Шолп

Шолп
Баяғы заманда жидек орманмен көмкерілген бір көл болыпты. Онда алты қоян мекендейді екен. Бір күні әбден пысқан бір жидек биік ағаш басынан көлге «шолп» етіп түсіпті. Оның не екенін білмеген қояндар шыбын-шіркей қаша жөнеліпті.
Ытқып келе жатқан қояндарды көрген түлкі олардан:
– Неге қашып келесіңдер? – деп сұрапты.
– Шолп келіп қалды, – деп жамырай жауап берген екен қояндар. Бұны
естіген түлкі де оларға ілесіп қашыпты. Зытып келе жатқан түлкіні көрген маймылдар үдірейіп:
– Неменеден үркіп келесіңдер? – деп сұрапты.
– Шолп келіп қалды! – депті түлкі.
Мұны естіген маймылдар да жалма-жан олардың соңынан ілесе қашыпты.
Сөйтіп бұғы, шошқа, су сиыр, мүйіз тұмсық, піл, ит, аю, сары аю, қабылан, жолбарыс, арыстан,…бір –бірінен естіп, бірінен-бірі үркіп қашыпты.
Қалың аң түгел жосылыпты. Қашқан сайын жандарын қоярға жер
таппапты. Тау етегінде бір ата арыстан құйынперен болып келе жатқан арыстандарды көріп, олардан:
– Өткір қанжардай тұяқтарың, пышақтай тістерің, адуын күштерің бола
тұрып, неден қашып келесіңдер? – деп сұрапты.
– Шолп келіп қалды! –деп жауап беріпті арыстандар алқынып.
– Шолп деген не нәрсе? Ол қай жерде? – деп сұрапты ата арыстан.
– Білмейміз! – десіпті қашып келе жатқан арыстандар.
– Босқа дүрлікпеңдер! Не нәрсе екенін әуелі сұрастырып білу керек! Бұны кімнен естідіңдер? – депті арыстан.
– Жолбарыс айтты, – деп жауап беріпті олар. Ата арыстан жолбарыстан
сұрапты. Жолбарыс қабыланнан естідім депті. Қабыланнан сұраса, ол сары аюдан естідім депті. Сары аюдан сұраса ит аюдан естідім депті. Сөйтіп ит аюдан, пілден, мүйіз тұмсықтан, су сиырдан, шошқадан, бұғыдан жағалата сұрап ең соңында түлкіден сұрапты. Түлкі:
– Маған қояндар айтты, – депті.
Ата арыстан қояндардан сұрапты. Сонда қоянның бірі:
– Сол қорқынышты шолпты мына тұрған алтауымыз да ет
құлағымызбен естідік, бізбен бірге жүріңіз, біз сізге сол жерді көрсетейік, – депті.
Сөйтіп, қояндар арыстанды жидек орманның қасына ертіп келіп:
– Шолп анау жерде, – деп нұсқап көрсетіпті.
Дәл осы кезде пісіп тұрған жидектің бірі көлге тағы «шолп» етіп түсіп
кетіпті. Мұны көрген ата арыстан:
– Малқамсоқ немелер! Ол көлге түскен жидектің дыбысы емес пе, көріп
тұрсыңдар ма, сонан да қорыққан бар ма? Көп жұлым болып сонша жінігіп едіңдер! – депті.
Аңдар ауыр күрсініп, өздерінің қарадай әлек болғанын сонда барып
біліпті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *