Аң болып Адай жақта алты ай жүрдік… 

I.Жансүгіров. «Күй» 

Бұ Құдай төкті сонша кәрін нағып, 
Осыдан аман шықсам жаным қалып… 
Аң болып Адай жаққа кетсем керек, 
Қасыма Светқали, Сабырды алып. 

Қасымда — теріс азу қос бөлтірік, 
Олар да іштей өксіп, өскен тынып. 
Үшеуміз Үстірт асып жоғалсақ ше, 
Мысалы, Алтай асып көшкен түрік. 

Басына Отпан таудың шығып көрсем, 
Асасың одан әрі — үмітке ерсең. 
Мал болып жайылуға жер жетеді, 
Аң болып Адай жаққа сіңіп көр сен! 

Жылайды қырда көкжал, кейін келіп, 
Иіскесе бөлтірігін мейірленіп. 
Сүйсінер кімдер, бәлкім бұл жүрісті, 
Бұл нәлет жүрісті бір сейіл көріп. 

Қош айтып, бақұлдасып киелі елге, 
Басымды толағайға сүйегенде… 
Әуелі мені ал дермін көкжал десең, 
Жан Алла, бөлтіріктерге тие көрме!

Е.Раушанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *