Батыр мен бала

Батыр мен бала
Ертеде бір батыр жорыққа аттанып келе жатыр екен. Көз ұшынан бір қара көрінеді. Таяп келсе, әлгі бір астында қара тайы бар бала екен. Баладан батыр жөн сұрағанда: «Серік болатын жолдас іздеп жүрмін», – дейді.
Батыр:
– Саған мен серік боламын, – дейді. Екеуі жолдас болып, келе жатады. Баланың қолындағы қамшысы өте жақсы екен, батыр әлгі қамшыны балаға лайық көрмей, өзі алғысы келіп, батыр алудың қисынын білмей, астындағы арғымағына сеніп: «Балам, қамшымызды бәйгеге тігіп жарысайық. Қай озғанымыз пәлен жерден тосып алайық» – дейді. Бала: «Жарайды», – дейді де, екеуі жарысып кетеді. Батыр жарысып келе жатып артына қараса, артында бала көрінбейді. «Апырай, шынымен-ақ озып кеткені ме?» – деп алдына қараса, бала белгілеген жерлерінде батырды күтіп тұр екен. Батыр аяңдап келіп, ұялып, қолындағы қамшысын балаға береді. Бала:
– Ата, өз қамшым бар ғой, маған біреудің қамшысының керегі жоқ. Сіз болмасаңыз, – дейді.
Содан кейін екеуі тағы да жүреді. Жүріп келе жатып бір көп жылқыға кездеседі. Жылқыны аралап келе жатса, бір тай қазанның ауданындай аттың ізіне кездеседі. Ізге түсіп келе жатса, аттың ізі жоғалып кетті, орнына есіктей-есіктей жаяу адамның ізі кездеседі. Сөйтіп келе жатқандарында алдарынан бір киіз үй кездеседі. Үйдің белдеуінде бір үлкен ат қаңтарулы тұр екен. Әлгі із осы аттыкі екен деседі. Сөйтіп келіп, үйдің жанына тоқтайды. Үйдің ішінде бір-екі адам сөйлесіп отырады. Екі адам өздерінше сыбырласып отырмыз десе де, батыр мен балаға айғайлап айтқандай естіледі.
Екеуінің сөзі мынау екен. Біреуі:
– Ей, сен әлгі атты түнде жолды аралағанда, терлетіп тастаған жоқпысың? – дейді.
Екіншісі:
– Е, ол несіне қиналады, біресе мініп, біресе арқалап отырдым, – дейді.
Сөйтсе, жаңағы батыр мен бала жылқы аралағандағы біресе тай қазан аумағандай ат ізі, біресе есіктей жаяу ізі болып жүрген мына үйдегі адамның біресе атты мініп, біресе арқалап жүргендегісі екен.
Бала: «Ата, түсейік, не де болса көрерміз, – дейді.
Батыр: «Ай, балам! Менің жүрегім тайқақтап тұр-ау», – дейді. «Ендеше, түспей-ақ қоялық», – деп екеуі жүріп кетеді. Жүріп келе жатып батыр:
«Апырай, ә! Осы бала менен гөрі бала болса да батырлау. Осы әлгі үйдің мен маңайынан жүруден қорқып тұрғанда, ол түсіп көрейік, не де болса дейді», – деп ойланып, балаға қарап қояды.
Жүріп келе жатып екеуі бір тойға кездеседі. Тойға келсе, екі пар болып палуан күрестіріп жатыр екен. Бұлар келіп, бір аз жағына қосылып отырады. Бір уақытта ана жақтан бір отырғаны түйедей, тұрғаны үйдей бір балуан шығады. Бұлар отырған жақтан оған қарсы ешкім шықпайды. Бала батырға:
– Ата, мен шықсам қайтеді? – дейді.
Батыр:
– Ойбай, қарағым-ау! Ананың түрі анадай, сенің түрің мынадай, өлтіреді ғой, немене, өзің бұрын әлдеқандай балуандығың болушы ма еді? – деп сұрайды. Бала:
– Ата, ешбір істеген батырлық, ерлігім жоқ еді. Бірақ мұнан да жасымда, бес-алтыдағы кезім болу керек, әкемнің бір кісі алатын бурасы болушы еді. Сол бура түйешіден басқа елдің бәрін алып тастап, жалғыз түйешіге тимеуші еді. Бір күні әлгі бура түйешіні де өлтіріп тастапты. Ауылдан адамды шығармай тұрып алды. Сонан мен: «осы аяқты малдан қорқып тұрсыңдар ма?» – деп, бураға қарсы шыға келдім. Бура аузын ашып тап бергенде, маңдайдан жұдырықпен қойып жіберіп едім, миы аузына түсіп өлді. Екінші, одан кейін сол хабарды естіп, еліміздің бір қолбасы болған батыры менімен бір жолықсам деп аңдып жүріп, бір күні қолымда қамшымнан басқа түгім жоқ, жылқы қайыра шыққанда әлгі жау болып тиіп, мені «ұрып таста!» – деп сойылмен бастан салып өткенде, маған оның сойылы еш нәрсе етпеді. Мен өте бергенде жанынан қамшымен осып жіберіп едім, қабырғасы сөгіліп кетіпті. Сол жерде тіл қатпай өліп еді. Осы екеуінен басқа ешқандай батырлығым да, балуандығым да жоқ, – деді.
Батыр:
– Ендеше, қарағым, өзің біл, шығам десең шық. Мен тілегіңді тілейін, – деді.
Сонан бала киімін шеше салып, балуанға шығады. Ана дәу балуан айқай салып:
– Ай, аналарың бала ғой! – деді, – өледі, әрі алыңдар, – дейді. Бала жұлып алғандай: «Өлсем, құным төлеусіз болсын» – деп ұстаса түседі. Ұстай ала баланы лақтырып жібереді. Бала аяғынан тік тұра қалады. Қайта келіп, ұстаса түскенде, тағы лақтырып жібереді. Тағы да жығылмай, аяғынан тік тұра қалады. Бұл ыза болып кетіп: «Ойпырмай, маған не болды?» – деп жүгіріп келіп, бұғана тұсынан қапсыра ұстай алып, тартып қалғанда, бұғанасын жұлып алады. Дәу балуан сол жерде тіл қатпай өледі. Әлгі дәу балуанның адамдары: «Кісімізді өлтірдің, құнын бер», – деп, дау шығарады. Екі жақтан бітім шығып, тоқтатып, балаға түйе бастатқан тоғыз етіп, бәйгесін береді. Бала алған бәйгесінің бәрін батырға береді де, өзі батырмен қош айтысып, жүріп кетеді. Жүріп келе жатып, қоналқалыққа бір қалың тоғайға жетеді. Күрке тігіп, от жағып, тамақ пісіріп отыр екен, есіктен салдырлатып бір адам кіреді. Бала ет жегенде әлгі адамға ет берсе, өтірік жегенсіп, төбесінен лақтырып жіберіп отыр екен. Бала байқай отырып, мұның адам емес, жезтырнақ екенін біледі. Тамақ ішіп болған соң, әлгі адам кетіп қалады. Бала оның өзін аңдып келіп кеткенін біліп, өзі төсегіне жатпай, төсегіне бір ағаш кесіп алып келіп жатқызады да, өзі мылтығын алып аңдып отырады. «Ұйықтады-ау» — деген кезде әлгі қайта айналып келіп, ептей басып, баланың төсегінде жатқан ағашты кеуде тұсынан қарқылдап күліп, бас салады. Сол уақытта бала көздеп атып, мылтықпен басып кеп қалады. Жезтырнақ мұрттай түсіп, қайта түрегеліп жүріп кетеді. Тамған қанның ізімен жүріп, қалың ағаш ішіндегі қуысқа кіреді, Ептеп келіп, есігінен сығаласа, есігінен кіре құлап өлген екен. Бас жағында бір-екі кішкене баласы жылап отыр екен.
Бала әрі-бері көріп, «осы екі кішкене бала не қылады,»- деп үйге кіріп келген екен, екі баласы: «Шешемізді өлтіріп, енді өзімізді өлтірейін, деп келдің бе?» – деп екеуі жағасына жабыса түседі.
Бала екеуінің де басын кесіп алады. Үйін ақтарып қараса, үйінде дүние-нәрсесі бар екен. Баланың ұзатайын деп жүрген бір қарындасы болады екен, соның сәукелесі жоқ екен, соған нәрсесінен бір ғана сәукеле алады. «Бірақ алғанмен мұның екі баласын, қатынын өлтірдім. Енді бұлардың әкесі бар ғой, ол осы сәукеленің исімен бір іздеп табады. Оны не де болса, осы арадан күтіп алайын», – деп неше күн тосады. Бірақ, әкесі келмейді. Келмеген соң; «Не де болса, үйімнен күтіп алайын»,– деп жүріп кетеді. Келгеннен кейін, бірнеше күннен соң, қарындасын ұзатады. Қарындасы ұзатарда ағасынан әлгі сәукелені сұратады. Ағасы әкелерін әкелсе де, «мұның иесі іздеп келгенде осының исімен қарындасыма барады ғой, онан да өзімде тұрсын»- деп бермеген екен. Қарындасы сұратып болмаған соң, көңілін қимай береді. Берерде қарындасын шақырып алып:
– Шырағым, болмадың енді, ал, бірақ не жеті жылда, не тоғыз жылда мұның иесі іздеп келеді. Иесі – жеті басты жезтырнақ. Ол келгенде күндіз келмейді, түнде келеді. Өзің қашан соның көзін жойғанша, түнде ұйықтама, күндіз ұйықта. Түнде отырғанда қолыңа бір жылқының санын ал, бір өткір пышақ ал, кіре бергенде санмен желкеге салып жібер. Сонда ол маңдайша түсіп кеткен екен деп кеудесін жоғары көтере берер, сол тұста пышақты сұғып ал, онан қашсаң, өзің өлгенің, – дейді.
Сөйтіп, қарындасын ұзатады. Барған соң, қарындасы түнде жатпайды. Өңкей ғана күндіз ұйықтайтын болады. Барған күйеуі: «қатыным жынды, түнде қасыма жатпайды» -деп неше рет оқытады да, қаратады да, бірақ ешбір ем болмайды.
Бір күні түнде отырғанда қорада: «Исі мына жақтан шығады, жоқ, мында екен», – деген дауыстар шығады. Ептеп есіктен сығаласа, жеті басты жезтырнақ өзінің бастарымен сөйлесіп келе жатыр екен. Сан мен пышақты алып, есіктің қайырылысына тұра қалады. Есіктен жезтырнақ кіре бергенде желкеден қойып жібереді.
Жезтырнақ:
– Мынау иттің маңдайшасы құлағалы тұрған ба? – деп кеудесін көтере бергенде, жүрегіне пышақпен сұғып алады. Жезтырнақ сол жерде өледі. Келіншек сол жерден байын оятып алып, «неше жылдан бері неге түнде жатпай жүретінін, ешқандай жынының жоқ екенін, осындай зор қауіпті күтіп жүретінін айтады.» Содан ел қатарына кіріп, бір ел билеген адам болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *