ЖАН-ЖАНУАРЛАРДЫҢ ДАУЛАСҚАНЫ

Жылқы, түйе, сиыр, қой, ит, тауық, тышқан және бөтен жан-жануарлардың бәрі де адамның жылына ағалыққа таласты дейді.

Жылқы айтты:

— Мен, адам үстіме мінсе, алысын жақын етемін, күшімді болса көреді, сүтімді болса ішеді, қылыма дейін арқан істейді, адамға менен пайдалы мал жоқ жыл ағасы мен боламын,— деді.

Түйе айтты:

— Сен адам жұмысын қылсаң арпа, сұлы, шөп асайсың, тамағың үшін құл болдың. Мына мен сен көтере алмайтын ауырды көтеріп, неше айшылық алыс жерлерге барамын, аш болдым деп арпа, сұлы сұрамаймын, көде болса — көде, жусан болса — жусан, не кез келсе соны қорек етіп, табылса су ішіп, табылмаса шөлге де шыдап жүре беремін, жыл ағасы болу маған лайық, — деді.

Сиыр айтты:

— Адам егін ексе менімен егеді, сүтімді ішеді, құрт, май істейді.

Қой айтты:

— Мен болмасам қазақ үйін немен жабар еді. Жүнімді алып, киіз істейді, жабағымнан күпі тігеді, арқан, жіп еседі, сүтімнен құрт, май алады, — деді.

Ит айтты:

— Мен болмасам сенің көбіңді не ұры ұрлап, не қасқыр жеп тауысар еді. Сенің бәріңнің бақташыңмын, дұшпан көрінсе үріп-абалап, иеме хабар беремін.

Тауық айтты:

Мен болмасам кісі ерте тұрып, жұмысына бармай, ұйықтап қалар еді. Мен таңертең тұрып шақырып, хабар айтамын, таң атты деп, көп отырса, жұмысыңнан қаларсың, жатар уақыт болды деп, түн ортасында да шақырамын, кеш болса да шақырамын, демалар мезгіл болды деп, — деді.

Тышқан не дерін біле алмай тұрды да, бір түрлі қулық ойлап, жиналған көпке айтты:

— Бұл таластан ештеме өнбес. Жылды қарап тұралық та, кім бұрын көрсе, сол жыл басы болсын, — деді.

Түйе өзінің биіктігіне сеніп, менен бұрын кім көреді деп тышқанның сөзін қостап, бәрі де жылды қарап тұрды.

Біраздан соң тышқан жорғалап, түйенің үстіне шығып, өркешінің басына мінді де отырды. Сонымен, бәрінен бұрын жылды тышқан көріп, хабар беріп, жылдың басы болған. «Түйе бойына сеніп құр қалды» деген сөз осыдан қалған екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *