Ақымақ қасқыр

Ақымақ қасқыр
Өрісте жайылып жүрген көп қойдың ішінен бір арық саулық қой жалғыз бөлініп қала беріпті.
Қалың шидің арасынан бір қасқыр шыға келіп:
– Е, жерік асым, қайдан жүрсің? Іздегенде мұндай кездестіре алмас едім, бұйырған дәмге сөз жоқ! Енді сені жеймін, – дейді.
Қой:
– Жейтін болсаң ажалым жеткен екен. Бірақ өзің де мал танығыш едің ғой, қарны қампиған, бұты тыртиған, аузында ақ тісі жоқ, бір асам еті жоқ, тұла бойы шандыр мені қайтесің. Мені босат, қоралы қойға қайтайын, қозымды саған әкеліп тартайын. Жылы-жұмсақты сен жемегенде, кім жейді? – дейді.
«Жылы-жұмсақ» деген сөз қасқырды қызықтырады. Қойды босатып қоя береді.
Қасқыр жұтынып, қойдың бағланын күтеді. Қой да, бағлан да жоқ. Қасқыр түңіледі. «Қой баласы момын ғой, алдауды білмеуші еді. Сірә, оны ешкі антұрған азғырған шығар. Барып көрейін!» – деп жорыта жөнеледі.
Бір белеске шығып, төңірекке қараса, алдында қызылшаны күрт-күрт шайнап, бір ешкі жүр екен. Көп қой да, қойшы да алыста екен. «Іздегенім сен едің», – деп қасқыр ешкіні бас салады. «Жанымды алып қалуға себеп болар ма екен» деп, ешкі мынаны айтады:
– Атаң да, анаң да жақсы еді. Қой тұрғанда олар ешкіні жемеуші еді. Мен қарапайым ешкі де емеспін, тойда билеп, торқа киген ешкімін! – деп судыратады.
– Ешкі билейді дегенді естіген емеспін. Ондай өнерің болса, көрсет – дейді қасқыр.
Ешкі:
– Ендеше көз аудармай, аяғыма қара да тұр, мен бір билеп көрейін, – дейді де, ешкі олай, бұлай секіре, секіре, жылт беріп, көп қойдың арасына кіріп кетеді.
Сол арада қойшы да келіп, ешкі аман құтылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *