Жалғыз жігіт

Жалғыз жігіт
Бұрынғыда Жалғыз жігіт деген батыр болыпты. Оның әке-шешесін соғыста қалмақтар жеңіп өлтірген екен. Жалғыз жігіт ержеткеннен кейін, әкесінің кегін алуға жанына бір жолдасын ертіп алып, қалмаққа қарай жол тартып жөнелген. Сонымен келе жатып, көп қалың қалмақтың әскеріне жолығып, сол жерде соғысып, есеп жетпес қалмаққа екеуі екі жағынан бастап тиісіп, кешкі уақытта қосылып, келіп жатады. Екі күн өтіп, үшінші күні Жалғыз жігіт өледі. Жанындағы жолдасы сол күні қалмақты жалғыз қырып бітіріп, жан-жағына қараса, Жалғыз жігіт өліп жатыр. Күрең аты басында айналып оттап жүр екен. Қасына жолдасы келсе, басы бір бөлек, денесі бір бөлек жатыр екен. Басын денесіне қосып, үш күн жылап: «Құдая, осыны маған тірілтіп бер!» – деп отырғанда, Жалғыз жігіт: «Жау қай жақта?» – деп атып тұра келіп, тұра атына мініп, жолдасымен екеуі Көктөбеге қарай тартады. Дәл Көктөбеге келгенде Жалғыз жігіт жанындағы жолдасына: «Тоқта!» – деді. Жүріп келгеніне үш күн болған екен, «Менің халім бітті, енді өлемін», – дейді. Жалғыз жігіттің Жаңыл деген әйелі бар екен, ол үйінде екіқабат қалыпты. «Соған сәлем де, қыз туса, атын өзі білер, менің жайым осындай болды, ұл туса, баланың атын Ертұяқ қойсын!», – деп жолдасына қош айтып жылап, жанын сол жерде береді.
Сонымен, жолдасы таудың басына көр қазып, Жалғыз жігітті көміп, күрең аттың сайманын мықтап байлап, Жалғыз жігіт тапсырып кеткен атты басына байлап, жылап-жылап, батырды құба жонға тастап, елге қарай тартты. Араға бірнеше күн жол жүріп келе жатқанда, Жаңыл үйдің төбесіне шығып тұрып жалғыз қарайғанды көріп: «Уа! Жалғыз жігіт өлген екен!» – деп жылап, манағы жалғыз атты жолаушының алдынан шықты. Келіп жолықса, айтқанындай, күйеуінің құрдасы, екеуі көрісіп-жылап, құрдасы басынан өткен уақиғасын Жаңылға баян етті. Жаңыл екі жақсы пар атты жеккізіп құрдасымен екеуі Жалғыз жігіттің жатқан жеріне жөнелді. Артынан саба мен қойларын алып, елінен ақсақалдар келіп қалды. Жаңыл Жалғыз жігіттің қабірін құшақтап жылап, жанындағы жолдастарының жылауын тоқтатып, құран оқып, бата қылып, еліне қайтты.
Еліне келіп, бірталай уақыт жүрді. Жаңыл тоғыз ай, он күннен кейін босанып, бір ұл тапты, елі жиылып, қызықтап той қылып, ауылдың ақсақалы, молдасы жиылып баланы қызықтады. Жаңыл айтты: «Әкесінің тапсырып кеткен аты бар. Соны сіздер тауып қойыңыздар, – деді. «Кім тапса, соған бір қысырақтың үйірін және қанша дүние берем», – деді.
Айтқанындай, ақсақалдар, молдалар жиылып кітап ашып, баласының атын сандалып таба алмай отырғанда, бір кедей кәрия адам келіп: «Сіздер таба алмайсыңдар, баланың аты-Ертұяқ», – деді.
Сонымен молда мен ақсақалдар бос қалып, әлгі нашар адам бір қысырақтың үйірін алып, қанша дүние алып, разы болып кетті.
Сонымен, Ертұяқ төрт-бес жасқа келгеннен кейін, ауылдың балаларымен доп ойнап, сираққа қағып өлтіре береді, асық ойнап балалардан ұпай алып өлтіре берді. Бір күні ауылда бір кемпірдің жалғыз баласын ұпай алып, өлтіріпті. Әлгі кемпір Ертұяқты: «Жалғызыңнан жайрағыр, менің жалғыз баламды өлтіргенше, жорықта өлтірген әкеңнің құнын даулап алсаңшы!» – деп баланы қарғайды. Бала оны елемей жүре берді. Бір күні асық ойнап, садағын иіріп, үйіне келе жатқанда бір кемпірдің өрмегіне садақ тиіп кетіп, үзіп тастады. Әлгі кемпір баланы қарғап: «Қалмақтан әкеңнің құнын алсаңшы, менің өрмегімде не алмағың бар еді?» – деді. Бала үндемей өрмегін жалғап беріп, кемпірдің арқасынан қағып: «Әлгі сөзіңді, шешеке, маған түсіндіріп қайыра айтшы?», – деп анығын кемпірден сұрап алып, үйіне келіп шешесі Жаңылға: «Бидай қуырып бер!», – дейді. Шешесі бидай қуырып берді. Бидайды жеп отырып: «Мә, шеше!» – деп қолына баса қойып: «Менің әкем қайда, менде туысқан жоқ, жұрттың бәрі айтады, «әкеңнің құнын қалмақтан даулап алсаңшы, дейді», – деп шешесін қысады. Шешесі: «Ол – жұрттың бос сөзі ғой, оған ерме, балам», – деп еді, бала оған болмады. Қолы бидайға шыдамай, шешесі шынын айтады. Әкесін қалмақ өлтіргенін анық білген соң, бала жүрмекші болады. Шешесі: «Балам, қолыңа жүген алып жылқыға бар, қай жылқы бетіңе қараса, соны ұстап мін!», – деді. Бала қолына жүген алып жылқыға барды. Жүгенді сылдыратып еді, бір қотырша тай қарай қалды, бала менсінбей жүгенін қайта шылдырлатып еді, әлгі тайдан басқа жылқы қарамады. Сонан соң: «Осы бұйырған шығар», – деп ұстап, жайдақ мініп алып еді, бесті ат болып тұра қалды. Үйіне келіп, ер-тұрманын ерттеп мініп еді, жеті жасар ат болып шықты. Үйдің белдеуіне әкеліп байлап еді, жерді тарпып ауыздығымен алысып тұрды.
Сүйткенше болған жоқ, «жау келді» деген хабар тиді. Ел жаман дүрлікті, қорқып Ертұяққа келді. Ертұяқтың он бес жастағы кезі, манағы Ертұяқ әкесінің құрдасына барды. «Заман осылай болды, бұрын жаудың бетін көрмеген соң, сіз басшы болып жүріңіз!», – деп еді, әкесінің жолдасы бармады. Бала ашуланып: «Өлмесем, артынан сені көремін», – деп, жалғыз өзі ауылдың жанына келген қалмақпен ұрыс салды. Сонымен қырғанын қырып, қалғаны қашып құтылды. Ертұяқ жауды қырып болғаннан кейін, манағы әкесінің құрдасының үйіне келіп: «Бармысың, үйден, шық?!» – деп айқай салды. Әкесінің құрдасы шықпасқа халі жоқ, қорыққаннан шықты. Бала қолымен көтеріп алып, қанжығасына байлап, екі аяғын балпақтатып алып үйіне келе жатқанда, шешесі алдынан шығып, баласына жалынып: «Қарағым, ашуыңды маған бер!», – деп, сөйтіп жанын алып қалды.
Бала біраз тынығып алып, ауылынан екі жүз әскер және бір жауырыншы, бір құмалақшы алып, қалмаққа және жөнелді. Келе жатып жауырыншы жауырын қарап: «Бұл жолда барғанменен жолымыз болмайды екен, қайтайық», – деді. Оған Ертұяқ болмады. «Шыққан бетімнен қайтпайым, не болса да барып көрермін», – деді.
Жанындағы екі жүз жолдасы кейін қайтып, жанына үш сыншы ертіп алып, қалмаққа қарай келе жатып, бір төбеге келді. Төбенің басына шықса, мына жағынан сықырлаған қалың қалмақты көрді. Сол күні төбеге қонды. Шаһардың бауыры-терең қара су екен, Таң атқаннан кейін, үш жолдасына айтты: «Кейін бара тұр, мен қалмаққа барып көрейін», – деп, «тәуекел»-деп соғысқа кірісті. Соғысып, қалмақты қойдай қырды. Қалмақтың әскерлері бітіп қалған кезде, бір әуемен тірескен қалмақтың батыры қолына күрзі шоқпарын көтеріп келіп, Ертұяққа айтты: «Сен аманыңда кейін қайт, мен өлсем арманым жоқ, артымда үш ұл, бір қызым бар. Сен өлсең, артыңда қалған дәнеңең жоқ, тұяқсыз қаласың, елге бар да, әйел ал, бала көр, тоғыз жылға шарт жасайық, оған шейін қызық көр, артымызда кек алатын тұяқ қалсын», – деді. Содан Ертұяқ кейін қарай қайтты үш жолдасымен.
Төрт кісі келе жатып бір шаһарға келді. Құдық басында қалың жылқының ішінде бие сауып жүрген қыз-келіншекке келіп: «Шөлдеп келеміз, құдықтан су алып беріп жіберіңіз», – деп еді, келіншек айтты: «Үйге жүріңіздер, үйде қымыз бар, содан ішіңіздер», – деді. «Жарайды», – деп аттарын суарып, үй жаққа қарай келді. Келіншек үйіне келіп қызға: «Төрт кісі келді, біреуі – түсі бір түрлі суық адам, жолдастарының түсі сары, жол жүрген адам сияқты, осы сіздің Ертұяқ болмаса еді», – дейді. Әлгі қыз да Ертұяққа айттырып қойған қыз екен, соған кез келген екен. Жігіттер келіп, қымыз ішіп отырғанда жөн сұрасып, танып, жеке алты қанат ақ отауды тігіп жіберіп, әлгі бай әкесі той қылып, екі-үш күн Ертұяқтар жатып, тынығып еліне қайтады.
Жолшыбай келе жатып жанындағы жолдастарына: «Мен бұрынырақ барып, шешемді жұбата берейін», – деп Ертұяқ озып кетті. Келе жатса, алдынан бір қарайған көрінді. Жақындаса, шешесі Жаңыл екен. Түс көріп, баласының келе жатқанын біліп, алдынан шығып келеді екен. Жолығып, жылап көрісіп, мауқын басып, үйіне келді. Сонымен қайта барып, келінін алып келіп, қырық күн тойын, отыз күн ойынын істеп қызық көрді. Алған келіні тоғыз ай он күннен кейін босанып, бір ұл тапты. Оның атын Шашбай қойды. Шашбай жеті жасқа келгенде қалмақтан хабар келді, «жыл жақындады, кешікпей келсін» деп. Ертұяқ: «Жарайды, айтқан күніңде мен даяр, бәлем қалмақ, көзіңді оярмын!», – деп қайтарды. Ертұяқ тағы бір ұл көрді, оның атын Темір қойды. Темір бір жасқа келгенде қалмақ айтқан уағы да бітіп, Ертұяқ Шашбайды ертіп қалмаққа қарай тағы жөнелді. Келе жатып Шашбайға жақ мылтық атып үйретті. Сонымен қалмақтың қолына килігіп, соғыс ашты. Соғыста екеуі екі жағын қырып келіп, кішкенеден соң, қосылып қайтып отырады. Уағда қылған қалмақ жолығып қалып, Ертұяқтың атқан оғы қалмақтың кеудесінен өтіп, қара тасты аударып, жерге бір кез кірді. Калмақтың атқан оғы да Ертұяқтан өтіп, қара тасты аударып жерге бір кез енген.
Дәл осы күні бала қалмақты бітіріп қырып, қалмақтың көпшілігі сондай, аққан қан мен өліктен аяқтарын алып жүре алмаған. Шашбай қалжырап қалған екен, тұрса, әкесі жоқ. Аты бос, әкесінің жанында жүр. Шашбай атына міне сала: «Жау шапты, әке, жау шапты!» – деп айнала шапқан. Содан кейін Ертұяқ көріп: «Кәне, жау қай жақта?» – деп атына тұра мініп жөнелген. Шашбай қолтығынан сүйеп: «Жау міне, мына жақта», – деп бетімен айдалаға тартқан. Біраздан соң әкесі Шашбайға: «Тоқта балам, менің халім бітті, үйде қалған жандарға сәлем айт. Темір жастай қалған, танымассың, бара қалсаң, оң жақ бетінде қалы бар, содан танырсың» – деді. Баласымен көрісіп, жылап: «Қалған екеулеріңе өмір берсін. Мені осы жерге жақсылап тұрып көм, мына күреңше атты басыма мықтап байла!», – деген. «Ертұяқтан дұғай сәлемде», – деп, жан тәсілім беріп жүре берген.
Күйікті бала таудың тасын үйдей-үйдей қылып, әкесінің көрін қазып қойған. Сонымен бала жылай-жылай, айдалада қай жақта екенін білмей, сар даланың сағымымен жарысып келе жатыр. Өзімен бірге шыққан бір қарлығашпен қатар келе жатыр. Баланың аты да қалжырап, өзі де қалжырап отырды. Манағы қарлығаш озып барып, балаға айналып келіп:
«Мүсәпірім, жылама, мына алдымызда үлкен дария бар, соның жанына алып барайын, менімен бірге жүр», – деді. Бала қуанып, атына мініп, тұра жөнеліп дарияға келіп еді, алдынан көпір пайда болып, құдайдың жұмсауымен балаға жақсылық етіп өткізді. Бала қара жерге басып өте шықты.
Ар жағына барса, қалың тоғай арасында бір жолмен соғып келе жатып, талдың сыртынан көп түйе баққан бір шалға жолықты. Келіп сәлем беріп, жөн сұрасып: «Ауылыңыздың басшысы кім болады?» – деді. Шал айтады:
– Елдің басшысы Жалғыз жігіт еді, оны бір соғыста қалмақтар өлтірген, оның баласы Ертұяқ бар еді, ол соғысқа кеткен, хабар жоқ.
– Ертұяқтан бала бар ма? – деп сұрады. Шал баладан қорқып дірілдеп:
– Ертұяқтың Шашбай, Темір деген баласы болған. Шашбай өзімен бірге кеткен, Темір дейтін баласы елде. Ертұяқтың шешесі мен әйелі өлген. Темір Жарабай деген байдың қолында. Мал-мүлкін ел алды. Жартысын Жарабай алды.
Мұны есітіп: «Жарабайдың ауылы қайда?» – деп Шашбай сұрайды. Шал: «Арғы ауыл», – дейді, – бергі ауыл – Ертұяқтың ауылы, – дейді. Бала тұра шабады, ауылды «қырайын»- деп ойлайды. «Жоқ, мұным ашу шығар, Жарабайдың ауылына барайын, Темірді танып алайын», – деп ойлап, өз ауылынан асып бара жатса, алдында қақтың жиегінде бес-алты бала доп ойнап жатыр екен. Шашбай салып отырып, соларға келді. Келген соң алты баланың бесеуі сәлем беріп, біреуі сәлем бермей, тұрып қалды. Сонан соң Шашбай:
– Сен не деген тәртіпсіз баласың, мынау бес бала сәлем бергенде, сен неге тұрып қаласың? – деді. Бала: «Мені тексеретін сен емес», – деп айтысып тұрып алды. «Әкем – Ертұяқ, ағам – Шашбай болатын болса, мен кімнен қорқып сәлем бере алмақпын?!» – деді.
Шашбайдың әкесінің айтқан сөзі ойына түсіп, балаға айналып қарай қалып еді, оң жақ бетінде қалы бар екен. Шашбай: «Ойбай, бауырым!» – деп аттан түсіп келіп, інісімен көрісіп, танысып жатқанда бес бала Жарабайға хабар берді «Темірдің ағасы келіп қалды» деп. Жарабай сасып, киіз үй тіккізіп жіберіп, қой сойып, жалбақтап даярланып, Шашбайдың алдынан шығып, жеке үйге күтіп, неше күндей жатты. Жарабай айтты: «Жарығым, Темір, осы мал бәрі – сенікі», – деді.
Темір:
– Малыңның керегі жоқ, жалғыз күреңшені берсең болады, – деді. Жарабайдың бермеске халі жоқ, атын берді. Шашбай мен Темір елімен амандасып, тағы да қалмақты іздеп жүріп кетті. Келе жатса, алдындағы таудың ар жағынан бер жағына үйдей-үйдей тасты лақтырып жатыр.
Шашбай жанындағы інісіне айтты: «Мынау-қалмақтың баласы Омар, Қарақұл деген, бізге тас жіберіп жатыр», – деді. Темір ести сала ашуын бойына жиып, үйген тасты жұлып алып, лақтырып жібереді. Тасты лақтырыса-лақтырыса екі жағы бірінің қарасын бірі көрді. Үлкені Қарақұл Шашбаймен, Омар Темірмен қолындағы қылыштарын тастасып, жай алысты. Бұл төрт батырдың алыстарынан таудың тасы жүндей болды. Әлден уақытта Қарақұл қайратын бойына жиып, Шашбайды көтеріп әкеп соқты. Оны Темір көре сала қайратын бойына жиып, алып Омарды аспанға асықша атты. Омарды қағып алып ағасы Қарақұлды астына салып беріп, қылышты алып, екеуінің басын алып, тағы қалмаққа қарай жөнелді.
Екеуі бір тасты көлдің жиегіне келіп, қос тігіп мекен қылып жатты, құлан-бұлан атып жүрді.
Бір күні Темір Шашбайға айтты: «Бүйтіп жата бергеніміз жарамас, біреуміз әйел алайық, жолыңыз үлкен, сіз барып қыз іздеп келіңіз», – деді. Шашбай айтты:
– Жарайды, бауырым, өліп кетсек ұрпақсыз қалғанымыз жарамас, екеуміз қылышымызды ауысайық, менің көңілім жақсы болса, қылыштан май тамады, егерде бейнет көрер болсам, қылышымнан қан тамады, сонда іздерсің, – деп жүріп кетті.
Күнбатысқа қарай келе жатса, шаһардың бауырында бір шақырымдай жерде қос тұр. Соған келсе, бір сұлу қыз отыр, қыз айтады:
– Ойбай, ағатай, аждаһа келеді, сіз кетіңіз, жесе, мені жесін. Осындай ауылымызға бір аждаһа келіп: «Маған күніне жеуге бір қыз беріп тұрасыз, әйтпесе шаһарды жұтам», – деп, сонымен қыздар бітіп, ақыры патшаның жалғыз қызы бүгін маған кезек келді», – деді. Шашбай:
– Қорықпай отыра бер, мен ұйықтайын. – Жеті күн, жеті түн ұйықтайды екен. Қыз: «Қазір келеді, кетіңіз», – деп еді: «Жоқ, ұйықтаймын, келіп қалса оят, оянбасам, саныма пышақ салып ал», – деп жатып қалды. Бір заманда аждаһа көрінді, қыз Шашбайды оятты, оянбады, пышақ салайын десе, өліп қала ма деп қорқып, жылап басына келіп отырды. Бір уақытта көзінің жасы Шашбайдың бетіне тамып, Шашбай қылышын алып атып тұра келді, аждаһа да қарсы жүрді. Аждаһа өзіне қарай тартқанша, Шашбай садақпен қақ ортадан тартып қалып, екі бөлді. Жон терісін сойып, қалтасына салып, жатып ұйықтап қалды.
Ертеңгісінде «қосты көшіріп алайын» деп ауылынан жігіттер барса, қыз отыр, бір жігіт ұйықтап жатыр. Бұдан қорқып, атын аяғына байлап, қос пен қызды көшіріп еліне алып барды. Елінде бір батырсымақ жігіт бар екен, сол: «Аждаһаны мен өлтірдім»- деп патшаға сөйледі. Патша: «Аждаһаны кім өлтірсе, қызымды соған берем», – деген екен. Сол бойынша, әлгі жігітке «қызын берем»-деп тойын қылып жатқанда, Шашбай оянып, патшаның есігінің алдына келіп айқай салады: «Кіруге рұқсат па?» – деп. Біреу шығып еді, қорқып үйіне қайыра кірді. Патшаның өзі шығып: «Ұлықсат!» – деп үйге алып келді. Келгеннен кейін Шашбай: «Мына тойларың немене?» – деп сұрады. «Осындай ауылымызға бір аждаһа пайда болып, сол аждаһаны өлтіргенге қызымды берем, деген уағдам бар еді. Аждаһаны өлтірген жігітке қызымды бермек болып істеп жатқан-тойым». Шашбай айтты: «Шақыршы, өлтірген қандай жігіт, көрейін», – деді. Патша күйеу жігітті шақырып алып келді. Шашбай айтты: «Аждаһаны өлтірген болсаң, қандай белгің бар?» – деді. Жігіттің қолында ештеңе жоқ. Шашбай: «Мынау не?» –деп жон терісін сілтей берді. Жігіттің мойнына су кетіп отырды. Патша жігітті алып барып, «сен өтірік айттың» деп дарға асып өлтірді. Сонымен қайыра ойын-тойын істеп, қызын Шашбайға берді.
Шашбай ол күні ақ отауға қызбен бірге жатты, жарым түншілікте үйге сәуле түсті. Шашбай қыздан сұрады, қыз айтпады, сұрап болмағаннан кейін қыз: «Оңтүстік жақта қарсақтың інінде түнде қыздар ойнайды, соның сәулесі маған түсіп тұратын», – деді. Шашбай ішінен ойлап: «Ойбай, Темірге алып берейін», – деп, түн сала дәуге айтты: «Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?» – деді Шашбай. «Алыспақ керек», – деді.
Дәу алысып, Шашбайды тиірменше үйіріп, бір-ақ соқты. Аяқ-қолын байлап, қырық кез зынданға салды.
Үйде қалған Темірдің қылышынан күнде май тамып тұратын, сол күні қан тамды. Темір бір сұмдықтың болғанын біліп, атына мініп алып жөнелді, күнбатыстағы шаһарға келді. Алдынан ауылдың қатындары шығып, үйге алып келді. Шашбаймен екеуінің киген киімі бірдей, танымай «күйеу келді» деп, қуанып жатыр. Кешкіде патшаның қызымен бірге жатты. Темір жеңгесі екенін біліп, арасына қылыш салып жатты. Тағы да жарым түнде үйге сәуле түсті, «бұл не?»- деп Темір сұрап қоймаған соң, қыз айтты: «Оңтүстік жақта бір дәу бар, түнде шарбақтың ішінде қыздарды ойнатып тұрады. Темір тұрып: «Шашбай осында екен» деп жөнелді.
Шарбаққа келді, шарбаққа келсе, дәу жүр. Көре сала: «Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?», – деді. Темір: «Алыспақ!» – деді. Сол жерде алысып, дәуді тиірменше иіріп соқты. «Менің ағам қайда, шапшаң тап? – деді,– таппасаң басыңды аламын!» – деген соң, қорыққанынан «тауып берейін» деп зынданға барып, ә дегенше зынданнан алып шықты. Інісімен көрісіп, дәуді босатып жіберді.
Таңдап жүріп, Темірге бір қыз алып, Шашбай қайнына келді. Ертеңіне Шашбай інісімен екеуі екі қыз алып, қанша дүние-мал мен патшадан тұтас үй алып барып, қосының жанына қонды.
Екі үй болып отырды. Екі-үш жыл өткеннен кейін Шашбайдың әйелі екіқабат болып, тоғыз ай он күннен кейін босанып, бір ұл туады. Оның атын, Найзабай қояды. Артынан Темірдің әйелі босанып, одан да бір ұл туады. Оның атын Қылыш қойды. Найзабай мен Қылыш екі жасқа келгенше Шашбай мен Темір соғысқа шыққан жоқ. Екеулері үйде қалған малға ие болған уақытта, он-он бес жасқа келгеннен кейін, Шашбай мен Темір соғысқа кетті. Екеулері қалмаққа кез келіп, соғыс ашты. Сол қалмақтың ағасы, «екі інімді өлтірді» деп, өшігіп іздеп жүрген манағы Қарабілек батыр Шашбайды жеңіп, басын алып, «Темір өлтіреді» деп, ұлы дариясының ортасында салған үйі бар екен, соған тартты. Темір қалмақты қырып салып, Шашбайды қараса, денесі жатыр, басы жоқ. Темір жылап, Қарабілекті іздеді. Келе жатып, бір мүсәпір жыланға жолықты. Жылан айтты: «Қайда барасың?» – деп.
– Темір:
– Қарабілекті іздеп барамын, – деді.
– Қарабілекті сен ала алмайсың, оның Ұлы дариясының ортасына салған үйі бар, соған кетті,– деді.
– Оған қалай барам? – деді Темір.
Жылан айтты:
– Менің баламды бір аждаһа тартып алып қойды, соны өлтіріп берсең, мен тауып берейін, – деді.
Темір: «Құп болады!» – деп жүріп келе жатып, жарқырап жатқан аждаһаға кез келді. Темір жақынырақ барған кезде, аждаһа ысқырып, Темірді аузына жұтуға жақындап барып қалды. Енді «өлдім» дегенде, садақты басып қалып аузынан кірген оқ арт жағынан бір-ақ шықты. Құйрығымен соғайын деп еді, қылышпен екі салды. Жыланның қатын-баласын алып беріп, жыланмен екеуі Ұлы дариясына жөнелді, жақындап барғанда жылан айтты: «Мен осы дария бойына тартылып тұрайын, сен бұзып көр», – деді. Темірдің шамасы келмей, жыланның жанына қайтып келді. Жылан айтты: «Шамаң келмесе, мен осы үйдің төбесін қақ жарып жөнелейін, сонда ұстасаң ұстадың, ұстамасаң, менің қылар қайратым жоқ», – деді. Жылан қақ жарып жөнелді. Қарабілек тұра қашты. Темір шап беріп ұстап, Қарабілекті аттың құйрығына байлап, соғысқан жеріндегі Шашбайдың денесіне келді. Қарабілектің кеудесінде жаны мен құр сүйек қалыпты. Темір айтты: «Тірілт, Шашбайды!». Қарабілек жан-жағына аузынан көбік шашып жынын шақырып еді, Шашбайға жан бітіп тұра келді. Темір Қарабілекті байқамай өлтіріп жіберді, егер өлтірмесе, Қарабілек қай күні өлсе, Шашбай сол күні өледі екен.
Шашбай Темірге айтты: «Енді әкемнің басына барайық, сені бір алып келіп көрсет!» – деген сөзі бар», – деді. Сонымен екеуі әкесінің басына келіп, құран оқып жылап жатты. Әкесінің басында атының құр сүйегі тұр екен, Шашбай айтты: «Мен енді әкемнің жанында қаламын, үйдегі жандарға тегіс сәлем айт», – деп Темірмен құшақтасып, жан тәсілім беріп, өтті. Темір ағасын оңдап, лақаттап қойып, атын басына байлап, «жанындай жалғыз ағасынан айрылған оңай ма?» жылап қайтты.
Қайтып келе жатқанда Найзабай мен Қылыш аңда жүріп мылтық атып жүргенде, қарауыл қарап, Қылыш Шашбайдың өлгенін білді. Келе жатқан жалғыз қараға Найзабайды жібереді, өзі үйге хабар беріп, Темір мен Найзабай келді. Жеңгесі жылап көрісіп, сонымен Найзабайға әкесінің өлгенін білдірмей еркелетіп жүрді.
Темір еліне көшті, көшіп келе жатып, сиыршыға жолықты. «Бұл сиыр-кімдікі?» – деді. «Бұл-Мысыр шаһарының малы екен». «Басшысы кім?» –деді. «Басшысы-Қарабілек батырдың қарындасы. Әкесі, ағалары өлгеннен кейін өзі патша болып тұрды. Сол әкелерін өлтірген адамдармен соғысам деген ойында бар», – деді.
Батыр: «Ендеше, соғысатын болса, хабар бер. Соғысатын кісі келді де». Барып сиыршы хабар берді. Қалың әскерді жиып жіберіп, соғыс ашып, үш батыр үш жағынан ақырып, қойға тиген қасқырдай қырып, қан ат бауырынан келді. Қалған әскер тарады. Қыз айтты: «Мені Шашбайдың баласы Найзабаймен күрестірсін, жықса, мені алсын», – деді. Майданға күреске шыққанда қыз бата алмады. Найзабай қызды алып, қыздың орнына патша болды. Темір өзінің туған елін көшіріп алып барып, қалмақтың бәрін жеңіп, мұратына жеткен екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *