Маймыл мен шегірткенің сайысы

Маймыл мен шегірткенің сайысы
Өте бір ертедегі кезде қатты қуаңшылық болып ормандар, жемістер солып, маймылдардың жеуіне еш нәрсе болмай қалғандықтан, олар шегірткені ұстап жеуге кіріседі. Бұның салдарынан шегіртке маймылдармен өштеседі. Бір күні шегірткелер маймылдарға қалай төтеп беруді ақылдасады. Сонда бір топ шегіртке:
– Маймылдың күші мықты, бірақ олардың саны өте аз, ал біздің күшіміз әлсіз, бірақ біз өте көппіз. Тек бірлесіп қимыл жасайтын болсақ, маймылдарға төтеп бере аламыз, – деседі. Шегірткелердің бұл кеңесін бірнеше маймыл естіп қояды. Олар айғұлақтана айқай салып:
– Ей, кішкентай өлімтіктер, біз жаппай қимылға келетін болсақ, тұқымдарыңды тұздай құртамыз. Сендер айла істетсеңдер де бізге төтеп бере алмайсыңдар,-дейді. Шегірткелер маймылдың қоқан-лоқысын тыңдамай, жалғасты түрде кеңесе береді. Ол бір айла, бұл бір ақыл ортаға қойысады. Сонымен шегірткелер таңғы шық әбден құрғап, күн шыжып, ми қайнайтын кезді сайысқа түсудің ең жақсы кезі деп қарасады. Сонан әлгі бір топ маймылға:
– Ертең түстен бастап сайысуларыңызға дайынбыз, – деп жауап береді. Маймылдар өз тобына ахуалды айтып келеді. Олар ағаштың бұтағынан, қурайдан шегіртке сабалайтын қару дайындайды. Су ішетін бұлақтарын аршиды. Шегірткелер жерге біткен қылтандарды сорып, әл дәрмендерін қуаттандыра түседі. Түнде өрмелеп, бұлақтардың көзін бітеп тастайды.
Ертесі сәске кезінде сайыс басталады. Топталған маймылдар қолдарындағы аша, қурайлармен жерді сабалап, айғай-сүрен сала шабуыл қозғайды:
– «Өлімтік, ұсақ құрттар, қанеки қашып құтылғандарыңды көрейік, сенің қауқарың неге жетпек»десіп шуылдайды.
Күннің қызуына құшырлана қанаттарын керіп, аяқтарын серпіп, ағаш бойы секіруді, аспанда ұшуды машықтанып жатқан шегірткелер абыржымайды да саспайды. Олар:
– Күн шыжи түссін, аптығып кетпеңдер ақылсыз арбаңбайлар, кішкентай құрттың да керемет екенін көресіңдер әлі, – деп жан жақтан шырылдап үн қатады маймылдарға, топты маймыл шегірткенің шықтан қорқатын, судан қорқатын әлсіздігін білмейді. Құр сес көрсетіп шегірткені қорқытпақшы болады.
Күн төбеге жақындай түседі, жер әлем қатты шыжиды. Осы кезде шегірткелер:
– «Ал сайысқа түскеніміз түскен» деп соғыс жариялайды. Қалың маймыл қолдарына ағаштың бұтағы мен қурайды алып жерді сабалай бетке ұмтылады. Шегірткелер өз кеңестері бойынша дүркіреп аспанға шығады. Бір жерге қонып шөп нілімен тамақтанып алған соң маймылдар жетіп келгенде тағы ұшып көкке шығады. Сөйтіп, кешке дейін маймылдар олай бір, бұлай бір жүгіріп әбден діңкелері құрып, көздері қарауыта бастайды. Шөліркеп суға ұмтылса, су біткеннің бәрі шегіртке қырыққан шөп қурайлармен бітеліп, көруге де болмайтын болып қалғандықтан, су таба алмайды. Өстіп маймылдардың дәрмені құрыған кезде шегірткелер ұшып келіп, олардың өне-бойын, басын, бет-аузын жыбырлатып тырнай бастайды.
– Қане, шамаларың жетсе, бізді қырып тастамайсыңдар ма? Міне, үстілеріңе қондық, таяқтарыңмен ұрмайсыңдар ма, – деп жан-жақтан шұрқырайды. Мұны естіген маймылдың кейбіреулері қасында жүрген маймылдың төбесіне үймелеген шегірткені ұрып өлтірмек болып, ол маймылды сабалай жөнеледі. Мұны көрген маймылдың тағы бір тобы «Соғыстың жақсы әдісі енді шыққан екен» десіп, өздерінен басқа бір топ маймылға қонған шегірткені жоғалтпақ болып, оларды таяқпен ұрып қуалай жөнеледі. Ыстық күнде күшейіп алған шегірткелер бүкіл маймыл біткеннің бәрінің төбесіне қонып ұшып, ұшып қонып келемеж етеді. Ессіз маймылдар бірінің қасына бірі келіп:
– «Төбемдегі шегірткені бір қой», «Мұрыныма қонған шегірткені ұрып жықшы», «Шықшытымды қышытып жіберді, таяғыңмен жанып қалшы», «Иығыма…арқама жармасқанын қарашы, таяғыңмен ұрып жаншып тасташы» деседі. Сонымен барлық маймыл бірін-бірі ұрып өлтіре береді, өлтіре береді…шегірткелер мазақтап көкке ұшып, жерге түсіп маймылдарға ырық бермейді. Кеш бата маймылдың барлығы қирай жоқ болып, өздерін-өздері жамсатып тауысады. Ең соңында үш сайда үш маймыл қалады. Сайдағы шегірткелер бұл маймылдың құлақтарына дейін қонып жыбырлата түседі. Бұл маймылдар «мені соқ… мені соқ» деп алды-артына қарамай безіп жүріп әбден діңкелері құрығанда жығылып түседі. Оларды соғатын маймыл қайдан болсын, әлдеқашан бірін-бірі соғып күйреп болған. Сонан олар көптен кейін естерін жиып төңірегіне қарайды. Сөйтсе серіктері қырылып қалыпты. Содан олар:
– Қап, тегінде біз таңғы шықтың мол кезінде соғысқа аттанбай, шегірткелерден алданып қалған екенбіз. Енді өкінгенмен түсер пайда жоқ. Серіктеріміздің ең соңғы бір ұрпақтары болып, басымызды аман сақтап қалғанымыздың өзі-ақ үлкен олжа, – деседі де зытып беріседі. Шегірткелердің бір тобы олардың құлақ түбінде шұрқырап:
– Қалай екен, бізді өлімтік құрттай деп, көзге де ілмеп едіңдер, ал тірлігі мықты батырларым тойдыңдар ма? Ұсақты әлсіз дегеніңмен ол бірігіп қимыл жасаса, керемет екенін көрсетеді, – дей береді. Маймылдар құлағынан шыққан шегірткелер үнінен онан арман қорқып зыта береді, зыта береді…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *