Арыстан, қасқыр, һәм түлкі

Арыстан, қасқыр, һәм түлкі
Ертеде бір арыстан, қасқыр, һәм түлкі жолдас болыпты. Бұл үшеуі бір жерде отырып уәделесіпті: үшеуміз де бір жануарға қиянат қылмайық, егер мал жолықса, зорлық қылмай сатып алып желік, болмаса, аштан өлсек те жүре берейік деп, шарт қылып бірнеше күн жүріпті. Онан кейін қарындары ашып аштан өлерге жақындапты. Мал жейін десе қиянат. Жемейін десе өліп барады. Сол уақытта түлкі тұрып айтты: «Ана бір көрінген түйеге мен барып сөйлесіп келейін, ол өзін маған сатпас па екен», – дейді, онда арыстан тұрып: «Жақсы барсаң барып саудаласып кел», – деді.
Түлкі келсе бір көзі соқыр түйе екен, түлкі айтыпты: «Ай… түйе мұнда нағылып жалғыз жүрсің?» –дейді. Түйе айтты: «Жолдасым да, бағатын ием де жоқ болған соң, мен өзімді өзім бағып жүрмін». Сонда түлкі тұрып түйеге ақыл айтты: «Байғұс, далада жалғыз қапа болып жүргенше сен өзіңді маған сат, ендігі жылы жантақ шыққанда мен боталы інген қылайын, содан соң сен екеу болып жүресің», –деді. Қу түлкінің бұл сөзі түйеге мақұл көрінді. Содан соң түлкі арыстан мен қасқырға келіп: «Мен түйе сатып алдым жүріңдер», – деді, бұл үшеуі түйеге келіпті. Келген соң арыстанға түлкі айтты: «Ей… ареке, неге қарап тұрсыз, қимылдасаңыз», – деді, сонда арыстан түйені жерге көтеріп соқты, түйенің мойны сынып өлді, түлкі тұрып айтты: «Ареке, сіз деміңізді алып жата тұр, біз мұның терісін сойып болған соң хабар берерміз», – деді. Арыстан айтты: «Сендер жеп қоярсыңдар» – деді, түлкі «Ойбай, тақсыр, сізсіз жемейміз», –деді. Арыстан: «Бұлай болса, жақсы», – деп жатты. Бұл екеуі союға пышақтары да жоқ, тістеріменен терісін жыртып-жыртып алды. Сонда түлкі тұрып қасқырға айтты: «Ай… қасеке, мен бөксе жағын сояйын, сіз бас жағын сойыңыз», – деді. Қасқыр түйенің басының пара-парасын шығарып, терілерін жыртып, көз майын шығарып қойды. Түлкі мұны көріп қасқырға айтты: «Ей… қасеке, сіз бөксе жағын сойыңыз, мен бас жағын сояйын», – деді, қасқыр барып бөксесін сойды.
Түлкі қасқырға білдірмей түйенің көз майын ойып жеді. Және қасқырға айтты: «Сіз алдыңғы аяғын сойыңыз, мен артқы жағына барайын», – деп, қасқыр алдына алданып жатқанда түлкі құйрық майын суырып жеп қойды. Тағы қасқырға айтты: «Сіз соя тұрыңыз мен жүгіріп арекеңе барып келейін, нағып жатыр екен», – деп жүгіріп кетті. Арыстан мұны көріп жатқан орнынан түрегеліп айтты: «Сойып болдыңдар ма?». Түлкі айтты: «Сойып болдық. Бірақ мен бір нәрседен қорқып тұрмын», – деді. Арыстан: «Неден?» – деп сұрады. Түлкі айтты: – Қасқыр айтқан шартта тұрмай, түйенің көз майы мен құйрық майын жеп қойды, мен осыны сізге айтайын деп келіп едім, – деді. Арыстан қасқырға ашуланып, ақырып қасқырға келді, қасқыр қорыққанынан қаша бастады. Арыстан қуып кетті. Бір қырдан қасқыр мен арыстан асып, көрінбей кеткенде түлкі түйені бір шұңқырға сүйрелеп апарып көміп қойды. Өзі арыстанның артынан жүгіріп кете берді. Арыстан қасқырды қуалап шаршап келе жатса, түлкі оған қарсы жолықты. Арыстан түлкіге айтты: «Қайда барасың?» – деп. Түлкі айтты: «Қасқырдың кесірі бәрімізге тиді», – деді. Арыстан айтты: «Неге?» Түлкі айтты: «Сендер кеткесін түйе түрегеліп, мен сендерге сатылмаймын деп, терісін жалбыратып, ішегін шұбалтып кетті», – деді. Арыстан сұрады: «Қай жаққа қарай кетті?» – деп. Түлкі айтты: «Осы қырдан асып кетті», –деді. Арыстан түйенің жолына түсіп, қуып кете берді. Түлкі «қасқырға барайын» деп іздеп келе жатса, қасқыр бір жерде шаршап жатыр екен, түлкі қасына жетіп келді. Қасқыр түлкіге ұрысты: «Мені арыстанға шағыстырып жүрген сен», – деп. Түлкі айтты: «Мені де қуып жіберді, мені кім шағыстырды», – деп. Қасқыр бұған нанып: «Енді қайда барып тұрамыз», – деді. Түлкі: «Жүре бер, бір нәрсе табармыз», – деді. Сөйтіп екеуі келе жатса, алдында бір жарты құйрық жатыр. Қасқыр: «Мұның бір бәлесі бар шығар», – деп жейін десе қорықты. Түлкі айтты: «Сен қорықсаң өзім жейін, бүгін базар мұның не пәлесі бар дейсің, құл базарға барғанда құйрық арзан болған-ды, арзан құйрықты көбірек алған-ды. Ол үйіне шауып бара жатқанда, қанжығасына бос байлап түсіп қалған-ды», – деп, түлкі өзі жейін деп, қулықпенен ұмтылғанда, қасқыр «өзім жеймін» деп, құйрықты асап қалса, астында қақпан бер екен, ол қақпанға қасқыр түсіп қалды. Сонда түлкі:
«Ай… қасеке, шамасы сіздің етіңізді жейтін болдым ғой», – деді.
Қасқыр: «Неғылып жейсің», – деді. Түлкі айтты: «Ертең егесі келсе, сені көріп, теріңді сойып алып, етіңді тастап кетер, сосын мен жемей кім жейді», – деді. Түлкі бір шұңқырға тығылып жатып еді, аңшы келіп, қасқырды көріп, терісін сойып алып, етін тастап кетті. Ол кеткенсін түлкі қасқырдың етін жеп тойып алып, қайтып келе жатса, арыстан келіп қалды. Түлкі мұны көріп: «Ареке, қайдан келесіз?» – деді. Арыстан: «Мен түйені таба алмадым», – деді. Түлкі: «Тақсыр, сіздің атаңызды көріп едім, осы тауда аң аулап жүр еді, әлде осы таудың астында шығар, аңдарды үстінен басып алып жейтұғын еді, мен соны көріп тұрушы едім», – деді. Сонда арыстан айтты:
– Қалайша қарғып алатын еді? Маған сен көрсет, мен қарғып көрейін. Түлкі қу айтты: «Сіздің тұлғаңыз атадан кем емес», – деді. Сонда арыстан кейін шегініп барып, жүгіріп барып, жардың басына келіп тұрды.
– Ареке, егерде қарғи алсаңыз, жүгірген нұсқаңыз атаңызға ұқсап тұр, – деді. Сол уақытта жардың астына бір киік келіп қалды, арыстан соған қарғып кетті, жерге барып түсіп еді, сүйектері күлпәрә талқан болды. Сонда түлкі келіп: «Ареке, бір жеріңіз ауырып қалды ма?» – деп сұрады. Арыстан айтты: «Сүйекте сынбаған сүйек жоқ». Түлкі мұның қимылдауға шамасының келмейтінін біліп, құйрығын ойып жеп жатыр еді, сонда арыстан айтты: – Ай… түлкі, әуелі көз майымды жеші, – деді. Түлкі айтты: «Ареке, несіне асығасың, құдай бұйыртса, етіңді жейтұғын болдым», – деді. Арыстанды жеп алды. Мұнан соң түлкі ұйықтаған болып, бір далада жатыр еді, үстіне бір сауысқан келіп қонды, онан соң басына қонды. Сөйте-сөйте аузына қонды. Сол уақытта сауысқанның аяғынан тістеп алып жеуге айналды. Сауысқан өтірік жата қалып, жылап қоя берді. Түлкі айтты: «Сауысқан сен неге жылайсың», – деді. Сауысқан айтты: «Ата-ананың қарғысын алған оңбайды екен, маған ата-анам көп қарғап ұрысушы еді», – деді. Қарғағанда былай айтушы еді: «Ай, жүгірмек, далада түлкі ұстап алсын, биік таудың басына шығарып домалатып жіберсін, әр таста бір түгің қалсын деп, қарғаған қарғысы осы бүгін тура келді», – деді. Сонда түлкі сауысқанның ата-анасының айтқанын қылайын деп, таудың басына шығып, домалатып тастап жіберіп еді, сауысқан пырылдап ұшып кетті. Сөйтіп, қу түлкі сауысқаннан бір соғылып қалыпты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *