Қошқар мен теке

Қошқар мен теке
Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Өздері кедей екен. Күн көрерлік бар малы – бес қой мен бес ешкі екен. Олардың сүтін ішіп, құрт-майын және жыл сайынғы өсімді төлін сойып жейді. Терісін, жүн-жұрқасын үстеріне киім қып киеді. Бес қой мен бес ешкі не көбеймейді, не азаймайды.
Бес қой мен бес ешкі өріске өздері жайылып, бұлаққа өздері барып су ішіп қайтады. Олар не ит-құсқа, не ұры-қарыға жем болған емес. Шал мен кемпір оларды кешке өрістен қайтқанда түгендеп қораға кіргізіп алады да, ертемен түгендеп шығарып салады. Бес қой мен бес ешкіні аман-есен сақтап, бағып-қағып өсіретін бақташы да, күзетші де қошқар мен теке еді.
Қошқар мен теке шал мен кемпірдің жанындай ең жақсы көретін малы еді. Мал емес-ау, өздерінің туған баласы сияқты еді. Қошқар мен теке шал мен кемпірдің не айтқанын түгел ұғатын, түгел орындайтын. Шал мен кемпір де текенің естілігіне сенетін. Теке қой мен ешкіні өрістен ертіп мезгілінен ерте қайтатын болса күн ырайы бұзылып жауын-шашын, боран боларын сезіп, алдын ала сақтық жасайды.
Қошқар мен текенің бастауымен ешкі мен қойлар шу көтеріп маңырап, үркіп-үрпиісетін болса – жақын жерде бұлардың ізін аңдып қасқыр мен ұры жүргенін сезіп, алдын ала сақтық жасайтын-ды.
Қошқар мен теке екеуі жандай дос еді, біріне-бірі қамқор ақылшы серік болатын. Сонымен бірге олардың бірінде жоқ мінез қасиет екіншісінде бар еді. Қошқар аңқау, аңғал мінезді қорқақтау еді. Бірақ қайратқа мықты, текеге сенетін, ал теке айлалы, ақылды, көп жайды күні бұрын болжап білгіш көреген еді. Осындай мінез қасиеттерін жақсы білетін шал мен кемпір қошқар мен текені аз ғана малымның құты – иесі, күн көрерлік ауқатымның таянышы-сүйеніші деп білуші еді.
Күндерде бір күні шал қатты ауырып, төсек тартып, жатып алды. Кемпір шалының аузына су тамызып күні-түні қасынан шықпады. Қошқар мен теке бұл жайды әбден түсініп, шал мен кемпірді жоқтаған жоқ, өздері қорадан шығып жайылып, өздері қайтып келіп жүрді. Үй қасынан алыстап кетпей, сақтанып жайылатын болды. Шал науқасынан жазылмады, халы күннен-күнге ауырлай берді. Кемпір көлдей жасын төгіп, жылаудан басқа түк бітірмеді. Шал осындай әл үстінде жатқан кезде ел аралаған қара бақсы келді. Қобызын ойнап, тамырын ұстап шалды қарады да, емін айтты: «Ең жақсы көретін, қасиет тұтатын бір малыңды сойып, қан-жыныңмен ұшықтап, емдеу керек», – деді.
Мына сөзден шал мен кемпір шошып кетті, ең жақсы көретін малы қошқар мен текені қалай өлімге қимақ!
Қасиет тұтатын қошқар мен текені бұл құрбандыққа қимаймыз, басқа бір қоймен емдеңіз, – деді, шал мен кемпір қара бақсыға жалынып. Бақсы айтқанынан қарысып қайтпады.
– Нағыз жаныңа бататын, қимасыңды құрбандыққа шалып емдеген ем қонады. Басқа малмен мен емдемеймін, – деді.
Шал мен кемпірдің амал-айласы құрыды. Екеуі бірдей егіліп жылады. Қошқар мен текенің бірін сойып емдесе, шал жазылмайтын сияқты болып көрінді.
Ал соятын болса бар күн көріп, қорек қылып отырған аз ғана малы бірге құритындай көрінді.
Бәрінен де жан тәтті, адам өмірі ардақты ғой. Шал мен кемпір әрі жылап, басқа қылар ақыл-айласы таусылып, ақыры қошқар мен текенің бірін соймақшы болды.
Теке бұл жайдың бәрін сезіп білді. Түн ішінде қошқарды оятып алып, оған сұмдық хабарды естіртті. Әрі жылап, әрі ыза болған екеуі уәде байласты да, түн ішінде ешкімге сездірмей туып-өскен мекенін тастап жүріп кетті. Ойласқандары шал мен кемпірді емдейтін дәрі шөп іздеп таппақ.
Қошқар мен текені іздеп артынан қуған ешкім болған жоқ. Кім қуады? Шал ауру, кемпір өз бетімен мал іздей алмайды. Сонымен қошқар мен теке сол кеткеннен кете барды. Ессіз даланы, сай-саланы, таулы орман араларын, өзен-бұлақ бойларын аралап, мекендеп от оттап, суын ішіп бірнеше күн жол жүрді. Аяқ аттаған сайын қауып-қатер кездесті бұларға. Бірде қасқыр сияқты жыртқыш аңдардың кезіп-жортқан іздеріне душар болады, кейде түн ішінде айналада ұлыған қасқырдың үнін, ақырған аюдың, қорсылдаған қабанның дауыстарын естіп, жаны алқымына тығылғандай үрейленді. Бәрінен де жасырынып, ептеп сыбдырын сездірмей жүріп қаша өтеді…
Қайда барарын, қайда мекендеп өмір сүрерін қошқар мен теке әлі анықтаған жоқ. Елсіз дала, тау, орман арасында дәрі шөптің қайда екенін де білмейді. Елсіз дала, тау, орман арасында жыртқыш аңдарға кездессе, бас салып талап жеп қояды. Ал ел қарасына жақындап, адамның көзіне түссе бас салып екеуінің бірін және сойып жеп қоюы мүмкін. Бірақ, елсіз, адамсыз жерде тіршілік етіп өмір сүру тағы мүмкін еместігін екеуі де жақсы түсінеді. Құтылатын жалғыз жол – шалды жазатын дәрі шөп. Ол табылса, қорықпай үйге қайтып бармақ.
Осылайша, қошқар мен теке жазық бір далада келе жатыр еді. Теке жел жақтан көтерілген бұлтқа қарап тұрды да:
– Бүгін сұрапыл жауын болады екен, кел, қошеке, күрке жасап алайық, – деді.
– Өзің сиятын шағын күрке жаса, менің жүнім қалың, етім майлы, жауын астында жатсам да түк етпеймін ғой, – деді. Теке «маһм-маһм!» деп жүріп, жұлып шөп жинайды, бір шоқ тобылғының түбіне шөпті үйіп, өзі сыйғандай етіп жылы күрке жасап шықты. Кешке қарай күн райы бұзылды, кілегей қара бұлттар аспанды түгел жауып сапырылып ағылып, сатыр-күтір, жарқ-жұрқ етіп нажағай ойнады. Шелектеп құйғандай нөсер жауын үдеп жауа берді.
Асты-үсті, жан-жағы шөппен жабылып қымталған жылы күркенің ішінде теке мынадай сұрапыл жауынға ұрынбастан үсті-басы құрғақ, жайбарақат тынығып жатты. Ал төңкерген қазандай семіз құйрығын жел ұрған жауынның бетіне тосып, күркенің қасына ықтай қошқар жатты. Бірақ қошқар көпке шыдай алмады, асты-үстінен бірдей сорғалаған мұздай суық су, азынап ұйтқып соққан жел қошқардың қалың жабағы жапқан семіз терісінен өтіп етіне, етінен өтіп сүйегіне жетті. Қошқар дірілдеп, қалшылдап тоңа бастады.
Ақыры шыдамы таусылып: «Теке, ә, теке! Мен жаурадым, менде бір білместік болды. Мені жылытпасаң, халым нашарлап барады», – деп жалынды қошқар. Теке:
– Ендігәрі ондай ақылсыздық істеме, – деп, тар болса да күркесіне қошқарды кіргізіп алды.
Ертеңіне жауын басылды. Күн ашылды. Қошқар мен теке жолға шығып жүріп келе жатты. Түске таман аспанда ыдырап бітпеген бұлттардың қозғалысына қадала қарап тұрып теке:
– Бүгін қар жауып, боран болуы ықтимал. Күрке жасап алайық, қошеке! – деді. Бұған қошқар абыржи қоймады.
– Қар қалың, жүннен өтіп кететін жаңбырдың суық суы емес қой. Құйрығымды желге төсеп жата берем. Қылшығың селдір, терің жұқа саған күрке жасап алу әбден дұрыс, – деді қошқар.
Теке жолдасына қайырып тіл қатпады. «Маһм-маһм!» деп жүріп, жұлып шөп жинады. Бір шоқ ақ шидің ығына қалқалай шөпті үйіп-үйіп, өзі сыйғандай етіп жылы күрке жасап шықты.
Кешке қарай, күн райы бұзылды. Бурыл ала бұлттар аспанда жөңкіліп ағылып, жапалақтап қар жауа бастады. Құйындатқан суық жел соғып, аспан мен жер бетін ұйтқыған ақ түтек боран жауып кетті. Мынадай сұрапыл боранда теке жылы күрке ішінде жайланып, тынығып жататын болса, төңкерген қазандай семіз құйрығын боранға тосып, күркенің қасында жатқан қошқардың халі мүшкіл еді. Ұйытқыған боран, азынаған суық аяз қошқарды титығына жете жауратты. Қошқар ақыры шыдамы таусылып: «Теке! А, Теке! Менің халім бітуге айналды, күркеңе кіргізбесең, енді құрып кететін түрім бар. Ендігәрі айтқаныңды екі етпеймін», – деп жалынды. Теке:
– Ендігәрі ондай ақылсыздық істеме, – деп, тар болса да жаураған досын күркеге кіргізіп алды.
Ертеңіне боран басылды, күн ашылып жылынды. Қошқар мен теке жолға шығып жүріп келе жатты. Келе жатып теке жер шолып отырды, құс ойнаған, қасқыр, қоян жүрген жымдарды, аю қабан жортқан соқпақтарды қадағалап, барлап, біліп, сақтық жасап отырды. Күн кешкіріп, ымырт жабылар кезде теке келіп тоқтай қалды.
– Қошеке! Қасқыр апанының үстінен шығыппыз, жан-жағына тарап кеткен іздер сайрап жатыр ғой, міне! – деді.
– Ойбай! Теке! Енді біржола құрыдық қой, – деп, қошқар қорқып дірілдей бастады. Бірақ теке саспады, абыржымады, қорықпады да.
– Бұдан қашып құтыла алмаймыз, ізімізді сезеді де, қайда кетсек те қуып жетіп құртады. Құтылатын жалғыз амал сол – қасқыр апанының өзіне тығылу, – деді. Бұдан тіпті шошынған қошқар: «Не дейді мынау! Не дейді!..» дей берді қалшылдап. Алайда теке досының ақылына енді қарсы болуға шамасы да қалмады. Текенің артынан ере берді.
Теке бастап жүріп отырып, көп ұзамай қасқыр апанына келді. Кең апанның бір жағы қуалап қазылған үңгір ін екен. Екеуі де ішіне кіріп, дәл кіре беріс тар ауызда теке өзі тұрды да, бір жақ бүйірін ала қалтарысқа қошқарды қойып: «Мен соқ дегенде әйтеуір қасқырды аямай мүйіздеп соға бер, қорықпа», – деп ақылын айтты, түні бойы қасқырдың түнгі жорықтан қайтуын ұзақ күтті.
Таңға жақын ешнәрседен хабарсыз түнгі жорықтан қалжыраған қасқыр жалқау басып келіп апанға секіріп түсті де, інге кіре берді. Теке найзағайдай шаншылған екі тік мүйізін қасқырдың қыл тамағынан орап қылғындырып, іннің төбесіне тіреп тұра қалып: – Тоқтым, тоқтым, соқ, – деп айғай салды. Қошқар бөгелген жоқ. Доғадай иілген зор, тастай ауыр мүйізін қадай пәрменімен қасқырды бүйірлеп қойып-қойып жіберді. Бір жақ қабырғасы мен алдыңғы аяғынның бір жіліншігі жазым болғандай қыңсылап, өкіріп бір құлап түсті де, жан беріп өлу оңай ма, бұрылып алып шойнаңдай кейін қаша жөнелді. Артынан қошқар мен теке недәуір жерге қуып тастады. Қуып бара жатып: «Тоқтым, тоқтым, соқ», – деп қояды теке, осы дауысты естіген қасқыр одан сайын үрейленіп зыта берді.
Таң атып, күн шықты. Қошқар мен теке отын оттап, суын ішіп жүріп келе жатты. Жолшыбай дәрі шөпті іздейді. Сәске мезгілінде теке жер, із, шымдарда шолып келе жатып:
– Апырай, бізді он екі қасқыр іздеп келе жатқан екен, енді тезірек жүріп, анау көрінген бәйтерекке жетіп алайық, – деп аяғын жүгірте басты. Қошқар мен теке терең жайқын дарияның жағасында биік жарға біткен бәйтерекке жақындап келгенде, алыстан шаңдатып, шапқыласып келе жатқан бір топ қасқырлар да көрінді. Бәйтерекке жетісімен теке бұтағына оңай секіріп басына өрмелеп шықты, ал қошқар ауыр денесін, майлы құйрығын көтеріп секіре алмады, бәйтерекке шыға алмады. Теке жерге қайта жылжып түсті де, қошқарды құйрығынан сүйемелдеп көмектесіп, бәйтеректің ең төменгі бұтағына шығарды. Өзі одан жоғары бір бұтаққа өрмелеп шығып, келіп жеткен он екі қасқырға қарап отырды. Он екі қасқырдың бірі түндегі бір аяғы мертіккен ақсақ қасқыр екен, бәрі де бәйтерекке шығып отырған қошқар мен текені көріп тілдерін салақтатып, сілекейін шұбыртып, қуанысып іске кірісті.
Әуелі бәйтеректі құлатпақ болып, жан-жағынан тырнап қаза бастады. Бірақ жуан бәйтеректің жер астын алыстап қуалаған тамырлары да жуан берік еді, топырағын қазып жуан тамырға жеткенде қасқырлар басын шайқап тұрып қалды.
Бәйтерекке секіріп, өрмелеп шықпақ болып еді, одан ешнәрсе өнбеді. Жығылып түсе берді. Ақыры бірін-бірі сатылап көтеріліп, бәйтерек бұтағындағы қошқар мен текені алмақ болды. Ең астыңғы саты болып ақсақ қасқыр тұрды, онан кейін басқалары бірінің үстіне бірі сатылап шығып, он екінші қасқыр төменгі бұтаққа отырған қошқарға жетіп майлы құйрығына арс етіп ауыз сала бастағанда, барлық амалы құрыған теке тек қана:
– Тоқтым, тоқтым, соқ! – деген айқайды ғана айтып салды. Осыны естіген баяғы ақсақ қасқыр тағы да қабырғама тепкілейді екен деп, зәресі ұшып саты болып тұрған орнынан қаша жөнелді. Басқа он бір қасқыр биік жардан аунап дарияға топылдап құлап түсіп, малтып шыға алмай терең суға бір батып, бір шығып кете барды. Бәйтерекке өрмелеген қасқырлардан қорқып, есі ауып талып қалған қошқар сірескен жабағы жүннен бәйтерек бұтағына ілініп, аман қалды. Ақсақ қасқыр артына жалтақ-жалтақ қарай зытып отырды.
Қошқар мен теке отын оттап, суын ішіп тағы да жүріп келе жатты. Олар таулы-тасты, қалың шытырманы мол тоғайдың ішіне келіп кірді. Күн кешкірді, қас қарайып ымырт жабылды. Жазықтан гөрі тоғай арасының қорқынышы көбірек. Жан-жағына алақтап, қорқып келе жатқанда әр шоқша қарағай шоқшиып отырған аюға ұқсайды. Сытыр еткен ағаш бұтақтарының сыбдыры – аңдып бас салғалы тұрған аш қасқырды елестетеді. Осылай қорқып келе жатқанда теке кенет жуан қарағайдың түбіне тоқтай қалды.
– Қошеке, көрдің бе мынаны, аңшы өлтіріп, терісін сыпырып әкеткен қасқырдың басы мен сүйектерін, – деді. Қошқар өлген қасқырдың денесінен шошып, досына ешнәрсе айта алмады. Теке «мұның бір керегі болады» деп, қасқырдың басын қошқардың жалпақ құйрығының үстіне таңып берді. Екеуі тағы да жүріп кетті.
Қап-қараңғы түн болды. Айналаның бәрі тау-тас, қалың тоғай түгел мүлгігендей. Тек ақырын аттаған қошқар мен текенің өз аяқтарының тықыры, өз жүректерінің дүрсілі ғана естілетіндей. Осылай қорқа, жан-жақтарына алаңдай жүріп келе жатқан екеуі алаңға шыға келіп еді. Жанған отты айнала қақтанып отырған бір топ қасқырдың үстінен шықты. Енді қашып кетуге болмайды, қасқырлар сезіп қалды. Теке қошқар досына: «Қорықпа, мынау басты осы жерге қойып кет те, менің артымнан ере бер», – деп, ілгері батыл аттап басып, от айнала шоқиып-шоқиып отырған қасқырлардың ортасына жетіп келді.
– Салаумаликум, – деді теке оттың дәл жанына жайланып отыра беріп, қорыққан қошқар текенің артын ала тұрып қалды. Қасқырлар таң-тамаша қалып, мейлінше қуанысып, бір-біріне қарап, жымыңдап, мәз болып күлісіп:
– Құдай сендерді біздің ортамызға қалай айдап әкелді десейші? – деді, қасқырдың бір арланы. Теке бұлардың енді бас салғалы отырған ыңғайын байқаса да сыр білдірместен:
– Я, дәм айдап сендерге қонаққа келдік. Сендер әрдайым қой етіне құштар болсаңдар, құдай әмірі бойынша енді біз қасқыр етіне құштар болдық, – деді. Қасқырлар тағы да бір-біріне аң-таң болып қарасып алды. Арлан тәкаппарлықпен: «Ім, ім! Қонақасыларың дайын ғой!» – деп кекете бастап еді, теке қорқып қалтырап тұрған қошқар досына қарап:
– Бұлар бізге оңайлықпен қонақ асы берер түрі жоқ көрінеді. Анау байлаудағы он бір қасқырдың біреуінің басын жұлып алып келші, мынау отқа үйтіп жейік, – деді. Қошқар аяғын жайлап басып, тастап кеткен басқа қарай жүре берді. Мына сөзді естіген қасқырларда үрей қалмады. Барлығы да қошқар кеткен жаққа қарай алаңдап қарай берді. «Мен байқайыншы», – деп, бір-екеуі тайып тұрды. Біраздан соң:
– Әлгілер неге кешікті, – деп тағы бір-екеуі жөнелді. Бір кезде қанын ағызған қасқырдың басын оттың жарығына көрсетіп жақындай берген қошқарды көргенде арлан бастаған қалған қасқырлар дүркіреп қаша жөнелді. Басты жарық оттың жиегіне қақтап қойып, түні бойы қошқар мен теке жайбарақат дем алып, ұйықтап шықты.
Ертеңінде қошқар мен теке тағы да жолға шықты. Қалың тоғай арасын кезіп жүріп келе жатты. Бір мезгілде теке тоғай арасын кезіп, өткен соқпақ іздерді байқап, әрі алыстан даурығып сөйлеген қасқырлардың дауысын естіді.
– Түндегі қасқырлар аюға хабар берген екен, ізімізге түсіп, бәрі іздеп келеді бізді. Енді тезірек ыңғайлы бір қарағайдың басына шығып жасырынайық, – деді теке.
Бұталы қалың, жуан бір қарағайға сүйемелдеп көмектесіп әуелі қошқарды шығарды да, артынан бір секіріп теке өзі шықты. Осы кезде балпаң басқан дәу қара қоңыр аю бастаған он шақты қасқырлар дыбырлап сөйлесіп, дәл қошқар мен теке орналасқан қарағайдың жанына жақын келді.
– Ақымақсыңдар, құдайдың өзі айдап әкелген майлы тамақтан айрылып қалған сендердей ақымақты көргенім жоқ. Қорқақ қойдан батыр қасқыр қорқып қашып кетіпті деген атақтың өзі масқарашылық қой! – деді аю.
– Я, ақымақ болдық, масқара болдық, әйеке! – деп, шуласты қасқырлар.
– Ай! Менің қолыма бір тисе. Ім…ім… мына найзалы саусақпен мытыр едім келіп… Осы жерде бір бал ашып алайықшы, бүгін бір майлы құйрыққа ауыз толар ма екен деп аю арбаңдай басып, қошқар мен теке отырған қарағайдың түбіне шалқая келіп отырды. Он шақты қасқыр да көздерін қызартып, тілдерін салақтатып аюды айнала шоқайып отыра бастады. Осыларды көргенде зәресі ұшып, есі ауып кетті. Қошқар аяқтарымен тіреп, салмағын тең ұстамағандықтан отырған бұтағы сатыр-гүтір майысып, сынып төмен құлап бара жатты. Мұны көріп отырған теке:
– Ең мықтысын қарма! Ең семізін қарма! – деп айғайлады. Сөйткенше болмады, қошқар пәрменімен келіп аюдың дәл төбесінен шаншыла құлап түсті, қасқырлар тым-тырақай қаша жөнелді. Мойны үзіліп өкірген аю біраз жатып жан тапсырды. Теке денесі ауырлап домалап жатқан досы қошқарды сүйемелдеп тұрғызып алып, тағы жүріп кетті.
Қошқар мен теке отын оттап, суын ішіп, қалың тоғай арасында бірнеше күн жол жүрді. Әлі дәрі шөп табылар емес. Қашып кеткен қасқырлар тоғай ішін шулатып ұлып, ұрандасқанын, аю мен жолбарысқа дейін барып арыз етіп, тоғай ішінде емін-еркін сайраңдап жүрген қошқар мен текеден кек алудың керектігін айтып жар салғанын, өздерінің ізіне түсіп, іздеп жүргенін қошқар мен теке біліп келе жатты. Бір күні кешке таман теке соқпақ іздері, алыстан талып жеткен шаң-шұң дауыстарды байқап:
– Көптеген жаулар ізімізге түсіп қуып келеді. Тез жүрейік, салқын лебі келеді. Алдымызда үлкен дария болуы керек, соған жетейік, – деді. Тездетіп жүгіре басып жүріп отырып көлденең керіліп жатқан үлкен дарияның жағасынан келіп шықты. Дарияның ортасы кең арал, аралдың арғы жағы тағы жайқын су, судың арғы жағы тағы құрғақ жер еді. Бәрін де қошқар мен теке шамалап байқап көріп тұр. Ұлып шулап, гүрілдеп ақырып аю, жолбарыс, қасқырлар арттан жақындап келіп қалды.
Теке досы қошқарға:
– Бастап жол салып ажалдан алып қалар кезек енді саған келді. Мен жүзуге жоқпын, сен жүзуге мықтысың, бастап түс мына дарияға, мен сенің құйрығыңа асылып отырып малтиын. Тура аралға тарт! – деді. Бұл жерде қошқар бөгелген жоқ. Майлы құйрығының үстінен текенің екі аяғын асылтып, терең дарияға қайықтай қалқып жүзе жөнелді. Түнімен ұлып, шулап жетіп келген қасқырлар жағада аңтарылып тұрып қалды. Ыза болған жалбыр жүнді қара аю ақырып:
– Құтылмайсыңдар, бәлемдер! Ал түсіңдер артынан суға жүзіп, алып келіңдер алдыма мыналарды сүйретіп! – деп қасқырларға әмір беріп тұрды. Баяғы түнгі от басында қорқып қашқан арлан бастаған бір топ қасқыр күмп беріп дарияға түсіп, жылжып жүзе жөнелді. Оның артынан іркес-тіркес қасқырлар тобы да дарияға түсіп қошқар мен текеге қарай бет алды. Бірақ қасқырлардың жүзуінде айла-тәсіл еркіндік жоқ сияқты еді, бір батып, бір шығып, суды шалпылдатып жылжумен болды. Кейбірі біріне-бірі қақтығып, судың тереңіне батып кетіп жатыр. Аздан кейін олардың көбі жүзудің бағытынан айырылып, әрқайсысы әр жаққа қарай малтып, енді жан қармаудың амалына кірісіп кетті.
Ал қошқар мен теке болса бөгелместен тез жүзіп отырып, дарияның ортасындағы аралдан келіп шықты. Су бетінде бір батып, бір шығып жанталасып малтып жүрген қасқырларға қошқар қуанышты да, үрейлі де кескінмен қадалып қарап тұрды. Қасқырлар жүзіп аралға өтер ме екен? Жоқ, кейін қайтып кетер ме екен? Қаншасы суға батып кетер екен?.. Теке ешнәрседен қуыстанбай, дереу жүгіріп аралда шөптерді тінтіп, дәрі шөп іздеді. Аралда жайылып оттайтын жануарлар сирек еді. Қалың өскен әр тектес шөптер жабағыдай боп кеткен екен. Кішкене төмпешіктің жақпар тастар арасына өскен гүл шашып жайқалып тұр. Теке міне, осы жақпар тастың шетінен бір топ дәрі шөпті табады, оны жапырақпен орап, қошқардың мүйізінің түбіне мықтап бекітіп байлайды. Қошқар мен текені қуған қасқырлар көп, елу-алпыс шамалы еді, жүзе алмауына, суға батып кетіп жатқандарына қарамастан, жағадағы аю ақырып, бұйрық беріп, қасқырдың жаңа топтарын суға түсіріп жатыр. Кейбір жүзгіш топтары тобын жазбай, қиындықпен малтып аралға тура тартып жылжуда. Мұны да қошқар мен теке байқап тұр. Енді белгілі болды. Қасқырлардың бәрі болмаса да, бірталайы аралға жүзіп жетуі мүмкін, сондықтан екеуі аралдың қарсы жағындағы жағаға қарай жүзуге дайындалып тұрды. Қасқырлардың алды аралға келіп аяғын сала бергенде қошқар мен теке тағы да дарияға түсіп, алдыңғы жағаға қарай тартты. Қапы қалған қасқырлар тілдерін тістеп жалақтатып, қатты ызаланып аралдың жағасында тағы аңтарлып қалды.
Қошқар мен теке енді қайтып артына бұрылған жоқ. Арғы жағаға жүзіп өтіп шықты да, бөгелместен ілгері жүріп кетті. Таң атпаған әлі қараңғы түн еді. Түн болса да текенің ақылымен тоқтамай жүре берді.
– Қасқырлардың бір тобы бергі жағаға өтуі мүмкін, әйтеуір, аралда қалмайды. Бері өткендері дереу ізімізге түсіп қуатыны белгілі. Қалай да таң атпай бір бекініске жетуіміз кажет, – деп, ақыл айтады теке дос қошқарға. Қошқар текенің ақылдылығына әбден сенген. Енді ешбір күдік келтірмейді. Теке досы не айтса қошқар көбіне үндемей мақұлдап бас изейді. Бұлар кең жазық алаңға жетті. Бірақ жазық алаңқы жалаңаш емес, шабылған шөптен үйілген жапырлаған шөмелелер еді.
Теке қошқарды ертіп шөмелелерді түгел аралап, жан-жағын түгел айналып шықты. Қошқар текенің бұл қылығына қайран қалғандай.
– Біреуіне тоқтамай айнала шарлауымыздың не жөні бар еді? – деп сұрады.
– Із тастап жүрміз. Енді бір шөмеленің астына кіріп жасырынамыз. Қасқырлар келсе, біздің ізімізбен осы жапырылған шөмелелердің барлығын ақтарыстырып қарайды. Бірден оңай таба қоймайды бізді. Оның үстіне шөмелелерді ақтарып жүргенде шөп иелері де келіп қалмас па екен! – деді. Досының мұншалық терең, алдын ала болжағыштық ақылына жаны сүйсініп: «Теке, жаным-ай! Ақылыңнан айналайын-ай!» – деп қатты қысып құшақтап жіберді. Теке де досын құшақтап жылады. Екеуі де шөмеленің астына тығылып ұйықтап жатып қалды.
Таңға жақын бұл жерге ұлып, шулап, қасқырлар да жетті. Шарлаған ізді қуалап шөмелелерді асты-үстіне шығарып тінтіп қошқар мен текені қарай бастады. Ала көбең таң атқан кезде ұлыған шулаған қасқырлардың айғайын естіп оянған шөпшілер шөмелелерді талқандап жүрген қасқырларды көріп, айыр, тырнауыш, шалғыларын қолына ұстап, айқай салып қасқырларға ұмтылды. Дәл шөпшілер оянып шу көтерген кезде бір топ қасқыр теке мен қошқар жатқан шөмелені бұзып, шаша бастап еді. Енді бірер құшақ шөпті лақтырса дірілдеп жатқан қошқардың майлы құйрығына қасқырдың тістері тиетін еді. Шөпшілердің айғайын естісімен қасқырлар дүркіреп қаша жөнелді.
Шөпшілер жақындап келгенде теке мен қошқар да шөмеле астынан шыға келіп, шөпшілерге қарай қарсы жүріп келіп алдарына ботадай боздап жылап жата-жата қалысты. Шөпшілердің бәрі қасқырлардың шөмелелерді неге талқандап жүрген себебін енді түсінді. Егіліп еңіреген қошқар мен текені аяп кетті.
– Бұл екеуіне тимейік. Малдың құты болар, ауылға апарып қой мен ешкіге қосайық, – деді бір шал тұрып, осыны естігенде қошқар мен теке дереу жасын тыйып, ойнақ салып, шалдың алдына келіп бас изеп тағзым етісті.
– Апырым-ай, мына жануарлар есті екен ғой, айтқанға түсініп тұр ғой. Тимейік сорлыларға, – деді тағы бір шөпші. Қошқар мен теке тағы да ойнақ салып, қуанышты сезіммен бұған да келіп бас изеді.
Шөпшілердің қошқар мен текені басынан сипап арқаларынан қағып еркелетіп, жатқан қостарына ертіп әкелгенде ондағы қалған шөпшілердің бірі:
– Ойбай-ау, мыналарың Ақшоқыдағы шал мен кемпірдің текесі мен қошқары ғой. Сорлылар шарқ ұрып сұрау салып іздеп жүр, – деді. Қошқар мен теке сол күні туып-өскен мекенінен қашып шыққалы бірінші рет қауып-қатерсіз, алаңсыз рақаттанып ұйықтап еді.
Ертеңінде шөпшілер ауылға әкеліп екеуін де қойға қосып жіберді, артынан шал мен кемпірге жеткізіп берді. Шал теке тауып әкелген дәрі шөптен жазылып, бұлар бұрынғыша тыныш өмір сүре берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *