағалайкумассалам, Қарыс Қара батырдың баласы, қабырғаңда қалың жоқ, омыртқанда буын жоқ, атыңды қатын қойған, Ханшентей батыр өзің дағы амансыз ғой? Е, бәрекелді, өзің жарасаң да атың жарамсыз екен ғой». Ханшентей сұрады: «Менің атымның несі бар?» Ерке Сары айтты: «Атың сенің бір жерде дұшпандық қылар». Ханшентей айтты: «Атым менің жаман болмас», – деп амандасып жөнелді.
Тағы бір қауым күн болғанда тағы да алдынан бір адам жолығады. «Ассалаумағалайкум, қара құла атың астында, қара шашың басыңда, ақ ашамайдың үстінде, жас Бала батыр амансыз ба?» «Уағалайкумассалам, Қарыс Қара батырдың баласы, қабырғаңда қаяу жоқ, омыртқаңда буын жоқ, атыңды қатын қойған Ханшентей батыр, амансыз ба?».
Тағы жөнелді. Бұл бала айтты: «Мен де бірге барамын, қатыныңды алсаң, көремін, қылсаң, ерлігінді көремін. «Ханшентей батыр» деп алыстан естуші едім. Екеуі бірге жүрді. Жас бала айтты: «Е, Ханшентей, өзің кішкенесің, сенің не қайратың бар, мұны бір байқайыншы», – деді. Ханшентей бұл баланы қолтығынан көтеріп алады, алдына мінгізеді, қайтып атына мінгізеді. Онан соң айтты: «Е, жас жігіт, сіздің де күшіңіз болар, біз байқайықшы». Жас бала батыр Ханшентейды қолтығынан жалғыз шынашағымен көтеріп алып, қайтып атына мінгізді.
Ханшентей ойлайды: «Бұ баланың күші менен үлкен екен, барып сол қызды алсам-дағы, бұл бала менен тартып алар», – деп қорқады, үйіне қайтпақшы болады. Бала айтты: «Е, Ханшентей, үйге құр қайтып барамыз. Бір асық бойлы Алтынсары деген бар еді, соның үш сұлу қарындасы бар еді, соны алайын деп едім, менің күшім жетпеді, екеуміз барып күшіміз жетсе, алсақ қайтеді? Күшіміз жетпесе ұрдырып, жаралы қайтсақ қайтеді?».
Ханшентей айтты: «Жарайды, барайық!» – деді.
Екеуі іздеп келіп, соғыс қылды жеті күн, жеті түн, дөн жерде ой қалды, тұман қалды. Алтынсары алыпты өлтірді, үш сұлу қарындасын балаға алып берді, сол елге баланы хан қылды.
Сонан соң Ханшентей Айнаханның қызын іздеп кетті. Бір замандар болғанда бағанағы қырық күншілік жанып тұрған отқа келді, оттан жүре алмады беті күйіп. Енді Ханшентей уайым қылды, сол жерде атын байлап, ұйықтады. Жирен ат айтады: «Е, Ханшентей түрегел, уайым қылма, мен сендік болдым. Менің байым саған бергенде, «қашып кел» деп еді, мен сені тастап кетпедім. Менің ерімді ал, аунайын, жүгенімді ал, қунайын», – деді. Ханшентей ерін, жүгенін алды, ат аунады, түрегелді, елден шыққан жаңа қалпына түсті. «Маған екі жағыма екі қапшық тас арт, мен ойдан ойға шауып, қырдан қырға шауып, қызармын. Сонда маған мініп, қызыл отқа түс. Сол оттан мен жүрермін, жүргенде менің үстімде саған салқын жел болар. Онан алып шығармын сені».
Ханшентей сол атқа тағы мінді, қырық күншілік от жолына түсті, бірнеше уақыттан соң шықты оттан. Шыққанда аттың төрт аяғы күйіп түсті. Ат айтты: «Е, Ханшентей, енді мен өлемін аман бал». Сол жерде ат өлді. Басында отырып Ханшентей үш күн жылады. Ас ішпей жатса, ұйықтап қалыпты. Түсінде шешесі келіп: «Ханшентей, неге жылайсың? Мен берген қотырдың қара дәрісі қайда?» Ханшентей шошып оянады, қара дәрі есіне түсті, қара дәрісін алды. «Бісміллә, рахыман рахым! – деп, – менің қолым емес шешемнің қолы», – деп дәріні атқа жақты, ат дүр-дүр сілкініп, ұшып түрегелді. Ханшентей қуанғаннан үйден шыққан қалпына түсті.
Бір күндерде алдынан бір қауым қара көрінді, жирен ат айтады: «Осы көрінген қара Айнаханның елдерінің жандары шығар. Біз бұл қалыбымызбен бармалық, біздерден қорқар, ақырын ептеп жүріп, алайық қызын. Мен түрімді өзгертіп, жаман күрең тай болайын, сен түрленіп, бір таз бол». Екеуі де түрленеді, сол күрең тайға мініп, тазша бала болып, бағанағы қарайған шаңға келді.
Сонда келіп, бір адам атан жайып жатыр, алпысы да басы ала. Бала келді, амандасты. Ол кісі айтты: «Не қылған баласың?», Бала айтты: «Елімнен адасып жүргенмін». Ол кісі айтты: «Адасып жүрсең, біздің ауылға бар». Бала айтты: «Қарыным ашып келеді, маған бір ас беріңіз». Ол кісі айтты: «Асым менің жоқ». Бала айтты: «Мына түйенің бірін бер, мен сойып жейін». Бір түйені берді, бала көтеріп жығып, бауыздап сойып, от жағып, отқа пісіріп жеді. Бір түйені бір-ақ жеп қойды. Ол кісі айтты: «Тойдың ба?» Бала айтты: «Бір түйенің несіне тояйын?» Ол кісі айтты: «Тоймасаң тағы да екінші түйені же!» Оны да бала жеді. «Енді тойдың ба? Бала айтты: «Құрсағым азғана тәуір болды, әбден тойғаным жоқ». Ол кісі айтты: «Осы түйе менің өз түйем емес, ұят болар». Бала айтады: «Бұл – кімнің түйесі?». Сол кісі айтады: «Біздің елімізде Айнахан деген ханымыз бар, соның жалғыз қызы бар еді, сол қызды күйеуге берген, соның бүгін тойы бар, сол тойдан барып ет жерсің». Тазша сұрады: «Қызын кімге береді?» – деді. Ол кісі айтты: «Ешкімге берген жоқ. Шақырақай, Қақтырқай, Шарқай деген үш алып бар еді, сол зорлық қылып қорқытып, қызын алғалы жатыр», – деді.
Бала асығып жүрді, тойға келді. Тойға келсе, кермеде үш арғымақ байлаулы тұрады, сол үш арғымақтың қасына келіп аттан түседі, жаман күрең тайын үш арғымақтың қасына байлады. Бір-ақ, үйге өзі енеді. Сол үйде құда, күйеу отырады. Сол тазша жаман қылышын құда мен күйеудің қылыштарының арасына іледі. Өзі шығып кетті. Тойға келді, жаман ас берсе, ішпеді, жақсы асқа тоймады, қолынан берген асқа разы болмады, бергендерін қолынан жеді, бермегендерін тартып жеді, сол тойға сойған етті тартып тауысады.
Бір кісі барып ханға айтты: «Бір тазша келіп, етімізді тартып жеп тауысты, сол тазшаны қайтеміз?». Хан айтты: «Ешкімге жаман сөз айтпа, менің малым көп, сойып бере бер». Сонан соң тазша бұрынғысынан жаман болды, тағы да етін жеп, кеселерін ұра бастады. Бағанағы жаман күрең тайы құда менен күйеудің арғымағын тепкілеп, тістеп шыдатпады. Баланың жаман қылышы құда мен күйеудің қылышын түрткілеп шыдатпады. Құда мен күйеу айтты: «Тазша тайын алсын, қылышын алсын!». Айтқан кісінің сөзін тазша есітпеді. Күйеу мен құдаға ашу келді, айтты: «Хан қалай жаман екен, жаман кісілері тоймайды, бізге оңды ас бермейді, тазша тартып жейді».
Хан айтты кісілерге: «Бар, күйеу мен құдаға үш ту бие сой, үш саба қымыз әпер!». Үш ту биені сояды, жақсы қылып пісіреді, үш астауға салып алып жүреді. Тазша: «Құда мен күйеудің асын мен де жеймін!» – деп, бірге ере барады. Үйге еніп келе жатқанда тазша басын қасып, астаудағы етін бір асайды. Құда мен күйеу ашуланды: «Етті арамдадың, ей, тазша, мында кел. Мына арамдаған етіңді жеп тауыс. Тауыса алмасаң, басыңды алармыз», – деді. Тазша жүгіріп келді, үш астау етті үш-ақ асады, астауын төңкеріп тастап шығып кетті.
Бағанағы Айнаханның қызы отыр екен, оның қасында бір қыз отыр екен. Сыншының Сарықыз деген қызы екен. Тазша шығып кеткеннен соң бұл қыз: «Апыр-ай, жігіт екен!», – деді. Айнаханның қызы сұрады: «Сен, кімді жігіт деп айттың?». «Әшейін деймін». Айнаханның қызы айтты: «Жоқ, нанбаймын сөзіңе, сен бір нәрсе білесің». Қыз айтты: «Айтайын саған, сен ешкімге айтпа. Сені мына отырған Қақтырақай алмайды, мына жүрген тазша алады». Ол айтты: «Бұл жаман тазша қайтып алады?» Қыз айтты: «Бұл жаман емес. Ертең Айнахан саған кісі жіберер, сенен сұрар: «Қызым бұл күйеуге, бұл тойға разы ма, наразы ма?» Сонда сен айт: «Күйеуге разы емен, тойға да, разы емен де». Атаң: «Неге?» – деп сұрар. Сонда сен айт: «Мені не балуан күрестіріп, жыққанға бермедің, не ат жарыстырып, аты озғанға бермедің». Сонда атаң айтар: «Балуан күрестіріп, жыққаның ал, ат жарыстырып, озғаның ал». Атаң ойлар: «Баяғы күйеуін жығатұғын кім бар? Өзі жығар, өзі алар. Сонда оны осы тазша бала жығар. Ат жарыстырса, осы тазшаның күрең тайы келер, сонан сені ол тазша алар. Сен мен айтты деп ешкімге айтпа».
Ертесіне қыздың атасы қызынан сұрады: «Қылған той, бергендеріне разы ма, наразы ма?» Қыз айтты: «Разы емеспін, наразымын, неге балуан күрестіріп, жыққанға бермедің, жарыстырып, аты озғанға неге бермедің? Қорыққаныңнан біреуге бердің». Айнахан айтты: «Олай болса, балуан тұрғызыңыз, қызымды қай жыққанына беремін, ат жарыстырыңыз кімнің аты озып келгенге беремін», – деді.
Құда мен күйеу айтты: «Жақсы, ат жарыстырамыз. Біздің атымыздан кімнің аты озады, қызық ойын болсын!».
Хан қызын беремін деген соң, жұрттың бәрі де ат жарыстырмақшы болды, жеті мың ат жиылды. Сонда тазша күрең тайын қосқалы жүреді, мінгізейін десе бала табылмайды, сасып жүреді, өзі мініп кетейін десе, мына Айнаханның қызын алып кетер деп қорқады. Сөйтіп жүргенде бір қатын келді, бір жеті жасар баласы бар, бұл қатын айтты: «Е, тазша бері кел. Сенің келгеніңді мен білемін, сенің атыңа шапса менің балам шабар, өзге кісі шаба алмас. Мен сіздің елдің қызы едім. Айнаханның елі мені алып келген еді, мынау – сендерден шыққан жұрағат». Ханшентей айтты: «Е, балам, қане менің атыма шаба алатындығыңды білейін, қамшымды көтерші», – деді. Қамшысы тоқсан өгіздің терісінен өрген екен. Бала қамшыны көтеріп алып, жерге салып қалады, қамшы екіге үзіліп кетеді. «Е, бала, менің атыма шабуға жарайды екенсің», – деп баланы атқа мінгізіп жібереді.
Жеті мың атты жеті айшылық жерге айдап жібереді. Сонан соң ат қосқан көп жамағаттар тосып отырады. Тазша мұнда енді жеті қабат жібектен арқан еседі, күмістен діңгек орнатады. Халық оған күледі: «Бұл тазша құтырған ба?» Тазша оны ойына алмайды. Сол жіберген жеті мың аттың жеті күн дегенде шаңы көрінеді. Жұрт «аттар келеді»- деп қарасады, жеті күннің бір күні қалғанда бір қара көрінеді, сол қара жақындап келеді. Күйеу мен құда айтты: «Біздің атымыз – сол», – деді. Тазша қуанып, елдің шетіне жүгіреді, өзі-өзінен қуанып, қол шапалақтап жүреді. Ат бір күндерде жетіп келеді, бұрынғы үйінен шыққан жақсы ат қалыбына түсіп келеді. Әркім қосқан атын таниды, бұл жирен атты ешкім танымайды, тазша шетте тұрып айғайлайды. Сол жирен ат тазшаға қарай шауып келеді. Аттың басын бала тартып тоқтата алмайды. Бала тұсына келді, жібек арқанды балаға тастай береді. Бала аттың сулығынан іліп алып, қайта тастайды. Тазша табанын тасқа қоя тартады, тасты жұлып кетеді, табанын тауға қоя тартады, тауды жұлып кетеді, тауға біткен бір сексеуілге табанын қоя тартқан екен, жеті қабат жібек арқанның алты қабаты үзілді, бір қабаты қалғанда азар-азар тоқтады. Тазша атын алып келіп, күміс діңгекке байлады. Құда мен күйеу енді қорықты: «Аты озған, күрессек, енді өзі жығар. Біздің үйіміздегі Сасыққара алыпты алып келіңіз. Он кісі барыңыз. Он арба көмір апарып төгіңіз. Он кісі көрік басып қыздырып оятыңыз. Жеті күн, жеті түн ұйықтайды екен. Он арбаға салып, алып келіңіз».
Он кісі барып, сол алыпты алып келді. «Е, тазша, мынаны жық, жыға алмасаң басыңды аламын», – деді. Тазша келіп, сол Сасыққара батырмен күреседі, екеуі жеті күн, жеті түн алысады, дөң жерді ой қылды, ой жерді дөң қылды. Екеуі бір-бірін жыға алмады. «Демалайық!» – деп сөйлеседі. Байлаулы тұрған жирен ат шылбырын үзіп, тазшаға жетіп келді: «Сен, тазша, неғып отырсың? Сен жіңішке болсаң да, күшің- қалың, анау-жуан. Жуан болса да, күші аз. Сен екі қолтығыңа екі тас қыстырып ала күрес, сол тастың салмағымен қызарсың. Сонан соң Сасыққараны жығарсың», – дейді. Тазша тұра салып, бір үлкен үйдей екі тасты екі қолтығына тыға күреседі. Сол Сасыққара алыпты алып соқты. Жығып, кеудесіне мініп алды. Құда мен күйеу алыптың жығылғанын көріп, тазшадан қорқып кетіпті.
Тазшаны шақырып, хан үйіне алып кетті. Халық айтады: «Бәрекелді, берсең қызыңды, хан, осыған бер! Бек жақсы кісі екен». Хан соған қызын бермекші болды, халқын жиып, үш күндей той қылды. Жұртын жиып болғаннан соң, хан сұрады: «Осы күйеудің кім екенін білемісің?» Хан күйеудің өзінен сұрауға ұялады, жұртын жиып сұрайды. Сонда бір кісі де білмейді. Сыншының Сарықызы айтады: «Білсем, мен айтайын кім екенін, білмесем, мені сөкпессіңдер!» Хан бұл қызды шақырды. Сыншының Сарықызы келіп айтты: «Апырмай, бұл кім болды, жер астында Қаратүн деген, ол емес. Қара құла ат астында, қара шашы басында Жас батыр десем, ол емес. Майысқақ жирен ат астында, солқылдақ қызыл найза қолында Ерке Сары алып десем, ол емес, Асық бойлы Алтын Сары десем, ол емес. Ақ шұбар ат астында Кірпіш батыр десем, ол емес. Кұнан Қара Бағыс десем, аты ұқсаса да, садағы, ері ұқсамайды. Қарысқара батыр деген батырдын баласы, қабырғасында қаяу жоқ, омыртқасында буын жоқ, Ханшентей батыр болмаса, ол болса, ол түрленіп келген шығар. Сол Ханшентей болсаң, түрлен!» – дейді. Тазша сілкінді, бір көк кептер болып ұшты. Қыз тағы да: «Тағы да түрлен, батыр!» Тазша тағы сілкінді, көк қаршыға болып ұшты. Қыз айтты: «Е, батыр, тағы түрлен, өз қалыбыңа түс!».
Тағы да сілкінген екен, он бесінде туған айдай болып, Ханшентей қалыбына түседі. Оның көркіне жұрт есінен жаңылып, талып қалады. Қыз тұра салып, торғын орамалын суға малып, талып қалған кісілердің бетіне суды себеді. Кісілер есін жиып алды. Айнаханның қызы айтты: «Е, атам, берсең, осындай ерге бер! Берген еріңе болайын! Қылған тойыңа болайын!» Сонан соң хан қуанды, той қылды, қызына алпыс ала бас атан бермекші болды, қырық қыз, қырық жігіт берді, жөнелтпекші болды.
Жирен ат айтады: «Мен бұрынғыдай сені алып өте алман, атаңның үш алтын кілемі бар, соны сұра, сол кілемді жайып өтерсің». Ханшентей кілемді сұрайды, бірін берсе де, екіншісін бермейді. Ханшентей айтты: «Үшеуін бермесең, еліме бара алмаймын. Қызыңның да маған керегі жоқ, мен бұл жерде жүре алман». Сонан хан үш кілемін бермек болды. Кілемді бергеннен соң, алпыс атанға артып бермек болды. Амандасып, жөнелтеді, бір күнде дарияға келіп жетеді.
Шақырақай, Шарқай, Қақтырақай үш алып: «Айнахан қызын бізге бермейді», – деп халқын жиып жатыр екен, Ханшентей кеткеннен соң, Айнаханның елін шауып алып кетеді. Айнахан бір уәзірін Ханшентейға жібереді: «Келе көрсін, елімді шауып кетті», – дейді. Ол кісі Ханшентейға барды. Ханшентей үш алыптың елін іздеп барып, жеті күн, жеті түн алысады, жесір-жебір қылып шабысады, шауып алып келді. Айнаханның елін бұрынғы орнына қайтарды. Шаңырақай, Шарқай, Қақтырақай үш алыптың елін бұрынғы жирен атқа шапқан балаға берді, бұл бала олардың еліне хан болып тұрды. Балаға айтты: «Тағы да не керек саған?» Бала айтты: «Маған көп нәрсе керегі жоқ. Сыншының Сарықызын алып берсеңіз, жақсы болар еді». Сыншының Сарықызының көңілі балада болады екен, баланың көңілі қызда екен. Ханшентей балаға Сыншының Сарықызын алып берді, амандасып, есендесіп қайтып кетті. Бір күндерде қатынына келіп жетті. Сол қырық күншілік от дариясына кілемнің бірін көпір қылып өтті. Онан соң, қырық күншілік от шөлге келді. Оған екінші кілемді көпір қылып өтті. Үшінші кілемді құм дариясынан жайып өтеді. Бұл құм дарияның арғы жағында Ақкірпіш батыр, Ерке сары алып батыр, Жас бала батыр тосып жатады. «Ханшентейдың қылған ерлігін есіттік. Енді алған қатынын көрейік», – деп жатады. Ханшентей келіп амандасып-есендесіп, көріседі. Сонан соң, еліне қарап жүріседі. Ханшентей кісілеріне айтты: «Мен озып кетейін, сен үшеуің алып келіңдер. Менің дөңгелек сызған жеріме қон», – дейді. «Ұзын сызған жерімнен жүріңдер. Аман-есендіктеріңді білемін», – дейді. Оларды тастап, Ханшентей озып кетті.
Озып кеткеннен соң, түнеу күнгі Сыншының Сарықызының айтқан жер астындағы Қаратүн деген алыптың «Айнаханның қызын алсам» деген ойында бар екен. Ол бұрын Айнаханнан қорқып жүрген екен. Ханшентей алып жүргенде, артынан бірге қуып келе жатыр екен. Ханшентей кеткеннен соң, жердің жүзіне шығып Ханшентейдың қатынын алпыс ала бас атан, қырық қыз, қырық жігіт дүние-мүлкін, малын – бәрін асап-жалмап, жердің астына түсіп кетті. Бағанағы үш алып жердің тесігіне бірге түсейін деп еді, аяғын тықса, аяғы жермен кесіліп шолақ болып қалды. Қолын тығып еді, қолы шолақ болып қалды. Аяқ-қолынан айрылып, сол жерде отырып қалды. Ханшентей бір күндерде келе жатып ұйықтағанда, бір жаман түс көрді. Оянып тұрып қайта жүрді, сол артына бір нәрсе болар ма деп. Қайтып келсе ол араға, бәрі де жоқ екен. Үш алып отырады екен. «Бұл не болды?» – деп сұрайды. Үш алып айтады: «Бір жалмауыз келді де, жалмап кетті». Ханшентей жылайды-жылайды. Атын сол арада мықтап байлайды арқандап. Бір арқанды өзінің беліне байлайды. Айтады: «Мен жердің тесігіне түсемін. Сіз арқанның бір жағын ұстап алыңыз, қашан осы арқанның ұшын қимылдатқандай болсам, тарт», – дейді. Ханшентей жердің астына түсті. Жердің астында осындай бір дүние бар екен. Сол жерде арқанын тастап, күннің батысына қарап кетті. Бір күндерде күн болғанда, бір көп затқа, малға келді. Малдың ортасында келе жатса, бір таудай үй тұрады. Үйдің ішіне кіріп келді. Сол- жеті басты жалмауыздың үйі екен. Ішінде өзі жатыр екен. Жеті күн, жеті түн ұйықтайды екен. Сол түні ұйықтаған екен. Ханшентейдың қатыны қасында жылап отыр екен. Ханшентей қатынымен амандасып-есендесіп, бір-біріне сәлем берді. Қатыны айтты: «Е, ерім, өлерсің», – деді. Ханшентей айтты: «Оны өлтірмесем, сені апара алмаймын, өлтірмей апарсам, бізді тағы қуар, өлсем өлейін, бір алысармын». Қатыны айтты: «Сенің күшің жетпес», – деді. Ханшентей қылышын суырып алды. Жалмауыздың басын бір шабады. Жалмауыз түрегелді. Екеуі сол жерде алысады. Үйдің ішін ойранботқа қылады. Жеті күн, жеті түн алысады. «Демімізді алысайық», – деп уәде қылысады. Ханшентей қорықты, «күшім жетпес, ол мені өлтірер» деп. Сол уақытта бір ақсақалды адам жетіп келді. Жеті басты жалмауызға ұрсады: «Е, жалмауыз, бұл дүниені бұнда жалмап біттің, сенің екінші дүниеде не қақың бар? Сенің жылатқан жандарыңның көзінің жасы, қаны көл-дария», – деп таяқпенен салып қалды. Жеті басы талқан болды. Сол адам Қыдыр екен. Шешесінің батасымен қыдырып келген екен, жеті басты жалмауыздың басын алған екен.
Ханшентей тұрды, жалмауыздың ішін жарды, жалмаған жанның бәрі ішінде тірі жүрген. «Ой, тәңірі, көзіңді ашсын!» – деп шулап шығып жатыр. Сол арадан бәрін де алып жүрді. Малын, жанын бағанағы тесікке айдап келді. Арқанды бір-екі қимылдатады. Ол үшеуі тартып алады малын, жанын, қатынын мұны, шығара алмайды бұл дүниеге. Ханшентей жердің астында қалды. Ханшентей жылап-жылап айтты: «Сендерді көріп, бөтен дүниеде жүргенше, көрмей адасып өлейін», – деді жылап. Екі етегін беліне тартып алып кетті Ханшентей. Бір күндерде келе жатыр еді, алдында бір бәйтерек тұрады. Бәйтеректің қасына келіп жатады. Жатса ұйықтап қалады. Ұйықтап жатса, бір қатты дауыс шығады. Сол дауыстан оянады. Оянса, сол дауыс бәйтеректің басынан шығады. Бәйтерекке қараса, бір ұя бар екен. Ұяда үш балапан бар екен. Дауыстап жылаған – сол екен. Бір айдаһар асағалы терекке шығып бара жатады. Сол жыланнан қорқып, балапан жылаған екен. Ханшентей: «осы балапанды асағалы бара жатқан ғой»- деп, менің қатынымды жалмаған жалмауыз сықылды, бұл жыланды мен өлтірейін»- деп қылышын суырып алды. Қылышынан шабылып айдаһар екі үзіліп жатып қалды. Сол жерден тағы да жөнелді. Үш балапан шақырады. «Неткен жан едің, бермен келші», – дейді. Қайтып келіп, сәлем берді. «Не қылған адамсың?» – деді. Ханшентей бәрін де айтты. Қатынын жалмап кеткенін де айтты. Жалмауызды өлтіргенін де айтты. Жердің тесігінен шыға алмай қалғанын да айтты. Онан соң бәрін тастап, өзі кетіп бара жатқанын да айтты. Балапан айтты: «Біздің анамыз алып қара құс деген құс еді. Онан үлкен жан жоқ еді. Біздің анамыз екі дүниеге бірдей ұшушы еді. Жасынан жылында үш бала табады екен. Үшеуін де жылда осы айдаһар асап кетеді екен. Жерге, інге еніп кетеді екен. Ең соңғы тапқан үш баласы біз екенбіз. Бізден соң бала таппайды екен. Біздің жанымызды сен алып қалдың. Қартаймаса, менің шешем алып қара құс тілеген жеріңе шығарар. Бізге көп жақсылық қылдың. Ханшентей айтты: «Шешең қайда кеткен? Балапан айтты: «Шешеміз бізге тамақ әкелгелі кеткен. Шешеміз келгенше, бізге, ағаштың басына келіп жата тұр». Ханшентейды ағаштың басына шығарып алып қанатының астына жауып жатты. «Көрсе, шешем асап қояды сені», – деді.
Бір күндерде шешесі жылап келеді. «Баламды тағы да жылан асап қойды ма» деп келіп, бәйтеректің басына қонады. Бәйтерек майысып, жерге үш тиіп, үш түзеледі. Балапан айтты: «Е, шеше, жақсылыққа жақсылық бар ма, жамандыққа жамандық бар ма?» Шешесінен үш сұрайды. Шешесі айтады: «Жақсылыққа жақсылық бар дейді, жамандыққа жамандық бар», – дейді. Балапан айтты: «Жақсылыққа жақсылық болса, бізге жақсылық қылған – мынау», – деді. Шешесі айтты, Ханшентейға: «Маған сен көп жақсылық қылдың, қартаймасам, сені жер жүзіне шығарар едім. Маған осы үш баланы сен бердің. Сенің хақыңды бұл дүниеде өтей алман. Сен маған құлан менен бұланнан алпыс айғыр алып кел. Мені жемде. Сонымен мен сені алып ұшып көрейін. Ханшентей мылтығын мойнына салып, ертеменен жүгіріп кетті. Құлан мен бұланның алпыс айғырын алып келді. Қарақұс соның отызын жеді, отызын артып, Ханшентейды мінгізіп алып жүрді. Бағанағы қатынын тастаған жерге келді. Үстіне сол малын, жанын артады. Бәрін де артып алып, ұшады көкке қарап. «Былай қарағанымда, бір айғырдың етін сал аузыма, былай қарағанымда, екі айғырдың етін сал аузыма», – дейді. Ханшентей айтқанын қылды, былай қарағанда бір айғырдың етін аузына салды, былай қарағанда екі айғырдың етін аузына салды. Алып ұшып жүргенде, бір күншілік қалғанда, айғырдың еті таусылады. Ханшентей сасқанынан қоң етін кесіп алып, аузына тастай береді, адам етінің күшіменен Қара құс жер жүзіне жетіп келді. Алып келсе, бұрынғы тастап кеткен үш алып боғын жеп, сідігін ішіп киімінің жамауын пісіріп, етігінің қонышын пісіріп жеген екен. Сол күнде жамбасы таусылған екен, сол күнде келмесе үшеуі де өледі екен. Қарақұс айтты: «Бұл не қылған адам?» – деді. Ханшентей айтты: «Бұл үш кісі – менің жолдасым», – деді. Қара құс айтты: «Жақсылыққа жақсылық», – деп, үшеуін үш асап, үш тастады, үшеуі үйден шыққан қалыбына түседі. Қара құс айтты: «Е, Ханшентей, баяғы маған адам етін бердің, бұл – өзіңнің қоң етің болған, ал», – деп, етін қайтып құсып тастайды. «Бұл етті қоңыңа жапсыр», – дейді. Ханшентей жапсырды. Бұрынғы қалыбына түсті. Қара құс: «Енді қош, есен бол», – деп қайтып кетті.
Ханшентей енді бәрін де үйіне алып барады. Бір күндер болғанда бала батыр жеріне келді. Жас бала батыр айтты: «Үйірін сағынбас ат болмас, елін сағынбас ер болмас, Ханшентей мырза ойнап-күліп жүрдік, еліме барамын, есен бол», – деді. Еліне келсе, елі жоқ еді. Бір жау елін шауып кетіпті. Ханшентейға жылап келді. Ханшентей барып Жас бала батырға бір елді шауып келді.
Тағы да Ханшентей жөнелді. Бір заманда күндер болғанда Ерке сары алып батырдың жеріне жетті. Ол да елінде қалайын десе, елі жоқ екен. Әлдеқашан бір жау шауып кеткен екен. Ханшентей тағы барып, бір елді шауып берді. Тағы да бір заманда, күндер болғанда, Ақ Кірпіш батырдың жеріне жетті, оның елін тағы да бір жау алып кеткен екен, оған Ханшентей тағы да бір ел шауып әкелді.
Сонан бір күндер болғанда үш Қара Бағыстың жеріне келді. Сол үш ағасы, шешесі, жұрт жиып отыз күн ойын қылды, қырық күн тойын қылды. Сонан соң шешесі айтты: «Енді біз разымыз. Сен де разы бол, көптен көп жүрдің, жақсылық пен жамандықты білдің, енді өз әкеңді, шешеңді іздеп тап». Сол малын, мүкаммалын қара құладан қанжармен қақ жарып бөліп, жартысын үш баласына, жартысын Ханшентейға берді. Амандасып, «құдай алдында табысалық» деп жыласып, айрылысып кетіпті Ханшентей.
Сонан жүріп, бір заманда күндер болғанда, өз елін іздеп тауыпты. Әке-шешесін іздеп таба алмады. Елден сұраса, біреу айтады; «Пәлен ауылда тіленші болып жүр». Ол ауылға келсе, «тағы да бір ауылға кетті» деп айтады. Іздеп-іздеп жүріп, елдің бір шетінен тапты. Келіп тапса, әкесі мүлде қартайып кеткен, үстінде киім жоқ, бетінде өң жоқ, «балаң келді» деп айтса да білмейді, есі жоқ, біреу қатты айтқан екен, сонда кішкене есіне түсіріп білді. «Мынау – сенің балаң», – деп көрсеткен екен, сол жерде баласын көргеннен соң, әкесі қуанғаннан жиырма бестегі жасына келді, шешесі он бестегі жасына келді. Ханшентей сол жерде патша болып, елі-жұртын билеп, жүз толғанша отырды, алмаған жау болмады, бармаған жер болмады. Сөйтіп дәурен сүріп, бір күнде дүниеден өтеді дейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *