Құзғын қарға

Құзғын қарға
Бұрынғ өткен заманда бір қарға көшкен жұртқа ұшып келеді. Сол жұртта көлеңкеде жатып қалған тоқтыны көреді. Тоқтыға айтады:
– Сенің көзіңді жеймін, – дейді.
Тоқты:
– Жарайды, менің көзімді жеу үшін алдымен аузыңды суға жуып кел. Өйткені сенің адалдығың шамалы, былғаныш едің. Сонан соң мен саған көзімді беремін, – депті.
Қарға ұшып суға барады, суға барып мынаны айтады:
– Су, сен менің аузыма ілін, мен аузымды жуып, тоқты жеймін қаңқ-қаңқ, – дейді.
Су:
– Мен сенің аузыңа қалай ілінейін, онан да ыдыс тауып әкеліп, су алып, аузыңды жу, – деді.
Қарға сынық аяқ тауып алып, оны ұстаға апарады.
Ұстаға шегеле деп айтқаны:
– Ұста, ұста, шегелеші аяқ, апарамын су, ілейін су, жуамын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ…
Ұста:
– Бұл аяқты шегелеу үшін бұғының мүйізі керек, онсыз жарылып іске жарақсыз болып қалады, – дейді.
Қарға ұшып бұғыға барып:
– Бұғы, бұғы, берші мүйіз, апарайын ұста, шегелесін аяқ, ілейін су, жуайын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ, – дейді.
Бұғы:
– Ой, ақымақ, өз мүйізімді қалай түсіріп бермекпін, онан да мынау жерде ит бар, соған қуғызып түсіріп ал, – депті.
Қарға итке барып:
– Ит, ит, қушы бұғы, түссін мүйіз, апарамын ұста, ілейін су, шаям ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ… – деді.
Ит:
– Мен өзім ашпын, оны қуып түсіріп беруге шамам жоқ, сен бұғыны қусын десең, мына жерде сиыр жүр соның сүтін әкел, – дейді.
Қарға ұшып сиырға барып:
– Сиыр, сиыр, берші сүтіңді, ішсін ит, қусын бұғы, түссін мүйіз, апарайын ұста, шегелесін аяқ, ілейін су, жуайын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ… – деді.
Сиыр:
– Мен бұзауымды жарытпай тұрмын, сүт алам десең мына жерде құрақ бар, соны орып әкел, бұзау да тойсын, ит те ішсін, – депті.
Қарға ұшып отырып құраққа барып айтқаны:
– Құрақ! Құрақ! Орылшы құрақ, жесін сиыр, шықсын сүт, ішсін ит, қусын бұғы, түссін мүйіз, апарамын ұста, шегелесін аяқ, ілейін су, жуайын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ…– дейді.
Құрақ:
– Мен құр босқа орылам ба, болмаса өзімнен-өзім жұлынайын ба, сен орақ тауып алып, орып ал, – дейді.
Қарға бір сынық орақты тауып алып, тағы ұстаға апарады. Ұстаға барып мынаны айтады:
– Ұста, ұста соқшы орақ, орылсын құрақ, жесін сиыр, шықсын сүт, ішсін ит, қусын бұғы, түссін мүйіз, апарамын ұста, шегелесін аяқ, ілемін су, жуамын ауыз, жеймін тоқты қаңқ-қаңқ…– деді.
– Жарайды, олай болса, ана көмірді әкел, – деп жұмсапты. Қарға көмірге басын сұғып, аузымен тістеп алып жатқанда, ұста басын кесіп алған екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *