Ботаның кешірмесі

Ботаның кешірмесі
Бір байдың қызы бір төренің ұлына ұзатылып, оның жасауына бай жүз ақ
түйе беретін болыпты. Енесін еміп жүрген бір жас ботаны да енесінен мезгілсіз айырып сан толтыру үшін, сол түйелердің қатарында беріпті.
Ботасынан айырылған інген ботақанын сағынып зарықса, бота енесін
онан бетер сағынып зарығыпты.
Сонан жол-жөнекей, әлгі жас бота түйелерден бөлініп, қашып шығыпты.
Оның есі-дерті иесін бір көру болыпты.
Ол қалың шилеуітті аралап, құлағын тіге жортып келе жатады.
Ол қоғалы қамысқа жетеді. Оның ішін аралап бір мезет екпіндей желеді де, құлағын тігіп тұра қалады.
Өркешіңе бас қойып, аяулы анам,
Ұйықтар күнім бар ма екен?
Қарақат көзіңе қадалып, анам,
Ұйықтар күнім бар ма екен?
Көнектей болған емшегіңді, анам,
Емер күнім бар ма екен?
Қақ төсіңді искелеп, анам,
Еркелер күнім бар ма екен?! – деп іштей зарлайды.
Сонан ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін, шалқар көлге келіп бөгеледі.
Бота онан өтудің амалын таба алмай дағдарып тұрғанда, көл ішінен үлкен бір балық шоршып шыға келеді. Ол балық ботаға жаны ашып, оны көлден өткізіп қояды. Бірақ ботаның қуанышы ұзаққа бармайды. Ол тағы бір пәлеге тап болады, бір түйеші оны ұстап алып, өзінің бурасына қосақтайды. Енесін қатты сағынған бота зарлаумен болады.
Бура оның мән-жайын сұрайды, бота оған басынан кешкенін түгел айтады.
Бура да ботаны қатты аяп кетеді. Сонан ол бұйданы тісімен қиып, түйешіге білдірмей, ботаны босатып қоя береді. Жүрісін жеделдеткен бота, көп өтпей өзінің байырғы мекеніне келіп, енесін табады.
Інген ботақанын ойлай-ойлай оттаудан қалып, өлуге жеткен еді, ол орнынан тұра алмай, ботасына телміре қарап, көз жасын көлдетеді:
– Мен енді өлемін, мен өлгеннен кейін сен солтүстікті бетке алып ағаң –
ды ізде, ағаңның бойы тапалдау, шудалы, өзің сықылды ақ. Онымен бірге болсаң, алаңсыз өмір өткізесің. Есіңде болсын: ағаңды іздеп шыққан жолыңда жал басына түнеме, ескі жұртқа әсте түнеуші болма, төбешік кезіксе, оның оңтүстік жағына түсіп түнегейсің, ал ағаң бар керуенді тапсаң, ағаңның артында, түйелердің ортасын ала жүр, – деп ақыл айтады.
Сөзін бітірген інген жасты көзбен дүние салады.
Сонан бота солтүстікті бетке алып, ағасын іздеп жол жүріп кетеді. Жол-жөнекей енесінің сөзін есіне алған бота «Не болар екен, жал басына түнеп, бір байқап көрейін» деп жал басына түнейді. Жал басы желді, суық еді. Енесінің өсиетін ойлаған бота:
– Анамның жал басына қонба дегені жал басы жалтаң, суық, тоңасың
дегені екен ғой, – деп ойлайды. Бота енді «Ескі жұртқа түнеп байқайын» деп мұны да білгісі келеді.
Сөйтіп, ол ертеңінде бір ескі жұртқа түнейді, жыртқыш хайуандар ескі жұрттан тіміскілеп, жем іздеп көп келіп, ол сол түні көз ілмей шығады. Енесінің өсиетін есіне алған бота:
– Анамның ескі жұртқа қонба деуінің себебі осы екен ғой, – деп ойлайды.
Бота үшінші күні бір төбешікті тауып соның оңтүстік жағына түсіп
түнейді. Ол сол күні тоңбайды, түн бойы жем іздеп, мазалап, тіміскілеп жүретін жабайы хайуандардан да аман болады. Төртінші күні ол ағасы бар керуенді табады, ағасымен кездеседі. Сонан ол шешем мені «Ағаңның артында, түйелердің ортасында жүр» деп неге айтты екен, осы сөздің сырын білейінші деген ойға келеді.
Сонан ол әтейге түйелердің алдына шығып алады, оны басқа түйелер
санынан тістеп, маза бермейді. Бұл болмаған соң, бота әтейге ығысып, түйелердің ең артында қалады. Бұл жолы бір бақташы қыз қамшының астынан алады. Сонан бота түйелердің қатарынан шығып жанасалай жүреді, бұл да болмайды. Құм, топырақ кіріп көзін аштырмайды.
Сөйтіп, бота түйелер қатарындағы ағасының артына келіп, түйелердің ортасын ала жүреді, бұл жолы бәрінен тыныш болады.
Ағасы қарайлас шөптің жақсысын жеп, судың тұнығын ішіп, жаманшылықтан құтылады. Ағасы оған үнемі күлдіргі әңгімелер айтып беріп, көңілін аулайды. Шат-шадыман тұрмыс кешіреді.
Сонымен, бота «Анамның айтқан сөздерінде титтей де ағаттық жоқ екен-ау!» деген ойға келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *