Арыстан патша

Арыстан патша
Бұрынғы заманда бір арыстан патша болып тұрыпты, неше түрлі аңдарды билеп. Сол арыстанның өзіне жақын Маймұн деген бір уәзірі болыпты. Арыстан бір күні бір жерге барып, екі ай жүріп келмекші болып, өзім келгенше патша бола тұр деп, орнына Маймұнды тастап кетіпті. Арыстанның кеткенін білген соң, әр жерден аңдар келіп, орын алып тұрыпты.
Және арыстанның жәй уақытта өзі тұратұғын бір жақсы жеріне бір түлкі қатын-баласыменен келіп, тұрып алды. Бір күні мұны көріп Маймұн айтыпты:
– Әй, надан түлкі, патша арыстаннан қорықпайсың ба, егер келіп қалса, не жаныңды қояды, шапшаң кет! – депті.
Түлкі айтыпты:
– Сен мені түлкі деп ойлайсың ба, мен арыстан түгіл жолбарыстан да қорықпаймын. Бұл жер менің аталарымның жерлері, маған тисе керек, арыстан алды деп естіп келіп едім, арыстан қашып келгенде сен маған хабар бер, арыстанның кім екенін білдірейін, – депті. Сонда бұл Маймұн қорқыныш ойлап кетіп қалды.
– Бұл түлкі суретінде болып жүрген басқа мықты аң болар ма? – деп. Маймұн кетісімен түлкінің қатыны айтыпты:
– Бұл жерге тұрмай-ақ кетейік, егерде арыстан келіп қалса, Маймұн барып айтса, бізге ажал тапқызар, – дейді.
Онда түлкі айтыпты:
– Арыстан келгенде бір айла қылармын, – дейді.
Бір-екі күн өткен соң алыстан бір дауыс естіледі. Түлкінің қатыны айтыпты:
– Арыстан келіп қалыпты, не қыламын деп едің, айлаң болса қыл, – дейді. Сонда түлкі айтыпты;
– Арыстан жақын келгенде, сен балаларды жылата бер, мен айғай салып айтамын «балалар неге жылайды?» деп, сонда сен айт: «балаларың жаңа арыстан етін қабап қылып бер дейді» – деп айт дейді. Бір уақытта арыстан жақындай қалыпты, сонда түлкінің қатыны балаларын жылата беріпті. Түлкі айғай салып айтыпты:
– Балалар неге жылайды? – депті. Қатыны манағы түлкінің үйретуі бойынша:
– Балалар жаңа арыстан етінен қабап қылып бер дейді, – депті.
Сонда арыстан естіп, тұра қалып, қасындағы Маймұнға қарай айтыпты:
– Бұл бір қуатты аң болар ма, мұнда балаларға арыстан етін тілейді деп неге айтады, бұл жерді тастап, екінші сахараға кетпек керек, – деп. Сонда қасындағы Маймұн айтыпты:
– Ай, тақсыр, тақсыр арыстан, сіз ақыр жер жүзінде болған аңның патшасы, көріңіз, егер көрсеңіз, бір жаман кішкентай аңның айлалары шығар.
Арыстан және жақынырақ жүріпті. Түлкінің қатыны және балаларын жылата беріпті. Түлкі және айғай салыпты:
– Неге жылатасың балаларды, үйде жолбарыс, қабылан еті көп емес пе? – дейді.
Сонда қатыны айтады:
– Басқа аңдардың еттері толып жатыр, жаңа арыстанның етін тілейді, – дейді. Сонда түлкі айтыпты:
– Балаларға айт, біраз сабыр етсін, осы жерді айналып жүрген бір арыстанды Маймұн достым алдап алып келсе керек, көп кешікпей келсе, арыстанды ұстап алып балаларға етін қабап қылармын, – дейді. Сонда арыстан қасындағы Маймұнға:
– Әй, залым, қиянатшы Маймұн, мені алдап өлтірмекке келесің, өзім өлместен бұрын, әуелі сені өлтірейін, – деп, Маймұн бейшараны пәре-пәре қылып тастап, өзі тез қашып кетіпті. Түлкі айласыменен арыстанның жерін өзіне қаратып алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *