Не дәмді?

Не дәмді?
Бір күні қорада тұрған жануарлар қандай тағам дәмді дегенге таласып қалыпты. Әрқайсысы өздері жақсы көретін тағамдарын дәріптесіпті. Байлаудағы ала сиыр өкірештей жөнеліпті: «Шіркін, пішен мен таза жемге не жетсін! Солардан дәмді бұл дүниеде бірде-бір тамақ болуы мүмкін емес!» Бұған келіспейтінін танытқан қой мекірене маңырайды: «Иә, жем мен пішен жақсы-ақ. Бірақ желіндеген көк майса болса, одан да жақсы ғой!».
Бұларға жылқы өз дауын айтады: «Арпа мен сұлы дәмді емес пе? Күтір-күтір шайнасаң, оның балдай дәмі таңдайыңнан кетпейді».
– Жоқ, сендер таба алмадыңдар. Сүт пен еттен дәмді ештеңе жоқ. Босқа таласпаңдар, – дейді мысық. Мұны естігенде иттің ызасы қозып, орнынан атып тұрады. «Сен босқа көкіме, – дейді мысыққа жекіріп. – Ненің дәмді екенін мен айтайын: сүйек дегенді естіп пе едіңдер? Кемігі көп сүйектен дәмді ештеңе жоқ!». Сонда әңгімеге түйе қосылды:
– Сендер босқа дауласып тұрсыңдар. Даланы менен көп шарлайтын ешқайсың жоқсың. Шөл далада бір түп темір тікен ұшыраса кетсе бар ғой, соны күтірлете шайнасаң, содан дәмді ештеңе жоқ! Бірақ олар бір-бірінің айтқанына иланбай, әлі күнге дейін қалаған шөбін дәріптеп келе жатқан көрінеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *