БАЛАҒА ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР

БАЛАҒА ҚАТЫСТЫ ТЫЙЫМДАР МЕН ЫРЫМДАР


Тыйымдар


Нәрестенің бетіне ай сәулесін түсірмейді. Ай сәулесі бетіне түссе, ол ауруға шалдығады.

Жаңа туған баланың кіндігі қатқанша, күн батқаннан кейін үйден күл шығармайды. Егер күл шығарылса, нәрестенің денсаулығы нашарлайды.

Бала қырқынан шыққанша, түнде алып жүрмейді. Нәрестенің бетіне ай сәулесі түсуі мүмкін.

Бейуақытта баланың киімін далаға жаймайды.

Баланы ожаумен ұрса, ырыс-несібе кетеді.

Баланы сыпырғышпен ұрмайды. Сыпырғы тиген бала жаманшылыққа үшырайды.

Балаға үлкен адамның алдын кесіп өтуге, үлкендердің сөзіне араласуға болмайды. Бұл әдепсіздік болып саналады.

Қыз балаларға дөрекі сөз айтуға болмайды. Бұл — әдепсіздік белгісі.

Қыздардың ұлдарды тебуіне болмайды. Бүл көргенсіздік болып саналады.

Үлкен кісіге бірінші сәлем беру керек.

Үйге келген кісінің аяқ киімін тазалап, ол кетерде алдына қою керек.

Үйге келген кісіге төрден орын беру керек.


Ырымдар


Дүниеге келген нәрестенің кіндігін ақ балтамен кесіп, таза жіппен байлайды да, түбіне күл себеді. Ақ балтаны өзге нәрсеге пайдаланбай, сақтап қояды. Ер баланың кіндігін «үй күшік болмасын» деп қырдан асырып лақтырады. Ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген ырыммен ошақ түбіне көмеді.

Жаңа туған сәбиді емізбестен бүрын таза суға малынған қасқырдың жүнімен ауыздандырады. Ерте кезде қасқыр киелі саналған, сондықтан да бұл ырым бала қасқырдай қайратты да қажырлы болсын деген ниеттен туындаған.

Нәрестенің ұйқысы тыныш болуы үшін және жын-шайтанды қуу мақсатымен адыраспанды отқа жағып түтетіп, баланы бөлерден бұрын бесікті айналдырып, аластап шығады.

Бала бөленген бесіктің үстіне жеті нәрсе (шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы және бесік көрпе) жабады. Кебенек пен қамшы — ел қорғайтын ер болсын деген тілекті білдіреді.

Ұл баланы қырық күнге жеткізбей, 37 — 39 күнде, ал қыз баланы қырық күннен асырып, 42 — 44 күнде қырқынан шығарады. Бұл — ұл баланың қалыңдығына төлейтін қалың малы аз болсын, қыздың қалың малы көп болсын деген ырым.

Сәби шалқасынан жатып алаңсыз ұйықтаса — елге белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп жатса — уайымшыл, жігерсіз болып шыгады, етпетінсн жатып ұйықтаса -ойшыл болады. Егер аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса — болашақ батыр, кемеңгер болады.

Қыз балаға шашы өссін деп желке жегізеді.

Баланың желкесі шұқыр болса немесе желкесінен сүйсе, қырсық, кесір болып өседі.

Баланың орайы екеу болса, екі рет үйленеді, немесе екінші рет тұрмысқа шығады.

Шөбересінің алақанына су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.

Балаға шешен болсын деп таңдай жегізеді.

Батырдың, ақынның, палуанның сарқытын жегізсе немесе олар сәбидің аузына түкірсе, жақсы қасиеті мен өнері балаға қонады.

Балаға қарғыс өтпеу үшін үш кемпірдің бұтының арасынан өткізіп алады.

Сәбиге көз тимес үшін бетіне күйе жағып, үстіне ескі киім кигізеді.

Бойына бала бітпей жүрген әйел баланың ит койлегін ырым етіп қалап алады.

Баланың қарын шашын адам аяғы баспайтын жерге көміп тастайды. Өйтпесе, бала бақытсыздыққа ұшырайды.

Сәбидің аяғын басып тез жүріп кетуі үшін тұсауы кесіледі.

Нәрестені тіл-көзден сақтау үшін оның бесігіне, киіміне тұмар ретінде жыланбас, үкі, тоғыз моншақ, күміс тиындарды іліп қояды. Сәбиге «көз тиді» деп секем алған жағдайда сол адамның үйінен бір нәрсесін әкеліп түтетеді.

Баланы асырап алғанда ер балаға -асықты жілік, қыз балаға тоқпан жілік ұстатып, көпшілікті бұған куә етеді.

Үйге кіріп келе жатқан бала есік алдына құлап қалса, үйге береке, ырыс, байлық келді деп қуанады.

Сәби тоңқайып, екі аяғының астынан караса, күткен жолаушы немесе қонақ келеді.

Бала тұрмай, шетіней берген жағдайда оны басқа адам өтірік сатып алады.

Әйелдің екіқабат кезінде жерігі қанбаса, баланың аузынан су ағып жүреді.

Әйел, не еркек жұмыс істеп жатқан үйге келгенде, қолгабыс жасамаса, баласының белі бүкір болады. .

Бала алгаш жолға шыққанда тоқым-қағар жасап тойлайды.

Сәби анасынан ұстап отырып емсе — сараң, еркін отырып емсе мырза, жомарт болады.

Сәби көзін ашып ұйықтаса, жары сұлу болады.

Есіктің тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетін, екі алақаны мен табанын жуса, тәуір болып кетеді.

Көз жара шыққан балаға сойған малдың немесе құстың көзінің суын жақса, жазылып кетеді.

Бала тілін шығарса, тіл келеді, яғни хабар келеді деп жориды.

Сәбидің тілі мезгілінде шықпаса, нағашысының үйіне апарып бір қойды сойып, соның ішегімен буындырады.

Бөбек алақанын шапалақтаса, қуанышты хабар келеді.

Перзентсіз ерлі-зайыптылар мойнына көгеннің бұршағын салып бала тілейді.

Бала қаспақ жесе, үйлену тойында жаңбыр жауады.

Баланың мойны тез және түзу беку үшін оның шілдеханасына сойған қойдың мойын омыртқасын тұтасымен асып, тесігіңен шыбық өткізіп, кептіріп қояды.

Шала туған баланы тымаққа салып, неше күні кем болса, сонша күн кереге басына іліп қояды.

Қалы, меңі үлкейіп кетпесін деп, қалымен туған балаға «Қалдыбай», «Қалдыгүл», «Меңдігүл», «Анарбай», «Анаргүл» деп ат қояды.

Сәби өз үйіне «ассалаумагалейкүм» деп кірсе, ол үйге кешікпей қонақ келеді.

Сәби қолындағы заттарын «шашу» деп шашса, ол үйде той болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *