Түлкі мен тасбақа

Түлкі мен тасбақа
Ертеде сегіз бұғы ертелі-кеш бір көлден су ішіп жүреді екен. Сол көлде бір тасбақа бар екен де, оның төртеуін ол бұрынды-соңды жеп қойыпты. Сонан соң қалған төрт бұғы көлге келіп су ішуге қорқып жолай алмайтын болыпты.
Бір күні бір түлкі олардың тілі аузына симай қаталап кеткенін көріп:
– Неге көлге барып су ішпейсіңдер? – деп сұрапты.
Бұғы өздерің көлге бармау себептерін айтып беріпті. Мұны естіп ойланған түлкі:
– Мен сендерге бір ақыл айтайын, бұл көлде бір ғана тасбақа бар, сендер
екіге бөлініп екі жерден су ішіңдер, ол мына жаққа келсе, ана жақтағыларың су ішіңдер, ол ана жаққа барса, мына жақтағыларың су ішіңдер, сөйтіп, ол арада салпақтап, ешқайсыңды ұстай алмайтын болсын, — депті.
Сол күннен бастап бұғылар осы әдіс бойынша су ішіп жүріпті.
Бұғыларға бұл әдісті үйреткен түлкі екендігін сезген тасбақа түлкіге
өшігіп, оның көзін жоюдың қамына кірісті.
Түлкі бір күні осы көлге су ішуге келеді, ол сақтық істеп, көлге алдымен
бір аяғын малады. Тасбақаның осы арада күтіп тұрғанын қайдан білсін. Ол аяғын суға мала бере тасбақа аяғынан шап беріп ұстай алады. Зерделі түлкі ешнәрсе болмағандай, қасақана қарқылдап күліп:
– Ха! Ха! Ха! Мына тасбақа шынында ақымақ екен ғой! Таяғымды шап
беріп ұстап жібермей қоюын, – дейді.
Таяқ деген сөзді естіген тасбақа дереу қолын босатады, түлкі босанған
аяғын тартып алып тайып тұрады.
Күндердің бірінде, түлкінің жортып келе жатқанын көрген тасбақа жағаға шығып жатады. Ол әсілі түлкі таяғанда оқыс бас салмақ екен. Түлкі оның серейіп жатқанын көріп, шын-өтірігін білу үшін:
– Мына сұмпайы өтірік өлген болып жатқанын қарай көр, шын өлген
болса, аяқтары бүгіліп жатпай ма? – дейді.
Мұны естіген тасбақа жалма-жан аяқтарын бүгіп алады. Оның тірі екенін
білген соң түлкі зытып береді.
Қанша тұзақ құрса да түлкіні қолға түсіре алмаған тасбақа шиыршық атып, қатты құсаланады. Бір күні ол түлкінің ініне келіп кіріп, оны ініне келген жерде абайсыздан мерт етпекші болып аңдып жатады.
Түлкі іннің аузына келе, сайрап жатқан тасбақаның ізін көреді, ол мұнан тасбақаның өз ініне келгенін біледі. Бірақ ол әлі бар ма, әлде кетіп қалды ма? Мұны білу үшін қулық істетіп, жақпар тастан:
– Ей жартас, бүгін бұл араға біреу келді ме? – деп сұрайды.
Жартастан үн шықсын ба? Бір уақыттан соң түлкі өз-өзіне сыңғырлап:
– Е, қу тас-ай! Біреу бар екен ғой, онан қорқып үндемей тұрсың ғой, —
дейді. Бұл сөзді естіген тасбақа сасқалақтап, жартас болып сөйлей жөнеледі.
– Жан баласы келмеді, – дейді.
Мұны естіген түлкі тасбақаның іннің ішінде екенін біліп, тайып тұрады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *