Арыстан мен тышқан

Арыстан мен тышқан
Ертеде бір теңіз жағасында қалың жасыл орманда бір арыстан өмір сүріпті. Бұл тоғайда түрлі аңдар, малдар да көп болыпты. Сол арыстан өзін күллі аңдардың, малдардың патшасымын деп жариялапты. Арыстан өзіне қасқыр, түлкі, борсық, жыландарды көмекші ақылгөй етіп дайындап алыпты. Бұлар аңдарды қырып жеп, хан сарайын қан сасытып жата беріпті. Аңдар патшасының залымдығын, қанішерлігінен зар илепті.
Бұрын тышқан етіне зар болып жүрген түлкі мен борсық енді тышқан етіне пысқырып та қарамай, ылғи жылқы, сиыр, түйе, ақбөкен, арқар, киіктердің етінен қарнына сиғанынша жеп жата берді. Бірақ түлкі, борсық тек етпен жата бермейді, ол жегісі келген аңдарды неше түрлі өсек, өтірік, жаламен арыстанға жамандайды. Оған ойланбай сене салатын ессіз арыстан дереу қасқырға түлкі мен борсық жамандаған аңды өлтіріп алып келуге бұйрық береді. Ол қасқыр бұлжытпай орындап, аңды өлтіріп, ханға әкеп бере береді. Енді түлкі мен борсық арыстанды неше түрлі сырлы сөзбен мақтап, сіздей әділ, ақылды данышпан патша дүниеге келіп көрмеген деп жағымпазданып және аңдарды қалай қырудың жолдарын ойлап тауып айтудан басқа жұмысы болмапты.
Бір күні түлкі тышқанның етін аңсап жегісі келеді. Түлкі өзіне өзі: «Мен тышқан етін арыстанның өзіне ұстатып-ақ жеймін»,– дейді. Бір уақытта түлкі арыстанның алдына тағзым етіп әдеппен кіріп келіп, сөйлеуге рұқсат алып, сиқырлы сөзін бастайды:
– Ей, бақытты патшам, сіздей асқан әділ, ақылды, патша болмағанын аңдардың өздерінің шын ниетпен шулап айтып жүргенін осы қаздиған қара құлағымызбен естіп жүрміз. Солай бола тұрса да кейбір жақсылық жақпаған аңдар сізді үмітсіздікпен аузы барып жамандауын қоймайды.
Бір тышқан деген аң бар, үлкендігі аттың тезегіндей болып тұрып, опасыз оңбағанның сізді жамандап балағаттағанын өз көзіммен көріп, мына сақ құлағыммен есіттім. Тіпті ауыз барып айтуға болмайтын сөзді тіпті батыл айтты. Қаһарыңызға сабыр берсе айтайын, – деп жәутектеді. Арыстаннан «айта бер» деген ишарат болғасын түлкі түгін жатқызып мүсәпірсіп былай дейді:
– Арыстанның патша емес, аңдарды қынадай қырып, өзі және достарына жегізіп хан сарайын қан сасытып жатқан қанішер, – деп шақ-шақ етеді. Мен арыстанға айтам десем, «айта бер, мен інде тұрам, менің ініме арыстанның өзі түгіл аяғы да симайды, ол қожал-қожбалағың мені ұстай алмайды» – дейді.
Арыстан тұрып: «Оны қалай ұстауға болады», – дейді. Түлкі күлімдеп: «Оны ұстау тіптен оп-оңай, мен өзім де оп-оңай ұстап алам, бірақ арыстанның өзі мені ұстай алмайды дегені, менің денемді сақылдатып қайнатып барады. Менімен еріп жүріңіз, ол асқынған ақымақты ұстап аласыз, әдісін барған соң айтам», – дейді.
Түлкі арыстанды ертіп келіп, тышқанның інінің екі аузын көрсетті. «Одан мына інді алып күшті аяғыңызбен таптап көміңіз де, екінші іннің аузына құлағыңызды тосып жата беріңіз. Тышқан шығарда іннің іші дүбірлеп кетеді. Сол кезде басыңызды көтеріп, аузыңызды іннің аузына тосып, ашып тұра қалыңыз. Тышқан іннен шыға бергенде қағып аласыз», – деп арыстанның құлағын тышқан ініне кептеп жатқызып, түлкі сырттан бақылап жүреді.
Арыстан құлағын інге тосып жатып, жазғы ыстық күнге денесі балқып ұйықтап кетті. Тышқан өз інім деп, жер астынан жүгіріп шыққан бойымен арыстанның апандай кең құлағына кіріп кетті. Арыстан құлағының ішін тырналаған әрекеттен шошып оянды. Арыстан құлағының іші дүбірлеп өткір инедей тырнақтың тырнап-шабақтап жарып бара жатқанын сезді. Арыстан басын жанұшыра, ышқына шайқайды. Арылдап аспанға қарғиды. Өз құлағын өз аяғының өткір тырнағымен тырналады. Бірақ құлақ ауру қалпында тұр. Ол кезде тышқан арыстанның сасық құлағының ең түпкі тар қуысына барып үлгерген еді. Сондықтан арыстан қаншалықты басын сілкісе де, бар күшімен ышқына ырғыса да, бар дауысымен арылдаса да, қарылдаса да, тышқанды түсіре алмады.
Мұндай сойқанды көріністі көрген түлкі зар еңіреп: «Ойпырым-ай, патшам, қамқорым данышпаным, не болды», – деп жүгіріп келді. Бұл уақытта тышқан да қандай інге кіргенін сезді. Жерге түссе аңдыған ажал екенін де білді. Енді тышқан басын арыстанның құлағының аузына қаратып бір тырнағын батыра бүгіп жабысып қатып қалған еді. Түске дейін арыстан өгізден бетер өкіріп, аюдан бетер ақырып, аспанға қарғып өз басын өзі жерге ұрып, алас ұрды. Арыстанның аса қорқынышты зор даусынан бүкіл тоғайдағы аңдар, малдардың зәресі ұшып қалтырады. Түлкі зар еңіреп, тілеу тілеп қасында тұрып алды. Бір кезде әбден алас ұрудан әлі құрыған арыстан түлкіге ала көзімен ажырая қарап: «Істейін дегенің осы ма сұм», – деді. Зәресі ұшқан түлкі: «Данышпаным, қамқорым, падишам, саспай сабыр етші, бүкіл тоғайдағы аңды жинап патша ауырды деп емдеуге ақыл сұрайық. Көпшіліктің ішінде нендей ақылдылар жоқ дейсіз, солар бір емін табар», – деді.
Сол кезде арыстан: «Қасқыр, борсық, жылан төртеуін тездеп барлық аңды осында жинап кел», – деді. Түлкі зытып жөнеді. Қасқыр, борсық, жылан төртеуі барлық аңды ілезде жинап келді. Түлкі бір ағаштың бұтағына шығып аңдарға «Арыстан патшаның құлағына тышқан залым кіріп кетіп, құлақ ішінен ін қазып, арыстанның миын тесіп барады. Бұған қандай амал бар, соның ақылын табыңыздар», – деп, түлкі бетін басып сұрқиялықпен жылап тұрды.
Сол кезде арқардың көп жастағы ақбас құлжасы тұрып: «Оның амалы түлкінің сүйріктей сұм тілін арыстанның құлағының ішіне тығып, тышқанды тілімен орап алу керек. Егер түлкі ала алмаса, қасқыр, борсықтың тілімен алу керек», – дейді.
Арыстан түлкіге: «Тіліңді құлағыма сал», – деп бұйырады. Түлкі арыстанның құлағына тілін тықты, тышқан түлкінің тілінің ұшын қыршып алды. Түлкі тілін тез тартып алды. Сол кезде арыстан қашпасын деп, түлкінің бөксесін тістеп сығыңқырап: «Тіліңді аянбай қайта-қайта сала бер, сол тышқанды алмасаң, өлесің», – деді. Түлкі тілін қайта-қайта сала берді. Тышқан да түлкі тілін қыршып тастай берді. Бір кезде тілінің ада болғанын арыстанға көрсетті. Арыстан: «Енді аяғыңды сал» – деді. Тышқан түлкінің аяғын да қыршып тастаумен тізесіне дейін кемітті, шолтитты. Арыстан: «Екінші аяғыңды сал», – деді. Ол аяғын да қайта-қайта салды. Ол аяқ та мүжіліп ада болды. Сол кезде бұған сүйсінген бір қоян ақырын ғана: «Міне, екі аяғы кілтиіп, сұм түлкі ін қаза алмайтын, қоянға жете алмайтын, өсек те айта алмайтын қоян болды», – деп мырс етті. Арыстан басын сілкісе, түлкінің туралған тілі мен саусақтары түсті, тышқан түспеді.
Ашуы асқынған арыстан түлкіні шайнап-шайнап лақтырып жіберді.
Арыстан қасқырға құлағына тілін салып тышқанды алуды бұйырды. Қасқыр тілін құлаққа тықты. Арыстан қашып кетпесін деп қасқырдың артқы санынан тістеп тұрды. Тышқан қасқыр тілін де қырши берді, қасқыр да арыстанның апандай аузында тұрып аяна алмады, қайта-қайта тілін сала берді. Бір кезде қасқырдың да тілі ада болды.
Одан кейін арыстан борсықты шақырып алып: «Сал тіліңді», – деп жекірді. Амалсыз борсық та жіңішке өсекшіл, қансорғыш сүйрік тілін тықты, бірақ онша ары апармай «тілім жетпейді», – деді. Сол кезде арыстан ақырып борсықтың бөксесінен тістеп: «Тіліңді түбіне жеткіз», – деді. Борсық тілін құлақ түбіне жеткізді. Тілдің ұшын тышқан қыршып алды. Қайта-қайта салды. Бір кезде борсықтың тілі де ада болды. Арыстан басын сілікті. Құлақтан қасқырдың, борсықтың туралған тілдері түсті. Тышқын түспеді.
Арыстан ақбас құлжаға қарап: «Енді не істеу керек», – деді. Құлжа: «Енді құлағыңызға жылан кіріп, тышқанды тістеп алып шықсын, тартып ала алмаса шағып өлтіріп шықсын, өлгесін тышқан түседі», – деді. Мұны естіп, жылан қалың шөптің астымен сусып қашқан екен. Арыстан енді қасқырға: «Жыланды алып кел», – деді. Тілінен қаны ағып, қасқыр жыланға барады. Айтып түсіндіретін тіл қайда, жыланды белінен тістеп жіпше шұбатып алып келеді. Арыстан жыланға: «Құлағыма кір, лажы болса залым тышқанды тістеп алып шық, болмаса шағып өлтіріп шық», – деді. Жылан арыстанның құлағына сусып кірді. Құлақ іші қараңғы, жылан басы бара бергенде аңдып әзірленіп тұрған тышқан жылан басын қыршып үзіп тастады. Бір кезде қасқыр жыланды тістеп суырып алса, жыланда бас жоқ. Есектің тұсауындай жіп болып қалыпты. Аңдар залымдардың сазайын тарттырғанына қуанысып, тарап кетіпті.
Енді арыстан ешбір әрекетпен тышқанды түсіре алмайтынын біліп жата береді. Қасқыр, борсық тілінен қансырап өледі. Тышқан арыстанның құлағынан кеулеп күнделікті жеп жата береді. Арыстанның миына зақым келіп, қорлықпен ұзақ ауырып өледі.
Арыстанның өлгенін білген тышқан бір күні құлақтан шығып, жайқалған жасыл шөптің арасымен жүріп кетті. Сөйтіп, бір тышқанның қажырлы, батырлық ісінен ормандағы жауыздар тобы қырылып, аңдар қанаусыз, талаусыз еркін өмір сүріп кетіпті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *