Маймылдың өлімі

Маймылдың өлімі
Баяғыда бір түйе болыпты. Ол бұта басын шалып жеп, ағаш жапырағын сыдырып жеп, бірде ойда, бірде қырда кезіп жүр екен.
Күндердің бірінде маймылдар жасап жатқан ну орманға келіпті. Ол әдеті бойынша ағаш жапырағын сыдырып жеп, ағаш біткенді сидалай бастапты. Ағаш басында секіріп жүрген маймылдар түйеге таңырқай қарасыпты. Маймылдардың арасынан біреуі:
– Ой, досым, сен біздің жесек азық, жатсақ жамылғы, отырсақ төсеніш болатын жапырағымызды қидай сыпырып, орманымызды жалаңаштауың қалай? – депті.
– Е, маймыл досым, сен білмейсің ғой, мен бір рет тоя жеп, шөлімді қандырсам, қырық күн аштық пен шөлге шыдаймын, биыл ағаш басы сояу болғанымен келер жылы қайта көктеп, жапырақ жайып, мәуелейді-деп жапыраққа тойған түйе маң-маң басып кете беріпті.
Жыл айланып жапыраққа дәндеген түйе жаз күндерінің бірінде маймылдардың орманына қайта келсе ағаш жапырақтары төгіліп, маймылдар ағаштан-ағашқа секіріп, мәз-мәйрам болып жүріпті. Баяғыдағы маймыл түйеге:
– Ей, досым аман келдің бе? Сен расында керемет екенсің! Жазымыз жадырап, көңілді өтіп жатырмыз, бұдан былай екеуіміз дос болайық-деп маймыл мен түйе араларынан қыл өтпейтіндей дос болыпты. Олар бір көлдің жағасын мекендеп, тұрмыстарын жақсы өткізіп, достық барыс-келісті нығайта түсіпті. Бір жылы құрғақшылық жүріп, жан-жануарларға ауыр апат әкеліпті. Маймыл өз қамын ойлап, түйені өлтіріп азық ету арам ойына келіп:
– Екеуіміз аштан өлеміз бе? Басқа жануарлар апаттың алдын алып, азық жинап, қамданып жатыр. Біз бақшаға барып алма жиып алайық – деп түйені бақшаға ертіп барыпты. Түйе алмаға тойып алып, керіліп тұрғанда бағбан келіп қалады. Осы кезде залым маймыл ағаштан-ағашқа секіріп құтылып кетеді. Бағбан түйені ұстап алып өлімші етіп сабап, көгала қойдай қылады.
Маймылдың өзіне қас ойлағанын сезген түйе:
– Бұл арадан кетейік өйтпегенде бағбан екеуімізді де өлтіреді, өзеннен өтіп, арғы жақ жағаны мекен етіп тіршілік көрейік депті.
Сонда ақымақ маймыл түйеге секіріп мініп алыпты. Түйе өзеннен өтіп келе жатып шөге қалғанда, маймыл суға ағып кетіпті. Сөйтіп, «Біреуге ор қазсаң өзің түсесің» дегендей түйеге қастық ойлаған маймыл өзін-өзі жоюмен тынады екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *