Нәрік батыр

Нәрік батыр
Бұрынғы заманда Нәрік деген батыр болыпты. Өзінен туған баласы жоқ екен, бір құл Шора деген баланы асырап, бала қылыпты. Бір күні ойлапты: «Өзімнен туған балам жоқ, «кісі баласы кісендесе де тұрмас» деген сөз бар еді, менің мұным келіспейді екен, қартайғанда мені кім күтеді, сүйегімді кім қолынан жуып арулап қояды, онан да қалың беріп, бір қатын алайын, құдай тағала маған да бір бала бермес пе екен?», – деп. Сол күнде жасы тоқсанда екен, көп мал беріп, бір жарлының Меңдісұлу деген он алты жасар қызын алыпты. Бір күні хан Қазақай нөкерлеріменен құс сала сахараға шығыпты. Қолындағы ақ сұңқар деген құсын құсқа жіберіпті, сұңқар жіберген құсына бармай, бөтен жаққа ұшып жөнеліпті. Хан біраз жерге шейін қуып, жете алмай, өзі шаршап тоқтап, бір жолдасын екі атпенен манағы құстың кеткен жөніне жіберіпті «тауып алып кел» – деп. Жолдасы қуып келсе, айдалада бір жалғыз үй тұр екен. Сұңқары соның төбесіне келіп қоныпты. Ханның жасауылы үйдің қасына келіп: «Үйде кім бар? Кісі бар ма, мына ханның құсын алып бер»,– депті. Бөтен адам жоқ екен, Нәрік батырдың үйі екен. Меңдісұлу шығып, құсын алып беріпті, мұның сұлулығына талып түсіп қалыпты. Біраз жатып, есін жиып, түрегеліп, атына мініп, құсын алып, ханға келіпті. Хан сұрапты: «Неге кешіктің?» – деп. «Сұңқар далада бір үйдің үстіне қонып еді, бір әйел шығып алып берді, соның сұлулығына талып біраз жаттым, есімді жиып атқа мініп келгенім», – дейді. Сонан соң хан: «Мен сол әйелді аламын, маған тисін», – деп кісі жіберіпті. Онда Меңдісұлу айтыпты: «Ханыңа сәлем айт, арыстанның алдындағысын – мысық, қасқырдың алдындағысын – қоян ала ма екен?» – депті. Ханға келіп айтқан соң, хан ойлапты: «Нәрікті арыстан деп, мені мысық дегені ғой, Нәрік батырды қасқыр деп, мені қоян дегені ғой. Нәрік батырға әліміз жетпес, күрессе күшіміз жетпес, онан да мұны шақырып алып, барса келмес өлімге жұмсап, қатынын сөйтіп алайын»,– деп, хан бір күні «науқастандым» деп жатыпты. Нәрік батырды шақырып алып айтыпты: «Нәрік батыр, мен науқастанып өлетін болдым, дәрігерлер айтады, айдаһар жыланның сүтін ішсең жазыласың, болмаса өлесің, – деп. Сол айдаһардың сүтін әкелуге жалғыз-ақ сенің күшің келеді, өзгенің шамасы келмейді, соны маған тауып әкеліп бер. Арылмас ат, таусылмас азық берейін»,–депті. Нәрік батырдың ойында еш нәрсе жоқ: «Олай болса, тақсыр, мен барайын, сіз өлгенше, мен өлейін, мен өлсем, жалғыз-ақ өзімнің үйім иесіз қалар, сіз өлсеңіз, бүкіл жұрт иесіз қалып бөтен жұрттарға олжа болар, бүгін үйіме барып, ертең жүрейін», – деп үйіне келіпті. Жамағаты Меңдісұлу сұрапты: «Хан неге шақырған екен?» – деп. Нәрік батыр айтыпты: «Хан бек қатты науқас екен, науқасына айдаһардың сүті керек, соны алып кел,- деп шақырған екен, соған ертең жүрейін деп келдім», – депті. Онда Меңдісұлу айтыпты: «Ханның науқасы түгіл еш нәрсесі жоқ, сені барса келмеске жұмсап, сен кеткен соң мені алайын деген ойы бар, сен оған барма», – депті. Онда Нәрік батыр ішінен ойлапты: «Мұны сынайын, мен тоқсандағы кәрі шалмын, анау алтын тақтың үстіндегі хан, байқайын, осы қатынның өзі ханға қызығып, астыртын сөйлесіп жүрген шығар. «Айдаһарға барамын» деп кетейін де, түнде жасырынып келіп үйімді байқайын, қатыннан болып жүрген болса, онда қатынды өлтірейін, қатын нақақ болып, ханнан болса, онда ханды өлтірейін», – деп, ханнан ат мініп, азық алып кетіпті. Түнде жасырынып қайтып келіп, үйін тыңдап тұрса, хан бірнеше жолдастарымен үйге еніп, Мендісұлуға айтыпты: «Сені алжыған шалдан құтқарып, өзім алайын деп келдім, сенің жас уақыттағы өмірің дүниеден бекер босқа өтпесін деп, енді өзімнің сарайыма жүр», – депті. Онда Меңдісұлу айтыпты: «Мен әуелден-ақ айтып едім ғой, маған тоқсандағы шал болса да, құдайдың бұйрықты қосқан адамы. Тірі болса өзін, өлсе аруағын күтіп отырамын, маған хан керек емес, енді көп отырма, үйімнен шығыңыз»,–депті. Сол уақытта хан ашуланып, үйінен шығыпты, Артынша хан кеткен соң, Нәрік батыр үйіне келіп, қатынына көңілі бітіп, разы болыпты. Онан соң ойлапты: «Ханды өлтірсем, қасындағы ханның жарандары да қарап тұрмас, бекер көп адам қырылып, қаны төгіліп, жұрт бүлінер, онан да бір бөтен жаққа өзім кетейін», – деп, ертеңінде үйін жығып көшіпті. «Артымнан көп қуып келсе, өз обалы өзіне, келмесе, еш адамға тимеймін», – депті. Бірнеше күн көшіп, баяғы асырап алған құл Шораға айтыпты: «Меңдісұлу сол уақытта айы жеткен жүкті екен, мен ілгері барып, пәлен жерде бір тауға үй салайын, сен шешеңді алып менің артымнан кел, маған жеткенше шешең босанып ұл тапса, өзімнен келіп сүйінші сұра, қыз тапса, өздерің жайларыңмен келерсіңдер», – деп, өзі ілгері жүре беріпті. Бірнеше күннен соң Меңдісұлу толғатып, бір ұл бала тауыпты. Құл Шора: «Сүйінші сұрайын» – деп әкесінің соңынан қуып беріпті. Келсе, әкесі үй салып жатыр екен: «Сүйінші, әке, шешем ұл тапты!», – дегенде, «Қалағанынды ал, шырағым, ініңнің атын кім қойдың?» – депті. «Құл Шораның інісін батыр Шора қойдым», – депті. «Шырағым, сүйіншіңе еліңе қайтқың келсе, азат қылайын», – депті. «Тұрамын десең, екеуіңді бала қылайын, сен ағасы, ол інің болсын», – депті. Онда құл Шора: «Сен ұлықсат берсең, еліме кетемін». Атынан түсіп, атын өзіне беріп, жаяу жүгіріп жүре беріпті. Барып-барып, бір қырдың астына түсіп, қайта келіп айтыпты: «Әке, мен сені тастап қайда кетейін? Неге сенейін деп едім, «Азат еткенің рас болса, соңымнан қумас, онда бала да қылар, жоқ шынымен азат етпеген болса, мені тек құл ету үшін жұмысыма қызығып жүрген болса, онда мені жібермес» деп ойлап едім, енді мен сенде тұрсам, рас бала болармын, батаңды бер», – деп, батасын алып, шешесін көшіріп әкесіне әкеліпті. Мұнан соң үй салып, сол жерде тұрыпты.
Нәрік қартайғанша бала көрмей тарығып жүрген адам, баласы ержеткенше асығып: «Үйде тұрсам уақыт өтпес, түрікпен жұртына барып ат-тұрман, қару-жарақ істетіп келейін, осының бір «ата» деген тілін есітіп өлсем арманым болмас ед», – деп, жүріп кетіпті. Нәрік сол жұртта жеті жыл жүріпті. Бір күні үйіне қайтып келе жатқанын қатыны Меңдісұлу көріп, екі баласын алдынан шығарыпты, «әкең келеді» деп. Құшақтап, баласын сүйіп, бірін алдына мінгізіп, бірін артына мінгізіп, үйіне келіпті. Нәрік үйіне келіп тынығып, демін алып, екеуі сөйлесіпті: «Құдайдан бала тілеп, оның қызығын көрдік, енді қалың беріп, қыз айттырып, мұның да қызығын көрейік», – депті. Бір күні құл Шораны ертіп барып, жақын жердегі бір байдың қызын айттырып құда болыпты. Жүрерде батыр Шора айтып қалған екен: «Аға, барған жеріңнен маған бір он шақты қой айдап әкеліп бер, соны ермек қылып ойнап жүрейін»,– деп. Жаңа болған құдасынан еш нәрсе алмай, тек бір он қой алыпты, «балаға ойынға керек» деп. Онда құдалары күлісіпті: «Нәрік батырға дүние қажет емес, тек бала ойнап жүруге», – деп. Бір күні батыр Шора он қойды қуалап, далада ойнап жүрсе, ер-тоқымы мен қырық ат айдаған бір адам жақындап келіп, мұның бала екенін көрген соң, «мұнымен сөйлесіп не сөзге жаримын»- деп бұрылып жүре беріпті. Сонда Шора батыр: өзіне жолықпайын деп баласынып кеткеніне ашуланып, шақырып, тоқтатып келіп сәлем беріп: «Жолың болсын, кімсің?» депті. Онда ол кісі айтыпты: «Шырағым, өзің кімнің баласысың?»–деп. «Нәрік батырдың баласымын», – депті. «Ағамыз Нәрік батыр аман ба, Қырым батыр дегенмін, қасыма қырық кісі алып пәлен жердегі қалмакқа аттанып барып едім, қырық жолдасымды өлтіртіп, қырқының атын айдап, тек өзім ғана қайтып келе жатырмын», – депті. Онда Шора батыр айтыпты: «Олай болса біздің ауылға жүріп, ағаңа көрісіп, қонақ болып кетерсіз», – депті. Онда Қырым батыр айтыпты: «Алла риза болсын, шырағым, ісім асығыс, ағамызға сәлем айт!», – депті.
Нәрік батырдың баласы: «Шора батырға Қырым батыр далада жолығып қонақасы беруге жарамай, құр ауыз жіберді деген сөзге қояр-ау», – деп; «Атыңнан түс, мына қойды сойып, осы жерде қонақасы жегізіп жіберейін», – деп болмай атынан түсіріпті. Қойын айдап келіп, бәрін де сояйын деген екен. Қырым айтыпты: «Шырағым, ат қағып шаршап жүрген адамға бір қой да болар», – деп. Бір қойын пісіріп, жегізіп, аттандырайын деп тұрғанда, Қырым батыр айтыпты: «Шырағым, мынау аттардың арасынан қалаған атыңды алып қал», – деп. Онда Шора батыр айтыпты: «Мынау қырық атыңыздың ішінде мен мінетін көрінбейді. Маған қисаңыз, мынау астыңыздағы кер атыңызды беріңіз», – депті. Қырым батыр айтыпты: «Шырағым, саған ат қимастық істемеймін, бірақ жасымнан мініп, жау жаулаған кәрі жолдас болған ат еді, мұның бір туған інісі бесті бір кер ат бар, мұнан артық болмаса кем емес, соны келіп алып кет!», – дейді. Онда Шора батыр айтыпты: «Барып алайын, өзің еліңе неше күнде жетесің?» – деп. «Қырық атқа қырық күндік, кер аттан түспей отырсам, бес күнде жетемін», – депті. «Жарайды, ендеше, өзіңіз еліңізге барғанда барып алармын», – дейді Шора. «Саған деген аттың аты – Таспагер деген, онымен қалмақтың жұртын аралап жүрегін шайлықтыр, атағыңды аруақ көтерсін!» – деп, Қырым батыр жүре берді. Қырым батырдың сәлемін Нәрікке айтыпты. Мұнан соң, күндегідей қойын айдап жүре беріпті. Бір күні Меңдісұлу айтыпты: «Биылғы істетіп әкелген киіміңді киіндіріп, қару-жарағыңды асындырып, қуанайық та»,–деп. Нәрік те: «Жарайды», – деп, киімін киіндіріп, қару-жарағын асындырып, жарасқанына қуанып айтыпты: «Енді менің шұбар тұлпарыма алтын ат-тұрманын салып мінгізіп, астыңа жарасқанын көрейік», – деп, ерттеп мінгізіп, киімінің, қару-жарағының, ат-тұрманының баласына жарасқанына қуанып, әке-шешесі айтыпты: «Шырағым, олай-бұлай аяңдап жүрші», – деп. Бала өзі де қуанып, әр нәрсені ойлап, олай-былай жүргенде баяғы Қырым батыр есіне түсіп, онан «барып аламын» деген Таспагер ат есіне түсіп, ойласа, «барам» деген күні асып кеткен екен. Бір уақытта бала шауып ала жөнелді. Баласының қайда кеткенін біле алмай, олай-бұлай іздеп таба алмай, әке-шешесі, ағасы жылап отыра беріпті. Бір күні Қырым батырдың даладағы қарауылшысы шауып келіпті: «Ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін көп жау келеді»,–деп. Онда Қырым батыр айтыпты: «Қорықпандар, ол жау емес шығар, жеті жасар жас бала, мен танысам күшті Нәрікұлы Шора батырдың келіп, Таспагерді алатын мезгілі болған. Сол Шора батырдың аруағы шығар. Біреудің тілінде, біреудің көзінде бар, ешқайсысың шықпаңдар, мен өзім барып, ел ішіне кіргізбей, сол жерде тоқтатып, үстіне үй апарып тігіп, қонақ етіп, атын беріп жөнелтермін» – деп. Шора батырдың алдынан келіп: «Батыр, сапарың оңғарылсын, «Ата-бабаңның аруағы қалың қаптап келеді екен, ел ішіне кірме, осы жермен жөнелтемін», деп. Үй алып келіп тігіп, қонақ етіп, атын беріп қайтарыпты. Атына көңілі бітіп, қуанып, үйіне келіп, «әке-шешем мені не деп отыр екен, «өлді» деп жылап отыр ма екен білейін» деп жасырынып келіп, үйін тыңдапты. Тыңдап тұрса, әкесі шешесіне айтыпты: «Жоқ пәлені бастап, киім кигізіп қуантамын деп, жалғыз баладан айрылдың». Онда шешесі айтады: «Киім кигізгенмен жаяу бала қайда баратын еді, жоқ сұмдықты бастап, алжыған атыңды мінгіземін деп, алып қашып кеткен ғой»,– деп. Әке-шешесі сөйтіп отырғанда, Шора батыр кіріп келіпті. Екеуі екі жағынан құшақтап сұрапты: «Шырағым, қайдан келдің?»–деп. «Қырым ағама барып, жау жаулайтын Таспагер атымды алып келдім. Әке, неше күн, неше түн шабысқа шаршамайды екен, шығып сынап беріңіз»,–депті. Әкесі шығып сынап көріп: «Шырағым, атың қайырлы болсын, нағыз тұлпардың өзі екен, дүние жүзі қара тұман болса, жер жүзіне қалмақ толса, үзеңгі шығармастан он екі күн, он екі түн шабысқа шаршамас», – депті. «Олай болса, он екі күн, он екі түнде дүние толған жау болса да қырармын!», – депті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *