Мысық пен тышқандар

Мысық пен тышқандар
Бір күні, мысық тышқандарға:
– Мен үлкен сопы болдым. Бүгіннен бастап құдайға құлшылық ету
жөнінде шариғат сөйлеймін, барлығың келіп тыңдаңдар! – деп уағыз айтыпты.
Тышқандар кеңесіп:
– Бұл жыртқыш сопы болдым депті, ет жемесе, енді нені қорек етеді
екен, сұрап ұғайық, алданып қалмайық, – деген байламға келісіпті.
Олар мысыққа келіп осы жайлы сұрапты. Мысық:
– Мен әлдеқашан ет жеуді қойғамын, тау бөктерінен балауса жеп, шөп
басындағы шық суын ішіп, күнелтетін болғам, – деп жауап береді.
Мысықты тәңір жолын ұстап, жақсы сопы болыпты деп ұққан
тышқандар түгел онан шариғат естуге келеді.
Мысық сопылық киімін киіп, үлкен салауатпен мінбеге шығады да, қан
төкпеу, ет жемеу жайлы бірталай дәлел айтып, жөн-жосық сөйлейді.
Мысық шариғат сөйлеп болған соң, тышқандар жапа-тармағай есікке
ұмтылады. Осы орайда мысық мінбеден қарғып түсіп, ең арттағы тышқанды тарпа бас салып жеп қояды.
Мысық әр күні шариғат айтып, әр күні бір тышқан жеп жайбырақат жата береді. Ал, тышқандар өзінің күннен-күнге азайып бара жатқанын көріп сезіктене бастайды. Сонан олар бір жерге жиылып кеңес құрып:
– Біздің түбімізге жетіп жүрген сол, әйтпесе қатарымыз неге күннен-
күнге селдіреп барады, ең жақсысы оның дәретін тексеріп көрейік, –деген байламға келеді.
Тышқандар келіп аңдиды. Ол әмсе дәретін көрсетпей күлмен жауып
тастап отырады екен. Ол кеткеннен кейін тышқандар күлді ашып оның дәретін қарайды да, ішінен бірсыпыра боғына араласқан тышқан жүндерін байқайды. Тышқандар бұл істің сырын біледі.
Келесі күні тышқандар бәз-баяғысынша мысықтың шариғатын естуге
келеді. Бірақ шариғат айтудан бұрын бір тышқанды уәкіл етіп мысыққа салады. Ол: «Сопы, тақсыр, шариғат айтып көп әурелендіңіз, біз сізге мойынға асатын бір қоңырау тарту етейік, өйткені сіз әулие, ұлы сопысыз, сіз бұл қоңырауды асып алсаңыз, қайда барсаңыз да біз хабарланып, өз құрметімізді білдіріп, әдеп-иба сақтап жүретін боламыз», – дейді.
Мұны естіп қуанған мысық қоңырауды мойнына асып алады.
Шариғатты айтып болғаннан кейін ол оқшауланып ең артта қалған тышқанға тап береді. Бірақ ол мінбеден атылған кезде оның мойнындағы қоңырау даңылдап кетеді. Мұны естіген тышқандар арт жағына жалт қарайды. Сөйтіп, мысықтың шын кеспірі пәш болады. Тышқандар оған:
– Сенің шариғатың өтірік екен! Доғар енді оныңды, сенің шариғатыңды кім тыңдасын?! – дейді. Содан бастап тышқандар оның шариғатын тыңдамайтын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *