ҚҰҚЫҚ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА НЕГІЗДЕРІ САБАҒЫНДА ЖАҢА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ, АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЖОЛДАРЫ

Мақсаты: Студенттерге педагогикалық технологиялар туралы алған мағлұматтары негізінде құқық және экономика сабағында жаңа педагогикалық ақпараттарды қолданудың әдістерін түсіндіру.

Жоспар:

  1. Оқыту технологиясы — ғылыми зерттеу аясы ретінде. Құқық және экономика негіздері сабағында жаңа технологияны қолданудың қағидаттары мен тәсілдері.
  2. Педагогикалық практиканың жаңа сатылары.
  3. Ақпаратты – түсіндіру тәсілінен әрекет ету–даму технологиясына көшу.

 

Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше, сауатты, жан – жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны  меңгеру мұғалімнің интелектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін — өзі дамытып, оқу – тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

         Американдық мұғалімдер ассоцияциясының вице – президенті, доктор А.Урванский білім берудің болашақ мұратын былайша сипаттайды: «маңызды кезең – рефлексті емес, басымдылықтан ойлау әдістері мен амалдарын саналы түрде игеруге көшу». Жаңа оқыту технологиясы бойынша материал сипаттамалы түрде емес, шынайы проблема түрінде  берілуі тиіс.

         Мұғалімнің назары дұрыс жауап алудан оның қандай жолмен алынғандығын түсіндіруге көшуге ауады, — дейді көптеген ғалым әдіскерлер. Жаңа оқыту технологиясының тиімділігі сонда, оның элементтері арқылы баламен  тиімді  жұмыс істеуге болады. Атап айтатын болсақ: 

  • ұжымды жұмыс істеуге үйретеді;
  • ақпаратты өз бетінше түсінуге бағыттайды;
  • сөз астарын, құдіретін түсінуге жағдай жасайды;
  • сабақтан тысқары қалатын оқушы болмайды.

Осы жобамен жұмыс істеген кезде, оқушылардың оқуға деген ынта–ықыласының артқандығын, адами жақсы қасиеттердің  қалыптасқандығын, мұғалімнің шыдамдылық, төзімділік сияқты сапалармен қатар оқушының басқаны қабылдау, түсіну, сыйлауды үйренгендігімен сипатталады. Жаңа технологияларды іске асыру үшін кәсіби шеберлігін шыңдауға шаршамайтын, ұстаздықтан жалықпайтын, жаңалықтан жаны шошымайтын, танымгер, өз ісіне құштар мұғалім қажет.

         Қазіргі заман талабына сай оқыту технологияларын үйренуді арнайы кәсіби тұрғыдан ұйымдастыру керек. Оқу технологиясын таңдап, іріктеу оқушының,  оқу  танымдық  іс — әрекетін басқарудың негізгі бір буыны. Жаңа технологияны пайдалануда ұстаз жаңашыл педагогтардың  озық дидактикалық идеяларымен қарулануы керек. Оларға В.Ф.Шаталовтың «Еркін таңдау идеясы», С.Н. Лысенкованың «Озық оқыту», П.Эрдниевтің «Ірі блоктар идеясы», Е.Н. Потапова технологиясы, (қазіргі кезде бұл идеялар М.Н. Беруллаеваның        жаңа технологиясында  көрсетілген),      В.Г .Коваленконың «Ойын арқылы    оқыту технологиясы»,    В.Оконьның, Р. Гроттың «Деңгейлеп саралап оқыту технологиясы», «Проблемалық оқыту технологиясы» жатады. Оқушылар сабақтың қызықты, жеңіл өтетіндігін, ұжымды бірлесіп жұмыс жасауға үйрететіндігін, білімнің тереңдігін әрі тиянақтылығының артатындығын баяндайды. Соңғы кездерде оқытудың әр түрлі жаңа  технологиялары пайдаланылып, тәжірибеде қолданылып жүр. Мысалы: дамыта оқыту, қарқынды оқыту, модульдік оқыту, саралап оқыту, ынтымақтастық технологиясы сияқты көптеген оқыту технологияларын атауға болады. Мұның бәрі уақыт талабынан туындап отырған жүйе.

Қарқынды оқыту технологиясы – жеке тұлғаның өзін — өзі дамытуға, оның өзіндік және шығармашылық қабілетін арттыруға, қажетті іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Яғни қарқынды оқыту технологиясы — берілген уақыт мөлшерінде үлкен табыстарға қол жеткізе отырып, оқушылардың шығармашылық қабілетін жетілдіруге негізделген оқыту технологиясының бірі. Әрбір технология өзіндік жаңа әдіс – тәсілдерімен ерекшеленеді. Әдіс – тәсілдерді мұғалім ізденіс арқылы оқушы қабілетіне,  қабылдау деңгейіне қарай іріктелініп , қолданылады.

         Қызықты  сабақтар – мұғалімнің ашқан жаңалығы, өзіндік қолтаңбасы,  әдістемелік ізденісі.

Мәселелік (проблемалық) оқыту дегеніміз Г.С. Селевконың анықтамасы бойынша  мұғалімнің  басшылығымен түрлі жағдаяттарды анықтай білуге, оқушыларды оны шешуге белсенді жұмылдыруға, соның нәтижесінде оларда білім, білік, дағды және ойлау қабілетін дамытуға негізделіп ұйымдастырылатын оқыту үрдісі.

Дамыта оқыту  деп оқытудың дәстүрлі иллюстративті – түсіндірмелі түрін ауыстыратын, белсенді іс — әрекетке негізделген оқыту түрін айтамыз. «Дамыта оқыту» идеясы көрнекті ұлы педагогтар Песталоцидің, Ушинскийдің еңбектерінен бастау алады.

         Кез келген іс -әрекет нәтижелі болуы үшін ең алдымен мақсат айқын болуы керек. Білім берудің мақсаты айқын болғаннан кейін білім беру жүйесінің алдында «Қалай оқытамын?» деген сұрақ пайда болады. Бұл сұраққа жауап беру үшін Ресей ғалымдары мен зерттеушілері көптеген жаңа педагогикалық технологияларды өмірге әкелді. Солардың ішінде Занковтың, Эльконин мен  Давыдовтың, Т.С. Альтшуллердің (ТРИЗ) технологиялары.

Модульдік оқыту. Модуль дегеніміздің өзі үлкен бір жүйе, мұнда оқушы білімді жеке – жеке тараулар бойынша емес, біртұтас тақырып түрінде жүйеленген түрде алады. Өзін дамытуда, бірін – бірі оқытуға, кітаппен жұмыс істеуге үйренеді, қосымша әдебиеттен білім алуға баулу арқылы дарынды балалармен жүйелі жұмыс істеуге мүмкіндік  туады.

Ізгілендіру технологиясы – сезім, көңіл – күй, өмірлік құндылықтарға сүйенеді. Ізгілендіру қағидалары оқытудың әдіс – тәсілдеріне мынандай талаптар қояды:

  • Мұғалімнің оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен арылуы;
  • оқыту үрдісі кезінде сабақтағы басты тұлға білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын оқушы екендігі;
  • балалардың оқуға деген ынтасын күшейту, өз дербестігін, белсенділігін дамыту;
  • оқу –тәрбие жұмысын ұтымды жүргізу үшін баланың табиғи талабын, қасиетін дер кезінде анықтау;

Ізгілік бағыттың негізгі идеясы: оқушымен ұнамды қарым – қатынас, қысым  көрсетпей, еркін ұстау, оқушы еңбегін бағалау, тұлғаны дамыту, өз пікірін білдіру, баланың болашағына, қабілетіне сену, баланың кемшіліктеріне шыдамдылық көрсету,  баланы ынталандыру.

         Оқытудың бұл технологияларына ортақ нәрселер мыналар:

  • оқушыны жан – жақты дамытуға негіздеу;
  • оқу іс — әрекетіндегі мәселелік жағдаяттарды шешуге бағытталған;
  • оқу іс — әрекеті арқылы оқушының ойлау мәдениетін дамыту;
  • оқушының объектіден субъектіге айналуы;
  • қызығушылық дәрежесінің артуы (мотивация);

Бұл салада «тренинг» өткізудің көп пайдасы бар. Өйткені «тренинг» жүйесінде оқыту әдісі арқылы оқушыны ойлауға, өз ойын дәлелді түрде жеткізе білуге,  бір – бірінің пікіріне сыйластықпен қарауға үйрету болады.

Қазақстан  Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасында «Жоғары білімді дамытудың негізгі үрдісі мамандар сапасын даярлау сапасын арттыру, қарқынды ғылыми – зерттеу қызметімен  ықпалдастырылған инновациялық білімді дамыту, жоғары оқу орындары зерттеулерінің әлеуметтік сала мен экономиканың қажеттіліктерімен тығыз байланысы, білім беру  және ақпараттық технологияларды жетілдіру болып табылады» деп атап көрсетілгеніндей қазіргі білім беру саласындағы басты мәселе әлеуметтік – педагогикалық ұйымдастыру тұрғысынан білім мазмұнына жаңалық енгізудің тиімді жаңа әдістерін іздестіру мен оларды жүзеге асыра алатын болашақ мамандарды даярлау болып отыр.

         Жаңа дәуір ұлттық бәсеке, мәліметтік сайыс, психологиялық өзгерістер     сияқты   көріністерміен   белең алады. Сондықтан ол кезеңге сай   интеллектуалды,   ой-өрісі жоғары дамыған, дені сау азаматты қалыптастыру  –  мемлекеттің бүгінгі күнгі өзекті мәселесі.

         Қазіргі мектеп жағдайларындағы білім берудің ұлттық моделіне өту оқыту мен тәрбиелеудің соңғы әдіс–тәсілдерін, инновациялық педагогикалық технологияны игерген, психологиялық – педагогикалық диагностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жұмыста қалыптасқан бұрынғы «баршаға білім беру» ескі сүрлеуінен тез арада арылып, жаңаша  білім беру мазмұнына «әркімге таңдау бойынша білім беруге» көшуге қабілетті және нақты тәжірибелік іс — әрекет үстінде өзіндік даңғыл жол салуға икемді, шығармашылықпен, ізденушілікпен жұмыс істейтін зерттеуші болашақ мұғалімдерді   даярлауды қажет етеді.

         Бүкіл дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатына қазіргі кезде Қазақстанда білімнің жаңа жүйесі  құрылуда. Бұл үрдіс педагогика  теориясы мен оқу -тәрбие үрдісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы білім беру қызметіне жаңаша қарауды, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуды, мұғалім іс — әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды талап етеді. 

Бүгінгі таңда Қазақстанда Ш.Қаланованың, Ж.Қараевтың, Ш.Таубаеваның, Қ.Қабдықайыровтың, С.Лактионованың, М.Жанпейісованың, Ә.Жүнісбек пен Қ.Нағымжанованың, С.Көшімбетованың, т.б.  ғалымдардың зерттеулерінде оқытудың жаңа технологиялары жан – жақты қарастырылады.

         Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Қазақстан — 2030» Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Біздің жас мемлекетіміз өсіп,  жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді. Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі білім, білім өрісі биік, денсаулықтары мықты өкілдері болады. Олар бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр. Олар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгереді, олар  бейбіт, абат, жылдам өркендету үстіндегі, күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады» деп көрсетілгендей, ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш – білімге тән. Жас мемлекетіміздің болашағы – бүгінгі мектеп оқушылары. Оларға бірдей талап қойып, олардың табиғи қабілеттерін, нақты мүмкіндіктерін анықтап, соған негіздеп оқыту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

         Сондықтан да оқушылардың ой — өрісін, ұлттық мәденетін, ұлттық рух пен сана  — сезімін дамытып, алғыр тұлғаны қалыптастыруда тәрбие жүйесіндегі инновациялық іс — әрекеттердің ендірілуі үлкен жетістіктерге жетелейді.

«Инновация» ұғымын анықтайтын нақтылы анықтама әлі де жасала қойған жоқ. «Инновация» — нақты қойылған мақсатқа жетуде ойға алынған жаңа нәтиже. Нақты мақсат дегеніміз не? Нақты мақсатқа қандай әдіс – тәсілдердің көмегімен жетуге болады? Оқу мақсатының жүйесінде берілген мақсаттың негізгі категорияларын пайдалана отырып, педагог өз еңбектерінің  нәтижесі  туралы ақпарат алуға мүмкіндік алады. Демек мақсат пен нәтиже – жаңалыққа бет бұрудың кілті.

Инновациялық үрдістің негізі – жаңалықтарды қалыптастыру, қолдану, жүзеге асырудың тұтастық қызметі. Кез келген жаңа әдіс жекелік, сондай – ақ уақытша жоспарға жатады. Бұл, яғни, бір мұғалім үшін табылған жаңа әдіс, жаңалық басқа мұғалім үшін өтілген материал тәрізді.

Жаңа  педагогикалық технологиялар оқушының шығармашылық қабілеттерін арттыруға өз үлесін қосады.

Жаңа технологияны қолдану төмендегідей кезеңдер арқылы іске асады:

  • оқып –үйрену;
  • меңгеру;
  • өмірге сендіру;
  • дамыту.

Жаңа технологиямен жұмыс істеу үшін төмендегідей алғы шарттар қажет:

  • оқу үрдісін интенсивтендіруді жаппай қолға алу;
  • оқушылардың сабақтастылығын болдырмау шараларын кешенді түрде қарастыру;
  • ғылыми — әдістемелік, оқыту — әдістемелік, ұйымдастырушылық себептерге үнемі талдау жасап, назарда ұстау;
  • жаңа буын оқулықтарының мазмұнын зерттеп білу;
  • пәндік білім стандартымен жете танысу;
  • білімді деңгейлеп беру технологиясын игеру арқылы студенттерге мемлекеттік стандарт деңгейінде игертуге қол жеткізу;
  • оқыту үрдісін ізгілендіру мен демократияландыруды үнемі басшылыққа алу; (өйткені оқыту – тәрбиенің негізі).

Осы міндеттерге жүгіне отырып, білім беру жүйесінде студенттің жан жақты дамуына көмектесетін, оларға оңтайлы жағдайларды тудыратын ынтымақтастық  топтарды құруға болады.

         Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Педагогикалық жоғары оқу орнының білім беру үрдісінің болашағын жоспарлау – ол экономикалық, әлеуметтік, саяси, рухани жұмыстардың қоғамдағы дамуына байланысты шешілетін мәселе. Болжаудың ең басты мақсаты: ғылыми тұрғыдан болашақты көре білу. Соған байланысты студенттерді тұлғалық бағдарлы технология негізінде басқарудың педагогикалық шарттарын анықтау керек.

         Болашақты ғылыми негізде болжаудың бірнеше шарттары бар. Олар мына төмендегіше жіктеледі:

  1. басқару негізінде;
  2. қайта құру бағытында;
  3. теориялық;
  4. әдіснамалық негіздерде;
  5. жүйелі түрде өзгерілуі;
  6. дұрыс қарым – қатынас орнату негізінде , т.б.

Жоғары мектепте оқытудың жаңа технологиясын қолдануда әдістердің алмасуы өте маңызды болып табылады. Бұл салада бір мысал ретінде, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты  кафедралар жанынан құрылған «Ізденіс»  педагогикалық жаңа технологиялар мен озық тәжірибелер зертханасының  әрекетінен үлгі алуға болады.

 

Зертхананың негізгі міндеттері:

  • қазіргі инновациялық педагогикалық технологияларды оқып – үйрену;
  • Республика, ТМД, әлемдегі педагогикалық озық іс – тәжірибелерді оқып үйрену, зерттеу, талдау, насихаттау, тарату, пайдалану;
  • жаңашыл мұғалімдердің озық іс – тәжірибелерін зерттеу;
  • болашақ мұғалімдердің жоғары интелектуалдық, шығармашылық әлеуетін қалыптастыру, оны дамыту;
  • оқу – тәрбие үрдісіне инновациялық технологияларды ендіру мақсатында эксперименттік тәжірибелер жүргізу;
  • эксперимент тақырыбы бойынша педагогикалық ұжым жұмысының тиімділігінің көрсеткіштері мен критерийлерін талдап шығару;
  • эксперименттің тақырыбы бойынша озат тәжірибені белгілеп, мұғалімдер мен оқушылардың іс-әрекетіндегі типтік кемшіліктер мен қиындықтарды анықтап, олардың себебін білу;
  • эксперименттің аралық және соңғы нәтижелерін талдап, қорыту және соның негізінде зерттеу тақырыбы бойынша ғылыми – тәжірибелік, ғылыми — әдістемелік нұсқаулар құрастыру , ұсыну.

Аталмыш зертхананың негізгі мақсаты – болашақ мұғалімдердің жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің тиімділігін арттыру мақсатында жаңа педагогикалық технология элементтерін пайдалана білуге үйрету, шығармашылыққа баулу.

Қорыта айтқанда, институт мектеп өміріне бейім, білімді де білікті маман даярлап шығаруы керек. Ал мұның өзі қазіргі кезеңде Қазақстан бүкіл дүниежүзілік  білім әлеміне кіру мақсатындағы жасалынып жатқан жаңа жүйенің негізгі мақсатына жетудің бірден – бір жолы болмақшы.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *