СӨЗ БАСЫ

Қазақ халқының сауатсыздығынан, қазақ тілінде басылған бір де бір кітаптың жоқтығынан, оқу орындарының мұғалімдері қазақ балаларын оқытқанда амалсыздан қазақ тілінің орнына, татар тілін пайдаланып жүр. Сондықтан көзге көрінер ешқандай пайдасы болмаса да, шәкірттерге, амалсыздан, татар тілінен ешқандай кемшілігі жоқ ана тілін тастап, татар тілін үйренуге тура келеді. Екінші жағынан, татардың кітап тілі, бұл тілді татарлардан шыққан оқымыстылардың өздері де менсінбегендіктен, араб, парсы сөздеріне лық толған. Сондықтан да ол сауатсыз қазақтарға түсініксіз. Бұл тілде басылып шыққан кітаптардың бәрі де тек дін туралы жазылған кітаптар, сондықтан олар, осы жағынан алып қарағанда да, дүнияуи мақсаттарды көздейтін орыс — қазақ мектептерінде пайдалану үшін, мысалы, орыс тіліне аудартып, жаттықтыру үшін қолайсыз.

Осылармен қабат, бір ескертетін нәрсе — қазақ халқы азбаған халық оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сия алмайды. Оның ой-пікірі еркін. Оның келешегі үшін оған тек сана-сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр. Ал осы айтылған мақсаттарға жету жолында, мен білсем, осы күнге дейін ешқандай жетекші құрал болған жоқ Жалпы бастауыш оқу құралдары, хрестоматиялар сияқты кітаптар шын білім беретін, пайдалы мәліметтер беретін ғылыми, күрделі оқу құралдарына жол салып беретіндігін, ал мұндай, жалпы білім беретін кітаптардың Азия халықтарының ешбірінде жоқ екенін еске алып, біз мұндай жетекші оқу құралдарын жақын жердегі орыс тілінен іздеуге мәжбүр болдық. Сондықтан, бұл шығарғалы отырған кітабымыз көздеген мақсатына сәйкес болып, орыстың ғылыми және жалпы пайдалы кітаптарына тікелей жол салып беру үшін және сол орыс кітаптарына мағынасы жағынан да қайшы келмеуін көздеп, біз осы кітабымызды орыс әрпімен бастырғанды қолайлы деп таптық.

Жоғарыда айтылған қайшылықтарды оқу ведомствосының көптеген білімді қайраткерлері бұрын да көрсетіп келген болатын. Сондықтан, мен сол білімді адамдардың ақылын алып, екінші жағынан, өзім де осылай етуді қажет деп тауып, осы хрестоматияны құрастыруға кірістім. Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс — қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қабат, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім. Екіншіден, бұл кітапта келтірілген әңгімелердің қазақтар үшін ұнамды болу жағын көздедім. Сондықтан бұл кітапқа енгізетін әңгімелерді тергенде көп қиыншылықтарға кездестім, әрбір мақаланы әр жағынан ойлап барып қосу керек болды.

Бұл хрестоматияны мен екі кітап етіп шығаруды ойладым. Бұл басылып отырған бірінші кітаптағы мақалалар мынадай төрт тарауға бөлінді.

1) Балалар өмірінен алынған әңгімелер, бұлар түрлі орыс хрестоматияларынан, көбінесе Паульсонның хрестоматиясынан алынды; мысалдар мен халық әдебиеті, балалардың туғандарына жазған хаттары.

2) Әртүрлі жастардағы адамдардың өмірінен алынған әңгімелер.

3) Ең жақсы қазақ ақындарының өлең-жырларынан үзінді.

4) Қазақтың мақал-мәтелдері.

Екінші кітапта, қазақтың төл әңгіме, аңыздарынан басқа, табиғат тарихы мен жалпы тарих жөнінен, география, өндіріс техникасы жөнінен және кеңсе ісін жүргізу үлгілері жөнінен мақалалар қоспақшымыз.

Тұңғыш рет шыққалы отырған еңбек болғандықтан, бұл хрестоматияның кейбір кемшіліктері де болуы мүмкін. Бірақ, сонда да болса, бұл кітап ізсіз қалмас, тұңғыш оқу кітабы ретінде, көздеген мақсатына жетер деген үмітпен өзімді жұбатып отырмын. Оның бер жағында, осы күні халқымыз өз тіліндегі ғылыми оқу құралдарына аса сусап отырғанына, надан жатқан, бірақ әлі азғындық жолға түспеген, пайдалы нәрсенің бәріне жаны құмар халқымызға шамасынан келгенінше қызмет ету біздің әрқайсымыздың да борышымыз екеніне, бәлкім, басқа да, менен білімдірек елдестеріміздің де санасы жетіп қалар.

Ибрагим Алтынсарин,

Торғай қаласы, 1879 жыл.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *