Есек пен өгіз сырлары

Есек пен өгіз сырлары
Ілгері заманда бір адамның бір өгіз, бір есегі болыпты. Есек әман рақатта, сарайда шөп жеп, суын ішіп тұра береді. Өгіз әман ауыр жұмыстарда болып михнатпен күн кешіреді екен. Яғни – жер жырту, егін суару, тағы басқалар. Бір күндері өгіз есекке мұң-мұқтажын айтып шағады «Арыдым, шаршадым, бар ауыр жұмыс менің мойнымда» деп. «Ал, достым, сенің маған беретін қандай жәрдемің бар?» – дейді. Мына ауырлықтан рахаттанатын есек: «Олай сен шаршап, жүдеген болсаң, менің айтатын мынадай бір ақылым бар, сен ауырған болып, шөп жеп, су ішпе, бүгіннен бастап, таңертең қожамыз сенің ауырғаныңды көрсе, мүмкін жұмысқа мінбей қалдырар», – деп үйретеді. Бұлардың қожасы хайуан тілін білетін оқымысты адам екен, есектің өгізге үйретіп жатқан айласын естіп тұрады екен. Таңертең өгіздің оттамай тұрғанын көріп үндеместен, есекті жұмысқа жегіп алып кете барады. Жұмыс басына барған соң, есекті күндегі өгіздің істейтін жұмысының бәріне салады, есек әбден шаршап қалжырайды. Жұмыстан қайтып үйге келген соң, есекті ағытып өгіздің жанына қоя береді. Өгіз есектен: «Хал-жайың, қалай болды, шаршаған жоқсың ба?» – деп сұрайды.
Есек: «Халім жақсы, шаршап онша ренжігем жоқ, жалғыз-ақ сен жағынан бір қорқыныш сөз естіп, күйзеліп келдім соған», – дейді. Өгіз абдырап, құлағын қалқитып: «Ол қандай қорқыныш мен жағымнан», – дейді. Есек: «Ол мынадай, қожамыз жұмысқа барғанда адамдарға айтып келді, өгізім ауырып қалды, көп ұзатпай сойып сатып ақша шығарып алмасам, арыған соң құнды бұл шығармайды ғой», – деді. Мұны естіп өгіз сасқалақтап: «Достым, ендігі ақыл не болды», – деді. Есек айтты: «Менің саған айтар ақылым, сен бұрынғыдай шөп жеп, су ішіп тәуір болғаныңды әдет бойынша көрсетпесең, мен түбінен қорқып отырмын, ұнамсыз іс бола ма деп саған», – деген соң, өгіз тұра сала жалмаңдап, тілін орап шөп жеп, су іше, сауыға бастайды. Бұлардың бұл кеңестерін қожайыны естіп тұрады екен, сыртынан келіп күліп жіберіп, үйіне қарай жүре беріпті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *