Жолбарыс пен түлкі

Жолбарыс пен түлкі
Ерте заманда бір жолбарыс ормандағы дала хайуандарына өзін
«патшамын» деп жариялапты, бір үңгірді өзі жалғыз иелеп, жейтін азығын жыртқыш аңдарға алман-салық қылып салып, әрбір жыртқыш аң шамасы келген қоңыр аңнан бірден әкеліп тапсыруды бұйырады екен. Орналастыру бойынша жолбарысқа жем әкелу кезегі түлкіге келеді.
Түлкі орманға барып шамасы келетін қояннан біреуін ұстап әкеле жатып, жолда бір құдықтың басына келіп, құдыққа қараса, судағы өз сәулесін көріп селк ете түсіп, қайта бір қарап көңілі орныққан соң, есіне мынадай бір қулық түсе кетіпті.
– Осы жолбарыс патша болып, өзі жатып алып, бізге жем тасытып күн
көрсетпейтін болды. Бүйте берсе, бізге күн жоқ. Құдықтағы судың сәулесі арқылы бір алдамға түсірейін оны, – деген байламға келіп, қоянды өзі жеп, тойып алып, қоянның жүнін құдықтың аузына додырайтып шәшіп тастап, жылап-еңіреп жолбарысқа келіп:
– Патша тақсыр, бір қоянды әрең ұстап келе жатсам, жолда бір дәу
кезігіп қоянымды тартып жеп алды да, құдықтағы суға түсіп кетті.
– Бұл патша азығы еді, – десем:
– Патша батыр болса, маған келсін! – дейді.
Сонымен сізге құр қол келдім, – дейді. Сонда жолбарыс бір жақтан қарны
ашып, бір жақтан намысы қозып, ашуға булығып:
– Менен асқан қандай дәу екен ол, маған тез көрсет оны,– деп түлкіні
ертіп құдыққа келсе, айтқандай қоянның додыраған жүні жатыр. Мұны көріп онан ары ашуланған жолбарыс, түлкіге қарап:
– Ол қайда кетті? – дегенде, түлкі тұрып:
– Шамаңыз келер ме екен, апыр-ай! Бұл өте қауіпті көрінеді. Егер
шығып қалса, одан бұрын қимылдамасаңыз, оқыс қыларма екен, – деп жолбарысқа жанашырлық білдіре сөйлесе, жолбарыс онан ары ашуланып, әрі намыстанып:
– Тез, көрсет! – деп ақырыпты. Түлкі қатарласа келіп, өз сәулесін
түсірмей, жолбарысты бір адым алдыға жүргізіп, жолбарыстың судағы сәулесі көрінгенде қоянды тартып алған дәудің өзі осы, – депті. Сонда жолбарыс судағы өз сәулесін аңғармай, «бұрын қимылда» деген сөз есінде тұрып, суға бірақ секіріп түсіп, сол беті қайта шыға алмай, ашумен суға тұншығып өліпті. Сөйтіп, түлкі өзінің жолбарысты суға түсіріп өлтіргенін бүкіл ормандағы, біткен аңға жариялапты. Барлық аң біткен еркіндік алыпты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *